XIII «Жібек жолының інжу-маржаны» Ташкент халықаралық кинофестивалінің осы күндері өтіп...
Болат Қалымбетов: «Мұқағали шығармалары маған талай көмектесті... бағыт берді, үміт сыйлады»
Күні кеше Алматы қаласында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90-жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына түсірген «Мұқағали» фильмінің тұсаукесері өтті. Фильм аты аңызға айналған ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.
Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыров жазған. Аталмыш фильм бүгіннен бастап кино сүйер көрерменге жол тартты.
Кинотуындының сюжеті өткен ғасырдың 50-70-ші жылдарын қамтиды. Сондықтан, қоюшы суретші Ермек Өтегенов бастаған суретшілер тобының еңбегі орасан. Олар өткен заманның бейнесін бөлшектеп жинап, сол кездегі тұрмыспен инфрақұрылымды дәл көрсеткен.
Болат Қалымбетов, фильмнің қоюшы режиссері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген артисі: «Мұқағали – біздің ұлттық мақтанышымыз. Ол – қазақ поэзиясына шексіз кеңістік пен бұрын-соңды болмаған биіктерді әкелген ақын. Тағдыр оны өмірдің тұңғиығына тастап, әбден сынады. Бірақ ол барлық сынақтарды табандылықпен жеңіп, тізе бүкпестен қабылдады. Әрине, мен де оның шығармашылығымен бала кезімнен таныспын. Оның шығармалары маған өмірде бірнеше рет көмектесті, бағыт берді, үміт сыйлады. Мұқағали Мақатаев туралы көркемсуретті фильмнің идеясы менің ойымда жүргеніне 15 жылдан астам болды. Ақынның тағдыры мені қатты толғандырды. Ақыры жобаны қолға алып, өзімнің танымымдағы Мұқағалидың бейнесін экранға шығаруға бел будым. «Мұқағали» республикалық әдеби-мәдени танымдық журналының бас редакторы Батық Мәжитұлына бардым. Ол кісі менің ойымда құптап, жақсы пікір білдірді. Десе де, киносценарий жаза алмайтынындығын ескертті. Ойлана келе, алдыңғы жобам «Қасқыр адам» повесінің желісі бойынша түсірілген «Талан» фильмінің сценарий авторы, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек ағама ойымды айттым. Мені қолдаушылардың қатарынан табылды. Оған ақын жайлы фильмнің сценарийін сеніп тапсырдым. Аға екеуіміз ақиық ақынды көзбен көрген зиялы қауым өкілдерімен сұхбаттасып, ақпарат жинауға кірістік. Мұрағаттарды ақтардық. Алға қойған басты мақсатымыз – ұлы тұлғаның басынан өткерген қиындықтары мен жан дүниесінің жалғыздығынына үңіліп, небәрі 45 жасында дүниеден өтуінің салдарын түсінуге тырысу еді. Осы мақсатта ақын Мұқағали мен адам Мұқағалидың ғұмырнамасын терең зерттедік. Алдымызда талай қиындықтар болды. Экранда ретро Алматыны көрсетуіміз керек тұғын. Ақынның шығармашылығында ерекше орын алған Алматы қаласының бүгінде тарихи қалпы сақталмағандықтан, әр түрлі локациялар іздедік. Әсіресе, ескі ғимараттар болғанымен олардың заманауи қалпы локация таңдауда қиындықтар туғызды. Сол кезеңдегі Алматыны бейнелейтін көшелер мен ғимараттарды Өскемен қаласынан таптық. Тіпті, оңтүстік астанамызда қолданыстан шығарылған трамвайларды да сол жақтан кездестірдік. Жалпы түсірілім Өскеменнен бастау алып Алматы, Алматы облысы, Санкт-Петербургпен жалғасты».
Көптеген үміткерлер арасында Мұқағалидың рөліне Махамбет Өтемісов атындағы Атырау облыстық драма театрының артисі Асланбек Жанбалаев бекітілген. Бұл оның экрандағы алғашқы жұмысы.
Асланбек Жанбалаев, актер: «Мұқағали ағамыздың бейнесін сомдау күтпеген жерден тосын ұсыныс болды. Ол кісінің бейнесін экранға шығарамын деген ой да, арман да болмаған. Болат ағаның ұсынысын естігенде, демім тоқтағандай сезіндім. Алайда, режиссер осы рөлді алып шығуға үлкен сенім білідіріп, жүк артты. Бұл актер үшін біріншіден – үлкен бақ болса, екіншіден – үлкен сын. Түсірілім кезеңінде режиссер Болат аға таңның атысынан, күннің батысына дейін менімен тығыз жұмыс жасады. Әр қазақтың жүрегінде өз Мұқағалиы бар. Мен ақынның болашақ ұрпаққа не айтқысы келді, не айта алмай кеткен бейнесін жеткізуге тырыстым».
Гүлім Көпбайқызы