«Менің әлеміме қош келдіңіз!» - деп суретші Адольфо Аренас Алонсо өзінің инстаграмына&nb...
"Нұр келбетті Астана" атты халықаралық көркемсурет фестивалі өтеді
Астананың нұрлы келбеті отандық және шетелдік көркемөнер шеберлерінің қылқаламына арқау болмақ...
Еліміздің бас қаласы – Астананың жиырма жылдық мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі маусымның 12-ші жұлдызында "Нұр келбетті Астана" атты халықаралық көркемсурет фестивалін ұйымдастырады. Іс-шара аясында отандық суретшілермен қоса Бразилия, АҚШ, Еуропа, Ресей және Азияның Жапония, Үндістан сынды елдерінен арнайы қылқалам шеберлері шақырылады. Олардың қатарында Ұлыбританияның Корольдік өнер қауымының мүшесі Александра Коннор, Жапонияның акварельмен бейнелеу өнерінің шебері Акира Мурата, Бразилиядағы Панамерика өнер мектебінің тәлімгері Жизель Улисс, Үндістанның заманауи көркемөнер шебері Рам Вираньян, АҚШ Ұлттық өнер грантының иегері Артем Миролевич, Голландияның ретроспективалық көркемөнер шебері Димитрис Воязоглоу, сонымен қатар, Гүлмира Телғозиева, Бақтыгерей Телеубай, Амангелді Кененбаев, Нұрбазар Қожин, Қайыр Оразғалиев, Айнабек Оспанов, Тілеужан Батанов сынды әйгілі отандық суретшілер де бар.
Әлемдік қылқалам шеберлерін бір өнер ортасына жинаған көркемөнер фестивалі қарсаңында шетелдік меймандар да өз ойларын білдірді. Мәселен, Үндістаннан ат басын бұрған акварельмен бейнелеу өнерінің шебері Рам Вираньян: «20 жыл негізінде көп уақыт емес. Алайда, осы мерзім ішінде елорданың биік белестерді бағындырғаны таңдай қақтырады. Көркемсурет фестивалінен тек жарқын сәттер мен жағымды әсер алатыныма сенімдімін».
Бразилиялық суретші Жизель Улисс: «Астанадан алған алғашқы әсерім керемет: халқы қонақжай, қалаларыңыз таза әрі заманауи. Астананың 20 жылдығы қарсаңында жас болса да, өркендеп дамып келе жатқан шаһарды өз көзіммен көргеніме өте қуаныштымын. Астанаға тек жаңа табыстар мен сәттілік тілеймін. Өркениеті қарыштаған өнер мен мәдениет ордасына айналсын».
Елорданың 20 жылдық тариxымен, мәдени кереметтерімен, қонақжай xалқымен таныстыруға бағытталған көркемсурет мерекесі аясында отандық және шет елдерден келген атақты суретшілер жаздың жаймашуақ күндерінде жеке қалаулары бойынша Астана қаласының көрікті жерлерін қылқаламдарына арқау етеді. Аталған көркемсурет фестивалі Астана қаласы ҚР Ұлттық Музейінде ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қылқалам шеберлері Астана қаласының оқушылар сарайында және Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің қабырғасында көркемсурет өнеріне қызығатын дарынды тәлімгерлер үшін шеберлік сабақтарын өткізеді.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «...Суретті сөзбен айтып жеткізу қиын, оны тек көзбен көру керек» – демекші, осы көрмеге арнайы алтын уақыттарын қиып, әлем елдерінен келген суретшілер Астананың ең әсем жерлерін қылқаламдарына арқау ететін болады. Дараланған таланттар, Сіздерді киелі қазақ топырағында кездестіргенімізге ризашылығымызды білдіремін. Сіздердердің сырға толы сұлу картиналарыңыз кез-келгенді таңдай қақтырмай қоймас. Үздік туындыларыңыз ҚР Ұлттық музейі қорында мәңгі сақталмақ. Алдағы уақытта шығармашылық шабыт, телегей табыс, таудай талап тілеймін» – деп, өз ізетін білдірді.
Аталған фестиваль барысы маусым айының соңына дейін ҚР Ұлттық музейінде жалғасын табады. Ендеше, барша өнерсүйер қауымды шетелдік көркемсурет шеберлерін шабыттандырған Астананы өзге қырынан тамашалауға шақырамыз.
madeniportal.kz