«Буве нүктесіндегі» белгісіз баян

ӘДЕБИЕТ
2898

Маурицио Каттелан. Троцский. 1997 жыл

Адамзат қазірде, постиндустриялдық кезеңнен цифрлық кезеңге аяқ басу үстінде. Тек қазақ қоғамы ғана емес дәстүрлі яки ұлттық мемлекеттердің барлығы да ауыспалы кезеңді бастан кешіріп жатыр. Дәл осы өліара тұста құндылықтар алмасып, дүниетаным өзгеретіндіктен, өнердегі пессимистік сарын, сентименталистік ахуал түсінікті жайт. Шынтуайтында, әралуан құбылыстар, мәтіндер, мағыналар, құндылықтарды біртұтас семантикалық кеңістікке біріктіру әзірше сәтсіз жүріп жатыр. Ал құндылықтардың өзі мен мағынасы күңгірт әрі алуан түрлі сипатта көрініс табуда. Мәдениетті біртұтас ретінде бейнелеу ақылға қонымсыз іс. Дегенмен дәл осы бір шекаралардың жойылған, құндылықтар айқындалмаған тұсы, бір формациядан екінші формацияға ауысып жатқандықтын айқын белгісі болады. 

Қазіргі әдебиеттанушы ғалымдар дәл осы кезеңге, дәл осы күйге баға беріп, айдар тағуға тырысып жатыр (XXI ғасырдағы жаһандық деңгейдегі өзгерістер, тұтас Жер шарына дейінгі ауқымда жайылғандықтан, ортақ түсініктер мен ортақ талдаулар жасалу керек деп санайтын ғалымдар шоғыры бар. Олар жаңа ғасырдағы ахуалды постмодерн идеясынан да тысқарыға шығып кеткен деп есептейді. Сол себепті жаңа ғасырдың бейнесін сипаттап, дәуірін анықтау үшін жаңа түсініктер мен соны терминология қажет деп есептейді). Мәселен «мәдениеттің ақыры» (Әдебиеттануда М.Эпштейн бұл терминді енгізсе, әлеуметтануда Ф.Фукуяма енгізген), «мозаика» (А. Марченко), «хаос» (М.Липовецкий), т.б. ғалымдардың тұжырымдамаларын айтсақ болады. Дегенмен қоғамды іштен тану, іштен бағамдау қисынсыз іс болып көрінгенімен, қазіргі қазақ жазушылары әртүрлі формалық және идеялық ерекшеліктерге ұмтылуы құптарлық іс. 

Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде заманауи әдебиеттегі үрдістерді тарихи және теориялық аспектілерде зерделеуге тырысқан еңбектер жазылу үстінде. Өйткені әдебиетте өткен кезеңдерден ерекшеленетін көркем баяндаудың жаңа формасы қалыптасып жатыр. Дәл осы жаңа баяндауларды бағамдап, бағасын беру үшін жаңа терминдер мен соны ғылыми аппараттар, мәтінді талдаудың жаңа тәсілдері қалыптасты. «Деконструкция», «интермәтін», «интерактивті оқу», «бейберекет баян» сынды жаңа терминдер заманауи әдебиеттанудың әдістер туды. Өйткені шығарманың стилі, жанры, идеясы, сюжеті, композициясы, кейіпкерлер жүйесі, тілдік қолданыстар секілді қалыптасқан ұғымдар философия мен әлеуметтік ғылымдардың дамуына байланысты жүйесіздікке ұрынды. Осы бір өзгерістерге байланысты қаламгерлердің жазу стильдері мен әңгіме құрылымдары да транформацияға ұшырап отырды. Себебі кез келген қаламгер дәуіріне сай шығарма жазуға ұмтылады. Заманның өзгерісін, қоғам ішіндегі адам табиғатының өзгерістерін жіті бақылайды. Оқырманын табу үшін, жаңаша сипаттағы шығармалар тудырып отырады. Әдеби ортадағы, әдебиеттану ғылымындағы соны талдауларға назар аударып, көп көтерілген мәселер мен мүлдем байқалмайтын проблемаларды жарыққа шығаруға тырысады. Осыған байланысты, әлемдік дискурстар мен әлемдік әдебиетте кең тарала бастаған тәсілдерге ден қояды немесе сеніміне яки ұстанымына байланысты мақсатты түрде теріс айналады (Кеңес үкіметі тұсында өнер қазақ тілі арқылы дамып, қоғамның саясат, индустрализация, технологиялар, нақты ғылымдар, басқа ұлт өкілдерімен коммуникацияда орыс тілі үстем болғандықтан, орыс тілі мен қазақ тілінің синтезінен пайда болған заманауи қазақ тілін қабылдамай, дәстүрлі сөз оралымдарын қолданатын М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Т.Әбдік, Т.Нұрмағамбетов, Н.Дәутай, Р. Отарбаев, т.б қаламгерлер бар). 

Маурицио Каттелан. Атаусыз. 2011 жыл

Тіл тазалығын сақтау үшін, тіптен, жаһандану үдерісі арқылы келген қарапайым тұрмысқа сіңіп кеткен «кола, актив, мерседес т.б.» секілді сөздердің өзінен мақсатты түрде айналып өтудің өзі Кеңес үкіметі тұсында шығармашылық жолын бастаған қаламгерлерге тән әрекет. Жаһандану секілді әлемдік деңдейде орын алып отырған құбылыстар, адамзат түсінігіне ортақ дүниетаным қалыптастырып жатқаны түсінікті жайт. 

Бұл ортақ түсініктерді бағамдау үшін экономистерден бастап, тарихшылар, саясаттанушылар, философтар, әлеуметтанушылар, филологтарға дейінгі мамандық иелері зерттеп жатыр. Жаһандану үдерісі қоғамға, мәдениетке, ғылымға, жалпы түсініктердің барлығына дерлік өз ықпалын тигізіп жатқаны анық. Заманауи орыс тілі мен қазақ тілінің синтезінен туған қазіргі қазақ тіліне жаһандану үдерісінің салдарынан болған өзгерісін мақсатты түрде қабылдамауы, қазақ әдебиетінің заманауи әлемнен оқшауланып қалуына әкелуі ықтимал. Мұның түпкі себебін тәуелсіздік алған соң басталған отырсыздану үдерісімен тікелей байланысты болуы ықтимал. 300 жылға созылған отарлық езгіден арылу үшін түпкі бастауға оралуға жасалған талпыныс, отарлаушылар жазып берген тарихтан адасып ұлттың болмысын табуға деген ұмтылыстан, өзге мәдени басым күштердің барлығына сескене қарап, отарлық үрей туған болуы да ғажап емес. 

Дегенмен заманауи әлемнің ой жүлгесінен хабардар болып, соны ізденістерге түсіп, әдеби талдаулармен жете танысып, әлемдік әдебиеттегі басым бағыттар мен тәсілдерге арқа сүйейтін қаламгерлер классикалық түсініктерден айни бастады. Мұны тәуелсіздіктен кейін келген жаһандану үдерісі арқылы жеткен модерндік және постмодерндік тенденциялардың келуімен байланыстырсақ болады. Әрі тарихи тұрғыдан ел ішінде қалыптасқан әлеуметтік алуандық, қоғамдық сананың плюралистік санаға ұласуына алып келді. Ойлаудағы осы бір алуандық жазушыларға да өз ықпалын тигізбей қоймайды. Әлемдік әдеби үдерістерден хабардар қаламгерлер дәстүрлі классикалық түсініктерден теріс айналуға тырысып жатса, дәстүрлі әдебиетті жалғатырушы қаламгерлер әлемдік әдеби үдерістерден мақсатты түрде бас тартып, кереағар құбылыстардың куәсі болудамыз. Сонымен қатар, қалалық жерлерде туып, орыс мектептерінде білім алып, орыс тілінде қалам тартатын ұлты қазақ қаламгерлер, өз бірегейлігін іздеп, болмысын тануға тырысып жатса, осы бір шоғырды маргиналданған топқа балап, «қазақ әдебиеті» контекстінде қарастыруға қарсылар да табылады. Осы бір алуан түрлі ой жүлгелерінің салдарынан қазақ әдебиетінде көпқабатты құндылықтар жүйесі орнығып, әртарапты қоғам қалыптасты. Осыған байланысты әдебиеттегі алуандықтарда айқын көрінеді. 

Маурицио Каттелан. Махаббат. Милан,2010 жыл

Жаңаша ізденістермен көзге түсіп, әңгімелері әлеуметтік желілер мен түрлі сайттар арқылы кең таралып жүрген М.Қосын әңгімелерінің құрылым мен стилі жағынан өзге жазушылардан ерекшеленеді. Дәстүрлі әдеби шығармаларға көзі үйренген оқырған үшін аталған жазушының шығармалары тым күрделі әрі түсініксіз көрінуі мүмкін. Олай болатын себебі автор постмодерндік дискурс аясында ой жүгіртіп, жоғарыда тізбектеген мәтінге қатысты түсніктерді бойына сіңірген. М.Қосынды таза постмодернист жазушы деп санасақ қателеспейміз. Постмодернист француз интеллектуалдардың шығармалары мен философиясына қанық болған автор, туындыны мораль оқушы, рухани ләззат сыйлайтын, адамды тәрбиелеудің құралы деген сынды дәстүрлі яки модерндік түсініктегі әдебиеттің функцияларынан толықтай арылып, шығарманы тек мәтін, сөзжұмбақ, интеллектуалдық ойын ретінде таниды. Әрі оқырманмен осы ойынды ойнағысы келеді. Аталған қаламгердің шығармаларын түсінуге өреңіз жетсе ғана оқырман ретінде мәтіннен ләззат ала аласыз. М.Қосын әңгімелері жайында әдебиеттанушы Г.Сәулембек: «Жазушының постмодернистерге тән өзін-өзі, өз шығармашылығын зерттеуге бейім екендігін байқадық. Ол Ж.Деррида, Р.Барт («Шығармадан мәтінге қарай») еңбектерін оқи келе, өзінің жазып жүргендерін «туынды» емес «мәтін» екендігін түсінгендігін жеткізді. 

Әрбір шығарманың өзіндік әуені болатындығы және шығармадағы әуен сол мәтіннің мазмұнын толықтырып тұратынын, сондай-ақ әрбір шығарманың жеке картиналары болатынын да автордың өз аузынан естідік. Мерей Қосынның шығармалары интермедиалдылықтың тосын үлгісімен ерекше есте қалды. Оның әңгімелерінің көлемі бар-жоғы бір немесе бір жарым бет болғанына қарамастан, аз көлемге көп мағына сыйдыруға тырысқан. Сондай-ақ оның әрбір әңгімесі тек әдебиет қана емес, музыка мен бейнелеу өнерінің синтезінен тұрады және бұл шығармалар баспа бетін көрсе барлық ерекшеліктерінен айрылатын, тек желіде ғана өмір сүруі мүмкін шығармалар. Өйткені шығармасындағы интертекст еренсілтемемен (гиперссылка) оқуға лайықталып жазылған. Бұл тәсіл оқырманның көңілін аулап, жаңа әсерге бөлеумен қатар мәтіннен тыс қосымша мәлімет алып отыруына мүмкіндік береді» деген пікір айтады.

Жазушының «Буве нүктесі» (The Bouvet Point) деп аталатын әңгімесі постмодерндік бағытта жазылған шығарма деп толықтай қарастыруға болады. Постмодерннің бірнеше белгілі дискурстарының арасында беделді саналатын интермәтін, гиппермәтін сынды тәсілдер қолданылған әңгіменің құрылымы жағынан, стильі жағынан өзгешеленетіні айқын көрінеді. Тіптен «Буве нүктесі» (The Bouvet Point) әңгімесінде суреттелелетін кейіпкерлерді өзі бірде Сириядағы қайғылы оқиғаларды, геополитикаға байланысты шиеленіскен әлемдік деңгейдегі проблемалардың бірін кейіпкердің түсі арқылы айшықтауға тырысады. Әлемнің ауқымы, уақытқа байланысты түсініктер өзгеріп, әлемдік сауда, жаһандану секілді үдерістер әлемді біртұтас етіп жібергені анық. Сол себептен, әлемемнің басқа бір нүктесінде болып жатқан оқиғалар интернет немесе түрлі телеарналар тарататын жаңалықтар арқылы жетіп, құлағдар етіп отырады. Империялық пиғылдың салдарына орын алып жатқан Сириядағы оқиғағаның жаһандық деңгейге жайылғаны соншалық, түрлі тақырыптағы алауыздықтар мен жалған ақпараттың көзі болып отыр. Экран жақтауы арқылы яки экрандағы фотсуреттер мен түрлі бейнелер, ақпараттық мақалалар арқылы көрген трагедиялық оқиғаларға жанашырлығы туған жазушы, адамзат деңгейдегі идеялардың негізінде ой жүгірткені байқалады. Жазушының жас мөлшерін есепке алар болсақ, онда интернет арқылы аталмыш оқиғалардың куәсі болып отыр деп жорамалдай аламыз. Өйткені аталмыш әңгімені интернетсіз оқу қиынға соғады. Әңгіме атауының өзі интереттен сұрай салу арықылы ғана тауып, түсінікті болмақ. Өйткені автор өзі қозғап отырған әңгіменің оқиға арқауын интернет беттерінде көріп, танысқан. Интернеттен сұрау салу арқылы Буве нүктесінің Атлант мұхитының оңтүстік бөлігінде бөлігінде орналасқан елсіз жанартауы бар мұздықтардан тұратын арал екенін көрдік. 

Маурицио Каттелан. Атаусыз. 2013 жыл

Ал әңгімені сюжетіне оралар болсақ, Сириядағы қақтығыстар салдарынан әке-шешесінен және бауырынан айырылып, артында қалған төрт бауырының амандығы үшін күрескен Ая есімді қыздың түсі арқылы берілетін трагедиялық оқиға баяндалады. Әңгіме кейіпкері қанды қырғын оқиғаның арасында жүріп, жан тыныштығын табатын жерді іздейді. Бірақ, қайда барса да жарылып жатқан бомбалар, өлім құшып жатқан адамдар. Жан тыныштығын табар жер мына әлемде жоқ тәрізді. Шынайы өмір құдды бір тозаққа айналғандай. Тек жан тыныштығын ұйықтағанда түсіні кіретін елсіз мекенде ғана таппақ. Сол үшін Ая ұйқысынан тұрғысы келмейді. 

Таяу Шығыс бірнеше ғасыр Ағылшын империясының отары болып, алғаш мұнай орындары ашыла бастағанда да шеттелдік компаниялардың тарапынан жұмыстар атқарылған еді. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап отар мемлекеттер тәуелсіздігін алып, мұнай ошақтарын бақылауда ұстағанымен, жаһандану үдерісі арқылы жеткен халықаралық компаниялардың көмегінсіз аяққа тұрып кетпесі анық бола бастады. Дегенмен салықтың тым көп болуына байланысты мұнай компаниялары Амекрика Құрама Штаттарының конгрессмендеріне ықпал ету арқылы түрлі айла-шарғыға барды. Сонымен қатар Палестина жеріне біршама бөлігі еврей ұлтының өкілдеріне өтіп кетіп, тәуелсіз Израиль мемлекетінің құрылуы жағдайды ушықтыра түсті. Бұған 2001 жылғы 11-қыркүйекте орын алған Америкадағы терроризм отқа май құйғандай әсер етті. Мұнай үшін туған талас салдарынан Таяу Шығыс әскери қақтығыстар мекеніне айналды. Алпауыт мемлекеттер қақтығысы мен гополитикалық жағдайдың шиеленісуіне байланысты жазықсыз адамдар өлім құшып, талай жанның тағдыр-талайы тозаққа айналды. Аталмыш оқиғаға бүкіл әлем жұртшылығының назары ауып, түрлі мақалалар, фильмдер мен зерттеу еңбектері жазылды. 2005 жылы Х.Абу-Ассадтың «Бүгінгі жаннат» деп аталатын фильмі, Оскар сыйлығының «Шет тіліндегі ең үздік фильм» санатында үздік шыққан еді. Аталмыш фильмнің сюжеті бойынша Палестинадағы босқындар лагерінен қашып шыққан екі жігіт, Израильге шекараның кесіп өтіп, қала орталығында теракт жасауға тиіс. 

Бұл фильмде Батыс тарапынан болған қысым салдарынан, қарсылық ретінде (жиһад) туып, бертін келе саяси ойындардың салдарынан терроистік топтарға айналған ұйымдардың о бастағы мақсаты, өз бірегейліктерін сақтап қалуға тырысу екені айқын көрініс тапқан. Ақша мен мұнайдың арбауынан да қымбат, асыл түсініктердің бар екені, барлығынан да адам өмірі, адам тағдыры қымбат екені айқындалады. Дегенмен әлемнің барлық гуманистері ізгілік, адалдық, тыныштық, толерантылық сынды ұрандарды насихаттап жатқанда, алтын мен ақшаны буына арбалғандар жер бетін нағыз тозаққа айналдыруын жалғастыру үстінде. 

Осы бір тозақтан құтылғысы келген Ая есімді қыздың, жетім қалған бауырларының тағдыры қалай болмақ? Саяси ойынның құрбаны болған жазықсыз балалар бейбіт өмірге қалай жетпек? Мұндағы басты трагедия, тек түс көру ақылы ғана, шынайы әлемнен ұйқы арқылы оқшауланып қана жетпек. Бірақ, тәтті ұйқының өзін аяқ асты жарылған бомабаның дауысы үзіп тастауы ықтимал. Кейіпкер үшін шынайы өмір өңіндегі өмір емес, түсіндегі өмір сияқты. Яғни әңгіме екі түстің арасында ғана өтеді. Мұнда постмодерндік шизофрениялық дискурстан гөрі Батыстан тысқарыда жатқан өркениеттердің ұлттық танымын батыстық ой-жүлгемен біріктірген «галлюцинациялық реализмге» жақын тәсіл қолданылғаны анық. Ая ұйықтап, ешкім мазаламайтын, ешкім шошындырмайтын Буве аралына кеткісі келеді. Бірақ, бомбалардың жарылған дауысынан ояның кетіп, тозаққа тап болып отырады. Дегенмен кейіпкердің қашып құтылғысы келген жердің бір нүктесінің өзі жанартаулары бар арал екенін де естен шығармаған жөн. Шынайы өмірден жерініп, түсіне ғана енетін тыныш аймақтың өзі түбі бір жанартауы атқылауы мүмкін қауіпті мекен. Олай болса, Аяның жаннатының өзі тозаққа айналуы мүмкін екен. Аталған әңгіменің астарына үңілу арқылы «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген тұжырымдаманың қылаң бергенін байқауға болады. Бұл әңгімеден адамзаттың санасындағы өткеннің жарақаттары мен теріс ойды тудырар догмалардан айырылу арқылы ғана жер бетінде жанатты орната аламыз деген ойды түюге болады. 

Нұрдәулет Омарбек, 

жазушы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...