"Жүрегінен от шашқан"

ӘДЕБИЕТ
3140
Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Биғайша МЕДЕУОВА шығармашылығы туралы бірер сөз
Әлия Бөпежанова, сыншы, мәдени сарапшы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Қай ақынның да шығармашылығы оның дүниетаным аясы, өмірлік те көркемдік тәжірибесі мен рухани қуатының көрінісі десе болады. Ал, бұл сапа-қасиеттер ұлттық топырақтан мәйектенсе және терең  біліммен нұрланса – ол ақынның ерте ме, кеш пе – жыр әлемінде үні айқын да жарқын және даралана естілері анық. Біздің бұл  тұжырымымыз белгілі айтыскер, ақын Биғайша МЕДЕУОВА шығармашылығына бек қатысты. 
Таланттың құрамдас бөліктері көп. Алғашқы кезеңде ең маңыздысы -  оның тегі, отбасы, ортасы болса керек. Анасы суырып салма ақын, Биғайшаның туған жері, өскен ортасы да ақындыққа бет бұрғызбай қоймағандай. Қалың жұртшылыққа әу баста айтыскерлігімен танылған ол  облыстық жəне республикалық небір алқалы айтыстарға қатысып, оза шауып, бәйге алды. Алғашқы жырлары  1987 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жанымның жапырақтары» атты ұжымдық жинақта жарияланған Биғайша араға бірталай жыл салып айтыстан жазба әдебиет әлеміне қолтаңбасы қалыптасқан, дүниетанымдық жағынан толысқан ақын болып оралды. Оралды да, рухани ұстаздарының бірі, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің кезінде сенім артқанындай,  «...өлең дүниесіне олжа салды».  
         
Қанша жерден талант дарысын мейлі, ақынға өнерлік те, өмірлік те тәжірибе, шалқар кеңістік ауадай қажет. Биғайша ақында мұның екеуі де жеткіліктіге ұқсайды. Мәйекті ортада өсіп-ержеткен жас таланттың айтыста шыңдалуы өз алдына, университеттің тарих факультетін оқып-бітіруі және өзіндік рухани-көркем ізденістері, белсенді азаматтық позициясы - ақындық перспектива үшін жақсы бір негіз. Қызығы мен қиындығы, жауапкершілігі мол, коммуникация мен стресске төзімділікті сынайтын ұстаздық, жолға түсуі, сонсоң, сөз жоқ, аяулы жар, асыл ана, бүгінде әулет ұйытқысы, ел сыйлысы болып отырған өмір жолы да...       
         
Биғайша ақынның «Ұларсарын», «Ақ боз атты арулар», «Күнге қолын созған қалалар», «Тұрпанға шапқан ту ұстап», «Аламан қыздардың ақырғы шайқасы», «Тіршіліктің майданы» сынды, контексті бірден сезілетін жыр жинақтары оның өмірлік-өнерлік тәжірибесіні молдығын, адами-имани келбетін,  жасампаз болмысын, рухани қуатын танытады. Оның шығармашылығы - тұтастай алып қарастырғанда - кешегі соқтықпалы-соқпақты тарихымызға, бүгінгі өмір-тіршілігімізге, келешек-сенімге дертіп тұрған рухты шығармашылық. Кеше – бүгін – келешек параметрлерінің қай-қайсысында да Тұлғалық қасиеттері айқын ақынның ауқымы кең.  Бүгінгі Биғайша ақынның шығармашылығы – толыққанды өмір кешкен тұлғаның үнемі қозғалыстағы әлемі, жасампаз ғарышы

Рухани-көркемдік ізденістер аясы кең ақын тарих тереңіне үңіледі және  оны қазақ поэзиясы үшін тың соқпақ - әлемдік әдеби, тарихи шығармалар аясында да жырлайды. Әсіресе, поэмаларында тарихтың берер сабағы мен тағлымы терең зерделенеді. Бұл ретте ақын  сонау сақтар заманынан бергі тарихымыздағы тұлға әйелдердің бейнесіне ерекше мән береді. Ақынның көптеген жырлары жауынгерлік рух, қуатты серпінмен суарылған. «Аламан қыздардың ақырғы шайқасы» поэмасындағы «Рух биінен» үзінді оқып көрелік:
         Сақ қыздары ұр дабылды, соқ! Соқ!
         (жауынгерлер би билейді топ-топ!)
         Екі бетті өмір демондары.
         Жасырады білектерін тоқ-тоқ...
         Екі көзім, екі көзім шоқ боп,
         Ал, жүрегім алаулайды от боп!
         Биле! Биле көшпелілер рухы, 
         Мені тастап кете алмайтын жоқ боп!
         Сақ қыздары, сұлу жауынгерлер,
         Ұр дабылды!Ұр дабылды! Соқ! Соқ!..
         Асқан асу, кешкен теңіз аптап.     
         Қара шашым, қара шашым аппақ!
         Сақ қыздары, сұлу жауынгерлер, 
         Дулығамды басыма қой жастап. 
         Биле! Биле көшпелілер рухы, 
         Мені ешқашан кете алмайтын тастап! ...» -деп келетін дүбірлі жырлары қалғып кеткен рухты оятатындай.        

Ұлттық код аталып жүрген осындай рухты жырға қосатын «Роксанаки әміршісі Зарина», «Томирис ханша хикаясы», «Троя-амазонкалар», «Бағзы заманғы түркі айбарын аңсау»,  «Қазақ этносының айбарлы империялар дәуірінен кейінгі кезеңде  бөлініп ел боп шығуына арналған өлең», «Үлкен Түркістан», «Қазақы көкіректегі қазақы бүлік»,  тағы да басқа туындылары да әділдікке, жақсылыққа ұмтылған өршіл рухтың жыр-бейнесі. 
Биғайша ақын жырлары Көшпелілер поэзиясымен рухтас – онда ерекше рух, айбар, қайтпас қажыр бар. Оның тарихымызға тосын тұстардан өз соқпағын салған шығармашылығы Отансүйгіштік, ұлтжандылық, жауынгерлік, Махамбет-рухпен суарылған.   Тарихты - алған мамандығы және өзінің ізденіс ауқымы аясында -- өзгеше ендіктерде интерпретациялайтын ақын диалектикалық дамудағы қарама-қайшылықтарды да  көре біледі және гуманистік идеяларды алға тартады. 
         Қоқыстары тарихтың 
                          күреледі, 
         Құпиялар сонда да 
                          түнереді.
         ... Қалалардың өлімі 
                         не десек те,
         Темірлан мен Шыңғысқа 
                           тіреледі...
         
Гуманистік идеялар ақынның «Намыс алауын көтерген Отан» поэмасы және «Илиада» мен көне грек тарихшылары Страбон, Геродот жазбаларын жаңғыртып-жандандыратын «Дерек-нама» топтамалары, «Күнге қол созған қалалар», «Саясат пен махаббат немесе Шығу шындығы жайлы мұңнама», өзге де бірталай шығармаларында жаңаша өрісте жалғасын табады. 
Алаш жұртының тағдырына алаң ақын жырларында бүгінгі күн бедері де айқын қашалады. Қоғамдық-әлеуметтік, уақыт тынысын беретін шығармаларында - «Албастының адамзаттан кешірім сұрауы» (заманауи миф), «Ей-хей, Тұран ұлдары!», «Қалалардың күйреуі», «Бас және Қарасаз», «Жарылыс»,  бүкіл әлеммен бірге еліміз де бастан кешкен пандемияға байланысты «Жалғанның жанары»,  т.б. -өмір кешіп отырған қоғамы, тіпті әлем тынысы және бүгінгі күн контексті бейнеленеді. Және ақынның өмірге деген үлкен сүйіспеншілікке толы шығармашылығының басты бір өзегі - келешекке үлкен сеніммен қарайды. 
         
Әдетте поэзияда өмірбаяндық сипат жиі кездесетіні бар. Бұл тәсілді Биғайша ақын да айналып өтпейді. Жырларында бірінші жақпен сөйлейтін ақынның қоғамдық-әлеуметтік, әулеттік-отбасылық портреті көз алдыңызға келеді, жан дүниесі, дүниетанымдық параметрлері, қуаныш-қайғысы, бақыты мен өкініші мен мақсаттары мен армандары өрнектеледі. Өмірлік құбылыстардың барлығын дерлік қамтуға ұмтылатын ақынның оқырманын біртұтас, сезім ағынында қабылдауына «мәжбүрлейтін» жырлары жеткілікті. Сонымен қатар оның бір аскеттігі бар. Мүмкін қателесерміз, алайда Биғайша ақынның біз таныған лирикасында ғашықтық жырлары жоқтың қасы. Осындайда бір парадоксты ой келеді – Биғайша ақын бекзат сезім сұлулығын әдейі қымтап ұстай ма екен... Өйткені махаббат жырлары туралы сөз қозғағанда - лирикалық кейіпкер қанша жерден жинақтық бейне болса да оның түп-негізі автордың өзінде екені белгілі. Қанша көркем болсын мейлі, қанша типтендірілсін мейлі - сезім отына өртенген, жан дүниесі әлемге «жар салған» лирикалық кейіпкерлерден жалыққандай оқырман ретінде осы бір аскеттік ақын шығармашылығының бәсін арттыра түсетіндей көрінеді. 
         
Биғайша ақынның, бірақ, туған жері – құнарлы табиғи және адами-имани орта Нарынқолдың әрбір шыңы, шоқысы, қарағайы, көлі, ойыс-дөңесін мөлдірете жырлайды; табиғаттың тынысы мен лирикалық кейіпкердің подтексті психологиялық ахуалына дейін жырға өреді. Көркем образға, психологиялық контекстерге бай жырларынан бір үзінді оқып көрелік:
         «Будақ та будақ бұлттар көшеді,
         Көлеңкелері құмдақ  кешеді.
         Жаңбырдың ерні кеберсігенде,
         Жиілер таудың қырбақ... нөсері.

         Ақселеу басы-ай ырғалған мезгіл,
         Сарғайып қайың, күз болған мезгіл.
         Қызыліңірді   кешкен қыздардың,
         Сағыныштары сүр болған мезгіл....

Ақын жырлары кәсіби суретшінің акварельдері сияқты - оқырман көз алдына ол салған картиналар ап-айқын, дөңгеленіп тұра қалады. 
         
         Бүркеп қызыл іңірді, 
         Бу шыңдарға ілінді.
         Салқын нөсер соңынан
         Қардың иісі білінді. 

         Мама қырлар марқайып, 
         Сары ай туды шалқайып.
         Қызыл қарбыз қасында
         Қарға отыр талтайып. 

         Көгалдардан әр тайып, 
         Көлден ұшты қаз-қайық.
         Үйеңкінің балағы 
         Шыға келді қартайып.

         Аспан - аққу дауысты, 
         Әлемменен қауышты. 
         Шетендердің жапырағы
         Қызыл реңге ауысты... 
         
         ...Етекте жүр сары күз,
         Егін жайға салып із. 
         Шалғын кешсең балаққа
         Жабысады кәрі қыз... 
Күздің мамыржай әсем көрінісі, сол күзде шалғын кешіп келе жатқандайсыз, тіпті күз иісін сезінгендей боласыз.  Ақынның «Қараша суреті» «Аспантауда ақпанда», «Түнгі сарын», «Қарлы таудың етегі», т.б. көптеген жырлары осы қатарда. 
Туған жер, туған ел («Байынқолдың баурайы -  барқыт көктем»,  «Қызыл су», «Тастөбе», «Көкпек», «Көртоғай», «Бартоғай», «Күркіреген сол ғасыр, кешір мені», т.б. көптеген жырлар),  ата-ана, олардың өмірі мен берген ұлағаты («Мадақ жыры», «Әке әлдиі», «Атабайдың ақ тасы туралы аңыз», «Әке туралы баллада», «Апа, кеше ауылға барып қайттым», «Сағынышты жүректер», т.б. көптеген жырлар); туған-туыс, өскен орта, өзінің отбасы, балалары, немерелері, туған-туыс, дос-құрбы, жақсы аға, жарамды іні, алыстап кеткен құрбы, тіпті мамандығына дейін десте-десте болып, жыр жолдарына құйылған. Жалпы қазақ қатты әлеуметтенген халық, сондықтан да әлеуметтік байланыстар өмірінің бір діңгегі. Отбасы, өскен әлеуметтік ортасы туралы жырлар – қазақ поэзиясындағы үлкен бір жүлге екенінің бір себебі осы болса керек. Ал, шығармашылықтың жекеліктен жалпыға, уақыт, тарих, қоғам, заман туралы сөзге ұласуы тұлғалық деңгейге байланысты. Биғайша ақынның жырлары жекелік сипатта қалмайды. Ол өз ортасын тұтастың бір бөлшегі, шағын моделіндей қарастырады.  
         
Өз елінің де,  әлемнің де тыныс-тіршілігіне сергек, халқының кешегі және бүгінгі тарихын жақсы білетін, оның берер сабағы мен тағлымын терең зерделейтін және ол зерделемелерімен оқырманымен шынайы бөлісетін, азаматтық позициясы белсенді ақын. Біз жоғарыда атаған «Аламан қыздардың ақырғы шайқасы»   поэмасы Желтоқсан қаһарманы Жансая Сәбитова туралы «Жансая» көлемді деректі поэмасына ұласады. Бұл шығармаларда Бопайдың (Кенесарының қарындасы) монологы мен Жансаяның монологтарындағы рух ұластығы атап айтуға тұрарлық. «Сақта тәңірім байтағын иеленіп, Бабасына түкірген мұрагерден (Жаһандану босағасындағы жалқы ойлар)», «Албасты (Заманауи миф)», т.б. қуаты мықты, пәлсапалық жырлар ақынның тұлғалық болмысын танытса, «Күн, сәлем саған!» - образ-сағыныш. «Құмтекей ұлы құмтекей!» отансүйгіштік поэзия, «Ноқтаға басы сыймаған мерейім – өлең» әдебиет халықты тәуелсіздікке дайындады тұжырымын жырлайды. Ақынның қоғамдық-әлеуметтік, уақыт тынысын беретін шығармаларында өмір кешіп отырған қоғамы, оның тынысы, тіпті әлем тынысы және бүгінгі күн контексті бейнеленеді (Астанадағы бес қыз бала трагедиясы, халықаралық оқиғалар, т.б.). Азаматтық белсенді ақын жинағында бүкіл әлеммен бірге еліміз де бастан кешкен пандемияға байланысты «Италия. Тәжіқұрт», «Мұнар күн» жырлары да бар. «Екі ағайынды», «Қоңыр күзде» -- ұлттық таным, қарапайым өмір философиясы жырланған мықты сөз-сурет қатарында. 
Поэзияның басты бір шарты – образбен сөйлеу болса, Биғайша ақында  күтпеген теңеулер, пәлсапаға тартатын бейне-тұжырымдар жеткілікті. 

         «...Есенқұл-өлең өмірдің
         жұмылмай қалған жанары.»

         «Өзегімнің ішінен, өзегімнің,
         Қарғын жүріп барады-ай, қарғын жүріп».

        «Көзім үнсіз көшіңді күзетіп тұр!»

         «Мен – жырдан бесік тербеткен,
         Суатқа құлап ай түсті.
         Көтеріп алдым жөргектен,
         Алданған әлем байғұсты.»

         «Сендегі қайран жиырма бес,
         Күзетіп қырман қалғыды.»

         «Еліксүрлеулер әкелген,
         Жетелеп мені сол маңға.»

         «Сені көрдім арасынан,
         Алтын меңді тағдырым!»

         «Кеудемнен қанша күй ақты.
         Аспанға қарап жатырмын
         Жаралы жалған сияқты».

        «Шерімді тесіп көзі,
         Жабылмай қойды түннің.», т.б. – жалғастыра беруге болар еді. 

Ақын жырлары соншалықты табиғи, жанды-затты бейнелі және өршіл, сонау ғасырлар тереңінен жететіндей қан-қазыналық сипатты болып келеді. Оқырманына рух беруімен қатар таным кеңістігін ұлғайта түседі.Тағы бір атап айтарлығы -- табиғи қабылданып, өте қарапайым оқылатын, өзі «әппақ, сүттей арғымақ, жүгені маржан» деп білетін жырларында мәдени мәтіндер, интертекстуалды сипаттар да мол кездеседі;  сонау көне заманнан бүгінге дейінгі қоғамдық-тарихи өзгерістер, үдерістер, тарихи-әдеби кейіпкерлер (тіпті Брехттің Кураж шешейіне дейін) маңызды орын алады. Бұл өз ретінде оқырманының білім-ой-өріс аясына да салмақ салады және «мен мұндаламайтын» интеллектуалды кеңістігі, мағыналық паралелльдері, интерпретациялары оқырманның білім ауқымын, ізденіс аясын кеңейтуге үлес қосады. 

Жоғарыда атағанымыздай, көркем образға, сонымен қатар психологиялық контекстерге өте бай ақын жырларының формалық түрленуі де мол. Бұл тұжырымдарымызға әдеттегідей құлаш-құлаш мысалдар келтіруге болар еді, бұл жерде, әрине, көлем көтермейді. Ең абзалы – Биғайша ақынның жырларын үзіп-жармай тұтас оқу. 

«Биғайша – терең тәрбиелі, жүрегінен от шашып тұрған ақын қыз. Оның өлең дүниесіне олжа салатын айтулы ақындардың қатарында жүретініне сенемін» депті кезінде ақын қарындасы туралы көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев.Ал, жасампаз шығармашылығымен, өршіл рухымен ерекшеленетін Биғайша Медеуова бүгінде – заманауи қазақ поэзиясының ұлттық мазмұны мен парасат биігін танытып жүргендердің қатарында деп нық сеніммен айта аламыз және рухани барынша  толысқан ақынға алдағы уақытта да өмірлік һәм өнерлік үлкен қуаныштар тілейміз. 

Алматы
21.09.2022
    

Жаңалықтар

Cиноптиктер ертең, 25 қарашада еліміздің он екі облысында ауа райына байланысты ескерту жасады, деп...

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...