Биыл ұлт руханиятының абызы атанған Шерхан Мұртазаның туғанына – 90 жыл. Мерейлі датаны атап ө...
Дидар Амантай. Мен көрген Энкиду (эссе)
Әмірхан Балқыбек. Бұл әдеби алып есімді тұңғыш рет елгезек құрбымыз Нұрқанат Нұрақыновтан естідім. Білесіз бе, Дидар, көрші факультетте Федор Достоевскийді оқитын бір жігіт бар, деп еді ол.
Содан бері отыз жыл уақыт өтіпті. Табаны күректей... Көп нүктені ұнатпаушы едім, бірақ, Әмірхан туралы толғанысты басқа, өзге жолмен қалай, қайтіп – кескіндемексіз, тыныс белгілерін қолданбай, бейнелей аласыз ба, бірақ, жан сарайымды жаулаған іштегі күйікті жеткізуге емле ережелерінің өзі де, күші де – дәрменсіз екен.
Әлі есімде, 1990 жылы мен ФЭФ-тің екінші курсына көштім. Неміс классикалық идеалистік философиясын оқып жатқан кезіміз. Әңгімелеріміз Кант, Шеллинг, Фихте, Гегель туралы. Кейін Шопенгауэр мен Ницше қосылды. Бір күні бөлмеме бір топ жас ақын-жазушылар сау ете қалды: Әмірхан Балқыбек, Қазыбек Құттымұратұлы, Сағындық Рзахметов, сосын, Нұрлан ба, Мұрат па, дәл есімде жоқ, бір боксшы жігіт бар.
Біз тез тіл табысып кеттік. Кейін дүлдүл ақын Жарас Сәрсекпен таныстым. Сосын, жыр тұлпарындай асау жүретін, аты аңызға айнала бастаған Маралтайды көрдім. Әмірхан бөлмесінде, кереуетте шалқасынан жатыр екен, жүзінде айбар, көзінде ұшқын, қолында – сиырдың тіліндей жұқа кітап. Біздің достығымызға Әмірхан Балқыбек дәнекер болды.
Бәріміз жарасып, аяқты кеңге тастап, емен-жарқын сөйлесіп отырмыз. Мен әңгіме барысында, Әмірхан Балқыбектің эрудициясын байқап үлгердім. Бірден...
Кезек тигенде, еркін көсіледі, өзеуремейді, байыпты тіл қатады. Өзі ашқан құпияларына келгенде, өңі жадырап, елден бөлек, ерекше қуанып, нұрланып кетеді. Көп оқығаны көрініп тұр. Жүйелі түрде, ыждаһатты оқыған. Өзі – әрі сұңғыла, әрі ойшыл.
Сол жылдары “Гильгамеш туралы жырдың” маңызы, Энкиду образы, Шумер тілі мен аккадтықтар, ежелгі Мысыр өркениеті, көне Грекия, ескі Рұм, ортағасырлық рыцарлық романдар, “Нибелунгтер жыры”, Сервантес, Гюго, Бальзак, Толстой, Достоевский, біздің Қорқыт, Үндістан, Қытай бастаулары, қазақ жыр-дастандары жайлы жиі-жиі пікірлесетінбіз. Білуге деген, оқуға деген құштарлығымыз сұмдық еді.
Әмірхан екеуміз қонақта, дастарқан басында, бүкіл елді өзімізге қаратып қойып, қып-қызыл дау үстінде отыратынбыз. Қазір ойлап қарасам, арамызда алшақтық, көзқарасымызда ешқандай қайшылық жоқ, жай әшейін бір нәрсе, сол баяғы кім көп біледі деген жастықтың интеллектуалдық бәсекесі ғана болатын.
Менің Әмірханға деген құрметім ерекше еді. Ол кеткенде, қатты күйіндім, қабырғам қайысып, сағым сынды. Бізге екінші Әмірхан Балқыбек жоқ. Бұл жай метафора ғана емес. Шындық. Қазақ халқы ренессанстық тұлғасынан айрылды.
Кейде маған ол Жер бетіне арнайы миссиямен келгендей көрінетін. Тәңірі Әмірханға үлкен міндеттер жүктеген-ау деп ойлап қоятынмын.
Әмірхан Балқыбек өзге жанға ұқсамайтын, шын мәнінде, бөтен, басқапланеталық жұрт сияқты еді.
Оның жарқырап келе жатқан қасқа маңдайы барша адамзат руханиятын өзіне түгел сыйғызып тұратын. Шіркін-ай, ол – қазақ ғылымына, алаш өнер-мәдениетіне аса қажет, көл-көсір білім иесі, ағыл-тегіл ақыл кені еді. Қайтеміз, кетті де қалды.
Әмірханның ойлау жүйесі шексіз-ді. Сан салалы әлем әдебиетін өте жақсы білді. Сөйлегенде, бір-бірінен жиендік, туыстық, байланыс тауып, қайдан не дамығанын айқындап, әр елдің ұлттық прозасына, халықтық поэзиясына емін-еркін шолу жасап, тура немесе жанама әсерін алға тартып отыратын.
Білімпаз шайыр алдында көне және жаңа әдебиеттің терең қабаттарын қопарып, тектоникалық өзгерістердің салдарын тану мұраты тұрғандай еді.
Негізі, Әмірханға әңгімелесетін адам табу қиын-ды. Алайда, өмірде елгезек, жұрт шығармашылығына жанашыр, қарапайым болды. Қарапайымдылығының өзіне зияны да тиді. Ол әдеби сыйлықсыз өтті.
Өкінішке қарай, бойына сіңірген, үздіксіз оқыған тау-тау кітаптары туралы білімін ғана емес, өзі жеткен кең даладай алапат таным-түйсігін бізге толық ашпай, бермей кетті.
Бала секілді ақ көкірек жан еді. Елге деген пейілі, талантқа деген құрметі айрықша, ақеділ болатын. Жақсы бір нәрсе көрсе, жаны қалмай мақтап, орташа дүние жайлы пікір сұраса, ақтап шығатын. Сөзін, Гений ғой, деп тамсанып аяқтайтын.
Әмірхан туралы жазу қиынның қиыны, естеліктер бір-біріне мінгесіп, зердеме құйылып, тасып, төгіліп жатыр. Ақжарқын жан еді, нағыз ақын Әмірхан болатын. Олжасты қадір тұтты. Ол кемеңгер Олжастың шығармашылығына деген адалдығын, жақсы құрметін өмірінің соңғы сәттеріне дейін көкірегінде сақтап келді. Себебі, Әмірхан Олжасты түк қалдырмай, тұтастай, бүтін таныды. Егжей-тегжейіне дейін, жан-жақты, анық білді.
Бірде, мен Олжас пен Әмірханды кездестірдім. Олжас бізді “Театральное” кафесіне шақырды. Біз ұзақ отырдық. Сұрақтарымыз көп, әсіресе – досымның... Әңгіме тақырыбы жиі-жиі өзгеріп тұрды. Бұл Әмірханның “Қазақ әдебиеті” газетінен шығып қалған, жұмыссыз жүрген кезі болатын.
Кейін, 2015 жылы қазан-қараша айында Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин мырза қазақ-орыс жазушыларының Мәскеуде басын қосқанда, мен ресторанда дастарқан басында тамақ ішіп отырған Олжасқа барып Әмірханның қазасын естірттім. Олжас қатты қапаланып, қиналып қалды.
Әмірхан шығармашылығы туралы бөлек эссе жазамын деп ойлаймын. Бірді айтып, бірге кетіп жатырмын.
Оны есіме алсам, жастық шағым, философия факультеті, дүние жүзі ақын-жазушыларының біз оқыған кітаптары, футбол, қызу айтыс, би алаңдары, университет аудиториялары көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қояды.
Менің алғашқы әңгімелерімді троллейбустарда оқып, қатты таң қалып келгені бар. Басында, оған тырнақалды туындыларым оғаш көрінді, бірақ ұнатты, кейін – мақтады. Ол кезде шағын әңгімелер жазатын едім. Болды-ау дегенде, таза дәптерге мұқият көшіретінмін. Қазір өзімде сол дәптерлерім әлі бар. Талай рет қолдан қолға өтті. Филфактың зерек, алғыр қыздары бірнеше рет оқыды да.
Әмірхан қыздан ұялатын еді. Мені бірде деканатына ертіп апарды...
Ол әдебиетке адал болды. Әмірхан жазғандарына сенді. Тіпті, шектен тыс қатты сенді. Бар өмірін кітапқа арнады. Ол тақуадай кітап оқып күн кешті.
Егер Әмірхан Балқыбек ақынға бір жерде ескерткіш орнатыла қалса, онда мен жайланып кітап оқып отырған ойшылдың бейнесі мүсінделгенін қалар едім. Федор Достоевскийдің қазақтан шыққан соңғы оқырманы әлемдегі ең көне жырдың қаһарманы Энкиду тәрізді алып болуы тиіс!
Мәңгіліктің жадында менің есімдегі Әмірхан Балқыбек бейнесі сақталса деп ойлаймын.
Дидар Амантай
24.09.2019