Білесіздер, биыл Ресейде өтетін Жастар арасындағы Халықаралық кинофествалдың бас төрешісі болып оңтү...
Қазақ тәуелсіз киносындағы көркемдік тенденциялар
Сіз бен біз сүріп жатқан қоғам айнасын әлеуметтік-психологиялық аспектілермен астастырып әкелетін экран өнері елімізде санқилы өзгерістерді бастан кешіре отырып, жаңаша даму үдерісінде. Әлем мысалынан аңғаруға болатын тенденция – саяси өзгерістермен қаз-қатар жүретін өнердің түрленуі. Кеңес Одағының ыдырауы сынды қомақты гео-саяси апат, қазақ киносының «жаңа толқыны» болып айдарланған бір топ саңлақтардың серпілісіне сеп болды: Сергей Соловьев шеберханасынан білім алып, түлеп ұшқан Рашид Нұғманов, Ардақ Әмірқұлов, Серік Апрымов, Абай Карпықов, Әмір Қарақұлов, Талғат Теменов, Аманжол Айтуаров, Дәрежан Өмірбаевтар. Жаңа толқындық дүлдүлдер еркіндікті тежеген идеологиялық тұсаудан босап, шындықтың бетіне жалтақсыз қараған батыл кино түсірді. Олардың ортақ идеясы – кино арқылы өтпелі кезең кейіпін беруде тұтасты. Экранда замана бейнесін сақтаған бұл туындылар, тоқырауға тап келген қоғамдағы құлдыраған құндылық пен әлеуметтік дағдарысты посткеңестік кеңістіктегі кейіпкердің рухани әлемі арқылы айқындады.
Элитарлық артхаусты ұлттық киноға енгізген жаңа толқын ағымының өкілдері постодернизм мәдениетіне аяқ басты. Біртекті ойлайтын, бірдей көретін киногерлер шоғырының шығармашылығында француз «жаңа толқынының» елеулі екпінін, яғни Нұғманов – Годардың, Өмірбаев – Брессонның, Қарпықов – Трюффоның қолтаңбалы қылықтарын қабылдағанын көре аламыз. Еркіндікті жалаулатқан жаңа толқынның ерек табиғаты Батыс пен Шығыстың, Азия мен Еуропаның синтезін қамтитын жаңашыл көркемсуреттеу әдісінде еді. Осыған дейін орныққан кеңес стилистикасынан оқшаулану Нұғмановтың «Ине»(1988) фильмінен бастау алып, цитаталық, астарлы ирониялық мазмұн жаңа толқындықтардың талпыныс бағытын айқындап берді. Ендігі кезекте фильм мазмұнында не айтылатынынан бөлек, қалай айтылатынының маңызы артып, формализм (монтаж, бейнелік қатар, кадр композициясы), символизм алдыңғы планға шықты. Олардың түсіру формасы неміс экспрессионизмі, итальяндық неореализм киноэстетикасымен ұштасты, ал алғышарттар – ашық кеңістік, мамандандырылмаған актерлер, құрылған декорацияларды минимумға шақтау, реализм болды. Қазақ «жаңа толқыны» ирониялық тұрғыдан «Инеден» қалыс қалмайтын, Өмірбаевтің «Жол» (2001) фильмімен тәмәмдалды.
Бүгінде отандық киноны әлем кеңістігінде танытып жүрген режиссерлер: Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Нариман Туребаев, Жасұлан Пошанов, Фархат Шәріповтерді қазақ тәуелсіз киносының келесі кезеңіне балап сөз сөйлеуге болады. Олардың шығармашылығында да әлем киносындағы тенденциялардың ықпалын айқын байқап, Байғазин-Кустурица,Әділхан-Куросавамен парапар демесек те, параллель жүргізуге әбден болады. Жанрлық түрлену жағынан қазақ киносының бүгінгі беталысы бәсең де болсын, жаман емес, жаңа толқындықтар мұндай эксперименттерге емінтпеген болса, аталмыш кезең режиссерлері комедия, трагикомедия, криминал секілді жанрларға соқпақ жол салуда. Тізімге тізген режиссерлер шығармашылығында нуар жанры басым келеді, пессимистік сарынға малынған фильм кейіпкерлерінің қоғамдағы жалғыздығы екпінделеді. «Әрбір өнер туындысы – өз заманының көрінісі» деген тұжырымға тоқталсақ, қандай да бір заманда, қандай да бір тенденциялардың басым болу себебін ұғыну мүмкіндігі туады. Философиялық, психологиялық тереңдікке қол жеткізіп отырған бүгінгі авторлық фильмдердің әлеуметтік потенциалы мол, жұмыссыздық; коррупция; қоғамдағы екіжүзділік; әртүрлі тап өкілдерінің әлеуметтік теңсіздігі аясында бірауыздан көкейтесті сауалдарды көтеріп келеді олар. Әлебетте, бұл – жоғарғы элитарлық кино есебінде. Десек те, бүгінгі қазақ көркемсуретті киносы төңірегінде ой өрбіткенде білмегенсіп, арзан коммерция жетегінде кеткен жекеленген киностудияларды көзге ілмей отыра алмаймыз. Жалпақ жұртқа жаққан комедиялық жанр – бұл да бүгінгі кино өндірісінің бір бөлігі.
Қазақ киносының бүгінгі жай-жапсарын шартты түрде екі кезеңге бөліп қарастырғанымызбен жаңаша кейіпкерлер мен стильдік өзгерістер келіп жатқаны сөзсіз. Бүгінгі күнгі өзекті тақырыптардан заманының бет-бейнесі ретінде «мәңгілікке» қалмақ кино өндірісінде тың тенденциялар қалыптасып, өрістеп жатқанын нақтыладық. Қысқа ғана ғұмырлы қазақ киносының әрі дамуына жан-жақты атсалысар режиссерлер қауымы бүгінде кеңейіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып жатқан дарынды жастарға бек сендік.
Ақерке Қамашбек, «Кинотану» мамандандыруының 3 курс студенті (Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА)