Қыркүйекте ел президенті Қазақстан халқына жолдау жасайды. Осы ретте экономист Сапарбай Жобаевпен 20...
Динара Тайбасарқызы: «Жастар еліміздің болашағы ғана емес, сонымен қатар бүгіні де»
Күндердің бір күні Болашақ мемлекетке сұрақ қоятын болса, сол сұрақтардың ішінде «бақытты балалық шақ» жайлы бір сауалдың орын алары анық. Мемлекет балаларға бақытты балалық шақ сыйлай білсе, бұл сол мемлекеттің тұрақтылығы мен бейбітшілігінің айқын көрінісі. Осы орайда «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сәдуақасова Динара Тайбасарқызы ханыммен сұхбаттасып, көкейімізде жүрген сұрақтарды қойған едік. Мархаббат!
Саламатсыз ба, құрметті Динара Тайбасарқызы?! 1,5 млн-нан астам мүшесі бар "Жас Ұлан" ББЖҰ-ның өткені мен бүгіні жайлы не айта аласыз? Сұхбатымызды осыдан бастасақ...
Сәлеметсіз бе! «Жас Ұлан» ұйымы 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған болатын. Биыл ұйымымыз 10 жасқа толды. Ұйым құрылған күннен бастап біршама уақыт өтті. Біреуге аз, біреуге көп секілді. Осы уақыт ішінде «Жас Ұлан» ұйымы біршама белестерді бағындырып, еліміздің алдыңғы қатардағы ұйымдарының біріне айналды. Құрамымызда өзіңіз айтқандай бір жарым миллионнан астам оқушылар бар. Барлық өңірлерде өкілдіктеріміз бар. Сондай-ақ 10 жылдың ішінде жүз мыңдаған шаралар мен жобаларды ұйымдастырып өткіздік, бұл жобалардың көптеген адамдарға алға жылжуына, болашақтағы мамандығын таңдауына, өмірлерін өзгертуге септігін тигізгені сөзсіз. Осы жылдардың ішінде көптеген республикалық және халықаралық жобалар ұйымдастырып, өзіміз де қатысып отырдық. Мұның бәрі Ұйым мүшелерінің жетістігі деп есептеймін.
Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне отыз жыл толып отыр. Айтулы мерекеге орай, ұйымда қандай жұмыстар атқарылды және қандай негізгі бағыттарға басымдық берілді?
Биылғы жыл біздің ұйым үшін ерекше. Себебі еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуымен қатар, ұйымымызға да 10 жыл толды. Сол себептен жыл бойы республика бойынша барлық өңірлерде, өкілдіктерімізде, барлық дерлік мектептердегі комитеттерімізде жоспарланған кез келген шаралар осы 30-жылдық пен 10-жылдық аясында өткізілді. Ұйым негізгі бекітілген 7 бағыт бойынша жұмыс атқарады. Оның ішінде спорт, шығармашылық, интеллектуалдық бағыт, экологиялық, еңбек және құқықтық тәрбие де бар. Міне, осы бағыттарға біз жете көңіл бөліп, осы бағыттар бойынша Тәуелсіздің 30-жылдығына арналған шаралар мен жобалар ұйымдастырдық.
2019 жыл «Жастар жылы» болып аталды, өткен жылы 2020 жыл «Еріктілер жылы» болды. Әрине, тек осы екі жыл ғана жастар мен жас еріктілерге арналады деп қысқа қайыруымызға болмайды. Себебі жастар еліміздің ертеңі. Осы орайда сізден сұрағым келіп отырғаны, 2019-2020 жылдары қандай елеулі жобалар ұсындыңыздар?
Ұйым өткен екі жылда және биылғы жылы да көптеген халықаралық, республикалық, сонымен қатар волонтерлік жобаларды жүзеге асырып келеді.
Осы жылдары біз экологиялық «Kieli Tabigat», «Birgemiz Taza Alem», сондай-ақ интернет тәуелділік, құмар ойындарына тәуелділік бойынша «Restart» жобаларын жүзеге асырдық. Ауқымды жобалар Қазақстанның барлық аймағын қамтыды.
Жобаларға тоқтала кетейін. Өздеріңіз білетіндей, кибербуллинг, құмар ойындары, интернет тәуелділік қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселе аясында ұйым 2 жыл қатарынан «Restart» жобасын жүзеге асырып келеді. 2021 жылы жоба аясында Халықаралық және ҚР Заңнамаларына зерттеу, әлеуметтік зерттеулер, фокус-топтар, онлайн-курстар, бейне-дәрістер, акциялар, байқаулар ұйымдастырылды. Жалпы жоба бойынша 15 000 адам қамтылды.
«Жас Ұлан» ұйымы бірнеше жылдар қатарынан экологиялық жобаларды жүзеге асыруда. Жаңа атап өткендей, осы жылы «Kieli Tabigat», «Birgemiz Taza Alem» жобаларын қолға алдық.
Жыл сайын экологиялық лагерлер, байқаулар, акциялар өткізіп келеміз.
Сондай-ақ біздің ұйым елімізде алғаш болып «Эко Әлем» экологиялық ойынын шығарған болатын. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде осы ойын бойынша чемпионаттар өткізіліп тұрады.
Ұйымның бұл саладағы жұмыстарын тізіп айта беруге болады, бастысы біз халықтың экологиялық санасын арттыруға бар күшімізді салып келеміз.
Биыл Мемлекет басшысының «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» жарлығы аясында 10 нақты Ұлттық жоба анықталғаны белгілі. Бұлардың қатарындағы шоқтығы биік «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы. Аталған жобаның бірінші бағытына сәйкес, мектеп жасындағы балалардың 100%-ын мәдени тәрбиемен қамту, балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын арттыру мен кітап оқу мәдениетін дамыту сынды айтулы мақсаттар қойылған. Осы жоба аясында әзірленген жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
Енді «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы туралы айтатын болсақ, бұл жоба бізге өте жақын, мен Ұйымда 9 жылдай жұмыс істеймін, басқа салаларға кету ойымда жоқ. Себебі барлық сапалы өзгерістерді, соның ішінде сананы жаңғыртуды балалардан бастау керек деп есептеймін. Ересек адамдардың өз пікірлері тұрақтанған, олар қалыптасқан тұлға, сондықтан да ой-сананы өзгертуді ерте жастан бастау керек. Сол себепті осы «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын біз өзіміз үшін күнделікті қолданатын кітаптай есепке алдық. Оның барлық бөлімдерін жүзеге асыруда белсене қатысамыз. Өзіңіз айтып өткендей бірінші бағыты, әсіресе, бізге жақын. Егер осы ұлттық жоба аясында ұйымдастыратын шараларға келсек, кітап оқу мәдениетін дамытуға қатысты бірінші бағыт біздің қызметімізбен тығыз байланысты. Біз серіктестерімізбен, ӨҚМ операторымен бірлесіп «Гринэйктер хикаясы» деген қазақша және орысша балаларға арналған кітаптар желісін шығаруды қолға алып жатырмыз. Мұнда кітап кейіпкерлері барлығын қоршаған ортаны аялауға үйретеді. Бұл кітаптың авторлары, иллюстраторлар, редакторлар біздің қазақстандық әріптестеріміз. Осылайша, біз, екі тілде өзіміздің кітапханамызды қалыптастырып, ертегілер арқылы экологиялық мәдениет пен сананы жаңғыртқымыз келеді.
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының келесі бір үлкен бағыты –«Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Бұл бағыттың сұхбатымызға арқау болған бөлімі, анимациялық мультфильмдердің дубляжын және мемлекеттік тілге аударылуын қамтамасыз ету қажеттігі турасында болмақ. Сізге қояр сұрағым, қазақ тілді анимациялық мультфильмдердің оқушылар мен жасөспірімдерге қолжетімді болу үшін ұйым тарапынан қандай бір бірлескен жұмыстар атқару ойда бар ма?
Әрине, қазақ тілді анимациялық мультфильмдердің оқушылар мен жасөспірімдерге қолжетімді болуы үшін де жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Балапан» телеарнасында анимацияларды дамытуға байланысты жақсы жоба бар, бұл жерде олар жобаға ерекше қажеттіліктері бар балаларды тарту арқылы жұмыс істейді. Біз өз тарапымыздан қатысып, әділқазы алқасында болып, ақпараттық қолдау да көрсеттік. Жалпы біз аталмыш тақырыппен тығыз жұмыс атқарған жоқпыз, бірақ менің өзім үшін бұл қызықты тақырып. Себебі 2014 жылдардан бері мен осы тақырыпқа қызығушылық танытып, барған жерлерімде серіктестерімізге қазақ тілінде анимациялық мульфильмдер жасауға қатысты ұсыныстар жасап жүрдім. Бізде анимация тек жаңа ғана дамып келеді. Сондықтан да бұл салаға жастарымызды көптеп тартуымыз қажет. Болашақта бұл бағытты назарға алатын боламыз.
Білуімізше, 2017 жылдың 12 сәуірінде ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа есім» жобасында биіктен көріндіңіз. Қазақстанның жаңа есімдері һәм Тәуелсіздік ұрпақтары туралы ойыңызбен бөліссеңіз. Олар қандай болу керек?
Жастар еліміздің болашағы ғана емес, сонымен қатар бүгіні де. Осы ұғымды ойдан шығармауымыз қажет. Бүгінгі күні «жастар» дегенде ашық, креативті, ой-қиялында шектеу деген жоқ адамдарды байқаймыз. Мысалы, Тәуелсіздік ұрпақтарын немесе «100 жаңа есім» игерлерін алатын болсақ олар сэлфмейл адамдар, яғни өздерін тұлға ретінде қалыптастырып жасаған адамдар. Біз оларды үлгі ретінде алып, басқаларға көрсетіп, танытып, жұмыстар жүргізуіміз қажет. Себебі олар біреулер үшін мотивация болуы мүмкін. Біреулердің өмірін өзгертуі мүмкін. Біздің қызметіміз балалар мен жасөспірімдерге өмірде бағыт-бағдар беру болуы тиіс деген ойым бар.
Динара Тайбасарқызы, сұхбатыңызға көп рахмет және сөз соңында барша "Жас Ұландықтарға" тілегіңіз?
Сізге рахмет. Ал жасұландықтар – сіздер ашық, барлық жаңашылдықты қабылдауға дайын, бәсекеге қабілетті, өз туған тілін, тарихын, мәдениетін құрметтейтін тұлғасыздар. Қазір елімізде сіздер үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Сол мүмкіндіктерді жіберіп алмай біздің еліміздің, ұлтымыздың болашағының көрінісі болыңыздар. Тек алға дегім келеді!
Сұхбаттасқан Жомарт Жылкелдіұлы