Шынында да, қызық өзі. Пушкин досы Гогольді көзінен жас аққанша күлдірді. Гоголь Пушкин айтқан екі ә...
Тұрдыхан Айдарханұлы. Ешкім бірақ білмейді қардың тілін...
Алғашқы қар
Алғашқы қар әдемі жыр сыңайлы,
Ақ қайыңның бүрінен бұрқырайды.
Балалықты ойласам бал қайыңдай,
Әлі күнге жүрегім сырқырайды.
Сазға біткен сол қайың, биші қайың,
Жүрегімді дауалап жүрші дәйім.
Батысымнан бағымдай толықсыған,
Туып келе жатады-ау мүмкін айым.
Ақша қарда жүйіткіген көңіл елік,
Сені жырлай алмадым еміреніп.
Қарашаның адастым қарлы түні,
Басқа – басқа, түсіме өмір еніп.
Адастырды қараша қарлы түнің,
Қарашаның қамкөңіл тағдырымын.
Көтеруге амал не, жарамадық,
Жар басында жалғыздың жарлы мұңын.
Сүйемін деп өмірде бар адамды,
Алғаш рет жас жүрек жараланды.
Қаяу салды көңілге қаймана күн,
Сызат алды сол күннен сана мәңгі.
Тәй-тәй бастым жүгірдім алға аттадым,
Осы жолда бар талай алжасқаным.
Бөрі тағдыр жетелеп қансонарға,
Бөлтіріктей ең алғаш қар басқамын.
Сарқып ішіп ең соңғы зәрдің түбін,
Албастымен өткіздім ардың түнін.
Алғашқы қар бәр-бәрін маңыратар,
Ешкім, бірақ білмейді қардың тілін.
Тамаша күн
Жапырақтар жиі құлап,
Бұлдырайды боз қырау бұйығы бақ.
Көңіл шемен көріксіз көшелердей,
Жылынуы жанымның қиынырақ.
Сары жапырақ сағыныш төгілді ерен,
Әурелендім етем деп өмірді өлең.
Қазы қайтып өлкемнің қаңқылдаған,
Жабырқады-ау, тағы да көңіл дөнен.
Туған жердің ой-қыры таныс маңы,
Жасыл көркің жадымнан алыстады.
Жазы көшкен жапырақ жүрегімді,
Шой табанмен дүлей күз жаныштады.
Өмірім-ау, ардағым жазым еркем,
Сары сағыныш жайлайды сазыңа ерсем.
Тамылжытып бұлбұлдың таңдайында ән,
Тамаша күн шіркін-ай, тағы келсең.
Қараша түні
Қанатында қаздардың,
Қаралы жыр маздар мұң.
Жатырқайды-ау тірлікті,
Жалғыз күні жалғанның.
Ызыңынан қурайдың,
Ызалы күй тыңдаймын.
Құстай ұшып қуаныш,
Құтырынар қу қайғым.
Күзгі моншақ мөлдір мұң,
Сезімімді семдірдің.
Шашасынан от шашқан,
Оралмайды-ау өндір күн.
Қызғылт шапақ шұбалып,
Күн батады қызарып.
Күнге қарап құбылам,
Жүз семіріп, жүз арып.
Құба құмның қияғы,
Безілдейді жиі әні.
Безіп кеткен бебеу үн,
Берен ақын қиялы.
Көкжал бөрі түн жүріп,
Құмығады қырда ұлып.
Түн түнегін тіледі,
Жанарында нұрлы үміт.
Сәби арман шетінеп,
Сыздап құрғыр көкірек.
Атар ма еді сызып таң?
Шымылдық түн сетінеп.
Ақ бас шыңдар...
Жел сыңсиды, жүрегім де сыңсиды,
Сызат ғалам сынып кетпей тұрса игі.
Қобызымды хош көргенге тартамын,
Қоңыр дүние қонағыңмын бір силы.
Қурай көңіл ызыңдайсың күзде үдеп,
Сырнайлатып соқпайды енді ізгі леп.
Ауырыңа дауылыңа дайын ғой,
Өліп көрген, көніп көрген бұл жүрек.
Қарығасын қатал мезгіл ызғары,
Шыдамады шыбын жаным сыздады.
Құба құмның қияғындай жел жеген,
Жеміріліп таусылармыз біз дағы.
Жел ұйтқиды,
Өрекпиді асыр сап,
Жабырқайды жадау қабақ жасыл шақ.
Ақ бас шыңдар айналайын ақиқат,
Аңсап келіп мойыныңа асылсақ.