Абай қазақта біреу, әйтсе Абайды қаншалық таныдық, ақының бір өлеңіне бірге үңілсек:Базарға, қарап т...
Пафос пен Парасат
Көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің 65 жас мерейтойына орай, Мұхамеджан Қаратаевтың 1984 жылы жазған әдеби сын-мақаласын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Өлең атаулы дүние бізде, шүкір, баршылық қой. Күнде газет, журнал беттерінде, ашып қалсаң, алдымен көзге түсетіні – өлең. Алдымен оқи бастайтының да сол өлең, бірақ соның ішінде кейбір көз тартып, көңіл аударатыны кездеседі де, кейбір тіпті оқылмай қоятыны да болады. Ұнатып оқыған өлең көңілде ұялап көпке дейін ұмытылмайды, жадыңда сақталып, жан азығына айналады. Мұның өзі поэзияның жаратылысына тән айрықша қасиеті болса керек.
Поэзияның тұтас туындысын былай қойып, бір ғана оңды өлеңін немесе бір ғана оңды шумағын, жолын алғанның өзінде ол осы қасиетін асылдың сынығындай сақтай алады екен.
Бұдан он жыл бұрын алабөтен көзге түскен жеті жас ақынның «Қанат қақты» дейтін жинағына «Қыранша қақса қанатты» деп рецензия жазғаным есімде. Соның бірі - Ұлықбек Есдәулетов туралы. «Кітапта алабөтен арынымен, пәрменді серпінімен назар аудартқан Ұлықбек Есдәулетов, – деппін әлгі мақаламда, – Онда асқақ, адуын ақынның асау шалқуы бар». Бұл оның «Интернационал» дейтін өлеңі жайлы түйілген пікір еді. Бұдан әрі: «Шынында, осынау сарын оның өзге өлеңдерінде де жиі ұшырасады, «Ағымнан жарыламын», «Көздеріңе ғашықпын» дейтін өлеңдері Ұлықбектің ақындық қанат қағысына хас шалқыма жырлары сияқты» дей келіп, «бұл жырдың маған толғау, терме жырлайтын шешен ақындарша сермеген арыны мен сарыны ұнайды» деппін. Сонымен бірге, ұнай бермейтіні – «үдей соққан дауылдай қарқынды арынның мағыналық арқауының ауық-ауық үзіліп мағынасыздыққа ұшырап отыратындығы» деген екенмін.
Мұны еске алып отыруым: Ұлықбектің соңғы он жыл бойы поэзия көгінде қанатын қалай сермегенін бұрынғы сарынмен салыстыра қарау қажеттігінен туып отыр. Оған себеп болған – Ұ.Есдәулетовтің биыл ғана «Жазушы» баспасында жарық көріп, жаңада қолға тиген «Ақ керуен» атты өлең мен поэмалар жинағы. Мұндағы «Қара өлеңдер» мен «Ақ өлеңдер» тарауларына енген өлеңдер ақынның құлағы естіген тарихи мағлұматтарға, көзі көрген, нақты деректерге, бастан кешкен өмір құбылыстарына құрылған ой түйіндері, парасатты толғаулар мен топшылаулар десе болғандай. Қай өлеңін алсаңыз да, бұрынғы сезімталдықтан гөрі байсалды парасаттылық басым екенін көресіз. Сана-сезімнің салмақты, салиқалы күйге ауысқанын аңдайсыз.
Қай тақырыпқа бармасын, Ұлықбек одан мағыналы мазмұн, тетік қарастырады. Есениннің Пушкин ескерткішінің қасында фотоға түсуі ме, Аттиланың Аквилейді басып алуы ма, Поганинидің трагедиялы тағдыры ма, Сәмен сұмның қысас қылып Абайды сабатуы ма, азаппен өлген Шелли досын Байронның жоқтауы ма – осының бәрі ақын тағдыры, адам тағдыры туралы ой мен сананың жүйелі желісін тартып, мынадай оптимистік түйінге тоқтайды.
Жаныңнан жігер қашықтамасын,
Иілмей өтсін пасыққа басың.
Ақынның басы тағдырдан артық,
Тағдыр да көзін ашып қарасын.
Өзі тектес үлкен ақын Ж.Нәжімеденовке арнаған өлеңінде Ұлықбек өлген ақынның атынан өзі сөйлеп, тағы бір пәрменді гуманистік қорытынды жасайды:
Тұтқасы болам тірліктің топсасы болам,
Десе де пенде сезеді-ау жетпесін оған.
Өмірдің дәнін өлтіріп алмаса болды
Бірі мен бірі бүлініп, соттасып Адам.
Ақылға келсін, абайлап, тоқтасын Адам,
Ұятын, арын, санасын сақтасын аман.
Өлмеймін сонда, өлмеймін,
өлмеймін мен де,
Ақымақ қылып ажалды жоққа шығарам.
Жұмекен сықылды ақынның өзі өлгенмен, ақындық атағы, абыройы өлмейтіні хақ, оның асыл поэзиясы адамзаттың бірлігіне, тірлігіне, адам арының тазалығына қызмет ететіні бүкіл поэзияның үлесіне тиген асқаралы борыш.
Сонымен «Ғұмырнама» цикліндегі оншақты өлең адам өмірінде ақын атқаратын маңызды рольді байыпты бейнелеген. «Жапырақтар жыры» мен «Адамның кейбір кездері» циклдары да табиғат сүйгіш, өмір танығыш талантты жастың ізгі ізденісін дәлелдейді. Тапқанын ой таразысына салып, оқырманға өнерлеп жеткізуді мұрат тұтады. Бұдан Ұлықбектің бастапқы желпініс серпінісінен енді парасатты топшылауға ойыса бастағанын аңдаймыз. Тақырып шеңбері ақынның тар емес және тым кең де емес. Бірақ қандай болса да, оқушысын суреткерлік тың сипатымен, өлең өрнегімен, сөз жоқ, сендіреді де сергітеді. Сүйгеніне айтқан мына жүрек сыры қалай сендірмес:
Түсін, жаным, бәрі тұр реңімде,
Сен сенбесең сезері боп жүремін бе?
Ақындардың ақылы басында емес
Ақындардың ақылы жүрегінде.
Не туралы, кім туралы жазса да, өлеңнің өзегінде – ақынның өзі, өзінің лирикалық, әрі интеллектуал геройы. Бұл ретте оның Әбділда мен Қадырмен, Тұманбаймен, Жұмекенмен, Мұхтармен, әсіресе, парасат үндестігі жөнінен үйлесім табады.
Не айтса да, ой арқауын түйіп айту - Ұлықбек өнерінің тәсілі. Ол өзіне өзі есер бере сөйлейді, өзінің осы құбылысқа, осы жағдайға қатысын, көз қарасын ашып отырады. Онда жастық шақ, табиғат, махаббат тәжірибелі ақынның толғауында эмоциядан гөрі, логикаға бой ұрады. «Әдетте біраз ақындар махаббатқа барса «күйдім», «жандым» деп аһ ұрса, Ұлықбек бұл сезімге сенім тұрғысынан қарап:
Сенемін мен:
Сезім кейде обаған,
Ессіз еріп, есіл кеткен сан адам.
Мен сенбеймін махаббатқа,
Егер де
Бір толқымай өтер болсаң сен оған, – деп түйеді.
Опасыз сезім махаббат емес. Тек берік махаббат қана баянды махаббат деген тұжырым бұл. Сондықтан өз басынан өткен өмір құбылыстарының бәріне ақын осы философиялық талғаммен қарайды. «Өмірдің кейбір кездері» дейтін тарауындағы өлеңдер тізбегі - осының айғағы. Адам өмірі, жер-ана Ұлықбек өлеңдерінің ұштаған тірегі десе болады.
Несіне төгем деме терді мұнша,
Тәуекел.
Бұға берсін сор бұғынса,
Жығылсақ бәрімізді жер көтерер,
Ал енді кім көтермек жер жығылса? – дейді ақын «Өкінген досқа» атты өлеңдерінде «Өкінбей өмір сүру – өлмес өнер», «бағынба, тағдырыңа басыңды име» дей келіп. Міне, бұл өлеңнің оптимистік тетігі. Өмірдің қиындығына мойымай осылай қажыр, қайратпен күресте өткізудің маңызын түзу түсінген ақын өзіне де талай сынақ сұраулар қойып тебіренетін тұстары бар. Бұл оның өзіне деген биік талабын, дәуір алдындағы, халық алдындағы парызы мен жауапкершілігін терең түсінгендігін дәлелдейді. Оның «Неліктен» дейтін өлеңі ақынның әлгі халық алдындағы парызы ойдағыдай өтей алмауын кішіпейілдікпен мойындауы өте сенімді де әсерлі естіледі.
Жүремін жиі өкініш жүгін көтеріп,
Көлеңкемдей боп қалмай-ақ қойды-ау қателік...
Парызым қайда жұртыма жатқан өтеліп?
Кетем бе солай қателіктерге ет өліп?
Неліктен жиі қателесемін?
Неліктен?
Бұлтарысы жоқ, шын жүректен айтылған шынайы сөзі. Бұдан әрі, «Жастық планетасы» тарауына енген бірқатар өлең ақынның осынау «өкініштен», кем-кетік «қателіктен» арылып, өзінің кемел шағына жеткен ақынның кең өрісін, биік өресін аңғартатын туындылар. Олардың «Жер-Ана», «Қолыңды бер, Қазақстан», «Бүгінгі ертек», «Жұлдызды мекен», «Күлкілер», «Жан досым – революция» деп асқақ аталуының өзі мазмұнына сай ұлы парыздың өтелу айғағы іспетті – ойлы да өнегелі өлеңдер.
«Ақ өлеңдер» цикліне енген азынаулақ өлеңдер де ақынның әрқилы өлең құрылысына енгізген өзінше ізденіс жаңалығының түрлері. Ол ұйқастың есесін ырғақ, аллитерация, ассонанс тәсілімен қайырған жаттығулар. Сондықтан ұйқастың жоқтығы, мына ақ өлеңді тақпақтап оқығанда, әсерін әлсіретіп тұрған жоқ, қайта әрі тың, әрі соны ықпал жасап тұр.
Қызыл іңір. Қызғылт қыр,
Қызыл аспан. Қызыл жел.
Қызыл көйлек қыз бала,
Қызылбауыр бұлттарға,
Қыр басында қызығып,
Қолын бұлғап қарап тұр.
Ұлықбектің «Ақ керуен» жинағына енген жаңа лирикасын қысқаша шолудан оның бала кезіндегі жоғарыда айтқан бастапқы басқышынан едәуір ізденіп, барлық жағынан ілгері кеткенін көруге болады. Бұған, әсіресе, осы жинақтағы қос поэма айғақ. Қатар тұрған екі поэмада кереғар екі дүниенің – ескі мен жаңаның қарама-қарсы картинасы көз тартады. Бірі – баяғы байлық пен зорлық үстемдік құрған қоғамдағы жастардың өмірі мен трагедиясы «Көздің құны» поэмасында жан түршіктірсе, екінші «Сарыарқа пирамидалары» поэмасында бүгінгі заманда тың игерген кезеңнің, Сарыарқа даласынан астық жинауда еңбегімен, жастық мінез-құлқымен, сана-сезімімен танылған студенттердің бейнесі берілген. Сөйтіп, алдымызда екі поэма, екі түрлі өмір, екі түрлі тағдыр: бірінде – сұм заманның құрбаны болған сорлы екі жас – Рай мен Маржан, енді бірінде, қазіргі совет заманында бақытын, махаббатын тапқан екі жас – Серік пен Қаншайым өз ортасының типті өкілдері. Бұл поэмалардың сюжет желісі мен өлең құрылысы өзгеше, көлемі ықшам, буын саны шағын – он бір және сегізден аспайды, жеңіл оқылады, анық ұғылады. Осының өзі Ұлықбектің іздену, жаттығу нәтижесінде жеткен творчестволық жаңа табыс межесі дер едім.
Дей тұра, талапкер талантты ақыннан қаларым: парасатқа бой ұрумен бірге пафос пен эмоция шұғыласын да сөндіре көрме. Екеуі – егіз ғой.
Мұхамеджан Қаратаев
1984 жыл.