БҰЛАҚТАРТаудан аққан бұлақтар,Күмбір-күмбір күй ақтар.Жағалауда билесінҚұлын құйрық құрақтар. Қ...
Перси Биши Шелли: «Король – топас, бостандықтың қас жауы»
Перси Биши Шелли ағылшынның ұлы ақыны. Англияның Суссекс шаһарында ауқатты отбасында дүниеге келген. "Мәдениет порталы" қазақ ақыны Жүсіп Қыдыровтың аудармасында Шеллидің өлеңдерін ұсынады. Мархаббат!
МЭРИ УОЛЛСТОНКРАФТ ГОДВИНГЕ
1
Жанарым жастан бұлдырап,
Тұрса да қалдым сыр бермей.
Көзімді бұрдым тұнжырап,
Ойыңды сенің білгендей.
Ынтызар оты көзіңнен
Жарқ етпей қалай безінем.
2
Маңдайдың соры бес елі,
Жегідей жеймін өзімді.
Уайымның жеңіп кеселі,
Жүрегім мұңнан езілді.
Үмітсіз халім – жасқаған,
Жасырам оны басқадан.
3
Ешкім де көңіл бөлген жоқ,
Өзіңмен өзің едің сен.
Жылдар да өтті керуен боп,
Махаббатым боп келдің сен.
Пейіліңмен бір сәт емдедің,
Сонан соң азап – көргенім.
4
Тірілттің мені қайтадан,
Мейірімің төгіп үн бердің.
Базары мүлде тарқаған,
Жайнады солған гүлдерім.
Ерніңе ернім тамсанды,
Көзіңнен іштім кәусарды.
5
Бақытты, сірә, болмаспыз,
Байлаулы қолым, жолым да.
Бір ғұмыр кеше алмаспыз,
Оңым да дұшпан, солым да.
Нар сөзді қайдан табайын
Бұғаудың бұзар талайын!
6
Үркексің, нәзік, әсемсің,
Тірлік жоқ сенсіз, ғашықпын.
Мен үшін шырын, әселсің,
Сертіңе сенің асықпын.
Жанасың өзің от болып,
Қарайсың ба екен жек көріп?!
МҰҢ БАСҚАН ШАҚТА НЕАПОЛЬ МАҢЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Кең дала шексіз – күлімдеп,
Жағаға толқын соғады.
Шыңында таудың дірілдеп
Қып-қызыл шұғыла жанады.
Ұйқыдан жер де оянып,
Бітірер қанат көңілге.
Жас көктем жасыл боянып,
Шулайды теңіз еріне.
Қаланың да үні бұл жерде құлаққа жағар еді де.
Теңіздің терең түбінен
Балдырлар әсем көрінер.
Толқынның майда үнінен
Мұң басқан көңіл сейілер.
У-шудан қашып, ой қуып
Отырмын өзім жырақта.
Тұман да кетті айығып,
Мұхиттың үні – құлақта.
Жан сәулем, әттең, қасымда болса бірақ та.
Көңілім түндей қараңғы,
Отырған жан жоқ аймалап.
Жазамын немен жарамды,
Емеспін ғұлама, ой қамап
Отыратұғын өзінше,
Алақанға сап әлемді.
Ұмыта да алман әзірше,
Ұйықтай да алман мен енді.
Даңқты көрген емеспін,
Тағдырдың маған тартуы
Олардан бөлек болыпты.
Азап пен күрес – егестің
Күлкі ғып, рухын қор ғыпты.
Біреулер: «өмір – ойыншық қана» деп ұқты.
Бұл жерде кетіп мұң-налаң,
Тазартар судай арыңды.
Бар өміріңді былғаған
Күйбеңнен көңілің арылды.
Ерке жел ойнап далада,
Сыйпайды жасыл шалғынды.
Шаршаған әбден баладай,
Айтсам ба еңіреп қайғымды!
Сонан соң күнді батырмай
Кетсем бе мәңгі ұйқыға.
Тебіренген терең ақындай
Жыр етсін теңіз әлдилеп мені ырқына.
Ол ерте неге өлді деп,
Өкінер кейбір адам да.
Ұясына күн енді деп
Ой келетұғын маған да.
Білмесе-дағы мені ешкім,
Аяйтындардың бірімін.
Мен туысқан емеспін
Сәулесіменен күніңнің.
Жарқ етіп жанып, сөндің де – естеліктей құрыдың.
1819 ЖЫЛҒЫ АНГЛИЯ
Король – топас, бостандықтың қас жауы,
Алжыған қырт тәжді киген басына.
Шаһзада да сол тұқымнан – лас жаны,
Іріп-шіріп біткен жетпей жасына.
Ел-жұртыңды билейтұғын – сүліктер,
Күні-түні бал қаныңды сорады.
Көз ашқаннан аштыққа боп кіріптар,
Бар-жоғыңды тоқ жүргендер тонады.
Әскер деген – кісі өлтіргіш хас надан,
Алтынға құл болып заңың жаралған.
Шіркеулерде сыйынады ақшаға,
Парламентте баяғыда-ақ жоқ адам.
Бәрі осының – Англия дер едім,
Алыс болмас азаттық та келер күн.
* * *
Жалғыз құс аппақ орманда
Сайрайды мұңмен ұзақ таң.
Сумаңдап суық бар маңда,
Бұлақтың бетін мұз жапқан.
Бір тірі шөп жоқ, бүрісіп,
Бақ ұшқан орман басынан.
Тек қана – өлі тыныштық
Дірілдер диірмен тасынан.
* * *
Өмірден көп дәметтім... Әрине, мен
Біліп ем жамандық пен жоқтық барын.
Жүрер ме ем жеңіл жолмен көп үйренген,
Жетпеді бірақ та оған ақтық арым.
Ел-жұрттың қайғы-шері сетінеді ме?! –
Жүректі сыздатты сол өбектейтін.
Не болса да шыдадым, көкірегіме
Қалқан қылдым сабырды оқ өтпейтін.
Бекіндім мен көнуге: мазағына,
Жаулығына, қорлығы, азабына.
НАЛА
Уа, Уақыт, қасіретті данышпан,
Ұзақ жүріп, шаршап келдім алыстан.
Өткен жолға өксік атып қараймын,
Серпілтер ме көктем күні шаң-ыстан?
Серпіте алмас ешқашан!
Күнде, түнде, жарқырап таң атса да,
Күз, қыс өтіп, жаз кеп нұрын шашса да,
Көңілім жарым, көңілім дертті дауасыз!
Айығар ма ол, барсам гүлзар бақшаға?
Айықпайды ешқашан!
ЖИҺАНКЕЗДЕР
Айтшы маған, жарық жұлдыз, сырыңды,
Айтшы маған, қайда тарттың, шыныңды.
Қара аспанда кірпік қақпай жанасың,
Ұйқы қайда, қай кез шырым аласың?
Айтшы маған, бозарған Ай, тегінде,
Неғып жүрсің елсіз аспан шөлінде.
Тыным алар бір сәтті іздеп, мәңгілік
Жүргенің бе жадап-жүдеп қаңғырып?
Жиһанкездей сен – тағатсыз жел едің,
Көк түтіндей бір бұрқ етіп жөнедің.
Жөніңді айтшы, не қуалап жүрсің сен,
Қандай мұң бар көкейіңде, кімсің сен?
ЖАЗ БЕН ҚЫС
1
Шілде күні шақырайған көгімнен,
Судың бетін сипауға жел ерінген.
Көкжиекте будақ-будақ бу тұрды –
Күміс бұлттар – көшпелі тау сықылды.
Көк күмбезі төңкерілген төбеден
Қиялыңды алысқа алып жөнеген.
Жадыраған орман, өзен маңайда,
Мүлгіп қалған сәмбі талдар тоғайда.
Осынау бір тыныштығында әлемнің
Қозғалады жапырағы қарт еменнің.
2
Мына қысты-ай, барады ызғар әкетіп,
Ұшқан торғай жерге құлар топ етіп,
Өзендерді қалың мұзбен бір сықты-ау,
Су астында балық біткен тұншықты-ау.
Балдыр – шылау ең бір жылы көлдегі,
Бүрісті де қатып қалды ол да енді.
Мұндай түнде пеште жалын лапылдап,
Дос-жаранмен отқа таман жақындап,
Мәре-сәре отыр біреу үйінде.
Ал сырттағы жоқ-жітіктің күйі не!
Аударған Жүсіп ҚЫДЫРОВ,
І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты.