Ертай Бимұхановтың өлеңдері

Сурет автордан

ӘДЕБИЕТ
485

MADENIPORTAL.KZ Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ертай Бимұханов өлеңдерін оқырман назарына ұсынады.

Дауыс

Кім менің армандарымды үзбек?

Балалығым.

Жастығым.

Бәрі тізбек...

Саған да...

Оған да...

Барудан бас тарттым,

Жан тыныштығын ғана іздеп.

 

Не керек, әңгіме, сөз құрғақ?

Өкпелемесін десең, жалғанған жұрнақ.

Өзіммен өзім бола тұрайын,

Ішкі даусымды ғана тыңдап.

 

Бітті. Болды осымен...

дұрыстыққа кетем,

Өзіңді өзің ұғу – туыстық мекен.

Қандай құдірет бар

тыныштыққа тең?!

 

 

+ -

 

Адамдардың мені мақтағанын қаламаймын,

Өйткені, өз әлемімді

Өзім ғана аралаймын!

 

Адамдардың даттағаны да маған әсер етпейді,

Өйткені, мықтап қаруланғам

Ешкімнің өсегі өтпейді.

 

Қадірін ұққам қара сөздің киесінің...

Ешкімде шаруам жоқ

Қарапайым ғана тіршілік иесімін!

 

 Менің жүрегімде қаласыз!

 Несіне көңілге аласыз?

Адамдар көп-ақ қой санасыз.

Сіз білесіз бе?

Биіктеп барасыз!

Биіктік пе?..

Менің жүрегімде қаласыз!

 

Онсызда пендеміз шарасыз,

Күн кешкен сағыныш Анасыз.

Бірақ та Сіз

Бәрінен мықты дарасыз!

Сол себепті...

Менің жүрегімде қаласыз!

 

Ақтарсам, кітап па, дана – Сіз?!

Ал кейде ақ көңіл «баласыз».

Уақыт емдейді,

Жан бар ма, жарасыз?

Сөзді қояйық!

Менің жүрегімде қаласыз!

 

 

Ән

Осы әнді арнағам

Бұрын да, қазірде.

Жүрегің тыңдауға әзір ме?

 

Айтарсың ыңылдап көшеде,

Қосып та аларсың кесеңе.

 

Өзгеше сезім бар дәмінде,

Жалығып...

тыңдайсың әлі де.

 

Бұл әнмен гүлдейді қайта бақ,

Ішіңнен айта бер, қайталап!

 

Бұл әнді арнадым

Кеше де, бүгінде

Бал дәмі уы ащы түбінде.

 

 

Іздеу

 Жек көріп кеттім бәрін,

Жалғыздық шектім хәлін.

Тағдырым жұтады кеп,

«Тәп-тәтті» дерттің дәмін.

 

Сен маған, Құсым, мүлде,

Ештеңе түсіндірме!

Кім ұрлап әкетті екен,

Жүрегім ұшып жүр ме?

 

Тазартсам, толды... ішімді,

Барлығы болды. Сіңді.

Жоғалтқан мен бе жалғыз,

Іздеймін болмысымды?..

 

Өмірдің бізге мәні,

«Жақсы» деп Сізде бәрі.

Келемін осы жолда,

Өзімді іздеп әлі...

 

 

Бәлкім?

 

Бәлкім, мен бе?

Қалықтайды көкте құс.

Мынау ішкі дүниемде кептеліс.

Ақындық па…

Бітпейтін бұл неткен іс?

Еркелігім шектен тыс.

 

Неге мұнша?

Шамадан тыс желпіндік?

Бәлкім, бала кезде біздер кем күлдік?..

Мұншалықты кімге зиян келтірдік?

Еш уақытта тастай көрме,

Мені ақындық еркіндік!

 

Қайда, қалай?

Неге бәрі жоғалды?

Бұл ғаламның бар ма, кімде обалы?

Бәлкім, бізді қабылдай да алмайды,

Шектеулердің беделі ме?

Құны сонша жоғары?

 

Біз

 Өз қолыммен салған сурет…

Не деген керемет бояу?!

Жол бойы…

Мейрамханадан әуен естіліп тұрды баяу.

Қала көшесінде келеміз екеуміз ғана жаяу.

 

Аспан әлемі бөлек!

Жұлдыздар ғана бізге жол сап…

Менің жүрегім сенің жүрегіңнен де жұмсақ.

Қартаюға бола ма,

Кешегі жастық дәуренді аңсап?!..

 

Осы менің…

Түн ортасында түйгенім енді.

“Асықпай жүре тұрайық!”

“Үйге ме, еді?..”

Асфальт жолдың қақ ортасында

Өзіңмен билегім келді!

Романтика бітпейді бізде!!!

 

 

Қайтесің?

 Қайтесің?

Қара аспанды төндіріп.

Оданша ақ қайыңдармен билемейсің бе?

Қаланың оттарын өз қолыңмен сөндіріп?..

 

Қайтесің?

Оралмас шақты сағынып

Қалағаныңша аспан асты сырласпайсың ба?

Мойныңа жұлдыздардан алқа тағынып.

 

Қайтесің?

Ғажап өмірден жерініп

Қаланың тыныштығы да болады, тыңдап көрші,

Романтикаға беріліп!

 

Сендім, саған!

 

Адамдар....

 Адамдар құмырсқа тәрізді,

Еңбекке құштарлық жаны ізгі.

Тірнектеп, тырбанып жүрміз-ау,

«Одан» да көп нәрсе маңызды...

 

Адамдар ұшқан құс секілді,

Самал жел аймалап бетіңді.

Ұшасың, қонасың қайтадан,

Бұл өмір – аспан-ой не түрлі...

 

Адамдар көше ғой тізілген,

Жалғаған бір-бірін үзілген.

Мәңгілік есімі жазылған,

Мәңгілік сызылған тізімнен...

 

Адамдар кітап қой қатталған,

Сырларын парақтап ақтарған.

Шашылып, сарғайып қалады,

Оқиды болашақ хаттардан...

 

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

ақын

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі

 

Бимұханов Ертай Сағындықұлы

 

Бимұханов Ертай Сағындықұлы 1973 жылы 16 тамызда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында дүниеге келген.

         Алғашқы еңбек жолы 1990 жылы БҚО Қаратөбе ауданы Жусандыой ауылы Ханкөл елді мекеніндегі Интернационал атындағы Ханкөл орта мектебінде мұғалімдік қызметтен басталады.

1991-1995 жылдары «Құрмет белгісі» орденді А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты қазақ филологиясы факультетінде оқып, жоғары білім алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады.

Институт қабырғасында оқып жүрген жылдары филология ғылымдарының докторы, профессор Мәтжан Тілеужановтың фольклор кабинетінде лаборант болып қызмет атқарады.

1995-2000 жылдары Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2000-2003 жылдары Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінің тәрбие мәселесі жөніндегі әдіскері, 2003-2005 жылдары Қаратөбе балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығы директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, 2005-2006 жылдары Қаратөбе мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады.

2006-2018 жылдары аралығында Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің бас редакторы, 2018-2020 жылдары Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы, 2020-2021 жылдары «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің редакторы қызметтерін атқарды.

         Е.Бимұханов 2005 жылы Орал қаласында өткен облыстық «Қосымша білім берудің үздік оқытушысы» конкурсының бас жүлдесін ұтып алады. 2006 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық қосымша білім беретін педагогтардың конкурсында облыс намысын қорғап, жүлделі ІІІ орынға ие болады.

Педагогика саласы бойынша 2006 жылы Орал «Ағартушы» баспа лингвистикалық орталығынан мемлекеттік тапсырыс бойынша «Ақындық-азаматтық тұлға қалыптастыру жолдары» атты педагогикалық-әдістемелік кітабын шығарады. Кітапқа алғы сөзді доцент Бақыт Шканова жазған.

Е.Бимұханов – республикалық, облыстық ақындар айтысы мен жазба ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жүлдегері.

2002, 2007 жылдары елордасы Астана қаласында өткен Халықаралық шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалінің «Әдебиет», «Журналистика» номинациялары бойынша дипломанты атанған.

Е.Бимұхановтың туындылары «Қос ішек-Струны души» (Астана), «Жыр Жайық», «Жырлайды Жайық», «Ауылдың азаматтары», «Айтыстың аясында ару Жайық», «Мемлекеттік тілге – құрмет», «Әнімен елді тербеген...» (Алматы), «Батыс Қазақстан ақын-жазушыларының библиографиялық көрсеткіші» т.б. кітаптарына енген.

2014 жылы «Өлеңмен қалдыр оңаша...» атты тұңғыш өлеңдер жинағы, «Тарих таңбасы» кітаптары жарыққа шыққан. 

Соңғы жылдары «Әуен» таңдамалы өлеңдер жинағы, «Алтын тамыр», «Қаратөбеге барсаң...» кітаптары жарық көрген.

Е.Бимұханов 2006 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен марапаталған.

2016 жылы Ертай Сағындықұлы «Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталған. 

Е.Бимұханов 2021 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Педагог-модератор Ертай Сағындықұлы бүгінгі таңда Орал қаласындағы Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

Аталмыш мектеп-гимназияда жүріп мектеп директорының, Орал қалалық білім беру бөлімнің алғыс хаттарымен марапатталды.

Е.Бимұхановтың аталмыш білім ордасында ақындық өнерге баулыған шәкірттері республикалық, облыстық, қалалық байқаулардан орын алып жүр.