Алматыда 130-дан астам қаламгердің кітаптары таныстырылды

ӘДЕБИЕТ
1801

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы әкімдігінің қолдауымен алматылық 136 қаламгер кітаптарының тұсауы кесілді. Бұл шараға кітап авторларынан бөлек қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысты, деп хабарлайды «Мәдениет порталы».

Іс-шараны ашқан Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қаламгерлерге сәт-сапар тіледі.

"Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, 2 жыл бұрын осында қаламгерлермен кездескен кезде олардың талап-тілектеріне құлақ асып, кітаптарын шығарып беру жөнінде айтқан едіңіз. Сол берген уәдеңізді жылма-жыл орындап келе жатырсыз. Қаламгерлерге талантын салып, көз майын тауысып жазған шығармасы жарыққа шықпай жатса сол қайғы. Осындай кезде олардың кітабының басылып шығуына сіз қолдау көрсетіп келесіз. Былтыр 30-дан астам автордың кітабы баспадан шықса, биыл 130-дан астам қаламгердің шығармасы қалың оқырманға жол тартты. Оның ішінде баспадан шығып оқырманға жетпей отырған кітаптарды сатып алып, қалалалық кітапханаларға таратып отырғаныңыз әдебиетке көрсеткен қамқорлығыңыз деп білеміз", - дей отыра қала әкіміне сөз берді.

Бақытжан Сағынтаев қаламгерлерді кезекті басылыммен құттықтап, олардың Тәуелсіздіктің қалыптасу тарихын ұғынудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды рөлін атап өтті.

"Ардақты зиялы қауым, жыл сайын өздеріңізбен кездесу жақсы бір үрдіске айналды. Алғаш рет кездескен кезде айтқан ұсыныстарыңызды түртіп алған едік. Екі жыл ішінде сол айтылған ұсынысты жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқардық. Соның бір көрінісі, мына кітаптар мен сіздермен кездесуіміз. Қай кезде де адамзат, білім мен ғылымға, әдебиетке, ізденіске жақын болған. Әр кезде де адамзатқа рухани азық керек. Әр кітаптың жөні бөлек. Сол себептен, қаламгерлердің кітабының жарыққа шығуына, оқырманға жетуіне әкімшіліктен қолдау көрсетілмесе қалай дамимыз, егер де рухани байлығымыз артпаса қалай ел болып өсіп-өнеміз деген мәселе көтерілген еді. Осы мәслелерді бірнеше салаға бөліп жұмыс істеп келеміз. Бірінші кезекте гранттар бөлінді, екіншіден кітап шығаруды жолға қойдық. Міне соның жемісі, былтыр 30 автор болса, биыл 130-дан аса автордың кітабы жарық көрді. Оның ішінде жастарымыз да бар. 30 жылдыққа 30 жастің кітабы деген серия түрінде шығардық. Алдағы жылдары бұл үрдіс жалғасын табатын болады. Себебі, жастарды осылай қолдап отырмасақ, оқырмандар оларды қалай біледі?". - деді қала әкімі.

Жазушылар Одағының Төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек бүгінгі шара туралы өз ойын ортаға салды.

"Биыл Тәуелсіздік 30 жылдығына орай Алматы қаласындағы 130 астам қаламгерлердің кітабы жарық көрді. Бұл Алматы қаласы әкімдігінің арқасында жүзеге асқан жоба. Соның ішінде Abay баспасы 30 жас ақын-жазушының тырнақалды кітабын шығарды. Біз оған "Тәуелсіздік сөзі" деген серия атау бердік. Бұл Республика бойынша тек Алматы қаласында ғана шықты. Әрине, өңір-өңірде әр-түрлі кітаптар шығып жатыр. Оған шетінен кіл мықты ақындар – алғашқы әсерлерін ақ қағазға түсірген, ақын ретінде танылған жастар іріктеліп алынды.  Оның көбісі республикалық ірі әдеби байқаулардың жеңімпаздары, "Алтын тобылғы", "Шабыт" фестивалдерінің лауреттары, "Дарын" сыйлығының иегерлері. Енді кітаптар қаладағы барлық кітап орталықтарына таратылады. Алдағы бір жыл бойы осы 30 ақын-жазушының кітабының тұсаукесері қалада бөлек-бөлек өткізітін ойымыз бар", - деді Ақберен Елгезек.

Іс-шара барысында қазақ ақын-классиктерінің 24 кітап-альбомының да тұсаукесері өтті.

Айта кетейік, 2020 жылы қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын 30 автордың шығармалары жарық көрді. 64 мың дана таралыммен жарық көрген бұл еңбектердің ішінде Әнуар Әлімжанов, Қабдеш Жұмаділов, Қажытай Ілиясов, Жаркен Бөдеш сынды классиктердің кітаптары да бар.

Алматы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген барлық кітаптар қалалық кітапханалардың қорын толықтырады.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...