Борхестің новеллалары

ӘДЕБИЕТ
4169

Хорке Луис Борхес

СТАМБҰЛ

Көне мәдениеттің ең таңғаларлық бір мысалы Карфаген-дүр, себебі, оған қатысты ешбір сенімді мағлұмат көре алмаймыз, Флауберт те қылышы қынабына салынбаған дұшпандарының жеткізген деректерінен басқа нақты мәлімет бере алмапты. Осыған ұқсас бір жағдаяттың Түркия аумағында да болуы әбден мүмкін. Қиялымызға бірден тарихтағы қатыгездікке толы топырақтар елестейді; бұл Крест жорықтарына байланысты қалыптасқан түсінік болар, иә, Крест жорықтары – тарихтың ең қатыгез парағы және ең аз сотқа тартылғаны болып саналады. Қиялымызда бірден Христиан дініне деген жиіркеніш, сонымен қатар Ислам фанатизміне деген жеккөрушілік оянады. Батыста Османлылар жайлы сөз болғанда үнемі тәмсіл ететін әйгілі бір түріктің есімі еске түседі. Бізге жеткен бұл аңыз есім – атақты Сүлеймен сұлтанның даңқты намы еді. (e solo, in parte , vidi 'l Saladino)*

Иә, мен үш күн ішінде Түркия жайында не білдім? Әдемі бір шаһар көрдім, Халичты және Қаратеңіз жағалауында руна алфавитімен жазылған тастар табылған Босфорды көрдім. Неміс тілі секілді құлаққа жағымды бір хош тілдің үнін естідім. Бұл жер түрлі ұлттардың елестерінің мекені; Византия патшалығының күзет полкін Скандинавиялықтардың жасақтағанын, Хастингс шайқасынан соң ағылшындардан қашқан Саксониялықтардың оларға қосылғанын еске салғанды да жөн көрдім. Сөзсіз, бір күні кері келіп Түркияны барлауды бастаумыз қажет.

*e solo, in parte , vidi 'l Saladino:«Және жападан жалғыз жағада қалған Салахаддинді көрдім».(Данте, Жаһаннам)


АФИНА

Афинадағы алғашқы күні таңертең бір түс көрдім. Алдымда  жаңа ғана реттеліп, сөреме қойылған бір қатар кітап бар-ды. Бұлар жоғалған жұмақтарымның бірі саналған Британия энциклопедиясының ескі нұсқасы еді. Ішінен кездейсоқ бірін суырып алдым. Кенет Кольридждің атын іздедім; тапқан дүниемнің соңы бар, бірақ басы жоқ-ты. Соңынан Crete яғни Крит жайында қарадым; ол да аяқталады, бірақ бастауы жоқ. Кейін chess яғни, шахмат жайлы іздедім. Дәл осы кезде кенет көріп жатқан түсім ауысты. Афиналықтар лықси толған амфитеатрдың жерден биік сахнасында әкеммен шахмат ойнау үстіндемін, әкем сол кезде жалған Артаксеркске айналды, құлақтары кесілген әрі жүрген кезде нәзік әйелдерінің бірі тарабынан, оянбасын деп басынан ақырын сипағанда жалған екені ашылып қалған, соңынан өлтірілген Жалған Артаксеркс. Мен шахмат тастарының бірін жүріп ем; қарсыласым болса ешбір жүріс жасамастан бір сиқыр жасап, менің тастарымның бірін алды. Осылайша қаншама рет қайталанды.

Ояндым да өзіме-өзім былай деп күбірледім: «Мен Грек жеріндемін, әрненің басталған жерінде, не де болса, түсімде көрген энциклопедиядағы жағдаяттарға қарсы, әр нәрсенің бір бастауы бар».

ВЕНЕЦИЯ 


Жартастар, таулардың ең биігінен басталған өзендер, осы өзендердің Адрият Теңізіне құйылған ағыны, тарих пен геологияның бақытсыздықтары яки нығметтері, толқындар, құмдар, аралдардың бірте-бірте қалыптаусы, Грек топырағының жақындығы, балықтар, халықтар көші, Арморика және Балтық аймағындағы шайқастар, өріліп, балшықпен сыланып жасалған үйшіктер, Далмациялық қарақшылардың торуылы, нәзік терракотикалық керамикалар, тегіс шатырлар, мәрмәрлар, Аттиланың аттары мен найзасы, кедейліктен жұтап, басына пана таппаған балықшылар, ломбардтар, батыс пен шығыстың көз құртына айналған жағажайлар, мұның бәрінің сәулетшісі – көптен ұмыт болған ұрпақтардың (нәсілдердің) күндері мен түндері еді. Осы орайда  Аспернның Дандоло, Карпаччо, Петрарка, Шейлок, Байрон, Беппо, Рёскин және Марсель Прустқа хаттар жазған ұқыпты авторды ұмыту да жөнсіздік болар. Кең жазықтың екі шетінде бір-бірін ғасырлар бойы күзеткен қола капитандар да қашанда біздің жадымыздан шыға қоймас.

Гиббон байырғы Венеция мемлекетінің тәуелсіздігінің қылышпен алынып, қаламмен қорғалатынын алдын ала аңғарғанын жазған-ды. Паскаль өзендерді «жаяу жүргінші жолдары» деп жазды; Венеция каналдары ескі гондолдардың басып өткен жолдары еді, гондолдар зарлы скрипкаларды еске салады әрі жан әлемінен қуатты әуен туатыны үшін музыканы өздеріне символ ететіні тағы бар.

Бір алғысөзде, «кристалдардың және ымырттың Венециясы» өрнегін қолданып едім. Ымырт пен Венеция мен үшін синоним сөздер, біздің ымыртымыз жарығын жоғалтты, сонымен бірге қараңғыдан сескенетін болды; Ал Венецияның не алды, не ақыры болмаған нәзік әрі мәңгілік бір ымырты бар.

ЖЕНЕВА

 Әлемдегі қалалар ішінде, саяхат кезінде көріп көңіл тойдырған ғажайып жерлер арасында маған жайлы болғаны – Женева еді. 1914 жылдан бері шабыт берген француз, латын, неміс тілін, экспрессионизмді, Шопенгауэрді, Будданы, Даосизм, Конрад, Лефкадио Хернды және Буэнос-Айреске деген сағынышымды қосқанда – бәрі үшін де Женеваға қарыздармын. Сондай-ақ махаббат, достық, қорлық және суицидтік түсініктер үшін де қарыздармын. Естелікке айналған әр нәрсе тіпті бақытсыздық та, адамға ыстық көрінеді. Бұл айтылғандар жекелей себептер; ендеше, жалпы себептен айталық. Женеваның  басқа қалалардан айырмасы, бұл – мақтанқұмар қала емес. Париж, Париж екенін жария етпей тұрмайды, әйгілі Лондон, Лондон екендігімен санасып-ақ тұратыны рас; Женева болса Женева екенін тіпті дұрыс та білмейді. Кальвиноның, Руссоның, Амьель  мен Фердинанд Ходлердің алып бейнелері осында сақталған болса да, ешкім оларды саяхатшыларға насихаттап та жатпайды. Женева өзін жаңартса да өткенін жоғалтпаған, осы тұрғыдан біршама Жапонияны еске түсіреді. Vieille Ville-нің тар, ылди көшелері әлі де баяғы орнында, қоңыраулар мен субұрқақтар да әлі баяғы мекенінде, дегенмен сөзге тиек етіп отырғанымыз бір жағынан кітап дүкендерімен қоса, керек десеңіз Батыс пен Шығысқа уәкіл болған сауда орталықтарына толы бір алыпшаһар.

Қашанда Женеваға оралатынымды білемін, бәлкім бақилық болған соң да оралармын.

ГЕРМАНИЯДАҒЫ БІР ТҮС

 Бүгін таңға жуық көрген және көңілімді қобалыжытқан түсімді соңында қайта есіме түсірдім. 

 Көзіңізге айдаладағы бір  шаң басқан дәрісханалар (оқу сыныптары) шалынды дейік, бәлкім шаң басқан ескі қоймалар болар, қабырғаларында бірыңғай және қашықтықтары бірдей қатар-қатар қара түсті жазу тақталары тізілген. Сыныптардың санын нақты білмейсіз, бірақ тым көп екені анық. Әр бірінде он тоғыз қара тақта бар және біреу тақталардың бетін әріп пен сандарға толтырған. Дәрісханалардың тот басқан метал есіктері Жапон үлгісінде бір жақ жанына қарай сырғып ашылады. Жазулар тақтаның сол жағынан басталады әрі жоғарғы тұсына тек бір ауыз сөз ғана жазылған. Мысалы жазылған сөздің алғашқысы: Aachen, яғни бір қаланың аты. Онан кейінгі астындағы екіншісі Ааr - Берндегі өзен, үшіншісі сөз Aharon яғни, Levi  текті Харун. Онан кейін қатар-қатар abracadabra және Abraxas жазылған. Сөздердің әрқайсысының жанына оларды өмір бойы қанша рет көріп, қанша рет естіп, еске түсірілетіні иәки қанша рет айтылатыны сандармен анық нөмірленген. Шекспир болмаса, Кеплердің есімдері бесіктен бейітке дейін қанша рет тілге алынатынын бір санымен белгілепті, сандардың саны қаракқұрым болса да, соншалықты шексіз дейтіндей аса көп емес. Алыстау дәрісханалардың біріндегі тақтада Немісше гермафродит мағынасына келетін Zwitter сөзі жазылыпты да, астында Монтевидео қалашығында қанша уақыт өмір сүре алатыныңыз туралы жазып, тағдырдың сізге жазған соңғы санын нұсқапты. Тақтада көрсетілген гексаметронды бірнеше рет айтып, біткеннен кейін де өмір сүре бересіз. Ал, қара тақтадағы жүрегіңніздің қанша рет соғатынын білдірген цифрды бітірген соң ажал майданына аттанатын боласыз. 

 Бормен жазылған әріптер мен сандар сіз өлген сәтте бірден өшірілмейді. (Өміріңіздің кез келген бір сәтінде біреу сандарды ауыстырады немесе, өшіреді.) Осының бәрі біз мүлде түсіне алмайтын бір мақсатқа қызымет етеді.

МАДРИД, 1982 ТАМЫЗ 

Әдетте қашықтықты қарыс, құлаш және километрлермен өлшеуге болады; ал өмір мұндай өлшемге келмейді. Жақында бірінші дәрежелі бір ауыр күйік жағдайын басымнан өткізгенде, дәрігер маған 12 күн бойы Мадридтегі бір қонақүйдің жалқы кісілік бөлмесінен шықпауымды ескертті. Күндерді дәл бұлай есептеудің негізсіз екенін түсінемін; әр күннің минуттардан құралғанын, мұның шындық екенін және әр минуттың өзіңе арнайы бір қайғы, қуаныш, толқу, жалығу иәки құмарлық сезімін ала келетін білемін. Уильям Блейк «Мағынасыз Kітаптарындағы» өлеңдерінің бірінде әр минуттың алпысқа жуық темір қақпасы бар алпыс алтын сарайдан құралатынын нұсқап өтеді; жоғарыда атап өткен осы сандардың да оргинал мәтіндегі сияқты кездейсоқ әрі жаңылыс екені күмән тудыра қоймас. Осы сияқты Джойстың Улисс романында  да Одиссеядағы шұбалған шытырман оқиғаларды әдейі сығымдап Дублинде өткен бір күнге сйығызады.

 Аяғым менен ұзақтау болса да, хабар-ошарды маған жеткізіп тұрады, бірақ бұлар  құлаққа ауыр тигенімен жаныңды жүдете қоймайтын жағымды жағдаяттар. Мен әлден осы сәттерді сағынатын кездерiмді сағынып отырмын. Қонақ үйде өткізген осынау белгісіз күндерім қиялдымда бір ғажап суретке айналмақ. Буэнос-Айреске жеткенде осы естелікті аңсайтынымды білемін. Бәлкім, басымнан бір қорқынышты түн өткізермін.

ЖАПОНИЯ. СИНТО ҚҰДАЙЛАРЫ

Күз айларының бірінде, Синто дінінің тәңірлері, Изумода топаталады. Олардың санының сегіз миллион болғаны айтылса да, мен бір тартыншақ адам болғаным үшін, мұншалық тәңілердің ортасында жайбарақат бола алмас едім. Сонымен қатар мұншалықты сандарды көз алдыма елестетудің өзіне қиналармын. Сандарының сегіз болғанын жөн делік, не де болса аралдарда сегіз бір құтты сан болып есептеледі. 

Олар  жер бетіндегі шоқиған төбелердің бір биігіне шығып, дөңгелене отырды. Бұл күнге дейін бұлар аспандағы мекендерінен, жартастың биігінен, болмаса бір қар ұшқынының ішінен адамдарды бақылайтын. Тәңірлердің бірі былай деп сөз бастады:
Осыдан көп, ұзақ ғасырлар бұрын осы араға топталып Жапонияны және дүниені жараттық. Сулар, балықтар, көктің жеті түсі, түрлі-түрлі жануарлар және өсімдіктер пайда болып, өсіп-өнді. Осының бәрінен адамдар жалықпауы үшін, оларға осынау тіршілікті, шуақты күндер мен мымыражай түндерді сыйладық. Сонымен қатар, біз олардың өзгеріске деген құштарлығын ояттық. Аралар қалай қайта-қайта өздеріне ұя салса, адамдар да түрлі-түсті апспаптар жасады: Тек соқаны, бұрғыны, калейдоскопты ғана емес, қылыш пен соғыс өнерін де ойлап тапты. Енді міне тұтас тарихты өзгертіп жібере алатындай құпия қару ойлап шығарды. Олардың бұл бассыздығы іске аспай тұрғанда, адамзатты жержүзінен құрталық.

Бәрі бірден ойға шомды. Кенет, Тәңірлердің бірі байыппен былай деді: 

Сіздікі жөн-ақ. Олар соншама көл-көсір жақсылығымызға көз жұмып, осындай бір қатыгездікке жол берді, бірақ жеті қат әлемдегі бостықты толтырған бір тапқырлықтары тағы бар.

Қалған бір тапқырлық қахында біраз күбірлесті. Бірақ, белгісіз бір тілде сөйлегендіктен мұнысы түсініксіз күйі қалды.
Сонымен, тәңірлердің ішіндегі ең ұлысы өз үкімін жария етті:

«Адамзат тіршілігін жалғай берсін».

Осылайша, бір хайку-дың себімен, мақұлхаттың адам дейтін түрі  қатерден құтылды. 

Хорке Луис Борхес

Изумо, 27 сәуір 1984

Аударған Естемес Шәкіржан

author

Луи Хорхе Борхес

Шоу-бизнес

Айтыскер ақын Балғынбек Имаш Мұқағали Мақатаевтан кешірім сұрады, – деп хабарлайды madeniporta...

Жаңалықтар

Енді жүргізуші белгіленген жылдамдықтан асырса 158 мың теңге айыппұл төлейді, деп хабарлады madenipo...