Марина Абрамович және оның перформанстары

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
3444

Оны өнер әлемі «Перформанс анасы» деп атайды. Оны өнер әлемінде «еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін» таниды. Танымаса да, өмірінде бір рет болсын ол жайлы ақпарат алған немесе оның жұмысын кездестірген. Ол өнер әлемінің Дионистік күшіне ие жан. Ол – Марина Абрамович. 

Марина Абрамович өзінің шығармашылық мансабын сонау 1970 жылдары туған жері Белградта бастады. Оның кіл өмірі суретші мен көрерменнің тәжірибесіне негізделгенін көзі қарақты оқырман қауым жақсы біледі. Шығармашылығын жұртшылық сынға алып, түсінбесе де, оның арқасында перфонманс толыққанды өнер түріне айналды. «Мәдениет порталы» редакциясының ең сүйікті суретшілерінің бірі һәм бірегейі Марина Абрамовичтің өнер тарихында мәңгілікке қалған негізгі туындыларын жинақтауды жөн көрдік.

«Ритм 0» (1974)

1974 жылы Марина Абрамовичтің мансабындағы алғашқы перфонманстарының бірі өтті. Дәлірек айтсақ, адамдар толы жалғыз бөлмеде үстел және 72 құрал-сайман қойылды. Марина болса өз денесін бос кенет ретінде ұсынып, перфонманс аяқталғанша қозғалыссыз тұру керек болды. Қатысушылардың бірі оның мойнын пышақпен кессе, екіншісі оның басына мылтық тақады. Тіпті одан зорын да істегендер болды... Бұл арқылы Марина адамдарды адам ретінде ұстап тұратын және оны эстетикалық жаратылыс ретінде көрсететін жалғыз ғана заң мен мораль екенін дәлелдегісі келді. 

«Өзіңе өлім» (1978)

1976 жылы Марина неміс суретшісі Улаймен кездеседі. Екеуі ұзақ жылдар бойы қарым-қатынаста болғаны баршамызға аян. Соның нәтижесінде олардың шығармашылық тандемінде көптеген перфонманстар дүниеге келді. Алғашқылардың бірі «Өзіңе өлім» деп аталды. Перформанс шарты бойынша Марина мен Улай ауыздарын арнайы құрылғымен жалғап, бір-бірінің ауасын жұтты. 17 минуттан кейін екеуі де оттегі жетіспеушілігінен есінен танып қалды. 

Imponderabilia (1977)

Бірер жылдан соң Болонья мұражайында ерлі-зайыптылардың ең жанжалды қойылымдарының бірі өтті. Улай мен Марина Абрамович тыржалаңаш күйлерінде көрменің кіреберісіндегі есікке «жақтау» болып тұра қалды. Әрине, есіктің тарлығы және бар. Нәтиже бойынша көрмеге өтіп бара жатқандардың әрқайсысы кімге бет бұру керектігін таңдау керек еді. Бұл арқылы Марина мен Улай адам психоанализіне терең бойлай алатындықтарына сенді. Перфонманс үш сағатқа созылуы керек еді, бірақ 90 минуттан кейін полиция мұражайға келіп «өнердің күл-талқанын шығады».

«Уақыттағы қатынастар» (1977)

Бұл перформанс аясында Марина мен Улай шаштарын байлап, қимылсыз отыру керек. Осылайша, көрме аяқталғанша күн сайын 16 сағат тапжылмай отырды. Ең қиыны, бірінің орны екінші бірінің төзімділігіне байланысты. Төзімділік - махаббат па, әлде инстинг пе?

«Тыныштық энергиясы» (1980)

Сайып келгенде, Марина Абрамович пен Улайдың барлық дерлік перформанстары олардың бір-біріне деген сенімділіктің негізінде жасалды. «Тыныштық энергиясы» туындысы өнер тарихындағы ең қауіпті перформанстардың бірі ретінде танылған. Дәлірек айтсақ, қос ғашық бір-біріне қарама-қарсы бағытта шалқайып тұру керек болды. Жәй тұрып қана қоймай садақ пен жебені екеуі екі жағынан ұстауы қажет. Егер де, Улай дұрыс емес қимыл жасап қойса, жебе тікелей Маринаның жүрегін тесіп өтеді. Эксперимент төрт минутқа созылды. Ессіздік пе, көзсіз батырлық па? Көзсіз батырлық ессіздік пе? Ессіздік көзсіз батырлық па? Ал махаббат ше?!

«Ғашықтар» (1988)

1980 жылы Марина Абрамович пен Улай Ұлы Қытай қорғанының ортасында үйленуге бел буады. Яғни, өмірдің өзін өнерге айналдырған қос ғашық ара-қатынасындағы осы бір оқиғаның өзін перформансқа айналдырғысы келгені көрініп-ақ тұр. Идея бойынша, Улай өз сапарын шөл даладан, ал Марина теңіз жағасынан бастауы керек еді. Ортадан идея гүлдеп шыққаннан кейін, енді оны жүзеге асыру бар. Жүзеге асырудың өзі қиямет қайым екенін оқырман-қауым жақсы сезініп отырған болуы керек. Олар сегіз жыл бойы Қытай билігінен рұқсат күтті. Алайда осы уақыт аралығында олардың махаббаттары да өз мәресіне жеткен болатын. Дегенмен өнердің аты өнер. Перформанс орын алды. Олар 1988 жылы діттеген жерлеріне жетті. Бірақ үйлену үшін емес, қоштасу үшін кездесті...

«Балкан барокко» (1997)

Абрамовичтің бұл еңбегі Югославияда қаза тапқандарды еске алуға арналған. Суретші өзінің соғысқа қарсы қойылымын Венеция биенналесінде ұсынып, ол үшін «Алтын арыстан» сыйлығын алды. Бірнеше сағат бойы ол халық әндерін орындап жатып, сүйектің қанын жуды. «Соғыс ұятын жуа алмағандай, қолыңдағы қанды жууға болмайды. Бірақ бұл сезімді жеңу әлі де өте маңызды », - деді ол кейінірек.

«Мұхит көрінісі бар үй» (2002)

2002 жылы ұзақ үзілістен кейін Марина Абрамович өзінің «Мұхит көрінісі бар үй» атты жаңа жұмысын ұсынды. Марина 12 күн бойы пәтерге ұқсамайтын кеңістікте тұрды. Осы уақыт ішінде ол ештеңе жеген жоқ, ішкен жоқ, тіпті келушілермен де сөйлеспеді. Тек қана өзінің күнделікті жұмысын жасап, өзімен-өзі күн кешті. Қорқыныштысы, баспалдақтар пышақтан жасалғандықтан, төмен түсу мүмкін болмады. Тек өзі ғана өмір сүрді...

«Суретшінің алдында» (2010)

Марина Абрамовичтің бұл қойылымы 736 сағатқа созылды. 736 сағат бойы тапжылмай бір орындықта отырды. Отырып қана қойған жоқ, келушілердің кез-келгені Маринаға қарама-қарсы отырып, оның көзіне тіке қарауға мүмкіндік алды. Жобаға барлығы 1500-ден астам адам қатысты. Ең қызығы, Марина 1500 адамның ешбірін танымады. Тіпті олардың ішінде Улайдың бар екенін де білмеді. Әрине, алдына келіп отырмағанға дейін. Олар Ұлы Қытай қорғанының ортасынан айырылғалы бері бір-бірін көрмеген болатын. Араға қаншама жыл салып, үстел басында бір-бірімен қауышқан қос ғашық көз жастарын тия алмады. 

Міне, құрметті оқырман, өнердің Дионистік күшіне ие жанның өнерге деген махаббаты!

Дайындаған Файзулла Төлтай

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда оқушылар онлайн оқып жатыр, деп хабарлайды madeniportal.kz.  Облыс аумағында...

Жаңалықтар

Жалақыны бірнеше рет заңсыз өсіргендер анықталды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Мәліметтерге сүйе...