Марк Твен. «Калифорниялықтың әңгімесі»

ӘДЕБИЕТ
3457

Осыдан отыз бес жыл бұрын Станислауста жер кезіп жүріп, қолымнан қайламды, елегім мен астауымды тастамастан, ана жердің, мына жердің алтын құм қиыршығын шайып, үнемі олжалы жерге тап болармын деген үмітпен, бірақ ондай олжаны кездестірмей алтын іздедім. Бұл орманы  жайқалған, тыныш, ғажап түкпір еді; бір кезде адамдар көп қоныстанған мекен, жер жұмағы болатын; қазір бос тұр, адамдар тастап кеткен. Бұл жердің кен байлығы таусылғанда адамдар кете бастады. Бұрын банктер жұмыс істеп, газеттер шығарылып, өрт сөндіру командалары, мэрі мен олдермендері болған бос қалған қаланың орнында қазір жасыл желек, кең жазық жайқалып тұр;  мұнда  бұрын - соңды  адамдардың  өмір сүргені туралы еске салатын ештеңе қалмады.

Бұл Татл тауннан алыс емес еді.  Оның  маңайындағы  шаңды  жолмен жүрсеңіз, тыныш, жайлы жерлерге тап боласыз, сол жерлерде көзге тартымды кішкентай коттедждер бой көрсетеді, раушан гүлдерінің саябақтарына жасырынып, өрмелелеген жүзім шырмауықтарына жамылып, тығылған коттедждердің  терезелері де,  есіктері  де көрінбейді,  бұл үйлердің  қаңырап бос қалғанына көп жылдан асса керек, өйткені үйлерін сатып ақшаға қарық болсам деген үміттен қол үзген коттедж қожайындары оларды өткізе алмаған соң біреу – міреуге тегін қалдыруға қимай тастап кеткен. Әр жарты сағаттан кейін осы коттедждер салынбастан бұрын алғашқы алтын іздеушілер салған оқшау тұрған бөренелі үйлерді кездестіресіз. Әлі де мұндай үйлерде тұруға болады; мұндайда осы үйлерді салған үйдің иесі алғашқы алтын іздеушілерің бірі болғанына  күмән келтірмейсіз.  Бұдан басқа  алдын-ала тағы бір нәрсені -  ол кісінің  осы жерде қалып қойғанын білгеніңіз  жөн, өйткені олар бір кезде байлық жинап Штаттарға, туған үйіне оралу мүмкіндігін жіберіп алған, артынан тапқанының бәрін жоғалтып, содан кейін туысқандарымен, жақындарымен  қатынастарын үзіп, туыстары үшін мәңгі өлу туралы шешім қабылдаған адам. Сол кезде жолы болмаған асқақ жанды -  тірі өлілер Калифорнияда жайлап жүрді, қырық жасқа толмай қартайып, самайларына  ақ түскен адамдар өздерінің зая кеткен өмірлеріне қатты өкініп, бір нәрсені ғана білетін - ол алтын іздеуден аулақ жүру, қандай болмасын басқа бір жолды таңдап,  қалай болғанда өмір сүру болатын.

Бұл тұнжыраған, үмітсіз өңір болатын!  Жазық далада, жасыл орманда жәндіктер ұйқысының ызылдағанынан басқа бір дыбыс естілмейтін;  адам да, аң да, адамға бір қуаныш сездірмейтін жансыз жер.  Ақыры, түстен кейін мен бір адамды көріп, оған қатты қуандым. Ол қырық бес жастағы, өңі жылы шырайлы адам еді, раушан гүлдеріне батып тұрған шағын коттедж қақпасының алдында тұрды, ол адам мен алдында айтқан адамдардың бірі еді. Сонымен бірге, бұл коттедж соншалықты қараусыз қалғанға ұқсамайды, мұнда адамдардың өмір сүретіні, үйді жинап, тазалап тұратыны, үйге қарайтыны анық болды. Коттедж алдындағы бау – бақша да сондай таза, жасыл жарқын түстерге толы еді. Мені үйге кіруге шақырып, мені өз үйіндегідей сезінуге  шақырды, бұл жердің  әдет- ғұрпы осындай болатын. 

Көптеген апталардан кейін күндіз түні алтын қазушылардың лашықтарынан басқа ештеңе кездестірмегеннен кейін, мұндай үйге түсу нағыз қуаныш еді, үйде ағаш еден төселген, жиналмаған төсек, үстел үстінде қалайы тостағандар мен кружкалар, ет, бұршақ, қара кофе тұр; ал лашық үйлердің ішінде бөрене қабырғаларына жапсырылған шығыс штаттарда басылатын түрлі түсті газеттерден Азаматтық соғыс шайқастары суреттерінің қиындыларынан басқа ештеңе болмайтын. Қаңырап бос қалған бөренелі үйлердің ішінде жабырқау, көңілсіз болса, ал мынау үйге кірген бойда  пана тапқандай болдым, сағынып күткендей қуандым, өнер туындыларына жататын арзан, адамға керекті қарапайым заттардың  арасынан ұзақ уақытқа қол үзіп, олардан бас тартқаннан кейін біз ештеңе көрмегендей сезініп, болмысымыздың бір бөлігі аш қалып, онымен  сағынып қауышқандай  болады екенбіз.

Маған бұрын құрақ кілемше осынша ләззат туғызады десе, қуаныш сыйлайды деген болса ешқашанда сенбеген болар едім; тұсқағаздар, шеңбердегі  литографтар, шамның астына төселетін түрлі-түсті жолақтар мен қағаз майлықтар, виндзор креслосы, жылтыратылған кітап сөрелері мен қытай құмыраларымен жабдықталған, әйелдің  қолымен жасалып, үйге сән беріп тұрған көптеген ұсақ-түйектер мені  қалай қуантты  десеңізші? Бәрі әйелдің қолымен жасалған, біз оларды байқамай көруге дағдыланғандықтан ба екен, олар қасымызда болмағанда бізге бірдеңе жетіспей тұрады екен. Менің қуанышым, бет әлпетімнен көрініп тұрса керек, үйдің иесі мұны байқап, ол да қатты қуанды, ол мұны анық байқағаны соншалықты, мен оған көңіл күйімді дауыстап тұрғандай  маған жауап берді. 

-  Мыналардың  бәрі оның істегендері, осының бәрін өзінің қолымен істеді, әрбір ұсақ – түйекті өзі жасады, – деп, ол биязы сөйлеп, бөлмені көзімен сүзіп өтті. Әйелдер жұмсақ жапон матасының бір бөлігімен суреттің жоғары бөлігін әшекейлеп бүктеп қоятын, бірақ бүктелген мата дұрыс тұрмағандықтан, үй иесі мұны байқап қалып, қыртыстарды  түзете бастады - ол мұны өте мұқият, менің көңілімді тағы  бір байқау үшін, бірнеше рет артқа шегініп, ақыры өзі разы болғанша түзетті. Содан кейін ол екі рет қолымен ақырын бүктеп:

- Ол үнемі осылай істейді. Оның істегендерін дұрыс емес деп айту қиын, бірақ әзірге сіз оны түсінбейінше әрқашан бірдеңе жетіспейтін сияқты болып тұрады, бірақ сіз оны түсінгенде ғана бұл қажет екенін бірден қабылдайсыз. Бұл жерде не екені белгісіз, қандай бір ереже жоқ. Сондай- ақ, анасы баласының шашын сипап тарағандай, оларды тегістеп, содан кейін сәл бұрмалайтыны сияқты. Мен мұның бәрін қалай жасайтынын бірнеше рет көрдім, міне, енді, мен одан кем істемеймін, бірақ мен оның  тәртібін білмеймін. Ал, ол тәртібін біледі. Ол бәрін «неге» және «қалай» екенін біледі, мен «неге» дегенді білмеймін, тек «қалай» дегенді білемін. 

Ол мені жататын бөлмеге қол жууға апарды; мен көп жылдардан бері мұндай демалатын жайлы бөлмені көрген емеспін; ақ төсек жапқыш, ақ жастықтар, едендегі кілем, тұсқағаздар, суреттер, айнасы бар үстел, түйреуіш жастықшалары мен түрлі- түсті заттар, ал бұрышта нағыз құмырасы бар фарфор қолжуғыш, фарфор сабын салғышындағы сабын, оннан астам орамал ілгіште ілулі тұр, олар әдеттен тыс ақ және таза болғандықтан оларды қолға алуға жүрексінесің,  бұлардың барлығы  дерлік маған қасиетті болып көрінді. Тағы да, менің не ойлап тұрғандарым менің бетімде жазылып қойғандай  көрінді , ал үй иесі ризашылықпен жауап берді:

 - Бәрі оның істегендері, әрбір  ұсақ- түйекті өзі жасады. Бәрі оның қолынан шықты, оның қолы тимеген нәрсе жоқ.  Сіз,  дұрыс ойлайсыз.... Мен тым көп сөйлеп тұрмын ау, сірә.  

Осы уақыттың  ішінде мен қолымды сүртіп болып, көз қиығымды басқа заттарға аударып үлгердім, әдеттегідей, жаңа жерге барғанда әр нәрсені құлшыныспен қарайсың емес пе;  кенеттен мені  түсініксіз бір сезім биледі, міндетті түрде мұнда өзім іздеп,  табуым керек нәрсе бар сияқты көрінді, ал үй иесі болса мұны сезіп, көмек бергісі келгенін  байқатты. Үй иесі маған қол ұшын беруге тырысып, ұмтылғаны анық еді, -  бірақ мен барлық күшімді салып, өзім дұрыс таңдау жасауға тырысып, оны қуантқым келді. Мен бірнеше рет жаңылысып, оны сөзсіз түсіндім, маған оның жағына сәл ғана бұрылу керек еді; мен дәл сол жерге басымды бұрып қарағанда іздегенімді тауып алғанымды анық сездім, бұл көрінбейтін қуаныштан шыққан сезім болатын. Оның көңілі көтеріліп, жүзі күлкіге толып, қолын сипап, саңқ ете қалды:

- Иә, иә!  Міне, сіз таптыңыз! сіздің табатыныңызды біліп едім. Бұл оның портреті.

Мен бөлменің алыс жағында ілулі тұрған жаңғақ ағашының қара сөресіне жеттім, содан кейін бұған дейін байқамаған нәрсемді көрдім - ол дагерротип қорапшасы еді. Дагерротипте мен бұрын-соңды көрмеген  әдемі, сұлу қыздың келбеті салынған еді. Үй иесі менің бетімде жазылған қуанышты көріп өте риза болды.

-  Ол он тоғызға толды,- деді, ол портретті орнына қойып, - біз оның туған күнінде үйлендік. Сіз оны көрсеңіз.... Иә! Сәл күте тұрыңыз,  сіз оны көресіз!

 - Ол қайда?  Қашан келеді? -  Қазір ол жоқ,  туысқандарына  қонақтап  кетті. Бұл жерден қырық - елу миль жерде тұрады. Екі апта бұрын кетті.

-  Енді ол қашан оралады?

- Бүгін сәрсенбі, сенбі күні кеште, сағат тоғызда келеді. Мен қатты өкінішке беріліп:

 - Өкінішті, мен ол кезде  кетіп қаламын ғой,-  дедім. 

-  Кетесіз бе?  Жоқ, қалыңыз. Ол ренжиді.

Мынау сүйкімді жаратылған ренжитін болады ма? Осы сөздерді өзі айтса, мен бұдан да бақытты болатын шығармын. Мені оны көрсем деген тілек билеп, бұл ойымнан өзім қатты шошып, бірден: «Егер жанымның тыныштығы маған қымбат болса, қазір кетуім керек»,  - деп шештім.

- Білесіз бе, ол Сіз сияқты көпті көрген, әңгімелесе білетін адамдардың  қонаққа келгенін  жақсы көреді. Ол қонақ күткенді ұнатады. Өйткені, ол өзі ... сондай! Иә! Ол бәрін біледі,  қалай сөйлеуді  біледі... ол, құс сияқты. Ол қандай кітаптарды оқыды дейсіз ғой, сіз оған сенбейсіз. Кетпеңіз, күтіңіз, аз уақыт қалды, кетіп қалмаңыз, кетіп қалсаңыз, ол қатты ренжиді!

Мен үй иесінің не туралы айтып тұрғанын түсінбей, ойға батып, іштей не істерімді білмей тұрып тыңдадым. Оның менің қасымнан кетіп қалғанын да байқамадым. Көп ұзамай ол қайтадан  жаныма  келіп, қолында  портреті бар қорапты ұстай тұрып, менің алдымда ашып:

- Ал, олай болса өзіңіз оған  тікелей айтыңыз, сіз оны көргіңіз келсе де, бірақ қала алмадым деп өзіңіз айтыңыз.

Мен тағы бір мәрте суретке көз салдым, бұл менің барлық алдындағы барлық ойымды бұзды. Мен қаламын, артынан не боларын көре жатармын дедім. Кешкісін екеуміз темекі шегіп, әр түрлі нәрсе туралы көп әңгімелестік, ең алдымен ол туралы көп әңгімелестік. Маған бұрыннан бұлай  жақсы болған емес. Бейсенбі де тыныш, білінбей өте шықты. Кеш бата бастағанда осыдан үш миль жерде  тұратын мен басында айтқандардың  бірі, еңгезердей  алғашқы алтын іздеушілердің бірі келді, ол бізге шын көңілімен сәлемдесіп, қалымызды сұрай бастады: 

- Мен кішкентай мадам қашан келетінін білу үшін  жолымнан бұрылып соқтым. Одан қандай да бір  жаңалық бар ма? 

- Әрине, хат бар емес пе? Том, мүмкін, Сіз тыңдағыңыз келетін шығар?

- Әрине, Генри, егер сіз хатты  маған оқысаңыз.

Генри әмиянынан хатты шығарып, біздің рұқсатымызды сұрап, хатта бөтен адамдарға арналған кейбір жерлерін тастап кететінін, оқымайтынын айтып, содан кейін ол тоқтамастан, махаббатқа, сүйіспеншілікке толы хатты керемет хабарламадай қосымшаларымен қоса оқыды, хатта Томға, Джонға, Чарлиге және басқа да достарына, көршілеріне арналған көптеген нәзік құттықтаулар мен тілектер жазылған жерлерін оқыды.

Хатты оқып шыққан соң Томға бұрылып, айқайлай  жөнелді:

-  Әй,  сен бұрыңғыңа  көшкенсің бе? Кәне, өзіңді қолыңа ал,  менің бетіме қарашы. Сен үнемі оның хатын оқи бастасам болды, маған осылай қарайсың.  Оған сен туралы жазып жіберемін, мен оған  бәрінде айтамын!..

- Құдай  сақтасын, сені, Генри, керек емес. Түсінесің бе қаратайып келемін, оны еске алсам болды елжіреп, көзіме жас келеді. Маған ол қазір қасымда тұрғандай көрінеді, бірақ оның орнында хаты ғана.

- Иә, сен мұны қайдан алдың? Маған оның сенбіден бұрын келмейтінін бәрі білетін сияқты көрінді.

 - Сенбі! Тоқташы, Иә, мен мұны білемін. Соңғы уақытта маған не болғаны өзі? Әрине, білемін. Иә, біз бәріміз оның келуіне дайындалып жатырған жоқпыз ба? Жарайды, Маған кету керек. Иә, достым, бірақ ол келгенде мен осында келіп жетемін!

Жұма күні кеште бізден бір миль қашықтықта орналасқан үйден алғашқы  алтын іздеуші қарттардың тағы біреуі сүйретіліп келді, сенбіде  жігіттердің аздап көңіл көтеретінін, серуен құратынын айтып:

-  Генри, ол сапардан келген соң, кешті бізбен  бірге өткізуге қалай қарайды,  егер ол шаршамаса, сен қалай қарайсың?- деді.

- Ол шаршайды дейсің бе? Мынау, не айтып тұр! Сен не білесің,  Джо, ол кімге болмасын қуаныш сыйлау үшін бір жарым ай ұйықтамауға әзір екенін білемісің?

Джо хат туралы естігенде үй иесінен оны оқып беруді өтінді, оған жолданған нәзік сәлем жолдары  қатты әсер етіп, байғұстың көңілін босатты.

Джо хаттың әрбір жолы оған осылай  ауыр тиетінін түсіндіріп, оның есімін атағанда көзіме жас келеді, ештеңе істей алмаймын, кәрілік келіп жетті, - Жаратқан ием, ол бәрімізге жетіспей тұрады! - деп тоқтады.

Сенбіде қалтамнан сағатымды шығарып, қарай беріп, оларға өзімді ұстап бердім, мұны байқап қалған Генри қорқып:

- Сіз оның келетін уақыты болды деп ойлайсыз ба?

Мен аздап ұялғанымды жасырып, біресе күліп, біреуді күткенде менің осындай әдетім бар еді деп ақталдым. Алайда, бұл оны тыныштандырмаса керек, осы сәттен бастап ол кәдімгідей  мазасыздана бастады. Төрт рет ол мені жолға шығарып, алыстан көрінетін жерге апарып, сол жерде тұрып, алақанымен көзін бүркеп, алыстан қарап тұрды.

-  Мен алаңдаулымын, шын алаңдаймын, - деп ол қайталай берді. Мен оның тоғыздан бұрын келмейтінін білемін, маған біреу суық хабар естіртетін сияқты. Сіз оған бір нәрсе болуы мүмкін деп ойлайсыз ба?

Маған оның жас баланың қылығындай үрейлері, ыңғайсыз көрінді, ақыр соңында ол тағы бір рет маған жалынышты қарап, сұрақ қойған кезде, менің шыдамым таусылып, оған қатты жауап бердім. Ол ренжіп қалды, түксиіп тынышталды, ұнжарғысы түскені сонша, маған ол аянышты көрінді, мен қатыгездігіме өкініп, өзімді жек көріп кеттім. Кешке қарай тағы бір алғашқы алтын қазушылардың бірі Чарли келіп, Генриге жақын отырып, хатты тыңдағанына, кездесуге дайындық туралы сөйлесіп жатқанына қатты қуандым. Чарли сөз сөйлеп, әрбір сөзін шын жүректен, көңілімен айтып, досының жаман ойын сейілту үшін бар күшін салды.

- Сіз оған бірдеңе болып қалды  деп ойлайсыз  ба?  Бос сөз, Генри. Оған  ештеңе болмайды, жаман ойламаңыз. Хатта не айтылған? Ол аман сау делінген?  Ол сағат тоғызға дейін келеді. Есіңе салшы ол бірде болса уәдесіне тұрмады ма? Ол әрқашанда уәдесіне тұратын! Оған алаңдауға еш негіз жоқ. Ол осында болады, бұл сіз мынау дүниеге қалай  келгеніңіз  сияқты, ол да осында болады.  Ал, енді барлық жерді  әшекейлейік,  уақыт аз қалды.

Көп ұзамай Том мен Джо келді, бүкіл команда үйді гүлдермен безендіре бастады. Сағат тоғыз болғанда қолдарында аспаптары бар үш алтын іздеуші келіп, оларда көп ұзамай жігіттер мен қыздар жиналады, олар өздері сүйіп билейтін ескі биді сағынған шығар деп саусақтарын жаттықтыра бастады. Олардың қолында скрипка, банджо және кларнет бар еді. Біріне бірі жақын жайласқан үштік би әуенін желіте ойнап, етіктерімен жерді тепкілеп әуендете жөнелді. 

Сағат тоғыздың шамасы болды. Генри есік алдында алыс жолдан көзін алмай, мазасызданып, әрлі берлі теңселіп, тербеліп жүрді. Том оны әйелінің денсаулығы үшін, оның аман есен оралуы үшін бірнеше рет ішуге мәжбүр етті, сөйткенше болмай Том қайтадан айқай салды:

- Команда, дайын бол! Біз тағы бір -  біреуден ұрттап жіберейік, содан кейін  ол осында болады.

Джо поднос табақтың үстінде стақандарды алып келіп, бүкіл компанияны айналып өтті. Мен табақтың үстінде қалған екі стақанның біріне қолымды созып едім, бірақ Джо:

- Мұны емес, басқасын алсаңшы,  - деп болмай қойды.

Мен амалсыздан көндім. Генриге соңғы стақанды әкеліп ұстатты. Ол стақанын ұрттап үлгергенше болмай, сағат тоғызды соқты, ол соңғы соққыны естігенінше тыңдап, содан кейін бозарып, шаршап құлады. Сол күйі:

- Менің жүрегім соғып тұр, маған көмектесіңдерші, менің демалғым келеді, - деді. 

Генриді диванға апарып жатқызды. Ыңғайлы жайғастырып жатқызғаннан кейін ол ұйықтап кетті, бірақ көп ұзамай түсінде бірдеңелерді міңгірлей  бастады:

- Маған ат тұяқтарының соғысы естіледі! Олар келді ме?

Достарының бірі оның қасына барып, жантайып тұрып, құлағына:

- Бұл Джимми Парриш шауып келген. Оның айтуынша, кедергі болып тұр, олар өте жақын,  жуық арада келеді. Оның жылқысы болдырыпты,  бірақ олар жарты сағаттан кейін осында келеді, – деп сыбырлады.

- О, қандай жақсы болды! Яғни ештеңе болған жоқ қой....

Оның  аузынан осы сөздер әрең шығып, ол ұйықтап кетті.

Достары оны жылдам  шешіндіріп, мен қол жуған бөлмедегі төсекке апарып жатқызды. Олар есікті жауып, қайтып оралды. Маған олар кетпекші сияқты көрінді, мен оларға бұрылып:

- Джентелмендер, бұларың қалай, ол мені білмейді ғой, мен бөтен адаммын, қала тұрыңыздар,  - дедім.

Олар маған қарады. Содан кейін Джо: 

-  Ол? Ол сорлы он тоғыз жасында өлген!

-  Өлген?

- Егер өлген болса ғой. Үйлену тойынан алты ай өткен соң, ол туыстарына  кеткен еді,  қайтып келе жатқанда, сенбі күні кеште, осыдан бес миль қашықтықта оған үндістер шабуыл жасаған. Содан бері одан ұшты – күйлі  хабар жоқ. 

Содан бері Генридің есі ауысып кетті.

Содан бері ол бір сағатқа болса да ақылына келмеді. Бірақ оның келетін уақыты жақындаған сайын, Генри мазасыздана күтеді. Үш күн бұрын біз оған келеміз, оның көңілін көтереміз, одан жаңалықтар бар ма деп сұраймыз, сенбіде келіп, үйді гүлмен  толтырып, безендіреміз,  тазалап жинаймыз, биге дайындаламыз. Осылай жыл сайын, міне, он тоғыз жыл болды. Бірінші сенбіде біз қыздарды санамағанда жиырма жетеу едік; қазір біз үшеуміз қалдық, ал қыздардан ешкім қалған жоқ. Біз ол есіріп кетпесін деп шарабына ұйықтатқызатын таблеткаларды білдіртпей себеміз, сонда ол келер жылға шыдап шығады, ол соңғы үш- төрт күн келгенге дейін онымен бірге болады деп ойлайды. Содан кейін ол оны іздей бастайды, бұрын жазылған аянышты хатты шығарады, біз, хатты одан оқуды сұраймыз. Сіз білсеңіз ғой, біз оны қалай жақсы көрдік!

Тәржімалаған Салауат Кәрім 

author

Марк Твен

Шоу-бизнес

Танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде марқұмды еске алып жазба арнады, деп хабарлады madeni...

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...