Елордада «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің көрсетілімі өтті.«Қазақстан»...
Айжан Қасымбектің «Су» және «Ауа» фильмдеріне салыстырмалы талдау
Бүгінгі таңдағы жас киноматографистердің сәтті басталған шығармашылықтары тұрғысынан айтатын болсақ, дебюттік фильмімен Халықаралық кинофестивальдер байқауына қатысып, жүлделі орындарды иеленген кинорежиссер Айжан Қасымбектің есімін атауға болады. Режиссердың 2017 жылы түсірілген «Су» фильмі Вьетнамда өткен Халықаралық «Hanoi Intertnational film festival» додасында «Үздік қысқаметрлі фильм» атанса, «Monaco film festival» додасында үш бірдей: «Үздік артхаус фильм», «Костюм суретшісінің үздік жұмысы», «Үздік музыка» номинациялары бойынша жүлделерді жеңіп алды. Бірінші фильмнен сәтті басталған жетістігі жас режиссердың алдағы шығармашылық ізденістеріне талпыныс берді.
Оның «Ауа» деп аталатын екінші фильмі 2018 жылы жарыққа шықты. Режиссер алдағы уақытта «Су» және «Ауа» фильмдерінін жалғасы ретінде «Жер», «От» фильмдердін түсіргісі келетінін айтқан тұғын.
Айжан Қасымбектің «Су» және «Ауа» фильмдерін қарастыра отырып, «От» және «Жер» атты болашақ фильмдеріне ой жүгіртсек, осы тақырыптарды барлық фильмдеріне негіз ретінде алуы тегін емес.
Ұлы ғұлама Аристотельдін философиялық көзқарастарынан туындайтын өмірдін мән мағынасы осы төрт түсініктен құралады.
Бүгінгі таңдағы ғылыми көзқарастармен айтқанда:
- Топырақ (жер) – суық және құрғақ. Қазіргі ғылыми айналымда – қатты дене;
- Су – суық және дымқыл. Қазіргі ғылыми айналымда – сұйық дене;
- От – ыстық және құрғақ. Қазіргі ғылыми айналымда – жылу энергиясы;
- Ауа – жылы және дымқыл. Қазіргі ғылыми айналымда – газ дене.
Мінекей, егер ерте дүние философиясында айтылған ұғымдарды бүгінгі ғылыми айналымда осылай пайдаланатын болсақ, бұл бір сөзбен айтқанда адамды қоршаған ортаның сипаты. Егер дәл осы ұғымдарды өнер тілімен айтатын болсақ, адам – бұл экрандағы кейіпкер. Жоғарыдағы айтылған түсініктер адамды қоршаған ортаны құрайды.
Режиссердің әр фильміне қойып отырған тақырыбы кез-келген адамды ойландыратыны сөзсіз. Дәлірек айтар болсақ «Су» фильміндегі – су (көлдін, теңіздің, өзеннің маңызды емес) бір сөзбен айтқанда, судың стихиясы трагедиялық оқиғаға себеп болып тұр. Тіршілік көзі ретінде судың пайдалы жағы да, зиянды жағы да бар екендігін ескеру керек. Ата-бабаларымыздан келе жатқан «Су – тіршіліктің көзі» деген нақыл сөздін мағынасы сусыз өмір жоқ деп, қара суды да қадірлеу керек дегенді білдіреді.
Алайда, судың жеке адамның трагедиясына себеп болған жақтары да бар. Бұл фильмде дәл осындай жағдай көрініс табады. «Су» фильмінің басты кейіпкері өткен шағынан қол үзгісі келмейтін Қасымыч қария. Өткен өмірі «елес шындығына» айналып бара жатқан қария бір кездегі бақытты сәттерін тағы да сезіну үшін жастық шағы өткен жерге оралады. Қарияның алдында екі таңдау бар. Бірі елес болып мазалай беретін өткен шақта қалу, екіншісі өткен шағымен мәңгіге қоштасу.
Ал «Ауа» фильмі жайында айтар болсақ, бұл фильмнің кейіпкерлері кәрі қария мен оның немересі. Мұндағы бала кейіпкер ұшқыш болуды армандайды және қалаға кеткісі келеді. Бірақ атасының мүгедектігі бала арманына кедергі болады. Осы екі таңдаудың қыспағында бала кейіпкер әбден күйзеліске түседі.
Енді осы фильмдердің ұқсастығына тоқталсақ. Екі фильмде де армандау сезімдері бар. «Су» фильмінде Қасымыч қария жастық шағындағы сүйген қызын ұмыта алмайды. Ұйықтаса түсінде, оянса есінде. Судан құтқара алмағаны үшін қатті өкінеді, өзін кінәлі сезінеді, өткен шағына оралуды армандайды. Егер сол сәт оралар болса сүйген қызын құтқарып алар еді. «Ауа» фильмінде де арман сезімі бар. Бала кейіпкер туған жерінен жыраққа кетіп, ұшқыш болуды армандайды.
Демек, «Су» фильміндегі армандау сезімі артқа шегініс арқылы бейнеленсе, «Ауа» фильмінде болашаққа ұмтылу арқылы бейнеленеді.
Екі фильмде де өкініш сезімі бар. «Су» фильмінде кейіпкер өткеніне өкінеді. «Ауа» фильмінде бала кейіпкер арманына жете алмағанына өкінеді.
Егер жеке фильмдердің өздеріне ғана тән ерекшеліктеріне келер болсақ, ол ерекшеліктер кейіпкерлерге қарсы айтылады. «Су» фильмінде кейіпкерлер елес кейіпінде берілген. Белгілі бір кейіпкерлер емес, тек елес ретінде ғана. Ал «Ауа» фильмінде шынайы кейіпкерлер. Бұл – бірінші ерекшелігі. Ал екінші ерекшелігі – фильмдердегі дыбыстық шешімдердің ерекшеліктері: «Су» фильмінде кейіпкерлер мүлдем сөйлемейді, бұл фильмде тек музыка және табиғи дыбыстар бар. Ал «Ауа» фильмінде кейіпкерлер диалогы орын алған.
Бұл фильмдердің аты көпшілікке қызық. Көрермен ойында: «неге су?», «неге ауа?» деген сұрақтар пайда болғаны анық. «Су» фильмінің су деп аталу себебі – оқиғада басты кейіпкердің өмірдегі қызықтары, жастық шағы, махаббаты, өкініші, арманы суда жатыр, сумен байланысты. Ал «Ауа» фильмінде баланың ауада қалықтап ұшқысы келеді. Сол арманы болашақ өмірі ауамен байланысты.
Қорыта келгенде, жас режиссер Айжан Қасымбектің тақырыптық ізденісі қуантады. Жас кинематографистердің тақырып таңдауда күнделікті өмір қозғалысын немесе көрінісін жай ғана алып қоймай, оқиғаға негіз ретінде бір мағыналық себептерді іздегені жөн болар еді. Осы тұрғыдан алғанда Айжан Қасымбектің фильмдері, оның тақырыптық ізденістері жас буынға үлгі боларлық.
Әли ӘЛІШЕР,
«Кинотану» мамандығының 3 курс студенті (Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА)