«МЕНІ АДАМ ЖАНЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗДЫҒЫ ТОЛҒАНДЫРАДЫ»

КИНО
2906
Көрнекті кинорежиссер Сатыбалды НАРЫМБЕТОВпен 
естелік-сұхбат

Әлия Бөпежанова
                                                                                              I
Бұл естелік-сұхбатты көрнекті режиссер, жазушы С.Нарымбетовтің дүние кешкеніне тура бір жыл болуына орай ұсынуды жөн көрдім. Кезінде жақсы резонанс алған сұхбатта айтылар ой-пікірлер бүгін де аса өзекті. «Әлемді Ізгілік құтқарады». Көрнекті суреткердің кредосы, жеке танымымызда, осындай еді.
Жазу тәжірибеңде өзің үшін өте маңызды сұхбаттар, материалдар, сондай-ақ жұмыс бабымен, қажеттіліктен жазылатын материалдар, әңгімелесулер де болады. Араға жылдар салып барып бағамдасаң - үнемі қайта оралып соғып отыратын объектілерің бар екенін байқайсың. Әрине, ондай объектілердің, кәдуілгіше қисындасақ, адамдардың өзіне тартатын әлдебір қасиеті, мүмкін, жанының өзіңмен ғана емес, оқырман-көрерменмен де бөлісетін шуағы болады. Мұндайға ағайын-туыстықтың, дос-жарандықтың еш қатысы жоқ. 
Мен үшін осындай жандардың бірі – Сатыбалды Нарымбетов. Өзімізше айтқанда Сәкең, ал, әріптестерінің көбі толық атын қиынсына ма, әлде үнділігінен бе, Сәкен атайтын – кинорежиссер, жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, «Тарлан» сыйлығының және Франция Киноакадемиясының Ж.Садуль атындағы сыйлығының лауреаты Сатыбалды Нарымбетов. 
Кинорежиссермен баспасөз бетіндегі соңғы әңгімеміз, осыдан бірнеше жыл бұрын Р.Мұқанова шығармасының желісімен түсірілген «Қызжылаған» фильміне байланысты болыпты. Ал, кезекті сұхбатымыз сценарийін Ә.Тарази, Е.Тұрсыновпен бірігіп жазған екі сериялы «Мұстафа Шоқай» фильмінің түсірілімі аяқталған соң болды. Қазір фильмнің монтаждау, дыбыстау жұмыстары жүріп жатыр. Кинорежиссураға әдебиеттен келген Нарымбетовтің соңғы бірер жылдағы үлкен бір жаңалығы – «Жазушы» баспасынан прозалық шығармаларының «Жанайғай» атты көлемді жинағының шығуы. Сәкеңмен баспасөз үшін әңгіме жасауға «ақпараттық себеп» қашан да жеткілікті.
                                                                                          * * *
Режиссердің өзі «Париждің бір бөлшегі» деп атайтын пәтерінде шай ішіп отырмыз. Бірінші қабат - холлдағы бүкіл қабырғаны алып тұрған терезеден сағым бұлдырайды. Одан әріде Алатау. Ауа тұп-тұнық. Үй іші жап-жарық. Өйткені үй иесінің өзі жарық – осы бір шағын денелі, түтінге ысталған тобылғыдай, темекіге әбден ысталған; кейде баладай қорғансыз, кейде күйгелек, ал болмысында дана, тұңғиық жігіт ағасының өзі жап-жарық. 
Шай столының басында төрт орындық. Менің жанымдағы орындықтан Әсмә мана тұрып кеткен, жоғары қабаттағы бөлмелердің бірінде Сәкеңнің кішкентай немересі екеуі фильм көруде. Сәкеңнің жанындағы орындық бос. Кейде көз алдымда сол орындықта Ізтөле пайда болады. Сол жымиған қалпы, бет-әлпеті жапон қыздарына ұқсайды. Сәкеңнің әңгімесі үздік-создық. Мен де қумалап сауал қоя бермедім. 
                                                                                           * * *
- Әдемі бір күз болып тұр.. Орыстар «бабье лето» дейді ғой.

– Қалихан аға айтпақшы, қоңыр күз... Өткен жазға, жылға, жалпы жылдарға ырзасыз ба? 
– Жазға да, жыл, жылдарға да, жұртқа да ырзамын. Егер ойдағы әлденелер орындалмай қалса кінә өзімнен. Мен жалпы кінәні өзгеден емес, үнемі өзімнен іздейтін адаммын. Өткен жылдар мен үшін табысты болды. Немере сүйдім, өз өлшемімше, ханның сарайындай пәтер алдым, үш-төрт жылдан соң оны әдемі бір жөндеуден өткіздік. Ал, кезінде пәтер мәселемнің шешілуіне көмектескен азаматтарға үнемі іштей ырзашылығымды білдіріп, ақ жол тілеп жүремін. Жаңа фильмімді түсіріп біттім. «Мұстафа Шоқайды» айтамын. Пәтерім – «кусок Парижа».

– Парижді неге осынша жақсы көресіз? Әлде Хемингуэйдің «Париж – өзіңмен бірге мәңгілік мереке» атты ғажайып эссе-повесінің әсері ме? Ол шығарманы оқыған жанның Парижге ғашық болмауы беймүмкін ғой. Мүмкін тіпті бүгінгі Парижден гөрі Хемингуэй көзімен танылатын, өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы жазушылар мен суретшілер қаласы Парижге ғашық болуы. 
– Париж – мәңгілік қалалардың бірі ғой. Вавилон (Бабыл), Иерусалим және Рим де мәңгілік қалалар. Егер маған таңдау қажет болса Иерусалимді таңдар едім.

– Әбден мүмкін. Өйткені сіз Иерусалимді көп айтасыз. «Қызжылағанда» грузин актері Баһадур Цуладзе сомдаған кейіпкер Гольдблат та Иерусалимге жетуді армандайды да жүреді, ақыры сол арманмен көз жұмады. Асқар Сүлейменов туралы ғажайып эссеңізде де жазғансыз: 
«Мен Иерусалимде болған емеспін. Барғым келгені, армандағаным рас, тіпті ол жақтан ресми шақыру да келді, бірақ жол түспеді. Егер жол түскенде қайткенде де Назареттен шыққан Иисус, біздіңше Иса пайғамбар, соңғы бақытты түнін өткерген әйгілі Гефсиман Бағына барар едім. Сол Бақта, сол түні бір шәкірті Оны сатып кеткеніне қарамастан. Бақыт пен Сордың арасы бір қарыс-ақ қой қашаннан. Сонан кейін мен міндетті түрде Жоқтау қабырғасына барар едім. Сосын...
Жоқ, мен Иерусалимде болған жоқпын. Бірақ ойша ол қалаға мың мәрте бардым. Және сонша мәрте әлгі қасиетті жерлерді араладым. Оларға бауыр басқаным сонша, ойша Гефсиман Бағын өз қаламызға әкеліп қондырып қойдым. Кейде, неге екенін, әсіресе, жазғы түндері, Сізді сол Бақтың ортасынан көрем. Осы тұста селт етіп қиялдан тіршілікке ауысамын.
Сіздің де шәкірттеріңіз көп еді ғой, Асеке. Қайсысы Сізге адал болып қалды?..
Ал, Жоқтау қабырғасын мен әлдеқашан өз тереземнің тұсына тұрғызғанмын. Міне, ол! Бақиға кеткен Жақындарым мен Қимастарыма арналған қабырға. Сол Қимас пен Жақынның бірі – Сізсіз, Асеке, Асқар аға!..
Менен сұрамай, өз бетінше ішіме кіріп жайғасып алған жалғыз қасқыр тағы да тұмсығын көкке көтерді. Ай, е-е-е! Даусының зарлысы-ай! ( «Парасат падишасы» жинағы. «Атамұра», 1988)
–  Ия, менің өз Жоқтау қабырғам бар (Иерасулимдегі Жоқтау қабырғасы – Стена плача-ӘБ.) Күнде ұйқыға кетерде Құранға қол қойып, әке-шешемнің, Сапарғали інімнің, Ізтөленің, Асқар ағаның аруақтарына мінәжат етемін. Әрбір жаңа фильмімді түсіруге кірісердің алдында да. Ал, Иерусалим қасиетті қала, өз қаламыз ғой. Суретшілердің, ғашықтардың да қаласы. Басты қасиеті – онда әлемдегі ірі үш дін: мұсылман, христиан және иудей діндері қатар күн кешеді. Мен тура мағынасындағы діндар адам емеспін. Және де бүкіл адамзат баласының түп-тегі бір – Адам ата мен Хауа анадан тараған деп білемін. Тереңнен тартқанда, адам баласы өзара бөлініп-жарылып, бүлінетін, алатайдай қырқысатын себеп жоқ. Тек әркім Құдайды әртүрлі таниды, оған келу жолы әртүрлі. Біреу балбал қашайды, біреу икона жазады. Енді біреу жүрегінде сақтайды. Құдай әркімнің өз жүрегінде, тек біздер соны біле бермейміз, мән бермейміз.

– «Қызжылағандағы» Ләйлә мен Гольдблат шалдың – Жалғыздықтардың достығы, бірін-бірі үнсіз ұғысуы, түс-қиялдай би эпизоды – ғажайып эпизод көпке дейін көз алдыңнан кетпейді ... Ал, бір қызығы - сіздің осы фильміңіз республикалық бір басылымның бетінде жуырда сыналды. Мақала авторы фильмде Иерусалимның көп айтылатынын, Гольдблат шал мен Ләйләнің достығын сынайды. «Еврей шал неге қазақтардың бейітінің басына саты қояды?» деп ренжиді...
 – Мен «Құдай, Алла-Тағала, Жаратқан біздің жүрегімізде. Жүрегімізге үңіліп, Оны тани білейік» дегенді айтқым келген және мұны бүкіл шығармашылығыммен айтып келемін деп ойлаймын. Фильмде Гольдблат сатыны басында белгісі жоқ бейіттерге қойып жүреді. Бұхар еврейлері бейітке көк тас қоймайтын көрінеді. Дүние кешкендердің рухтары көкке өрмелесін, ұшсын деп саты қояды екен. Әке-шешесінің басына барып құран оқып жүрген Ләйлә қыз бен Гольдблат шалдың екеуінің көбіне зират басында кездесіп жүретіні бекер емес. Қай ұлттың өкілі бол мейлің, Жер-ана құшағына қайта ораласың. Жер-Ана – адамзаттың ортақ бесігі. Демек, Таяу Шығыстағы, әлемнің басқа да ендіктеріндегі қақтығыстар – адамзаттың асылығы. Жаратқанға бір ұлт немесе бір дін өкілдері ғана жақын болуы, демек, бір діннің бір діннен артық болуы мүмкін емес. Жаратқан Адамға ортақ. Ал, фильм оқиғасы өтетін Семей полигоны әлемнің моделі, модулі ретінде ғана алынған. Сондықтан фильмнен деректік дәлдік іздеудің еш қажеті жоқ.
«Парижді неге жақсы көресіз?» деген сауалыңа оралсам, ол қалаға бір барсаң - қайта-қайта барғың келеді де тұрады. Париж дегеніңіз - құмар. Ал, Жапониядағы ондай қала – Киото. Бұрынғы астанасы. Әр көшесінен жапонның исі аңқиды. Асекең, Асқар Сүлейменовтің «Жетінші палата» драма-диалогында бір кейіпкері қараптан қарап тұрып Киото туралы айта жөнелетіні бар еді. Енді бақсам, олай деуінде символдық мағына бар сияқты.
 – Өзімізде, Қазақстанда ше?
– Қазақстанда мен үшін Созақтан асқан жер жоқ. Ал, ұлттық исі аңқыған қала жағынан ұяттымыз ғой. Мүмкін, алы-ыс болашақта салынар ондай қалалар. Астана сондай қала болуы мүмкін еді, бірақ, әу бастағы идеясы бойынша – супер қазіргі қала болып салынуда. Саяси орталыққа дұрыс та шығар. Алматы болса АҚШ-тың Лос-Анджелесі сияқты. Мәдени-рухани тамыры терең қала. Мұхтар Әуезовтен бастап әдебиет пен өнердің небір нарқасқа тұлғаларының рухы бар қала. Меніңше, Мәдениет министрлігін Алматыдан Астанаға бекер көшірді. – 

Осы тұста ол орнынан тұрып кетіп пәтерінің, қазақша айтқанда үйінің ішкі дизаины туралы әңгімеге ойысты. – 

– Мына жерге диван мен креслолар тұруы тиіс-ті. Қабырғаны тұтас алып тұратын үлкен телевизор орнатылуы керек-ті. Ораз, Рымжановты айтамын, үйіңнің көрімдігіне сыйлаймын деп еді… 

– Қызық, адамдар бір-бірін жақсы танып, көп жылдар бойы бір кеңістікте жүргенмен бірін-бірі терең білмей немесе мүлдем араласпай да өтуі мүмкін. Сіз Оразбен оның өмірінің соңғы бірер жылында ғана жақын дос-пікірлес бола бастадыңыз-ау деймін. Кезінде «Қызжылағанды» түсіре бастағаныңызда журналистерді Қордайға шақырып, фильмге алдын-ала промоушн ұйымдастырған еді ғой. 
– Көп жылдар кинобасшылықта жүрді, жұмысы көп болған шығар, әйтеуір онша араласқан емеспіз. Бірақ, кейінгі жылдары «сені білмеппін. Саған әлдеқашан көмектесуім керек еді» деп жиі айтатын. Жаңа фильмімнің қосалқы продюсері болмақшы еді. Инвестор іздей бастаған. Израиль, Франция, Германиямен байланыс жасап та үлгерген-ді. Ораз, меніңше, қазақ киносына көп еңбек сіңірді. Сондай бір зиялы азамат еді. Ресейдің тәжірибесін ескере отырып, өзімізде продюсерлік кино жүйесін жасауға кіріскен, өкінішке қарай, қазақ киногерлері оған дайын болмай шықты. Ол ғажайып оператор, деректі фильм шебері еді. Мемлекеттік сыйлық алған «Полигон» деректі фильмін Олжас ағамыз бастаған «Невада-Семей» қозғалысында жүргенде түсірді. Біздің буын біртіндеп шетіней бастады ғой. Жұматай, Жарасқан, сонсоң Ораз… «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген. Жақсы сөзіңді дер кезінде адамның өзіне айта алмай қаласың. 

Сәкең орнына келіп отырды. Шамалы үнсіздіктен соң:

– Фильмдеріңізді үнемі өз шығармаларыңыз бойынша түсіресіз. Кейінгі фильмдеріңізде неге «жаңылдыңыз»?
– Мұстафа Шоқай туралы әңгіме мүлдем бөлек. Ал, «Қызжылағанда» Роза әңгімесінің негізгі идеясы ұнады. Ләйла қыз жалғыз. Ата-анасынан айырылған жетім ғана емес, өзінің әлеуметтік ортасында жалғыз, жаны жалғыз. Ал, фильмде оған тандем етіп Гольдблат бейнесін енгіздім. Мені жалпы адамдардың, адам жанының жалғыздығы толғандырады. 

– Бәрі де әр адамның өмір кешуінің жеке тәжірибесіне байланысты сияқты. Сіз айтып отырған жалғыздық Жаратқанды тану жолындағы, пәндәуише қисындағанда, ар алдындағы жалғыздық, Асекеңше айтқанда ж а ң ғ ы з д ы қ емес пе?
– Сонау Платоннан бастап талайдың жанын толғандырған, тіпті ауыртқан жалғыздық қой. Абайдың қара сөздеріндегі сарын сол жалғыздық. Маркестің «Жүз жылғы жалғыздығы» бар. Қарап отырсаңыз жалғыздық суреткер атаулының әрі тақырыбы, әрі жан серігі ме дейсің. Мысалы, Асқар ағаның, Сүлейменов, бүткіл шығармашылығы жалғыздық туралы. Ол кісі шынында да жаңғыздық дейтін еді.
            
Тағы да үнсіздік орнады. Әлден соң:

–...Фильмдеріңізде адам өмірінің қарапайым шындықтарын қарапайым ғана қалай бересіз?
– Білмеймін. «Все гениальное – просто» деген ғой. Мүмкін данышпан шығармын. Әзіл ғой. Упаси боже! Біздер данышпандардан, данышпансығандардан қашық, қашып жүретіндер сортынанбыз ғой. Меніңше, әрбір суреткер өз тағдырын кешеді және өмір бойы өз жаны, өз әлемі туралы айтып өтеді. Ол сөз, сурет, әуен өзгелердің жан пернесін шерте ме, жоқ па – басты мәселе сонда.

– Ләйлә ролін орындайтын қыз іздеп әуре-сарсаңға түскеніңіз және ассистентіңіз Бақыт екеуіңіз Аян Есмағамбетованы қалай тапқан хикаятыңыз көпке белгілі. Үмітіңіз артығымен ақталды.
– Маған көз керек еді. Осы фильммен «ауыра бастағанда» айтып едім ғой, «Ләйлә ролін орындайтын қыздың көзінде терең мұң жатуы керек, Әсмәнің көзіндегідей» деп. Әттең, Әсмә – Шейла (Әсмә - Асқар Сүлейменовтің кенже қызы, режиссер оны Шейла деп атайды) тым жас болды. Өзін көрген сайын қанша жарқылдап тұрса да көзінің сона-а-ау түбінде жататын мұңнан айналамын да тұрамын. Сондай мұңды Аяннан да көрдім. Оны маған Алла-Тағаланың өзі жіберді-ау деймін. Сол кезде 8-класс оқиды екен. Киноға алғаш түсті. Үмітім ақталғанда қандай! Сондай ақылды, жарқын бала. Фильмде басты рольдердің бірін орындаған актер Дулыға Ақмолда да сондай. Тіл-көзім тасқа, дейді мұндайда қазақ. Аянат одан бері «Көшпенділер», «Ұлжан» фильмдерінде түсті. Қазір Американың бір киномектебінде бір жылдық оқуда. 

– Жаңа Баһадур Цуладзе туралы әңгіме қозғадық. Фильмдеріңізге өзге республикалар, шетелдер актерлерін мақсатты түрде түсіресіз бе? Айталық, «Созақтан шыққан Гамлет» пен «Көзімнің  қарасында» Қырғызстаннан Әшір Шоқобаев, марқұм Советбек Жұмадылов, «Омпада» Ресейден Панкратов-Черный, Франциядан Натали Грауиндер түссе, «Қызжылағанда» қазақ болғанмен Ресей актрисасы саналатын Наталья Орынбасарова да түсті.
– Әр фильм түсіруге кіріспес бұрын басыңда пісіп, жүрегіңнен өтеді. Сонда әрбір роль де өз актерін «іздей бастайды». Әйтпесе өзге елден шақырайын деп арнайы мақсат етпеймін. Мұның тағы бір себебі – рухани-мәдени кеңістігімнің кеңдігінен шығар. Мәскеудің Кино институтында сценаршылыққа, режиссерлікке оқыдым. Жастайымнан Мәскеуде болдым, Кеңес Одағын араладым. Тәуелсіздіктің арқасында әлемді аралап жүрміз. Кеңістігім бұрын да бар-ды, енді әбден ұлғайды. Мен жалпы ашықтықты (ашық-шашықтықты емес), араласқанды жақсы көремін. Ал, бүгінгі таңда біздер клаустрофобиядан арылуымыз, ашық мәдени кеңістіктен қорықпауымыз керек.

– Шартты түрде алғанда сіздің буын дәстүрлі кино өкілдері мен «жаңа толқынның» аралығында тұр. «Жаңа толқын» ептеп алқынғандай тұста ұлттық киноға елеулі сапалық өзгеріс әкелгендеріңізді байқамау мүмкін емес. Бұл ретте Дәмір Манабайдың «Қазақы оқиға», «Кек» фильмдерін де атауға болады.
– Көңілге қонатын пікір. ХХІ ғасыр индивидуализм ғасыры. Демек, енді жекелеген суреткерлер, фильмдер және дамыған елдерде алып киноиндустрия бар. Мысалы, Голливуд. «Жаңа толқын», мүмкін, «ең жаңа толқын», тағы сол сияқты ағымдар, топтардың ұйысуы, ұжымдасуы енді беймүмкін шығар.
                                                              "Көзімнің қарасы фильмінен"
– Өзіңіз көптен айтып жүрген «Мамбетиада» циклын қашан аяқтайсыз?
– Енді «Барымта» фильмім бар. Сценарийін Қалихан Ысқақов пен Әкім Тарази ағаларыммен бірігіп жазғанбыз. «Барымта» кинороман болып «Жұлдыз» журналына жарияланған. «Созақтан шыққан Гамлет», «Көзімнің қарасы», «Омпа», «Қызжылаған» болып жалғасқан «Мамбетиада» «Барымтамен» бітеді.
– Сонсоң?
– Сонсоң да түсіретін фильмдерім аз емес. Наталья Орынбасароваға арнап жазған «Браун қозғалысы» атты сценарийім бар. Бұл – адамның өз-өзіне, өз шаңырағына жеткізер ұза-а-ақ жол туралы (әрине, ауыспалы мағынасында) фильм болады. Өмір, аласапыран, бейтаныс адамдар. Басты кейіпкер – ақша, капитал. Доллар ақша бетінен қарап тұратын сақалды ақсақалды енді түсіне бастағандаймын. Сонсоң өзіме ерекше қымбат бір фильмім бар. Күні-түні толғататын, құрсақта жатқан шарананы әлдилейтін анаға ұқсаймын. Қашан дүниеге келетінін де айта алмаймын. «Із» деген фильм. 

Ол темекісін тұтатты да орнынан тұрып кетті. Стол үстіндегі күлсалғыш темекі тұқылына толып қалыпты. Үлкен бөлмені үнсіздік жайлады. «Із» дегені ІЗТӨЛЕ ғой. ІЗТӨЛЕНІҢ ІЗІ, оның өмірінде қалдырған, өз өмірімен қалдырған ізі туралы фильм. 
Менің көз алдыма тағы Ізтөле келді – басын шалқайтып, шашылып күлетін Ізтөле. 
Сонсоң өзім шығармашылығын қатты қадір тұтатын режиссерім, «Үш түс» трилогиясы – «Көк», «Ақ» және «Қызыл» фильмдерінің авторы, атақты поляк Кшиштоф Кесьлевский... Өзіме аян ассоциация, жүрегім шым-м етті. Әлден соң ол cтол басына оралды. Қолына тағы темекі алды.

– Биыл Ізтөленің бақилық болғанына он бес жыл... Көпке дейін фильмдеріме Ізтөлеге ұқсас тип-бейнелерді іздеп жүрдім. Адамдардың түр егіздері болады деген бар ғой. «Қызжылағанда», байқасаң, Аян кей сәттерде бала кездегі Ізтөлеге ұқсап кетеді. Бұл, мүмкін түйсікпен ғана (подсознание) сезілетін нәрсе. 
«Із» қашан, қалай туады, қандай болады, айта алмаймын. Адам баласы өмірге келеді-кетеді, соңында нендей із қалдырады...

Ендігі әңгіменің жөні жоқ-ты. Біз тағы біраз уақыт үнсіз отырдық. Әлден соң Сәкең бізді шығарып салды, әдеттегінше, өзі «Шейла» атайтын Әсмәнің оң көзінен сүйді. Әдемі бір кеш еді. Алматының оңтүстік батысындағы «Мамыр» ауданында – «өз Парижінде» заманымыздың көрнекті кинорежиссері, қарапайым да ұлы қазақ Сатыбалды Нарымбетов тұратынын «білмейтін» машиналар ерсілі-қарсылы жүйткіп бара жатты. 

«Нұр-Астана» газеті, қыркүйек, 2008 жыл
                                                                       "Жаңғырық фильміне дайындық"
P.S. Аса қадірлі де аяулы Сәкең, Сатыбалды Нарымбетов «Мұстафа Шоқайдан» кейін атақты «Аманатын» түсірді. Бұл, біздіңше, қазақ киносында төл тарихымызды бірнеше пластта зерделететін (Кенесары хан –көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов-жас Журналист) алғашқы көркем фильм. 
Көрнекті режиссер өз мүмкіндігін толық жүзеге асыра алмай жүргеніне қынжылып, Кино институтында өзімен қатар оқыған өзге елдердегі әріптестерінің екі жылда бір фильм түсіретіндерін қызыға айтып отыратын. Ал, режиссердің екі жылда бір фильм түсіріп, саяси трилогия авторы атанатын, осылайша материалдық жағдайын қатырып жөндеп алып, обоймаға енетін мүмкіндігі әбден болды, алайда Ол өз табиғатынан тапсырыс орындаушылар санатынан емес еді. «Әрине, заманчиво!..- деп әзілдейтін өзі – бірақ, мұндай тірлік менің қолымнан келмейді...»

Кей-кейде өз-өзіне көңілі толмау – шығармашылық адамы үшін жақсы мотивация болар. Қалай дегенде де режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің  тындырғаны аз емес. Кино әлемімен қатар жазушылықта да. Өзге прозасын  айтпағанда оның «Фантом-дертінің» өзі неге тұрады (нағыз көркем фильмге сұранып тұрған шығарма)!  Ал, ұстаздары, замандастары туралы көркем эсселері ше! Бүткіл болмыс-ерекшелігімен кейіпкерлері, әлеуметтік ортасы, уақыт тынысы, сол кез атмосферасы, тіпті табиғатқа дейін бейнеленетін ол көркем эсселерді оқығанда тура бір көркем фильм көріп отырғандай болатыныңыз бар.
Өкінішке қарай, режиссер «Із» фильмін түсіре алмай кетті. Басқа да армандары қалды - «Жаңғырық» фильміндегі идеялары да. Көңіл тоғайтарлығы – көрнекті режиссердің руханиятымызда айқын ізі қалды -- өмірі ұрпағымен, шығармашылығымен жалғасуда. 
Режиссердің жолын, ізін өздерінше жалғастыратын ұрпағы бар – өзі бастаған «Жаңғырық» көркем фильмін енді ұлдары кинорежиссер Асқар-Мұхит пен кинооператор Ескендір Нарымбетовтер түсіруде, оларға үлкен күш-қажыр, табыс тілейік. 

Сәкең жарығы мол, аясы кең тұлға еді. Ұмытпасам, 1982 не 83-жылы болуы керек, «Ассалаумағалейкум, Атлантида!» атты кітабына «Қазақ әдебиеті» газетінде рецензия жарияланды. Содан көп ұзамай Сәкең ақын Жұматаймен (Жақыпбаев) келіп, «менің қарындасым екенсің» деп танысқаны есімде. Содан бергі ағалы-қарындасты, рухани туыс болып өткен қырық жылға таяу уақыт менің де жүрегімізде өшпес Із қалдырды. Оны сағынғанда, қатты іздегенде қолыма «Көзімнің қарасы» жинағын алып, тұтас контекстер шығатын Сұхбаттарын оқимын. Көрнекті режиссермен өзім де бірнеше сұхбат жасағанмын. «Мені адам жанының жалғыздығы толғандырады» солардың бірі. Рухыңыз пейіште шалқысын, гуманист-суреткер, шоң Тұлға Сәке, Сатыбалды Нарымбетов! 

                                                                                                                                            Алматы
                                                                                                                                            8 шілде, 2022 жыл

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...