Қыр етегінде қымтанып жатқан мезгілсіз уақыт мегаполисті жайлап қараңғылық басып келеді, бәлкім, ажа...
Жұлдыз Әбділда.Қазақ әйелінің ғана қолынан келетін ерлік
Қанипа Бұғыбаева – қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі. Тағдырлы ақын. Өмірдің ащы дәмін ерте татқан. Небәрі 6 жасында аяғын мертіктіріп алып, өмірінің соңына дейін соның азабын тартқан. Көп қиындық көрсе де, Қанипа апайдың өлеңдерінен қаталдық көрмейсіз. Керісінше, бір жылы ағыс байқалады. Тіпті, қоғамның көлеңкелі жақтарының өзін өзінше бір жылылықпен жазады.
Көктем мерекесі қарсаңында біз Қанипа Бұғыбаеваның ұлы, күйші Талап Қарашпен әңгімелескен едік. Тағдырдың тауқыметін ерте тартқанына қарамай, алдағы күнге тек үмітпен қарау, өзінің кемдігін қорсынбай, керісінше, алға ұмтылу қазақ әйелінің ғана қолынан келеді.
Қанипа апай жасынан сөз ұстаған. Өлең-сөзге құмарлығы ананың сүтімен берілсе керек. Өйткені, анасы Нұрғайша апамыз айтыс ақыны болған. Суретті керемет салған, халық әндерін, халық композиторларының шығармаларын нақышына келтіре орындаған. Аздап домбыра шертетін де өнері болған, музыкалық училищеде баян бөлімінде оқыған. Кейін қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған. Қанипа апай Әбу Сәрсенбаевты “екінші әкем”, “ұлы әкем” деп есептеген.
Ол былай болған екен. 1962 жылы Қанипа апайдың ауылына Әбу Сәрсенбаев пен Тұманбай Молдағалиев келеді. Сол жерде жас ақын қыз өзінің Әбу ағаға арнаған өлеңін оқып береді. Бұл туралы Қанипа апай өзінің күнделігінде былай деп жазған: «Аяғымды көріп аяп кетті ме, «Алматыға кел, дәрігерге аяғыңды қаратамын» деді де, бір кітабына қолтаңба жазып беріп, соңына телефон нөмірі мен үйінің адресін қоса жазып, мені Алматыға шақырды». Бұл уақытта анасы мезгілсіз дүниеден өткен Қанипа апай өгей шешесімен тіл табыса алмай жүрген екен. Сондай күндердің бірінде Алматыға қашып кетіп, вокзалда тұрып, Әбу ағаға телефон соғады. «Әбу ағай таксимен келіп, мені үйіне алып келді. Апаймен таныстым. Маған рухани әке-шеше болды. Мейірім шуағына бөледі. Дәрігерге қаратты. Аяғыма операция жасатып, қолымнан таяқ түсті, аяқты жерге нық бастым. Өмірге үміт-арман көзімді аштым. Жақсы адамдар бар екенін білдім. Барлық газет-журналдарға сәт-сапар берді. Тұңғыш кітабыма Тұманбай аға редактор болды». Міне, ағалардың осындай қамқорлығын көрген, жақсылығын көрген Қанипа апай қайдан жаман болсын?! Айтпақшы, Қанипа апайдың шын аты-жөні Ханифа Әбдірахманова екен. Рухани әкесі, ұстазы Әбу Сәрсенбаев: «Қазақта Тұрсынхан Әбдірахманова деген ақын бар. Сен екінші Әбдірахманова болма», – деп кеңес беріп, содан арғы атасының атына жазылыпты. Сол уақытта аты да Қанипа болып жазылып кетсе керек.
«АНАМНЫҢ АҚЫН ЕКЕНІН ЕКІНШІ КЛАСТА БІЛДІМ»
–Анаңыздың ақын екенін қай уақытта білдіңіз? Қай уақытта сездіңіз? – деп сұрадық ақынның ұлы Талап Қараштан. Талап аға анасы туралы әдемі естеліктерімен бөлісті:
–Анамның ақын екенін екінші-үшінші оқып жүргенде білдім. Білгенде, мұғалімдерден естідім. Ауыл мектебіндегі мұғалімдер мені көргенде «ақынның баласы» дейтін. Ақын дегеннің не екенін қайдан білейін, әйтеуір мәз болып жүретінмін. Бірақ, төртінші-бесіншіге барғанда ақынды көп адамдардың қадірлей бермейтінін де байқап қалдым. Шешем туралы «тақпақ жазады екен ғой» деп ойлап жүрдім. Ол уақытта анам балаларға арнап көп жазатын, олардың арасында маған арналған немесе мені қосып жазған өлеңдері де бар екен. Бір күні маған бір өлеңін оқытқызды. «Талап аңға шыққанда» деген өлең екен. «Сен туралы» дегені есімде.
Оң-солымды таныңқыраған уақытта мектептің қабырға газетін шығарушылардың бірі болдым. Шешеме айтам, ол кісі жазып береді. Соны малданып жүрем. Өзім аздап сурет салатынмын, кейде суреттерді де шешеме салдырып аламын. Шешем бала тәрбиесіне өте жауапты қарады. Бар өмірін балаларына арнады деп айтуға да болады.
Бір жылдары ауыл балаларының бәрі белесебет міне бастады. Менің де алғым келді. Шешеме айтып едім, қарсы болған жоқ. Екеуміз Ұзынағаштың универмагын аралап жүрміз. Белесебеттің бағасы ұшып тұр екен. Дүкен аралап жүріп, бір бұрышта тұрған домбыраны көріп қалдық. «Балам, белесебет алғанша, осы домбыраны алсаң қайтеді? Бұның тілі бар, сөйлейді», – деді анам. Байыбына барып жатпасам да, «тілі бар, сөйлейді» дегеніне елтіп, мақұл дедім. Әлі есімде, 23 сом екен.
Үйге келгеннен кейін шешем өзінің білетін әндерін домбырамен тартып берді. Әсет Бейсеуовтің, Нұрғиса Тілендиевтің кең тараған әндерінің әуенін шертіп, қосылып айтып та отыратын. Бірақ, елпілдей қойған жоқпын. Бір кездері домбыраны ұмытып та кеттім. Сөйтіп жүргенде, бір күні мектепте өзім қатарлы екі баланың домбыра тартқанын көрдім. Дауысы күмбірлеп шығады екен. Сөйтсем, олар шешем сияқты бір ішекпен емес, қос ішекпен тартады екен ғой. Дереу қызығушылығым оянып, келе сала әкеме айттым. Әкем музыка мектебіне баруды ұсынды. Ол жылы бір себептермен музыка мектебіне қабылданбай қалдым. Бірақ, келесі жылы қайтадан бардым. Қилан Сәрсенбаев деген ағамыз қабылдады. Өзі жан-жақты кісі екен, дереу домбыра үйренуді бастап кеттік.
Ол екі арада әкеммен қонаққа барғанымда Әбіл деген керемет домбырашымен таныстым. Күмбірлете күй шертетін Әбекең домбыраға деген қызығушылығымды арттыра түсті. Мақтанғаным емес, музыка мектебінде балалардың бір-екі жылда игеретін жұмысын мен жарты-ақ жылда қағып алдым. Музыка мектебінің бірінші сыныбын бітіргенде 20-30 күйді тарта алатынмын. «Әбілге апар, маған күй үйретсін» деп, әкеме маза бермейтін болдым. Аудандық мәдениет үйіне де жиі барам. «Тағы қандай күй бар? Тағы не үйренуге болады?» деп тықақтап жүретін қара баланы ондағылар кейіннен жақтырмайтын да болды.
Кейіннен «Құлансаз» оркестрінің мүшесі болдым. Әсет Бейсеуов келгенде алдына шығып күй тартып беріп, ол кісінің батасын алдым. Жалпы, шығармашылықты таңдауыма әке-шешемнің, дұрысы олардың шығармашылық адамы болуының көп ықпалы болды. Біздің үйге Оспанхан Әубәкіров жиі келетін. Ғафу Қайырбеков келіп тұратын. Жәркен Бөдеш ағамыз келіп-кетіп жүретін. Анама Ханбибі Есенқараева көп келуші еді. Әкем халық театрының режиссері болғандықтан, біздің үйге әртістер де көп келетін. Ыдырыс Ноғайбаевтың әкеме келіп-кетіп жүретіні әлі күнге есімде. Шыны керек, маған да солардан бірдеңе жұқты. Қазақы тәрбие алдым.
Бір жылдары шешем «нағыз қазақ болу үшін атқа отыру керек» деп бір әңгіменің шетін шығарды. Содан әкем мені жайлауға апарып, атқа мінгізді. Жыл сайын демалыста туыстардың үйіне апарып тастайтын болды. Сондай күндердің бірінде ат інге сүрініп кетіп, мертігіп те қалған жайым бар.
Бала күнімде бүкіл өмір менің айналамда болып жатқандай көрінетін. Артымнан ерген Ләззат, Ләзиза деген қарындастарым бар. Бірде ауданда анаммен кездесу болып, мен ілесе бардым. Сол жерде күй тарттым. Ол туралы аудандық газетке жазыпты, шешем соны әкеліп көрсетті. Марқайып қалдым. Соның ықпалымен әртүрлі шараларға жиі қатысатын болдым.
«ШЕШЕМ АЗАМАТТЫҚ ЛИРИКАНЫҢ ШЕБЕРІ ЕКЕН»
–Анаңыздың ақын екенін шын сезініп, өлеңдерін оқи бастағаныңыз қай кез?
–Шынымды айтайын, мен өлеңді өз бетіммен оқығам жоқ. Шешем оқытты. Жетінші, сегізінші сыныптан бастап-ақ әдебиетке баулыды. Жалпы, мен кітапты өте көп оқыдым. Джек Лондоннан бастап, өзіміздің Бердібек Соқпақбаев, Шерхан Мұртазаға дейінгі жазушыларды қалдырмай оқыдым. Кейіннен өзіміздің, шетелдің классикасын оқып тауыстым. Ал өлең оқуға шешем баулыды. «Фаризаны оқы, Марфуғаны оқы» деп отыратын. Айтып қана қоймай, пікірімді сұрайтын. Өзімше пікір айтқан болатынмын. Екеуміз отырып алып, өлең талдайтын едік. Кейіннен талаптанып, өзім де бірдеңелер жазып жүрдім. Онымды шешеме оқып беремін. Пікірін айтады. Ол кісі жалған сөйлеу дегенді білмейтін. Не айтса да, турасын айтатын. Ешқашан көңіліме қарап я көтермелеп жалған пікір айтқаны есімде жоқ. Әрдайым әділ бағасын беретін. «Мынау бір тіркесің жақсы екен», «ойыңды жақсы жеткізіпсің», «мынау өлеңді сәл басқаша жазу керек еді» дегендей, ойын айтатын. Он өлең оқысам, соның ішінде бір-екеуіне жылы лебіз де білдіріп қалатын. Бәрін бірдей мақтай бермейтін. Өз өлеңдерін оқып беріп, «қалай жазыппын?» деп сұрайтын. Өзіне әрдайым сын көзбен қараушы еді.
Нағашы апамыз айтыс ақыны болған. Шешеме жасынан батырлар жырын, қисса-дастандарды оқытыпты. Соны бізге де сіңіруге тырысты.
Балалықты, шалалықты қойып, жігіттік сезім азайған уақытта мен шешемнің өлеңдерінен басқаша жаңалық таптым. Қанипа Бұғыбаева азаматтық лириканың шебері екен. Қоғамға көзқарасын, елде болып жатқан жағдайларға қатысты ойын сол уақыттың өзінде ашық жазғанын кейін байқадым. Кім кінәлі екенін астарлап айтып кеткен өлеңдері баршылық. Қиын кездердің өзінде айтарын ашып айтқан. Тәуелсіздік алғаннан кейін, тіпті, ашық жазатын болды. «Желтоқсан толғағы» деген өлеңі бар.
Ерте танып, дұшпанының түр-түсін,
Қазағым деп қиған ұйқы, күлкісін.
Ахмет, Ілияс, Міржақып пен Мағжандай,
Құрбан болып кетті Қайрат ұлты үшін, – деп жазған.
«Желтоқсан толғағында” мынадай да жолдар бар:
–Өз тілім барда өз әнім,
Неге мен азып-тозамын?
Туған жер, Отан – өз үйім,
Үйіме өзім қожамын.
«Махамбет» деген де поэмасы бар. Шешем, тіпті, кейбір өлеңдерінде осы заманғы қақтығыстарды да болжап кеткен екен.
«МОЙНЫМДА АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ, ПЕРЗЕНТТІК БОРЫШ БАР»
Қанипа апай өмірден өткеннен кейін Талап аға анасының естеліктерін, қолжазбаларын жиыстырып, кітап етіп шығарған. Қолжазбаларын іріктеу ісін әлі де жалғастырып жүргенін сөзінен аңғардық. Атқарған, атқаратын тірлігі туралы да сұрағанбыз. Былай деп жауап берді:
–Жаңа кітапта естеліктерімен қатар, бұрын жарияланбаған өлеңдерін беруге тырыстым. Мейлінше жаңа өлеңдерін жарыққа шығаруды көздедім. Шешем өлгеннен кейін барлық қолжазбасын жиып-теріп алып кеткенмін. Екі жылда жинағаным кітап болып шықты. Зерттеп, жұмыс істесем, тағы екі кітап шығатын түрі бар.
Анамның ақындығы өз алдына, журналистік қыры да айтуға тұрарлық. Адамның сырласу сезімін оятып, мөлдіретіп жазатын. Мойнымда азаматтық парыз, перзенттік міндет-борыш бар. Бір тылсымның бар екені рас қой, шешемнің өмірден өтетінін алдын ала сездім. 2-3 ай бұрын. Ауылға арнайы бардым. Екеуміз суретке түстік. Әрі-бері шапқылауы көбейіп кетіп еді, «соның барлығының не керегі бар, тыныш жатпайсың ба?» деп өзімше ақыл айтқан болдым. Неге екенін білмеймін, «батаңды бер!» дедім. Бейнекамера ала барған едім, соған жазып алдым. 7-8 минуттай батасын берді. «Даусымды болашаққа апаратын мұрагерімсің» деді бір сөзінде. Сол жауапкершілік бар мойнымда.
Аналық қамқорлығы шығар, «жындымен жынды болма» дейтін үнемі. Шығармашылық адамдарының барлығы бірдей жүрек қалауымен жүрмейді. Көпшілігі науқаншылыққа ұрынып жатады. Менің анам ондайдан ада болды.
Қанипа апайдың немересі, Талап ағамыздың қызы Айдана Мәскеудің консерваториясында оқиды. Арфа аспабында ойнайды. Жеткен жетістіктері де аз емес. «Айдана тұңғыш немересі болғандықтан, шешем ерекше жақсы көрді. Өзі шомылдырып, өзі бақты. Айдана да апасын мақтан тұтады, ақын екенін біледі. Жалпы аналарға құрмет ретінде Алтынбек Қоразбаевтың «Аруана» деген шығармасын арфаға лайықтап жаздырғанмын арнайы. Үнемі соны орындап жүреді», – дейді Талап аға.
«Адам бойындағы ең бір жаман қасиет жағымпаздық па деймін. Бір күнгі пайдасы үшін «Жантықтай» болып кететіндерден не дос шықпайды, не қас шықпайды. Ол адамға деген сенімің кетеді. Жаман, арам адамды көргенде өмір сұрықсызданып, ауа жұта алмай қалғандай тұншығып, кеңдікке шығуға асығып, қасынан кеткенше асығамын. Ал жаны адал, шыншыл, не болса да бетіңе айтатын, бетпердесі жоқ адамды қанша көрсем де, қанша бірге жүрсем де, жалықпаймын. Іздеп барғым келіп ынтығамын. Шіркін, мынау өмір сондай сирек жақсы адамдарымен ғана сұлу әрі ыстық екен-ау! Өз көзқарасы жоқ, кім не айтса соның ыңғайына жығыла кететін «күнбағар» жандардың барына да, жоғына да алаңдамаймын», – деп жазған екен Қанипа апай өз күнделігінде. Жалғандықты жек көрген, жаны таза, ары таза қазақтың ақын қызының аты да, «хаты» да өшпек емес.