Әлемдегі бейбітшілікті ұрандайтын 7 үздік фильм

КИНО
2484

Камера ойлап табылғаннан бері түсірілген фильмдер арасында соғыс тақырыбы қамтылған фильмдер аз емес. Әр түрлі ұрпақтардың режиссерлері мен суретшілері соғыста жеңімпаздар жоқ, тек жеңілгендер бар екенін еске түсіру үшін экранда мағынасыз қантөгістердің жойқын салдарын суреттеді. Солардың ішінде үздік деп танылған 7 фильмді madeniportal.kz порталы назарларыңызға ұсынады.

«Даңқ жолдары» (1957, реж.: Стэнли Кубрик)

«Даңқ жолдары» режиссер Стэнли Кубриктің тағы бір әскери шедеврі деуге болады. Фильм 1916 жылы Батыс майданындағы соғыс тақырыбының төңірегінде өрбиді. Спартак жұлдызы Кирк Дуглас әскери трибуналда үш сарбазды қорғауға бел байлаған полковник Дакты сомдайды. Қорқақтық пен сәтсіз операция үшін француз әскері өлім жазасына кесілмек. «Даңқ жолдары» – бұл соғыс туралы ең сенімді, перфекционистік фильмдердің бірі ғана емес, сонымен қатар қантөгістің мағынасыздығы мен ол тудыратын заңсыздық туралы ашық түрде мәлімдеме жасай білген фильмдердін бірі.  

«Джонни мылтық алды» (1971, реж.: Долтон Трамбо)

Бәлкім ең алдымен бейбіт тұрғындар үшін соғыстың жойқын салдарын суреттеген дұрыс болар. Дегенмен «Джонни мылтық алды» фильмі де құрбан болу, жарақат алу және азап шегуді көрсетеді. Бірақ, оның бәрін сол соғыста қатарда болған қарапайым сарбаз бастан кешіреді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың майданына барып, қол мен аяғынан айырылып келген Джоннидің азабы көру мен есту мүмкіндігінен айырылумен жалғасады. Бас кейіпкер өзінің санасында оқшауланып, бақытқа толы өткен шағын еске түсіру мен жұбаныш іздеп өлімге дайындалады. Бірақ дәрігерлер оған өмірден кетуге көмектесуден бас тартады. «Джонни мылтық алды» – бұл ерекше медициналық жағдай туралы фильм. Құдды бір зеңбіректің ішіндегі оқ сияқты өлімге жіберілген адамдардың эмоционалды және физикалық азаптары туралы ең қорқынышты және қатыгез фильмдердің бірі. Бейбітшілік үшін емес, кабинеттерде отырған саясаткерлердің ашкөз мүдделері үшін күрес салдарын суреттейтін фильм. 

«Жіңішке қызыл сызық» (1998, реж.: Терренс Малик)

ХХ ғасырдың ең көрнекті режиссері американдық Терренс Малик фильмде белгілі бір жанрды ұстанбаған, дегенмен дәстүрге сай патриотизмді насихаттайтын әскери фильмді түсірді. Фильмде кінәлілер мен кінәсіздер, жеңімпаздар мен жеңілгендер, батырлар мен сатқындар жоқ. «Жіңішке қызыл сызық» сюжеті Гуадалканал аралының алдыңғы шебінде орналасқан американдық әскерлердің күнделікті өмірі туралы баяндайды. Соғыс табиғи емес және адамның табиғатына мүлдем тән емес нәрсе ретінде көрсетілген. Джон Толлдың керемет операторлық жұмысының арқасында зорлық-зомбылықтың айналасындағы әлемнің сұлулығы контраст беріп тұрғандай әсер қалдырады. Гуадалканал аралының таңғажайып тыныштығы күрт миномет шабуылымен үзілген сәтте қолдан жасалған жойқын күш басым болып бара жатқанын тағы мәрте еске салады.

«Аннаның соғысы» (2018, реж.: Алексей Федорченко)

Фильм соғыс кезінде жағдайлардың құрбаны болған қыз туралы баяндайды. 6 жасар Аннаның бүкіл отбасы жаппай атыс кезінде қайтыс болады. Қыздың өзі ғажайып түрде тірі қалады. Анасы шабуыл кезінде жас қызды жаудың оғынан өз денесімен қорғап, мерт болады. Жетім қалған Анна нацистік сарбаздардан бұрын балаларды оқыту үшін пайдаланылған ескі ғимаратта орналасқан каминнің ішіне жасырынып жүр. Қазір мұнда қарулы адамдар мен зұлым иттер тәулік бойы күзететін неміс комендатурасының штабы орналасқан. Ас-ауқаттан айырылған Анна сыртқа шыға алмай аш отырған күйі өлімге қарсы шығуға бел байлайды. Басты рөлді орындаушы Марта Козлова актерлік шеберліктің ғажайыптарын көрсетеді. «Аннаның соғысы» – соғыстың алапат күші жауынгерлік көріністермен толмаса да, жас қыздың басынан өткерген қиындықты пен ауырсынуды толықтай сездірте алатын фильмдердің бірі. Фильмнің премьерасы 2018 жылғы Роттердам кинофестивалінде өтті. «Анна соғысының» режиссері Алексей Федорченко «Үздік режиссура» үшін «Алтын бүркіт», ал басты рөлді орындаушы Марта Козлова «Үздік әйел» рөлі үшін «Ник» сыйлығын алды.

«Джо джо қоян» (2019, реж.: Тайка Вайтити)

Бас кейіпкер өзінің қиялдағы досы Адольф Гитлердің нұсқаулығымен әскер қатарына қосылады. Жас баланың оқиғасы арқылы режиссер Тайка Вайтити соңғы жылдардағы ең ерекше анти-милитаристік фильмдердің бірін шығарады. Драмалық шиеленіс жоқ, оның орнына режиссер сатира мен қарулы қақтығыс жағдайында өскелен ұрпақтың бағыты мен қадамын көрсеткісі келгендей. Бұл фильмді соғыс туралы басқа шығармалар тұрғысынан бағалау қиын, өйткені ол басынан аяғына дейін тарихтағы Гитлерлік Германияның айналасындағы сатираға толы. Фильмнің атмосферасын түсіну үшін тарихи шындықты артқа тастап, көрерменнің назарын аудару үшін жасалған қадам деп қабылдағанымыз жөн. Дегенмен,  адамзаттың бейбітшілікке деген ұмтылысын қосалқы кейіпкерлердің бірін сомдаған Скарлетт Йоханссонның биі мен күлкісінен және «Мен өз елімді жақсы көремін. Жек көремін мен соғысты» деген ұраншыл сөзден байқау қиын емес.

«Құпия өмір» (2019, реж.: Терренс Малик)

«Жіңішке қызыл сызық» фильмінен соң және соғыстың ішкі жағынан көрсетілгеннен кейін, Малик анти-милитаризм тақырыбын мәңгіге қалдыра алады деген ойда боламыз. Дегенмен соғыс тақырыбы мен зардабын суреттейтін фильмдерге құштар болған режиссер «Жіңішке қызыл сызық» әскери драмасында жұмыс жасау кезінде аталмыш фильмнің идеясына тап болады. Режиссер Терренс Малик шынайы өмірде болған оқиғаның түсіріліміне кіріспес бұрын Франц Ягерштетердің қыздарымен кездесті. Австриялық фермер Франц Ягерштетердің басынан өткен оқиға екінші дүниежүзілік соғыспен тікелей байланысты. Бас кейіпкер нацистік Германия үшін күресу үшін Адольф Гитлерге ант беруден бас тартады. Ауылдастарының ішінен ол Гитлер режимінен бас тартуды ашық айтады, дегенмен бәрі қарсылықтың қандай қайғылы және аяусыз болатынын түсінеді. Франц отбасын тастағысы әрі өлгісі келмейді, бірақ ол үшін фюрерге ант беру – бұл өліммен пара-пар екені анық. Фильмнің соңында бас кейіпкер таңдау жасайды және әрқайсымыздың да таңдауымыз бар екенін жеткізеді.

«Табиғи түс» (2021, реж.: Дьенеш Надя)

Екінші дүниежүзілік соғыс. Оккупацияланған Кеңес Одағының аумағында қарапайым Венгр фермері Шеметка партизандарды іздеудің арнайы бөлімшесінде капрал ретінде қызмет етеді. Шалғай ауылға барар жолда бөлім сырттан болған шабуылға түседі. Командирінің өлімінен кейін Шеметка қорқынышты жеңіп, өзіне бұйрық беруді өз қолына алады. Көп кешікпей бас кейіпкер өзі басқара алмайтын оқиғалардың шиеленісіне түсіп кетеді. Бұл режиссер Дьенеш Надяның дебюттік толықметражды фильмі. Түсірілім 2019 жылдың күзінде Венгрияда, сондай-ақ Латвияның шығысында өтті. Түсірілімге тек кәсіби емес актерлер қатысты және олар бірнеше жыл Венгрияның ауылдарынан іздестірілді. Ресми түрде фильм 1930 жылдан 1950 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Біздің бөтен денеміз» романының экранизациялануы болып табылады, бірақ режиссер үш күннің сипаттамасын түпнұсқадан алды. Берлиналеде «Ең үздік режиссура» үшін «Күміс аю» алған фильм өзінің қарапайымдылығымен әдемі болғандықтан есте қалды.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...