Қазақстанда әдеби аударма сәтті жолға қойылуы үшін ең алдымен әдеби агент жүйесін іске қосу керек. Б...
Кейіпкер болмысы
(Жас жазушы Бақытгүл Сәрмекованың әңгімелерін оқығанда...)
Көркем проза әлемінде өзіндік бояуы мен өмір айшықтарын шынайы жеткізу дағдысымен жас қаламгерлер де танылып, қалыптасып келеді. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Тіпті жаңаша тәсіл мен өзгеше қалыпқа жол салғандары да баршылық. Болашаққа қалам қуатымен қадам басқан жас жазушы Бақытгүл Сәрмекованың «Кейіпкер» атты әңгімелер жинағын оқығаныма да біраз уақыт болып еді. Аз-кем пікір білдіруімнің реті енді келіп тұрғандай...
Жинақтағы алғашқы шығарма – «Қарагер тай» деп аталады. Оқиға желісі қарапайым, жинақы суреттелген. Ауылда бір құлағының кем еститін мүкістігі бар, өзінше тысқары жүретін Тұрарға Қабекең қарт жанашырлық танытып Жарбагүл есімді балдызын қоспақшы болады. Алайда алғашқы ниет жақсы басталғанымен, Тұрар орта жолда жазым болып, дүниемен «қош айтысып» кете барады. Одан кейінгі тартыс та екі жақты той кәдесінің шығынымен ширыға түскен. Автор мұнда оқиғалар желісіне арқау болған негізгі детальдарды әсерлі суреттейді. Кейіпкерлері де қуаныш пен мұңды шынайы қабылдайтын ақ көңіл ауыл адамдары: Атам шоқалақ жолға соғылған сайын қалақтай басын қылтылдатып, мотоциклдің люлькасына салып, Жарбагүлді алып келді (4-б.). Жарбагүлдің шыбықтай жіп-жіңішке бұрымы алпамсадай жауырынында желмен ойнақтап, жолға түсіп кете барды (5-б.). «Тойға дайындаламыз!» деді Тұрар езуін жимаған күйі ыс басқан сарғыш тістерінің ортасына шылымын қыстырып қойып (5-б.). Еркек пішіндес ебедейсіз жаратылған бетіне мөп-мөлдір тамшылар жол тастап, жыламсырап батаға келіп кетті (6-б.). Жал-құйрығы самал желмен сусылдап, тұяқтары ақ тақырды тықылдатып Қарагер Сайлаудың жетегінде кете барды (8-б.).
Қазіргі көркем дүниеде кей тұстарда тұмса табиғаты мен пейіл-ниеттері аңқылдаған ауыл бейнесін суреттеу кескіні аздау көрінеді. Автордың «Қоңыр үй мен ақ «Жигули» әңгімесінде қаймағы бұзылмаған ауыл өмірі Хабес қарт пен Ақсандық шешейдің тіршілігінен бастау алып, қалалық жалғыз ұл Ерден әрекеті арқылы өрнектелген. Береке-бірліктің нышанындай оқиға желісі әсерлі басталады: Бағаналары нық қағылып, еңсесін тік көтеріп, кербезденіп тұратын үйдің биіктігін ұя салуға қолайлы көрді ме, әйтеуір жыл сайын қызғылт тамақ жүндері күнге жылтырай шағылысып, қарлығаштар үй маңында тізіліп отыратын (10-б.). Аталмыш сөйлемдер арқылы өз ұғымымызға сай құт пен жақсылықтың лебін сезе аламыз.
Алайда мұндағы мамыражай тірлік Хабес шалдың аяқ астынан инсульт алып, шарасыз күй кешуімен қоюлана түскен. Оқыс хабарды естіген Ерден ұл қара шаңыраққа қарай бет алады. Әкесінің жағдайымен танысып, дәрігермен сөйлесіп, араға уақыт салып ата-анасын қалаға көшіру туралы шешім қабылдап, іске кірісіп те кетеді. Ауыл адамдары бір үміт, бір күдікпен арнайы жайылған дастарханнан соң Хабес шалды қалаға шығарып салса, қожайынына деген қимастық сезіммен Ақтөс те ескі жұртта қала береді. Ерденнің одан кейінгі әрекеттері «өзім білемнен» аса алмайды. Ауылдағы зәулім үйді сатып, ақша қорын молайтып «ақ жигули» алып масаттанады. Жалғыз ұлдың ерсі қылықтары әке шамайына батқанымен, анасы сабырлық пен қанағаттың үлгісін танытып, шыдап бағады. Оқиға соңы Ерденнің көлік апатына түсіп, «бір өлімнен аман қалу» сәтімен аяқталады. Автор шығарманы жүрек қылын шертер мазмұнды ойтолғақпен түйіндейді: Алпамсадай денесіне сай келмейтін жіңішке даусымен сыңси жылап, миды жағып отырған боркемік ұлға назар аудармастан, көзін төбеден алмаған күйі сазарып жатқан Хабестің арада ай өткенде жұрттың жуындысын жалап көрмеген Ақтөсі арып-ашып, бойынан әлі кеткенде ауылдың бүкір, сабалақ иттеріне аяусыз таланатынын, келер көктемде ұя салуға келген қарлығаштар қоңыр үйді іздеп, кішкене қанаттарын дамылсыз дір-дір қағып, үйден қалған үйіндіні айналшықтап ұшып жүретінін ойлап жатқанын Ақсандық қана сезді (21-б.). Әңгімені оқи отыра санаңызға еріксіз «әліптің артын бағу», «мың асқанға бір тосқан» философиясы оралады.
Адамзат үшін өмірдің асыл құндылықтары – тағдыры, көңіл иірімдері мен тұрлаусыз мына тіршіліктегі мың сан белестері десек, автордың «Мөлдір», «Итгершілік», «Көктем келер ме екен», «Ақторының халі», «Алма ағашы гүлдегенде», «Кері кездесу», «Түйебай», т.б. әңгімелерінде өмір кілтін іздеген сезім иелері қат-қабат сынақтар арасында ширыға түседі. Бірі өмірді күрес деп қабылдаса, екіншісінің қалалық өмірге назы басым... Әрбір кейіпкердің ішкі әлеміне үңіле отыра, тағдыр талайына жол тартасыз. Мұнда сарказм мен юмор, кейіптеу де басымдау.
Жазушының «Балмұздақ» әңгімесі бірнеше эпизодтарды жымдастыра келе, сәтті жазылған туындыларының бірі саналады. Автордың сөйлем түзу барысында оқырманды жақын тарту, сөз құбылту тәсілдері жиі көрініс берген: Бауыры жер сызған кәрі автобус ыңыранып келіп жолаушыларын қала шетіндегі базарға әкеліп бір-ақ төкті (110-б.). Шығарма прототипі де таныс адамдар. Мұнда да қоғамның аллегориялық бейнесі көрініс тапқан: Базардың жиігін кемпірлер жайлап алыпты. Гүлді орамалының түсі күнге оңып, кір сіңген мына қазақ кемпір тұзды құрт сатып отыр. Адамдардың табынан ұшқан шаң-тозаңға дорбадағы аппақ құрттар да көміліпті. Басындағы орамалы сияқты сатып отырған тауарын да кір шалған (111-б.). Бет-аузы әжіммен аяусыз айғыздалған мүгедек қайыршы балдағына сүйеніп алақанын жайды. Әкем бір-екі тиынын тастады. Көзінде жылт-жылт еткен үміт оянып, алғысын жеткізді. Екі балмұздақ жемей-ақ біреуін жесем де жарар еді деп ойладым, аз-кем тиынымды садақаға беріп, мүсәпір жанның көзіндегі қуанышты еселеткім келді (113-б.). ...Базар тарқайтын шақта біз де қайтар жолға шықтық. Есік алдынан таныс қайыршыны көрдім, бірақ бұл жолы қол-аяғы сау, қолдың кірінен майланып кеткен ағаш балдағын қолтығына бос қыстырып алыпты (114-б.).
Ал «Бакудегі бір күн», «Ырым», «Жылу», «Күн батқан кездегі оқиға» әңгімелерінде заманымыздың бейнесі мен уақыт пен кеңістіктегі адами құндылықтар мәселесі, оның әлеуметтік тыныс-тіршілікпен байланыс ортасы психологиялық иірімдер арқылы астарлы жеткізілген. Автор «Кейіпкер» әңгімесінде былай дейді: Жүйіткіген көліктің жылдамдығымен Астананың көшесіндегі әдемі сәулеттер көзімнің қиығын жанай өтіп, желке тұсымда қалып бара жатты (147-б.). Әрбір кейіпкер – өзінше тағдыр. Көпшілігі «жазмыш бұйрығынан» шыққысы келіп, тәуекелге үміт артушылар.
Ой көзімен оқып шыққан әңгімелер топтамасынан біз жас қаламгер Бақытгүл Сәрмекованың оқиғаны еркін жеткізу тәсілі мен қоғамның әлеуметтік жүгін көтерген сюжеттер желісін ықшамдап суреттеуін, көңіл қылын шертер кең тыныс пен оқырманға ой салар мінез-болмысты байқадық.
Нәзік жүрегімен, шығармашылық ізденісімен алдыңғы топ арнаға ілесе ерген жазушыға тың идеяларының мол болуын тілеп, қаламыңыз мұқалмасын дейміз!
Айнұр Найманбай,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты