Тео Ван Дусбург. Брассери кафесінің төбесіне арналған түрлі-түсті дизайн.Жаһандық экспрессивизм мета...
Николай Трубецкой. Орыс мәдениетіндегі тұран элементі жайында
Аударған Б.М. Сатершинов
Бастапқыда шығыс славяндық тайпалар қазіргі Ресейдің алып жатқан орасан зор территориясының тек аз ғана бөлігінде орналасты. Славяндар әуел баста бұл территорияның тек азғантай батыс бөлігін, Балтық теңізін Қара теңізбен байланыстырып жатқан өзен бассейндерін мекендеді. Қазіргі Ресей территориясының барлық басқа үлкен бөлігін, басым көпшілігінде, "тұрандық" немесе "орал-алтайлық" деген аттармен біріктіріп атау қабылданған тайпалар мекен ететін. Барлық аталған географиялық аймақтардың тарихында бастапқыда осы тұран тайпалары шығыс славяндық орыс тайпаларына қарағанда анағүрлым маңызды рөл ойнады. Тіпті моңғол дәуіріне дейінгі деп аталатын кезеңнің өзінде бір еуропалық Ресейдің шеттерінде ғана тұрандық мемлекеттер (еділ-кама бұлғарларының патшалығы және Хазар патшалығы) варяг-орыс мемлекетінен көп басым болатын. Қазіргі Ресейдің бүкіл дерлік территориясын бір мемлекеттің қол астына біріктіруді ең алғаш орыс славяндары емес, тұран-моңғолдар жүзеге асырды. Орыстардың Шығысқа таралуы бірқатар тұран тайпаларын орыстандырумен байланысты болды, орыстардың тұрандықтармен қатар өмір сүріп, араласуы бүкіл орыс тарихының өзегін құрайды. Егер шығыс славяндарының тұрандықтармен жанасуы орыс тарихының негізгі айғағы болса, егер тамырларында қандай да болмасын тұрандық қан ақпайтындай великороссы табу қиын болса және егер дәл сол тұрандық қан (ежелгі дала көшпенділерінен тарайтын) едәуір мөлшерде малоростардан да ағатын болса, онда дұрыс ұлттық өзіндік таным үшін бізге, орыстарға өзіміздің бойымыздағы тұрандық элементтерді ескеруіміз қажеттігі, біздің тұрандық туыстарымызды зерттеу қажеттігі айдан анық. Дегенмен біз осы уақытқа дейін мұны ойлап бас қатырмадық; қашанда біз бойымыздағы тұрандық элемент, осы элементтен қысылатын сияқты болып айтпай, өзіміздің славяндық тегімізді алдыңғы орынға қоюға бейім болдық. Мұндай пайымнан арылатын кез келді. Барлық кез келген санаға сіңіп кеткен мұндай пайым дұрыс өзіндік танымға бөгет жасайды, ал дұрыс өзіндік таным кез келген тұлғаның парызы ғана емес, кез келген толғаның, оның ішінде өзіндік тұлға ретінде түсіндірілетін ұлттың да зерделі өмір сүруінің тікелей алғышарты болып табылады.
"Тұрандық" немесе "орал-алтайлық" деген атаумен біріктірілетін бірліктер халықтардың бес тобын білдіреді:
Угро-фин халықтары − тілдік туыстығының белгілері бойынша батыстық финдерге (эсттар, карелдер, финдердің өздері және бірқатар майда тайпаларға), Швециядағы, Норвегиядағы, солтүстік Финляндиядағы және Ресейдегі (Коль түбегіндегі) лопарьларға, мордвага, черемистерге, пермь финдеріне (зыряндар мен вотяктарға) және угрларға (Венгрия мен Трансильваниядағы мадиярлар немесе венгрлерге және "обь угрларына", яғни солтүстік-батыс Сібірдегі вогулдар мен остяктарға) жіктеледі, сондай-ақ угро-фин халықтарына орыс жылнамаларында кездесетін өлі (дәлірек айтқанда, толық орыстанып кеткен) ежелгі тайпалар − мерьлер (тілі жағынан черемистерге жақын), весьтер (тілі бойынша батыс финдіктайпа), муромдар мен мещерлер жатады.
Самоедтер, бүгіндері толығымен дерлік жойылып кеткен және тек аз ғана бөлігі Архангельск губерниясы мен солтүстік-батыс Сібірде сақталған бірнеше тайпаларға бөлінген халық.
Түркілер, оларға түрік-османлылар, әртүрлі татарлар (қырым, қазан, азербайжан, тобыл және т.б. татарлары), мещеряктар, тептярлар, балқарлар (қарачайлар, орысбилер және басқалары), құмықтар, башқұрлар, қырғыз-қайсақтар (қазақтар − Б.С.), қара-қырғыздар (қырғыздар − Б.С.), түркімендер, сарттар, өзбектер, алтайлықтар, якуттар (саха − Б.С.), чуваиттар және бірқатар ежелгі жойылып кеткен халықтар, оның ішіндегі анағұрлым танымалдары хазарлар, бұлғарлар (еділ-кама бұлғарлары мен "аспарух" бұлғарлары), половецтер (басқаша айтқанда, құмандар немесе қыпшақтар), ұйғырлар және басқалары.
Моңғолдар, оларға Ресейдің ішіндегі қалмақтар мен буряттар, ал оның сыртында − Моңғолияның өзіндегі өз моңғолдары жатады.
Маньчжурлар, оларға манчжурлардың өздерінен басқа, тағы гольдтар мен тунгустар (бүгіндері толығымен дерлік жойылған немесе орыстанып кеткен) жатады.
Халықтардың осы аталған барлық топтарына тән бірқатар ортақ антропологиялық және лингвистикалық белгілеріне орай оларды тұрандық деген жалпы атауға біріктіруге болатынына қарамастан, олардың генетикалық туыстығы туралы мәселе пікірталас тудырады. Тек угро-финдік және самоедтік тіл топтарының туыстығын дәлелденген деп есептеуге болады және бүл екі топты кейде "тілдердің оралдық семьясы" деген жалпы атаумен біріктіреді /1/. Бірақ дегенмен тіпті тұрандық тілдердің және халықтардың қалған үш тобы өзара және "оралдықтармен" генетикалық тұрғыда туыс емес дегеннің өзінде, барлық тұран тілдері мен барлық халықтарының психологиялық келбетінің өзара жақын ұқсастығы мүлдем күмән туғызбайды және біздің осы ортақ психологиялық типтің қандас туыстықпен немесе қандай да бір басқа тарихи себептермен байланысты ма деген мәселені қаперімізге алмай, біртұтас тұрандық психологиялық тип туралы айтуға құқымыз бар.
II
Тұрандық психикалық келбет барлығынан гөрі түркілерде айқын көрінеді, оның үстіне олар барлық тұрандықтардың ішінде Еуразияның тарихында ең көрнекті рөлді ойнады. Сондықтан біз дәл осы түркілердің сипаттамасынан шығатын боламыз.
Түркілердің психикалық келбеті олардың тілдері мен рухани мәдениет саласындағы олардың ұлттық шығармашылық өнімдерін қарастырумен айқындалады.
Түркі тілдері, түркі-мүсылмандардың тілдеріне орасан мөлшерде еніп кеткен шетелдік сөздерді (парсы және араб тіліндегі) еске алмасақ, бір-біріне өте жақын. Жекелеген түркі тілдерін өзара салыстырғанда, бәрінен бұрын алтайлықтарда анық аңғарылатын тілдің бір жалпы типі оңай айқындалады. Бұл тип өзінің әдеттен тыс тәртіптілігімен сипатталады. Сөздердің дыбыстық құрамы кірме емес, таза түркі сөздерінде қатаң сақталатын бірқатар заңдармен реттеледі. Мысалы, әрбір сөздегі дауыстылар "дауыстылар үйлесімділігі" заңына бағынады: егер сөздің бірінші буыны "артқы" дауыстылардың (а, о, ы, у) бірінен тұрса, сол сөздің, қанша болса, сонша, барлық буындары да осы артқы дауыстылардың бірінен тұруы тиіс; егер бірінші буын "алдыңғы" дауыстылардың (д /2/, ц, ъ, ь) бірінен болса, онда сол сөздің барлық басқа буындары да осы алдыңғы дауыстылардың бірінен болады; бір сөздің әртүрлі буындарында артқы және алдыңғы дауыстылардың араласуына жол берілмейді − әрбір сөз не бірыңғай "артқы дауысты", не бірыңғай "алдыңғы дауысты" болады. "Қараңғы" дауыстыларды (яғни еріндерді шүйірумен айтылатын дыбыстар: о, у, ц, ь) және "жарық" дауыстыларды (яғни ерінді шүйірумен байланысты емес дыбыстар: а, ы, д, ъ) /3/ қолдануды да сондай заң реттейді. Жалпы, түркі тілдеріне тон тағы бір ерекшелік, сөздегі дауыссыздардың қолданылуы да қатаң ережелермен реттеледі: бір дауыссыздар (мысалы, к, г, л,) тек "артқы дауыстыларда" ғана болады да, басқалары (мысалы, к', г', л) тек "алдыңғы дауысты" сөздерде қолданылады, біреулері (мысалы, д, б, г, дж, з, ж) тек дауыстылардың арасында (немесе р, л, м, н, және дауыстылар арасында) қолданылса, басқалары (мысалы, п, к, ч, с, ш) дәл сондай жағдайында қолданылмайды және т.б. Осылайша, дыбыстардың жалпы құралдарының салыстырмалы түрде байлығына қарамастан, тіл фонетикалық тұрғыда бірыңғай болады. Тілдің барлық дыбыстық жүйесінің жоғарыда аталған заңдарға қатаң бағынуының арқасында ықтимал дыбыстық комбинациялардың саны шектеулі болады және байланысты әңгімеде дыбыстардың бір комбинациялары үнемі қайталанып отырады. Сөйлеу ерекше көрнекі дыбыстық тұтастыққа ие болады, белгілі бір акустикалық инерция (үдеу) пайда болады (музыкалық шығармалардағы екпіндердің инерциясы сияқты).
Дәл сондай бірыңғай заңдарға педанттық сүйену мен тәртіптілік түркі тілдерінің грамматикасынан да аңғарылады. Бұл грамматиканың өзі "тысқарылықтарды" білмейді; тек дыбыстардың үйлесімділігі заңдарымен сипатталатын варияциялар (құбылушылықтар), осы заңдардың жалпы ортақтығына орай, тысқа шығып кетуді білдірмейді. Барлық етістіктер бірдей жіктеледі /4/. Грамматикалық құралдардың сергек үнемділігі таң қалдырады: логикалық немесе материалдық тұрғыда ақталмайтындай мағынадағы ешқандай грамматикалық категория жоқ /5/. Өзгеретін сөздің түбірі (яғни оның негізгі материалдық мағынасының тасымалдаушысы болып табылатын дыбыстардың кешені) қашанда сол сөздің бірінші бөлігін құрайды, яғни грамматикалық мәндегі сөздік элементтер "жұрнақтарды" немесе "жалғауларды" білдіре отырып, әрқашан түбірден кейін тұрады, ал "префикстер" немесе "приставкалар" жоқ. Түбірдің дауыстысы барлық формаларда өзгеріссіз қалады, ал жұрнақ пен жалғаудың дауыстылары болса, сөздің барлық элементтерін бір фонетикалық бүтіндікке жинақтайтын дауыстылардың үйлесімділігі заңдарына сәйкес, өзгеріске түседі; сонымен бір мезгілде әртүрлі грамматикалық элементтердің бір сөздік бірлік шегінде орналасу тәртібінің өзі сөздің мәндік тұтастығын құратын ерекше, қатаң логикалық ережелермен реттеледі /6/.
Дәл осы логикалық кескін мен сабақтастық синтаксис саласында да қадағаланады. Сөйлемдегі сөздердің тәртібі тысқары болу мүмкіндігі жоқ бірнеше қарапайым жалпы ережелермен анықталады. Анықтаушы сөздер анықталушы сөздердің тікелей алдында орналасады, бастауын баяндауыштың алдында болады (тіпті әрекеттің субъектісін білдіретін жалпы сөздің өзі іс-әрекетті, қимылды білдіретін сөздің алдында тұрады), тікелей толықтауыш бастауыш пен баяндауыштың арасында тұрады және т.б. Бұл қарапайым схемаға ең жай сөйлемдермен қатар, ең күрделі сөйлемдер, тіпті кезеңдер де сыйысып кетеді /7/.
Түркілік тілдік тип жөнінде барлық айтылғандарды түйіндей келе, бұл тип сөйлеуді бір бүтіндікке жинақтайтын шамалы ғана қарапайым және айқын негізгі принциптерді жүйелі түрде жүргізумен, схематикалық (кестелік) заңдылықпен сипатталады деген қорытындыға келеміз. Бір жағынан, сөйлеу материалының салыстырмалы жұтаңдығы мен рудиментарлығы және, екінші жағынан, бүкіл сөйлеуді дыбыстық қырынан да, формальдық қырынан да схематикалық заңдылыққа бағындыру − міне, түркілік тілдік типтің басты ерекшеліктері осында.
Тілден кейін осы ұлттық типтің сипаттамасы үшін халықтық өнер үлкен мәнге ие болады.
Музыка саласында түркі халықтарының тұтастығы тіл саласына қарағанда анағұрлым жадау: османлы-түрікгерінің тілін білсең, қазандық немесе башқұрлық мәтіндерді аса қиындықсыз түсіне бересің, бірақ бастапқыда османлы-түрік әуенін (мелодиясын), ал кейін қазан татарларының немесе башқұрт сазын бірінен кейін бірін тыңдасаң, олардың арасында ортақ ештеңе де жоқ деген тұжырымға келесің. Бұл, әрине, басым көпшілігінде мәдени ықпалдардың айырмашылығымен түсіндіріледі. Османлы түріктерінің музыкасы, бір жағынан арабтардың, екінші жағынан гректердің басым ықпалын бастан кешірген. Араб-парсы музыкасының басым ықпалы, сондай-ақ қырым және әзірбайжан татарларынан байқалады. Шынайы түркі музыкасының типін анықтау барысында түріктердің, қырым татарларының және әзірбайжандардың, әсіресе "қалалық" музыкасын есепке алудың қажеті жоқ. Егер біз басқа түркі халықтарының музыкасына назар аударсақ, олардың көпшілігінде белгілі бір музыкалық типтің үстемдігін аңғарамыз. Еділ-оралдық, сібірлік түркілердің, түркістандық жөне қытай-түркістандық түркілердің бір бөлігінің әуендеріне негізделген бұл тип мынадай белгілерімен сипатталады. Әуен жартылай екпінсіз − бес екпінді (басқаша айтқанда, үнді қытайлық) дыбыстық қатарға, яғни IV және VII сатыларды өткізіп жіберетін мажорлы дыбыстық қатарға құрылады: мысалы, егер әуенде до, ре және ми екпіндері (ноталары) кездессе, онда тағы да соль және ля кездесуі мүмкін, бірақ фа да, фа-диез де, си де, си-бемоль да кездесуі мүмкін емес. Жартылай екпіннің жүрістеріне мүлдем жол берілмейді. Хормен айтылатын әндер унисонмен (бір дауыспен) айтылады, көп дауыстылық ұшыраспайды. Ырғақтық қырынан алғанда, әуен қатаң симметрияға құрылады, яғни такттың саңдары тең бөліктерге бөлінеді, оның үстіне әуеннің әрбір бөлігіндегі такттардың санының өзі әдетте − 2, 4, 8 және т.б. болып келеді. Әуендердің бірнеше негізгі типтерін бекітуге болады, олардың ішіндегі маңыздылары:
− төмен түсетін каденцияға негізделген, яғни әрбір қозғалыс сайын қозғалыстың жоғарғы және төменгі шектері біртіндеп төмендейтін, ал қозғалыстың өзінің амплитудасы қысқаратын жоғарыға қозғалыс пен төменге қозғалыстың кезектесуіне негізделген әуеннің типі;
− бірінші бөлігі екі рет қайталанатын шағын музыкалық фразаны білдіретін, екіншісі ырғақтық тұрғыда шамамен бірдей құралған және қысқа төменге қозғалыс жасайтын екі бөлікті қарама қарсы қоюға негізделген әуеннің екінші типі. Бұл екі тип те өзара аса мәнді емес айырмашылықтарды білдіреді. Бірақ жалпы екі тип те белгілі бір ғана заңдарға бағынады: бес екпінді дыбыстық қатардың үйлесімді заңына және қос мерзімділік пен бөліктердің симметриялық тендігінің ырғақтық заңына бағынады. Осы үлгілер бойынша құрылған түркі әндері өздерінің өзгеше үйлесімді және ырғақтық айқындылығымен және тұнықтығымен ерекшеленеді. Әрбір мұндай әуен бір немесе бір-біріне ұқсас екі өте қарапайым музыкалық фразаларды білдіреді, бірақ бұл фразалар ұзақ әрі бір екпінді өнді түзе отырып, шексіздікке дейін қайталана алады.
Басқаша айтқанда, мұнда да түркі тілдерінің құрылысына қатысты атап өткен дәл сол негізгі психологиялық белгілерді байқаймыз: материалдың салыстырмалы жұтандығы мен рудиментарлығы және материалды тұтас бүтіндікке жинақтайтын және осы бүтіндікке белгілі бір схематикалық айқындық пен тұнықтық беретін қарапайым әрі схематикалық заңдарға бағыну.
Түркі халықтарының ауызекі поэзиясына қатысты да біздің жоғарыда олардың музыкасы жайлы айтқандарымызды қайталауға тура келеді: арабтық және парсылық үлгілердің лебі есетін мұсылман түркілер поэзиясының сол формаларын алып тастасақ, онда әртүрлі түркі халықтарының поэзиясында бір ортақ типтің белгілері байқалады. Көптеген түркі тілдерінде ұзақ және қысқа дауыстылардың арасында айырмашылық болмағандықтан, ал сөздің соңғы буынына түсетін екпінді сөйлеушілер тілдің мән қалыптастырушы ("фонологиялық") факторы ретінде мойындалмайтындықтан, түркі шумақтары буындардың санына қарай құрылады, яғни "силлабистикалық" шумақ болып табылады: дәлірек айтқанда, бұл өлең құрастыру арасы буындардың белгілі бір санымен толтырылған аралықтар арқылы "сөз бөліктерді" (екі көрші сөздер арасындағы шекараларды) дұрыс қайталауға негізделеді. Бүкіл түркілік сөйлеуді дыбыстық заңдармен реттеуден және жүйелі жүргізуден туындайтын түркі сөздерінің басы мен соңының дыбыстық бірыңғайлылығы сапалы ырғақты пайдалануды, яғни өлең құрастырудың негізгі силлабикалық принципіне әрбір метрикалық сегментің басында немесе соңында бірдей сападағы дыбыстарды қайталау түріндегі тағы, қосымша принципті енгізуді қомақты түрде жеңілдетеді. Және шыңдығында да, көптеген түркі халықтарының поэзиясында не аллитерациялар, не рифмдер болады. Мұның барысында дауысты сөздерді үндестік заңдарына бағындыратын түркі тілдерінің қасиеттеріне сәйкес, аллитерация мен рифм барысында дауыстылар елеусіз рөл ойнайды: биринджи "бірінші" онунджумен "оныншымен" рифмге келеді. Сыртқы ырғақтармен, дыбыстардың ырғағымен қатар, ішкі ырғақтар, мағыналар ырғағы да болады. Түркі поэзиясының иараллелизмге деген шұғыл бейімділігі бар. Кейбір түркі тайпаларының поэтикалық шығармалары бүтіндей параллелизм принципіне құрылған. Барлық өлең шумақтары қосақтарымен жұп құрайды, оның үстіне әрбір жұтпағы екінші шумақ біріншісінің мазмұнын басқа сөздермен қайталайды; бірінші және екінші шумақтар мазмұны бойынша бірегей болмайтын сирек жағдайларда, олар бәрібір бірыңғай синтаксистік кесте бойынша құрылады, сондықтан ең болмағанда, формальды, синтаксистік параллелизм сақталады. Шумақ екеуден емес, төртеуден топтасқанда және параллелизм екі көрші шумақтың арасында емес, бір төрт шумақ өлеңнің бірінші және екінші жартысының арасында болғанда істің мәні, әрине, өзгере қоймайды.
Поэтикалық шығармашылыққа қатынасында жекелеген түркі халықтары мейлінше әр алуан типтерді білдіреді. Біреулерінде (мысалы, қазан татарларында) бірінші және екінші бөліктерінің арасында мағыналық байланыс өте әлсіз (орыстың частушкалары сияқты), бірақ синтаксистік параллелизмге бейімділігі айқын көрінетін қысқа төрт шумақтар басым болып келеді. Басқа тайпалардан қос шумақ немесе тавтологияға дейін жететін параллелизмі бар симметриялы құрастырылған төрт шумақтарды кездестіреміз. Ақырында, ұзақ, көпшілігінде эпикалық әндер танымал, бірақ олар да өрбір қатары параллелизм принципіне бағынған, сондай-ақ бірнеше қатарларды бір симметриялық-параллелдік фигураға біріктірген қатарлы күйінде құрастырылады. Түркі өлең құрастыруының сыртқы және ішкі ерекшеліктері арасында ажырамас байланыс болады: рифма мен аллитерация мағыналық және синтаксистік параллелизм принципімен ажырағысыз байланыста (басым көпшілігінде синтаксистік параллелизмнің әсерімен шектесіп жатқан екі шумақтың бірдей жерлерінде түсіп отыратын сөйлем бөліктерінің бірыңғай грамматикалық жалғаулары рифмаға келеді); ал сонымен бір мезгілде шумақтың басын немесе соңын айрықшалап көрсететін рифмалар мен аллитерациялар силлабикалық жіктеу мен қатарлар құрастырудың айқындылығын қамтамасыз етеді. Егер осының барлығына түркі поэзиясында қолданылатын метрлердің санының өте мардымсыз (7,8, 11 және 12 буындардан тұратын өлеңдер) екендігін қосар болсақ, рифмалардың басым бөлігінде "грамматикалық" екендігін, параллелизмнің басым көпшілігінде не толық мағыналық тавтология (қайталау) жағына, не тек синтаксистік аналогия (ұқсастық) жағына бейімделетіндігін, ал анағұрлым күрделі бейнелік теңеулердің салыстырмалы түрде сирек екендігін қосар болсақ − онда біз түркілік поэтикалық шығармашылықтың сипаты туралы жеткілікке түсінікке ие боламыз. Бұл шығармашылықтан да біз тіл мен музыкаға қатысты атап өткен тағы сол психологиялық белгілерді көреміз: құрастырудың схематикалық айқындығы мен тамаша жүйелі заңдылығы барысындағы құралдардың салыстырмалы түрде жұтандығы.
Сонымен, түркі тілдерінің, түркі музыкасының және түркі поэзиясының құрылысын қарастыру бізді ұлттық шығармашылықтың барлық осы көріністерінде байқалатын түркі психологиясының белгілі ерекшеліктерін бекітуге әкеледі. Рухани мәдениеттің басқа салаларында да осындай психологиялық өзгешеліктер оның өзегін құрайды. Діни өмірге қатынасында түркілер белсенділігімен айрықшаланбайды. Түркі тайпаларының үлкен бөлігі қазіргі кезде исламды ұстанады, ертеректе түркі-буддашылдар (ұйғырлар) және түркі-яхудейшілдер (хазарлар) болды. Өздерінің ұлттық пұтқа табынушылық нанымдарын сақтап қалған түркі тайпалары аз. Олардың ішінде алтайлықтар ерекше қызығушылық туғызады. Бұлардың діні (олар пұтқа табынушылықты әлі күнге дейін сақтағандықтан) дуализм идеясын бойына сіңірген және бұл дуализмнің сабақтасты, педанттық жүйеге дейін жеткізілгені назар аудартады. Бұл жерде біз, демек, тілде, музыкада және поэзияда атап өткен рудиментарлық схематизммен тағы кездесеміз. Саханың және чуваштардың пұтқа табынушылығынан да сол дуалистік үрдісті, бірақ алтайлықтарға қарағанда схематикалық сабақтастығы аз дуалистік үрдісті табамыз.
Әдеттік құқықта да, оның ішінде рулық құрылыс жүйесінде түркі психологиясының ерекше белгілері бейнеленеді, бірақ бұл саладағы схематизм істің мәнімен байланысты және ол басқа да көптеген халықтарда да кездесетіндіктен оларға ғана тән құбылыс деп айтуға болмайды. Дегенмен, түркілік әдеттік құқықтың, жалпы айтқанда, әрқашан сол географиялық аймақтағы басқа тайпалардың әдеттік құқықтарына қарағанда (моңғолдарды айтпағанда) анағұрлым өңделгенін және жүйелі құрастырылғанын атап өтпеске болмайды.
III
Осылайша, түркілердің бүкіл рухани шығармашылығында бір негізгі психологиялық белгі − салыстырмалы түрде жұтаң және рудиментарлық материалды айқын кестелеу белгісі үстемдік етеді деп айтсақ, біз қателеспейміз. Осыдан барып түркі психологиясының өзі туралы тұжырымдар шығаруға болады. Кәдуілгі түрік ұсақ-түйектің шатасқан бөлшектерін бүге-шегесіне дейін қазбалауды ұнатпайды. Ол негізгі, айқын қабылданатын бейнелермен жұмыс істеуді және осы бейнелерді анық және қарапайым кестелерге топтастыруды қалайды. Алайда бұл қағидаларды дұрыс түсіндірмеу мүмкіндіктерінен сақ болу керек. Мысалы, түркінің зердесі схематикалық абстракцияға ерекше бейім деп ойласақ жаңылысқандық болар еді. Түркілердің психикалық типінің сипатына сілтейтін, біз іріктеп алған нақты этнографиялық мәліметтер мұндай түйін жасауға негіз бола алмайды. Түркілердің рухани шығармашылығы соның төңірегіне құрылатын біз көрсеткен схемалар мүлдем философиялық абстракцияның өнімі бола алмайды және тіпті әлденені әдейі ойластырудың сипатына ие болмайды. Керісінше, олар сананың астында және сол психикалық инерцияның санаға сіңірілмеген себебі ретінде психикада өмір сүреді. Осы психикалық инерцияның арқасында психикалық материалдың барлық элементтері бөгде тәртіпте емес, дәл сол тәртіпте өз-өзінен реттеледі: бұл осы кестелердің ерекше элементарлығы мен қарапайымдығының арқасында мүмкін болады. Екінші жағынан, түркі психологиясының схематизмі қиялдың кең қанат қағып самғауына кедергі келтірді деп ойлау да қателік болар еді. Түркі тайпаларының эпикалық аңыздарының мазмұны мұндай түсінікке түбегейлі қайшы келеді. Түркі қиялы жұтаң емес және ол кібіртіктемейді, онда батыл самғау бар, бірақ бұл самғау рудиментарлы: қиялдың күші мұқият екшелеуге емес, әр алуан толықтыруларды үйіп-төгуге емес, кеңінен әрі ұзындығынан дамуға бағытталған; осы қиялмен салынған туынды әр алуан бояулармен және өтпелі екпіндермен шұбарланбайды, негізінен кең, кейде орасан зор кең екпінмен жазылады. Түркі шығармашылығына тереңінен тән болып келетін кеңінен жайылуға деген бұл ұмтылыс іштей түркі психикасының сол, біз айтқан, негізгі белгілерінің әсерінен болады. Біз ең ұзын түркі сөзінің (мысалы, османлы-түрік тіліндегі вуруштурамамышыдыныз "сіз олардың бір-бірін жеңуге мәжбүр ете алмадыңыз") оның ең қысқа сөзі сияқты да дәл сол дыбыстық және этимологиялық заңдарға бағынатынын, ең ұзын кезеңнің өзі қысқа жай сөйлемдегідей бір синтаксистік ережелерге бағынатынын, ең ұзақ әнде де, қысқа әндегідей композициялық ережелердің үстемдік ететінін, ұзын поэмалардың өзі қысқа қос шумақтар құрастырылатындай ережелерге бағынатынын көрдік. Материалдың элементарлығы мен кестелердің қарапайымдығының арқасында құрастыру шексіз үлкен көлемдерге дейін оңай созыла алады. Және осы созылмалы жазықтықта түркінің қиялы қанағат табады.
Кәдуілгі түркінің сипатталған осы психологиясы бұл психология иелерінің өмір сүру тәртібі мен дүниені пайымдауын да білдіреді. Түрік симметрияны, айқындықты және орнықты тепе-тендікті жақсы көреді; бірақ мұның барлығын ол өзінің ойының, қылықтарының және өмір тәртібінің инерциясы бойынша анықталатындай етіп берілгенін емес, дайын күйінде беріліп қойғанын ұнатады: оның өмірі мен дүниетанымы соның негізінде құрылуы тиіс түпкі және негізгі кестелерді іздестіру және қалыптастыру түрік үшін қашанда азапты, өйткені бұл іздестіру қашанда айқындылық пен орнықтылықтың жоқтығын өткір сезінумен байланысты. Сондықтан да түріктер әрқашан дайын бөтен схеманы қуана қабыл алатын, жат жерлік нанымдарды қабылдайтын. Бірақ, әрине, кез келген бөгде дүниетаным түрік үшін ыңғайлы емес. Бұл дүниетанымда міндетті түрде айқындылық пен қарапайымдылық болуы керек, ал ең бастысы ол оған барлығын, өзінің барлық нақтылығындағы әлемді сыйдыра алатындай қолайлы схема болуы тиіс. Белгілі бір дүниетанымға сеніп, оны өзінің бүкіл әрекетін анықтайтын бей саналы заңға, әмбебап схемаға айналдырып және осылайша айқын негіздегі орнықты тепе-тендік жағдайына қол жеткізіп түрік сонымен тынышталады да өзінің осы сенімін берік ұстанады. Дүниенің осы пайымдаушылығына рухани және тұрмыстық тепе-тендіктің мызғымас іргесі ретіндей қарай отырып, түрік осы дүниетанымның өзінде қыңыр консерватизм көрсетеді. Түркі ортасына түскен сенім немесе дін міндетті түрде салқындайды және қатаяды, өйткені бүл жерде ол орнықты тепе-тендіктің басты шарты − қозғалмас қазық рөлін атқаруға арналған.
Түркі психикасы мен семит психикасы арасындағы тартылыстың қызықты құбылысы түркі психологиясының осы ерекшелігіне негізделген. Бір біріне тура қарама қарсы анағүрлым айрықша екі психиканы табу қиын. Тағы да тілдің, музыканың, поэзияның, ою-өрнектің нақты этнографиялық мәліметтерінің негізінде семиттің психологиясы түркінің психологиясына қаншалықты қарама қарсы екендігін көрсетуге болады. Және дегенмен, түркілердің көпшілігінің мұсылман екендігі және түркі-хазарлардың яхудейлікті өздерінің мемлекеттік діні қылған тарихтағы жалғыз семит емес халық екендігі кездейсоқ емес. Қайшылықтарды іздеп жүріп табатын, қайшылықты табудан және оны казуистикалық (себептілік) тұрғыда игеруден ерекше ләззат алатын күрделі жымдасқан жөне шатасқан нәзік нәрселерді қазбалағанды ұнататын семит және ішкі қайшылықтың мазасыз сезімін бәрінен де жек көретін және оны игеруге шамасы келмейтін түрік − бұл екі келбет бір-біріне ұқсамақ түгілі, тіпті бір-біріне тура қарама-қарсы. Бірақ тартымдылықтың себебі де осы қарама қарсылықта жатыр: семит түріктің қабілеті келмейтін жұмысты түрік үшін атқарады − қайшылықтарды игереді және қайшылықтардан ада шешімді (казуистикалық болса да) түрікке сыйға тартады. Сондықтан орнықты тепе-тендіктің қажетті іргетасын іздей жүріп, түрік үнемі мұндай іргетас ретінде семит рухы шығармашылығының жемісін таңдайтыны таң қаларлық нәрсе емес. Бірақ бөтен рухтың бұл жемісін қабылдай сала түрік оны бірден қарапайымдандырады, оны статикалық тұрғыда, дайын күйінде қабылдайды және оны өзінің ішкі және сыртқы дүниесінің тек мызғымас негізіне ғана айналдыра отырып, оның ішкі дамуына еш қатыспай, оны мәңгіге қатырып тастайды. Осылайша түріктер исламға бірде бір ірі дінтанушы, заңгер немесе ойшыл берген жоқ: олар исламды аяқталған дүние ретінде қабылдады.
IV
Түркі тайпаларының жоғарыда біз жалпы белгілерінде баяндаған психологиялық сипаттамасы барлық "тұрандықтардың" немесе "орал-алтайлықтардың" сипаттамасы ретінде де қарастырыла алады. Моңғолдар этнопсихологиялық қатынасында түркілермен бір тұтастықты құрайды. Түркі тілінің, түркі музыкасының, поэзиясының, әдеттік құқығының ерекше белгілері туралы, түркі қиялының, дүниетанымы мен өмір тәртібінің бағыттары туралы жоғарыда айтылғанның барлығын бірдей дәрежеде моңғолдарға да қатысты қолданылады; тек моңғолдарда барлық бұл ерекшелік белгілер түркілерге қарағанда онан да өткір көрінеді. Моңғол психологиясы мен семит психологиясының арасында тарихи себептерге орай тартылыс жағдайлары болған жоқ. Дегенмен де моңғолдар, түркілер сияқты өз дүниетанымы мен тұрмыстық тәртібінің негізі ретінде өзге рухани шығармашылықтың дайын нәтижесін қабылдап алады; тек бұл жерде қабылдаудың көзі түркілердегі сияқты семиттік ислам емес, қытай тибет тасымалындағы үнділік буддизм. Егер түркілер, жоғарыда айтылғандай, исламды қатырып тастап, мұсылмандық ойдың ішкі дамуына еш қатыспаса, моңғолдардың буддизмге қатынасына байланысты да мұнан еселеп айтуға болады.
Егер моңғолдар, осылайша, түркілерге қарағанда, тұрандық психологияға тән барлық белгілердің нағыз шұғыл көрінісімен ерекшеленсе, ал угрофиндер туралы осыған керісінше сөз қозғау керек. Тұрандық психологияның белгілері угрофиндерде де айқын көрінеді, бірақ қашанда түркілермен салыстырғанда, анағұрлым әлсіз деңгейде байқалады. Фин тілдері, жалпы, түркі тілдеріндегідей негізгі принциптерге құрылады, бірақ бұл принциптердің жүргізілуінің сабақтастығы шамалы аздау /8/.
Әрбір тілдегі кемшіліктер мен "тысқарылықтар" міндетті түрде әрбір тілдің тарихы бойында оның бастан кешіретін бей саналы механистік өзгерістерінің нәтижесінде және тілдің өзінің тарихи даму табиғатының өзімен байланысты іске асады: тіл дамуының кез-келген ертеректегі кезеңі жаңа кезеңіне қарағанда қашанда анағұрлым "дұрыс". Бірақ жанды әңгімені сана тылсымындағы схематикалық заңдарға бағындыру рухының түркі тілдеріндегі күштілігі сонша, ол тарихи үдерістердің қиратушы әрекетін барынша бейтараптандырады; сондықтан да қазіргі заманғы түркі тілдерінің грамматиктері "тысқарылықтарды" білмейді (немесе білмеуге жақын) және сондықтан да жекелеген қазіргі заманғы түркі тілдері бір-біріне соншалықты ұқсас. Угрофин тілдерінде айқын заңдылықтың осы тежеуші рухы анағұрлым әлсіз болып шықты. Угрофин психикасының түркілерден басқа айырмашылығы фин шығармашылығының қашанда түркілерге қарағанда самғау ауқымының тарлығымен сипатталады /9/. Ақырында угрофиндік тілдер мен рухани мәдениеттің көрінісін түркілердікімен салыстыра келе, угрофиндердің психикалық тұрғыда да, мәдени тұрғыда да түркілерден анағүрлым енжар екендігіне көзіміз жетеді. Түркі тілдерінің сөздіктерінде басқа тілдерден қабылданған сөздер әрқашан да болады, бірақ бұл сөздер басым көпшілігінде, түркілердің тікелей жанасқан қандай да бір көршілерінен алынбайды, мәдениеті сол түркі тайпасының мәдениетіне "алыстан", шет жерлік сөн ретінде әсер еткен халықтардан алынады, сондықтан мұндай сөздер әрқашан халықтың тілінен гөрі әдеби тілде мейлінше көп кездеседі. Түріктің халықтық тілінде араб және парсы тіліндегі сөздер өте көп, бірақ грек, армян немесе славян сөздері мүлдем жоқ іспетті. Бұл тұрғыдан алғанда угрофин тілдері мүлдем басқа кескінді байқатады: олардың сөздіктері өте көне дәуірден бастап қазіргі соңғы кезеңге дейінгі әртүрлі уақыттарды угрофиндердің қайсыбір уақыттарда қақтығысып жанасқан барлық халықтарынан қабылдап алған сөздерге толы. Сонымен бір мезгілде олармен жанасқан халықтарға угрофиндердің өздерінің тілдерінің ықпалы таң қаларлықтай әлсіз: великоростардың угрофиндермен көп ғасырлық көршілігіне қарамастан, великоростардың тілінде фин сөздерінің өте аз ғана санын көрсетуге болады, онда да бұл сөздер әдетте қандай да бір географиялық шектеулі аймақтық сөздіктің шеңберінен шыға алмайды; көршілес славян тілдеріне мадьяр (мажар) тілі онан көбірек ықпал етті, бірақ салыстырмалы түрде кейінгі уақыттарда және дегенмен мадиярлардың өздерінің тілдерінің игеріп алған славян сөздерінің саны славяндардың, оның ішінде, мысалы, сербхорват төне енген мадьяр сөздерінің санынан әлдеқайда көп /10/. Дәл сол енжарлық, дәл сол жат тайпалық ықпалға деген ашықтық угрофиндердің рухани мәдениетінің барлық қырларынан аңғарылады: славяндардың, оның ішінде орыстардың, оның үстіне еділ-кама және орал сыртындағы угрофиндерде − түркілердің, батыстық угрофиндерде − "балтықтық" (латыш-литовтық) және германдық, ал мейлінше көне дәуірлерде барлық угрофиндерде ирандық және кавказдық ықпалдарды атап өтуге болады. Қандай да бір угрофин тайпасының мәдениетінен барлық осы жат тайпалық элементтерді бөліп алып, жөне, осылайша, бұл мәдениеттің угрофиндік өзегін тазартып алуға ұмтылған зерттеуші, әдетте, дымсыз, қол қусырып қалады. Дегенмен барлық жердей үздіксіз осындай қабылдауларына қарамастан, жекелеген угрофин тайпаларының мәдениеті, мәдениетті шетке шығаратын халықтардың мәдениетінен айрықшалана отырып, өзіндік сипатымен ерекшеленеді. Бұл өзіндік, ең алдымен, бір халықтың мәдениетінен қандай да бір элемент қабылдап алып, угрофиндер бұл элемент, оның бастапқы егелерінің сақтағанына қарағанда, анағұрлым көне, архаикалық түрінде сақтап қалуымен байланысты болып келеді: мысалы мордва великоростардан қабылдап алған олардың мәдениетінің көптеген элементтерін сақтап қалды, ал бұлар великоростардың өздерінде толығымен ұмытылған немесе танылмастай өзгеріске түскен және олардың славяндық тегі туралы қорытындыны олардың кейбір өзге славяндарда сақталғанына қарап жасауға болады. Екіншіден, бұл өзгешелік угрофиндердің бірнеше әртекті мәдениеттерден қабылдаған элементгерді синтездеуінің нәтижесінде де орын алады. Ақырында, мотивтерді немесе мәдени құндылықтарды құрастыруға арналған материалды қабылдағанның өзінде, бұл құрастырудың әдіс-тәсілдері мен шығармашылық формаларының психологиялық негіздері угрофиндерде өздерінікі, тұрандық болып қала береді.
Жалпы айтқанда, угрофиндер тұрандық психиканың барлық типтік белгілерін сақтайды деп түйіндеуге болады, бірақ түркілер мен монголдарға қарағанда психикалық белсенділігі аз және біршама жұмсақ күйінде сақтайды деген тоқтамға келуге болады.
Осылайша, "орал-алтайлық" немесе "тұрандық" тілдердің жекелеген топтары арасында генетикалық туыстықтың күмәндене қарамастан және жекелеген тұран халықтарының көп жағдайларда бір-бірінен едәуір айрықшаланатынына қарамастан, біртұтас тұрандық этнопсихологиялық тип туралы айтуға болады және оған қатынасында түркілік, моңғолдық және угрофиндік этнопсихологиялық типтер соның нұсқалары немесе нақыштары болып табылады.
V
Тұрандық психологиялық тип несімен орыстың ұлттық мінез-құлқында бейнелене алады және тұран психикасының белгілері орыс тарихында қандай мәнге ие болды деген сұрақтарға жауап беру үшін ең алдымен, тұрандық психологиялық типтің жекелеген адам өмірінде қолданылуын айқын әрі нақты түсініп алу керек. Тұрандық психологиялық типтің жоғарыда келтірілген анықтамасынан шыға отырып, мұны жасауға болады.
Тұран психикасының кәдуілгі өкілі қалыпты жағдайында жан дүниесінің айқындығымен және сабырлылығымен сипатталады. Оның тек ойлауы ғана емес, нақты болмысты түгел қабылдауы да өз-өзінен оның қарапайым және симметриялы схемасына, басқаша айтқанда, "сана тылсымындағы философиялық жүйесіне" сыйып кетеді /11/. Сана тұңғиығындағы жүйенің сол схемасына сондай-ақ оның қылықтары, әрекеттері мен тұрмысы да сыйып кетеді. Оның үстіне "жүйе" өзінің сол мағынасында ұғынылмайды, өйткені ол сананың тылсымына кетіп қалды, өмірдің негізіне айналды /12/. Осының арқасында ой мен сыртқы болмыстың арасында, догмат пен тұрмыстың арасында ыдыраңқы алшақтық болмайды. Сыртқы әсерлер, ойлар, қылықтар мен тұрмыс біртұтас ажырамас бүтіндікке құйылады. Осыдан барып айқындық, сабырлылық және өз-өзіне сенімділік туындайды. Кейбір психикалық белсенділіктің төмендеуі жағдайында орнықты тепе-тендік жағдайында бұл іс жүзінде толық мызғымастыққа әкелуі мүмкін. Бірақ оның бұлай болуы мүлдем міндетті емес, өйткені дәл сол белгілер психикалық белсенділікпен де толық үйлесе алады. Жүйенің орнықтылығы мен түзулігі оның одан арғы шығармашылығын теріске шығармайды, бірақ, әрине бұл шығармашылық сол баяғы сана тылсымындағы іргелі негіздермен реттеледі және бағытталады және осының арқасында мұндай шығармашылықтың өнімі өз-өзінен, табиғи түрде, оның жалпы тәртібі мен бүтіндігіне нұқсан келтірмей, дүниетаным мен тұрмыстың дәл сол жүйесіне енеді.
Тұрандық психологиялық типтегі адамдардың әлеуметтік және мәдени құндылықтарына келер болсақ, оны жағымды деп мойындамауға болмайды. Тұрандық психика ұлтқа орнықтылық пен күш береді, мәдени-тарихи сабақтастықты бекітеді, кез келген құрылыстарға игі ықпалын тигізетіндей ұлттық күштер экономиясының алғышарттарын қалыптастырады/13/. Мұндай құрылыстың табыстылығы, әрине, сол ұлттың психикалық белсенділігі мен дарындылық деңгейіне бағынышты болады, ал бұл деңгей болса, әртүрлі болуы мүмкін және ішкі өмірдің белгілі формасы ретіндегі тұрандық психологиялық тип пен дарындылық немесе белсенділіктің қандай да бір белгілі деңгейінің арасында ешқандай міндетті байланыс жоқ. Тұрандық психологиялық типтің әлеуметтік және мәдени-тарихи құндылысын бекіте отырып, біз тек дарындылық пен психикалық белсенділіктің әрбір берілген деңгейінде ұлттың дамуы үшін тұрандық психологиялық типтің белгілі бір қолайлы жағдайлар туғыза алатынын түйіндей аламыз.
VI
Тұрандық психиканың жатымды жаты, соз жоқ, орыс тарихында игі рол ойнады. Тұран психикасының дәл осы қалыпты қырының Петрге дейінгі Мәскеу Русіндегі көрінісін аңғармай қалуға болмайды. Діни ұстаным мен тұрмыс бірегей болған ("тұрмыстық ғұрыпшылдық"), мемлекеттік идеологиялар да, материалдық мәдениет те, өнер де, дін де біртұтас жүйенің − теориялық түрде көрініс таппағанымен және саналы түрде өңделмеген, бірақ әркімнің санасының тылсымында болған жөне әркімнің де, ұлттық бүтіндіктің өзінің де болмысын анықтаған жүйенің ажырамас бөлігі болған бүкіл өмір тәртібі, осының барлыгы, сөз жоқ, өз бойында тұрандық психикалық типтің ізін сақтайды. Ал дәл осы болса, көне Русьтің тірегі болды, оған орнықтылық пен күш берді. Егер кейбір үстірт шетелдік бақылаушылар Ежелгі Русьте халықтың билік агенттері алдында, ал соңғыларының патша алдында құлдық ұрып құрақ ұшқанынан басқа ештеңені кермесе, онда бұл бақылау, әрине, дұрыс емес болар еді. Еш қарсылықсыз бағыну тұран мемлекеттілігінің негізі болып табылады, бірақ ол бүкіл тұрандық ойлау жүйесіндегі сияқты идеяда, тізбегімен аяғына дейін жүреді, ең жоғарғы басқарушының өзіне дейін таралады, ал ол өз кезегінде, міндетті түрде, әрбір бағыныштының да өмірінің жетекші негізі болып көрінетін қандай да бір жоғарғы принципке түбегейлі бағынушы ретінде пайымдалады. Ежелгі Русьте мұндай басқарушы принцип ерекше правосавиелік мәдениеті бар діни догматтар мен ғұрыптардың органикалық қосындысы ретіндегі Православие діні болды, ал оның жекелеген көрінісі өзіндік иерархиялық сатысы бар мемлекеттік құрылыс болды; жөне Русьті бір тұтастыққа біріктіріп және оны басқарған жалаң құлдық принципі емес, әрине, әрбір бағынышты үшін де, патшаның өзі үшін де бірдей дәл осы жоғарғы принцип болатын. Өзінің ежелгі Русь түсінігіндегі православие діні барлығы − жеке өмір де, мемлекеттік құрылыс та, ғаламның болмысы да − өз-өзінен сыйып кететіндей сананың дәл сол шеңбері болатын. Және де сананың осы шеңберінің саналы теориялық ойлаудың пәні болмай, барлық ішкі рухани өмірдің сана тұңғиығындағы негізі болғанынан тұран психикасының қалыпты қыры туралы біздің жоғарыда айтқандарымыздың танымал аналогиясын көрмей қалуға болмайды. Мейлі, Православиенің өзін орыстар тұрандықтардан емес, Византиядан қабылдасын, мейлі, ол тіпті орыстың ұлттық санасында татарщинаға қарама-қарсы қойылсын, қанша дегенмен де орыс адамының православиелік дінге деген қатынасының өзі және бұл діннің оның өмірінде қаншалықты рол ойнағаны белгілі бір мағынада тұрандық психологияға негізделді. Өз психикасының дәл осы тұрандық белгілерінің әсерінен ежелгі орыс адамы өзінің дінін өз тұрмысынан ажырата алмады, діннің көріністерінен мәнді емес элементтерді саналы түрде бөліп-жара алмады және сондықтан да оның гректермен кездескенде нашар дінтанушы болып шығатыны осыдан еді. Жіктелудің пайда болған дәуірінде жарқын көрінген сенім мен ғұрыпқа деген тәсіліндегі орыстар мен гректер арасындағы психологиялық алшақтық ежелгі орыстың ұлттық мінезінде Византияға мүлдем жат тұрандық этнопсихологиялық элементтердің терең тамырлаған жағдайының салдары болатын.
Мәскеу мемлекеті татар қанаушылығының арқасында пайда болды. Мәскеу патшалары "орыс жерлерін жинақтауды" аяқтаудан алыс тұрып-ақ ұлы моңғолдық монархияның батыс ұлысындағы жерлерді жинақтай бастады: Мәскеу Қазанды, Астраханды және Сібірді жаулап алғаннан кейін ғана қуатты мемлекетке айналды /14/. Орыс патшасы моңғол ханының мұрагері болып табылды. "Татар қанаушылығының құлатылуы" татар ханын православиелік патшамен алмастырумен теңгерілді және ханның ордасын Мәскеуге көшіруге әкелді. Тіпті боярлар мен мәскеулік патшаның басқа да қызметіндегілердің жан басына шаққандағы пайыздық үлесінің басым көпшілігін татар ауқаттыларының өкілдері құрады. Орыс мемлекеттілігі өзінің бастауларының бірінде осы татарлардан шығады және осы жағдайға көзін жұмып қарайтын немесе оның мәнін төмендетуге тырысатын тарихшылардың әрекетін дұрыс деп құптауға келмейді /15/. Бірақ егер орыс мемлекеттілігінің осындай татарлық қайнар көзін теріске шығару мүмкін болса, онда, әрине, орыс мемлекеттілігінің ішкі мазмұны мен оны идеологиялық ақтауда, әрине, татар мемлекеттілігімен тура аналогиясы табылмайтыны элементтер де жарқын көрінеді; бұл − Православие және византиялық дәстүрлер. Татар мемлекеттілігін орыс мемлекетіне айналдырудың ғажайыбы діни сезімнің шектен тыс оталуының арқасында, татар қанаушылығы дәуірінде Ресейді шарпыған правосавиелік-діни шарықтаудың арқасында жүзеге асты. Бұл діни жалын Ежелгі Руське татар мемлекеттілігін шектеп, оған жаңа діни-этикалық сипат беріп, оны өзінікі етіп алуға көмектесті. Татарщинаны орыстандыру мен православиелендіру жүзеге асты жөне татар мемлекеттілігінің жаңа формасының егесі болып қалған мәскеулік патшаның діни-этикалық беделге ие болғаны соншалық, батыстық ұлыстың барлық өзге хандары оның алдында өшіп қалып, оған орын беретін болды. Татардың игі жақсыларының Православиеге және Мәскеу патшасының қызметіне жаппай өтуі осы моральдық тартымды күштің сыртқы көрінісі болды.
Бірақ егер, осылайша, Мәскеу Русінде өзінің тегі жағынан тұрандық болып табылатын мемлекеттілік пен мемлекеттік идея православиеленсе, христиандық діни қасиетке ие болып, идеологиялық тұрғыда византиялық дәстүрлермен байланысса, онда мынадай сұрақ туындайды: сонымен бір мезгілде кері құбылыс, яғни византиялық дәстүрдің өзі "тұранданып", тұрандық психика белгілерінің Православиенің орысша түсіндірмесінің өзіне кірігуі жүзеге асқан жоқ па? Мәскеу Русі өзінің болмысын ғана емес, оның пайда болуының өзін анықтаған діни жалынның кернеулігі мен бүкіл күшіне қарамастан, қашанда арабтардан да діндар болғанымен, бірде-бір көрнекті мұсылман дінтанушысын бермеген түркілер сияқты, ол да бірде-бір православиелік дінтанушысын берген жоқ. Бұл жерде діни психологияның жалпы белгілері байқалады: оларда да, бұларда да діннің догматы философиялық сауданың пәні емес, ішкі рухани өмір мен сыртқы болмыстың берілген негізгі аясы ретінде қарастырылады; онда да, мұнда да діни ойлау ептіліктің жоқтығымен, абстрактылықты елемеумен және нақтылыққа, діни толғаныстар мен идеяларды сыртқы тұрмыс пен мәдениетке енгізуге ұмтылуымен ерекшеленеді. Саналы ойластырылған және мұқият жіктелген дінтанулық жүйенің орнына Ежелгі Русьте қандай да бір сөзбен білдірілмейтін "сана тылсымындағы философиялық жүйе" орнықты және ол өзінің формальды танылмағандығына, дінтанымдық трактаттарда жазылмағанына қарамастан, барлық өмірлік тәртіпте білініп, соған тамырланды. Осынысымен орыстың діндарлығы өзінің догматтық бірегейлігі болғанымен, грек діндарлығынан айрықшаланып, догматтық ұқсастығы болмаған және болуы да мүмкін емес тұрандық психикамен жақындасты.
Көне орыс діндарлығына тән абстракцияны ескермеудің және православиелік-дінтанымдық шығармашылықтың болмауының грек діншілдігімен салыстырғанда кемшілік екендігі күмән туғызбайды. Бірақ сонымен бір мезгілде, кейінірек ежелгі орыс діндарлығының ерекше қасиетіне айналған сол "тұрмыстық ғұрыпшылдықтың", мәдениет пен тұрмыстың сол дінмен сіңірілуі кемшілік емес, артықшылық болғанын мойындамауға болмайды. Әрине, "мұны да істеу керек, оны да қалдырмау керек" болды. Тұрандық психологиялық белгілердің белгілі гипертрофиясы орыстың діндарлығында қыңырлықты жөне дінтанымдық ойлаудағы ебедейсіздікті тудырды және бұл кемшіліктерден құтылу керек еді /16/. Бірақ бұл психиканың тұрандық белгілердің үлесіне жатқызуға болатын ежелгі орыс халқының діндарлығының жағымды қасиеттерін бір де кемітпейді. Дін саласындағы істің мәні осындай болды, ал мемлекеттілік саласында да басқаша болмады: орыс психикасына кәдуілгі тұрандық белгілердің егілуі кейінірек Мәскеу Русін ең ұлы державалардың біріне айналдыратындай, орыстарды мемлекеттік құрылыстың сондай мықты материалына айналдырды.
Орыстың ұлттық келбетіндегі тұрандық этнопсихологиялық белгілердің рөлі туралы барлық айтылғандарды түйіндей отырып, бұл рөлдің жағымды болғанын айту керек /17/. Кемшілігі теориялық ойлаудың шектен тыс ебедейсіздігі мен әрекетсіздігі болды. Бұл кемшіліктен құтылу керек еді, бірақ, әрине, шығыс славяндарының тұрандықтармен жанасуының нәтижесінде туындаған орыстың ұлттық типінің сол барлық жағымды қырларын құрбандыққа шалмай құтылу керек еді. Тұрандық ықпалдан тек жағымсыз белгілерді көру − әрі қайырсыздық, әрі ұят. Біз өзіміздің славяндық бабаларымыздан бір де кем емес дәрежеде біздің тұрандық бабаларымызбен де мақтануға құқымыз бар. Өзінің тек арийлік қана емес, тұрандық психологиялық типке тиесілігін сезіну жеке және ұлттық өзіндік танымға ұмтылған әрбір орыс үшін қажет.
VII
Кез келген ұлт үшін жат жерлік қанау бақытсыздық қана емес, сонымен бірге сабақ. Жат жерлік жаулап алушылармен зорлықшылармен жанаса отырып, ұлт олардың ұлттық мәдениеті мен идеологиясының элементтерін және олардың психикасының белгілерін олардан қабылдап алады. Егер ол қабылданған дүниесін органикалық тұрғыда өңдеп, игеріп және ақырында қанаудан құтылса, сабақ ретіндегі бұл қанаудың игілігі немесе залалдығы туралы азат болған халықтың қандай күйде көрінетіндігіне қарап бағалауға болады.
Моңғол қанаушылығы екі ғасырдан артық уақытқа созылды. Ресей оның қол астына ұлттық ынтымақтастық туралы және мемлекеттілік туралы түсініктен жұрдай, ыдыраңқы, өзімшіл жекелеген княздықтардың агломераты болған кезінде түсті. Татарлар келді де, Ресейді қанай бастады және жолай үйрете де бастады. Ал екі жүз жылдан астам уақыттан кейін Ресей қанаушылықтан, мүмкін "шикі пішілгенімен", бірақ экспансиясының күшін сыртқа да көрсете бастаған "тұрмыстық ғұрыпшылдықтың" бірлігі мен ішкі рухани тәртіппен тұтастанған, "мықты тігілген" православиелік мемлекет күйінде шықты. Бұл татар қанаушылығының нәтижесі еді, орыс халқының тағдырындағы қанаушылықтың өзінің пайдалылығы мен зияндығын бағалауға болатын жеміс еді.
Таты екі жүз жылдан аса уақыттан кейін Ұлы Петр пайда болды да, "Еуропаға терезе ашты". Терезе арқылы еуропалық идеялардың лебі соқты. Үстем тапқа шетелдіктерді тарту арқылы осы таптың өкілдерінің еуропалануы басталды. Мәскеу Русіндегі дінді, мәдениетті, тұрмысты және мемлекеттік құрылысты бір тұтастыққа біріктірген және бүкіл орыс өмірі соған сүйеніп тұрған, сол баяғы түзу "сана тылсымындағы философиялық жүйе" бұзылып, қирай бастады. Ал мұның салдары мемлекеттіліктің негізі міндетті түрде мәжбүрлеудің жалаң күші болуы тиіс. Әскери қызмет пен крепостниктік құқық Петрге дейінгі Русьте де болды, бірақ тек еуропаландыру дәуірінде ғана Ресей милитаристік жөне крепостниктік par excellence /18/ елі болды. Және егер осының барлығына әрбір уақыт сайын барлық түбегейлі орыс дүниесіне жасалған қатал зобалаңды, орыстың ұлттық мәдениетін ресми түрде тағылық деп жариялауды және еуропалық идеялардың рухани тегеуірінін қосар болсақ, онда орыс тарихының бұл кезеңін "еуропалық" дәуір немесе "роман-германдық қанаушылық" дәуірі деп атасақ артық айтқандық болмас. Бұл қанаушылық та екі жүз жылға созылды. Қазір Ресей одан да шықты, бірақ енді жаңа түрде − КСРО күйінде шықты. Большевизм, Мәскеу мемлекеттілігінің татар қанаушылығының жемісі болғаны сияқты, ол да екі жүз жылдық роман-герман қанаушылығының сондай жемісі болып табылады. Большевизм Ресейдің осы уақытқа дейін Еуропадан не үйренгенін, еуропалық өркениет мұраттарын оның қалай түсінгенін және бұл мұраттардың қандай екенін, оларды нақты іске асырған кезде көрсетеді. Сол жемісіне қарай роман-германдық қанаудың пайдалылығы мен зияндығын бағалауға болады.
Және осы екі аттестатты − татар мектебінің аттестаты мен роман-герман мектебінің аттестатын бір-бірімен салыстырғанда, еріксіз түрде татар мектебі анау айтқандай жаман болмап еді деген тоқтамға келесің...
Түсініктемелер
1. Түркі, монгол және маньчжур тілдерінің туыстығы ("алтай тілдері" деген жалпы топқа біріктірілген) ұзақ уақыт бойы ықтимал деп есептеліп келді, бірақ бұған соңғы уақыттары оларды мұқият зерттеудің нәтижесінде күмән келтірілді. "Оралдық" тілдің басқа тұрандық тілдермен туыстығын қазір лингвисттердің көпшілігі күрт теріске шығарады. Тек ең соңғы уақыттары ғана бұл туыстықты ғылыми қайта дәлелдеудің ұмтылыстары болып жатыр.
2. д - е мен я-ның арасындағы орташа дыбыс, орыс тіліндегі пять деген сөзде айтылатын дауыстыға ұқсайды.
3. Мысалы, алтай тілінде ц дауысты буыннан кейін тек ц, ь дауысты буындар ғана тұра алады, ы дауысты буыннан кейін тек ы немесе а дауысты буын тұра алады және т.б. Түрікшеде тек егер алдыңғы буын "қараңғы дауысты" болса ғана, я, ь дауыстылары сөздің бірінші буынында болмайды; ы, ъ дауыстылары тек "жарық дауысталардан кейін.
4. Мысалы, түрікше қол "рука" ілік септігінде − қолун, ал таш − ілік септігінде ташың, бұл осы сөздердің әртүрлі септіктерге жатуынан емес, дауыстылардың үйлесімділігі заңы бойынша у тек артқы қараңғы дауысты буыннан кейін ғана тұра алады, ал ы тек жарық дауысты сөзден кейін ғана тұрады және т.б. Егер "болу" мағынасындағы етістікті есептемегенде, бұл етістік, яғни болу жер шарының барлық тілдерінде дерлік қалыптан тысқа шығып кетеді.
5. Мысалы, зат есімдер әйелдік (женский) және еркектік (мужской) тектерге (род) бөлінбейді.
6. Дыбыстық тұрғыдан алғанда түркі сөзі белгілі бір мағынада біртекті дыбыстардың кешені болып табылады; ал мәндік тұрғыдан алғанда − бұл біртүтас түсінік. Түркі сөзінің дыбыстық тұтастығы дыбыстардың үйлесімділігі заңдарының әрекетімен анықталады; бұл әрекет аяқталған жер сол сөздік бірліктің шекарасын білдіреді және сол жерден өзге сөздік бірлік басталады. Бұл әдетте әрбір сөздің соңғы буынына түсетін екпінмен айқындалады.Дыбыстар үйлесімділігінің барлық заңдары әрбір сөз дыбыстарының сапасы дәл сол сөздің тікелей алдыңғы буынындағы дыбыстардың сапасымен айқындалатындығына теңгерілетіндіктен, ал және әрбір сөздік бірліктің бірінші буыны түбірді білдіретіндіктен түбірді берілген сөздің бүкіл фонетикалық сипатын (дыбыстық келбетін) анықтайды деп айтуға болады. Бұл дыбыстық қырдың мәндік баламасы сөздің грамматикалық элементтерінің орналасу тәртібі болып табылады. Түбірден кейін жұрнақтар (суффикстер), яғни сөздің материалдық мағынасын құбылтушы және арнайыландырушы дыбыстар кешені орналасады: әрбір жұрнақтың қосылуы мәндік қатынасында бұл жұрнақтың жоқ кезінде білінетін түсініктен материалды түрде басқа жаңа түсінікті қалыптастырады. Және де, егер сөзде бірнеше жұрнақ болса, онда олар анағұрлым жалқы және нақты мағынадағы жұрнақтар анағұрлым жалпы және абстрактылы мағынадағы жұрнақтарға қарағанда түбірге жақын орналасады. Ақырында, сөз жалғаумен, яғни сол берілген зат немесе әрекет туралы материалды түсінікті өзгертпейтін, тек сол сөйлемдегі бұл сөздің басқа сөздерге логикалық қатынасын ғана көрсететін дыбыстар кешенімен аяқталады. Сөздің формальды элементтерінің орналасуының осы принципі мызғымас сабақтастықпен сақталады. Мысалы, етістіктегі терістеу ерекше жұрнақпен білдіріледі, өйткені тегістелетін әрекет туралы түсінік қосталатын әрекет туралы түсініктен басқа жөне т.б. Түркі сөзінің дыбыстық және морфологиялық құрылысы туралы барлық осы айтылғандарды бейнелейтін бірнеше мысалдар келтірейік. Османлы-түрік тіліндегі таш "камень" сөзі а − жарық артқы дауыстыдан тұрады; джык (дауыстының алдында джығ) − қысқартушы жұрнақ: ташджык "камушек"; лар − көпше түрдің жұрнағы: ташлар "камни", ташджыклар "камушки"; -ым − жеке түрдегі 1-ші жақтың журнағы: ташым "мой камень", ташларым "мои камни", ташджығым "мой камушек", ташджыкларым "мои камушки"; -да − жатыс септігінің жалғауы: ташда "в камне", ташджыкда "вкамушке", ташларда "в камнях", ташджыкларда "в камушках", ташымда "в моем камне", ташдарымда "в моих камнях", ташджыкларымда "в моих камушках". Барлық бұл сөздердің бір екпінге, "а − ы " екпініне құрылғанын байқау қиын емес: бұл екпін таш түбіріндегі дауыстының сапасымен беріледі. Ев "дом" сөзінен туындайтынның барлығы түбірлі сөздегі дауыстымен берілетін өзге екпінде (дәлірек айтқанда "е − і" екпінінде) құрылады: салыстырыңыз: евджиклеримде "в моих домиках" және т.б.
7. Мәселе салыстырмалы және шартты-салыстырмалы сөйлемдердің үстеулік (причастный) конструкциялармен білдірілетінінде болып отыр, оның үстіне үстеулер анықтауыш ретінде қарастырылады және жалпы ережеге сәйкес, анықталатын сөздің алдына қойылады: "Я принес книгу, которую ты видел" деген орысша сөйлемнің мағынасы орыс тілінде мынадай мәнде айтылады: "Я тобой виденную книгу принес ". Мақсаттың сөйлемдері септіктері бар конструкциялармен, инфинитивпен білдіріледі, ол орыс тіліндегі барыс септікке (дательный падеж) койылады жөне фразада, әдетте, жанама толықтауышқа арналған орынды алады: орыстың "Я принес книгу, чтобы ты ее прочел" деген сөйлемін ол тілден тура мағынасында былайша аударылады: "Я к тобой-прочтению (к твоему прочтению) книгу принес. Уақыттың сөйлемдері етістіктік іс-қимылдың субстанцияланған есімінің жатыс септігінің (locativus) және шығыс септіктерімен (ablativus) білдіріледі: мысалы, "Когда я проходил, ты сидел " деген сөйлем "Ты в моем прохождении (во время моего прохождения) сидел " деп аударылады және т.б. Ақырында, әртүрлі кері үстеулер (деепричастия) өте көп қолданылады, олардың кейбіреулері біздің орыс тіліндегі мен деген ажыратушы конструкцияларымыздың орнын алмастырады: мысалы, "Япошел и вернулся "деген сөйлем "Я пойдя вернулся "деген сөйлем арқылы (түрік тілінде бен гидип гельдим деп айтылады) тәржімаланады және т.б. Бір сезбен айтқанда, қалай да болмасын бір бастауышқа және бір баяндауышқа бағындыруға келетіннің барлыгы бір ғана сөйлемнің шеңберіне сығымдалып болса да сыйып кетеді.
8. Ең алдымен тілдік материалдың езі, дыбыстар мен формалардың жиынтығы угрофин тілдерінде түркілермен салыстырғанда азырақ рудиментарлы, көбірек алуан түрлі: мейлінше бай дыбыстық жүйемен кезге түсетін фин тілдері бар. Барлық фин тілдерінде септіктер барынша кеп, біраз фин тілдерінде жіктеудің мейлінше күрделі жүйелері бар, мысалы тек бастауыш қана емес, етістіктің тура толықтауышы да жеке жалғаулармен білдіріледі. Екінші жағынан, сөздердің құрылысын анықтайтын негізгі заңдар толық сабақтастықты қамтымайды: дауыстылар үндестігі мен дауыссыздарды қолдану заңдары түркі тілдерімен салыстырғанда соншалықты айқын емес, соншалықты жіктелмеген; жалғаулардың бірлігі заңынан шығып кететін тысқарылықтардың бірқатар жағдайлары бар, яғни мысалы, екі грамматикалық жалғаулардың бірдей комбинациясы жағдайы кейбір фин тілдерінде етістіктерде де, жұрнақтардан өзге префикстерде де орын алады және т.б.
9. Бұл қағида музыкамен көрнекі бейнеленеді және рәмізделеді. Негізгі угрофин дыбыстық қатары мажорлық немесе минорлық гамманың алғашқы бес нотасынан тұратын дыбыстық қатар болып табылады деп тұжырымдауға толық негіз бар: вогулдар мен остяктардың әндері күні бүгінге дейін, басқа угрофин халықтарының ежелгі әндері осы дыбыстық қатарға құрылады және батыстық финдердің де ("кантеле"), вогулдар мен остяктардың да ("сагульдап") гуслиге ұқсас анағұрлым кене ішекті аспаптары дәл сол дыбыстық қатардың күйіне келтірілген бес ішектен тұрады. Түркі әуендері туралы жоғарыда айтылғандарды еске түсірсек, онда бұл әуендерді угрофин әуендерімен былайша салыстыруға болады: екеуінде де тек бес екпін қатысады, бірақ сонымен бір мезгілде түркі әуендерінде бұл бес екпін ең болмағанда октаваның шегінде орналасса, кәдуілгі угрофин әуендері квинтаның шектерінде қозғалады. Тікелей қабылдау кезінде кәдуілгі угрофин әуендері қысылушы ұяңдықтың әсерін қалдырады және, әсіресе түркі әуенімен салыстырғанда, қанат жаюдың жоқтығымен таң қалдырады.
10. Тек самоед тілдерінің сөздігіне угрофиндік ықпалдың деңгейі қомақты болды, бірақ угрофиндік тілдердің өзі (зырян, вогул, остяк тілдері) самоедтік тілдің кері ықпалына бөтен болмады.
11. Бұл терминнің қайшылықтығына толық жауап бере отырып, біз басқа оңтайлы нәрсенің жоқтығынан оны қолдануға бел будық.
12. Жүйенің сана тұңғиығына кеткені маңызды. Жүйе қарапайым да айқын схемаларға барлығы (сыртқы әлем, ой, қылық, тұрмыс) сыйып кетуі тиіс деп ұғынылатын болса және ол үнемі сананың аймағында болатын болса, онда ол "сұғанақ идеяға" (idee fixee) айналады, ал онымен ауырған адам жан дүниесінің барлық айқындығы мен сабырлылығынан айрылған маниак фанатикке айналады. Бұл жүйенің ебедейсіз және нашар болғанда орын алады, сондықтан болмыс оған өз-өзімен емес, табиғатқа зорлық жасау жолымен енеді. Егер тұрандық типтегі адам өзінің езге тайпаластары өмір сүріп келе жатқан қолайлы, көптеген ұрпақтардың күш-жігерімен бірте-бірте қалыптастырған дүниетаным мен тұрмыс жүйесінен қандай да бір себеппен бас тартып, өзі жетілген жаңа жүйені құруға ұмтылса, осындай жағдай болуы мүмкін. Жемісті ойлауға қабілеті болмағандықтан (демек жаңа жүйені іздеуге де қабілеті жоқ), сана тылсымында дайын мықты іргетас болмағандықтан мұндай адам көбіне қандай да бір бөтен жүйені топастықпен өңдеп және қарабайырландырып нашар, қолайсыз жүйені жасайды. Мұндай жағдай, әрине, өте сирек және мұндай адамдардың қалыптастырған жүйесінің ыңғайсыздығы салдарынан бұл жүйе тұрандық типтегі адамдардың арасында табысқа жете қоймайды. Ерекше − күшті темпераменті және асқан дарындылығы болған жағдайда осындай қолапайсыз жүйені қалыптастырушылар − idee fixee өз маңына осы идеяның дәл өздері сияқты фанатиктерінен құралған шағын ғана сектаны ғана жинақтай алады.
13. Әрине, бұл тұрандық психиканың тек қалыпты қырына ғана қатысты. Тұрандық психологиялық типтегі адам болғанымен, сыртқы әлемді де, ойларды да, әрекеттерді де, тұрмысты да өзіне зорлықсыз енгізе алмайтын жүйедегі, бір сөзбен айтқанда, алдыңғы қосымшада айтылған секталардың жетекшілері болса, онда олар − әлеуметтік тұрғыда зиянды. Өздерінің сектанттығымен олар ұлттық бірлікті қалыптастырмайды, керісінше бұзады. Нақты болмысты, мораль мен тұрмысты қабылдауды алдын ала анықталған ебедейсіз, қарабайыр схемамен келістіруге деген қыңыр ұмтылыстарына негізделген олардың шығармашылығы мәдениетке мейлінше күмәнді құндылықтардың элементтерін енгізеді. Өздерінің ұстамсыз фанатизмінің, миды тесіл ететіндей сұғанақ ойды тұтатудың арқасында олар тудырғаннан гөрі көбірек қиратады және олардың қиратқан немесе қиратқысы келген дүниелері әдетте олардың өздерінің ұсына алатын дүниелерінен анағүрлым құнды болып келеді. Бірақ мұндай адамдардың ілуде бір болатынын және нағыз тұрандықтар арасында сирек кездесетінін ескеру қажет.
14. Халықтық эпикалық дәстүр Мәскеу мемлекеттілігінің бастауын тура дәл осы сәттен бастайды: "тас қорғанды Мәскеу басталды, қаһарлы патша Иван Васильевич басталды". Қазанды, Астраханды және Сібірді бағындырған Иван Грозныйға дейінгінің барлығын халықтық дәстүр аңызға айналған эпикалық көне дәуірге, жалпы-князь Владимир дәуіріне жатқызады. Тіпті III Иванның татарларға салық төлеуден бас тартуы сияқты оқиғаның өзі аңыз әңгімеге (Василий Казимирович туралы) енді, бұл аңызға сәйкес, ол кездегі "астана" − дәстүрлі Киев, ал князь Владимир болып саналады.
15. Мамандығы бойынша тарихшы емес, лингвист және этнограф болғандықтан, осы жолдарды жазушы өзіне бөтен ғылыми салаға ауытқуға дауаламайды. Дегенмен татар қанаушылығы дәуірінен бергі уақытта орыс тілінде пайда болған деньга, алтын, казна, тамга (таможня осыдан шығады), ям (ямская гоньба, ямщина, ямской және т.б. осыдан шыгғды) сияқты терминдердің төркіні татарлық тектен екендігін атап өткіміз келеді. Бұл мемлекеттің пошта тасымалы мен қаржыны ұйымдастыру сияқты маңызды функцияларында татарлық ықпалдың шешуші болғанын анық көрсетеді. Мәскеу мемлекетінің әкімшілік ерекшеліктерін өз мемлекетін ұйымдастырудың негізіне жатқызған Шыңғыс ханның идеяларымен салыстырғанда кейбір аналогтар өзінен-өзі сұранып тұрғандай көрінеді. Бұл мәселелер тарихшы-мамандардың мұқият зерттеуіне лайықты.
16. Бұл кемшілікті түзетудің жеңілдігі сол тұрандық психикалық белгілердің гипертрофиясы (ал кемшілік осыған негізделді) барлық орыс тайпаларын емес, тек оның бір бөлігін, дәлірек айтқанда великоростарды қамтығандығымен түсіндіріледі. Тұрандық ықпалға великоростраға қарағанда азырақ ұшыраған малоростар тұрандық тектің кейбір жағымды қасиеттеріне азырақ ие, мысалы, бұл олардың ірі ауқымдағы мемлекет құруға деген қабілетінің великоростардан кемдігінен көрінеді, бірақ керісінше, дінтанымдық пайымдауға деген үлкен қабілетін көрсететін сияқты және орыстың Православиелік Шіркеуіне бірқатар көрнекті дінтанушыларды берді: Дмитрий Ростовский, Симон Тадорский, Сильвестр Каневский және орыстың дінтанымдық-академиялық дәстүрін туындатқан бүкіл могиляндық дінтанымдық мектеп. Шіркеуде, өмірдің басқа да көптеген қырларындағы сияқты орыс тайпасының басты осы екі бөлігі бірін бірі өзара толықтырып отыруға тиіс сияқты. Бір бірінен алшақтай отырып, бүл бөліктердің әрқайсысы сыңаржақтылыққа түсу қаупіне килікті.
17. Әрине, жоғарыда сипатталған тұрандық психиканың аномалды қырларының белгілерін бойына жинаған адамдардың орыс ортасында да болғанына және қазір де бар екеніне көзімізді жұмып қарай алмаймыз. Бұл − орыстың бүлікшіл-доктринерлері, секталардың негізін қалаушылар, сыңаржақты фанаттар, олардың көпшілігі сырт келбетінде тұрандық антропологиялық типтің белгілерін білдіреді. Орыс тарихында мұндай адамдардың маңыздылығы көбіне таза жағымсыз күйінде қабылданды: олар ұлтты қалыптастырмайды, ыдыратады, құндылықтарды жасағаннан гөрі қиратады. Таза тұрандық емес, орыс ұлтының аралас мінезінің салдарынан, мұндай адамдар нағыз тұрандықтардың арасында барынша сирек, кездеседі, орыстардың арасында көбірек ұшырасады. Бірақ, жалпы, орыстардың арасында да олар саусақпен санарлықтай және, әрине, орыс тарихындағы тұрандық психиканың рөлін қарастырғанда негізінен олар туралы айтуға тура келмейді. Бұл қарастыру барысында тысқарылықтарды емес, ең алдымен қалыпты жағдайларды ескеру керек.
18. Бірыңғай (лат.).
Н. Трубецкой. О туранском элементе в русской культуре // История. Культура. Язык. М., Издательство группа "Прогресс", "Универс". 1995., С. 141 - 162.