Жамбыл жырлары қырғыз тілінде жарық көрді

ӘДЕБИЕТ
1042

Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына және Қырғыз Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

Манас және Ш. Айтматов ұлттық академиясында салтанат құрған басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасы легендарлы Парламентінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуалиев, Қырғыз Республикасы Манас және Ш.Айтматов ұлттық академиясы президенті Топчубек Тургуналиев, Қырғыз Республикасының Ұлттық жазушылар одағының төрағасы Нұрланбек Калыбеков, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, Жамбыл облыстық Мәслихатының хатшысы Махметқали Сарыбеков сонымен бірге тағы басқа да қазақ-қырғыз зиялы қауым өкілдері мен қабырғалы қаламгерлер қатысты.

«Жамбыл – қазақ пен қырғызға ортақ тұлға. «Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз» деп айтатын ақынның қоңсы қонған қырғыз халқына деген риясыз көңілі анық аңғарылады. Алатаудың абызы осы қырынан да түркі бірлігіне қызмет еткені баршаға ғибрат»,  деді Академия басшысы алқалы жиында.

Осы тұста қырғыз еліне Жамбыл туған топырақтың ыстық сәлемін жолдай келген Алматы және Жамбыл облыстық Мәдениет басқармаларының өкілдері мен өрелі өнерпаздар іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, бауырлас елде баба рухын аспандатқанын айрықша атай кеткен жөн.

Конференция барысында Жамбылдың қырғыз тіліне аударылған таңдамалы шығармалары («Жамбыл Жабаев. Тандалган чыгармалар») көпшілік назарына ұсынылды. Құнды еңбекті қырғыз тіліне белгілі әдебиеттанушылар - Керимбек Кадыракунов пен Түгөлбай Казаков тәржімалаған.

«Жыр алыбы атанған Жамбыл жыры - кейінгілер үшін өлмес өнеге, тағылымды мұра. Қырғыз-қазақта Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Тоқтоғұлдың есімі қатар аталады. Осы дәстүрді жалғап, туысқан елдер арасындағы әдеби байланысты нығайту - ата-баба алдындағы, ұрпақ алдындағы ұлы борыш. Халықаралық Түркі академиясы мұрындық болып отырған бүгінгі игі шара - осының анық айғағы», деп атап өтті алқалы жиында сөз алған  Медеткан Шеримкулов.

«Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адамзаттың аспанын Жамбыл ақын солай биіктеткен. Біз батыры да, ақыны да бар елміз. Қазақ қырғыздың мықтылығы сонда. Егіз туған екі халықтың ұлы перзенттері Жамбыл мен Тоқтоғұлдың достығы бүгінге де, ертеңге де үлгі», деген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы тұғырлы тұлғаны қырғыз елімен байланыстыратын тарихи деректерге тоқталды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі жазушы Каныбек Иманалиевтің «Тагай бий (Мухаммед Кыргыз)» атты тарихи повесінің тұсауы кесілді. Аталған еңбек ХVI  ғасырда өмір сүрген, қырғыз елінің  басын біріктіріп, ел болуға негіз қалаған Тағай бидің өміріне арналған.

Тағылымды шара  қазақ және қырғыз ақындарының қатысуымен өтетін ХІV халықаралық аламан айтысқа ұласты.

madeniportal.kz

author

Жамбыл Жабаев

АЙТЫСКЕР

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...