Ханс Кристиан АндерсенАударған Ғ. ЖұмабаевҚаланың сырт жағы қандай тамаша! Жаздың жайма-шуақ кезі, қ...
Қуандық Шамахайұлы. Тұйғын (романнан үзінді)
Ақпаса су бола ма тамшылаған, Жүйріктің сәні болмас қамшылаған. Күніне сан мың үйрек ілсе дағы, Тұйғынның бағасы артық қаршығадан. (Халық әнінен)
Көк аспанмен таласқан биік таудың баурайындағы ірі жартастан құлап аққан сарқыраманың гүрілі сай-саланы жаңғыртып, қатты естілгенімен құлаққа жағымды. Тау шыңынан бастау алатын бұл асау өзен Тонхил көліне барып құяды. Өзеннің тұп-тұнық көгілдір түсті суынан мейірлене жұтқанда сарайың ашылып, тұла бойың сергіп сала береді.
1938 жылдың жаз маусымының алғашқы айының басы. Еңсесі биік тәкапар таулардың шыңдары шығыстан күлімдеп шыққан күн сәулесін алғашқы болып қарсы алды. Біртіндеп тау қойнауы мен етегіне қарай төгілген күн сәулесі қабағын қарыс түйіп жатқан ала көлеңке атаулының бәрін сай-саладан ысырып, көсіліп жатқан шеті мен шегі көрінбейтін, аспанның көкжиегімен де өлшеуге келмейтін ұлы даланы нұр шуағына бөледі.
Таң сәулесімен бірге жаз маусымының сұлу көркі де ажарлана түскендей. Күркіреп аққан мөлдір өзен бойындағы көк майса алқапты жағалай қонған ақ шаңқан киіз үйлердің түңіліктері түріліп, маңайында мыңғырылып жатқан төрт түлігі біртіндеп таудағы өріске қарай бет алған.
Қорадан өрген қой-ешкісі аралас мыңға жуық мөлшердегі табынды айдап бара жатқан салт аттының соңынан ала шұбар тайға мінген жеті жасар Шәміл есімді ұл жорғалата жетті. Қойшыға еріп ол да, “шәйт-шу” деп қолындағы қамшысын сермеп, табынды айдасып, әудем жерге дейін шығарып салды да кері қайтты.
Тайының тізгінін тартып, баяу ғана аяңмен аулаға келді де секіріп түсіп, керменің ағашының төменгі тұсына шылбырын байлап ортадағы он қанат үлкен ақбоз үйге енді.
- Шәмілтай-ау, таң атпай тұрып алып, қайда жүрсің? - деп, азандағы ас-суды қамдап жүрген бәйбіше ұлына мейірлене қарады.
- Апа, қойды өріске шығарып салдым. Арират ағама көмектескенім ғой - деді, бала қолындағы бұзаутіс қамшыны босағаға қойып жатып.
- Дұрыс, ұлым. “Ерте тұрған жігіттің ырысы артық” деген. Сенің осы малсақтығыңа разымын. Аман жүрсең, мына тірлікте мұқтаждық көрмессің, сірә! Кел, отыр! Менімен бірге таңғы ас іш! - деді, төрде малдас құрып, алдына қойған тақтайшада бірдеме жазып отырған әкесі Дөңтай қағаз, қаламын артындағы сандықтың үстіне қойып жатып.
- Қазір әке, беті-қолымды жуып келейін! - деп, тұнық дауыспен үн қатқан бала үйдің іргесінен он қадам жерде сылдырлап ағып жатқан бұлаққа барды. Екі жеңін түріп жіберіп, қолын ысқылап жуды. Қос қолдап алақанына толтырған сұп-суық мөлдір суды бетіне шашып қалып “Ай-һай-һай” деп дыбыстап қояды.
Буыршын жерінде бала оқытып, жергілікті мешітте имам болған Дөңтай үшін Моңғол елінің Завхан аймағындағы бұл мекен құтты қоныс болды. Мал мен жаны қатар өсіп, мамыражай күн кешіп отыр. Қазір жеті ұлы, екі қызы бар.
Шығыс Түркістан жерінен Моңғолияның орталық өлкесіндегі табиғаты тамылжыған осы өңірге келіп қоныстанғанына да оншақты жылға жуықтап қалыпты. Алғаш келген жылдары осы өлкеде шыр етіп, дүниеге келген Шәмілінің өзі биыл жеті жаста. Тұңғыш ұлы Нүкей мен кейінгісі Қайрат екеуі Ұланбатырда мұғалімдер мектебінде білім алып жатыр. Тұңғышы бас құрап отау тіккенде Дөңтайдың қуаныштан жүрегі жарылардай болып, төбесі көкке бір елі жетпей қалып еді.
Амалы қанша, ақылына көркі сай келіні уыздай жас қалпында дүниеден өтті. Ажарына сұқтанған жұрттың тіл-көзі тиді ме, кім білсін, аяқ астынан жай оғы тигендей мұрттай ұшты. Артында қалған бір түйір сәбиі де жоқ. Тұңғышынан немере сүйемін деген үміті ақталмады. Қайғыдан қан жұтқан Нүкей еңсесін көтермей тұнжырап жүріп алды. Бас құрасын деп, бірқатар таныс-білістерімен құдаласпақ та болды. Нүкейі әрдайым ат-тонын ала қашып, үйленуге құлық танытпаған соң інісімен бірге оқысын деп қалаға аттандырған жайы бар.
“Орнында бар оңалады” демекші, ол шешімі де жөн болған секілді. Жуықта ғана Ұланбатырда өткен жиынға барған сапарында екі ұлымен жолығып қайтқан. Нүкейі серпіліп, мұң торлаған жүзі ептеп жадырап еңсесі көтеріліп, қалғанын көріп, іштей жақсылыққа балап, қуанып еді.
Қазір қасындағы отауының иесі, екінші ұлы Хамилаттан немере сүйіп, мұңлы көңілі жадырап, жаратқанға шүкіршілік етіп отырғаны.
Ана жылы ежелгі досы Көксеген бимен құдаласып, түсірген келіні Жансейіт пен Бәтиманы сыйлады. Қазір осы екі немересі Дөңтайдың көзқуанышы. Оларды өзінің сүт кенжелері Шамсейіт пен Әрнұрашиттен де артық жақсы көреді. Бір мүшел жастан енді ғана асса да, ортаншы ұлы Әрират өте шаруақор. Малдың жайын үлкендерден артық біледі. Ат құлағында ойнайтын осы бір шынашақтай ұлы әкесіне де, аға-бауырларына да көп сүйеу болып жүр. Жасы алпысты алқымдап қалса да, Дөңтайдың балалары әлі жас. Алғашқы жары дүниеден ерте өтті. Одан бала сүймеді.
Жаны жомарт жергілікті жұрт арғы беттен ауып келген қазақтарға көз алартпады. Кең қолтық ел ғой, қыстау, жайлау, күзеуіне шейін жер бөліп беріп, жеке аудан құрды. Әкімі етіп елағасы Дөңтайды тағайындады. Әкімдікпен қатар ел үкіметі жанындағы аз ұлттар комитеті пен халық құрылтайында да сайланбалы қызметі бар. Сол себептен, ел астанасы Ұланбатырға жиі барып тұрады.
- Әке, бүгін тағы да күйтабақ ойнатасыздар ма? - деп, тақылдаған Шәмілдің сөзі Дөңтайдың ойын бөліп жіберді.
- Ойнатамыз, қарғам. Түсте ел жұрт жиналады. Сурахбаяр тамыр келген соң күйтабақтан ән тыңдайсыңдар! - деді.
Шәміл үшін алыс-жақын қоныстанған ағайын-туыс, жақын-жекжаттардың жиналуы ұлы той іспетті. Бәрінен қызығы, әкесі үйдегі төртбұрыш қобдишадағы затты далаға шығарып, оның қақпағын ашып, бүйіріндегі бірдемені бұрып-бұрап қалады. Одан кейін жылтыр қара дөңгелек күйтабақты үстіне қояды да, қасындағы қолдың жұдырығынан кішілеу ұшында инесі бар нәрсені қойғанда-ақ музыка ойнап, әлде бір көрінбейтін адам ән шырқай жөнеледі.
Әкесінің досы Сурахбаяр деген ұранқай кісі өте жақсы адам. Өйткені, ол кісі келген сайын күллі бала-шағаға кәмпит таратады.
- Дүнтээний көбен Шамил нәрич гэм!* - деп, ең алдымен Шәмілдің қос қолдап тосқан алақанын кәмпитке толтырады. Одан кейін сол маңайдағы жеткіншектердің бәрін бір-бірлеп шақырып, тәттіге қарқ қылады. Ол кісінің ұсынған кәмпиті болсын, балбауырсақ, қант, тоқаш несі болса да, тек қос қолдап, алақаныңды тосып алуың керек. Олай етпесе, ренжіп қалады. Кейбір балалар бергенін бір қолымен алғалы жатса, ұсынған дүниесін кейін қояды да “былай істе” деп қос алақанын қосып тұрып көрсетеді. Айтқанын ешбір бала екі етпейді. Қазір барлық бала әбден үйреніп алған, алақаны тәттіге толған соң:
- Гялайлалаа ах аа!** - деуді ешбірі ұмытпайтын болған.
Әкесі қалаға жиі сапарлайды. Үйден күрең қасқа жүйрігін мініп, қасына хатшысы Махмет пен көмекшісі Құдыс ағаны ертіп алып кетеді. Естуінше, мініп барған аттарын Улиастай қаласына қалдырып, ары қарай машинаға отырып, Ұланбатырға лезде жететін көрінеді. Машина деген өте жүйрік деседі. Бір өзінде қырық аттың күші бар және үстіне жиырма-отыз адамды мінгізіп алып, желмен жарысып зулап кететін көрінеді. Сиырдың мөңірегені секілді дыбыс шығарып, арт жағынан түтін будақтатып тартып отырады. Сол күйі құйғытып отырып, айшылық алыс, сонау жер түбіндегі Ұланбатырға үш-ақ күнде жетіп барады деседі. Үлкен кісілер оны ауыздарының суы құрығанша мақтап, жағаларын ұстап таңдана сөз ететін қайтерсің.
Шәміл машина деген сол бір алып көлікті көз алдына елестетіп, ойша оның бейнесін жасайды. Машина дегенді бір үйір жылқыны бір-біріне қосқандай көлемі ірі бір дәу сұры ат деп ойлайды. Арқасы жалпақ әрі кең. Үстіне көп адам қатар отырғанда молынан сыйып кететіндей жәшігі бар. Сол жәшікке адамдарды тиеп алып, шаба жөнелгенде жердің шаңын шығарып, желге де жеткізбей қалаға қарай құйғыта жөнеледі. Үстінде әкесі бар, өзгесі бар бәрі ағаш жәшіктен тас қып ұстап отырады. Шапандарының жаға-жеңдері мен малақайларының құлағы, баулары, тіпті, сақал-мұрттары да желбіреп, екпінді желге қақала-шашала оқша атылып кетіп бара жатады. Оған ұшқан құстар да ілесе алмай жолда қалып жатады. Ал, оның өкірген даусын өздерінің табынындағы үлкен қарала бұқаның гүжілдеп мөңіруімен ұқсастырады. Бірақ, бұқа анда-санда мөңіресе, машина Ұланбатырға жеткенше, үзіліссіз өкіреді деп топшылап қояды. Машинаның жайын осылай ұғып, тиянақтайды да, естіген өзге де дүниелерді іштей пайымдауға тырысады.
Бірде әкесінің әңгімесінен қалада қабат-қабат етіп тұрғызылған сәнді үйлер болатынын естіген. Оны да қиялында өз үйінің үстіне отауды, оның үстіне Жүніс құданың үйін қойғандай етіп елестетеді. Сонда, олар бір-бірін қалай көтеріп тұрады? Екінші, үшінші қабаттағы үйдің адамдары астыңғы үйдің шаңырағының үстінде қалай отырады? Жай отырмайды ғой, кіріп-шығу, ұйықтап демалу, ас-су ішіп-жеу керек дегендей...
Бірақ, Шәміл оған ары қарай онша бас қатырғысы келмейді. Қабат үйлер бар деп әкесі айтқан соң болды. Жоқ нәрсені ол кісі айтпасы анық. Бар болған соң айтады да. Өскен соң өзі барып көре жатармын деп санасынан кейінге ысырып тастайды.
Сол қалаға өзінің де баратынын, оқу оқитынын есіне алғанда көкірегін қуаныш көрнейді. Оған әкесі солай деген. Қалаға барып, оқисың, білім аласың, мықты жігіт боласың деген. Әкесі айтса болды, ол міндетті түрде орындалады. Ағаларына да солай айтқан. Қазір екеуі де оқып жатыр. Тез өссем, әскери киім киіп, қалада жүрсем екен деп армандайды.
Әкесінің қалаға кеткен әр сапарынан тез оралуын Шәміл асыға күтеді. Сайды өрлеп ауылға келетін ат жолын күні бойы қарауылдап отырғаны. Алыстан қыбыр еткен бірдеменің қарасы көрінсе, Хамилат ағасының бір көзді дүрбісін салып, аспанның көкжиегін жақындатып барлай қояды. Кейде салт атты үш-төрт адам келе жатқандай көрінгені, саяқ жүрген жылқы немесе түйе, сиыр болып шығады. Ондайда дүрбіге ме, әлде, сол қарасын көрсеткен мал-сұлға ма, кімге екені белгісіз, ренжіп қалатыны бар.
Мұндай сәттерде үйге жүгіріп кіріп, құрт қайнатып, арасында абысынымен әңгіме-дүкен құрып, қолы мен аузында тыным болмай әбігерге түсіп жатқан шешесіне:
- Апа, әкем қашан келеді? Көп күн өтті ғой? - дейді.
- Шаруасы біткен соң келеді. Асықпа, Шәмілтай!
- Онысы қашан бітеді, апа?
- Мен қайдан білейін, балам-ау!
Осы кезде үйге келіп, шешесімен әңгімелесіп отырған Дөңтайдың бір жеңгесі:
- Шәмілтай, әкім қайнымның қалада сен секілді тағы бір ұлы және мына абысыным секілді қалқа жары бар шығар. Солардың үйінде жатыр-ау. Сен оны қой, маған бала бола сал! - деп, қалжыңдайды.
Шәміл оған жатып кеп ашуланып:
- Әкемнің басқа үйі жоқ. Мен сізге бала болмаймын. Өз үйімнен кетпеймін. Қалқаның үйіне өзіңіз барыңыз! Менің әкем бармайды - деп, сыртқа шыға жөнеледі. Екі әйел қарқылдап күліп қала береді.
Үйдің артындағы биік төбеге жүгіріп шығады да, атты адамдардың қарасы көріне ме деп мойнын созып, тұрып сайдың бойындағы жолға көз тастайды. Көзіне ештеңе түспеген соң қатты қамығып, ойланып қалады. “Әлгі апаның сөзі расқа шығып жүрмес пе екен. Шынымен, қалада бала-шағасы бар болса ше?” деген үрейлі ой санасында сумаң еткенде, абыржып қалады. Қабағын түйіп алып, ойға шомып біраз тұрады да “Жоқ, әкемнің қалада үйі жоқ. Бір сөзінде ол мейманханада жаттық дегені бар. Қалаға басқа жақтан барған адамдар сонда түнейді деп отырған. Құдыс ағам, Махмет хатшы үшеуі ылғи бірге барып, бірге келіп жүр” деп іштей біраз ойланып тұрды да төбеден төмен қарай ылдилап жүгіре жөнелді. Әлгі апаға барып, “әкем мейманханада түнейді, қалада үйі жоқ” деп айтпақшы болған. Үйге жүгіріп кірсе, ол кісі жоқ, баяғыда кетіп қалыпты.
Ертеңінде әдеттегісінше, төбеге шығып, сайдың етегіндегі жолға көз салды. Алыстан қарауытып бірдемелер көзіне ілінгендей болды. Дүрбімен қарауға асықпады. Себебі, тағы да саяқ жүрген мал-сұл немесе жоқ іздеген моңғол малшылар болуы мүмкін. Әлі жақындай түссін деп күтті.
Жүрістері біршама жылдам. Желдіртіп келе жатса керек. Сайдың аузына ілініп қалды. Үш салт атты, шетіндегі бірінің жетектеп алған түйесі бар секілді. Дүрбісін енді ғана қолына алып, тартты. Ортадағы күрең қасқа ат мінген әкесі, оң жағындағы шұбар жорғаны тайпалтып келе жатқан Құдыс ағасы. Сол жағында құла кер ат мініп түйе жетектеген адам Махмет хатшы.
Жүрегі дүрсілдеп соғып, қуанып кетті. Алақайлап төменге қарай ор қоянша ырғыды.
- Сүйінші, әкем! Әкем келе жатыр! - деп, аулаға келе сала жар салды.
Інісінің қасында әпкелері Бизахан мен Шәмсия жүгіріп жетті.
- Шынымен, әкемдер ме? Бөтен адамдар секілді ғой. Дүрбіңді әкелші! - деген Шәмсия: - Рас екен. Әкем ортасында. Екі жағында Құдыс аға мен Махмет хатшы...
- Шәмілтай қателеспейді. Төбеге шығып, қарауылдағанына оншақты күн болды. Әкесінің қарасын айшылық жерден көрсе де, айнытпай танитын бала ғой - деді, Бизахан әпкесі үлкен адамдарша салмақты үнмен.
Жолаушылар ауылдың шетіне іліне салысымен, Шәміл бастап бір топ бала алдарынан тосып, жүгіре жөнелді. Олардың соңынан қалмай төрт жасар Жансейіт те томпаңдап ілесіп бара жатты...
Шәміл үшін әдеттегідей зор қуаныш. Әкесінің атына теңделген қос қап қоржынды Хамилат ағасы үйге енгізіп, шешесі сөгіп, ауыл әйелдері мен бала-шағаларға базарлық таратты. Бәрі мәз-мейрам. Екі сағаттан астам бұрқ-сарқ қайнаған үлкен қара қазаннан семіз қойдың еті түсірілді, ағаш табақтарға тартылды. Қымыз құйылып, дастархан жасалды.
Төрдегі үлкендер әңгіме-дүкен құрып, арасында оң жақ пен сол жаққа бөлініп отырған қыз-жігіттер ән шырқады. Жалпы, әкесінің қалаға жолаушылап барып, осылай оралуы әрдайым өзінше той-мерекеге ұласады. Шәмілдің асыға күтетіні де осы сәт.
Түн ауа келген қонақтар үйлеріне қайтты. Әкесі мен құдасы Жүніс ақсақал, інісі Құдыс, ұлы Хамилат төртеуі оңаша қалған сәтте өзара әлде бір құпия жағдайды сыбырласуға таяу сөйлесіп отырды. Төртеуінің де жүздері сынық, әлде бірдемеге алаңдаулы секілді көрінді. Кішкентай болса да, әр нәрсеге қызығушылығы басым қағылез Шәміл қастарына барып, әкесінің тізесін құшақтап отыра қалды. Шәмілдің кекілін сипай отырып әкесі былай деді:
- Бұл Сталин кәпір қыр соңымыздан қалатын түрі жоқ. Жан дегенде жалғыз досым Гэндэн-сайдтың түбіне жетті. Естуімше, Мәскеуге әдейі шақырып алдырып, аттырып тастаған екен.
- Гэндэн дербес ел Моңғолдың бас уәзірі. Оған көрші ел Сәбеттің басшысы қалайша өйтіп өктемдік жасай алады? - деп, Жүніс ақсақал таңдана сұрақ қойды.
- Күштінің арты диірмен тартқан заман. Мына маршал Чойбалсанның сұры жаман. Сталиннің қол-аяғы болып, әбден есіріп алған сыңайлы. Жиналыста Сурахбаяр екеуіміз қатар отырғанбыз. Ол “Гэндэннің сыбайластары, жапон тыңшылары, хувьсгалын эсэргүү*** жаулар әлі де арамызда отыр. Оларды есіртіп қоймаймыз, сыбағаларын береміз!” - деп, бізді ала көзбен атып тұрып сөйлегені, маған күдік тудырды. Сыйлас, таныс-біліс талай азаматтар осы жолы жиналыстан шыға бере жасыл қалпақтылардың тұтқынына түскенін көзіміз көрді. Маған да тықыр таяды ма, кім білсін. Құдайдың басқа салғанын көрерміз - деген соң Шәміл бұрылып, әкесінің жүзіне қарады.
Жүзі сұрланып, қос жанарында терең мұң жатқандай көрінді. Сезімтал бала ештеңенің байыбына бармаса да, сөздерінің мәнін ұқпаса да, бір сұмдық пен үрейді іштей сезгендей жұдырықтай жүрегі атша тулады.
- Дөке, дәл сізге тиісе қоймайды-ау. Мұндағы ел-жұртты бассыз қалдырмас. Қалқалар да сізді бір кісідей сыйлайды ғой - деді, Құдыс күмәнді ойларды сейілткісі келген сыңаймен.
- Әй, қайдам, қарағым. Маршалдың беталысы тым күмәнді. Қобда бетіндегі қазақтардың да сорпа бетіне шығар игі жақсыларын тұтқындап, ішкері жаққа әкетіп жатқан көрінеді. Менің арғы бетте имам болғанымды үндемес ұйымның басшысы білетінін ана жолы өзіме айтқан. Біле білсек, осының өзі-ақ маған жасалған ескерту ғой. Мені қойшы, жасым алпыстың үшіне келді. Бәрінен бұрын қайнаған жат ұлттың ортасына әкеліп, қоныстандырған мына үш мың шаңырақтың күні не болады? Бізбен салыстырғанда Қобда бетіндегілер ел іші. Арғы беттен келген қазақтың қарасы да мол. Түбі, бәріміз қопарылып солай қарай кетеміз-ау. Ал, егер алда-жалда маршалдың дегені болып, Гэндэн досымның соңынан мені де эсэргүүге тартып жатса, мына шиттей бала-шаға сізге аманат, Жүке!
- Ол не дегеніңіз, құда-ау! Ондай жамандықтың бетін ары қылсын! - деді, Жүніс қария ұзын сақалын алақанымен сипай отырып.
- Жаман айтпай жақсы жоқ дегенім ғой. Жә, түн ауып, таңға жуықтап қалыпты. Бәріміз де тынығайық! - деп, Дөңтай тізесін жастанып ұйықтап жатқан Шәмілді көтеріп апарып, төрдегі кереуетке жатқызды да тысқа шықты.
Отаудың сыртында әңгімелесіп тұрған екі жігіт келіп, Дөңтайға сәлем берді. Олардың Қобда бетінен қыдырып келген қонақтар екенін таныған Дөңтай:
- Қарақтарым, ел жаққа қашан қайтасыңдар? - деп сұрады.
- Міне, қазір таң ата аттанғалы тұрмыз! - дегенін естіген Дөңтай қасындағы Хамилатты жұмсап, үйден құжат салып жүретін шағын сөмкесін алдырды. Бір бума қағаздың арасынан екі парақ шығарып, әлгі жігіттерге ұсынып:
- Айналайындар, жортқанда жолдарың болсын, жолдастарың Қыдыр болсын! Ел-жұртқа аман-сау жетіңдер! Мына парақта сондағы туыс-туғанға жазған сәлемім бар еді. Жеткізіңдер! Сәт сапар сендерге! - деп батасын берді.
Әлгі хатта мына өлең жолдары бар еді:
“Сәлем де елге барсаң Жәдігіме, Ішінде сегіз Жанат, Мәлігіме. Ағайын береке мен ынтымақ қыл Жетеді бір кісінің әлі кімге?! Сәлем айт одан кейін Оразбекке, Қонады айналып кеп асыл текке. Керейдің ұлы – кәрі адамы еді-ау Көзіңнің қырын салшы Кірімбетке. Адам басы Алланың добы деген, Дәм айдап ұзап кеттім қиыр шетке. Адамның айрылмағы оңай екен, Ағайлар таң қаламын Құдіретке. Сәлем бергін одан соң Кір ағама, Қосылмай кетеміз бе бір ағымға?! Дәм тартып мен Дәрбіде жүрмін жалғыз Адам жоқ жұбататын жылағанда. Қосылмай кетеміз бе ауылыма, Болмайды адам сеніп бұл заманға. Сәлем де Жұдырық пен Кәріжанға Құс салып Тәкен, Жықай шықсын аңға. Бұрын малға іштері орта еді, Шығады тастан түлкі аңдығанда. Сәлем де Балжан менен Шалжаныма, Ие бол қайда жүрсең мал-жаныңа. Нүкей болса оқуда, өзгесі жас, Баруға келмей шамам мен ауылға. Кір аға қайыспайтын сары белім, Қайыспай шыдаушы едің салмағыма Баласы Бәйтекеңнің он ауыл боп, Қонушы еді төрт Құланбай жан-жағыма. Сәлем де Алақан мен Тұқайыма, Дұшпанның көне берме құқайына. Қолдай гөр батыр Азат аруағы, Сыйынам ата-баба аруағына. Сәлем де одан кейін Айылбайға, Замандас ағам ғой деп қайғырмай ма? Ағайын береке мен ынтымақ қыл, Қас қылма ағайынның бір тайына. Сәлем де одан кейін Жағабайға, Ол жерде мендей бауыр таба алмай ма? Малым орта түсті деп қылма уайым, Әлі де Құдай беріп бай қылмай ма? Сәлем де одан кейін Көксегенге, Беріп еді әке-шешең көксегенде. Бар еді Құдай берген төрт ұлың, Солар да өз малын баға алмай ма? Құдайдан сен тілеген баласы едің, Көзінің жасын төгіп өксігенде. Сәлем де одан кейін Ермек шалым, Айтады сен келді деп менің балым. Нүкей болса оқуда, өзгесі жас, Бұл жерден мен баруға келмейді әлім. Нұрпейіс екі келіп келмей кетті Келсеңіз өзің көрген Дәрбідемін. Біз жүрміз көшіп-қонып Қарашыға, Жүрдің деп біреу малға таласа ма. Қасымда Әуке менен Мадиан бар, Жәдіктен ауыл саны бесеу ғана. Қосылмай кетеміз бе ауылыма, Кете ме жат бауыр боп бала-шаға. Ағасы онда, інісі мұнда жүрген, Көрмеген бірін-бірі жараса ма? Болмайды адам сеніп бұл заманға, Сәлем айт үлкен-кіші ағаларға!”
Арада жарты ай өткенде Дөңтайды Ұланбатырда өтетін жиналысқа тағы да шақыртты. Бұл жолы Махмет хатшы ауылда қалып, қалаға Құдыс екеуі бірге аттанды.
Ұланбатырдағы жиын барысында аңғарғаны, көз көрген ескі таныстардың қатары біршама сиреп қалғаны болды. Әрине, себеп түсінікті. Аз ұлттар жөніндегі комитет пен халық өкілдері Хуралы мүшелері арасынан “халық жаулары” мен “жапон тыңшылары” топ-тобымен табылып жатыр деген сөз.
Жиын соңында есік аузында жасыл қалпақтылар аңдып тұрғанын Дөңтай іштей сезіп отырды. Өзі үшін еш қам жемеді. Құдысқа тиіспесе болды деген ойда болды. “Мен ғой, асарымды асадым, жасарымды жасадым. Артымда ұрпақ бар. Үлкені бар, кішісі бар, бәрі менсіз-ақ өсіп жетілер. Ал, мына әлі бас құрап та үлгермеген Құдысқа обал ғой” деп іштей уайымдап отырды. Бірақ, оған сырттай еш сыр білдірмеді. Өзін барынша сабырлы ұстауға тырысты.
Ымырт үйіріліп, жиналыс тарай бастағанда Дөңтай Құдысты жеңінен тартты да “Асықпа, ең соңында шығамыз” деп сыбырлады. Ол үнсіз бас изеді. Екеуі жүрістерін баяулатып, шығар есікке беттегендерді өткізіп барып, соңын ала тысқа шықты. Дөңтайдың алдында ғана екі азаматты тарпа бас салған жасыл қалпақтылар ары қарай бұрыла жөнелді.
Осы сәтте Құдысты жетелеп, шапшаң басып, екеуі алаңға қарай шығып кетті. Аман-есен мейманханаға жеткенде дәлізде Нүкей мен Қайрат күтіп отыр еді. Төртеуі мейманхана асханасында тамақтанып алған соң оқуын бітірген Нүкей ертеңінде Улиастайға бірге кететіндіктен мейманханада қалды. Ал, Қайрат екі аптадан кейін ғана оқудан қолы босайтындықтан әкесімен және ағаларымен қоштасып, жатақханасына қайтты...
Улиастайға жеткенше Дөңтайдың мазасы болмады. Алдында әлде бір сойқан күтіп тұрғандай бірдемеден үйрейленіп, жүрегі қобалжи береді. Құдыс пен Нүкей ештеңеден хабары жоқтай алаңсыз әңгіме-дүкен құрып, арқа-жарқа болып келеді.
Ұланбатырдан шыққан пошта тасымал машинасы кешқұрым Улиастай қаласына келіп, жолаушылар бекетіне тоқтады. Анандайтын жерде мініс аттарын ұстап, Махмет хатшының күтіп тұрғанын Дөңтайдың көзі шалды.
“Ия Алла сәтін сала гөр” деп іштей сыбырлаған Дөңтай әлде бір дұғаны әлсін-әлсін қайталап, Жаратушыға жалбарынумен болды. Машинадан түспек болған жұртты қасында мылтық асынған төрт әскері бар екі офицер тоқтатты да:
- Тонхил жақтың азаматы Гончиг дейтін осында ма? - деп сұрады.
- Мен мұндамын! - деп, Дөңтаймен үш тәулік бойы иық тірестіріп бірге отырып келген балуан денелі кісі орнынан тұрды.
- Көліктен түс! - деп бұйырды.
Түсе бергені сол еді, екі әскер келіп тарпа бас салды да, қолын қайырып артына байлады, тізерлетіп отырғызып қойды. Оған тапжылмауды қатаң ескерткен офицер:
- Қазақ хошуунның әкімі Дөңтай бері түс! - деп бұйырды. Оны да әскерлер келіп ұстай алып, қолын қайырғанда Құдыс пен Нүкей машинадан секіріп түсті де:
- Жолдас бастық! Бұл кісі халық өкілдері Хуралының мүшесі ғой. Ол кісіні ұстауыңыз заңсыз болады! - деп жарыса үн қатып еді, әлгі офицер беліндегі тапаншасын суырып алып:
- Қолдарыңды көтеріңдер! Орындарыңнан қозғалмаңдар! Сендерге көліктен түсуге кім рұқсат берді? Шеріктер! Халық жауының мына екі сыбайласын да тұтқынға алыңдар! Қарай ғөр, оңбаған жапон жансыздарын! - деп айғай салды.
Оларды аймақтық ішкі істер басқармасына қарасты тергеу абақтысына қарай айдап бара жатқанда қолындағы тапаншасын оқтаған күйі дікіңдеп келе жатқан офицерге Дөңтай:
- Бастық жолдас! Маған қандай қылмыс жүктесеңіз де мойныма алуға дайынмын. Мына Құдыс пен Нүкейдің еш кінәсі жоқ. Бірі қызмет бабымен, екіншісі, оқуын бітіріп үйіне оралып келген жас мұғалім. Екеуін босатыңызшы! Ешбір қылмысы жоқ, осы екі жас босатылса, мені тап осы жерде атып тастасаңыз да, еш ренішім жоқ - деді. Офицерде үн жоқ.
- Аға, бұл жендетке жалынбаңыз! Не көрсек те сізбен бірге көрейік! Сізден жанымыз артық па? - деп, Құдыс Дөңтайға қазақша айтып еді, әлгі офицер бұлқан-талқан ашуланып:
- Жапонның сілімтіктері! Неге біз білмейтін тілмен сөйлесіп келесіңдер? Тыңшылық әрекеттеріңді ақылдасуды қойыңдар! Жабыңдар ауыздарыңды! - деп, зіркілдеді.
Оларды сырттай торуылдап, аттарын жетектеп, анандайтын жерде еріп келе жатқан Махмет хатшыға бұрылып қараған Дөңтай:
- Махмет, ауылға кері қайт! Жұмысыңды жалғастырып, бізден хабар күт! - деп, моңғолша айғай салды...
___________________________________________________________________________________
*Дүнтээний көбен Шамиль нәрич гэм! - Дөңтайдың ұлы Шәміл бері кел! **Гялайлалаа ах аа! - Рақмет, аға! ***Хувьсгалын эсэргүү - контрреволюционер (халық жауы)