Махмұд Дәруіш – тағдырлы тұлға. Ол – Палестинаның ұлт ақыны, қоғам қайраткер...
Мұратбек Жақсылық. Еңлік (әңгіме)
Айнала қою қара іңірге сіңіп бұлдырап көрінеді. Сан алуан ағашпен қиыстырылып жасалған қақпаның үңірейген тесігінен үй ауласындағы барлық зат күңгіртеніп көрініп тұр. Іштен қатты бекітіліп бейтаныс кісі беттей алмастай, берік қорғанның қамалы іспеттес, әсіресе байырғы қадым ағашы көп пайдаланылған қақпа, ұзақ жылдардан бері кәделі қызыметінен қажыған жоқ.
– Еңлік, әй Еңлік-Еңлік деймін...! – деп өңешім үзілгенше айғайға бастым.
Шәуілдеп үрген ақ төс иттің жаңғырған дауысы болмаса, шырақ жанған үйден таныс кісінің қарасы көрінген жоқ. Көптен бергі тынымсыз харбаластықтың кесірінен Еңліктердің үйіне келіп отырған бетім осы.
– Қайсың ей бұл? Екі кештің арасында жүрген... – деді кенет отыздың жуан ішіндегі адуынды әйел кісі шырақ жанған үйден шыға беріп...
– Мен ғой Гүлбаршын тәте Ақжолмын ...
– Кіммін дейсің ?
– Ақжолмын ...
– Тұқымың өскір мұнша кештетіп қайдан жүрсің ?- деді Гүлбаршын тәтем есіктің ішкі ілгегін ағытып жатып...
– Емханадан.
– Ауырып қалып па едің ?
– Жоға, жәй құлағымды қараттым.
– Ойбууу! Недейді көтек. Құлағыңа не болған сонда? Жығылдың ба?
– Жоқ , жығылмадым тәте. Бәрі дұрыс. Еңлік үйде ме?
– Оны жаңа сүтке жібергем, көрші Тоқтасын шалдың үйіне.
– Аааа...
– Қазір келеді, үйге кіріп сәл түте тұр балам. Мен сырттағы шаруаларды реттеп келейін.
– Мақұл – деп басымды изеп үйге кірдім.
Қызыл кірпішпен салынған үй іші қызылды-жасылды сан-алуан бұйымдармен безендірілген, көркі көз тартады. Жайулы дастарқан үсті, иісі бұрқырап жаңа пысқан тандыр нанмен, тәбет ашар тәттілерге толы екен. Сілекейді шұбыртқан өрік, миіз, кәмпит-сәмпиттердің алуан түрі көздің жауын алады. Бұл үйге мейлі қашан, қай уақытта келсеңізде қалыптасқан бұл үрдіс бұл шаңырақтағылар үшін бұлжымас қағидат боп қалған. Біраздан бері келмей кеткеннің себебінен бе өз-өзімнен қысылып, кібіртеңкіреп елегізіп ұзақ отырдым. Тыстағы жұмыстарының басын қайырып Гүлбаршын тәте үйге кірісімен, алдына байланып түйіншектелген шалғышты зығырданы қайнап зорға шешті. Күңкілдеп боқтыққа үйренген оймақтай ауызы былапыт сөзді қарша боратқанда ұялғаныңнан кірерге тесік таппайсың....
– Үй мына қантапқырдың қорлығының өткені айя... Найынсаптың! Осыдан көрде тұр, өртеп көзіңді құртпасам бәлем! - деп түлен түрткендей терігіп ашуға бұлыққан.
Айғыз-айғыз сатала-сатпақ кіршең шалғыш жуыла-жуыла әбден жұқарып, тігісінен ажырап тып-типыл болудың сәл-ақ алдында тұрғанды. Кенет, ұмаждалған күйі есік алдындағы жер ошақтың аузына төрт бүктеп апарып тыға салды. Мойынынан бір ауыр жүк түскендей мырс етіп етіп күліп алған соң, сықырлауық есік қайта ашылып үйге кіріп келген бетте қарсы алдында отырған маған жылы шырай танытып, отты көзімен осып өтердей үңіле қарады.
– Көкетайым-ау! Әкең Ақселеудің ауызынан түсіп қалғандай қалай аумай қалғансың? О... Құдірет-ай десеңші! Шашыңның бұйралығы, жан баласына сенгіш, аңқаулығына дейін аумай қалған әкеңнің тұра өзісің... Әттең! Амал нешік!! Мархұмның көрер жарығы көп болмады ғой жарығым...! Не бәрі 28 жас ғұмыр... Иләйім ол жасамаған жасты жаратқан саған бұйыртсын құлыным, кел дастарқанға жайғас. Қазір ыстық самаурынның шәйін ішеміз. – деп қасыма таяп келіп әбден беріш болып қалған қолымен басымнан сипап, шашымнан сүйді.
Үнжірғам түсіңкіреп үп еткен желмен бірге ұшып кете жаздап отырған жаным, жаңағыдай емес Гүлбаршын тәтемнің ашық қабағынан аналық ізгі тілек ақтарылғанда ет жүрегім елжіреп сала берді. Көмейіме белгісіз бір өксік кептеліп, жанарыма іркіліп жас ұялады. Шоқ қарыған ыстық жүректің жалынын намыс қайрап, тұла бойымды түсініксіз тыныштық жәйлады. Бұы бұрқырап алдыма қойылған бір шынаяқ ыдстағы қаймақталып құйылған сүтті шәйден ұрттап отырып, оқыс ойыма әлде не қиял сап ете түсті.
– Шіркін! Бұл кісінің орынында туған анам болғанда ғой. Еркелеп қасында отырсам, «Анашым ананы алып берші? мынаны алып бер?» - деп жон арқамды дыр-дыр қасытып жер бауырлап жанында жатсам арманы болмас еді – деп аусар көңілімнің ашық майнданнан аңыс күткендей, азаппен өткізген ауыр ой әлдилеп, күн сайын қажытып, қамықтырып біткен.
Сүтпен дарып, сүйекпен кеткен әдет қашанда сорпа бетіне шықпай қоймайды екен. Ылғи да іңгалаган сәбидей ындыным құрып кез келген жанның ырқына көне бермейтін көк айыл мінез менде де жоқ емес. Елең-алаңдағы ылыққан уақыт ай жарыққа ұласқанша ұйытқып өте шықты. Дастархандағы жылы-жұмсақтың барлығынан алма-кезек ауыз түйіп, әпсін оқыған молдадай Гүлбаршын тәтемнің әңгімесіне әуелеп ұйып отырғаныммен, әліптің артын баққан аяусыз дұшпандай алағызған әккі көңілдің аңсар ауаны айналаны әлде қашан кезіп кеткен болатын. «Тәйт» дегенге тартынып, «Шәйт» дегенге шаба жөнелетін шапшыма көңілдің шаңырағының шайқалу алдында тұрғанын шамалап қана сезініп, ал шалмалап түсіретінін мен ол кезде қайдан білейін?
Қыт-қыттап жүріп қиылып үйге оралғаны жаңа, Еңлік қыздың қиылған қабағы, мөп-мөлдір тұнық ажарына дейін әбден қызара бөртіп кілкілдеп көзіне жас ұялапты. Бір құты сүтке бола, сүт пысырым уақытта қайтатын қыздың сүлкімі түсіп отырған отырысы мынау! Гүлбаршын тәтем бағанадан бері батпитып-батпитып боқтағанда Еңлік жанның баданадай көзін бақырайтып қойып пәре-пәресін шығарды.
– Қараңғы үйірілгенше қайда жүрсің қаңғып? Әкеңнің жүрісі болса анау, сенің жүрісің мынау! Әбден күйдіріп өлтіретін болдыңдар ғой мені.. а... а...!!! Қашан ақыл кіреді осы саған, о сорлы албасты, жоғал көзімнен!! – деп үйден қуып шықты.
Іштен тынып, іріген сүттей іркілдеп ілініп-салынып зорға жүрген қораш басым, құлықсыз бақсының құмалағындай шашылып, құрыққа түскен құлындай құтырылып едәуір ұзақ отырдым. Алай-дүлей аласапыран қақтығысқа ұшыраған қаһарлы күй біртіндеп бәсеңдемесе ұлғайған жоқ. Көз алдымда көлбеңдеп күйіп-пысыкен көңіл-күй, үнсіздік үптеген осынау үйде әр неге бір оқталып, бір тоқтады да, тобанаяқ тірлікке тілінің зәрін шашып нәлеттеп кете барды.
Өзімде мұнда келгеніме қатты ыңғайсызданып қапалықтан әбден қағажау көрген қамыққан көңілге қайта айналып қамшы үйірілмес үшін, тездетіп үйге баруды жөн санадым. Бірақ ойда жоқта опынып оспадар халге түсіп ушыққан ой, онсызда ұйлығып ұлыған қасқырдай үре көтерілгенімен, күдік пен үміт шарпыған орайлы сәттен әлі де болса дәмелі.
Ол қандай орайлы сәт дерсіз? Ол әрине алғашқы ұнатқан ару қызға деген ақ адал жүрек, аяулы сезім болатын. Біраз уақыттан бері беттей алмай бүкпесіз ақтарылғым келіп әуреге түскен арғымақ ой, арыннан арылмай тұрғанда әй-шәйға қарамай асығыстық жасағысы келген. Бірақ бұйырмаған бақ, жиылмаған жүктей жымсыйып маң қарасын көрсеткен жоқ. Деседе тәңірі жарылқаймын десе оңай екен. Бағанадан балшыққа түсіп кеткендей бажырайып бар үмітімнен баз кешіп отырған мен, ойыма әлде не қулық сап ете түсісімен ішімнен белгісіз бір дүлей күш түртпектеп, түйіншектелген ойдың түйіні ағытылып, тіріліп қайта шыға келді.
***
Айнала қою аппақ нұрға шомылып мөлдіреп тұр. Үйден сыртқа шыққандағы атқақтаған асу ой, әліде болса айылын жияр емес. Ішімде:
– Мұндай орайды қайтсемде қолдан жібермеу керек – деген көк долы ниет жатты.
Содан ептеп жиналып сыртқа шықсам, есік алдына егілген үлкен теректің жанындағы шірік томардың үстінде, жанарынан жас сорғалап Еңлік қарындасым еңіреп отыр. Қасына таяп келіп аз-кем жұбату сөздер айтқанымды қайтейін, өзіме қарсы дүрсе қоя бергенінде мендегі бір беткей дүлей мінез тулап кете жаздап, өзімді зорға тежедім.
– Мұнда неге келдің? – деді ол сабасына әзер түсіп.
– Жәй, үйлеріңнің тұсынан өтіп бара жатқан соң хал-жәй білейін деп...
– Өтірік айтпа, басқа мақсатпен келген боларсың?- деді тағы...
– Шын айтамын...
– ОллаҺи-биллаҺи деші?
– Оййй сенде... Енді соған бола ант-су ішуім керек пе...? Өзіңмен жолыққалы келгем негізі... – деп алдын-ала дайындалған әдемі жауабымды әзірлей бергенім сол еді...
– Онда жаңа мамам маған ұрысқанда неге ара түспедің? – деп қойып кеп қалды. Тап бір менде әкесінің құны кеткендей безірейіп алыпты.
– Қалай ара түсемін? Ол кісі терісіне симай ашуланып отырса. Оның үстіне өзіңде де бар, бір құты сүтке бола сонша уақыт кешігуге болама екен адам деген... – деп бар күнәні өз мойынна арта салдым.
– Мені әдейі кешікті ғой деймісің? Қойшы болды, саған бола сөзімді шығындап отырған менде ақымақпын.
– Ақымақ емей кімсің енді... – дедім, ішімнен ернімнің ұшын ғана жыбырлатып.
– Не дедің?
– Ештеңе...
Жаспен шыланып қызара бөрткен жанарынан от ұшқындап, ұзын сонар созылып жатқан көшенің бас аяғына жылдамдата көз жүгіртіп шықты да, қатулы қабағын жазбастан сазырайған қалпы тұрған орнында тапжылмай отырып алды.
– Үйіңе кір, тоңып қаласың. – десем де сөзіме құлақ асқан жоқ.
Кешкі салқынның қылымси соғатын кермек желі болса мынау! Дерт тиген құстай делбе-делбеңді шығарып діңкеңді құртады. Арада жарты сағатақа жетер-жетпес уақыттан соң үй ішінен:
– Әй, қыз кір ей үйге – деген Гүлбаршын тәтемнің зәрлі дауыс шықты.
Ал Еңлік болса шешесінің ширыққан бұйрығына көнген жоқ. Іштегі наразылығын ашық білдіргендей анық қарсылыққа көшкен.
– Әй айтқан сөзді ұғамысың? Үйге кір дедім ғой саған – деп одан әрмен Гүлбаршын тәтем ашуға бұлығып айғайға басты. Айқара ашық қақпадан сыртқа суырылып шығып:
– Үй мүттайім, албасты басқыр қаншық !! – деп анасының қанна қарайып қаһрынан мінген ашуын көргенде, Еңлік отырған орыннан ұшып тұрегелді. Іздиіп жүгірген беті алды-артына қарамай зымырадай келіп.
Соңынан ілесе қуып жүгіріп жетемін дегенше болған жоқ, жол жиегіндегі қақ бөлінген кесекке аяғы тайып кетіп Гүлбаршын тәтем шалқасынан түсті. Аспан айналып жерге құлағандай қызыл тілін тісіне басып тыжырынғанда, Еңлік қыздың дымын қоймай қарған сілеп, қамырық дүниені басына көтерді.
– Үй желкең қиылғыр, атау кереңді ішкір, осыдан қолыма түс, мойныңды бұрап жұлып алмасам бәлем! – деп бажылдағанда бақырған дауысы жер әлемді шарпыды.
Бір-бірінен туыстық байланысы екі, үш атадан ары асып барып қосылатын Гүлбаршын тәтеміздің ақ адал көршісі үлкен атамыз Тоқтау шалдың үйі, одан әрмен Әбдешбай, Кермәлі ақсақалдардың отбасындағылар түгелі сыртқа шығып, шырқы бұзылған көшенің бас аяғына құлақ түре қапты. Едәуір уақыттан соң ...
– Әй келін шырағым не болған саған екі кештің арасында осыншама айғай аттандатып, ұят емеспе! Болар болмас іске бола қалың жұрттың шырқын бұзатын әдетіңді қашан қоясың осы – деп ауылымыздың аузы дуалы ақсақалы Кермәлі қария сөйлей бастағаны сол, Гүлбаршын тәтем ауызын бұған өгіздей ләм деместен үйіне кіріп жым болды.
***
Бұлтсыз айлы түннің сол кеші, сормаңдай бақытсыз бала жүрегім үшін бейуаз қамсыз тірліктің қаскөй қақпанына әлде қашан айналып үлгерген болатын. Әуелде Алла тағалам бұйырып, ақ қағаздай аппақ көңілге ағалық аяулы сезім ашық майданға атойлап шыға бастағандықтан болар, әлсін-әлі артыма қарайлап алаңдаумен келемін. Іштей мүжіліп мұнартқан көңіл- күйде күтпеген шабуылдардың құрығында кетіп, былығында қалуы қадам сайынғы қам харекеттерімнің қажырына байланысты. Ылғи әр жолғы қиындықтың туыларынан бұрын белгі беріп үйренген сол жақ қабағым, осы жолыда сол баяғы ғадетінен танған жоқ.
Үй артындағы үлкен ауланың ішін айнала қоршаған тоқал тамнан секіріп түсіп, әжем екуміз жататын кесек үйге қарай жылдамдамдатып кіріп келсем, әжем төсек орнын жайғап қасына менің жатын орнымды ретке келтіріп абыржыулы отыр екен, мені көрген кезде күйік дендеп бара жатқан көңілі су сепкендей басылып қуанып кетті.
– Қарағым-ау Еркінге барып ем-дом жасатқаннан кейін тездетіп кері қайт дегенім қайда? Адамды әбден алаңдаттың ғой шырағым. – деп әжем мені маңдайымнан сүйіп бауырына басты.
– Жарас ағаның үйінде болдым апа.
– Аааа... Олар аман ба екен?
– Аман...
– Жаңа сені ана Қалиқа шешең «Қаңғып қайда кетті?» деп іздеп кеткен. Бәлкім ашуға бұлығып отырған шығар. Тез киіміңді шеште жата қал қасыма. Ертең ертерек тұрып мектебіңе барасың.
– Жоқ апа. Жата алмаймын...
– Не боп қалды тағы ?
– Жаңа Еңлікті Гүлбаршын тәтем үйден қуып жіберді. Қанша дегенмен қыз баласы емеспе, қасында болайын деп отырмын.
–Құдай-ау қасында болағаны несі? Ол айналайынның барар жер, басар тауы бар жан. Ал сенің менен басқа кімің бар балам? Қой бұл ойыңды, Қазір сені қайта айланып кеп іздеп қалатын болса бәленің үлкені шығады...
– Апа шынымды айтып отырмын. Оның үстіне Еңлікке уәде беріп қойғанмын. Өзіңіз айтушы едіңіз ғой анттан аттауға болмайды деп. Рұқсат етіңізші...!!
– Апырая! Әй қу түинек-ай! Айтып отырмын ғой болмайды деп.
– Апа-ау! – деп бар арыз арманымды айтып қиылғанымда барып ақ әжем әзер илікті.
– Онда тездетіп келесің ғой? - деді
– Иә апа. Тез келемін...
– Жәрайды. Бірақ аналарға ұсталып қалып жүрме мақұл ма ...?
– Мақұл апа .
Үйдің есігін еппен жауып, мысық табандап жүріп жаңағы өзім секірген тоқал тамнан ыршып өтемін дей бергенде, кенеттен арқамнан әлде қандай қарулы қол қапсыра ұстап, сонадай жердегі қайқаңға қарай лақтырып жіберді. Домалап барып күйік шалған кішкене томардың үстіне екі бетіммен оңбай құладым. Жүзіне тұра қарауға да үлгертпей әке-шешеден тартып сыдырта боқтап аузы-аузына тимей ал кеп айғай салғанда, ашулы қолымен алқымымнан бүріп, апам жатқан үйге қарай мені алқына сүйреді.
– Үй иттен жаралған әкеңнің, аузыңа май төсеп бақсамда маңқаңды ағызып қайда қашып барасың ... А... а... ? Көрсетейін мен саған қашқанның қалай болатындығын... Мә қаш иттің ғана күшігі...! – деп аузымнан қара қанды бұрық еткізді. Таңдайымын әлі ана сүті кеппеген албырт шағым ғой, аяудың орнына аш қасқырдай азуын басып жон арқамнан жуан жұдырығымен қойып кеп қалды. «Ыңқ» етіп тағы да екі бетімнен оңбай құладым.
Әп-сәтте азан-қазан айғай-шуға ұласқан әжем екуміз жатқан үй, лезде тірі тозаққа айналды.
– Не болды ей шырағым боғыңмен жасты балаға осыша шүйлігіп, өлтіремісің...! Онда алдымен мені өлтір! – деп ақ әжем мені арашаламақшы болып алға ұмтылғанда Тілеуберді көкем көзіне албасты көрінгендей апамның басындағы ақ жаулығын жұлып алып:
– Ана деген аттан садаға кеткір арамза қақпас, осының барлығы сенің кеселіңнен – деп келсаптай қолымен қыжым-қыжым көйлекті күйіншең әжемнің көкірегінен ұрып көлденеңінен түсірді.
«Алтыным» - деп өсірген анаң ғой бұл! Аясаң болмай ма? деп ара ағайындық жасаған біреуі жоқ. Қайта айыздары қанып, айбарлары асқандай асқына сөйлейді.
– Қой, бұл кемпірге сөзіңді шығындап қайтесің отағасы. Бізді кім көрінгенге жамандап көз жасын көлдетуден жалықпайды бұл. Қашан көрсең қақшаң-қақшаң етіп қаңғиды да жүреді. – деді Қалиқа қағына лепіріп.
Әттең дүние! Алып ұрып сонда алқымынан ала түскім келіп еді ант ұрғанның. Алайда амалым қанша ? Ақ сүтін беріп арқалап өсірген баласынан, ат жалынын тартып азамат болғанда анасының ашынып өмір сүруі қай ақылға сияды? Қаршадай кездерінен ешкімге қақ-түрткі қылмай қамқорлығына алып, қарақан басын күйіттемеген қажырлы ананың қадіріне жетпесе тірісінде, қабіріне жеткізгелі тұр ғой бұл қасиетсіздер...
***
Ертесі күн ұяасынан көтеріле бере, күйзелген көңілдің құрсауынан шыға алмай құр сүлдемді сүйретіп мектепке келдім. Айқара ашық темір қақпадан асығыс-үсігіс бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Азанғы дәрістің қоңырауы шалынып барлығымыз сыныпқа жиналған соң, арамыздағы ақ періште қыз Еңліктің орыны үңірейіп бос қалыпты. Еңліктің қасына отыратын біздің сыныптас дос Әлқиса деген ұзын бойлы, қара торы өзі қағылез жігіт болатын. Одан ақ періште қыздың мән-жәйін сұрасам анығын білмейтін көрінеді, жарытып ештеңе айтпады. Аяқ асты алай-дүлей әбігерге ұласқан атқақтаған асау көңілім әлде неден секем алғандай абыржып, азапқа түсті.
– Япыр-ай! Бүгін неге келмей қалды екен? Әлде неге ұрынып қалмаса игі ед ? – деген келеңсіз ой кимелеп жанымды кеміріп жеп барады.
– Аман болса екен, аман болса екен! - деп Аллаға құлдық ұрғаннан басқа қолымнан келер қайран болған жоқ. Қайта қайыра ойланып кешегі қаперсіздікте кеткен қателіктеріме қатты қынжылдым.
Әдетте асығып-үсігіп мектепке алдымен жететін Еңліктің, кеше кеш Арал маңындағы асау өзенге аяқ асты ағып өлгенін естігенде, төбе құйқам шымырлап кетті. Жанарыма ұялаған жасты тоқтата алмай өзімді-өзім аяусыз жазғырдым.
Сол күннен бастап менің өмірім күрт өзгерді. Әр күні мүлгіген тыныштық көмкерген қараңғы түнде ол менің түсіме кіріп жиі мазалайтын болып жүр.
– Ақжол, Ақжол – деп атымды атайды да арқамнан қағып алыстап кетеді. Әлде бір дүниені айтпақ боп оқталған болады, бірақ айталмайды.
Қазір ойлаймын ол айта алмайтындай нендей қиындық туылды екен деп? Бәлкім өзімен бірге ала кеткен ұмытылмас қиянат шығар. Одан басқа нендей іс болуы мүмкін...? Жұмбақ...