Сайра Шамахай: «Отбасында тоғыз ағайындымыз»

ӘДЕБИЕТ
3601

Жазушы, ҚР мәдениет қайраткері Қуандық Шамахайұлы туралы естелік-эссе 

- Аға, сіз жай жүріп келе жатыр екенсіз ғой, мен неге жүгіріп келе жатырмын? 

- Аа, солай ма екен! Өте дұрыс жасап келе жатырсың. Жүгірмесең қалып қоясың. Осыдан былай сен сабаққа, мен жұмысқа күнде осылай баратын боламыз... 

Бұл ағамның мені жетектеп алғаш рет мектепке апара жатқан жолдағы диалогымыз еді. Ағамның басқан адымына ілесе алмай, жүгіріп келе жатқандағы зор таңданыспен қойылған осы бір естен кетпес сауал өмірімнің әрбір белестерінде өз күшін жойған жоқ. Кейде  «менің осы жасымда ағам қандай белестерді бағындырып еді, ал мен не тындыра алдым?» деген сауалды өзіме қойғанда ағамды өзіммен мүлде салыстыруға келмейтінін түсінуші едім. Ол кісінің отызында орда бұзып, қырқында қамал алған мықтылығын, еңбекқорлығын, жетістіктерін мойындаушы едім. Иә, осындай мықты, алғыр ағам болғанына іштей шүкіршілік етіп, мақтанып келдім, марқайып жүрдім. Әрине, алдағы өмірімде де салыстырамын, мойындаймын, мақтанамын. Өйткені, ағамның бұл өмірде сүріп өткен өнегелі өмірі, шығармалары, әрдайым қоғамның түйткіл мәселелері туралы айтқан қуатты сөздері, өткір сыны, ғылым, мәдениет, әдебиет саласында қарқынды еңбектері қалып отыр.  

Отбасында тоғыз ағайындымыз. Әке-шешеміз алты қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Қуандық ағамыз ең үлкен әпекеміз Майрадан кейін ең үлкен ағамыз болып туған екен. Яғни, бір әпекесі, екі інісі, бес қарындасы болды. Осы қалған сегіз ағайынды бауырларының  әрқайсысының Қуандық ағамыз туралы өз естеліктері, өз сағыныштары бар. Әсіресе, балалық шағында бірге ойнап өскен аға, әпекелерім  көбінесе Қуандық ағаның балалық шағынан сыр шертсе, кейінгі қарындастарының естеліктері оның жастық шағымен тұспа-тұс келеді екен. Ал менің сағынышпен шертер естелігім ағамның үйленіп, отбасын құрған кезден басталады.  

Бала кезімде ағам жұмыс бабымен Моңғолияның Эрдэнэт қаласынан қазақтар тұратын Баян-Өлгий аймағына ауысып, үйге бір жылдан соң аппақ келін әкеліп түсіріп, әке-шешеміз қуанып, ел-жұртты шақырып, той жасағаны есімде. Неге екені белгісіз, ағам мен жеңгем кетерінде бауырларының біреуін ерте кеткісі келді. Таңдау менен бұрыңғы әпкем Дарияға түсті. Мінезі қырсықтау әпкем бірден бармаймын дегенді айтып салды. Содан менен: «Бізбен бірге барасың ба?» - деп сұрады. Жай ғана сұрап қоя салған жоқ, сабырмен ғана: «Егер бізбен  бірге жүрсең жолда пойызға мінесің, самолетқа мінесің, содан барған соң мектепке барасың» деп түсіндіре келіп, таңдауды өз еркіме берді. Пойыз, самолет деген сөзді естіген соң көктен іздегенім жерден табылып, қуана-қуана келістім. Көптен бері терезелерін целофаннан тартып, самолет жасап ұшсам деп айналадан қолайлы материалдар іздеп жүрген қиялым үшін ойланып-толғанудың қажеті шамалы еді. Оның үстіне бұл ұсыныс үшін үйдегі мектепке бара қоймаған ең қолайлысы да мен болып тұрған екенмін. Менен кейінгі кенже сіңілім үйдің еркесі болғандықтан оған ұсынбас та еді. 

Сонымен жолға шықтық, бір күн пойызбен жүріп Улан-Баторға жетіп, ары қарай самолетпен Баян-Өлгийге жеттік. Бес қабатты үйдің екінші этажында едені жалтыраған ағамның жап-жаңа үйіне келіп, балконға шығып айналаны үзақ шолғаным, аға-жеңгеммен бірге туыс-туғандардың үйіне қыдырып барғандағы жұрттың мені «шала қазақ» атап алғаны әлі есімде. Мені он күндік пе екен, күндізгі лагерьге жіберді. Лагерьде және үйдің алдындағы алаңда ойнайтын балалармен танысып, жаңа құрбылар таптым. Бұрыңғыдай өз үйімде жүргендегі күні бойы балалармен далада ойнап, кеш бата үйді табатын кездерім жоқ. Ойын қысқарып, ендігі кезде сабаққа дайындық үшін біраз уақыт дәптерге жазу жазатын болдым. Соған қарағанда тамыз айында барсам керек. 

Өміріме күнделікті режим, тәртіп орнағандай еді. Бұл үйде бір өзің ғана бала болып жүргендігіме қарамай, бірдеңені бүлдірсем де «мен емес» деп кете беретін өз үйімдегі үйреніп қалған тәсілді қолдансам керек, ағамның: «осыны бүлдірген адамды өзің тауып берші, кім деп ойлайсың... Шындықты қорықпай айтқан адамды ешкім ұрыспайды» деп уәде беріп жататын сөздері есімде. Өзгелермен ойыншыққа таласу, тартысу жоқ. Көкейімде жүретін сан түрлі сұрақтарды реті келгенде қоя салсам, мысалдарымен қоса толық, тұшымды жауап алатын болдым. Шай үстінде айтатын әңгімелері де бөлек... Балалық шағымның бір жаңа белесі осылайша жаңа ортада ағамның үйінде басталды.  

Ағам мені қыркүйектің бірі күні мектеп алаңында өтетін алғашқы қоңырау мерекесіне апарды. Жиналған қауым арасында шашын желкесіне жинаған, беті жылтыраған, қысық көз қара торы апайды нұсқап: «қарап ал, осы сенің мұғалімің болады, адасып қалма» - деп сыртынан таныстырып, қатарға қосып жіберді. Содан сыныпқа кірген кезде қарасам, балалар парталарға жайғасып үлгеріпті. Мені мұғалім бос тұрған ең соңғы партаға барып отыруымды тапсырды. Бірақ сол жерде ағамның жолдағы айтқан: «сыныпқа кірген кезде алдыңғы орындарға  отыратын бол! Сабақты жақсы естисің» - деген сөзі әсер етсе керек, артқы партаға барғым келмей, кідіріп тұрып табан астынан: «Мұғалім, мен ол жақтан құлағым естімейді, ең алдына отыруым керек» дедім. Мұғалім маған бажайлап бір қарады да, бірінші қатардың бірінші партасында отырған баланы тұрғызып, артқы партаға жіберіп, орнына мені отырғызды. Ағамның айтуымен бірінші партаны таңдай алмасам да, сөзімді өткізіп, отыра алғаныма өзімше мәз едім. 

Менің білім жолымның алғашқы іргетасы ағам мен жеңгемнің тәрбиесімен қаланды. Олар бастауыш сыныптағы әке шешем көтеруге тиіс барлық қылықтарымды көтерді. Қазір ойлап отырсам, мен сияқты алаңғасар баланы тәрбиелеу кімге болса да оңайға түспеген шығар. Үнемі ойым далада, бірдеңені қиылдап жүретіндіктен бе, кейбір көз алдымда болып жатқан оқиғалардан мүлде хабарсыз болып шығуым мүмкін еді. Өз үйімде жүргенімде кейде сарайда бауырсақ, тамақ пісіріп отырған анам, әпкелерім үйден бір зат алып келуге жұмсағанда «қазір әкелем» деп тұра жүгіретін елгезек болғанымды қайтейін, үй мен сарай арасы әжептәуір алшақ болғандықтан ба, үйге жете бере қайта кері жүгіріп оларға барып: «не әкел дедіңіз, ұмытып қалдым» - деп сұрап жұртты күлкіге қарық қылған кездерім болып тұратын. 

Ал бастауыш мектепте күнде қалам жоғалтатын, жоғалтпаған күнде кеміріп, шешіп, ақтарып отырып істен шығаратын әдетім бар еді. Қаламсыз қалған күндері ағам костюмінің жан қалтасынан, кейде сумкасынан өз қаламын берген күндер аз болған жоқ. Ағамды үйдің «дәрігері» болды десек те болады. Суық тигізіп тұмауратып қалсақ, қойдың етінен сорпа дайындаудан бастап дәрігердің нұсқауымен берілген дәрі-дәрмектерді уақытында қадағалап ішкізу, анамыздан көрген небір әдіс-тәсілдерді қолданып жазып жіберетін. Ара-тұра  үйімді сағынып мұңайып қалатыным болмаса, балалық шақтың бір жарқын күндері өтіп жатты.  

Ағамның үйінде өзінің кәсібіне қажетті сол заманның озық технологиясы саналған дүниенің бәрі болды. Журналисттік мақаласын    тарсылдатып теріп жазатын жазу машинасы, оның қасында бір топ А4 ақ қағазы, көшірмеге арналған бірнеше жұқа қара қағаз, степлер дейміз бе, біршама концелярлық бұйымдар мен фотоаппарат, магнитофон тәрізді заттардың бәрі менің бос уақытымдағы ермегіме айналған еді. Иә, әсіресе, үйде жалғыз қалған сәтте қағаздарды степлермен, желіммен жабыстырып кітапша, блокнот жасап, фотоаппаратпен үйдің әр бұрышын, немесе өзімді түсіріп пленкасын тауысып, магнитофон, күйтабаққа Модерн Токинг әндерін бар дауысына қойып, билеп, жеңгемнің әдемі көйлектері мен биік туфлиларын кезектеп киіп, айнаның алдында көлбеңдеп жүретін кездерім әлі көз алдымда.

Ағам мен жеңгем менің үй тапсырманы дұрыс әрі таза орындауымды қатты қадағалайтын. Сол ақ қағаздардың қаншасы менің үй тапсырманың «черновигіне» арналғанын кім білсін... Ағамның талабы бойынша тапсырманы әуелі А4 қағазға орындап, математиканы жеңгеме, моңғол тіл, әдебиетін ағама тексертіп, әбден қатесін түзеп, дұрыс жазған соң ғана дәптерге көшіруді әдет қылған едім. 

Қуандық ағам кітапты көп оқитын. Кітап оқу үшін қолының бос болуы міндет емес сияқты. Әсіресе оң қолына баласын көтеріп, сол қолымен  кітабын ұстап оқып жүретін бейнесі санамда сақталды. Осылай оқып жүргенімен қоймай, тағы бір жағынан тамағын жасап жүреді. Кітабын бір жерге беті ашылған күйінде аударып қоя тұрады да, пісіп жатқан тамақтың қақпағын ашып, етін араластырып, қуырып бабын келтіріп дегендей жұмыстан жеңгем келгенше үй тірлігін жасай беретін.  

Үйде ағам мен жеңгемнің біреуі болмай, менімен қалған кезде біртүрлі тыныштық орын алып, олардың кітаптан бас көтере алмай қалатыны жиі байқалатын. Осы бір тыныштық ырду-дырдудың ортасында өскен менің жаныма жат еді. Сондықтан да, ағам мен жеңгемнің қайсысы үйде болмаса соны үйге тез келсе екен деп күтетінмін. Келе қалған сәтте үйге жан біткендей менің де құлазып қалған көңілім жайлана бастайтын еді. Олардың кішкентай ғана қалада ортақ таныстары, достары көп болғандықтан ба, әңгімелері бітпейтін. Тамақты да бірге әңгімелесіп жүріп жасайтын. Кейде өткен-кеткен тарих, қоғам, саясат туралы қызу талқылау жасап жатса, кейде әлде біреулердің қылықтарын шығарма кейіпкерімен үндестіріп күлген дауыстары жарқын-жарқын шығып жатушы еді. Үйде журнал, газет баспалар сол келген күні ақ оқылып қалатын. Оқылған дүние міндетті түрде шай үстіндегі әңгімеге айналатын.  

Мектепке барғаннан бұрын өз үйімде жүргенімде әріптерді үлкен әпкелерімнен үйреніп, аздап әріптерді қоса алатын дәрежеде барғандықтан болар оқу қиын болмады. Жүргізіп оқи бастаған кезде ағам дүкеннен мұқабасы жалтыраған, небір суреттері бар, үлкен-кіші түрлі пішіндегі ертегі кітаптарын әкеліп беретін болды. Бір әкелгенде бес-алты кітап әкелетін. Ағамның әкелген кітаптары маған бір ғажайып әлемнің есігін ашқандай еді. Терезенің төменгі тұсындағы батареяның түбінде отырып, ертегі әлемін шарлап, қызығына түсіп кететін болдым. Бұл менің әлсін-әлсін үйімді, әке-шешемді сағынып, іштей алай-дүлей болатын сағынышты басқандай болатын еді. Ағам алғашында оқыған ертегілердің мазмұнын сұрап айтқызатын. Мен де қуана-қуана айтып беріп, мақтау еститінмін. Кейін әбден оқуға машықтанып алған соң «жарайды, айтпасаң да болады, оқысаң болды» дей салатын болды. 

Үшінші сыныптан бастап ағам маған үйдің қарсы алдында тұрған  кітапханаға демалыс күндері барып кітап оқуға кеңес берген еді. Ал мен болсам демалыс күндерді күтпей ақ, олар жұмысқа таңертен кеткен соң үйді тез-тез жинастыра салып, кітапханаға барып, ертегі кітаптарды оқып жүрдім. Олар түскі асқа келгеннен бұрын ғана үйге келіп, түскі астан соң сабағыма кететінмін. 

Үйдегі бір қабырғаны түгел алып тұратын, еденнен төбеге дейін арнайы жасалған сөре кітаптарға толы еді. Онда моңғолдың және қазақтың ХХ ғасырдағы ақын-жазушылары мен әлем классиктерінің шығармалары еді. Әрине, қазақшадан гөрі моңғолша кітаптары басым болды. Қазіргі замандағыдай назарды тартатын гаджет болмағандықтан да шығар, мұқабасының түбі ғана көрініп тізіліп жиналған түрлі түсті кітаптарға жиі қарайтыным соншалықты атауларын рет-ретімен қарамай тұрып жатқа айтып шығатын әдет тауып алғаным бар еді. Мысалы, сол кітап атауларынан тек қазақшасын атайтын болсам: «Тотияйын», «Жаяу Муса», «Бердібек Соқпақбаев», «Абай», «Оралхан Бөкеев», «Қадір Мырзалиев», «Шыңғыс Айтматов»,  «Ақтан Бабиұлы», «Фариза Оңғарсынова», «Құрманқан Мұқамадиұлы» т.б. жадымда сақталған.

Мен бірінші сынып оқып жүрген кезде ағам мен жеңгем анда-санда достарымен бірге кешке қарай үйдің қасындағы «Дөл» (Жалын) деген клубқа баратын. Ол клубта сенбі күні кешкісін жастар жиналатын. Естуімше жүргізуші диджей, музыкант, әншілер Ямахамен жанды дауыста небір эстрадалық әндерді орындап, ойын, би кешін ұйымдастырады екен. Бұл клуб сонау қалта телефоны жоқ, интернеті жоқ заманда жастарды бір-бірімен табыстыратын, достардың бір-бірімен кездестіретін, көңіл көтеруіне ықпал ететін жалғыз орталық еді. Бір демалыста олар кеш келді. Мен үйде жалғызбын. Олар келгенде мен ас бөлмеде қатты дауыстап жылап отырдым. Ағам жүгіріп келіп: не болды деп құшақтап алғанда: «дәретханаға барам» деп жүгіргенім бар. Иә, ас бөлмесінен басқа бөлменің жарықтары өшіп тұрған соң, қорқып, қатты қысылғаным есімде. Осы оқиғадан соң түнге дейін жалғыз қалмаппын.  

Ағам мен жеңгемнің достары көп болды. Көбісі өздері сияқты жаңа үйленген, интеллигент жастар. Ғалия, Батима, Ақарал деген достарының аттары ерекше есте қалыпты. Басқа да жастары үлкен достары болды. Жездеміз Батай Махабыл үнемі келіп әңгімелері жарасып отыратын. Ол кісіні ағам жеңгеме мақтап жататын, өзі жан-жақты әрі құрылыс инженері, әрі журналист, бұл кісінің білмейтіні жоқ, көп оқыған, жан-жақты адам осындай болады деп. 

Ағамның үйіне Улан-батыр қаласынан келетін әріптестері болды. Мүмкін қалаға келген жазушы, әріптес зиялыларды үйінен дәм таттыруға, қонақ етуге шақыратын болар. Олардың ішіндегі мені қатты таң қалдырған қонағы Шагдайн Цэнд-Аюуш деген жазушы еді. Ол кісінің бірнеше кітаптарын оқыған едім. Тіпті қайталап оқыған сайын ерекше күйге бөленетінмін. Ағам маған: «мына кісі сенің оқыған анау кітаптарыңды жазған, кітабыңды бер де, қол қойдырып ал» - дегенде не қуанарымды, не жыларымды білмей, есім шықты. Қол қойдырып алу дегенді түсінбесем де, қасына барып, айт дегенін айттым. Атымды сұрады, Сайра деп анық айтсам да, Баяра (моңғолша есім) деп естіп алыпты. Баяраа деп бастап тілегін жазып, қолын қойып берді. Ол кісіге қоятын сұрағым көп еді. Әңгімесіндегі баланың жан-дүниесін, ары қарай не болғанын тек осы кісі ғана білетін еді. Ол кісінің маған көңіл бөлместен кетіп қалғанына іштей ренжіңкіреп қалғаным бар еді. Авторға көз алмай қараған болуым керек, әлі күнге дейін сол кісінің бейнесі, түрі көз алдымда. Автор, оқырман, мәтін үшеуінің түйіскен тұсы осы болса керек. 

Ағам мен жеңгем екеуі үшінші сынып оқып жүрген кезімде туған күніме қазақша «Ол кім, бұл не?» деген үлкен кітап сыйлап, ішіне жеңгемнің «Үлкен азамат бол!» деп жазып бергені есімде. Әрине, ол кітапты алуым алсам да, моңғол мектебінде оқығандықтан қазақша оқып, түсіну қиынға соғып еді. 

Туған күн демекші, мен екінші сыныпта оқып жүргендегі бір туған күнімде ағамды әуреге түсірген бір оқиға маған ол кісінің жаңа қырын ашып еді. Туған күнім болардан екі күн бұрын сыныптас қыздармен бірге үйге қайтар жолда туған күнім таяп қалғанын жарияладым. Олар: «тойлайсың ба?, Бізді шақырасың ба?» - деп сұрады. Мен: «иә, тойлаймын, келіңдер!» - деп тастадым. Олар: «Алақай, онда сол күні біз сенің үйіңе жиналып барамыз, құттықтауға» деді. Мен: «жарайды» -  дедім. Сонымен туған күнімде түске қарай есіктің қоңырауы соғылды. Жүгіріп барып ашсам, кітап, дәптер, қалам т.б. сыйлықтарын алдына ұстаған сыныптасым, артында бір топ сыныптастар үймелеп келіп тұр. Тіпті сыйлықтың үстінде қалған тиын, тебен ақша да болды. Соған қарағанда ақша жинап, сыйлық алғандағы артылған ақшасы болуы керек. Сонымен оларды мәз болып қарсы алып, кіріңдер дедім. Үйге кіріп жатыр, кіріп жатыр. Ағам мен жеңгем екеуі аң-таң. Өйткені, мен оларға ештеңе айтпадым, ескертпедім де. Сонымен ағам мәселенің мән жайын түсіне қойып: «келіңдер отырыңдар» - деп үйге жайғастырды. Ағамның 22 сәуірде туған тұңғыш баласының қырқынан әлі шықпаған кезі еді. Бесікте бала жатыр. Содан ағам дүкенге жүгіріп, балаларға тәтті сусын, тоқаш, кәмпит бірдеңелер алып келді. Жеңгем оларға дастархан жайды. Ағам менің сыныптастарыммен бір-бірлеп танысып, жағдай сұрасып, қайта-қайта күлдіріп керемет отырысқа айналдырып жіберді. Әсіресе, ағамның оларға: «сендер сондай талантты мықты балалар екенсіңдер, сендерге осы үйде музыка қосып, дискотека жасап, жақсылап тойлатуға болушы еді. Бірақ мына жаңадан туған кішкентай бала болғандықтан қолайсыз боп тұрғаны...» - деген сөздері есімде қалыпты. Иә, ағамның балалармен де, үлкендермен де тез тіл табыса кететін, дастарханда отырған қауымды күлдіріп, мәз-мейрамға бөлеп, бір серпілтіп тастайтын ерекше қасиеті жиын-тойларда көрініп қалатын еді. 

Қуандық ағамның үйінде мен бастауыш сыныпты толық оқып бітірдім. Ол кезде бастауыш сынып 1-4 сынып аралығы саналатын. Жылда күзде келгеннен мамыр айына дейін боламын. Үйім алыс болғандықтан бұл бір жылдай уақыт ішінде үйіммен, әке-шешеммен тек ғана телефон арқылы ғана сөйлесетін едім. Ара-тұра үйімнен пошта арқылы бір үлкен қорап келеді. Сол қораптың сыртқы матасын сөгіп ашу дүниедегі ең бір керемет сәт сияқты еді. Ол қорапта не жоқ дейсіз... ең бетінде бірнеше бет қағазға әкемнің жазған ұзын-сонар хаты шығатын. Ағам хатты оқуға айналғанда жеңгем екеуіміз заттарды шығара бастаймыз. Анамның қолдан жасаған жент, қазысынан тартып, киім-кешек, зат бәрі болушы еді. Баян-Өлгий дүкенінде бола қоймайтын небір импорттық товарларды жіберіп тұратын. Маған жіберген киімдерін киіп алып бірден далаға ойнауға сұранып, достарыма көрсетуге асығатыным есімде.   

Ағамды уайымға салған кездерім де болды. Әсіресе, бірінші сыныпты бітіре сала мамыр айының аяғында мені үйдегілермен сөйлесіп самолетқа Улан-Баторға салып жіберетін болды. Эрдэнэт қаласынан Улан-баторға Нармандық ағам келіп мені күтіп алатын болып келісті. Содан ағам мені самолетқа шығарып саларда бір жазушы интеллигент (атын ұмыттым) кісіге әбден тапсырды. Ол кісімен бірге самолетқа отырдым. Қарасам самолеттың ең алдыңғы орындары бос екен. Алдыңғы орын керемет болардай сезіліп, шыдай алмай, ең алдына барып отырдым. Артқа қарап қоям, мені тапсырған ағай бір орыс келіншекпен бірге отыр екен. Әңгімері қызып кеткендей ма, бар назары сол келіншекте. Үш-төрт сағаттай ұшып Улан-Баторға келіп қонды. Елдің бәрі шыға бастады. Ең алдында отырғандықтан самолетты қимай, аяғымды ақырын басып, жұрттың соңынан кешігіп түстім. Түссем әлгі адамдардың ешқайсы көрінбейді. Тек самолеттың алдында бір үлкен қызыл автобус тұр. Маған ешкім автобус туралы айтпағандықтан мені күткендей біраз аялдаған автобус ақыры кетіп қалды. Алаңда бірнеше  самолеттан басқа ештеңе жоқ. Нармандық ағам күтіп алуға келеді деп ары-бері қараймын, ешкім жоқ. Бір жағынан жаңбыр да сіркіреп тұрды. Курткамның копюшонын киіп алып мен де ағамды күтіп ары-бері жүріп, келіп қонған самолеттарды тамашалып сол маңда тұра бердім. Бірнеше сағат тұрғаннан ештеңе өңбеген соң ақыры адамдардан сұрауға сол алаңнан шығайын деп шештім. Бір форма киген күзетшіден: «Менің ағамды көрдіңіз бе, киімі әскери болуға тиіс. Ол мені күтіп алам деген еді, әлі жоқ» дедім. Ол кісі менен қайдан келгенімді сұрап алып: «түскен бетте автобусқа неге отырмадың?, автобус сені сол ағаңа алып барар еді. Енді сен мына жолмен біраз жүресің, содан есіктері әйнек, төбесінде үлкен «Буянт Ухаа» деген жазуы бар аэропорт ғимаратына кірсең ағаң сонда болуға тиіс деді. Қуанып кетіп солай қарай жүгірдім. Айтқанындай бардым, әйнек есіктері бар ғимаратқа кірсем адам көп екен. Күтіп алатын ағамды іздеп екінші қабатын да шарлап шықтым. Ол жоқ. Содан анау кісі өтірік айтқан сияқты, мүмкін алаңда келіп мені күтіп тұрған шығар, бекер келдім деп ойлап ғимараттан шықсам, кеш батуға айналыпты. Жылап солай қарай жүгіре бастадым. Артымнан біреу моңғолша: «әй, бала тоқта, тоқташы» деп жүгіріп келеді. Артқа қарасам бір моңғол жігіті екен. Қорыққанымнан одан сайын жүгірдім. Ақыры қуып жетіп, арқама асып алған ауыр үлкен рюкзактан ұстап тоқтатып: «неге жылап жүрсің, әке-шешең қайда, адасып кетсең көмектесейін?» деп сұрады. Сонда ғана менің ол жігітке деген арам ойым өзгеріп жағдайды айта бастадым. Ол тыңдап алды да: «мен сені осы аэропорттың полиция бөліміне апарайын, олар сенің ағаңды тауып береді» - деді. Бір үміт оянып, қуанып кеттім. Ол жігіт мені аэропорттың жанындағы полиция  бөлімшесіне тапсырып кетіп қалды. Содан не керек, полицияныңалдында менен сұраған сұрақтарына бәріне жауап беріп ұзақ отырдым. Қайдан қашан келдің, қай мектепте оқисың, осы қалада туысың бар ма? дегендей сұрақтар қойғаны есімде... Әйтеуір бір заманда сенің ағаңды таптық, қазір келіп алады» деген сөзін естіп қуанып, көңілім көтеріліп каридорда тұрған теннис добымен ойнап кеткенім есімде. Осылай каридорда ойнап жүргенде түнгі сағат 1 де келіп ағам мені алды. 

Сөйтсем таңертен мені шығарып салған Қуандық ағама Улан-Батордан күтіп алуға келген ағам Нармандық: «Сайра самолеттан түспеді, ол қайда? деп хабарласып, төбелерінен жай түскендей болғанын кейін естідім. Полиция бөлімі болса сол күні Баян-Өлгийдегі мектеп директорына, сынып жетекшісіне хабарласып бір шулатқан екен. Осындай оқиға ағамды қаншалықты уайымға салып, стрестік жағдайға түсіргенін кім білсін. Келесі жолы Эрдэнэтке кетерімде ағам өзі Улан-Баторға жеткізіп, ары жақтан әкем келіп күтіп алды. 

Жалпы менің мектептегі оқуымның жақсы үлгеріміне тікелей себепші болған кісі – Қуандық ағам еді. Жыл сайын жаңа жылда Аяз Атадан үздік үлгерімім үшін сыйлық алушы едім. Ол сыйлықты алған бетте үйдегілерді де қуантуға асығатын едім. 

Сол бала кезімде ағамның маған жиі айтатындары: «ешқашан өтірік айтпа, біреуден рұқсатсыз нәрсе алма, көпшілік ортада мәдениетті бол, таза бол, бойыңды тік ұстап жүр, кітап оқы, айналаңа қайырымды бол! Өзің жақсылық жасасаң, бүкіл әлем саған жақсылық жасайды» - дейтін еді. Ағамның осы айтқандарын орындап жүрген түрім: «Айтқандарыңыз шын екен. Мен мына шкафтың бетін сүртіп едім, шкаф маған риза болғандай қарады. Шәйнек жылап, ренжіп тұр екен, бетін сүртіп едім ол да мәз боп кетті» - деп айтқанымда: «Аа солай ма екен... Дұрыс. Демек, жазушы болғалы тұрсың ғой. Жазушы болатын адамдарға ғана бәрі солай көрінеді» дегені бар. Бұл сөзді сол кездегі менің айтып жүрген «мен өскенде балаларға керемет ертегілер мен әңгімелер жазатын болам» деген сөздеріме байланысты айтса керек. 

Қуандық ағам журналист болғандықтан Улан-Батыр қаласына, Баян-Өлгийдің ауылдық жерлеріне жұмыс бабымен жиі іс-сапар жасайтын еді. Қазіргі кездегідей кез-келген уақытта хабарласу мүмкін емес. Тек іс-сапардан қайтатын күні «бүгін келуге тиіс» деп ғана  тағатсыздана күтетінбіз. Әсіресе, жеңгем сол күні түнде ұйықтамай, біз тұрған бес қабатты тұрғын үйдің алдына машина келіп тоқтағандай дауыс естілген сайын балконға жүгіріп шығып қарап, көңілсізденіп: «ағаң жоқ әлі.. не боп қалды екен... Е, Алла, аман-есен жеткізе гөр» дейтін еді. 

Ағам қай жақтан келсе де бізге әкелетін базарлықтары көп еді. Әсіресе, Тува АССР дің Қызыл қаласына барып келгенде маған арқаға асатын сөмке, доп әкеліп берген еді. Сол сөмке мен доптың ерекшелігі сондай менен басқа ешкімде болмады. Тіпті өмір бойы біреуде болғанын кездестірмедім. 

Жалпы менің университетке мамандық таңдауыма, әрі қарай ғылым жолына түсуіме тікелей себепші, ең көп ықпал еткен осы Қуандық ағам еді. Алғаш бірінші сыныпқа ағам мені қалай ертіп апарып қатарға қосып жіберді, тура солай университетке түсерде де ертіп апарып, студент қатарына қосып жіберді десем болады. 

Мен 11 сыныпты Жезқазған қаласында бітірген жазда анам мені оқуға тапсыртуға Қарағандыда тұрып жатқан ағамның үйіне ертіп апарды. Ол кезде ағам Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы болып жұмыс істеп жүрген кезі еді. Бірыңғай тесттің алғаш қолданысқа енгізілген екінші жылы еді. Қазіргіден ерекшелігі сол, әрбір университет өздеріне жеке бөлінген мемлекеттік гранттар бойынша өздері емтихан қабылдайтын. 

Негізі мектепте 9-сыныптан бастап отбасымыздың Қазақстанға оралуына байланысты қазақша оқыдым. Мен оқыған сыныптың қазақ тіл, әдебиетін тереңдетіп оқытатын статусы бар еді. 11-сыныпқа келгенде қазақ тілі, әдебиетінен қалалық, облыстық олимпиадаға қатысып орын алатын деңгейге жеттім. Алғашында «Түйенің танығаны – жапырақ» - дегендей, болашағым ретінде журналистика саласын таңдадым. Бірақ құқықтану пәні бойынша өткізген мектептік іс-шарада сот ролінде ойнағаным әсер еткені сонша болашақ мамандығым ретінде өзімше құқықтануды таңдап алған едім. 

Содан Қарағандыға оқуға түсуге барған жолы ағам екеуіміз университетке барып оқуға түсетін мамандықтар бойынша мәліметтермен таныстық. Құқықтануға грантқа тапсырғандар өте көп екен. Бір орынға 6 адамнан келеді. Содан ағам: «құқықтануды көріп отырсың, грантқа өтпей қалатын қауіп бар. Неге құқықтануға жабысып қалдың? Одан басқа да жақсы мамандықтар бар. Мысалы мына жерде философия, психология, әлеуметтану, саясаттану деген мамандықтар тұр. Осылардың кез-келгені керемет мамандықтар» - дей келе,  мысалдармен әрбіріне сипаттама беріп түсіндірді. Ағамның түсіндіруінен кейін ең ұнағаны, жаныма жақын болғаны «философия» еді. Содан философияға құжатты тапсырдық та кеттік. 

Бір аптадан соң емтихан болуға тиіс. Үйде медицина мамандығына тапсыруға келген құдашам да бар еді. Ағам құдашам екеуімізге: «емтиханға дайындалыңдар, бір ғана апта бар дайындалуға, тағдырларың шешілетін ең маңызды кезеңде үй жинап, уақыттарыңды кетірмеңдер, бәрін өзіміз жасаймыз. Сендер тек сабақ оқыңдар деп залға ортаға стол қойып беріп, жағдайымызды әбден жасады. Біз тапсыратын бес пән бойынша барлық сыныптағы материалдарды қарап, сараптап шықтық. 

Емтихан болатын күні ағам таңертен маған қайта-қайта: «торкөзді толтырғанда сұрақтардың орындары ауысып кетпесін, орындарына  мұқият бол, ауыстырып алма! Көп абитуренттер ауыстырып алып жатыр екен» деп тапсыра берді. Мен «әрине, ауыстырмаймын» деп сенімді едім. 

Емтиханда берілген нұсқау кітапшасында мамандықтар бойынша пәндердің реттілігі көрсетілген болатын. Ал мен болсам «философияға» құжат тапсырғаным есімнен шығып, «құқықтану» бойынша үш пәнді толтырып тастадым. Бір заманда өзімнің тапсырған мамандығым бойынша тиісті ретпен толтыру керектігі есіме түсіп кетіп, қатты састым. Бірден қол көтеріп, емтихан қабылдаушы оқытушыны шақырып алып: «мен мына парақшамда пәндердің орны ауысып кетті. Жаңа парақша  беріңізші, қайта толтырайын» - дедім. Ал ол болса: «жоқ, берілмейді. Бұл парақда ректордың қолы тұр» демесі бар ма... Ішім алай-дүлей болып, дүние төңкерілгендей бір жаман күйде енді не істеймін деп отырдым да қалдым. Содан не де болса қалған екі бос орынды дұрыс жазуға кірістім. Біреуіне қазақ тілін, біреуіне қазақстан тарихын алдындағы толтырып қойған қатардан көшіріп ғана қоя салып амалым құрып, тапсырып шығып кеттім. Сыртқа шықсам, есіктің алдында күзетші, полицейлер қаптаған ата-аналардың алдын жібермей алаң жасап қойып жүр екен. Мен ғана ел-жұрттан бұрын шығып келдім. Өйткені тағы қалған пәндердің  сұрақтары сол қалпы ашылмастан қалды. Оларды толтыратын орын да болмаған. 

Ата-аналардың бәрі «ойбай, шығып жатыр ма? біреу ғана шықты ғой. Қалғандары қашан шығады екен... Әй, қызым сұрақтар қиын ба... қалай екен» деп сұрап жатыр. Жан-жағыма қарап, жауап қататын құлқым да болмаған. Екі бетім қызарып, күйіп тұрғанынан да қысылып келем. Алдымнан Қуандық ағам шығып: «Не болды, қалай? Бәрі дұрыс па?» – деп сұрап жатыр. Мен болсам: «жоқ, дұрыс тапсырмадым, шатыстырып алдым. Екі сабағым ғана өз орнында дұрыс толтырылды» - деп әрең айтып көзім жасаурап тұрып қалып едім. Сол кезде ағам бірден: «туй, мен саған бекер айта беріппін, орнын ауыстырып алма деп. Негізі тым көп айтып, тапсыра берсең тура солай болады деген рас екен» - деп өзін кінәлап алды да: «Еш уайымдама. Онда тұрған ештеңе жоқ. Түспей қалсаң да онда тұрған не бар... Келесі жылы тағы тапсырасың. Біздің кезде жоғарғы оқу орнына тапсыруға бір ақ рет мүмкіндік берілетін. Ал сендерде мүмкіндік бар, рақат екен ғой. Сондықтан түбі түсесің. Мүмкін осы жолы да түсіп кететін шығарсың» деп мені жұбатып, балмұздақ алып беріп, біраз әңгімесін айтып еді.. 

Емтихан жауабын естігенде сондағы жинаған балл «проходной» балдан жоғары екен. Сәл болса да қорқыныш сейіліп, үміт оянды. Бір аптадан соң университетте оқуға түскендерді жариялауға тиіс екен. 

Сол күткен күнім де жетіп, таңертен ерте ағам екеуіміз университетке баруға ерте тұрып, жиналдық. Шай ішіп отырып, сол күнгі таңда көрген түсімді айта бастадым: «бүгін түсімде бір үлкен бәйге жарысын көрдім. Мен бір күрең аттың ұзын жалынан ұстап мініп алып шауыппын. Шауып келе жатсам, ол ат ұшып, бұлттардан да биікте шауып барады. Төменге қарасам бір топ қалың жылқы менен қалып қойыпты, мен озып кетіппін. Содан оянып кеттім» - деп едім ағам қатты қуанып: «О, керемет түс! Сен грантқа іліктің. Сөз жоқ түседі екенсің» деп жорыды. 

Екеуіміз үйден шығып жолдан аялдамаға қарай өтерде жаяу жүргіншіге жол бермей, көбіне қызыл жанып тұратын «Голубые пруды» аялдамасының бағдаршамы біз таяғанда жасыл жанып, өтіп кеттік. Сонда ағам: «байқадың ба, өмірі жанбайтын жасылдың өзі кнопкасын бастырып әуреге түсірместен өзі жанып, жол ашты. Сенің оқуға түскен хабарыңды бүгін еститін сияқтымыз. Бұл жақсы белгі» - деді. 

Автобуспен университетке келіп жеткен соң ағам үлкен залдың ең алдыңғы екінші қатарға өз әріптестерінің қасына барып мені  таныстырып, сол жерге отырмасы бар ма... Мен өзімнен өзім қуыстанып, қысылып барам: «Бекер сыртымнан таныстырып жатыр ау, қарындасым деп. Қазір оқуға түспегенім белгілі болса бұлардың бетіне қалай қараймын, ағамның өзі де біртүрлі ұялып қалады ғой» - деп басымды төменге салып, сөмкемнен блокнотымды ашып, өтірік қарағандай кейіпке түсіп барынша бұғып отыра бердім. Түспей қалсам... деген ой мазалап барады. Сәл бір күн сабақ оқымай, құрбыммен сөйлесіп уақыт кетіргенімді байқай қойса анамның айтатын: «Осылай дайындалмай жүріп, оқуға түсе алмай қалсаң, осы үйдің отымен кіріп, суымен шығатын боласың» - деген сөзі есіме түсіп болашағымды түңілдіріп тіптен қинап барады. Мен үшін күнделікті тамақ жасап, ас үйде жүру деген дүниедегі ең қиын жұмыс сияқты сезілуші еді. 

Жиналыста сөз сөйлеген ректор оқуға түскендердің тізімін оқи бастады. Бір заманда біздің факультет, мамандықты оқығанда жүрегім дүрсілдей жөнелді. Менің атым әлі шығар емес. Он адам түсу керек болған еді. Алтыншы фамилияны оқығанда менің фамилиямды оқығандай болды ма, құлағым қағыс естіген шығар, мүмкін емес, түсе қоюым.. деп отырғанда ағам «тұр, тұр, сені айтып жатыр деп түрткілегенде барып орнымнан тұрғаным бар еді. Дәл осы сәт ағам екеуіміздің ең қатты қуанған кезіміз еді. 

Ағам менің өмірімдегі ең маңызды, шешуші кезеңдерінде яғни, университетке түсуден бастап, магистратура, докторантураға оқуға түскенде де үнемі қасымнан табылды, көмегін тигізді. Тіпті отбасын құруда да үлесі бар. Жасым болса 28 ге келген кез еді. Менімен жай дос боп араласуға рұқсатымды берген қазіргі жарымды бір сылтаумен үйіне ертіп барған едім. Бұл менің ресми болмаса да ағамның ол жігітке деген қас-қабағын байқаудың жасырын тәсілі еді. Жеңгемнің:  «ағаң айтып жатыр: «мына жігіттің көзі ма, қабағы ма, біздің әулеттің ең үлкен күйеу баласы Бекболатқа ұқсайды екен. Жалпы біздің күйеу балалардың бәрі осындай бір типтес ғой» – дегенін естігенде ағамның қарсы емес екенін ұғынып едім. 

Бір өкінетінім, ағамнын менен көптен күткен, «қорғауың қашан?» деп сұрап жүрген докторлық қорғауды көзі тірісінде көрсете алмадым. Қорғау күні ағамның қырқынан бір күн бұрын қойылған екен. 

Қуандық ағамыздың арамыздан кеткеніне бір жылдың жүзі болды. Біздің әулетте тарих қайталанды.... 1938 жылы атамыз қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, молда, ұстаз, Моңғолия парламент мүшесі болған Дөңтай Қожамбетұлы 59 жасында Сталиндік репрессияға ұшыраған еді. Содан бері 82 жылдан кейін туған немересі жазушы, журналист, ғалым, ұстаз, мәдениет қайраткері Қуандық Шамахайұлы да 59 жасында  айдың күні аманда өз елінде отырып пандемиялық күмәнді жағдайда құрбан болды. Әкесі де 59 жасында қайтыс болғанын ескерсек, бұл бір мистикалық сәйкестік. Маңдайына жазылған жызмышы осы болды ма, әлде қазақтың маңдайына сыймай кетті ме бұл бір өз алдына басқа сұрақ... Қалай десек те, Қазақ Елі өзіне ауадай қажетті рухани потенциалдың бірінен айырылды.   

Қуандық Шамахайұлы екі елде өмір сүрді. Моңғолияда 32 жыл өмір сүрсе, Қазақстанда 27 жыл өмір сүріпті. Өзінің саналы ғұмырында журналистика, мәдениет, ғылым, әдебиет, саясат саласында сіңген шығармашылығымен өз ескерткішін орнатып кетті. Қай елде болмасын, қай жерде болмасын шындықты, әділдікті талап етіп, күресумен болды, қаймықпады. Ер ерлігін жасаса, ел елдігін жасайды демекші, ел-жұрты барда ағамыздың аты жаңғырып, болашаққа жете бермек. 

Алла Тағала Қуандық Шамахайұлының жанын жаннатта етіп, рухын пейіште шалқытсын. Артында қалған бала-шаға, отбасы, ағайын туыс, ел-жұрт, халқына амандық берсін. 

ШАМАХАЙ САЙРА

Л.Н.Гумилев атындағы 

Еуразия ұлттық университетінің 

PhD докторы.

author

Қуандық Шамахайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...