Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен...
Балаларға арналған әңгімелер
ҚЫРЫҚ МЫҢ ТЕҢГЕ
Тілі қазақша шыққанымен, орыс балабақшасына барған Досымжан уақыт өте келе ана тілін ұмыта бастады. Өзі жақсы көретін немересінің тілінің шұбарлануына атасы Нұрғазы қатты кейіді.
-Болашағы қалай болар екен? – деп ренжіп жүрді. Қолына алайын десе, үлкен баласының үйі қаланың шетінде. Күнде көріп тұруға мүмкіндік жоқ. Жұмыс бабымен кейде бір-екі аптаға сапарға кетеді.
Баласы мен келінге кінә артпайды. Бұл қалада қазақ бала бақшасы саусақпен санарлық. Атасы анда-санда Досымжанмен қазақ тілінде сөйлескенімен, нәтиже қуанарлық емес. Немересі үйден шыға бере орысша сайрап жөнеледі. Ауладағы достары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, кешке дейін шүлдір-шүлдір. Қайтсе болады?!
Досымжан ер жетті. Атасының ұйғарымымен қазақ сыныбына барды. Әке-шешесі қуанды. Қазақша оқуға Досымжан да бірден келісті.
Арада жиырма күн өткен. Мектептен келген ұл көңілсіз, біреу ренжіткен сияқты.
-Не болды, балам? – деп анасы Айнұр жік-жаппар.
-Ертеңнен бастап қазақ сыныбына бармаймын, - деді Досымжан.
-Біреу тиісті ме??
-Ешкім тиіскен жоқ.
-Онда не болды?
-Мұғалім апайдың қазақша сөздерін жақсы түсінбеймін.
-Өкпең сол ғана ма?
-Иә.
-Қазақша оқығаның жөн! Үйде қазақша сөйлейік. Сабағыңды қарап болған соң, бір-екі сағат қазақша кітап оқы. Еңбексіз ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Жиырма күн аз! Бір тоқсан шыда! Ана тілінде оқу, сенің қолыңнан келеді.
-Мақұл, - деді Досымжан.
Анасымен арадағы әңгіме атасына да жетті. Ести сала атасы мен әжесі кештетіп үйге келді.
-Досымжан, сабағың қалай? Үлгерімің жақсы ма? – деді атасы.
-Жақсы ата, - деп күмілжіді ұл. – Айтайын десем...
-Сен кішкентайыңнан шыншыл едің ғой, ештеңені жасырма?
-Ұялып отырмын...
- Оқу – инемен құдық қазғандай. Оңай емес! Білім негізі – бастауыш сыныпта қалыптасады.
-Мұғалімнің көп сөздерін жақсы түсінбеймін.
-Орыс сыныбына ауысам деген ойды ұмыт. Намыс қайда? Жігер қайда? Әлден қазақша оқымаймын деп тауың шағылса не болғаны?! Олай жасама! Мен саған сенем! Сен өз ана тіліңді әлі-ақ меңгересің! Жай ғана меңгермейсің! Үздік оқушы боласың!
-Шын ба, ата?!
-Бірінші сыныпты үздік бітірсең, қырық мың теңге сыйлық беремін.
Досымжан ойланды. Бақандай қырық мың теңге!
-Келістім, – деді қуанып. – Мен оған велосипед сатып аламын.
***
Төртінші тоқсан бітуге таяды. Досымжан үздік оқушылар қатарында. Қолы боста әдеби кітаптарды көп оқып, қазақша таза сөйлейтін деңгейге жетті. Сынып жетекшісі Ақайдар ағайы өзге оқушыларға Досымжанды үлгі ететін болды.
Немересінің жақсы бітіргенін естіген атасы қуанышты. Сынып жетекшісіне келіп жолықты.
-Досымжан табанды, білімге құштар. Сізге көп рахмет! Алдағы уақытта да осы алған бетінен қайтпас деп ойлаймын.
Атасы уәдесінде тұрып, немересіне қырық мың теңге берді.
КЕШІРІМ
Тоғыз қабатты тұрғын үйдің шеткі кіре берісінен шыққан белі бүгіңкі, бет-жүзін әжім торлаған қарт жақын маңдағы «Мамыр» сауда дүкеніне бет алған. Азық-түлік әкелуі керек. Үйде қант та, шәй де таусылыпты. Ұзай бере қалтасын қараса әмияны жоқ. «Апырым-ау, түсіп қалған ба? Қалайша? Кәрілік деген осы, ұмытшақ болып барам...»
Кемпір пәтеріне оралып есік ашпақ еді, қапелімде кілтін таппады. Әрі қарады, бері қарады. Сол екі арада түсіріп алған ба? Жоғалса жоғалған шығар деген оймен кеудешесінің ішкі қалтасынан бет орамалына мұқият оралған екінші кілтін шығарып есік ашатын тесікке сұқса, жабық. Кілтін қайыра салды. Былқ етпейді. Жүрегі тас төбесіне шықты. Мұндай да болады екен-ау?! Зәресі ұшып қатты-қатты қақты есікті.
«Әлгінде ғана жапқан сияқты едім? Қалай болғаны?!..»
Қарт көрші үйден полицияға хабар берді. Қызыл жағалылыар жылдам жетті. Емен есік міз бағар емес. Кеңесе келе кемпірдің рұқсатымен есік бұзылды. Үйде ешкім жоқ. Бұл не ғажап?! Бәрі таң-тамаша. Ойларына «үйдің иесі» деген мистикалық үрейге толы аңыз әңгіме келе бастады.
-Варвара Васильевна! Мына қызықты қараңыз?!
Төргі бөлмедегі кереуеттің астында көзі шарасынан шыға жаздап, үрейі ұшып 11-12 жастағы қыз бала жатыр. Қасында кішкентай інісі.
-Бері шығыңдар!
Балалар қорқа-қорқа төсек астынан шықты.
-Кімсіңдер?
Тілдерін жұтып қойғандай екеуі де үнсіз.
***
Бейтаныс қыз бен кішкентай інісі 4-қабатта тұратын. Әкелері қайтыс болған. Ауру аналары еш жерде жұмыс істемейді. Сырқаттығы жөнінде алатын зейнетақысы тамақтан аспайды. Ал Варвара әже – жылғызбасты. Екі баласы көрші елдің ең шалғайдағы шаһарын мекендейді. Әнебір жылдары келіп жүретін, кейінгі уақытта ат ізін салмайтын болған.
Варвара әжейдің подьезден шығып бара жатқанын кішкентай інісін аулада ойнатып жүрген қыз көріп қалған. Дәл сол кезде кемпірдің қалтасынан қараң етіп бір зат түсті. Бейтаныс қыз барып қараса – кілт. Жып еткізіп жерден көтерді. «Әжейге апарып берсем бе екен?! Қуанады ғой. Бірақ, керісқұмар кемпір қасақана ұрладың деп жала жапса қайтемін?!»
Ойынан тез айныды. Бойын әуестік биледі. Інісін жетеліп әженің пәтеріне келді. Іске татитын, жарамды заттар болса алмақшы. Есікті ашып, іштен бекітіп қойды. Астаң-кестеңін шығара үй ішін ақтарып-төңкеріп қарай бастағанда сылдыр естілді. Аяқ дыбысын білдірмей кіреберіске таяғанда, сырт жақтан кілттің бұралғанын анық көрді.
-Ұсталдық! Бітті!..
Қорқып, төргі бөлмедегі кереуеттің астына кеп тығылды.
***
-Қайда тұрасың? –деді полиция.
-Осы үйде.
-Әке-шешең бар ма?
-Анам бар, әкем қайтыс болған.
-Онда үйіңе барайық. Келесі сұраққа анаңның алдында жауап бересің.
-Айтпаңызшы? Анам бұл қылығымызды естісе өлтіреді! – деп шырылдады қыз.
-Неге?
-Анам дімкәс, жүрегі ауырады. Мына оқиғаны естісе талып қалуы мүмкін. Сеніңізші маған?!
-Жарайды, бір жолға кешірдім. Бұл әрекетіңнің қылмыс екенін білесің бе?
-Білем.
-Шыныңды айт. Не іздедің бұл үйден?
-Жарайтын дүние болса алып шығып, арзанға сатпақшы едім. – Бейтаныс қыз жылап қоя берді. – Әдейі жасаған жоқпын. Айпаңызшы анама?! Жалынамын сізге?
-Келістік, - деді полиция. – Дер кезінде қолға түсіп, ештеңе ұрлаған жоқсың. Мұндай теріс пиғылың бұдан былай қайталанбасын.
-Уәде беремін, енді бұндай әрекетке бармаймын.
Бейтаныс қыз кішкентай інісін ертіп үйіне кетті. Ендігәрі қараусыз жатқан дүниеге қол тигізбеуге өзіне-өзі ант берді.
ЛИФТ НЕГЕ ТОҚТАДЫ
Айбектің көкесі жақсы жаңалық әкелді. Жаңа пәтер алатын бопты. “Сұңқар” шағын ауданынан. Үшінші подьезд. Тоғызыншы қабат.
Сонымен Айбектер жаңа пәтерге қоныс аударды. Жоғарғы қабат қорқынышты сияқты. Шешесі “жазатайым құлап кетіп жүрерсің” деп балконға бір өзін шығара бермейді. Ал Айбекке салса биікті мекендеу қызық па деймін. Бәрінен бұрын арлы-берлі қайшыласып, көшеде ағылып жатқан мәшинелер, жаяу жүрген кісілер алақандағыдай көрінеді.
Тұрғындар көшіп кірген соң лифт қосты. Оған ең алдымен атасы қуанды. Себебі, жиырма күндей тысқа шыға алмай ылажсыз қамалған болатын. Таза ауаны балконнан, желкөзден жұтқан. Енді рахат! Томашадай ұя-лифтіге енеді де, іп-ілезде төменге түседі. Далаға шығады. Таяғына сүйеніп, аулада әрі-бері асықпай жүреді.
Қиюы қашатын іс аяқ астынан екен. Бір подьезде тұратын бес-алты бала түстен кейін сабақтан қайтқанда лифтінің қызығын әбден көрді. Көзді ашып-жұмғанша жоғары көтеріледі. Сосын төмен құлдилайды. Үлкендердің көбі жұмыста. Әй дер ажа, қой дер қожа жоқ. Лифтегі кезекшілік жасайтын орыс әйелі де көрінбейді.
Балалар жарты сағаттай қызыққа батты. Тегін ойын тапқандарына мәз. Бір кезде жүріп келе жатқан лифт сыр-р етті де, бесінші қабатта тоқтап есік ашылды. Балалардың ересегі Мырзаш жалма-жан түймені басты. Лифт қозғалмайды. Көздері алақтап тұрды-тұрды да, тым-тырақай безіп жөнелді.
Кешқұрым далаға беттеген Айбектің атасы жылдам қайтты. Қабағы қатулы. Өңі сынық. Құдды өкпелеген баладай. Жақ ашпайды. Сөйтсе, лифт тоқтапты. Істен шыққан. Жаяу түсейін десе қиын. Түсуін түседі-ау. Қайыра жоғары көтерілу қиямет.
Лифт үш күн жүрмеді. Атасы дағды бойынша дәлізге шығада да, іле оралады.
Айбек өкінді. Ағаттық жасағанын аңдады. Олай етпейді ендігәрі. Достарына түсіндіріп айтуы керек.
Жүгіріп үйден шыққан. Шахтадағы қызыл түйме жанып тұр. Басып еді, зыр-р еткен дыбыс естіліп лифт көтеріліп келе жатты.
Жазушының «Қырық мың теңге» және «Кешірім», «Лифт неге тоқтады?» әңгімелері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырған AP19679524 «Қазіргі қазақ прозасындағы қалалық балалар типологиясы және ұлттық ментальдік (ағылшын әдебиеті мен қазақ әдебиеті шығармаларын салыстыру)» ғылыми жоба аясында жарияланды.