Атырау театры Айтматовтың туындысымен толықты

ТЕАТР
1886
Ғасырға жуық тарихы тереңде жатырған Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында әлемдік классик Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повестінің желісі бойынша сахналанған қойылым көрерменге жол тартты. Театрдың репертуарлық тарихында бұл шығарма екінші мәрте сахнаға шықты. Авторды әлемге танытқан таңдаулы туындысы ХХ ғасырдың ІІ жартысында жазылғанымен, бүгінгі күнге дейін театр сахналарынан түспеген өміршең шығарма. «Жәмилә»-ескірген салттар мен дәстүрлерге қарсы тұрған ауыл әйелінің тағдыры. Соғыстың отты жылдары елдің басына түскен нәубетті бір адамдай көріп, еркіндік пен махаббат үшін күрескен әйелдің болмысы. Шығармада «әйел теңдігімен» қатар адамзаттық құндылықтар мен мәселелерді қозғайды. Әдебиетке құбылыс болып келген шығарманың мәтінін баяндау артық деп білеміз. Одан да театрдың әлемдік классиканы қалай жеткізгендігі туралы толғасақ.
Қойылымның режиссері Мұқанғали Томанов жұмыс барысында айтарлықтай жеңіске жеткен. Әлемдік классика шығармаларына тұсау салып жүрген режиссердің келесі шоқтығы биік қойылымы десек те болады. Себебі, әлемдік драматургиядан А.Чеховтің «Апалы-сіңілілі үшеу», бүгінгі күннің классигі Р.Отарбаевтің «Жалғыздық» атты салмақты қойылымдары режиссердің қазақ, әлемдік, заманауи классика сынды ошақтың үш бұтын ұстаған дарынды театр майталманы екенін байқатады. М.Томановтың ұсынған режиссерлік формасы (пішін) Жәмилиянің тағдырын, шығарманың көркемдік деңгейін жеткізуде ұтымды пайдаланылған. Мәселен, әртүрлі картиналардың негізінде оқиғалар легін құруы көрерменге ой салады. Алғашқы сахналарда актердің рамканың ішінде тұрып өмір сүруі, автордың ойы арқылы спектакльдің жүруі халықтың назарын бір сәтте елең еткізбейді. Бір қарасаңыз, қойылым постдрамалық театрдағы «вербатим» (деректі драма) жанрына да ұқсайтыны сөзсіз. Автордың оқиғаны баяндай отырып жүргізуі, қойылымның негізге формасын қоюландыра түсті. Спектакль барысында Жәмиләнің қолымен Шыңғыс Айтматовтың портретінің құрылып, ұлы жазушының рухына тағызым ету сәті көрерменге ерекше әсер етті. Тарихқа сүйенсек автор осы туындысы үшін өз заманында талай сынға ұшырап, қысым көрген. Жылқышының қызы Жәмиләнің ауылға келін болып түскен сахнасында, түркі халқына тән ұлттық салт-дәстүр айрықша қолданылады. Және де соғысқа аттанған боздақтардың ауылымен қоштасуы, қырғыз күйінің сарыны сахнаға қоңыр үн берді.
Соғыс тақырыбын ашуда пошташы баланың монологын пайдаланғанымен, әрмен қарай түсініксіздеу болды. Ал, Даниярдың соғыста көрген тауқыметін артық сөзсіз В.В.Верещагиннің «Апофеоз войны» атты картинасын сахнада көрсетуі талғамы бөлек режиссердің ұтымды шешім екенін көрсетеді. Кейіпкер болмысын ашуда, режиссердің көркемдік ойының деңгейін көрсетуде қойылымның музыкалық партитурасы жақсы таңдалған. Қойылымның ішкі мәнін терең ашуды қырғыздың «Сары ой» атты халық әні лейтмотив ретінде жүрді. Осы тұста режиссер шығарманы ести білген. Себебі, тілдің күші жеткізе алмаған астарлы сезімдерді,терең ойларды музыка бірден іліп әкетіп отырды. Бір сөзбен драмалық қойылымда ұтымды таңдалған музыка драматизмді арттыра түсті. Спектакльдің актерлік құрамы да толағай табыстарған жеткен. Актерлік құрам театрдың жас буын артистерінен құралуы, Махамбет театрының жастарды қолдап, сенім артқандығын білдіреді.  Жәмилә образын сомдаған Әйгерім Силықова кейіпкер бейнесін сомдауда өзіндік жаңа сипат тапқан. Бізге мәлім Жәмилә бірде сезімтал, нәзік, бірде батыл болса, Силықованың Жәмиләсі асқан өжеттілігімен, ер мінезділігімен көзге түсті. Жәмиләнің Сейітті «Кішкене бала» деп атауы, қайын іні мен жеңгенің арасындағы шекараны анықтап, қарым-қатынасты аша білді. Алайда, кемшін тұстары да жоқ емес. Жәмиләдән әрдайым ой үстінде жүрген қаттылық сезілді. Жәмиләнің қыздық қылығынан гөрі еркек шоралық тұсы жүріс-тұрысында қорбаңдатып жіберді. Қойылым барысында Жәмиләнің Даниярмен құрған қарым-қатынасында лирикалық тұстары жетпегендігі, екі жастың махаббат үшін күресі бір сарында жүрді. Сахналық шындыққа жетуде Жәмиләнің ішкі қайшылықтары, психологиялық күйзелісі, образдың салмақтылығы байқалмады. Бұл не дегенмен де Айтматовтың кесек-кесек образдарының бірі ғой, сондықтан да үлкен полотноны ұсынуда кейіпкер бейнесінің тереңділігі бір сәттегідей өте шықты. Әлі де кейіпкердің драмалық тұстарын ішке түсіріп, Айтматовтың атмосферасын сезіну керек. Бірақ шығарманың күрделі екенін ескерсек, спектакль айналған сайын Силықованың шеберлігі арта түседі деген сенімдеміз. Жас болса да актерлік портфолиясына «Жәмилә» сынды үлкен образды қосқан Әйгерім Силықова бақытты актриса.Сейіт пен Даниярдың образын сомдаған Сағыныш Мақсотов пен Бекет Зинуллиннің актерлік шеберлігіне көрермен ерекше баға берді. Сейіттің мінезін, балалық көңілін, риясыз махаббатын ашуда Сағыныш Мақсотовтың шеберлігін айта кеткен жөн. Жәмилә мен Сейіттің арасындағы қарым-қатынасты Мақсотов жақсы алған. Режиссерлік формада да актердің сахнада еркін жүруі, сахналық шындыққа жетудегі ізденістері айқын көрінеді. Мақсотов режиссердің мақсатын жіті түсінген. Жеңгесі мен Даниярдың кетерінде, Сейіттің шарасыздықтан «Жәмилә...» деп айғайлауы қойылымның көркемдік шешімін көрсеткендей. Ал, талантты актер Бекет Зинуллин Айтматовтың өзіндік атмосферасын ерекше сезінген. Даниярдың образын сомдауда тапқан ұтымды тұстары жетерлік. Кейіпкер бейнесінің ішкі жан дүниесімен сыртқы қимыл-қозғалысы үндестік тапқан. Жалпы актердің сахнадағы тәжірбиесінің көптігі байқалады. Соғыстан қайтқан солдаттың қиян-кескі тағдыры, трагедиялық тұстары көзінен айқын көрініп тұр. Алайда, Данияр мен Жәмиләнің оңаша сахналарында кішкене махаббаттың белгілері болса, режиссердің көркемдік шешімінің тұтастығын аша түсердей.
Сценография мен жарық беру композияциясының тандемде болғанын айта кеткен жөн.. Суретші мен жарық беруші шығарманың уақытын, оқиғаның өткен орнын дөп тапқан. Сахнада ағаштан жасалған биік таулар алыстан мен мұндалап тұрса, жарық сахнаға қоңырқай жылы рең беріп тұрды. Қойылымның жарық партитурасында сары түс пен қою көкшіл түс сол бір кездің уақыт мен климатын сездіре алды. Көрерменнің эмоционалды қабылдауына декорация мен жарық гармонияда болып, режиссердің мақсатын бере алған. 
Бір сөзбен Атырау театрында әлемдік классик Ш.Айтматовтың шығармасының сахналануы қуантарлық жаңалық. Ал, сол классиканы сахналау екі есе жауапкершілікті талап етеді. Осы тұста Махамбет театры талаптың арнасынан шығып көрерменнің рухани сұранысын қанағаттандырды. Атырау театрында қазақ және әлемдік классикалардың көбірек қойылуы өңір мәдениетін биік деңгейде көтеруде септігін тигізеді. Осындай үлкен қадамға барған шығармашылық топқа толағай табыстар тілейміз. Қойылымның репертуардағы ғұмыры ұзақ болсын. 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...