Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ,Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, ҚР Халық артисі,ҚР Мемлекеттік...
«МУЗЫКА ВАШЕГО ПРИСУТСТВИЯ...»
Көрнекті жазушы, кинорежиссер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік, тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, Француз Киноөнері Академиясының, көптеген халықаралық кинофестивальдар жүлдегері Сатыбалды Нарымбетовтің рухынаСАТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ!
Бұл - заманауи қазақ көркем өнерiнің биiгiн, парасатын, пәлсапасын айқындаған есiмдердің бірі. Өнері әлемге танымал, ресми де, бейресми де мойындалған, өмір ұстанымы, өмір салты, жалпы болмысымен суреткерлік табиғаттың маңызын, мәнісін аша білген тұлға. Ресми дейтініміз – Нарымбетовтің атақтары атан түйеге жүк болғандай, ал, бейресми дегенде – соншалықты бір нәзік те ішті шығармашылығымен, сонымен қатар соншалықты бір қарапайым да жап-жарық болмысымен қалың жұртшылықтың ілтипаты мен сүйіспеншілігіне бөленіп өткенін айтып отырмыз.
Өнер жолын жазушылықтан бастап, таланты өз алдына топырақ, тағлым құнарлылығы болар, бірден көзге түсіп; көп ұзамай өзінің бала кездегі, мүмкін, түйсіктік деңгейдегі құпия арманы кино кеңістігіне ойысып, бірталай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтіп, шынығып-ширығып барып, еңсесін тіктеген суреткер туындылары - ХХ ғасырдың күрделі кезеңдеріндегі қазақ жұртының, қазақ қоғамының уақыт ағынындағы көркем бейнесі, көркем зердесі. Өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін, жан дертін және оның түпсебептерін өз уақытын терең тану арқылы зерделеуге ұмтылған ол жеке тағдырларға ерекше ден қойды – бұл тұста оның жекелік эстетикалық танымы этикалық көркемдік үлкен жинақтауларға ұласып, әрбір ірі суреткер шығармашылығындағыдай жеке тағдыр мен өмірлік тәжірибенің көркемдік нәтижесімен шартталды.
«Меніңше, әрбір суреткер өз тағдырын кешеді және өмір бойы өз жаны, өз әлемі туралы айтып өтеді. Ол сөз, сурет, әуен өзгелердің жан пернесін шерте ме, жоқ па – басты мәселе сонда» деуші еді өзі. Бұл Нарымбетовтің ғана емес, ол тектес шоң суреткерлердің қай-қайсысының да айнымас қағидасы болса керек. Классикалық әдеби үлгіден келсеңіз, Золяның «Бовари ханым – меніне», ХХ ғасыр киносы, бүгінгі таңда тағы да классикаға салсаңыз Феллинидің «Егер мен балық туралы фильм түсірсем, ол да өмірбаяндық болар едісіне» саяды.
Топырағы мықты дегенде, жадыңызда ең алдымен, әрине, Созақ-ұғым; тағылымы мықты дегенде бүкіл контекстімен ұлы ұстаздары, қазақ рухани мәдениетінен әлемдік рухани мәдениетке дейін жүріп өткен, көкжиегін кеңейткен ізгілікті жолы, тынымсыз рухани, рухани-көркемдік ізденістері оралады, бұған және Ол танбас төзім, сарқылмас сезім иесі болғанын һәм өзіне үнемі тірек еткен сенімін қосыңыз...
Суреткер Нарымбетов өнерін ерекшелендірген ұстын-ұстанымдарын бөле-жара айтар болсақ:
біріншіден, ол - өнерді, өмірлік бастауын мықты ұстай отырып өз отбасы, ауылы, елінің тарихын кезең-кезеңмен адамдар тағдыры арқылы бейнелей, аса көкейкесті ұлттық мәселелер деңгейіне көтере отырып, өнерлендіргені және бұл ретте әлемдік рухани мәдениет кеңістігінде еркін жүзе отырып жаңа, күтпеген тұсыңыздан мүлдем жаңа мағыналар тудырғаны;
екіншіден – биік азаматтық болмысы мен терең гуманизмі және бұл контекст оның шығармаларындағы сюжет, үлкен көркемдік жинақтау деңгейіне көтерілген идеяларының астар ағыны болып шығатыны.
«Бүкіл адамзат баласының түп-тегі бір – Адам ата мен Хауа анадан тараған. Құдай, Алла-Тағала, Жаратқан біздің жүрегімізде. Жүрегімізге үңіліп, Оны тани білейік» дейтін және бүкіл шығармашылығымен осы идеяны айтып өткен Ол ХХ ғасыр могикандарының идеясын жалғастырушы ғана емес, жаңғырта жетілдіруші болды. Бұл контекст оның «Ассалаумағалейкүм, Атлантида!», «Жанайғай», «Фантом-дерт», т.б. нақышты көркем прозасында, көпқыртысты эсселерінде де және «Созақтан шыққан Гамлет», «Көзімнің қарасы», «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай», «Аманат» көркем фильмдерінде анық жүлгеленеді. Нарымбетов фильмдерінің әлемнің қай түкпіріндегі көрермен үшін қызғылықты да қымбат болатыны, кәсіби мамандар тарапынан үнемі жоғары баға алғаны осыдан болуы керек;.
үшіншіден – ғажайып юморы мен ирониясынан туындайтын жасампаздық сипаты. Жан дүниесі әлемге ашық суреткер табиғаты қашан да күрделі, бұл күрделілік оның ащы да жасампаз, жан емдейтін ирониясының тереңіне жасырынады.
Көрнекті жазушы, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтің дүние кешкеніне 8-шілдеде бір жыл болады. Өзінің ана тілімен қатар орыс тілінде де еркін жазған суреткердің - Ұстазы, рухани дос-ағасы Асқар Сүлейменов туралы «Волчий вой у Стены плача» атты ғажайып эссесінде «Музыка Вашего присутствия» деген керемет бейнетаным-теңеуі бар. Біздер үшін де «Музыка Вашего присутствия» жалғаса береді...
Ұлы гуманист Нарымбетовтің - Ізгілікке, адам баласына, адамзатқа деген сүйіспеншілікке, осыдан да туындайтын ұлы аянышқа дертіп тұратын көркем шығармалары оқырмандары мен көрермендерінің, мұраттастары мен шәкірттерінің ОЙ ҚУАНЫШЫНА айналып, кейінгі сан ұрпақтың игілігіне қызмет ете береріне сенім мол.
Әлия Бөпежанова
Алматы
04.07.2022 жыл