«Бәрімізге қатысты» орталығы су астында қалған Орал өңіріне гуманитарлық көмектің кезект...
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ АНТОЛОГИЯСЫ ФРАНЦУЗ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛАТЫН БОЛДЫ
Парижде қазақ әдебиетінің қос антологиясын француз тіліне аудару, басып шығару мен тарату жұмыстарына қатысты келіссөздер аяқталды.
Жоба қатысушылары Париждің бірінші округінің басшылығы мен елорда мәдени бірлестігінің қолдауымен сұрыпталды. Олар - бұрыннан Қазақстанның рухани қолдаушысы әрі жобаның стратегиялық серіктестері. Сондай-ақ, қазақ әдебиетін аударып, насихаттау бастамасын сапа мәселесіне жауап беретін бақылаушы-рецензент ретінде Француз Ұлттық кітап орталығы қолдады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия көптеген француз баспасының және стратегиялық серіктестердің ұсынысын саралай келе, өнер және әдебиетті дәріптеу бойынша аударма һәм баспа ісінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар Мишель Де Мол (Michel de Maule) баспасын таңдауды ұйғарды. Оның негізін салушы және бас редакторы - танымал француз лингвисі, ақын Тьерри-де-ла-Круа (Thierry de La Croix).
Әдебиетші әрі баспагер Тьерри-де-ла-Круа меморандумға қол қою барысында бұл жоба арқылы француз оқырманы әлем мәдени кеңістігіндегі өзгеше әлемді ашатынын және оның зор әлеуетке ие екендігін атап айтты. Париж Мәдени бірлестігінің президенті мадам Карла Оригони (Carla Arigoni) жобаның академиялық маңыздылығын тілге тиек етті. Оның пікірінше, антология әдеби және эстетикалық құндылығынан бөлек, ғылыми тұрғыда да айрықша мәнге ие.
Қауымдастық алдағы жұмыстарға әдебиет, мәдениеттану және аймақтану салаларының білікті мамандарын тартуды жоспарлап отыр. Олар француз оқырманына Қазақстан мәдениетін жан-жақты әрі кәсіби үлгіде ұсынбақ.
Жоба аясында антологияны тек Францияда емес, сондай-ақ, француз тілі ресми түрде жүретін немесе негізгі тілмен қатар пайдаланылатын елдерде тарату бойынша үлкен жұмыс атқарылғалы отыр. Әлемде дәл осындай елдер саны әртүрлі есептер бойынша 50-ден астам, 220 миллионнан көп халық француз тілін күнделікті өмірде қолданады. Қазақ әдебиетін аталмыш елдерде кеңінен танытып, дамытумен француз тілінде сөйлейтін елдердің барлығына танымал «Престиж Коммуникацион» (Prestige Communication) жаһандық коммуникациялық агенттігі айналысады.
Халықаралық агенттіктің бас директоры Лоран Тайб (Laurent Taieb) ынтымақтастық орнату меморандумына қол қою кезінде елді мәдениеті, рухани жәдігерлері мен ішкі дамуы арқылы жаһандық әлемде дамытуға бағыттайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева қазақстандық тараптан меморандумға қол қоя отырып, серіктестердің назарын аудармалардың жоғары көркемдік сапасы мен жарияланымдардың эстетикалық сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды. Франциядағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында өтіп жатқан келіссөздерге Франциядағы ҚР Елшісі Жан Ғалиев және «Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.