Абай мен Блейк

ӘДЕБИЕТ
2665

Бір-бірін көз көріп, құлақ естімеген, жарық дүниеде бар – жоғын білмеген. Еліктеу, үлгі алу һәм пір тұтуды әсте қорашсынбаған бағзы әдебиеттің өз шекпенін ауысып кимеген. Олар бекзат, дегдар рухани болмысымен туысады. Екеуі бір ұядағы жаңғақтың дәніндей жанай қабысып, бір шекте ұласатын үндес мезеттері мол. Уақыт пен кеңістіктің алшақтығы жаңғақ қабығының ішіндегі жұқа қабыршақ тәрізді. 

Ағылшынның ұлы ақыны Уильям Блейк (1757-1825) Абайдан 88 жыл бұрын туды. Биыл қарашада У.Блейктің туғанына 250 жыл толады. 


І. Жыл мезгілдері 

Жыл он екі айдың төрт мезгілі болмыстың айналып, өзгеріп тұратын ырғағы. Кеш антикалық дәуірден 18 ғ. дейін бейнелеу өнерінде жыл мезгілдерінің символы өзгерместен сақталды. Помпей мен римдік фрескаларда, мозаикаларда Көктем қолына гүл ұстаған жас әйел кейпінде; Жаз – орақ пен масақтар, дәннен бау байлаған; Күз – жүзім мен жүзім шоғы (Шарап); Қыс – аяздан қорғанып жылы қымтанған шал. Батыс Еуропаның бейнелеу өнерінің символдық әлемін зерттеген білгірі Джеймс Холл бұл бейнелердің ХV-ХVІІІғ. кескіндеу өнерінде жиі кездесетінін жазады. Тек картиналар циклі әр түрлі галереяларға шашырап кеткен. Ренессанс жыл мезгілдерін көп құдайлар кейпінде бейнеленген антикалық дәстүрді қайта тудырды: Флора немесе Венера - көктемді, Церера – жазды, Бахус – күзді, Борей не Вулкан – қысты бейнелейді. Дж. Холлдың айтуынша, 18 ғ. «сән-салтанатты мейрамдарды» салатын француз суретшілері жылдың төрт мерзімін бөлек-бөлек бейнелеуді дағды етті. 

Жылдың уағы құбылып, ауысып айнала беруі ежелгі мәдениетте құдайлардың жер бетіне келуі, және кетуімен байланысты болған. (гректік Персефона, өліп, қайта тірілетін құдай – бұл әр халықтың дәстүрінде бар образ).

Мифологиялық аңыздар мен бейнелеу өнері жыл мезгілдерін мейлінше қанық суреттегені анық. Поэзия әлемінде төрт мезгілді бірдей жырлап, циклды өлеңдер жазған ақындар некен-саяқ.

Абай мен Блейк өмірдің алмасып тұратын төрт кезеңін бірдей жырлағанымен ерекшеленеді.

У.Блейк «Поэтикалық нобайлар» атты ең алғашқы жыр жинағын (1783) өзі жасайды. Ол бірмезгілде ақын, суретші, баспагер болды. Кітапқа жыл мезгілдеріне арналған «Көктемге», «Жазға», «Күзге», «Қысқа» делінген төрт өлеңі енген.

Наш остров западный: он ждет Весны!

Перекликаются холмы и долы;

Глаза на твой блистающий шатер

Устремлены: в наш край стопой святой

Шагни через восточную гряду!

Блейктің жыл мезгілдері туралы төрт өлеңін орыс тіліне В.Потапова аударған, қазақша нұсқа әзір жоқ. «Біздің батыс аралы Көктемді күтуде. Періште көзіңмен назар сал! Төбелер мен алқаптар үн қатысып, айқайласады; Сенің көзің алтын шатырға тігулі: біздің өлкеге қасиетті қадамыңмен күншығыс тізбектен атап өт! Жер бұйығып, маужырап жатыр. Інжу моншақтарыңмен әшекейле оны. Кеудесін сүйгіштеп, басына алтын тәж кигіз, сен үшін ол бұрымын қымсына тарқатып тастады ғой» деп ақын көктемді шақырады. 

Жер – сұлу қыз, Көктем – күйеу жігіт бейнесінде суреттелінген, екеуі қосылғанда өмір гүлденеді. 

Абай «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңінде (1882) түз тағыларын «Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып» - деп табиғат сұлулығынан бұзып-жармай көреді. Блейк «алтын шатыр» деген ұғымды көшпелілердің көзімен көргендей елітіп жазады. Түркілік дүниетанымда көк күмбезі, алтын шатыр ең киелі ұғым.

Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,

Құмары екеуінің сондай күшті.


Күн-күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң

Жер толықсып, түрленер тоты құстай. 


Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,

Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.

Қызыл арай сары алтын шатырына,

Күннің кешке кіргенін көрді көзім.

Абай. «Жазғытұры» (1890). Япырмау, мұншалық сәйкестік кездейсоқ болмас, ағылшын ақыны мен қазақ ақыны көктемді анық бір көзбен көреді! Тіпті екі өлеңнің мазмұны өзара айнымай қалған десе жалғаны жоқ. Абай мен Блейкте бір образ: жер – ару қыз, көктем- ер жігіт, екі ғашықтың жарасып қосылуы. Блейктегі «жарқыраған шатыр» - Абайда өзгермей кездесетіні қайран қалдырады: күн алтын шатырына батады. Уиляьм Блейк күн «алтын шатыр» теңеуін «Жазға» атты өлеңінде тағы сүйіп қолданады:

С твоим вторженьем к нам в долины, Лето,

Ты жаром пышущих коней сдержи,

Умерь из их ноздрей летящий пламень!

Когда в златых шатрах, среди дубов,

Тебя клонило в сон, цветущим телом

И роскошью кудрей мы любовались.

Ең ғажабы, жаздың атрибуттарын кейіптеуде  Блейк «аптаптан қызған, дүрілдеген аттардың делдиген танауынан ұшқан жалынды бас, Жаз, емендер арасы тоғайда алтын шатыр астында сен ұйықтап жатқанда біз жасыл желек жамылдық» дей келе, далаға тән суретті «аспанмен талтүс қапырық арбамен зулаған сәтте жылғалар мен өзендерден жаныңа сая тап» деп көркем жырлайды.

Жазды күні шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда,

Шұрқырап жатқан жылқының

Шалғыннан жоны қылтылдап,

Ат, айғырлар, биелер,

Бүйірі шығып, ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

Құйрығымен шылпылдап,

Арасында құлын-тай

Айнала шауып бұлтылдап.

Жоғары – төмен үйрек, қаз,

Ұшып тұрса сымпылдап.

Абай. «Жаз» (1886). Бұл өлеңсіз қазақ поэзиясы жұтаң тартар еді-ау. Этнографиялық – реалистік сипаты күшті бұл жырда Абай қазақтың жанындай көретін жылқы түлігін құлын-тайына дейін тегіс суреттейді. Көңілі жайланып, армансыз, бейқам, сұлу пейзажды қызықтайды. Абай мен Блейкте басты географиялық нысана - өзен, су. Блейкте жылқыларды ғана емес, арбаны жаз кейпінен қоса көруі елең еткізерлік.

Запятнанная кровью винограда,

Отягощенная плодами Осень.

Блейктің «Күзге» арнаған өлеңінде ол ән салады, «жүзімнің қанымен дақ тиген», бұл христиандық образ.

Так пела Осень у меня в гостях,

Но молча за угрюмые холмы

Ушла, златую ношу сбросив с плеч.

Абайдың «Жазғытұры» атты өлеңінің аяқталуын еске салады, күннің көкжиектен домалап, көз ұшынан ауып кеткені тәрізді мұнда да Күз жабырқаңқы, қарауытқан қырлардың ар жағына сіңіп жоғалады. Абай «Күз» (1883) атты өлеңінде қазақтың әлеуметтік тозыңқы тұрмысын жаны құлази жырлаған.

Блейк «Қысқа» атты өлеңін: «Қыс, алмаз қақпаңды жап! Терістікте сенің қапас баспанаң жердің түбіне жетеді» деп бастайды. Қыс қаһарлы асатаяқ ұстаған, ауыр, бұрқасынын үйірімен жауып жіберген шал кейіпті. Шал қаңқа сүйектей арсиған ажалға тағы ұқсайды.

Но чу! Страшилище шагает – кожа

Да кости, - а под ним утесы стонут.

Вот-вот разденет землю, чтоб морозом

Дыханье жизни хрупкой умертвить.

Қақаған қысқа жер жүзін солқылдатып, сілкіп, оның тірегін майыстырып, иілдірме деп жырлайды ол.

Зима, замкни алмазные врата!

На севере уходит в глубь земли.

Твой мрачный кров. Не сотрясай его,

Ни гни подпор железной колесницей.

Қыс кезінің өктем, ымырасыздығын Блейктің құбыжық, қорқынышты қылып бейнелеуі жадта Абайдың «Қыс» аталған өлеңіндегі (1888) сарынды аумай-төкпей жаңғыртады. Жер жүзін жұлып әкетердей бұрқаған ақтүтек боранды суреттеуі тіптен айна-қатесіз дәл шыққан.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды. 

Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,

Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Уильям Блейкті ағылшындардың өзі дер кезінде танымаған, бағаламаған, аты мен затын білмеген. Ол беймәлім күйінде қайыршылықта өлді. Кейіннен ашылған жұмбақ ақын. Бұл ретте Блейк неміс Қайта Өрлеу дәуірінің ұлы суретшісі Альбрехт Альтдорфер (1480 маңы – 1538) мен ірі американ жазушысы Герман Мелвиллге ұқсайды. Асыл пышақ қын түбінде жатпайды. Көзі тірісінде еленбей, өлген соң ұзақ уақыт ұмытылып, ақырында ғайыптан қайта табылатын классиканың бір сыры. 

Суреткердің бір тақырыпты таңдауына жыл мезгілдері әсерін тигізетіні сөзсіз. Осы ретте А.Пушкиннің күзді айрықша сүйетінін мойындайтыны рас. Шабыттың қайнарын әр ақын сүйікті мезгілінен табады. 

Абай мен Блейк, арасы қырық күншілік ел, Ұлы Түз бен тұманды Альбион, барыс-келісі жоқ заман. Сөйте тұра, екі ақын мынау шалқыған жарық дүниені бір деммен, поэтикалық саф леппен қабылдайды. 


ІІ. Періштелі жырлар.


«...Аспанды саусағымен қозғадым деп айтса, Блейк тегі, есінен адасқан шығар деп шешкен ханымдардан олар айнымайды» деп жазады Ыдырыс Шах суфизмді түсіндіргенде.

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс.

Абай Татьянаның аузына тура Блейктің астарлы метафорасынан айнымайтын сөз салады. «Евгений Онегинді» - еркін аударған Абай жүрекке саусақ бітірді. Блейк көкті түртіп көрді. Бұл шексіз сүйіспеншіліктің артықшылығы, жеті қат көкті өрлеп ұшып, Миғраж түні Аллатағаланың нұр дидарын бүркей көрген Мұхаммед пайғамбардың құлшылығындай риясыз сезім.

Жалын мен оттан жаралып,

Жарқылдап Рағит жайды айдар.

Жаңбыры жерге таралып,

Жасарып шығып гүл жайнар.

Рағит – діни ұғымда нажағайды, күнді күркіретуші періштенің аты. «Жалын мен оттан жаралып» (1903) - Абай өлеңнің құдіретін күн жайлатқан бақсыдан бетер беріле жырлайды. 

Блейк суретші. Оның Навуходоносар патшасы кәдімгі арыстан тәрізді. Сақал – шашы арыстанның жалындай төгілген, аяқ-қолының тырнағы аңша шорлана біткен, сандары жүндес, төрттағандауы тағы бар. Оның башпайы аңның тұяғы. Неге? «Лиса кормит себя, льва кормит Бог». Түлкісі арсыз, арыстаны арлы, Иван Крыловтың мысалдарындағы тұспал бейнелерден бір бөлек. Адамның жаратылысындағы ала-құлалықты тану өз алдына, бұл христиандық белгі. Өнердегі сюжеттер мен символдарды жетік зерттеуші Дж. Холл «Геркулес арыстан терісін жамылған, ол Ержүректік тұлғасының белгісі болып табылады» дейді. Орта ғасырларда арыстан қайта тірілудің символы болды. Воскресение, өлгеннен кейін үш күннен соң қайта тірілген Иисус Христос. Күмән келтірсе Күн Ібілісті тамұқта жылытар еді деп толғайды Блейк.

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» (1886). Абай елді бүлдірген адамның шайтандарын айыптайды. Абайдың әлеуметтік сарыннан тыс дін туралы өлеңдері аллашылдықтың гимні. Блейк поэзиясында нәресте, сәбиді көп жырлайтыны христиандық сана. Ғадетте христиандық махаббат деген ұғым бар. Адалдық, тазалық, пәктікке негізделген, мінез-құлық, ар-ожданның мінсіздігі. Оны әсіресе кішкентай балалар терең сезінеді. Сол себепті Блейк бала бейнесін жиі пайдаланады: «Жасыл-әу», «Қозы», «Негр баласы», «Күлетін ән», «Бесік жыры», «Адасқан бала», «Табылған бала», соңғы өлеңде адасып, батпаққа батып кетуге шақ қалған баланы құдай сақтайды, әкесі тауып алды. Бірақ бұл өлең қос мағыналыға және ұқсайды, әлгі бейшара балақайды ажалдың өзі әкесіндей еркелетеді, жылау да бұлау болған анасына әкеп береді. Фәни мен бақи. «Кішкентай мұржа тазалаушы» атты өлеңінде қара күйе басқан Том атты бала – таңғажайып түс көреді, оған Періште дем береді. 

Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға 

Алла асыраған пендесі аш бола ма?

Өлеңді (1880) Абай Лермонтовтан, ол Шиллерден аударған. Қазақ баланы періштеге балайды. Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық өседі. Халық сенімінде әр баланың өз ырыздық несібесін құдай береді. 

Блейк «Қозы» атты өлеңінде қошақанды сүйсініп суреттей келе, ол сенің аттасың дейді.

Ибо Агнец он Святой,

Кроток он и нежен он,

Он Дитятей наречен;

Құдай жаратқан қозы христиандардың аңыз, сенімдерінің символы.

Жетім қозы тас бауыр,

Маңырар да отығар.

Абай бұл фәнидегі жетімдікті мегзейді. Жетім қозы түртіншек дегенде қазақ мейірімге зәрулікті айтқаны. 

Ренессанс пен барокко өнерінде періштелерді бала кейпінде бейнелеген. Ортағасырлық фольклор дәстүрінде баланың таңдамалығы, артықшылығы туралы ұғым басым, ол тазалық пен бейкүнәлік нышаны. «Шіркеудің негізін салушылар, әулие Августин «Тәубе» атты еңбегінде «Тауратты балалар сияқты оқу керек. Себебі Кітап сондай өзі, балалармен бірге өседі» деп жазған. Қасиетті жазудың өзіндік белгісі, құдай даналар мен естілерден жасырып, тығып қалғанын нәрестелерге ашып береді, мұны әсіресе Августин ескертті. Қасиетті Жазу кімнің жаны қарапайым һәм жүрегіне сенім ұялаған ақкөңіл жан болса соған лайық. Матфей мен Луканың Інжілінде бұл бар. Және Иисус ең әуелі жоғары қызметтегі, білімді адамдарды емес, бұқара халықты, балықшыларды, ұсақ жұртты таңдады. Қасиетті жазудың қастерлі, жұмбақ тұстары да биік стильде жазылмаған, тілі қарапайым. Осының бәрімен ол ежелгі дүниенің көп құдайға, пұтқа табынған ұлы жазушыларының шығармаларынан ерекшеленеді деген ой Орта ғасырдың тұтас бойына салтанат құрды» деп жазады Э.Ауэрбах «Мимесис» атты зерттеу кітабында. «Устами младенца глаголет истина» сол санадан туған нақыл.

Бог младенческих сердец,

Улыбается Творец

Мне, земле, небесам,

Тот, кто стал младенцем Сам,

Улыбается с тобой

Миру даровав покой.

«Бесік жыры», Блейк Иисусты нәрестеге теңейді.

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге,

Рахметіне алланың көңіл сенер. 

Абайда «Тәңірім шебер» деп емірену бар. Орыс ақыны В.Жуковскийде «И се младенец – Бог Мессия в пеленах» деп құдайды нәресте атау Блейктен аулақ кетпейді. Ағылшын ақыны гүлдерді де діни астарда суреттейді. «Райхангүлдің тікенектері дұшпан үшін» дейді ол. Ал солған раушан гүлін көзге көрінбейтін Біреу қара махаббатымен қинайды. Бұл сонда нәпсіден қараю ма? Қара түс Абай өлеңдерінде тұңғиығы терең. «Қаны қара, бір жанмен жаны жара». Екеуі де дағдарыс дерттен арылмаққа дұға үшін осылай жырлайды. Блейк сүйіспеншілікті ақ дейді.

А Лилея, бела, для любви расцвела,

Не угрозой, не терньем – красотою взяла.

«Лилея».

Тез үйреніп, тез жойма

Жас уақытта көңіл – гүл.

«Ғылым таппай мақтанба» (1886).

Екі бөлек көрінгенмен, екі ақынның ойы бір көкжиекте тоғысады.

Бәйшешек қарға өнер ме?

Блейкте өмірді кереғарлық, қарама-қарсылық ақ пен қараның алмасып тұруы үшін сомдаған деген сарын Абайда өкініш һәм уайым болып құйылады.

Абай эротикалық поэзияның жібек шымылдығын жалған сопысынбай, «іші залым, сырты абыз» (өзі сөзі) паңданбай,  сиқырсынбай ашты, «Жігіт сөзі»:

Тар төсекте төсіңді,

Иіскер ме едім жалаңаш?

Блейк «Нагота женщины – творенье Божье», әйелдің жалаңаш сұлулығы құдай сүйіп жаратқан құбылыс екенін нақылдайды. Абайдың тылсымы күшті «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?» атты өлеңдері Блейктің «Махаббат бағы», «Менің раушан шоқ бұтам» атты өлеңдерімен сарындас, тым параллель, торығумен берілген. 

Тегінде Абай мен Блейк, ұлы ақындар, қисапсыз қазынашыдай көрінеді. Блейкті еуропалықтар ХХ ғ. тани бастады. Біздің Абай алыс та болса жақын, жақын да болса алыс. Әлі солай.

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла. 


ІІІ. «Осы өлең – оқитұғын дұғам менің».


Орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтов өлең мен дұғаны бөліп – жармағанын Абай тәржімалайды ғой:

Көңілім ауыр жүктен бір құтылар,

Кек арылып көкіректен ұмтылар.

Адамның баласына ашып жаным,

Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар.

«Қасиетті дұға» деп аталған. Уильям Блейктің киелі дұғасы «Адамгершілік нақылдары» - ақынның өсиеті мен уағызы. Бұл жырды «Пәктіктің, момынның нақылдары» деп те аударса қалт кетпейді. Орысшасы В.Топоровтікі. Бұл ғажайып жыр – адамзаттың ең асыл мұраттарын қорғаған қасиетті дұға. Немесе тәубеге түсу, райдан қайтудың қайыры хақында. «Назары аштың ақыры оңбас» дейді қазақ даналығы.

Абай поэзиясында дұға мен дерт қосарлы. Блейк асқан мейірімділікті бір жақты жырламайды. Жауыздық пен ізгіліктің арпалысуын, манихейліктің ілімін биік гуманизммен айта білді. Ол «Сұр монах» атты өлеңінде аса сирек рухани ойды түйіндейді:

Но мститель, пусть он справедлив,

Убийцей станет отомстив.

Бұлай ешкім айтпаған сияқты. Антитезаның тегеуріні ғажап, мұнан артық адам баласын шырылдап қорғаудың, асқан мейірімнің отқа түскендерге қарлығаш қанатымен су себудің үлгісі қайда?!

Қан жүректі қайғылы-ау,

Қайырыла кеп сен маған.

Қасиетін ойлан-ау,

Қам көңілдің тынбаған.

Абай. «Жүрегім менің қырық жамау/ Қиянатты дүниеден» (1899). Бұл сарын Уильям Блейктің толғауында айқын. Абайдағы шынайы рақымдылық, мейрбандық онда күллі жан-жануарларға тиемел. Бір шөкім топырақтан шексіздіктің нышанын көрген ағылшын ақынының айтпағы Абайдың:

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Деген қанатты сөзіне сыяды.

Блейк Үш Қиянның жырауындай төгілтіп, термелейді, Сонда нені толғайды? Оның «шексіздік пен мәңгілік» ұғымы адамзаттың өткінші халін растайды. Абайда:

Адамзат бүгін адам,

Ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмес үшін туғансың, ойла, шырақ.

Блейк: «Гүл тостағанында – көк аспан, бір уыс топырақ шексіздіктен . Торға қамалған құс үшін аспан жылайды. Кептерхана кептерлерімен әзәзілдік отын өшіреді. Нәр татпаған төбет аштан қатса , Англия бүтін қалмас. Бозторғадй таспен ұрсаң, рақымды періштелерді шошытқаның. Қоразда төбелестірген сәтте көктегі Күн теңселеді. Бөрінің ұлуы мен арыстанның ақырғаны ұйқыдағы өліктерді оятады. Тоғайда жасырынған бұғы, Тірілердің ұйқысын күзетеді... Сұр түсті ірі жарғанат Сенімнен жұрдай жаннан жаралған»,- деп елти жырлайды.

Нетопырь родится серый

Из души, лишенной веры.

Что безбожник, что сова –

Нет им сна, душа мертва.

Дінсіз, қасиетсіз адам жарғанат, жапалақтай жарықтан қашып, түнекті паналайды. Ұйқы көрмейтін  себебі, олар өлі жандар, соның үшін жарыққа селт етуге қабілетсіз. Ақын хайуанаттар дүниесін аллегория түрінде алса, ол кей адамның малғұндығынан түңілгені.

Расында аң-құстың қиянаты да, жазығы да жоқ.

Жер күнмен гүлденеді,

Жарғанат күннен пәсірленеді. Жәми. Абайтанушы Құлмат Өмірәлиев ХІ ғ. шығыс әдебиетінде гүлденген философиялық – дидактикалық поэзия гүлденгенін, Абай алдыңғы Назима, Жәми, Науаи сияқты классиктерден асыл мирас алғанын атап өтеді.

Блейк күллі әлемнің рухани өзегі біртұтас жаралғанын бір-бірімен тығыз байланысты аруана бауыр дүние екенін ұлы пафоспен ұлықтайды. «Мысық пен итті асыра, сені көк асырайды.

Алтын ақша сараңның қолында шірік.

Қуаныш пен бәлен егіз, мұны білсең, ешқашан сүрінбейсің».

Взятку дав, игрок и блядь

Страной стали заправлять

Зазываньями блудницы

Саван Англии кроится.

Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман. 

Яки: көп жүрмес жеңсік қойлық, әлі-ақ тозар.

Абайдың 1886 жылдан соңғы «сұм-сұрқия қу заманға», пасықтыққа налып жазған өлеңдерімен үндес. Блейк бұл ұзақ толғауын Иисус Христосты аңсаумен аяқтайды. 

К тем, кто в странах дня живет,

Богочеловек грядет.

Ақын Иса пайғамбардың образын ашты. «Христиандық ілімнің мәнісінің өзі құдайдың азаптарын, Христосты адамға айналдыру. Христос жарық дүниеге қаһарман, патша болып келген жоқ, ол әлеуметтік басқыштың ең төменгі сатысында тұрған адам ретінде келеді. Оның алғашқы шәкірттері балықшылар мен қолөнершілер болатын, ол кішкентай палестиналық  халықтың арасында кәдімгі тіршілікте өмір кешті, жезөкшелер мен қайыршылармен ауру-сырқау жандар мен балалармен әңгімелесті,- деп жазады «Мимесистің» авторы Э.Ауэрбах. Оның момындығы мен көнгіштігі тазалығы мен пәктіктің символы». Блейктің мына нақылдары христиандықтың тазалық пен пәктіктің қағидасы екені енді ашылды. Абай қара сөздерін осы мақсатпен жазғаны хақ. Блейк «Қасиетті бейсенбі» атты өлеңінде: «Қасиеттілік – сендер туралы айтылмаған. Сендер беретін қайыр – садақа масқара ұят нәрсе. Балалардың жәудіреген аш көздері Сендерге үкім айтып тұр»- деп ағылшын қауымын айыптайды. Ал Абай айналасына:

Пейілі кедей байсыңдар!- деп бір-ақ кеседі.

О да өзіндей ит болсын, азғыр-азғыр. ...Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай атты өлеңінде Абай бай мен кедей дилеммасын айқара әшкереледі.

Ол «Қараңғы саңырау қайғы ойды жеген» (өзі сөзі) қалыбымен әділеттікке, құдайшылыққа шақыра береді, көре тұра, түңіле тұра сөйтеді, үйретеді, мінейді, жылайды.

Блейктің жүрегі дәл осылай соғады.


ІV. Уильям Блейк. Тэрра инкогнита. 


Оның шығармашылығына қызығушылық 19 ғ. аяғында прерафаэлиттер ақынның өмірбаяны мен жыр жинақтарын қайта жариялаған соң оянды. Атап айтқанда, көрнекті ирланд ақыны У.Б.Иейтс (1865-1939) үнді классигі Р.Тагордың лирикасы мен Блейктің өлеңдерін басып шығарды, ол туралы эссе жазды. Блейк 28. 11 1757 ж. Лондонда саудагер әулетінде туды, 14 жасында ою, нақыш оятын суретшінің (гравер) шәкірті болды. Ол 70 жасына ілігерде, 12 тамызда 1827 ж. Дүние салды. Заманында көбі оны жарымес санапты, рас, данышпан деп үстеп атаған. Өз дәуірінде ақын шығармалары сол уақыттағы поэтикалық жүйелерге кіріспеді. Оның Ағарту дәуірінің поэзиясымен – неоклассицизм – мен де, сентиментализммен де ортақ ештеңесі болмады. Блейктің жыр әлемі аллегория мен символдарға толы, дастандарында мифологиялық, таураттың образдарды жиі пайдаланған.

Суинберн, Россетти Иейтс тәрізді ақындар тобы, прерафаэлиттер ашқан соң ХХғ. Блейктің «Әулиелік кітаптары» атты поэмалары жаңа мағынаға ие болып, пір тұтушыларын тапты. Жырларының мәтіндеріне суретті ақын өзі салды. Әр түрлі шығармаларға иллюстрация, кескіндеме сурет салған, оның ішінде Данте, Чосер, Мильтон, Шекспир бар, көбіне жанына жақын діни әдебиетті таңдаған Блейк – мистик ақын, дүниені ерекше көзбен көре білген. Әдебиеттануда Блейктен декаданстың нышанын, өнердегі сол күйзелісті құбылыстың жаршысын көруге тырысу болған. Анық ашылған соң ол ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы өнердегі құбылыстар мен бағыттарға зор әсер етті. Символизм, экспрессионизм, тақпақ сөз, ақ өлең (белый стих) Блейктің поэзиясынан шашыраған шұғыла тәрізді, У.Уитмен сияқты ақындарға жол ашты. Блейктің апокалиптистік ақырзаман елестері мен бейнелеу өнеріне швед ғалымы, теософ – мистик Эмануэль Сведенборг (1688-1772) терең ықпалын тигізді. «Ұлыбританияның жүз жазушысы» атты жинақта (авторлары О.С.Судленкова, Л.П.Кортес) Блейк туралы деректер бар. Блейктің шығармаларын ағылшын сыншысы Арнолд Кеттл (1916 ж.т.) зерттеді. Блейк шығармашылығына арналған жеке сөздік те бар. «Блейкке сөздік» (1965) авторы С.Ф.Деймон. Әдеби энциклопедиялардың негізін ежелгі грек ақыны, грамматигі Каллимах (310-240 б.д.д.) салған. Данте мен Шекспирге екі сөздік, Гете, Теккерей, Стендаль, Крылов, Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Абайға сөздік шықты. Дей тұрса да, Блейктің әлі күнге жұмбақ тұлға, терра инкогнита (яғни, «беймәлім жер, белгісіз сала) екенін француздың көрнекті жазушысы Андре Жидтің мынау пікірі растайды: «Иә, Ницше, Достоевский, Браунинг пен Блейк – бір шоқжұлдыздағы төрт жұлдыз. Маған Блейк ұзақ уақыт беймәлім болып келді... мен оны алдын-ала сезіндім десем де болады. Бұл оның ақпалы маңызды екенін көрсете ме? Жоқ, керісінше, ол біреуге әсер еткенін мен білмеймін. Тіпті Англияның өзінде Блейк соңғы уақытқа дейін мүлдем дерлік белгісіз болып қалды. Бұл өте таза және өте алыс жұлдыз, оның сәулелері енді ғана бізге тарай бастады». («Достоевский» атты эссесінен).

Абай бізге әлі күнге сонша таныс бола тұра бейтаныс Абай дей салғымыз кеп тұрады. Бұл тұрғыдан екеуі тым биікте тұр. Абайды шын ұқсақ, оған қазақтың жауы қазақ деп айтқан Абай деп сұрқия жала жабар ма едік?!

Ал Блейкті әзірге бетінен қалқып алуға ғана мұрсат бар. Ол өте терең, жұмбақ ақын. «Жұмбақ пен Жаһаннамның некелесуі» атты діни – мистикалық поэмасы неге тұрады! Ізгілік – жұмбақ. Зұлымдық – Жаһаннам. Бұл адам өмірінің аллегориясы ғой. Блейкпен бір эсседе шектелу қиын.

Абай мен Блейк адам баласын адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң деп қайта тәрбиелемек болады. Екеуі де Адам ата мен Хауа ана әу баста жұмағын жоғалтқаны сияқты, адамзат шынайы діни сезімінен жұрдай болып айрылды, сол үшін оны имандылық бастауына оралту керек деп санайды. Діни сарын екеуінде де астарлы, пейзажды келетіні содан.

Блейктің «Пәктіктің нақылдарын» В.Топоровтан бөлек С.Маршак орыс тіліне аударған, үңілсеңіз: 


В одном мгновенье видеть вечность,

Огромный мир – в зерне песка,

В единой горсти – бесконечность

И небо - чашечке цветка.


 1-21.08.2007.

Айгүл Кемелбаева

author

Айгүл Кемелбаева

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...