Рахымжанның «Жалғыздығы»

ӘДЕБИЕТ
2286
Ауласы қоршалмаған, үйінің сыртқы есігі үнемі ашық тұратын аласа там. Үйінің есігі үнемі ашық тұратынына қарамастан, кіріп-шығып жатқан адам жоқ. Сырты шағаладай аппақ. Ал іші қарауытып тұратын. Үй іші, ауласына дейін әркез мұнтаздай тап-таза. Бірақ ошақтағы шәугімі де, қазаны да қап-қара. Сонысы сол шаңырақты қара түнекке бояп қойғандай көрінетін.Неге екенін осы жерден өткенде көңілге алабөтен үрей ұялайтын. Әр нәрсенің аңысын аңғара бермейтін балалардың өзі асыр салып ойнап жүріп, әлгі үйдің қасына келгенде кілт тынатын. Демдерін ішіне тартып, шатыры аласа үйдің аласа терезесінен көз алмай, «әйт» десе зыта жөнелуге дайындалып, мысықтабандап қалушы еді. 
Балаң көңілге алабөтен үрейдің ұялауының сыры бар. Әлгі үйде жалғыз кемпір тұратын. Шынтуайтына келгенде жалғызілікті кемпірдің жалғыздығы еді көңілге қорқыныш ұялататын. Сол бір балаң көңілде сақталып қалған сурет арқылы жалғыздықтың түсі қара түнек қараңғылық болып сіңіп қалыпты санама...  Алматы. М.Әуезов атындағы академиялық театр. Кіші залдағы сахнаны айналдыра орындықтар қойыпты. Жарығы солғын. Шымылдықсыз қойылым. Бірер минуттан кейін Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздығы» басталады.
Саханалатын қойылым өзі «Жалғыздық» болса, оған шымылдықтың қажеті не?! Жалғыздық – өзін іздетпейтін шындық емес пе?! М.Өтемісов атындағы Атырау облыстық академиялық театрының бас режиссері Мұханғали Томановтың шебер шешімі спектакль басталмай жатып, көңілге ұялап үлгерді.
Сахнаны алқа-қотан айнала отырған көрермен демін ішіне тартып сұрланып алған. Жарығы өлеусіреген жалғыз аралдағылар да сұп-сұр. Сүреңсіз сұрқай тіршілік. Тіріден гөрі тіршіліктен баз кешкен бе дерсіз. Тіпті, тірі ме еді олар өзі. Адам айырғысыз. Бірақ тіршілік бар. Ара-тұра үздік-создық естілетін байғыздың сұңқылы өлі аралда тіршіліктің барын сездіреді. Өң-түсі солғын адамдар. Адам ба, өзі. Түр-түсі өң сұрқай тартқан, лебінен сұп-суық ызғар еседі. Адам емес дегенге... анасын іздеп, өткенін түгендеп келген ұлға бірде қуанып, бірде сырт беріп, алқалап жүр. Алаң көңіл жанның алғаусыз пейілін шын таныған сәтте бас көтеріп қалатын өбектеген көңілі тіріден бетер.

Жазушы Рахымжан Отарбаев тіршілігінде жан баспаған жұмбақ әлемі – жалғыз аралына кетіп қалғысы келетінін жиі айтып жүрді ғой. «Жалғыздығында» сол бір жан қалауының сарыны бар. Таңдамалысына енген осы әңгімесінде мынадай диалог өрбиді. Онысы диалогтан гөрі жалқы бір сәттегі қайыққа қатар мінген жандардың жалғыз-жарым монологына келіңкірейді негізі.
« – Құлақтан жастай қалғанмын... Жалғыз үй, жесір қатын, жетім құлын боп, тіршілік кешіп жатырмыз. Шүкірі таусылмаған бір қауым елміз, - деді сампылдап. Маңдай әжімі жазылып, ұл мен қыз күлістік атты. Суға сыңар аяғымен бойлап тұрған нар қамыс үкілі басын тербеді.
– Ал отырыңыздар! Қараңғы түсіп кетер.Таяуын ағыстың ық бетіне құлаштай салған. Қайратына не берерсің, жаңқа қайық қарсы бетке жын қаққандай жөңкілді.
«Дүниеге сыңар кіндік боп жаратылған тек сен емессің, дегісі келген. – Анау әупілдек, мынау моланы дара құшып жатқандар... Сосын..» Саңырауға айқайласа, толқында билеген жаңқа қайық аударылып түсердей қорықты.
– Қатып ұйықтап қалыппын, - деді өзеннің орта тұсына келгенде ентігіп. – Түсім бе, елес пе, бір кішкене қара домалақ кекілді бала «Апа, тұр! Мен келдім, апа!» деп жұлқылап оятып жіберді. Көзінде кіреуке мұң бар екен... – Сосын мұның жүзіне жалт қарап, есіне әлдене түскендей, әлдекімді шырамытқандай қимылсыз қалды. Жүйіткіген жаңқа қайық тағы да ықтай бастады. – Қап, мына өр суын қарашы, әл бергісі жоқ.»
Өзендегі қақпақыл қаққан жаңқа қайық – қақпалық қаққан тағдырың секілді. Айтары көп, жауабы да белгілі әлгіндей диалогтардың талайын тыңдап келеміз. Шындық екеніне, жанның сыры екеніне көңіл бөлетіндер аз. Әйтеуір, көкейге түйер ілкі бір сәттегі осындай монологтарды жел көтеріп кетіп жатыр...Жаңқа қайықта қанша жолаушы болса да, жалқы бір сәтте бәрі жалғыз. Жалғыз, дара келіп қонған жан алқа-қотан жүрген орта да жеке қала береді. Қай-қайсың болса да, жалғызсың. Дүние керуені дәуренге толы кезде жалғыз емес едім дейтін болар, әлдекім. Бірақ, жалғыздық – өзін ұмыттырмайтын, іздетіп әуреге салмайтын ақиқат. «Адам қай сәттен бері жалғыз?» деген сұраққа жауап іздеп сарсылғандар өзді-өзін жұбатқысы келетіндер ғана. Өйткені жалғыздық қашаннан бері жалғыз иесімен бірге өмір сүріп келеді. Әлімсақтан бері солай. Альберт Камюдің сөзі де осыны растай түседі: «Адам о бастан жалғыз, ол өзінің ойы мен сезімдерін өзі ғана түсіне алады, жалғыздықтың бастауы – адамның өзінде». Жазушы Рахымжан Отарбаев қысқа ғана әңгімесінде осыны әсіре әсірелемей өте шебер жеткізеді. Жалғыз жанға деген аяушылық сезімді мелдектетіп жатпайды. Мақсаты ол емес екенін, еңіретіп ешкімнің етегін жасқа толтырмай-ақ, ақиқатты алқындырмай-ақ айтқанынан түсінесіз. Мүсіркегенде не... әркімнің басында бар күй. Айналаң аяғаннан ақиқат өзгермейді. 

« – Жеті түнде сескенбейсіңдер ме? – деді келіншек жағаға шыққасын даусын бәсеңдетіп. Иегімен өлі ауылды нұсқайды. Қолтығының астынан жетім құлын кісінеді. Үні жіңішке шықты. Уызына жарымай, емізікпен сүт ішкен жетімнің даусы қайдан жуан бола қойсын?..
– Рақмет! Ол қарақшысы жоқ жұрт қой».
Әңгіме кейіпкердің жалған дүниенің қызығынан жалыққан, өзімен-өзі қалып ой терген, жалғыздығын іздеген сәтте үзіледі. Әрі қарайғы ойды қалай алақашқың келсе де, өз еркің. Оқырманның еркі. Адамның Жұмақты тастап, жерге түскен шақтан бергі көлеңкедей қыр соңынан қалмаған Жалғыздығы. Жалғыздығын ұмытқан сәтте адамдығынан да айырылғанын пенде біткен ойлай бермейтіні несі осы, дейсіз оқып біткен кезде іштей.
Ал спектакльде Жалғыздық жалқы қалған сәттен басталады. Оқиға сол тұстан өрбиді. Қаламгер «Жалғыздығы» арқылы жеткізгісі келген ойы драмасында ашыла түскен. Өңкей сұрқай түс. Бәрінің өң-түсі солғын тартқан, сұп-сұр. Жалғыздықтың түсі қаратүнек қана болады екен деп келгем. Сан жыл бойы қара түске деген санада сақталған жағымсыз картина құбылып сала берді. Отарбаевтың «Жалғыздығын» көргенде сұрқай тартып шыға келгені. 

Қойылымда басталғаннан өн бойына қаумалаған өң-түсі солғын, тіріден гөрі тіршіліктен баз кешкен Адамдар кейіпкерді қаумалап жүреді де қояды. Адам ба, өзі?! Айнала бірыңғай сұп-сұр. Сұрқай тартқан өң-түс жоқ жандар... кім екені айырғысыз. Жылт еткен жылылықтың нышаны байқалмайды. Соған қарап, қайғының батпан жүгі жақындап қалғанын сезіп, қарқылдап қоймайтын қарғалардың ортасында қалғандай күй кешесіз. Ендігі бір сәтте бұлар ауылдан жырақ кетіп, тіршіліктің шырмауынан шыға алмаған туған ұлдың өз қара орманы – туған жерінен алыстап кеткеніне тоң-теріс қалған әруақтар ма дейсіз. Кезінде өздері арман қуып алысқа кете алмаған, атамекеннің торғын топырағын ерте жамылған...
Олай дейтінім, жұрты көшкен ескі жұртқа келген ұлға бастапқыда үрке қарайды. Келесі сәтте қайық іздеп, арғы жағаға қайта қайтып кеткісі келіп сансыраған жанның «кетем» дегеніне әп-сәтте тоң-теріс бола қалады. «Жо-жоқ бұл жерде анам бар. Ешқайда бармаймын, осында қаламын» десе, қуанып, айнала қаумалап қауқылдасып қалады.
Жалғыз жан жалғыз аралда жалғыздығымен арпалысып, жанкешті күйге түседі. Байғыздың сұңқылы, қарғаның қарқылы, Жер-ананың уілі, тынып ағып жатқан өзеннің сылбыр сырылы ғана естіліп жатқан иесіз мекенде ой мүжіп отырып, келесі бір сәтте кейіпкердің «Кім бар-ей» дейтіні бар. Қойылымда осы эпизод бірнеше рет қайталанады. Онысы жалғыздықтан елегізген адамның селт еткен сезімінен гөрі, қаумалаған көптің ортасында жүріп, селк етіп ес жиғанындай әсер етеді. Туп-тура өзіңе таныс күй. Кейде, кейде деймін-ау, тіпті ара-тұра айнала жұртқа қарап «кім бар-ей» дегім келеді. Сізге де сондай сәт таныс екеніне сенімдімін.
Қарапайым күйбең тіршілікте шынайымыз ғой. Жасырып-жауып, ішке бүкпейміз көп нәрсені. Батыстан келген «мәдениет» арқылы үйренгеніміз болар, тек киномызға «өтінемін, мені жалғыз қалдыршы» немесе «жалғыз қалғым келеді» дейтін эпизодтар көбірек еніп кетті. Ал қазақ қоғамында бәрінен жалыққан адам атқа мініп, жапан кезіп кетеді немесе бүк түсіп теріс қарап жатып қалады. Жалпы өмірде маңдайы тасқа тиіп, толқын кешіп, жар жағалап жүргендердің өзін жиі жалғыз сезінетіні бар. Бірақ, бұл басқа жалғыздық. Ол көңіл-күйдің уақытша бір ауаны ғана. Ал ғалымдар «жалпы адамзат баласының когнитивтік санасында әрдайым түпкілікті орын тепкен психикалық қалып-құбылыстың бірі – жалғыздық» деп анықтама берген Жалғыздық мүлде бөлек. Ол жалқы біткен жанмен бірге жасап, жетер жеріне жалғыз кеткенге дейін адамнан іргесін аулақ салған емес. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздығы» да – осы. Айтқаны ақиқат, шынтуайтында адам баласының бәрі жалғыз. Жан жалғыз өйткені. Шығар сәтте де жалғыз кетеді. Жазушының «Жалғыздығы» адамзаттың мәңгі жалғыз күйін солай жеткізеді. 

Спектакльде мынадай бір эпизод бар. «Анам қалған жерде қаламын» деп кесіп айтқан кейіпкер чемоданын ақтарып, керме жіпке екі ақ жейдесін жайып қояды. Туған мекенге бір оралып соқпаған ұлға өкпелі ананың рухы тоң-теріс жүріп, дәл осы сәтте елжіреп кетеді. Елжіреп келіп, мейірім мелдектеп тұрып, екі жейденің ортасына перзентінің бала күнгі жөргегін іліп кетеді. Кермедегі екі жейденің арасы алшақ тұрған. Ортада жөргек. Бұрын кейіпкердің көңіл түкпірінде шыр етіп дүниеге келген сәттен ақ жөргекке орап алған сәби шақ пен есейіп, күндердің бір күнінде жетер жеріне жететін кезге дейінгі аралық кезеңінің ортасында бір бос кеңістік тұратын үнемі. Сол кеңістік енді толғандай, өшкені жанғандай керемет күй орнайды. Эпизод ішкі эмоцияны үнсіз-ақ жеткізеді. 
Кейіпкердің күні таусылуға шақ қалған. Ананың рухы соны жақсы сезеді. Жалғызына деген сағыныш жүрегін кернесе де, ұлының арғы дүниеде жүре тұрғанын қалайды. Жүрек шымырлатар көріністердің бәрін – сөзсіз ұғасыз. Кейіпкерлерде үн жоқ. Тек қимыл, ішкі эмоция. Актерлардың шебер ойыны.
Түбі тесік қайық. Қырық жамау өмірің секілді, сан мәрте құрсаулай жамалған. Ана рухының ұлым аман болсыншы деген жан арпалысы. Тесік қайықтың суын төгіп, жан ұшырады. Еріксіз көзге жас үйіреді. Үйіреді деген бергі жағы. Үнсіз еңіретеді. Жанталаса ескек ескен жалғыз ұлдың қолынан ескегі сусып кетті. 
Жым-жырт тыныштық орнай қалған. Келесі сәтте қанша жыл азап-шерді арқалап келген тәнді тастап, жан азат шығады. Азат шыққан жанның рахат кешкен сәтін көріп, таң-тамаша қаласың. Ойпырмо-ой, жан баласының демі үзілген кезін көріп те, арқаңнан жүк түскендей сезінетін шақ болады екен-ау. Драматург. Актер. Режиссер. Үштіктің үйлесімді жұмысының ең биік шыңы да – осы. Бұл – бас кейіпкердің шеберлігінің шырқау биікке шыққан сәті. Бәрінен азат жанның жан рахатын соншалықты сұмдық дәл жеткізу – әй, басқаға бұйырмайтын дәлдік, кәсібилік шығар.

Әлем әдебиетіндегі мәңгілік тақырып – Жалғыздықты жапон жазушысы Юкио Мисима «Алтын ғибадатханасында» басқаша өреді. Жалғызсыраудың себебін жалығумен байланыстырады. Өмірден баз кешкізген жандүниенің ішкі қайшылықтарынан іздейді. 
Ол өз кейіпкерінің жандүниесінде «пәлен» дейтін ерекше өзгеріс жоқ еді дей отырып, оның жан азабын оқырман үшін құпия күйінде қалдыруға тырысады. Алайда сонысының өзі Мидзогутидің жалғыздығын – ешкімге «түсінікті» болғысы келмеген жалқы күйін, ешкімге ұқсамайтын жалғыздын айқындап тұрады. Соңында ол «Алтын ғибадатхананы» өртейді. Жазушы өз тұжырымы арқылы бұл қадам оның ішкі жан әлеміндегі жалығудан туғанын меңзесе де, жанның күйреуін айқын көресіз. 
Жалпы «Жалғыздықтың» образдар жүйесі –  XX ғасырдағы экзистенциализм атты әдеби-философиялық ағымымен сарындас екенін ешкім жоққа шығара алмас. Экзистенция деген – өмір ағыны. Ендеше, бұл тақырып та – өмір бар жерде мәңгі бірге. Экзистенциализмді тереңірек қаузаған, осы ағымның нақты тұжырымын берген М.Хайдеггер, К.Ясперс, Жан Поль Сартр, Г.Марсель және А.Камюдің түсіндіруінше, адамдар бір-бірімен бірігуі мүмкін емес. Әркім Өлім алдында жеке-дара. Шығар жан Жалғыз.
XX ғасыр философиясының классикасы саналған бұл ағым бізге жат деп айта алмаймыз. Әлемде экзистенциалистер кімдер деген сауалға жауап іздеп жүргенде, қазақ ауыздан-ауызға көшіп жеткен әдеби мұрасы арқылы айтып қойған. «Алғашқы өкілдері Штирнер мен Ницше ме, Кьеркегор мен Мерло-Понти ме, Бердяев пен Камю ме, Марсель мен Сартр ма» деп ой таластырып жатқанда, халқымыз «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» деп түйіп тастаған. Қорқыттан жеткен, желмаяға мініп, Жерұйықты іздеген Асан қайғыдан қалған сөз арқылы экзистенциалды сарынның біздің сөз өнеріміз үшін таңсық емес екенін көрсеткен. 
Бірақ, біздегі экзистенциализм ұлттың болмысынан алыс кетпеген еді. Ұлтқа тән ұғым-түсініктен аттамайды. Бертіндегі Абай, Шәкәрімнің, одан берідегі Мағжанның шығармашылығында да осылай көрініс тапқан. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздығында» да солай. Адам атаның әу баста жалғыз екенін еске салады. Таным-түсінікті түбегейлі қопарып тастайтын тұжырым іздеп әуре болмайды. Жазды – көндім деген сарын. Жалғыздығынан алыстап кетпеген, кезі келген сәтте қайта оралған жанның күйі.Әңгімеде «Расымен Жалғыз еді... Елегізіп аспанға қараған. Шексіздіктің шеруіне ылғи жалғыз шығатын ай да айналаға күміс тозаңын төгіп тұрды» деп түйеді жалғыздықтың Жер-дүниенің жаратылысына тән екенін меңзеп.
Отарбаевтың «Жалғыздығының» өңкей сұрғылт тартып тұратынының сыры да – осы. Күміс тозаң – сүреңсіз сұрқай дүниенің өзіне бір сәулесін төгеді.
Осыдан бес жыл бұрын. Рахымжан аға Таразға келді. «Шыңғысханның көз жасы» жүретін үнемі сөмкемде. Бірінші күні қолтаңбасын сұрауға батпадым. Айналсоқтап жүрдім де қойдым. Жамбылда әлі екі-үш болатынын білсем де, кетіп қалмады ма екен деп, «Баспасөз» үйінің бірінші қабатындағы түпкірдегі кабинетке қарайлап қоямын. Екінші күні бар батылдығымды жиып бардым. 

Қарсы алдымда әдебиетте салған соқпағы бөлек, жазуы дара, болмысы да ешкімге ұқсамайтын екі алып тұрды. Жазушы Несіпбек Дәутайұлының 70 жылдық мерейтойына келетін ақын-жазушыларды тізімдеп жатыр екен. Бүгіннің тіршілігін қамдап отырып, әп-сәтте екеуі ертеңнің әңгімесіне ойысып кетеді. Рахымжан ағаның уайымы қалың. «Қазақ жазушылары, оның ішінде жаза алатындары қашан әлемдік кеңістікке енеді» дегенді алға тартады. «Бір-бірін іліп-шалғанды қойып, соны қамдаса қайтеді», - дейді. Сөзі санаға жеткенше, өзі ой теріп кетті. Дұрысы – соны айтқанда өзі қат-қабат ойды қопарып отырған еді. Мынадан кейін қолтаңба сұрауға әкелген кітапты ұсынар-ұсынбасымды білмей, тосылып қалдым. Әлдекімдердің іліп-шалғандарының ішінде осы «Шыңғысханның көз жасы» да бар еді. Соны қайта қозғағандай болдым ба, деп қысылып тұрмын.
Жоқ. Өз бағасын білетін жазушы ғой, Рахымжан аға «Шыңғыс ханның көз жасын» әкелгенімді қайта құптағандай, қуанып қалды. Кітапты алып, орта тұсындағы бір бетін ашып, жаза бастады. «Қолтаңбаны әдетте бірінші бетке қалдырушы еді», деп ойлап үлгермедім. «Баспадан техникалық қате кетіп, мына тұсының бояуы өшіп, басылмай қалыпты. Осы жерде мынадай абзац бар», деп қолмен жазып шықты. Қолтаңбасын қойып берді...
М.Өтемісов атындағы Атырау облыстық академиялық театрының Алматыға алқалап әкелген жазушының «Жалғыздығын» көріп отырғанда, сол бір күнгі көрініс көлбең қағып тұрып алды көз алдымда. Драмадағы жазушының жан арпалысын сезіп, сонау бір сәттегі ой мүжіп, үнсіз күрсінген кезі қайта елес берді.
Спектакль. Сөзі аз. Актерларының әрбір іс-әрекетінің өзі сөйлеп тұрған қойылым туралы қаламгер Мереке Құлкенов Рахымжан Отарбаевтай хас таланттың қаламынан туған дүниенің оқырманы мен көрерменін осылай азапқа салмауы мүмкін емес. Бас режиссер Мұқанғали Томановты Рахымжан Оралдан қоймай жүріп, театрға әкелген. Талантты тани білді. Міне, сол Томанов ұстазына мынадай ескерткіш қойыпты. Үндемеген актерларына дейін үнсіз сөйлетіп қойған», - деп баға берді.
«Жалғыздық» туралы түгел сөздің түйіні де осы.
Ардақ Үсейінова
Тараз қаласы. 
2022 жыл.
author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...