«Мәдениет порталында» жарияланған «Семсер» әдеби конкурсы аз уақыт ішінде жа...
Айгүл Сейілова. Сортаң (повесть)
Бірінші дәптер
Мазасыз күндер
Алакөлеңке бөлмедегі бір кісілік ескі кереуетте шалқасынан түсіп жатқан жігіттің есімі – Олжас. Соңғы айларда осындай бір әдет шығарған. Кешке қарай сырттан кіреді де, киімін шешпей төсекке сұлай кетіп, бей-берекет, ұшы-қиырсыз ойлардың қақпанына түсіп, біраз уақыт тым-тырыс жатып қалады. Сырттан бақылап тұрған адам болса, мұны сөзсіз ұйықтап жатыр деп ойлар еді. Талықсып, көзін жұмып, сырттағы шын дүниеден аулақтап, өз әлеміне кіріп алуға құштар боп жүрген жігіт осы.
Егер заманауи психологтардың бірі оған кеңес берер болса, шамамен былай өрілер еді: «Айтқан әңгімеңізге қарағанда Сіз өз әлеміңіздің ішіндесіз. Адамдармен қарым-қатынасыңыз әлсіздеу сияқты. Өзгелердің сіз туралы не ойлайтынына бас ауыртпайсыз. Қарым-қатынасқа көбірек уақыт бөліп, адамдарды танып, біліп, біршама зерттесеңіз, оларға достық пейіл танытсаңыз, жолыңыз ашылады. Жақсылық жасасаңыз, жақсылық еселеніп қайтады. Күліп жүрсеңіз, өміріңізде оң өзгерістер орын алмақ. Бытық-шытық, қытық-қытық...». Қара сұр жүзіндегі кең маңдайы мен өткір жанары бірден көзге түсіп, қарашығы қарашығыңа қадала қалғанда ниет-пиғылыңды лезде аңғаратын, өз-өзіне сенімді, қажыр-қайраты мол жігіттің адам танудағы тәжірибесі нақ сол психологпен барабар. Бірақ соңғы кездегі оқиғалар оны қатты ширықтырып, жүйкесін әліретіп жібергені де өтірік емес. Отыздың жуан ортасына келген жігіттің тұңғиық ойларға қамалуы қай бір жақсылықтың белгісі болсын? Сырттай ешкімге сыр бере қоймайды, сондықтан мұның ішінде не қайнап жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ сынды.
«Жеткен жерімді қарашы, кіммін, ә? Соқыр көбелекпін бе? Маңайында тағы қанша соқыр көбелек ұшып жүр екен?»-деді күбірлеп..
***
Айнаға осы тіршілікте ұнамайтын бір мәтел: «Екі жарты , бір бүтін». «Неге мен өзімді жарты сезінуім тиіс? Ол да өзін жарты сезіне ме сонда? Екі жарты қосылса, олардың бүтінге айналатынына, желімдей жабысып, бірге тірлік кешетініне кім кепілдік береді». Семейдегі №62-ші орта мектептің мұғалімі, ақыл-есі дұрыс, дені сау, білім-қабілеті бір басына молынан жететін Айна «жарты» болуға ешқашан келіскен емес. Мектепте жүріп Абай оқуларына қатысып, ылғи жүлделі орындар бұйырған, тоғызыншы сыныпта ұлы ойшылдың қара сөздерін түгелдей жаттап алған зейінді шәкірттеріне ұстаздары да зор сенім артып, есейе келе мұның қоғамдағы бір тұлғаға айналатынына сенім білдірмеп пе еді? Енді сол зейінді шәкірт, болашақ тұлғаның еңсесі неге еңкіш тартты? Құдай бұны шынымен жарты адам ғып жаратқаны ма? Тіпті қаңғыбасқа болса да тұрмысқа шықпаса, өмірден жарты адам күйінде өтпек пе? Осылай ойлап отырып өз ойынан өзі шошып кетті. Қаңғыбастардың мақұлықтан түк айырмашылығы жоқ қой. Тек тамақ пен жататын жерге зәру міскіндердің қыстың қаһарлы күндерінде аялдамада серейіп жатқандарын да талай рет көрмеді ме?
- Мама, Асхаттың туған күніне қандай сыйлық апарайын?-деді ұлы ойын бөліп.
-Асхатқа не ұнайды?
-Ол сурет салғанды жақсы көреді. Домбыраға да қатысып жүр.
-Онда акварель, тущь әперейік.
-Мама, сыйлықтарды дүкеннен өзің әкеп берші. Сосын Асхаттың үйіне де алып барасың.
-Жарайды, ботақан.
Бірінші сыныпта оқитын Қасым тым сезімтал бала. Үнемі мұңайып жүреді. Әпкесі Асылдың да қабағы ашылмайтынын Қасым байқайды. Анда-санда бір рет соғып, хал-жағдайларын біліп кететін әкесіне деген сағынышы ешқашан басылған емес. «Әкем үйге қайтадан келсе ғой, анам екеуі ренжіспесе, бәріміз бақытты өмір сүрсек»-деп армандайды Қасым. Досы Асхатқа ұқсап бұл да сурет салғанды ұнатады. Ақ парақтарға өз отбасының суретін бейнелегенде мұның бала қиялының туындысында бәрі күлімсіреп, бір-бірінің қолынан ұстап тұрады. «Әкем бізді жақсы көрмейді, егер ол бізді жақсы көрсе, үйден кетіп қалмас еді ғой»-деп ойлайды кей шақта. Әкелерінің бұларды тастап кеткенін ауладағы балалардың бәрі біледі. Кейде Дидар, Оспан сияқты бұзық балалар мұны мазақ қылады. Ойындарына қоспай қояды. Бұл өзі де солармен қосылып ойнауға құлықсыз. Анасы үнемі қадағалап жүргендіктен, рұқсатсыз басқа үйлердің аулаларына кетіп қалуға да болмайды. Өйтсе Асыл мұның барлық әрекетін анасына айтып береді. Анасы сосын мұның сазайын бермей ме? Айнаның ашуы қатты. Ол мұның бетінен қақпайды. Айтқанын істейді. Бірақ, әлгіндей өз бетімен кетіп қалса, аяп көрген емес.
Бүгін анасы Қасымды Асхат досының туған күніне өзі апарып тастап, екі-үш сағаттан соң өзі алып қайтпақ. Бұл Қасымға ұнамайды бірақ. «Степное» көшесіндегі бес қабатты үйдің бесінші қабатындағы екі бөлмелік пәтерде тұратын бұлардың отбасы мүшелері шетінен зиялы. Әкелері үйден кеткелі бір жылдан бері Қасым қонақ бөлмені жалғыз иемденген. Анасы мен әпкесі жатын бөлменің тұрғындары. Тек кешкі тамақты ғана бірге отырып ішеді. Асыл Қасымнан бірдеңе сұрайтын болса, есігін тықылдатып, рұқсат сұрап кіреді. Қасым да жатын бөлменің есігін тықылдатып тұрғаны. Өйткені, анасы төсек жанындағы стол басында ертеңгі сабақтың жоспарын жасап отырады. Не оқушылардың дәптерін тексеріп, тіпті болмаса кітап оқиды. Кейде анасының ас үйде телефонмен сағаттап сөйлесетіні бар. Бұл ондайда аяғының ұшымен жүріп, вазадан су құйып алады. Мұздатқыштан алма алып жейді. Асыл да тып-тыныш қана кітап оқып отырады.
Әкесі бар кезде бұл үй у-шу боп жататын. Ол екеуін де алма-кезек еркелетеді. Үйдің ішінде ат болып жүреді. Теледидардың даусын қатты шығарып, әлдебір бағдарламаларды көріп отырады. Екі балапанына мультик көрсетеді. Балалар әкесінің ноутбугінен өздері қалаған қазақша мультфильмдерді әкесімен бірге отырып көргенді қалайтын. Ондайда ас қамымен жүрген анасы «тамақ піскенше көріп алыңдар»-деп күлімсіреп тұрар еді. Семейдегі сауда орталықтарының көбінде балалар ойнайтын жерлер бар. Демалыс күндері төртеуі қыдырады. Бұлар «Лабиринт» пен «Батуттан» жалығып, қашан үйге қайтам дегенше әкесі мен анасы ойната берер еді. Тамақты көшеден ішіп, әбден құмары қанғанша ойнап келген соң анасы бұларды суға бір-бір шайындырып, екі кісілік кереуетте төртеуі бірге қысылып-қымтырылып жатып ұйқыға кетпейтін бе еді? Бұл қазір неге жалғыз өзі қонақ бөлмеде ұйықтайды? Анасының не ойлағаны бар екен? Қасымның нәзік жанына анасының ұратыны, балалардың мазақ ететіні, әпкесінің бұнымен сөйлеспейтіні, сабақ үлгерімінің төмен екені батпайды. Тек әкесінің жанында жоқтығына налиды. Әкесі кетерінде киімдері мен кітаптарын, оны-мұны заттарын екі үлкен чемоданға асықпай, реттеп салып болған соң түкке түсінбей абдырап тұрған балаларын құшақтап сүйіп, «сендерден кетпеймін» деп еді ғой. Сол сөз құлағында әлі күнгідей жаңғырығып тұр. Адамдарға қанша жерден өкпелесе де, әкесінің әлгі бір ауыз сөзін медет етіп, бала көңілі сабасына түседі. Осы бір жылдың ішінде әкесі үйге қанша рет келді ғой. Бір қызығы, әпкесі екеуі де бұрынғыдай өзімсініп құшақтай алмайды. Жосықсыз еркелеп, «ат болыңызшы» деп бұлданбайды. Әкелген тәттілеріне қол да созбайды. Өкпе, реніш, сағыныш, қимастық астасқан сезімдер әкесі мен балаларының арасына көзге көрінбейтін қорған орнатып тастаған сияқты. Тіпті ол адам бұлардың әкесі емес, жәй ғана көңіл аулау үшін келіп-кетіп жүрген біреу дерсің. Бұлардың нағыз әкесі қамығыңқы жүзімен жер сүзіп, шарасыз жанарына жас үйірілгендей болып «сендерден кетпеймін» деген болатын...
***
Олжас қара сөмкесіне сақтап жүрген ескі қағаздарды кейде ақтарыстырып тұрады. Екінші мыңжылдықтың басында бұл бас қалада студент еді. Еуразия университетінің тарих факультетінде оқитын бала жігіттің арман-қиялдары аспандай ұшқан түз тағысының қанатында, Эверест шыңының ұшар басында-тұғын. Лекцияларды маржандай етіп жазып, семинар атаулыға түгел дайындалып келетін бозбаланы оқытушылар да тәуір көрді. Ал, курстағы қыз-жігіттер біздің кейіпкеріміздің маңында шыр айналып жүретін. Жастықтың оты Студенттер үйі мен кітапханада байыз тапқызбай, талай рет театр мен кафе-ресторан жағалатқызды ғой. Ол әсіресе қысты жақсы көретін. Қыста Есілдің бетіне мұз қатады. Курстың қыз-жігіттерімен бірге мұз бетінде сырғанап жүріп, тағдырдың да мұз сияқты тайғақ екенін ойламаған шығар сірә? Ойлаған болса, әр қадамын санап баспас па еді? Бірақ, өзінің болашағын жарық нұрмен, жақсылықпен байланыстырған қара торы, келбетті жігіт ешқашан да жеңілтек болған емес. Үнемі топ болып қыдырғандары, анда-санда екі-үш жігітпен қосылып шараптың буына масайғанда университеттегі әдемі қыздарды сырттай талқылағандары болмаса, ол әйел затына онша үйірсек емес-ті. Оңашада кітап оқып, өзін мазалайтын кейбір ойларды қағаз бетіне түсіруді әдетке айналдырған жан еді. Екінші мыңжылдықтың басында студенттер арасында ұялы телефон ұстайтын адамдар сирек болатын. Тіпті шындығына келгенде Олжастың группасында телефоны бар студенттер болған да емес. Ең алғаш кірпіш секілді қара телефон «Нокианы» 2004 жылы сатып алғанда бұл студент емес, магистрант еді. Сондықтан бұлардың студент кезінде телефонды, компьютерді ермек ету, түрлі әлеуметтік желілерде адамдармен танысу болған емес. Есесіне көрші қалалардан университетте өтетін ғылыми конференцияларда баяндама жасауға келген жастармен бұлар хат жазысатын. Сондай хаттардың көбін бұл үйленген кезде жыртып тастаған. Жұбайы қызғаншақ жан болды да, өткен шақтағы жәй ғана байланыстардың көбінің түбін тексеріп ығыр ете берді. Сосын ашуланған бір күні ұл-қыздардан алған хаттардың бәрін оның көзінше парша-паршасын шығарған. Бірақ Олжастың өз жазғандары қаз-қалпында сақтаулы еді. Бүгін Олжекең соның біреуін оқып отыр.
«Біз өмірді ойын деп қарастырған күннен бастап оның маңызы кемиді. Көзіміздің алдында кішірейеді. Өйткені ойынның жеңіспен аяқталғаны немесе жеңіліспен біткені оның еш кейіпкерінің жүрегіне анау айтқан салмақ түсірмейді. Немесе жақсы ойын болса да, жаман ойын болса да, ол – тек қана ойын. Біз оны кино деп қарастырған күннен бастап қызығушылығымыз артқанымен, жауапкершілігіміз азаяды. Өйткені біз - әртіспіз. Спектакль де осы шамалас. Сырттай жасанып жүру ғана маңызды болғандықтан, біз бәріміз әртіске айналып алып, өз рөлімізді ойнап шығуға құлшынатын боламыз. Сонда өмірді қалай қабылдасақ, солай сүреміз. Мәселен көпшілік біреулердің пікірі арқылы қабылдайды. Өмір олар үшін сөздер мен сөйлемдердің жиынтығы. Ой-пікірлердің аясында өмір сүретін көпшілік белгілі шеңбердің ішінде, белгілі бір тамақтармен қоректеніп, белгілі бір адамдардың жанында жантайып, белгілі бір сөздерді айтып белгілі бір жасқа дейін көресісін көреді.
Есім кіре бастағаннан жаттандылықтан, жасандылықтан қаштым. Біреудің бір нәрсе не бір адам туралы айтқан пікіріне тексермей, жүрек сүзгісінен өткізбей жатып ешқашан келісе салған емеспін. Кітаптан оқыған сөйлемдердің жаныма жаққаны ғана миымда. Қалғаны «қоқыс жәшікке» кетті... Әрине, оқ бойы озық болуға талпынғанымды жасырмаймын. Бір мезетте ақылды боп та көрінетінім рас шығар. Өз-өзіме сеніп алған имансыздау біреу екенім де белігілі бір дәрежеде шындық. Сөйте тұра менің мақұлықтан айырмашылығым аз. Мақұлық қалай табиғи болса, мен де сондай табиғи жаратылыстың бірімін. Көп өмірім ас ішіп, аяқ босатумен, одан қалса ұйықтап, беті-қолымды, денемді тазартумен өтуде. Қоғам салтанатты, адамдар мейірімді, әділетті болса екен деп армандағаным - өмір жайлы көзқарас қалыптастыруға талпынысым болар?
Өмірді ойын деп түсінгім келген шақтарыма күле қараймын. Өзімше бір форма жасағым келген шығар? Тағдырымды эксперимент алаңына айналдырудан қашпай, не өтсе де басымды көтеріп жүрдім. Қорықпағаным, торықпағаным, жабықпағаным есімде. Алланы мойындамаудың әлегі деп бағалаймын қазір. Қорықпағанымнан қорқамын. Өткен күн өзекке құрт түсіреді. Құрт өсе береді екен. Жаныңды жейді... Әбден титықтаған кезде өз-өзіңді өлтіруден басқа жол жоқтай көрінеді. Өмірдің сұмдығынан қабір азабы жеңіл сияқты. Өзіңді өлердей сүюдің, сөйте тұра сынып түсер заттай аяудың ең шынайы көрінісі осы.
Тірлікке көндігу дегеніміз – бір рет шошынған жаныңды қайта-қайта шошытып, ақыр соңында түк әсер етпей қалатын болмысыңды сынап қана тірі жүру. Негізінде өз-өзін өлтіретін адамдар көбіне өмірді ойын деп қабылдайды. Олар ойнап жүреді. Мен ондай болмысты өте жақсы түсінемін. Ойында жеңіліп қалса да олар ойнай береді. Бірақ бұл олар мықты деген әңгіме емес. Басқа амал жоқ. Оның үстіне өмірді көз алдарында «кішірейтетінін» жоғарыда айттым. Жалпы, әртістерден гөрі ойынпаздарды түсіну қиын. Өйткені олар ойынның ережесін өздері ойлап табады. Ал әртістер қоғамдық пікірдің ауанымен өмір сүреді. Қоғам оларды әртіс деп қабылдаса ғана әртіс бола алады. Әртіс пен ойынпаздың әрекеті ұқсас болғанымен, мазмұндары әртүрлі. Әртіс өзіне назар аударту арқылы еркіндігін жоғалтады. Болмысы әртіс адам әсершіл, қызыққыш, жалпы өз әрекетінің тұтқыны. Жасанып жүретін, жарқылдап күлетін, жалпылдап сөйлейтін адамдардың бәрі әртіс. Оларға ең маңыздысы – сыртқы фактор. Іштің іріп-шіруі сөз емес. Тағдырдың быт-шыты шығуы да қорқытпайды. Ең сұмдығы – оларға ешкімнің көңіл аудармай қоюы. Осы тұста сынуы мүмкін. Ереже ойлап тапқыштар болса мысық секілді ақылды. Өз басым өткен күннің өзекке түскен құртын емдеп алғанша тірі жүргім келеді. Әрине ойынпаз адам осылай айтса, сенімсіздеу естілгенімен, өмірге салмақтырақ қарай бастағанына күдік келтіруге болмайды. Бізге бақытты болу маңызды. 2007 жыл.»
«Өмір не деген күрделі еді»-деп ойлады Олжас. Мынадай ескі қағаздардың бұның өміріне, ғылыми жұмыстарына тигізер түк пайдасы жоқ. Естелікпен, өткен шақпен өмір сүру, он жыл, жиырма жыл бұрынғы сары қағаздарға үңіліп отыру да адамға аса шабыт бере қоймасы анық. Бірақ, бұл сол қағаздарға саналы түрде, өзін түсіну үшін үңіліп жүр ғой. Ешқашан өтірік жазған емес. Өтірік көлгірсу мұның қолынан келмейді. Бұның ақиқатқа ғашық жүрегін ергежейлі, жағымпаз, екіжүзді адамдардың «лас ойындары» әбден жаралап біткен. Жанындағы жақыны қабырғасымен кеңесейін десе, оның өзі бұдан сырт беретін.
Үйелмелі-сүйелмелі қос құлынын ойласа жүрегіне сары су толғандай болады. Бидай өңді, мөлдір көзді, әдемі келіншекпен неге тіл табыса алмады? Үйленген соң бір-екі жылдан кейін емес, араға жеті жыл салып іргесін аулақтатқаны несі? Екеуіне сүйсіне қарайтын жұрттың таң қалғаннан тілі байланды. Бұл отбасыны өте жақсы білетін адамдар кімге жақтасарын білмей, көзбен жер шұқыды. Өткір тілді, өжет мінез әкесі ғана : «балам, бағың қайтты-ау»-деп налыған. Қазақы түсінікпен өскен адамдардың көбі солай ойлайтынын Олжас біледі. Қазақы түсінікте бүтін отбасының ғана бағы жоғары. Отбасыны киелі санайтын далалықтар ондағы әр жеке адамның бақыты, қуанышы, жұбымен үйлесімі туралы мүлде бас қатырмайды . «Иә, біз сырттай қарағанда өте жарасымды едік. Жанымызда құлдыраңдаған құлындарымыз бар. Жағдайымыз да түзеліп келе жатқан. Жарым да бүтіндей алғанда жаман адам емес. Саналы, білімді, адамгершілігі мол жан. Бірақ, мінез-құлқының нашарлығы, тәкаппарлығы барлық жақсы қасиетін жуып-шайып жіберетін. Аз ғана қателігімді кешірмей, түйіліп, кектеніп қарап жанымды мұздатумен болды». Үйленбей тұрғанда Олжас сол қызға ғашық еді. Бидай өңді, мөлдір көзді Айнаның өзіне жарасатын тәкаппарлығы, бойы-басының кіршіксіз тазалығы, әр сөзін бипаздап жеткізетін ерекше сөйлеу мәнері, жалпы, тәрбиелі, текті жердің қызы екенін көрсетіп тұратын болмысы мұны тәнті еткен. Жасы да мұнымен қарайлас екен. Екеуін Олжастың жеңгесі таныстырған еді. Бірі университетте, бірі мектепте сабақ беретін қос ұстаздың жарасымды жұп болатынына ең алғаш сенген де сол кіші жеңгесі-тін.
Алғашқы таныстық, алғашқы әдемі әсерлер адам санасынан өшіп кетпейді екен. Танысуға қызыл көйлек киіп келіп, бұл бетіне тіке қараған сайын қып-қызыл боп ұялып қала берген. Содан кейін бір жылға жетер жетпес уақыт кездесіп жүрді де, Айнаның Үржарда тұратын ата-анасының үйіне құда түсуге әкесін, кіші ағасы мен жеңгесін жіберген. Сондағы әр оқиғалар бұның көз алдынан киноның лентасындай сырғып өтті. Айнаны бұның барлық туысы жақсылықтың жаршысындай, бейне бақыт сыйлайтын талисмандай қабылдаған. Олжас та бақыттың нақ өзін құшқанына сенімді еді. Бірақ, бұл халі бір жылға да созылған жоқ. «Айна демей «Айнам» деп ем. Тағдырдың маған тартқан тартуы деп шын қуанғам. Сені жанымда ертіп жүру мен үшін қандай қуаныш еді. Ең алғаш сәбиіміз туғандағы менің әкелік сезімімді айтып жеткізу тіпті мүмкін емес. Асылды иіскеп, сені құшып , қанат байлап ұшып жүргендей болғам. Асылдың былдырлаған тілін, тәтті қылықтарын қызықтаған сәтіміз ше? Оны арбасына отырғызып алып кешкі Семейді жаяу аралайтынымыз, Ертістің жағасында серуендейтініміз, кешкі тамағымызды сол маңайдағы жерлердің бірінен ішіп , үйге қас қарая оралып жүретін едік қой. Адамның асылы болсын деген ниетпен атын қойған қызымды арбада көп отырғызбай көтеріп жүрген күндерім ең бақытты сәттерім боп жадымда қалыпты.
Сен қызымыз алты ай болғанда «бұзыла» бастадың. Маған дауыс көтеріп сөйлеп, бұйрық беретін болдың. Әр сөзімнен, әр ісімнен ши шығарып, «мені жақсы көрмейсің» деп кінәлайтынсың. Ұрысты өзің бастап, мен үндемей қалсам еңіреп жылап, берекемізді қашырдың. Мені жүндеуге болатын жуас тоқты деп ойлаған шығарсың. Сөйтсем ол қылығыңды да ақтайтын үлкен қуаныш бар екен соңында. Шаңырағымыздан тағы да сәби даусы естілмек. Мазасыздығыңа, қызғанып ұрыс шығара беретініңе қуана-қуана шыдадым. Өмірге ұл келді. Біз оның атын көп ойланып жатпай-ақ Асылға ұйқастырып Қасым деп қойдық. Мен енді қыздың да, ұлдың да әкесі атандым. Шаттығымда шек болсайшы. Дәл сол кездерде өмірде басқа да қуаныш болатынына мені ешкім де сендіре алмас еді. Неге сен бақытымызды көпсіндің? Әлде керісінше азсындың ба? Күнделікті ұрыс-керіс жүйкесі темірдей адамды да қажытады екен. Сенің негізсіз қызғанышыңнан, жапқан жалаңнан мезі болғаным сонша үйге де келгім келмейтін жағдайға жеттім. Тұрмыстың ауыртпалығын айтып та жүйкемді қажай бердің. Мені өзге достарыңның күйеулерімен салыстырып, ол күйеулердің көбірек ақша табатын артықшылығын, әйелдерінің жақсы киінуге, қыдыруға мүмкіндігі өзіңнен көбірек екенін айтып шағымдана бергенің не? Асыл мен Қасым үшін ғана жаныңда жүре берер ем, бірақ, оған да мүмкіндік бермедің ғой. «Ажырасайық, бұлай өмір сүре алмаймын» деген сөз алдымен сенің аузыңнан шықты. Қасиетті некені бұзуға, ғаршыны тітіркендіруге менің дәтім жетпес еді. Сен ашықтан ашық арсыздық жасайтын адамдардың қатарынан емессің. Оған сенің менмендігің жібермейтінін анық білем. Бірақ үйден кетуге мәжбүр болдым. Бірге тұрғанда көзіңе шөп салған емеспін, дауыс көтеріп, қол жұмсап та көрмеппін. Шытынаған жүзіңмен, үнемі ашылмайтын қабағыңмен, мені меншігің санаған өзімшілдігіңмен арамыздағы нәзік байланысты өзің үздің...» Олжас осылай ой құшағында отырып, бүгін Асқармен кездесу керектігін ұмытып кетіпті. Телефондағы сағат кешкі 9-ды көрсетіп тұр. «Вацапты» ашқанда Асқардың «қашан келесіз, қаншаға дейін күтейін» деген хабарламаларын көрді.
«Звезда» бильярд клубының жұмысы кешкі тоғыздан кейін қызады. Жұмыстан қайтқан не басқа тіршілігін бір жақты еткен еркектердің түнгі ермегі – бильярд. «Звездаға» құстай ұшып жарты сағаттан соң жеткенде Асқар бұны жақтырмай тұрса да, күле сөйлеп қарсы алды. Ылғи өстетінін, ұмытып кететін болса, арасында телефонға жиірек үңілу қажеттігін де айтып жатты.
-Асеке, Астанаға кететініңді неге жасырып жүрсің?
-Жасырып қайтем? Алдымен түсіп алайын деген ой болған.
-Сен түсесің-ау. Айтуын айтты да, қызғанып тұрғандай болған жоқпын ба деп қысылып та қалды. «Сен түсесің-ау» деген сөздің астарында «Мен түсе алмадым, биыл алдымды сен орап кететін шығарсың»-деген ой қылтиып тұрғандай. Былтыр ағылшын тілінен сүрінбей өтіп, өз пәнінен тапсыруға барғанда «мұрттай ұшқан». Сол кезде ең алдымен мұны осы Асқар жұбатқан, «биыл болмаса, келер жылы түсерсің» деп. Енді міне, дәл сол университетке, дәл сол мамандық бойынша бұған бәсекелес боп Асқардың өзі бармақшы. Бұның қысылғанын сезген ол бәлсінбей-ақ бар шындықты айта салды.
-Иә, Ернар аға өзі уәде берген. Сіз менің ағылшыннан нашар екенімді білесіз ғой. Бірер айдан соң АИЛТС сертификатын бірдеңе ғып қолға түсірсем. Сосын «ағылшыннан өттім. Ендігісі өз қолыңызда»- деп ректордың алдына бармаймын ба? Асекең сонымен бес минутсыз докторант!
-Ол кісі сендерге жақын туыс па?
-Өте жақын емес. Бір руданбыз. Бірақ, менің осындағы аға-апайларыммен жақсы араласады.
-Қалай болғанда да жұлдызың жоғары жігітсің-ау!
-Енді, туыстардың да ықпалы бар ғой. Асқар өзін Олжастың алдында кінәлі сияқты сезінді.Туған-туысының көптігі, мінезінің ашық-жарқындығы бұл жігіттің жолы болуына әманда септігін тигізіп келеді. Әсіресе, әкесінің іні-қарындастарының бәрі Семейде, Алматы мен Астанада жақсы жерлерде отыр, бірқатары білім саласында басшы қызметтерде. Әлгі ректормен де бұл әкесінің қарындасының үйінде кезіккен. Магистратура бітіргенін, аға оқытушылық қызметте екенін білген соң , «ғылыммен түбегейлі айналысу үшін докторантурада оқу қажеттігін» айтып, өздеріне шақырған. Енді соны Олжас біліп алыпты. Кафедра басшысына өзінің осы жағдайын айтқанына аздап өкініп те қалды. Асқар өзін Олжастың алдында үнемі төменшік ұстайды. Оның себебі, өзінен екі жас үлкен жігіттің білім қоры мұнымен салыстырғанда ұшан-теңіз. Олжастың өзін-өзі ұстауы, мәдениеті, байсалды тұлғасы, принципшілдігі, ең ақырында қоңыр дауыспен сөйлеп кеткенде кім-кімді де табындырып алатын қасиеті оның бұдан мықты екенін дәлелдегендей. Бұл кім? Жергілікті оқу орнын тиіп-қашып жүріп бітірген, магистратурада да қарық қып білім алмаған, тек мінезі жақсы болғаны үшін ғана ортада сүйкімді көрінетін жігіт емес пе? Оның үстіне өзіне жететін қулығы да бар, кімге қалай сөйлеу қажеттігін, кімге не керек екенін де жақсы біледі. Туыстарының мұнша көп болғаны да мұның пайдасына шешіліп тұр. «Мейлі біле берсін. Маған десе іші күйіп, өртеніп кетсін»-деп ойлады Асқар. Бірақ, сырттай Олжасты мақтаумен болды.
-Олжеке, өткендегі конференцияда өте күшті пікірлер айттыңыз. Әсіресе, студенттерге қарата орыс ғалымдарының қазақ тарихына қатысты тұжырымдарынан цитатты абайлап келтіру қажет дегеніңізге риза болдым.
-Асеке, қарапайым халыққа тарих дегеніңіз – белгілі бір тұлғалар ғана. Олар Қасым ханның заманында, Жәнібектің түсында, Тәукенің хандығында, Абылайдың кезінде деп сөйлегенді тәуір көргенімен, шындап келгенде сол өздері тамсанып отырған уақыттың қай ғасыр, қай жылдар екенін нақты ажыратып айтып бере алмайды. Өздері қолына түскенде оқып алған бірер фактіге сүйеніп, тұлғаларға да, халыққа да баға бере салады. Сол үшін ғой студенттеріме ылғи да айтам: ғылым сендерге ойыншық емес. Егер шын мәнінде ғылыммен терең айналысу ойларыңда болса, өз тілдеріңнен бөлек кемінде үш жұрттың тілін біліңдер. Көп оқыңдар деймін. Олар мысалы, орыс тілінен басқа ағылшын, түрік, араб тілдерін жақсы меңгерсе қазақ тарихына қатысты деректерді талдау, интерпретациялау жаңа деңгейге көтерілер еді ғой.
-Осы сіз интерпретация дегенді көп айтасыз ә?
- Ол енді сөз орайына қарай айтылып тұр ғой. Шын мәнінде қазір біздің ғылымға дерек емес, интерпретация жетіспейді. Өзің де білесің, «Мәдени мұраның» көп септігі тиді. Біздің тарихымызға, мәдениетімізге қатысты деректерді тауып, жинақтап әкелу үшін қаншама ғалымдар көз майын сарп етті. Нәтижесі көңіл көншітерліктей ме? Жоқ. Өйткені интерпретация жетіспейді. Ол деректер нақты идеология ретінде пайдаланылмаса, талданып, сарапталмаса, Лондонның архивінде жатқаны не, Қазақстанның кітап сөресінде шаң басып тұрғаны не бәрібір емес пе?
-Сонда сіздің ойыңыз не?
-Менің ойым мемлекеттік тілге басымдық берілсе деймін ғой. Кезінде Алтын Орданы айтпағанда , Тәуке ханның тұсында да қазақ елі мықты держава болғанын, Тәукенің қазақ-қалмақ ханы атанғанын жастардың санасына мықтап сіңірсек деймін. Әбілқайыр кіші жүзді өз еркімен орыстың боданы етті деген орыстың сандырағын әлі оқытып жүрміз ғой. Шын мәнінде таза әріптестік ұсыныспен құжат дайындап, «біздің ішкі-сыртқы шаруамызға араласпайсың» деген ультиматум қойған Әбілқайырдың тұлғасын біз әлі өзіміз де дұрыс танығанымыз жоқ. «Әбілқайыр хан бізді өз еркімен орыстың табанына салып берген екен» деген ойдың өзі адамды қаншалықты басатынын білесің бе? Жалпы мен тарихшылар рух көтеретін мақалаларды көп жазса, орыстың боданында болып, әбден басылып қалған рухымызды көтеріп алсақ қой деп қиялдаймын.
-Ол жазылып та жатыр емес пе? Өзгерген дәнеңе жоқ. Халыққа қазір рухтан бұрын тамақ керек екенін ойламайсыз ба, Олжеке?
-Асеке, бұлай асылық айтпайық. Қазіргі жастардың ойлау жүйесі басқаша. Тіпті мектеп оқушыларының өздері мүйізі қарағайдай ғалымдардың еңбектеріне сын айта алады. Осыдан екі жыл бұрынғы оқиға есіңде ме? Айтып ем ғой.
-Ұмытып қалыппын. Не туралы еді?
-Айнаның мектебіндегі сегізінші сыныптың балалары «Қазақстан тарихы» оқулығындағы сұмдық текске мән беріп, мұғалімді қыспаққа алған ғой. Сөйтсе онда не жазылған десей? «Жоңғар сарбаздары қазақтың қыздарының емшегін ұстап көріп қыз не әйел екенін анықтайтын болған». Бұл сұмдық емес пе? Бұны жазып жүрген кім де? Өзіміздің Табылдинов ағай. Ағайға звандап, жағдайды түсіндіріп, айтысып-тартысып жүріп ақыры сол мәтінді оқулықтан алдырып тастадық қой. Бірақ, сол оқиғадан кейін менің де жолым болмай қалды. Былтыр докторантурада ағылшын тілінен емтиханды жақсы тапсырып , «Қазақстан тарихынан» сүрініп кеттім емес пе?
-Табылдинов қабылдап па еді емтиханды?
-Сорыма қарай сол отырды ғой. «Мені жақсы біледі, ғылымға құштарлығымды бағалайды ғой» деген үмітпен өзіме таныс сұрақтардың жауаптарын әдемілеп жазып, соңына шиырып қолымды қойып жібергем. Балымды 60-тан асырған жоқ. Не дейсің?
-Не деймін? «Күштілерім сөз айтса бас изеймін шыбындап». Бас изей беру керек еді да. Неңіз бар әйелдің емшегінде? Өзіңіз де ұят қайда, құндылықтар неге өзгеріп кетті деп табандап тұрып алған шығарсыз?
-Жоға, тек факт сұрадым. «Жоңғарлар солай анықтаған» деген фактты көрсетіңіз дедім.
-Бар ма екен ондай факт?
-Қайдан болсын? Ұялған тек тұрмастың кебімен оқулықтың ол бөлімін шәкірттерім дайындап еді деді ғой.
-Иә, Олжеке, сөйтесіз де «жолым болмай қойды» деп тістенесіз? Айту керек нәрселер мен айтпау керек нәрселердің шегін сіз менен жақсы білесіз ғой. Өз-өзіңізге қастығыңыз бар ма?
-Осыны өзім де ойлаймын. Қаным қызып кеткенде, шындық су бетіне шығу керек болғанда бәрібір шыдай алмаймын да. Әлгі Ер Төстіктің әкесі ұқсап өкпені түртіп жібергім кеп тұрады ғой.
-Биыл енді ешқандай өкпені түртпеген шығарсыз?
-Оған күмәнің болмасын . Жарайды, Асеке, сенің оқуға түсуіңе, ғылым жолына бағыт алуыңа тілектеспін. Жасыл шарды да онша қарық қылмадық. Есеп қанша өзі?
- Үш те екі.
-Солай ма?
Асқар өтірік айтқан жоқ. Бильярд жүйкені жүндей түтетін, бап пен қырағылық тілейтін ойын болғандықтан, Олжас аса беріліп ойнамайтын. Сол үшін үнемі жеңіліп, Асқарды мәз етіп жүретін. Бұл жолы Асқарды ұтқанына аса қуана қоймады. Ойында жеңу бір бөлек, өмірдегі жеңістердің аулы ұзақ боп тұрған жоқ па? Оған тілектес екенін тілімен айтса да, іштей көңілі құлазыды. Бұл жігіт кісіні менсінбей кететіндердің қатарынан емес, Құдай бұған ондай тәкаппар кеуде бермеген. Жарқылдап, күліп-ойнап, өзіне керектіні берсе қолдан, бермесе жолдан ала жүріп өмірден өте салатын сабаз ғой. Бірақ, Олжастың ойынша бұл сияқты адамдардан ғылымға келіп-кетер түк те пайда жоқ.
-Асеке, көлігіңмен келдің бе ?
-Иә, сізді пәтеріңізге жеткізіп салайын.
***
-Мне кажется ты его не любишь.
-Любовь такая штука, надо использовать её по мере осторожности...
Сықылықтап күлген келіншек құрбысының стаканына қызыл шараптан құйып қойды. Семейдегі «Аристократ» дәмханасында көңіл көтеріп отырған орыстілді қос құрбы жігіттері туралы сыр шертісіп, олардың жақсы-жаман қасиеттерін айтып, арасында сылқ-сылқ етіп мәз-мәйрам болысады. «Аристократтың» даяшылары бұларға қандай музыка ұнайтынын, ішетін-жейтін тамақтарын да жақсы біледі. Дәмханада кісі аяғы аз болса, ең жиі келетін қонақтар ретінде екеуіне бірдей ұнайтын Григорий Лепстің әндерін қоятын. Бұл жолы да Лепс пен Аллегрова «Я тебя не верю» деп бір-біріне кезек-кезек айтып алып, үздігіп өліп барады. Сезімді сақтықпен қолдану туралы пәлсапа айтқан келіншек біршама мұңға берілген сияқты. Тербетіліп билеп отырған жоқ. Құрбысы көзі жайнап, арасында көрші столдарға да көз тастап, әннің ырғағымен толықша денесін бұраңдатып қояды.
-Не старайся-деп ол ақырында жеңіл күрсінді. Альфия – татар қызы. Алғашқы күйеуімен не үшін айрылысқанын дәл қазір сұрасаңыз, тап басып айтып бере алмас еді. Әкесінен аумай қалған Айлинді құшақтап отырып, алғашқы ерінің ең жақсы қасиеттерін ғана еске алатын. Шетелдік компанияда аудармашы боп жұмыс істейтін Альфияға қадалмайтын сұқ жоқтың қасы. Оның басы бос екенін маңайындағы еркек заты түгел біледі. Қолаң шашты, қиғаш қасты, нәркес жанары жаудырап, сымдай тартылған сұлу мүсінімен-ақ баурап алатын бикештің ажырасқан атағы алтын басына көлеңке түсіре алмастай.
Ал, құрбысы Назгүл қазақтың сұлуы. Екеуі бір компанияда қызмет етеді. Альфияға қарағанда Назгүл біраз жеңілтектеу, дегенмен еркекті еліктіру, соңынан сүзілтіп ынтықтырып қоюды да жақсы меңгерген. Мінезі анау айтқандай дөрекі де емес, жібектей есіліп те тұрған жоқ. Алғашында көркін қызықтап, соңынан көз сүзіп жүрген жігіттер жеме-жемге келгенде үйленуден бас тартатыны болмаса, Назгүл де күйеуге шығудан үмітті сұлулардың қатарында. Бұл да алғашқы күйеуімен алты ай тұрған соң, неке жүзігін шешіп кеткен. Ендігі мақсаты – отызға толған туған күнін жаңа күйеумен бірге тойлау. Құлағын жеп ызыңдайтын әке-шешесінің аузына құм құйып, «тот самый» деп көрсетсе, шіркін. Шын мәнінде Назгүл ақылсыз емес, бірақ, тұзы жеңіл, сенгіш, аңқау әйел. Альфия екеуінің бүгінгі көңіл көтерісінде мән бар-тын. Альфия күйеуге шығады. Тілі орысша шыққан, есейе келе ағылшын тілінде еркін сайраған татардың тотайы Дубайдың шейхына тұрмысқа шығып, бұдан ары қарайғы өмірін молшылықта, сән-салтанаты келіскен сарайда, жоғары қауым адамдарының арасында жалғастырмақ. Ақылы мен парасаты, мінезі мен көркі, білімі мен білігі жарасып, нұр шашып тұратын құрбысымен «Аристократта» Лепстің әндерін соңғы рет тыңдап отырғанына Назгүл онша қайғыра да қоймайды. Өйткені өмір жалғаса бермек. Бұған да әлгі түнде есінен адасып құшып, күндіз қашқалақтап жүретін жігіті «жұбайым бол» дейтін күн алыс емес шығар?
***
Шәкәрім даңғылының бойымен жортып келе жатқан Олжастың тас жүрегін жібітіп, өзіне құмар етіп қойған бір жан – Назгүл. Көңілі қалаған уақытында алып-ұшып сұлу әйелге жетеді. Жұмыстан келе сала тамақ пісіріп, салат жасап, бар дәмдісін мұның алдына тосатын әйел сықылықтаған күлкісімен дегбірін тауысып, ынтықтыра түседі. Таза ағаштан сәндеп жасалған қымбат Белорусь төсегінде, аппақ келіншектің жанында шалқайып жатып, төбеден төнген люстраның көз ұялтар көкшіл сәулелеріне сүйсініп, тіршіліктің қуанышы мен қызығы бұған да жат еместігін анық аңғаратын болған.. Қаланың орталығындағы кең де, жайлы пәтер. Оның иесі өзіне біресе жәудіреп, біресе телміріп көз тастап, «күйеуім бола ма?» деген сұрақтан гөрі үмітке көбірек иек артып жүрген ажарлы келіншек. Бір ғажабы, келіншек аса әңгімешіл адам. Мұның жұмысында қандай қызықтар болғанын сұрайды. Өзінің қызмет орнындағы хикаяларды айтып тауыса алмайды. Жуырда ғана досы ұзатылған . Альфияны ата-анасы қалай ұзатты, Семейдегі ең қымбат ресторанды қалай безендірді, компаниядағы қызметтестері не сыйлады, қалыңдық қанша мың доллардың көйлегін киді, бәрін-бәрін сусылдап отырып жіпке тізгендей ғып айтқанда Олжас әуелі мына келіншекті танымай қалады. Өйтетін жөні де бар. Назгүлдің жүзіне қарасаң ондай көп әңгіме айтатын адамға ұқсамайды. Монтиған, момақандау түр. Ақкөңілдігі, аңқаулығы, жайдарылығы тағы бар. Бар нәрсенің түбін қаза беретін адамның түрі бұндай болмайды. Сонда адамның сырт келбеті алдамшы болғаны ғой шамасы? Бұл келіншекпен Асқар екеуі дәмханада танысқан. Сөзшең, кісіге тез үйрілетін әріптесі бұған қарағанда қыз-келіншекке де бір табан жақын. Көрші столда отырған, киімдері мен әтірлерінің қымбаттығы бірден сезілетін сұлуларды иегімен меңзеп, танысайық деген мезірет жасаған. Сол таныстықтың аяғы мұның Назгүлдің телефон нөмірін жазып алуымен аяқталған еді... Баяғы бір кезде, қай клас екені есінде жоқ, венгр жазушысының кітабынан «тәтті шоколадты көп жеген соң өзі де тәп-тәтті аруға айналды» деген бір сөйлем оқып, жадында тоқып қалып еді. Мынау тура сол – тәтті шоколадты көп жеген тәп-тәтті ару! Күйеуімен неге айрылысты екен? Бұл сұраққа жауап беруден қашқақтап, «білмеймін, жас болған шығармыз» -деуден танбайды. Бұл орысша біле тұра Назгүлмен орысша сөйлеспейді. Ол қазақша жарытып білмей, шоқалақ-шоқалақ етсе де, Олжасқа ыңғайлы тілде сөйлейді. Мұны күлдіргеніне мәз. Семейдегі қаптаған орыс мектептердің бірінде оқып, дәрігерлер әулетінде өскен Назгүл мұқтаждық дегеннің не екенін ешқашан да білген емес. Ес білгелі ата-анасының қамқорлығында. Аялы алақандарынан ұзатып, басқа бір алақанға қондырып еді, онда көп тұрақтамай, өзінің жайлы жеріне қайта қонған ақ құс дерсің. Аңқаулығы, жайдарылығы, жан-дүниесінің кіршіксіздігі де ата-ананың таза махаббатын сезініп, ештеңеге мұқтаж болмай, тоқшылықта өскендігінен шығар?
Әйтсе де тым көңілшектігіне қарны ашады. Тіпті ересек адамбыз дегеннің өзінде некесіз байланыстан тітіркенбейтініне, тітіркенбек түгілі, сағынып, өліп-өшіп тұратынына миы жетпейді. «Таныспай жатып қауышқаны неткені?» Үркек жылқы сияқты жігіт осы жағын ойласа, тәтті келіншектен безіп кеткісі келеді. Бірақ, бұл пәтерге ол ылғи да өз еркіне көнбейтін сезімнің жетегімен алып-ұшып жететін. Мұны өліп-өшіп аймалап, патшадай күтіп, елпілдейтін жалғыз жан осы екенін білгендіктен шығар, бәлкім? Бүгін де Назгүлді көргісі келді. Көпті көрген сақа жігіт әйелдің дәл мұндай сұлуының кез-келген уақытта, кез-келген жерде жолыға бермейтінін жақсы білетін. Жалпы, Олжас әйел атаулының сыртқы келбетіне қатты мән беретін жігіттердің қатарында. Сосын ол әйелдің бет-пішінін, дене мүсінін бөлшектеп «ана жері әдемі, мына жері онша емес» деп қарастырмайтын. Тұтас қарайтын. Тұтас қарағанда тартымдыларын ғана «әдемі не сұлу» деп іріктейді. Олжас осы жасқа дейін Назгүлге құмартқаны сияқты ешкімге де құмартқан емес. Келіншектің ерекше қылықтылығы, шашын сипап, құлағымен, мұрнымен ойнайтыны , ту сыртынан келіп құшақтап алатыны ұнайды. «Қалған ғұмырды бір кешейік» десем түсінбей қалмас па екен деді іштей өз-өзіне. Іле-шала әлгі ойды балалатпай, басқа қиырға бұра тартты: неге асығам? Мүмкін жолым болмай, тауым шағылып жүрген соң оның бейнесін қиялымда әсірелеп алған шығармын? Алып-ұшқан сезіммен үйленетін мен бозбала жігітпін бе? Әйелден ат-тонын ала қашып, жалғыздықты таңдаған кім еді?
***
«Сен менің жаныма үңіліп көрген жоқсың. Басқа шаруалардан мойның бір сәт босап, маған үңілгеніңде, үнемі тербеліп тұратын жаныма жақын келгеніңде сен одан қаншама жылылық, мейірім мен нәзіктікті көрер ең ғой. Бірақ, олай жасаған емессің. Саған үңілуіме, сенің жаныңды түсінуіме де жол бермедің. Өзіңді менен үнемі алып қаштың. Біз екеуміз күйеуі мен әйелі емес, жақсы қарым-қатынастағы әріптестер сияқты өмір сүрдік. Сыпайы, мәдениетті, салқын... Қол жұмсамақ түгілі, айғайлап ұрсып та көрген жоқсың. Бірақ, өзімді әйел ретінде сезінуіме, шаршағанда, өкпелеп-ренжи қалғанда еркелететін, жылы сөздерін айтып жұбататын, қуанғанымда маған қосылып жаны рахаттанатын жары бар, осы өмірде асқар таудай қорғаны бар әйел сезінуіме мүмкіндік бермедің. Отбасының барлық жүгін маған артып қойып, өзің шөптің басын да сындырмай, диванда кітап оқып не телефон қарап жататыныңды, балалардың күтіміне ешқашан араласпай, жылай қалса жұбатудың орнына, «ананы жылатпашы» деп қабағыңды тыржитатыныңды ұмытқан жоқпын.
Олар сәл өскен соң балабақшаға апардық. Сосын менің жүгірісі көп тіршілігім басталды. Балаларды балабақшаға апарам, мектептегі сабағыма барам. Кеште оларды алып қайтам, келген соң тамақ істеймін, кір жуу, үй тазалау сияқты шаруалар күтіп тұрады. Ең соңында түнде ертеңгі сабақтың жоспарын жазып, әбден қалжырап барып ұйқыға кетем. Арасында олардың біреуі ауыра қалады. Әрі үй тіршілігі, әрі сырттағы шаруам бар, оған қоса өсіп келе жатқан балапандарымның, сенің жағдайыңды жасаумен шаршап жүрген күндердің бірінде телефоныңдағы хатқа көзім түсіп, жүрегім мұздап сала берген. Мені еркелетпейтін, қабағын түйіп, алара қарайтын күйеуім сүйкімді, кәрі қыздардың біреуіне «жұмысыңның алдында тұрмын. Өзіңе жолығуым керек еді, ақ еркем»-деп хат жазыпты. Сол күні не қара басқанын білмеймін, телефоныңа жармаса қалыппын. «Вацабыңды» ақтарып отырып, «Ақ еркеңді» де біліп алдым. Жоқ, ол туралы саған айтпадым. Тек қорлықтан, күйзелістен жылап жібергенім ғана есімде. Сосын ваннаға барып беті-қолымды жуып, түк болмағандай балалармен сөйлесіп, саған мүлде назар аудармай қойдым. Дәл сол күнге дейін «мүмкін мені жақсы көретінін сырттай байқата бермейтін шығар? Қанша дегенмен күйеуім емес пе, сезімі бар болар?»-деп дәмеленіп жүретінмін. Сол өзгені «ақ еркем» деп елжірегеніңнен кейін ақ іші-бауырым мұздап, өмірді сенімен бірге сүруге деген құлшынысым азайып кетті. Содан бастап мен саған тек қана күдікпен қарадым. Қызғанып ұрыс шығаруға әдеттендім. Оған өзің жол бердің. Мен тіпті оның алдында әлеуметтік желіге де қызыққан адам емес ем, сол оқиғадан кейін әлеуметтік желілерге тіркеліп, сені сырттай бақылап жүрдім. Фейсбук пен Инстаграмда жариялаған суреттеріңнен сыр іздей бастадым. Олжас, отбасыны бір адамның ғана махаббаты сақтай алмайтынын сен ұққан жоқсың. Екі тараптан бірдей мейірім, махаббат болмаса, отбасының ыдырап кетуі оп-оңай екен. Иә, кейбір отбасыларды салқын есептер сақтап тұрады. Әлі есімде, тұрмысқа шығар алдында осындағы апайым: «Айна, тұрмысқа есеппен шығу керек. Мен оны жақсы көрем деп шыға салуға болмайды. Оның да сенен алары, сенің де одан аларың болуы қажет» деген болатын. Сонда мен салқын есеппен адамдар қалай бірге өмір сүреді деп таң қалғам. Есеппен құрылған отбасылардың мықты болатынына енді ғана көзім жетіп жүр. Ондай отбасылардағы ер де, әйел де сұмдық әртіс болады екен ғой. Бір-бірін іштері қаламайтын еркектер мен әйелдердің қоғам алдында «махаббат спектаклін» жақсы ойнайтынына көзімді үйретуден басқа шарам жоқ.
Бірақ, біз ондай бола алмадық. Біз махаббатты қолдан өлтіріп, екі жаққа кеттік. Үйден шабадандарыңды көтеріп шығып бара жатып, мен жаққа көз салмағаныңа, қанша жылдық байланысымызды оп-оңай үзіп кеткеніңе қарағанда менен әбден көңілің қалғанын ұқтым. Содан кейін ақ сені мазалаған емеспін». Айна күйеуімен осылай ойша сөйлескенде көбінесе оны жазғыратын. Асыл мен Қасымға қараған сайын кеудесін әлдебір өксік тырнап, осы балалардың әкесімен ел қатарлы тұрмыс кешкенін, қандай болса да жанында күйеуі барда қоғамдағы мәртебесі де басқаша болғанын қинала мойындайды. Жиын-тойларда күйеуінің жанында жарқырап отырушы еді ғой. Қазір тек мектеп пен үйдің арасын жол қылып, күйкі тіршіліктің қыспағына шыдай алмай, оңашада осылай күйеуін кінәлап, жылап алады. Мұғалімнің аз ғана айлық жалақысы үш адамның тіршілігіне бірде жетіп, бірде жетпей, қоңыртөбел күн кешіп жүргеніне налиды. Күйеуінен алимент те талап ете алмайды, өйткені екеуі заңды түрде ажыраспаған. «Бір күні үйге қайта оралатын шығар» деген үміті де жоқ емес. Екеуі осы ескі үйді алу үшін тірнектеп ақша жинады ғой. «Ақыры біз де ел қатарына қосылдық-ау дегенде мұның не , Олжас? Балалар үшін өмір сүре беремін мен. Сен қайтпексің? Үйленсем балалы болармын дейтін шығарсың. Мына балалардың көз жасы туралы ойланбайсың ба?»
***
Шоқан Уәлиханов көшесіндегі жаңадан салынған үйлердің бірінде пәтер жалдап тұратын Олжас тамақты үнемі сырттан ішеді. Айлық жалақысының тең жартысынан көбі пәтерақыға кетеді. Бір бөлмелі пәтердің ішінде тамақ істеп ішуге қолайлы жағдай болғанымен, бұл еркек басымен тамақ істеп қазан жақта күйбеңдегенді ұнатпайды. Тазалық – иманның тең жартысы деп ойлайтын жігіт киімдерін өзі жуып, өтектеп, ине-жіптен жаңа шыққандай боп жүреді. Басқа-басқа студенттердің алдында дәріс оқу – үлкен жауапкершілік. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған аста-төк заман емес-ау. Бірақ, қазіргі адамдар ең алдымен киіміңе қарайды. Киімің көнетоз болса, сөзіңді ешкімге өткізе алмайсың. Студенттер табалауға бейім халық. Ашықтан-ашық жырқ-жырқ етпей ме?
Бұл ондайда өзінің Таңат ағасы туралы ойланып кетеді. Олжас Таңат Қажығалиұлын өзіне аға санап, іш тартып тұрады. Ол да бұны іні тұтып, іш қырындысын жасырған емес. Ақ сұр өңіне көк бұйра шашы жарасқан, ұзын бойлы, кең иықты, жасы елуден асса да , жас жігіттер ұқсап тіп-тік жүретін профессордың бір міні – көнетоз киімдер киетіні. Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан, «киім таза әрі жыртық болмау керек» деген түсінікпен тәрбиеленген кісілер ақша шығарып, киім сатып ала бермейді. Ескі күрте, ескі пәлте, жуыла берген соң түсі оңған жейделер мен ескірген кәстөм-шалбарларды ауыстырып киіп жүретін мұның ағайы басқа бір заманнан топ етіп түсе қалған жан сияқты. Аялдамада студенттермен бірге автобус күтіп тұруға да еш арланбайды ғой. Мысалы, бұл да автобуспен жүреді. Бірақ, студенттердің көзінше автобусқа мінбеуге, лажы болса жеңіл көлік тоқтатуға тырысады. Кейде амал жоқ, әмияныңның жағдайына қарап, көпшілік мінетін көлікпен қайтасың. Ондайда автобус ішінде ешкімнің бетіне тіктеп қарамайды. Таныс студенттердің бірі отырса, олардың жүрегінде бұған деген әлдебір аяныш пайда болмай ма?
Ал, Таңат ағасы болмыстың шындығынан қашпайды. Өзін әлдеқандай ғып көрсету ол кісіге жат. Қалай бар, солай жүреді. Мүмкін әлдебір жалған намыстармен санасын тұмандап алған бұған қарағанда ол кісіге өмір сүру жеңіл шығар? Бір күні аялдамада автобус тосып тұрған ағайды көріп қалған студенттерінің бірі шетелдік иномаркамен үйіне жеткізіп тастауға ұсыныс айтса, ағай «жоқ, керек емес, мен мұндай мәшинеге өмірімде отырып көрмегем» деп бас тартыпты. Кейін сол оқиға студенттер арасында анекдотқа айналып кетті. Студенттер де оңбаған. Қарап жүрмей ұстаздарды мазақ қып жүреді. Тарих ғылымының докторы, профессор деген атағы бар сол кісінің үсті-басын жөндеуге, жаңа киімдер сатып әперуге әйелінің, өсіп кеткен бала-шағасының қауқары жетеді. Бұл жерде мәселе киімде емес, принципте! Ол әдейі істейді. Өзінің қарсылығын солай жеткізеді. Бірақ ол кімге қарсы? Неге қарсы? Кімге деген дұрыс емес шығар. Қоғамды әділетсіз бір қара күш тұншықтырып тұр деп еді-ау бір сөзінде. Сол қара күшке қарсы да ол кісі. Ол қарсылық бұның да ішінде қайнап жатыр. Бұл басқа емес, ғылымның бейшара халіне қарны ашады. Мұғалімдер мен оқытушылардың түкке тұрмайтын айлық жалақы үшін жұмыс істейтініне, тек қана «айлықтан айлыққа» дейтін көзқараспен тіршілік ететініне жыны келеді. Таңат ағасы ұқсап мазақ болмау үшін киімін жылына бір-екі рет қана жаңартуға мүмкіндік беретін материалдық жағдайына көңілі толмайды. Ғылымға ішкі жалпы өнімнің нөл-нөл бірдеңе пайызы ғана бөлінетіні бұның зығырданын қайнатады.
Былтыр Семейдегі бұлардың университетіне Колумбия университетінен бір профессор келді. Түбі семейлік татар екен. Қазір Колумбия университетінде сабақ беріп жүрген әрі дүрдей бір ғылыми институтты басқаратын Ринат Абазов есімді профессормен бұның әңгімесі жарасты. Университеттегі ресми жиындардан соң кешкілік екеуі бильярд ойнап, соңында ресторанда отырып, армансыз сыр шертіскен. Егер түбі Америкаға келетін болсаң, тіке маған кел деген сонда профессор. Орта Азия елдерінің тарихын зерттейсің. Орта Азия деген үлкен тақырып. Осы тақырып бойынша философия докторы атансаң, әлемнің ең озық университеттерінде лекция оқуға мүмкіндік аласың. «Білімді жігіт екенсің. Ағылшыншаң біраз әлсіздеу. Дегенмен, тіл сындыруға аттай бір жыл мүмкіндік беріледі»-деген қулана күлімсіреп. Абазов Америка қоғамында жалпы жұртшылық ғалымдардың сөзімен санасатынын, үлкен мінберлерден профессорлар сөйлейтінін айтқан. Ғалымдардың қоғамдағы жоғары беделі туралы, олардың шын мәніндегі элита екенін жеткізген. Ғалымдар тұрмақ мұғалімдіктің өзі ол жақта сыйлы мамандық. «Бізде ше? Академик, профессор дегендер қоғамға сөзін өткізе ала ма? Әй қайдам? Бір танымал сыншы бірде ғалымдарды тасбақаға теңеп еді. Биліктің тасбақаларды төңкеріп тастағанын, олар қайтадан аударылып түсе алмай, аяқтары аспаннан келіп, тыпырлап жатқанын айтып күлдірген. Тіпті аударылып түсіп, жыбырлап кетіп бара жатса да, бейшара тасбақаларды кім көзге ілсін?
Олжас еліміз тәуелсіздік алған тұста төртінші сыныпта оқып жүрген. Қып-қызыл әдемі галстугы бар бала еді. Сабақты үздік оқитын. Оның алдында алтын түсті бұйра шашы бар Володя бейнеленген октябрят белгісін кеудесіне үш жыл бойы қадады. Сосын пионерге өтті. Бұның сыныбында үздік оқушылар пионерге алдымен қабылданды. Тура сол жылы дүние қарбалас боп, ауыл мектебіндегі сабақтың да берекесі қашып кетті. Бірақ, мұғалімдерді ерекше қуаныш толқытқанын бұлар көрді. Әсіресе өз әкесінің желпінгенін қалай ұмытсын? «Балам, енді біз тәуелсіз ел атанамыз. Сен тәуелсіз елдің азаматы боласың» деп еді-ау. Төртінші сыныпта оқитын бала күнделікті сабақ біткен соң таратылатын тәтті тоқаштардың соңғы кезде таратылмайтын болғанын уайымдап жүрген. «Тәуелсіз елдің азаматы» деген бұған ерекше әсер етті. «Мықты болатын шығармын» деп ойлады. «Тоқаштарды таратпай-ақ қойсын, анам да күн ара пісіріп беріп жүр емес пе?». Міне содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті. Отызды да орталап қойды. Мықты болған түгі жоқ. Әлгі сыншы дұрыс айтады. Бұл да бір, аударылып түсе алмай тыпырлап жатқан тасбақа да бір. Студенттерге дәріс оқығаннан басқа қолдан түк келмейді. Ара-тұра мерзімді басылымдарға мақала жариялап тұрады. Оны оқып, білімін, танымын кеңейтіп жатқан біреу бар дегенге бұл өлсе де сенбейді. Оқыса да мұны тұқыртып қалу үшін немесе қарсы дау айтуға әріптестері оқуы мүмкін. Қазақ қоғамында бұл түгілі, бұдан зорлардың да үні шықпайтыны белгілі емес пе?
***
Олжас дәріс оқығанда аудиторияда шыбынның ызыңы естіледі. Өткір көзін студенттердің әрқайсысына кезек-кезек қадап, біресе терезеге қарап қойып, «Қазақстан тарихы» пәнінен дәріс оқиды. Бұған тиесілі қазақ топтары онша көп емес, бар-жоғы он шақты ғана. Оның көбі басқа мамандықта оқитындар. Бұл дәрісін сол топтарды үлкен аудиторияға аптасына екі рет жиып өтеді. Семинар сабақтарды әрбір топқа жеке-жеке ұйымдастырады. Не сиқыры бар екенін кім білсін, бұл дәріс оқығанда ең «гламурный» студенттердің өзі білімге құштар адамсып, қағаз-қаламын сайлап, мұның аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, ақ парақтарды толтырып отырғаны. Бұрын лекция жазбайтын студенттерді белгілеп алып, семинарда балын төмендетіп жазалайтын. Ақырын ғана көзіңнің астымен қарай қалсаң, жазбай отырған студент өз-өзінен белгілі. Тыпыршиды, байқатпағансып телефон шұқылайды, сыртқа сұранып шығып, лекцияның ортасында пайда болады, болмаса ақ параққа сурет салады, тіпті жоқ дегенде өз ойында жүрген әлденелерді жазып отырып, ұрланып оқытушыға қарай береді. Студенттердің психологиясын жазбай танитын Олжекең ондайларға үндемейтін. Тек сыртынан белгілеп алады да, семинар пәндерінде сабақты жақсы айтса да, төрт не үшпен барабар балл қойып, себебін сабырлы қалпын бұзбай түсіндірер еді. Ондайда студенттердің көбісі эмоцияларын сыртқа бұрқ еткізіп шығарады, жас оқытушыға ашуланып қалады. «Ол ерунда емес пе, білім баста болмай ма?»-дейді ұлдар жағы өзіне ақыл айтып. «Соған бола ма?»-деп қыздардың талайы қасын керген. Сосын бұның бір байқайтыны, әдемі қыздар көбінде назданғыш келеді. Әдемілігін пайдаланып, ештеңе жазбауға, оқымауға бар. Бірақ, әке-шешенің үмітін ақтап, диплом алу керек!
Олжас сол әдісін алғашқы екі-үш жылда ғана қолданды. Одан кейін қолданған емес. Бірақ, одан бұл ұтылған жоқ. Студенттердің бәрі сыйлайды. Лекцияға қырық студент, елу студент қатысса да түгел жазып отырады. Семинарында бір-бірімен бәсекелес қыз-жігіттер таласып, тармасып сабақ айтады. Оларды қызықтыру үшін бұл пәлендей әдіс жасап, бірдеңелерді ойлап тауып, ара-арасында бой сергіту үшін ойын ойнатып әуреге түспейді. Есесіне дүниенің түбін көрген адамша өзін салқын ұстайды. Студенттер тарапынан сұрақ болып жатса, мәдениетті түрде жауап береді. Тарихи оқиғаларға қатысты «осы белгілі тұлғаның орнында сен болсаң, не істер едің?» деген сияқты белсенді студенттерге ара-арасында сұрақ қойып, олардың жауабын тыңдап, жымиып та қоятын кездері бар. Ондайда жастық шақтың аңғалдығына, албырттығына қызығады.
Олжас бүгін «Алаш және Алашорда» деген тақырыпта лекция оқуға дайындалып келген. ХХ-ғасырдың басындағы аласапыран уақыттың шындығы мен сұмдығын шамасы жеткенше өрімдей жастарға түсіндірмек. Оған қоса Алашорда тарихындағы Семей қаласының маңызын да студенттеріне айтып беруді азаматтық борышы санайды. Жалпы, Олжас осы тақырыпта лекция оқығанды ұнатады. Ол Алашты айтқанда арқаланады. «1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп танылды. Ал Алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: Қазақ елінің өзінің қоғамдық ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді»-деп Олжас белгілі тарихшының кітабынан алынған мәліметтерді студенттердің санасына құйып тұрып, кейбір цифрларды тақтаға түсіруді бастап кетті. Цифрды бейнелейді де, астын сызып қояды. Бұлай жасаса, студенттердің есінде сақталады деп ойлайды. Мәселен ол алаш орда мына жылы құрылды дегенде оның құрылған жылын емес, сол кезде оның құрамында неше мүше болғанын тақтада көрсетеді. Өзі мектепті өте жақсы оқып, «қызыл белгіге» бітірген тарихшы ұл математикалық дәлдік принципін ұстанып, күмәнді цифрларды жазбауға тырысатын. Әбден тексеріп, нақты цифрларды ғана студенттерге ұсынады.
Алашорда үкіметі Семей қаласының Заречная слободка бөлігіне 1918 жылы қаңтар айында келіп орналасты. «Алашорда Алаш қаласына келіп, қазақ-қырғыз балалары бағынған үкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа үкіметті танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек», – деп Халел Ғаббасов хабарлады («Сарыарқа», 1918 жыл, 22 қаңтар). Азаттық алу жолында алмағайып күй кешкен Алашорда Кеңес өкіметін мойындамай, 1918 жылы жазда басталған азамат соғысы күреске шыққан күштермен (атаман Дутов басқарған Орынбор казачествосымен, адмирал Колчак басқарған Сібір үкіметімен, Орал казачествосымен, т.б) одақтасады.
1918 жылы маусымның 12 күні Алашорда заңдық күші бар бірнеше қаулы-қарарлар қабылдады. Бұл жөнінде Жүсіпбек Аймауытов: «Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алашордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алашорданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр» («Абай» журналы).
Олжас Алаш орда тақырыбының лекцияларын жыл сайын жаңартып отырады. Интернетті де бақылап, Алашордаға қатысты қандай тың мәліметтер бар екен деп көз жүгіртіп, сенімді деректерді ғана студенттеріне ұсынады. Сол әдетінше Алаш ордаға қатысты негізгі цифрларды тақтаға түртіп тұрған сәтінде ойламаған жерден айтыс-тартыс басталып кетсін. Лекцияның Алаш зиялыларының Семейдегі саяси әрекеттері жайлы тұсы студенттердің қағаз қаламдарын тастай салып, бір-бірімен дауласып кетуіне түрткі болды.
-Осыдан жүз жыл бұрын Семей еліміздің саяси-мәдени өмірінде маңызды қала болған екен. Қазір неге билік тарапынан ұмыт қалды?-деді филология тобында оқитын жалпақ бет сары бозбала.
-Өткенде сайттардың бірінен Семей «Алаш» қаласы атану керек деген мақала оқып қалдым. Мүмкін «Алаш» деп аталса, өзінің тарихи статусын қайтарып алуға болатын шығар?-деді мұның үміт күтіп жүрген , тарих мамандығындағы студенттердің бірі.
-Семейің бұдан жүз жыл бұрын алаштың қаласы болған. Қазір «Алаш», «Алашорда» деген актуальный емес. Коррупция тоқтамаса, қаланы Алаш десең де, Қалаш десең де түк өзгеріс болмайды-деді тарихта оқитын тағы бір белсенді.
-Ағай, сіздер тарихты жақсы білесіздер. Неге сіз сияқты кісілер осы қаланың гүлденуіне, тарихи статусын қайтарып алуына бірігіп жұмыс жасамайсыздар?-деп мұның өзіне соқтықты бір студент қыз. Тарих мамандығының бірінші курсында оқитын өжет қыздың айдалаға сөйлемей, мұның өзіне жауапкершілік артуы әжептеуір әбіржітіп тастады. Дәл сол мезетте «Семей үшін, туған жерім үшін мен не істей алдым?» деген сауал бұның ішінде атойлап тұр еді. Қапелімде не деп жауап берерін бір мезет ойлана қалғанда жалпақ бет сары бала сарт еткізді:
-Билік бұл кісілерге ондай мүмкіндік бермейді! Біздің билікке ақыл айтуға болмайды. Олар Семейді баяғыда ұмытып кетті емес пе?
-Иә, Семейдегі бүкіл зауыттар жабылып қалған.
-Ескі үйлер көп.
-Халық саны да өспей жатыр.
-Осы Семейде бұрын облыс әкімі боп, кейін оппозицияға өткен Жанқияров деген кісінің қайда жүргенін кім біледі?
-«Полковник аралының» жынойнаққа айналып кеткенін сіз білесіз бе?
Олжас аптасына екі-үш рет көретін мына студенттерін танымай қалды. Тап мұның Семей туралы айтуын күтіп отырғандай-ақ ұшынып алған. Оларға Алаш, Алашорда, ұлт зиялыларынан бұрын қазіргі Семей маңызды екен. Бәрінің қалаға жаны ашиды, бәрі қаланың гүлденгенін көргісі келеді. Облыс орталығы статусынан айрылғаннан кейін-ақ Семей бұның көз алдында көркінен айрыла бастаған. Бірақ, 2000-жылдары туған мына балалар Семейдің бұрынғы дәуренін көрген жоқ қой. Сонда да «біздің қаламыз ұмыт қалды» деп шу-шу етеді. Тек Семей ғана емес, оның маңындағы аудан, ауылдардың, тек сол жерлер болса бір жөн ғой, бүкіл Қазақстандағы көпшілік ауылдардың ұмыт қалғанын, ауылдардағы жұрттың қалаға ағылып, өлместің күнін кешіп жүргенін бұл балақайлар ескермейтін сияқты. Урбанизация дейтін алапат күш ауылдарды жұтып, адамдарды ірі қалаларға, сол қалалардың маңайларына шоғырландырып жатыр емес пе? Жуырда ғана Шымкент қаласы Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполис ретінде жарияланды. Шымкент облыс орталығы мәртебесінен ажырағанымен, одан қала ұтылған жоқ. Үшінші мегаполис дейтін аты бар. Есесіне облыс орталығы көшірілген «екі дүние есігі» Түркістан қаласы гүлденетін болды. Бұл елдің сонау шығысында жатып, оңтүстіктегі Түркістан қаласына қызыға қарайды. Қазақтар «екінші Мекке» атандырған Түркістан қаласы да қазақ тарихындағы маңызы зор, екі мың жылдық тарихы бар, қазақтың қала мәдениетіне күмәнмен қарайтындарға мыңдаған факті ұсына алатын, мықты қалалардың бірі. Енді облыс орталығы мәртебесін алған соң қаланың қазына қоры молаймақ. Жаңа ғимараттар бой көтереді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Қайткен күнде де қаланың гүлденіп, көркейетіні анық. Семейге де сондай күн туар ма екен? Облыс орталығы мәртебесін қайтарып берсе шіркін? Жабылып қалған зауыттар мен фабрикалар қайта ашылар еді-ау. Степное көшесінде «Силикатный», «Цементный», «Кирпичный» дейтін аялдамалар бар. Бәрі кезінде бір-бір дүркіреген зауыттар болған. Қазір ешқайсысы да жұмыс істемейді. Мына уыз жастар соның бәрін біледі. Шу-шу етіп қаланың кемшілігін теріп айтуда. Оларға айтқыза берсең, бұл қалада көзге көрінер жақсылық жоқ сияқты. Олжас бәрінен бұрын жастардың билікке шүйлігіп алғанынан сескенді. Мұның міндеті – білім беру. Болашақта қандай азамат болатыны әркімнің өзіне байланысты. Қазір жастықпен ,аңғалдықпен дауласып отырған бұл қыз-жігіттер он жылдан кейін қандай адамдарға айналатыны бұлыңғыр.
- Мектепте ең алғаш жазған шығармамыздың тақырыбы – «Туған жер» болатын. Естеріңде ме? Семей – көбіміздің туған жеріміз. Біріміз нақ осы қалада, біріміз жақын ауылдарда дүниеге келдік. Біз ата-анамызды қалай құрметтесек, туған жерімізді де дәл солай құрметтейміз. Әлгі сөздердің бәрін туған жерге деген сүйіспеншілік, жан ашу сезімдері айтқызды деп түсіндім. Ертең оқуды бітіріп, бір-бір қызметке кіріскен кезден бастап әр адамның туған жердің қаншалықты патриоты екені көрінеді. Жалпы, сүйіспеншілік көп жағдайда сөзбен емес, іспен айқындалады. Осы қалада қандай құрметті адамдар бар екенін білесіңдер ме? Олар өмірдің барлық саласына үлес қосып жүр. Сол үшін атақ, орден-медаль дәметпей-ақ еңбек етіп жүрген кісілерді білеміз. Сендер шын мәнінде патриот болсаңдар, нағыз адамдардан үлгі алуларың керек. Қиындықпен, әділетсіздікпен, ұятсыздықпен күресіп, жеңуді үйреніңдер. Басқаны кінәлауға асықпай, соның себебін іздеңдер. Қаланың гүлденуі үшін адамдардың жүрегінде ізгілік оянуы керек. Тоғышарлық, надандық, нәпсіқұмарлық асқынып тұрған жерде гүлдену, көркею бола қоймайды. «Осы сөздерді шынымен мен айтып тұрмын ба?»-деп ойлады Олжас. «Ақыл айтудың оңайын-ай».
Лекциядан бұл екі иығын зіл батпан жүк басып тұрғандай шаршап шықты. Әдетте сабақтан бос уақыттарында кафедраға бас сұғар еді. Онда оқытушылармен қалжыңдасып, жағдай сұрасып, адамдық қарым-қатынастың тәуір үлгісін көрсетіп жүретін. Сосын ноутбугын алдына алып алып кафедраның өмірі бітпейтін қағаздарын толтыруға кіріседі. Бәрібір пәтерінде мұның қағаз жазып отыруға құлқы да ,уақыты да бола қоймайтын. Ал, кешке қарай «Вацаптан» жылтың-жылтың еткізіп, сәлем жолдап отыратын достарымен бірге бильярд ойнауға, не кафеге, не саунаға барып күн өлтіретін. Дәл бүгін студент жастардың балаң көңілдеріндегі ыза-реніші мұны біршама қатты толқытты. Мұның оқытушылық қызмет атқарып жүргеніне он жылдан асып кетті. Содан бері қаншама студентпен айтысты ғой сабазың. Олар еркін халық. Себебі жас, ештеңеге басыбайлы емес. Ой-пікірлерін еркін айтуға қақылары бар.
***
«Фейсбук» әлеуметтік желісінде досың да, тілеулес жолдастарың да көп сияқты. Желіде отырып, олардың жазбаларына «ұнату» белгісін басып, жақсы пікір білдіресің, олар да сенің жазғаныңа «ұнату» белгісін қойып, қоштап отырады. Ол адамдардың кейбірін өмірде көрмегенсің. Бұдан кейін де көру-көрмеуің екіталай. Ал, кейбіреулері бала кезден құлын-тайдай тебісіп өскен ауылдастарың, сыныптас, курстас құрдастарың. Мұнда әйтеуір жалғыз емессің. Көпшіліктің алқауындасың. «Фейсбуктың» пайда болғаны Олжасқа мұнша жақсы болар ма? Әйтпесе саяқ жүретін кісікиіктеу жігіт сыныптастарын, ауылдастарын қай кезде көріп, қай кезде араласар еді? Бұл қалалық болғалы бері олармен ат кекілін кесіспесе де, аралары алшақтап кеткен. Анда-санда ауылға барғанда олардың бірлі-жарымын жолаушылар көлігінен кездестіріп, амандық-саулық сұрасудан аспай жүрген. Енді сол тәңір жарылқағырларға күнде бірге шәй ішіп ,ет жеп жүргендей жақындап алды. Олар да әрқайсысы желінің оңаша отауларында жасыл көздері жанып, жымыңдап отырғаны. Олжас бірдеңе жазса, шу етіп бұның парақшасына жинала қалады. Бірге өскеннің аты бірге өскен емес пе, «әй, бұрын да тура сондай ең ғой. Түк өзгермепсің» деп солқ еткізе салады Таңатар дәу. Сыныбындағы ең ірі бала еді, мұғалімдер кемінде палуан болады деп ойлайтын. Семейдегі ұрлайтындай дәнеңесі жоқ мекемелердің бірінде қарауыл боп жүр екен. Ермегі – «Фейсбук». Бақытбек те желі белсенділерінің бірі. Ол Таңатарға қарағанда біршама жақсы оқитын. Әсіресе, география, тарих пәндерінен Олжаспен жарысып оқып, бәсекелесіп жүретін. Бақытбек те мұның тұрақты оқырмандарының қатарында. Өзі бірдеңелерді шұқылап жазып жүреді. Журналист. Бастапқыда онша мән бермейтін, кейінірек байқап қараса Бақытбек мұнда «жұлдыз» екен ғой. Екі беті нарттай, орақ мұрын, бойы ортадан жоғары көрнекті жігіт «мені көріп алыңдар» деген адам құсап парақшаны өз суреттерімен толтыра береді. Не жазса да астында өзі тұрады. Бірде ағаштың жанында ойлана қалса, бірде кабинетте, бірде үйдің ішінде толғанып отырғаны, әйтеуір сол сыныптасының ойлы бейнесі лентадан айнала береді, айнала береді...
Бұл жерде ауылдас, сыныптастарының ішінде Қарлығаш пен Әсем әжептеуір танымал. Бірі – «философ», бірі – «сәнбике». Олжас Қарлығаштың «тегін ақылына» да, Әсемнің біресе бері, біресе ары қарап түсетін суреттеріне де «лайк» аяған емес. Олар да кезі келгенде бұған жалпылдап жатады. Рас, осы жерде Олжастың тамыр-таныстарының көпшілігі бар. Бірақ, олардың бәрі бірдей жазба қалдырып ,сурет жүктей бермейді. Тек анда-санда ғана өз өмірлеріндегі бір маңызды мезеттерді сырт еткізіп, «балам мектепті үздік аяқтады», «әке-шешемнің мерейтойы», «бүгін асарлатамыз» деген сияқты суреттерін жапсырып жатады. Бұл олардың ешқайсысын қалт жіберген емес. Ешқайсысын бөліп-жармай «ұнатуын» басып, тілегін арнап отырады. Еріккеннен, уақытының көптігінен емес, таныс-сыйластарына «саған деген құрметім сол қалпында» дегенді білдіру үшін желіге кіреді. Одан бөлек, қоғамда болып жатқан оқиғаларға көптің пікірі қандай екен деген қызығушылық та жоқ емес. Көптің аты көп қой шіркін, не бір тақырыптарды ит тартқан терідей сүйрейді-ау. Қарапайым көпшіліктің шенді біреуге жабылып кете салулары да оп-оңай, тақыр жерден біреуді «батыр» атандырулары да тез. Бұл ондай «қызып», «күйіп» тұрған оқиғаларға араласа бермейді. Біріншіден, өзіне түк қатысы жоқ, екіншіден, анық-қанығын білмейтін дүниеге кіріскісі келмейді. Мамандығы тарихшы болған соң талдап, сараптап ой қорытам дегенше, әлгі күйіп тұрған оқиға да су сепкендей басыла қалады. Университетте төрт жыл бірге оқыған, жастық шақтың ең әдемі естеліктерін бірге бөліскен группаластары, курстастары әлеуметтік желіде өздерін біршама маңызды, маңғаз ұстайды. Бұл «ұнатуды» олардан да аямайды. Ақырзаман таянғанда адамдар шыны сияқты болады деген рас екен. Кімнің парақшасына кіре қалсаң да, ой-ниеті, білім-білігі, шама-шарқы беп-белгілі. Салған суреті, жазған жазбасы кім екенін әйгілеп тұр. Олжас сияқты сезімтал жігіт әсіресе, бір «лайкқа»тәуелді болған немелерден несін аясын? Түптеп келгенде бұның өзі де қоғамның бір мүшесі екенін мойындап, айналасындағы адамдардың жақсылы-жаманды көзқарастары мен өтірік-шыны аралас пікірлерін қажетсінетін болып тұр ғой.
Бұған қарапайым адамдардың белгілі бір шектен асып билікті сынайтыны, фактіге емес, «дейді-дейдіге» сүйеніп, жалпылама түрде «жоғары жақта ішіп қойыпты, жеп қойыпты» деп көпірте беретіні ұнамайды. Олар бәріне билікті кінәлі еткісі кеп тұрады, автобус кептелекте тұрып қалып, жұмыстарына кешігіп жетсе де, ауа райы бұзылып, қар аралас жаңбыр жауса да, бораннан үйлерінің шатыры ұшып кетсе де билікті кінәлайды. Өздері атқаруы керек міндетті билік атқару керек сияқты. Бұл да билікті жақтап отырғаны шамалы. Қаншама былық-шылықты көріп жүр ғой. Бірақ, етекте отырып шәуілдегеннен не пайда? Оның үстіне билік қай кезде халықпен санасып еді? Бұның білуінше ондай оқиға қазақ тарихында болмаған. Рас, «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің. Қымыз ішіп қызарып, мастанып, қызып терлейсің. Өзіңнен басқа хан жоқтай өлеуреп неге сөйлейсің. Қорған салдың бейнет қып. Қызметшің жатыр ішіп-жеп. Оны неге білмейсің?» -деп Асан Қайғының Жәнібек ханға айтатыны бар. Асан кім еді? Жәй көптің бірі емес, Жырау ғой ол. Ханның жанындағы ақылшысы. Қазіргі тілмен айтқанда Асан Қайғы Президент кеңесшісі деңгейіндегі лауазымды қызметтегі адам. Махамбеттің «Хан емессің, қасқырсың. Қас албасты басқырсың. Дұшпаның келіп табалап, Достарың сені басқа ұрсын» деп Жәңгір ханға айтқаны да тасқа басылып, тарихта мәңгіге қалды. Ол да Жәңгір ханның ордасына кіріп бара алатын лауазымды тұлғалардың бірі емес пе еді? Әлеуметтік желіде парақшам бар екен деп аузыңа келгенді айта беруден құдай сақтасын. Сөздің киесі ұрмай ма? Бұның бір ақын замандасының «Фейсбук- Айна-кітап» деген өлеңі бар. Олжастың желіге қатысты көзқарасын дәл бейнелеген.
Айна-кітап ішінде тіршілік бар,
Көз алдыңда тұрады күншілік хәл.
Саған, маған, оған да маза бермей,
Жанымыздан бүрлейді жыр-шыбықтар.
Тынши алмай, сезімді қоздатып көп,
Отырамыз ойларды боздатып кеп.
Мақтап, даттап, боқтаймыз шын жүректен,
Өмір отын үрлейді жазба біткен!
Тілеулестер бар мұнда, жанашырлар,
Жас достарың жүр тағы «жаңа ашылған».
Бір белесте адасқан ескі достар,
Өшіріп тастағандай санасынан.
Бар мұнда бәсекелес замандастар,
Және айнадай жарқырар балаң жастар.
Дәстүршіл Һәм жаңашыл топтар да жүр,
Түрлі-түрлі тарапқа қадам басқан.
Түрлі-түрлі қылықпен бұлаңдаған,
Сүп-сүйкімді күшік жүр шұнаңдаған.
Саясатпен еркелеп тістеп алар,
Ондай нәмарт екенін кім ойлаған?
Айна-кітап бәрін де көрсетіп тұр:
Мәселен, мына ағамда кеңселік түр.
Көзәйнектің ар жағы бұлдыр әлем,
Ол әлемде достық та теңселіп тұр.
Мына кісі қымыз бен балға құмар,
Кім білсін, жалқы өскен арда шығар?
Адам емес бүркітке ғашық жанды
Һәм өзін өле сүйген пенделерді
Көрдім десем қалайша нанбайсыңдар?
Қалмас адам ешқашан ойға жұтап,
УДЗ аппараты – айна-кітап,
Анау аңқау, мынау қу, жалғаншы ол...
Арманшылдар жайып жүр айға құшақ.
Осы өлеңді тұңғыш рет оқып, парақшасына көшіріп алғанда «Мен айға құшақ жайып жүрген арманшылмын» ғой деп ойлаған өзі туралы. Содан бері де мұның тұсынан зымырап бірнеше жыл ағып өтті. Тағдырының быт-шыты шықты, көңіл-күйін, сезімдерін басқара алмай, дұрысы өз-өзін басқара алмай, «отбасы» дейтін мемлекетін құлатып алды. «Өзін басқарып үйренген адам өзгені де басқара алады» дегенді кім айтып еді? Кім айтса да дұрыс айтқан. Еркіндік дегеніңіздің өзі кісіні көзсіздікке ұрындыра ма қалай? Бұл кейде «мен түгілі ұлы державаның президенті Путин де ажырасып кетті ғой» деп өз-өзін жұбатып қояды. Әйтсе де ішінде бір бос қуыс бар сияқты. Сол қуыстан жан-жүрегін қалтыратып бір суық боран еседі. Олжас өзінің жеке өмірі туралы Фейсбукта ешқашан айтқан емес. Отбасы бар кезде де олардың суретін жариялап, «лайк» жинамапты. Мұның құпия әлеміне тамыр-таныстарынан басқа ешкім де қызығушылық танытпайды. Олар да тек жеке чатта ғана ұрлық жасаған кісідей кібіжіктеп қана сұрайды. Ал, арманшыл жігітіміздің айдай әлемге жария қылатын тақырыптары мүлде басқа. Ғылымдағы мәселелер, қоғамдағы рухани жұтаңдық жайлы өмірден алынған мысалдарымен қосып жазады. Сол жазбалары үшін кейбіреулерге ұнамайды ғой. Әсіресе кафедра басшысы Шынтемір Мәдиұлы фейсбукта отырмаса да, мұның не жазып жүргенін беске біледі. «Мүмкін маған қарсы шығып жүрген фейктердің бірі сол шығар» деп ойлап қояды Олжас. Жиналыстарда «осы айтқандарымыз әлеуметтік желідегі белсенді жігіттің парақшасына шығып тұрмасын» деп мұны талай мысқылдаған. Олжас бүгін Фейсбукке Семей қаласы жайлы пост жазу үшін кірді. «Семей – Алаш қаласы» деген тақырып қойды да, бүгінгі Семей жайлы бұрқыратты. Бірақ, әр сөздің салмағын білетін жігіт бұл жазбаның аяқсыз қалмайтынын, өзінің қызметіне кесірі тиюі де мүмкін екенін сезді...
***
«Семей оқиғасынан» кейін іле-шала бұлардың кафедрасы «Қазақ тарихының өзекті мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізген еді. Оның барып кел, шауып кел шаруалары Олжасқа жүктелген. Бұл өзіне жүктелген міндетті шашау шығармай орындайтын тындырымды жігіт. Шақыру қағаздарын Семейдегі жергілікті тарихшылар мен қаламгерлердің қолдарына ұстатып, оларды аяқтарын жерге тигізбей күтіп алды. Жиында сөз сөйлейтін кісілердің аты-жөндері жазылған қағаздарды дұрыстап қойып, столдың әр жеріне су құйылған бөтелкелер мен стакандарды тізіп, қонақтардың әрқайсысын өз орындарына отырғызып, зыр жүгірді. Кафедраның әншейінде маңғаз басып жүретін оқытушылары бұндай кезде тіпті тау тұлғалар ұқсап, әрқайсысы өзінің қадір-қасиетін ұқтырмаққа, бастықтың көзіне көрініп қалуға ұмтылады. Әне елдің соңын ала кафедраның бастығы келді. Жерді тесіп жібере жаздап, дік-дік етіп жүреді. Қол астындағыларға басын изей салып, қонақтармен ықыластана амандасып жатыр. Сосын осы жердегі ең негізгі тұлға менмін дегендей қыр көрсетіп, төрдің басындағы өз орнына жайғасты. Орнына жайғасып алып, көзінің астымен бәріне бір-бір қарап шықты. Қызық, әр адамға қарағанда әртүрлі көзқараспен қарайды ғой, сонда олардың әрқайсысы туралы бір секундқа жетер жетпес уақытта не ойлап үлгереді екен, ә?
Олжас та көзінің астымен адамдарды бағып отыр. Кім қалай күледі, қалай сөйлейді, қандай әдеті бар немесе қандай қылық жасайды , бәрін қадағалауға тырысады. Бұл бастапқыда өзінің осы әдетіне қысылатын. Кейіннен байқаса тек өзінде емес, әріптестерінің көбінде бар екен бұл әдет. Қалалық интеллигенция басшыларының өздеріне деген ниет-пиғылын осындай жиылыстарда біршама тәуір байқайды. Жиылыс емес, құдды психологиялық ойын дерсің. Бір-бірімен көздерімен сөйлесетін адамдардың сыртқа айтатын әңгімелері мүлде бөлек. Әлгі когнитивтік психологияда жазылған адамдардың қарым-қатынасына сөздің жиырма пайыздай ғана рөлі бар деген тұжырым рас шығар осы? Сөйлеспей-ақ жақтырмайтын кісілерің болады. Ол адамды тұтас болмысымен қабылдай алмайсың, бітті. Оны көргенде ішкі дүниең түгілі, терің тітіркенеді. Бірақ, қалай болғанда да сәлемдесу мезіретін жасауың керек. Олжастың «терісі қабылдамайтын» кісілерінің бірі – өз бастығы. Кафедрадағы көпіріп көп сөйлейтін, іші қауақ екі профессорды да ұнатпайды. Олар да отыр әне. «Қу мен қу намазшамда жолығыпты» дегендей екеуі бірге жүретінін қайтерсің. «Оңашада қанша кісінің жаназасын шығарды екен осылар?»-деп ойлап үлгерді ол. Міне, жиын да басталды. Жұрт Шынтемір Мәдиұлының аузына қарасты. Бұндайда ол шешен, әңгімесін тіп-тік иығын бір қомдап алып бастайды:
-Құрметті қонақтар, әріптестер, шағын құрамда өткізіп отырған жиынызға қош келдіңіздер! Өздеріңіз білесіздер, біздің кафедра тарихқа қатысты өзекті мәселелерді жыл сайын болмаса да, ара тұра осылай бір саралап алып, ой қорытуды, қабырғалы ғалымдардың, жалпы шығармашылық адамдарының пікірлерін ескеріп, оқыту процесін ұйымдастыруды, бағытымызды белгілеп алуды игі дәстүрге айналдырып келеді. Оның себебі көп. Тәуелсіздік таңы атқан соң біз тарихшылар абдырап қалдық. Бейнелеп айтқанда тарих ғылымының іргетасы сөгіліп кеткендей болды. Бәрін қайтадан басынан жазу, жасау деген оңай шаруа емес. Мемлекеттік билік тарапынан да қабылданып жатқан бағдарламалар ғылымымыздың көркеюіне өз үлесін қосып жатыр десек қателеспейміз. Бүгін міне, қазақ тарихындағы өзекті мәселелерді айту үшін сіздерді осында жинап отырмыз. Алғашқы сөзді мәртебелі мейманымыз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жуасбек Туғанбаевқа береміз.
Жуасбек Туғанбаев Шынтемір Мәдиұлының курстасы. Екеуі студент кезден іргесі ажырамай келе жатқан достар. Ол қазір осындағы Алашорда атындағы ғылыми институттың директоры. Астанадан алыста жатса да, қоғамда айтары бар маңызды тұлғалардың қатарынан саналады. Бұл жиынның негізгі қонағы осы кісі дегендей бұлардың бастығы жиылғандарға тағы бір-бір қарап алды.
Бұл профессордың оқымаған кітабы жоқ шығар, оны танитындар «білмейтіні жердің астында» деседі. Тарих ғылымының докторы, профессор қандай өзекті мәселені де қазақ мүддесі тұрғысынан көтеретін. Бұл жолы да солай болды.
-Әлем тарихында қазақтар қай жерде деп іздесеңіз таба алмайсыз. Шын мәнінде "Британикадан" бастап әлемдік энциклопедиялардан қарасаңыз қазақ жеріндегі оқиғалар, біздің арғы баларымыз қатысқан оқиғалардың көпшілігі жоқ. Өз кеудемізге салып "анау кіру керек еді, мынау кіру керек еді" деп тізе беруге болады. Бірақ, шын мәнінде кіруге тиіс оқиғалардың өзі жоқ. Жақында француздардың "История иранцев" деген кітабын оқыдым. Сонда "Он погиб где-то в пределах Сырдарии" деген жалғыз сөйлем бар. Өйткені оның осында келіп, әйел патшаның қолынан қаза тапқаны кітаптың рухына келмейді! Сөйтіп бір сөйлеммен өте шығады. Сосын 751 жылғы Талас шайқасы. Қытайлардың тарихын қарасаңыз бір абзац. "История Китая" дегеннің алты-жеті вариантын алдым. Ең қатты кеткенде жарты беттен асырмайды. Ал, Талас шайқасы қытайлардың Орталық Азияға аттап басуын мың жылға тоқтатқан шайқас. Сол шайқаста арабтарға көмектесіп, жеңіске жетуіне септескен түргештер. Түргештердің арабтарға болысуы арқылы біз мұсылман болып қалдық. Сол шайқастан кейін барып біздің қай дінде қалатынымыз шешілді. Біздің тарихымызда осындай қадау-қадау оқиғалар баршылық. Бірақ, біз оларды әлем тарихына күштеп ендіре алмаймыз. Отар болған елдің соры бес елі. Солай екен деп тағы да қол қусырып отыруға болмайды. Біздің жас буынымыз тарихтағы осындай қадау-қадау оқиғаларды жеке-жеке тақырып етіп, ғылыми еңбектер жазса құба-құп. Біз қазір езілгеніміз, жеңілгеніміз жайлы көп жазып, ақтаңдақтарды айтып зарлап жүрміз. Әрине ол да керек. Бірақ, рухымыз көтеріңкі боп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кездер де көбірек насихатталса деп ойлаймын да. Бұндай тақырыптар көркем әдебиетке де, киноға да керек.
Дөңгелек үстел қатысушылары шапалақты аяған жоқ. Жуасбек Туғанбаевтың сөзі сылдыр су татып тұрса да бәрібір осылай шапалақ ұрар еді. Өйткені Шынтемір Мәдиұлының сүйікті курстасына, досына шапалақ ұрмайтындай бұларды әлі қара баса қойған жоқ. Олжас екі алақанын бір-біріне ұрып отырып осыны ойлаған.
Шынтемір Мәдиұлы Жуасбек Туғанбаевты көп мақтады. Осындай мықты ғалымдардың арқасында ғылым қарқынды дамитынын айтып, түкірігін жерге түсірмеді. Содан кейінгі сөзді кафедрадағы мықты ғалымдардың бірі, профессор Таңат Қажығалиұлына берді. «Не деген қу адам. Менің қол астымда да сен сияқты мықтылар бар дегенді көрсету үшін бірден Таңат ағаға беруін қарашы» деп ойлады Олжас. Таңат ағасы салмақты сөз айтатын барлық оқымыстылар сияқты тамағын кенеп, жөткірініңкіреп барып сөйлеп кетті:
-Құрметті қауым, біз өз тарихымызды тұтастай игеріп болмаған халықпыз. Оны барлығыңыз білесіздер. Бірақ, менің ойымша тым құрығанда қазақ хандығы дәуіріндегі оқиғаларды ғылыми тұрғыдан саралап, түсінік беріп, тұлғаларға қатысты шындықтарды біріздендіруіміз керек. Мысалы, бір ғана Қатағанның ханы Тұрсынға қатысты фактілер әр ғылыми әдебиетте әртүрлі түсіндіріледі. Көпшілігімізге тән бір кемшілік – оқиға қуалай береміз. Қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген хан, би, сұлтандар мен батырлардың ғұмырбаяндары нақтыланып, кешенді түрде зерттелмеген. Біз әсіресе батырлардың бір-бірімен қарым-қатынасы, олардың әскери шендері, қайсысы түмен қолды басқарды, қайсысы мыңдықтың, жүздіктің алдында жүрді дегенді тайға таңба басқандай ғып зерттеп, тиісті бағасын берген жоқпыз. Содан келіп Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты ірі батырлардың жанына әркімдерді қосақтай беретін болдық. Бұл жақсы әдет емес... Сол сияқты Алашорда тарихы да, Кеңес үкіметі дәуіріндегі тарихымыз да түбегейлі зерттеліп болған жоқ. Бізде ауызбен айтқанда ғана бәрі тамаша. Зерттеп жатырмыз, кітап жазып жатырмыз деп бөсеміз. Шын мәнінде тарихи кітаптардың көпшілігінде бұрын жарық көрген деректерді сәл ғана өңін айналыдырып пайдалану басым. Бұл тұрғыда өз басым жастарды архивте жұмыс істеуге дағдыландыру керек деген пікірдемін. Тарихшы болатын жастар ғылыми ортада абыройлы ағаларының негізгі артықшылықтарын ескеруі керек... Енді мен нақты ұсынысымды да айта кетуді жөн көріп отырмын. Осы жерде тың күш - жастар отыр. Солардың әлеуетін басқа емес, Семей мен Омбының архивін қопаруға пайдалансақ, Алашордаға қатысты көп жаңа мәліметтер шығар еді деген ойдамын.
«Қоғамымызда осындай білімді адамдар көп-ақ қой. Мына Жуасбек аға да, Таңат аға да көз майын кітап оқып тауысқан білімдарлар. Бірақ, бұл кісілерді тек өз саласының адамдары ғана таниды. Көпшілік бұндай адамдардың өмірде бар екенінен де бейхабар. Осы кісілерді үлгі етіп әңгіме бастасаң, тыңдай қоюлары да екіталай. Оларға Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлінің түстік асқа қанша теңге жұмсайтыны, киген киімдері қанша тұратыны қызық. Қазір тіпті Баянның күйеуінен таяқ жегені, Меруерттің өзінен көп кіші жігітке тұрмысқа шығатыны жайлы тақырыптар жерге түспей тұр емес пе? Теледидарды ашып қалсаң жыртыңдаған әнші-бишілер мен олардың сайқымазақ нөкерлері қолдарын сермелеп ақыл айтып, «пікір айтады». Анда-санда нақты бір беделді тұлғаларға арналатын бағдарламаларды есептемегенде «Түнгі студияны» да, күндізгі студияны да солардың «өмір жайлы пәлсапаларымен», концерттерімен толтырып тастаған. Одан қалса үнді, корей, түріктің сериалдары жұқарған жүйкеге әжептеуір салмақ салады. Біз қашан салиқалы қоғамға айналады екенбіз? Теледидарда ғылым мен денсаулықты дәріптейтін хабарлар қашан көбейер екен? Қазақ қоғамында әсіресе ғылымның бағы жанбай-ақ қойды ғой»-деп ойлады Олжас.
Бастықтың қабағы түсіп кетіпті. Сонда да көпті көрген кәрі түлкі суықтау жымиып, Таңат ағайына рахмет айтты да, пікірталастың сөз жарыстан кейін болатынын айтып, жұртты тағы бір беделді қонақ Ержеңіс Құрметұлының лебізін тыңдауға шақырды. Ержеңіс Құрметұлы да өз кезегінде біршама тәуір ойлар айтты.
-Мен Жуасбектің пікіріне қосылам. Рух көтеретін зерттеулер болу керек . Бірақ, ақтаңдақтарды айтып қанша зарласақ та, біз оны жүйелі түрде зерттемегенімізді де басын ашып айту керек. Иә, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бастап кешегі желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықтағы қазақ тарихындағы ақтаңдақтар жүйелі зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, сонау ғасырларды айтпай-ақ, күні кешегі кеңес үкіметі тұсындағы қазақтың басынан өткен оқиғаларды жеріне жеткізіп болған жоқпыз. Талас ағамыз ашаршылық тақырыбын ауқымды, нақты зерттегенін білесіздер. 1941-1945 жылдардағы соғыс, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі неге дәл сондай форматта зерттелмейді? Оған кім кедергі, не кедергі?
-Оу, Ереке, бұл секілді пікірлерді үлкен мінберден айту керек. Астанадағы форумдарға қатысып жүрсіз ғой. Оның жауабын сол жақтан естіген шығарсыз.
-Әрине, сүйегімізге сіңіп қалған құлдық психология ғой баяғы. Бірдеңе айтуға, жазуға жоғары жақтан қорқып отыратын. Жасыратын несі бар, біз кеңес үкіметі кезінде екі қарап, бір шоқитын ек . Үкіметтің цензура дейтін қатал қайшысы болатын. Цензурадан өтпей қалмасын деп не жазсақ та, жұқалап, сылап-сипап жазатынбыз. Сол әдет сүйексіңді болады екен. Тәуелсіз ел атансақ та, әлі күнге жоғары жаққа алаңдап отырамыз. Жастарға не жоқ? Жалпы, мен қазіргі жастардың аз оқитынын, ірі зерттеулер жазуға құлықсыз екенін байқаймын...
Дөңгелек үстел жиыны қызықты өтті. Ең қызық ойларды көп жылдан бері Семей тарихын қаузап жүрген жергілікті тарихшы Ораз Кәрімханұлы айтты. Ол Шыңғысханның найман екенін дәлелдеп әуреге түсті. Қаһарынан бүкіл әлем қаймыққан Шыңғысханның Шыңғыстауда хан көтерілгенін, таудың аты қағанның құрметіне қойылғанын, Қоңыр әулие үңгіріндегі көлдің астында Шыңғыстың сүйегі жатқанын айтып жұрттың түрлі кереғар пікірлер айтуына жол салып берді.. Жастар жағы елеңдеп, «шынымен солай ма»-дегендей тарихшыға сұраулы жүзбен қарасқан.
Қазақ тарихына қатысты көп мәселелер айтылған қонақтар мен кафедра оқытушыларының арасындағы мәдениетті пікірталасқа Шынтемір Мәдиұлының өзі дәнекер боп, жиынның ресмиліктен ада сипатта өтуін қадағалады. Дөңгелек үстел отырысы аяқталған соң ол туралы мақала жазу бұның жырынды әріптестері Асқар мен Әлияға тапсырылды. «Бастық маған да бірдеңе айтар ма екен» дегендей оның ыңғайына бағып, жанына жақындап еді, бірақ , ол Олжасқа көз қиығын да салмады.
Мұның ойынша бастығы өзінен қызметі сәл жоғары кісілерге де елпең қағып, құрдай жорғалайтын жағымпаз, ал өзінің қарамағындағы Олжас сияқтыларға ызбарланып, сес көрсетіп, қарсы бір ауыз сөз айта қалса, жерге тығып, тұқыртпайынша жаны тыншымайтын кекшіл, ішіне қыл айналмайтын қызғаншақ, бетіңе күліп, сыртыңнан күңіренетін арамза, бес теңгеге саудаласатын ұсақ, көз алдындағыдан басқаны көрмейтін бәкене адам. Бірақ, бұл адамның да өзінше жақсы қасиеттері бар. Қанша жерден пасық, бәкене болса да, адам таниды, бір кафедраны басқаруға білім-білігі толығымен жетеді, іш тартып, жақындасқан адамын сатып кетпейтін адалдығы бар. «Құдайы жоқ» қоғамда тәрбиеленген Шынтемір Мәдиұлының үсті-басы үнемі мұнтаздай тап-таза. Костюм-шалбарының қыры сынбайды. Қылғынып галстук байлап, одеколонының исі бұрқырап өз-өзінен маңызды тұлға жасап жүреді. Сақалын жып-жылмағай ғып қырып, мұртын сәндеп қойып, шашын бояп жүрген жетпіс жастағы шалыңның көзге одырайып көрінетін тағы бір оғаш міні – қыз-келіншектерге осалдығы. Кафедрадағы рең-басы түзу, біршама көркем келіншектерді еркелетіп, еркінсітіп ұстайды. Әлгі еркелеп жүрген еркесылқымдар кафедрада қалаған уақытында шәй ішіп, торт, шампан әкеліп, туған күндерін атап өтіп, мереке жоқ болса ойлап тауып, ылғи думандатып жатқаны. Кейде шектен шығып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермей кететін кездері де бар. Бірақ, жазылмаған заңдылық бойынша оларға шыдауың керек. Ызаланған оқытушылар ара-арасында «кафедра емес, құдды гарем сияқты» деп айтып қалса да, біреу-міреу естіп қалмады ма екен дегендей жан-жағына абайлап қарап қояды. Бастыққа қарсы шығатындай бұлар кім? Мейлі, «әдемілік бізге көптік етпейді!». Өмір той-жиынымен, сылаң қаққан сұлуларымен қызық. Кафедрада дәл осы бастық пен тек өзі сияқты суық қанды ер оқытушылар жұмыс істесе не болды? Бірін-бірі аңдыған адамдар үрейлі тыныштықта тұншығып, ақыр соңында бәрі жынданып кететін шығар?! Қайта әлгі керімдердің той-думандарынан өмірдің жұпар исі аңқып тұрған жоқ па? Бәкене бастықтың қуанышына орай бұл сылқымдар кафедраны құшақ-құшақ гүл мен күлкіге толтырып аман-есен жүре берсін. Бұл бастығын жек көреді. Әсіресе екіжүзді арамзалығын, түкке тұрмайтын жақсылық жасап, оны жүз айтуға бейіл ұсақтығын іштей кешіре алмаса да, барлық мәдениетті адамдар сияқты жылы жүзбен амандасып, айтқан тапсырмасын уақытында орындап, қылтың-сылтыңсыз жүреді. Өз кезегінде ол да бұның өзіне деген көзқарасын жақсы біледі. Екі түрлі қоғамды көрген кәрі лақса оншақты жылдан бері мұнымен «мысық-тышқан» ойнап, «жүр осылай тышқаншылап» дегендей миығынан күліп қояды.
Кеңес үкіметінің барлық жақсылығын көрген аяулы әрі абыройлы ғалымсымақ Шынтемір Мәдиұлы тәуелсіз қазақ қоғамын теспей сорып келе жатқан кене шал. «Кеңестік Қазақстан һәм диалектика заңы» деген тақырыпты майшелпекке айналдырған Шәкең кандидаттық, докторлық диссертацияларын Мәскеуде қорғап, кезінде орыстың марғасқа тарихшыларынан мақтау естіпті-міс. Содан кейін –ақ бұның екі аяғы жерге тимеген. Академик атануына сәл-пәл қалғанда кеңестің күлі көкке ұшып, профессорлықты қанағат етуіне тура келген . Көпті көрген шалдардың қатарында соңғы он шақты жылда жазушылықпен де айналысып, оқырмандарын жылына бір кітаппен қуантып қояды. Айналайын өз қоғамы өзекке тебуші ме еді, тек Мемлекеттік сыйлықты бермегені болмаса, басқа сыйлықтармен жарылқаудай-ақ жарылқады. Кафедрадағы компьютермен өз атын жаза алмайтын «могиканның соңғы тұяқтарына» да ықыласпен қарап, көтермелеп қоюды қасиетті борышы санайды. «Ғылымнан да, жазушылықтан да садаға кеткір, қасиетсіз неме бұл жерде қатындарға мазақ боп әлі қанша отырады екен»-деп ойлайды Олжас. Бір ғана айлық жалақыға жәутеңдетіп, жыл сайын күзге қарай бөлінетін сағатты да дұрыстап бөлмей, ішін қыжылдатып қойғанына Олжекең ешқашан риза болған емес. Кафедрада іші қыжылға толып жүрген тек бұл деп ойласаңыз қателесесіз. Сырттай қағанағы қарқ, сағанғы сарқ боп көрінгенімен, талай адамның ішінде мысық өліп жатыр. Бірақ, олар бәкене адамдарға тән ашу-ызаның қатты болатынын білгендіктен, үндемейді. Тіпті үндегенде не істей алмақ? Біліміне, білігіне, талантына, адами қадір-қасиетіне қарап емес, өзінің көлеңкесіне айналған мәймиген жағымпаздарды көтермелесе де, әлгі іші қыжылдап жүргендердің көбі жиналыстарда «сіздің шешіміңіз дұрыс» деп емпеңдейді.
Бұл бастапқыда кафедра жиналыстарында өзінің ой-пікірін айтып, әділдіктің жақтаушысы боп жүрген жас-тын. Ой-пікірін үш-төрт рет айтқан соң барып оның қажеті жоқ екенін түсінді. Дұрысын айтқанда түсіндірген. Атын айтқанда Олжас-с деп ысқырыңқырап барып, қысқаша былай тәмамдаған: «Бұл жерде отырғандардың бәрін ақымақ санайсың ба? Әкеңнен де үлкен адамдардың алдында неге әдеп сақтамайсың? Адамды сүйкімді ететін оның әдебі мен кішіпейілділігі. Жас қой, тәжірибесі де жоқ қой деп кешіріммен қарап келе жатырмын. Сенің қояр түрің көрінбейді. Бүйте берсең арамыз жақсы болмайды. Сені әкеңді сыйлағаным үшін жұмысқа алғам. Тым құрығанда әкеңнің атына кір келтірмеуді ойла»-деген. Енді міне «әкесінің атына кір келтірмеу үшін» Шынтемір Мәдиұлының байлаулы баспағына айналды.. Ол бұны өсірген де жоқ, өшіріп те жібермеді. Жәй ғана оқытушы. Болмағанда аға оқытушылықты да қимайды, ғылыми жұмысқа бөлінетін гранттарға да іліндіріп көрмеді. Кафедра шығарып жататын кітаптардың авторлығына да қоспады. Тіпті түрлі бағдарламалар бойынша ұйымдастырылатын есепсіз іссапарлардың да бірлі-жарымына жіберген емес. Ондай жерлерде сабақтарын бұған тапсырып қойып Асқар, Нұрдәулет, Әлиялар жүреді жарқылдап. Обалы не керек, бұл өзі қатарлы қыз-жігіттердің ешқайсысын қызғанып көрмепті. Бірақ, өзінің үлестен қағыла беретіні де жанына батады. Бүгін де міне, іс-шараның негізгі жұмыстарын атқарған осы болса да, ешқандай ілтипат білдірген жоқ. Есесіне дөңгелек үстел аяқталған соң Асқар мен Әлияны «жас, болашағынан үмітті мамандарымыз» деп таныстырып, мақаланы да мықты жазатындарын айтып, бұл отырыстың құмға сіңген судай ізсіз қалмайтынын, баспасөзге шығатынын мәлімдеген. Бастықтың көрер көзге қысастық жасағанына ашуы келсе де, онымен бірге есіктің алдына шығып, қонақтарды шығарып салысты.
***
Ал ертесіне лекция жоқ болғандықтан, жұмысқа асықпай келген. «Сені бастық іздеп жатыр. Ашулы.Телефоныңа звандасам өшіп тұр. Өзіңнің келе қалғаның қандай жақсы болды»-деді мұны кафедрадан көрген лаборант қыз. Бастықтың кабинетіне барса, ашудан бет-аузы бір уыс боп, танауы қусырылып Шынтемір Мәдиұлы күтіп отыр екен.
-Ассалаумағалейкум, Шынтемір аға!
-Аға деуін, аға демей-ақ қой. Бері кел.
-Тыныштық па?
-Сен сияқтылар тыныштықтың күл-талқанын шығармаса ас сіңбейтін сияқты ғой.
-Түсінбей тұрмын. Ашып айтпайсыз ба?
-Ашып айтар несі бар? Жұмыстан өз еркіммен кеттім деп ректордың атына өтініш жазып берсең болды.
-Жазсам жазайын. Бірақ не үшін кететінімді де біліп кетейін де.
-Студенттерді бүлік шығаруға тәрбиелеп жүрсің бе? Студенттерің Семейдің қазіргі халін суреттеп мақала жазады, лекцияда пікірталас жасайды. Өзің де сау сиырдың боғы емессің. Әлеуметтік желіде жамандық шақырып қарқылдауды ғана білесің. Енді келіп түк білмейтін адам ұқсап тыныштық па дейсің. Таңертең ректор шақырып алып, сені тыныш жүрсін деді. Сенің әлгі жазбаңды оған да оқытыпты маңайындағылар. Не дейсің маған?
-Өз пікірімді айтқаным үшін жұмыстан кету керек болса, әкеліңіз қағазды.
-Сенің пікірің керек емес. Соны да ұқпайсың ба? Кім едің сен пікір айтатын?
-Әлеуметтік желі еркін пікірдің алаңы. Шындық сіз қаламасаңыз да айтылады.
-Міне, қағаз. Шығу себебіңді көрсетпей-ақ , «өз еркіммен» дей сал.
-Оқу жылын аяқтап кетуге мүмкіндік берсеңізші тым құрығанда. Диплом қорғайтын студенттерім бар.
-Ол жағына сен алаңдама. Өзім шешем бәрін.
Бұл кафедра меңгерушісінің кабинетінен жеңілдеп шыққандай болды. Жеме-жемге келгенде, яғни, заң жүзінде ол бұны осындай мінәйі себеппен жұмыстан шығаруға ешқандай да қақысы жоқ. «Кетпеймін» деп қарсыласып тұрып алса да болушы еді. Бірақ өйтпеді. Өзін ұнатпайтын жерде ілдебайлап жүре бергісі келмеді. Негізі баяғыдан осылай болуы керек еді. Неге дәл осылай «өз еркіммен» деп арыз жазып шығып кетпеген? Жұмыстан шығып кетуге не кедергі болды екен? Өзін ұнатпайтын, өзіне ешқандай мүмкіндік бермеген, өсіруді емес, өшіруді ойлаған бастықпен бірге қалай он жыл жұмыс істеген? Он жылдан бері шығып кетуге жүз сылтау табылар еді ғой. Солардың ешқайсысын елеп-ескермей, бәкене бастықтың жанында жүре беріпті-ау. Мүмкін әріптестерін қимады ма, студенттерін қимаған шығар. Өзін нағыз ұстазбын деп қиялдан мүсінін соғып ап, ұстазға лайық принциппен кетпей жүрді ме екен? Олжас енді сыртқа шығып келе жатып қарқылдап күлді. Болды, бұл енді ешкім емес. Бұрын да ешкім емес еді. Енді көзге ілінер ілінбес бір пендеге айналды. Бәкене бастығы ақыры жұмыстан кетірді. Не де болса өзі шығып кетуі керек еді. Ол енді кабинетінде «мен кетірдім» деп айызы қанып, рахаттанып отырған шығар. Мейлі рахаттана берсін. Күлсін, шоқ-шоғын айтсын. Бірақ ол байғұс несіне күледі? Мен оның итаршысы болған емеспін, табанын жалап, бұтының астына орындығын қойып, қағазын тасып жарамсақтанған кезім жоқ. Қайта «жеңе алмадым» деп ашуланып отырған шығар.
Олжас осындай ойлармен шығып бара жатып, биыл университетті бітіретін екі студентке қоңырау шалып, дипломды не істегендерін сұраған. Жазып бітті ме, бітсе не ғып көрсетпейді бұлар деп алаңдап жүрген. Екеуі де бітуге таяп қалыпты. Олар антиплагиаттан өте ме, өтпей ме деп алаңдап отыр. Олжастар универ бітіретін кезде студенттер интернеттен материал алмайтын. Дипломдық жұмыстарын кітаптар мен мұрағат құжаттарын пайдаланып қана жазған. Онда да ол кезде Қазақстан тарихына қатысты деректердің көбі орысша болды да, бұлар өз беттерінше тәржімалап, біраз әуреге түскен. Қазір кітапхана жағалап қиналудың қажеті аз. Кітапхананың өзі интернетке көшірілген. Бірақ, кітапқа көбірек сүйенсең, біреудің тұжырымдарын, ойларын өзің жазғандай сілтесең жазғаның плагиат боп шығады. Бір жағынан студенттердің білім деңгейін анықтауға бұл да жақсы мүмкіндік. «Ана жерде бүй деген, мына жерде сүй деген» деп сілтемеге сүйене бермей өздері ой қорытсын». Олжас осы жерде мырс ете қалды. Университеттегі мүйізі қарағайдай бір академиктің кітабы плагиат боп шыққан бір кезде. Сөйтсе ол сабаздың кітабы интернетте жоқ екен, интернетте жоқ кітапты әркім пайдаланған, оның ішіндегі сүйекті ойларды, беделді тұжырымдарды қу студенттер «меншіктеген» ғой. Ақыр соңында академик сол монографиясын қайта кітап етіп бастырып шығармақ болғанда университеттің талабы бойынша антиплагиат бағдарламасына салып кеп жібермей ме? Сөйтсе ондағы жігіттер айтады екен «сіз мына кітапты әр жерден көшіріп алғансыз. Плагиаттан өткен жоқ»-деп. Ана байғұс шыр-пыр болады. Ақыр соңында мән-жай анықталады ғой. Міне, ғылымның маңайында осындай да қызықтар болады.
Екінші дәптер
Жүрекадырға жалғанған тамыр
Бұл дүние есігін ашып, жан-жағындағы тіршілік атаулыны тани бастағанда дүние жайбарақат, бір қалыпты ағыспен ағып жатқан су сияқты еді. Барлық адамдардың тіршілігі бір-біріне ұқсайтын. Жазда табаның тиген тұстың шаңы бұрқырап, көктемде батпаққа милықтатып қоятын көшелерде жүгіріп, секіріп, алысып-жұлысып ойнайтын балалар да бір-бірінен аумайтын. Тіпті соның қайсысы қыз, қайсысы ұл екенін жалбыраған шаштарына қарап ажыратар еді. Барлық үйде әке-шешесі мен бірен-саран қарт адамдардан бөлек бес-алты қарадомалақ бала, мал атаулыдан жылқы, сиыр, қой-ешкі араласып, даланы азан-қазан, әуен-жәуен ғып жататын. Әсіресе жаз айларында Жүрекадырдың жанға жайлы тіршілігі адам мен табиғатты бір-біріне қосақтап, уақыт тоқтап қалғандай көрініс беретін. Балалар күн тас төбеге көтерілгенде ауыл сыртындағы көкорай шалғын тоғайға барып, аласа ағаштардың басынан мойыл, қарақат теріп, тау бұлағынан бастау алатын өзенге шомылып, мал өрістен қайтпай тұрып ауылға аяңдар еді. Ауыл балалары топ-тобымен жүреді, ересектеулері кішілеріне қамқор боп, құлап қалмауына, суға ағып кетпеуіне бас-көз боп қадағалайтыны да Олжастың әлі күнгідей көз алдында. Бір қызығы, Құндызды аталатын бұл өзеннен балалар ешқашан да құндыз көрген емес. Мектепте бірі ұрдажықтығымен, бірі ұрыншақтығымен көзге түсіп жүрген Әділ мен Марат есімді мұның екі кластасы да тоғайға барғанда ересек балалардың бұйрығына бағынып, артық-ауыс қылық көрсетпейтін. Ауыл ішінде тұрып қарағанда сондай айбынды боп көрінетін Қарақшы, Ақдомбақ таулары мұның бала қиялын қай қиырларға жетелемеді дейсіз. Бұл тіпті бала кезінде Қарақшыдан биік тау бар деп ойлап көрмепті. Тау қойнауындағы мың қатпарлы құпиялар қызықтыра бастағанда үшінші сыныпта оқып жүрмеп пе еді? Ауылдың малсақ баласы алдымен қозы бағады, сосын қой, кейін келе сиыр-жылқыға өтеді. Бұл да қора-қопсыны толтырып тұрған жандықтарды бір кісідей жақсы көрді, аяды, алдына салып бақты. Мал кезегінде жүріп бір-екі рет қолына кітап ұстап шыққаны да бар. Кітаптың қызығына түсіп кеткенде мал жарықтықтар ауа жайылып, ұзап кетіп еді ғой. Содан қайтып кітапты тек үйде оқыды.
Жүрекадырдың қысын айтсаңызшы. Семейді айтпағанда, мынау тұрған Қарауылға барудың өзі мұңға айналады. Қарауыл тұрмақ, белуарға дейін жауған қарды омбылап жүріп көршіңнің үйіне зорға жететін боранды күндері балалар мектепке де бармай қалатын. Ондайда мектеп оқушыларының серігі кітап дерсің. Нақ бір оқымысты болатын адамша пештің түбінде, көзі сығырайған мысықтың жанында кітап ұстап балалар отырады. Кейбір үйлерде бауырлар арасында шахмат, шашкадан кішігірім жарыстар да ұйымдастырылады. Олжастың екі ағасы сол шахмат пен шашканы ойнайтын. Бірақ бұның қызығушылығы болған жоқ. Есесіне өзінен екі жас кіші қарындасы екеуі кітаппен достасты. Күре жол үш-төрт күн бойы жабылып, боран ысқырғанда жүрекадырлықтар онсыз да күнде көріп жүрген теледидарға одан сайын бауыр басар еді. Қазір зейнеткерлікке шығып, қорадағы уақ малдардың күзетшісіне айналған әкесі Әмір ауылдағы жалғыз мектепте тарих пәнінен сабақ беретін мұғалім-тін. Ауылдастары бір заманда «Әмірдің бір аяғы Семейде, бір аяғы Жүрекадырда» деп күлкі қып жүрді. Сауықшыл, сері әкесі жаз айларында Семейге жиі қатынап, кейде тіпті ары қарай Алматы асып, апталап-айлап үйге жоламайтын. Сол шақтарда бұлар тек тамақ ойлайтын шиеттей қызылқарын балалар ғой, әкем неге үйге сыймайды, шешем неге томаға-тұйық қалпында бел жазбай күйбеңдеп жүреді деп ойламапты. Жүрекадырда өмірдің қызығын бір кісідей көрген, ешқандай саясатыңа пысқырып қарамайтын, өз білгенінше өмір сүрген бір адам болса, ол мұның әкесі еді. Балаларының да тамағы тоқ, көйлегі көк. Өзінің де қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Әмірдің Сұлуторы дейтін бәйге аты да болды ғой бір кездерде. Бала Олжас сұлуторыға мініп, бәйгеге де шапқан. Ауылдағы ең тәуір дейтін көлік те осыларға тиесілі-тін.
Сол дүниені шайқаған Әмір қазір ауылдан аттап баспайтын қырсық, қыршаңқы шалға айналды. Ал анасы... Анасы жарықтық өмірден ерте озды. Ол жайлы ойласа, мұның жүрек тұсы сыздап қоя береді. Жоғары білімі бола тұра, әкесінің ыңғайына бағынып, бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысты. Бұл да сол тұстағы барлық балалар сияқты шешесіне қолғабыс жасап, соның қас-қабағын аңдып өсті. Шешесінің мейірімін жан-дүниесіне сіңіріп, әкесінің ақылын тыңдай жүріп мектеп бітірді. Бала күтімінен, үй шаруасынан, одан қалса мал жайғап, сиыр сауудан үнемі қолы босамайтын шешесі жиын-тойларға да сирек барушы еді жарықтық. Есесіне барлық баласын мама қаздай бауырына басып, тәтті-пәттісін пісіріп беріп, әрқайсысын жеке-жеке еркелеткенді тәуір көретін. Оның бұл дүниедегі тағы бір ермегі, шаруасын істей жүріп, сызылтып ән салатын. Абай әндерін. Жалпы, бұл ауылдағы адамдардың көпшілігі сол тұста Абай әндерін шырқағанды тәуір көрді. Той-жиында да, оңашада да ұлы ақынның әндерімен әркім өз жан-дүниесінің шөлін қандырғандай болушы еді. Сөйткен шешесі мұның үйленіп, балалы болғанын көре алған жоқ. Бұл түгілі Сәдуақас пен Нұржастың да отау тіккенін көрген жоқ қой. Анасы қайтқанда үйдің кенжесі Бота оныншы сыныпта оқып жүрген, бұл екінші курстың студенті. Үлкен екі ұл оқуды қатар аяқтап бірі Астанада, бірі Семейде жұмысқа орналасқан тұс емес пе еді? Одан бері де судай сырғып он сегіз жыл өтіп кеткен екен.
«Мен кейін есейіп, үлкен жігіт болғанда анамды қуантам. Анам қажетсінетін болса, барлық жақсы нәрселерді сатып әперем. Анама жұмыс істеткізбеймін. Үй шаруасын менің келіншегім атқарады. Әкем мен анам туыстар мен достарын аралап, қыдырып жүреді. Тезірек сол күнге жетсек шіркін»-деп армандайтын Олжас. Ол кезде әлі мектеп оқушысы ғой. Бала жүрегі анасының күнделікті тіршіліктің қамытынан босамайтынын, тек отбасы үшін ғана өмір сүруді қанағат тұтып, анда-санда ағайын-туыс арасындағы той-жиындарды есептемегенде, артық-ауыс сыртқа да шыға бермейтінін білетін. Әйел ұқсап үстіне жылтырақ киім сатып алуға құмарту, құрбылармен бас қосуға асығу, айына бір рет «касса» ойынын ойнау, түрлі сылтау тауып Семейге барып қыдыру мұның анасының ойына кірмеген де шығар? Бәлкім, ойлады ма? Бірақ, бәрібір бойы-басы көркем, мінезі томаға-тұйық келіншектің ойында не болғанын бұл тап басып айтып бере алмас еді. Оның бүкіл құпиясы ішінде кетті. Әлі есінде, бұлар, яғни, үш ұл өскен соң малға қарауды, жем-шөп дайындауды, қыста от жағуды түбегейлі мойындарына алды да, анасына үй шаруасына жалғыз қарындасы Бота көмектесетін болды. Содан кейін ғана оның бүгіліп жүретін белі аздап жазылғандай еді.
Әкесі де өмірі бітпейтін шаруасы , қыдырыстары азайып, анасының жанында кешкілік шүйіркелесіп шәй ішіп отыруды шығарған. Бұлардың отбасында жазылмаған заң бар еді. Әкесі бұларға тапсырманы жеке-жеке беретін. Ас-су ішкенде әкесінің мысы басып, ешкім дыбыс шығарып сөйлемейтін. Тез-тез ішіп, орындарынан тұрып кетуге асығар еді. Ал, үйге қонақ келгенде әкесі мүлде басқа адамға айналады. Тарихи әңгімелерді айтып, шежірені соғып, кейде тіпті қонақтар жалыққандай болушы еді. Сол шақтарда әкесі мен анасының бірге әңгімелесіп шәй ішкеніне басқалардан бұрын Олжас қуанып жүрді. Оның алдында «әкем мен анам бір-бірін жақсы көрмейді» деген алаң көңілмен жүрген оқушы балаға бұл көрініс қатты әсер еткені соншалық, бұл да еркінсіп, жандарына барып отырып алатын. Не әңгіме айтады екен деген қызығушылығы да жоқ емес. Бірақ, ол шүйіркелесу де онша ұзаққа созылған жоқ қой. Бауыры суық ажал қырықтың тең жарымына енді келген анасын орталарынан жұлып кетті емес пе? Содан кейін-ақ жүрегі нәзік жігіттің өмірі астаң-кестеңі шыққандай болды. Бір күнде есейіп, сүйегі ауырлап кеткендей сезілген...
«Аналарыңның халі нашар, тез жетіңдер» деген телеграмманы алған соң сол күні кешке үлкен ағасы Сәдуақас екеуі Астана мен Семейдің арасында жүріп тозған сары автобустың соңғы жағынан орын алып жолға шыққан. Ертеңінде түс әлетінде қарашаңыраққа жетіп келді. Үйдің іші топырлаған адам. Бәрінің көздерінде үрей бар. Бұлармен үнсіз амандасқан соң, жатын бөлмеге қарай өткізді. Дәл сол сәтте ақ «анам кетіп қалды ма?»-деп ойлап үлгерген еді. Анасының жанында отырған қарындасы Ботаның жылай-жылай көзі ісіп, үмітсіздікке бой алдырғаны байқалады. Төсекте кірпігін ғана қимылдатып, шалқасынан жатқан анасының бас көтеруге дәрмені жоқ екені, ана дүниеге бет алғаны сол кезде бірден сезілген. Ешқашан да ажалмен бетпе-бет келіп көрмеген жігіт анасының маңдайына маңдайын тигізгенде бойы тітіркенген. Сонда да «анам бізге ештеңе айтпай ма?» дегендей ағасы екеуі сол күні жатын бөлмеде науқасты күзетіп кешке дейін отырды.
Олжас сырттағы дайындық шаруалар әкенің бұйрығымен орындалып жатқанын білсе де, анасы қайтыс болмай жатып адамдардың топырлап жүргенін жаратпаған болатын. Он шақты адам бұның көзіне жүз қаралы боп көрініп, анасын тап солар өлтіргелі жатқандай жыны қозған. Қайран анасы сол күні кеште жарық дүниемен де, бұлармен де іштей мәңгіге қоштасып, өлілер әлеміне кетті. Бұл анасы кеуде рагына ұшырап, химия қабылдай бастағанда, оның жаны күтпеген жерден үзіледі деп ойлаған емес. Әлдебір ғажайыптың күшімен ем қонып, жазылып кетер деп үміттеніп жүрді. Үшінші рет химия қабылдағанда астаналық дәрігерлер жақсылықтан үміттендірген. Сол әлсіз үмітке иек артып та көп жүрген жоқ. Бір жылдың бедерінде-ақ анасының тіршіліктегі талқаны таусылып, бұлардың отбасы тұйыққа кеп тірелген. Үйдегі бар шаруаны үндемей ғана мойнымен көтеріп келген анасы отбасындағын бақ-берекенің де бастауы болған екен. Тіршілікте бұлдамаған қадір-қасиетін өлімімен бұлдады. Әсіресе, қашан да тап-таза боп киініп, мұртын сәндеп бастырып жүретін әкесінің жақ жүні үрпиіп, үстіне не болса соны іліп, үндеместің кебін киіп қалғанын көру бұларға оңайға соққан жоқ-ты. «Анашым, көзіңіз барда сізге ешқандай жақсылық жасай алмадық. Әсіресе , мен тек еркелеуді ғана білдім ғой. Сөйтсем сізге еркелейді екем. Сіз бұл дүниеден өткен соң менің де еркелігім сап тыйылып, кәдімгі ересектердің қатарына қосылдым. Анадан артық ешкім де еркелетіп, жақсы көре алмайтынын, ықылас-пейілін бере алмайтынын ұқтым. Жиырмадағы соқталдай жігітті қазақ жетім демейді ғой. Сонда да іштей жетім баланың күйін кешкенімді несін жасырайын? Үйдің бақ-берекесі өзіңіз болған екенсіз. Сіздің көзіңіз кеткен соң бәріміздің де күйіміз кетті. Біз түгілі ессіз мақұлықтар-малдың күйі кетті ғой. Сиырлар іш тастап, құлындарды қасқыр жарып, қойлар айналма болды. Әкем о бастан шаруаға епсіз адам еді, «өлмесең өмірем қап» дегендей үйде кітап оқып жатып алатын. Сіз кеткелі Ботаның қабағы ашылып, жадырап күлгенін көрген емеспіз. Бір туғандардың ішінде жаныма жақыны – тек Бота ғана. Қызыңыз аяулы, ақылды боп өсті ғой. Бәріміздің қамымызды ойлап шырылдап жүргенін көргенде жүрегім езіледі. Сонда отбасыға ұйытқы болу тек әйелдің маңдайына жазылған дүние ме деп ойлаймын. Неге ерте кеттіңіз? Біз сізге ешқандай жақсылық жасай алмадық, перзенттік парызымызды өтемедік. Осы менің арқама аяздай батады». Олжас ана рухымен тілдескенде ылғи да перзенттік парызын өтей алмағанына өкінеді. Оның ойынша перзенттік парыз әке-шешенің көзі тірісінде өтелуі тиіс. Бұл енді асқар таудай әкесінің үмітін ақтауы керек. Оның жанына жалау боп бірге тұра алмаса да, туған үйге келіп-кетіп жүргенде ренжітуге, айтқанын тыңдамай қоюға қақысы жоқ.
Жүрекадырдағы бұлардың көк шатырлы, қызыл кірпіштен салынған еңселі үйлерінде қазір әкесі мен өгей шешесі ғана тұрады. Бұл әкесін сағынып жеткенде үнемі есік алдынан өгей шешенің мейірімсіз жанарымен ұшырасады. Әкесі қонақ бөлмеде аяғын диванның ернеуіне асып қойып, теледидар қарап жатады. Бұл келгенде басын көтеріп, тіктеліп отырады. Ауырып жүргенін, белі, тізесі шыдатпайтынына шағым жасайды. Баяғыдай мысы басып отырып шәй ішпейді. Ананы, мынаны сұрап мазаны алады. Ұрсып, ақыл айтып миды жейді. Өгей шешеге де күн жоқ. Оған да ұрса беретіні, оның да бұл үйде әрең шыдап жүргені байқалады. Олжас әкесінен біраз жас кіші әйелдің ойнап тұратын жанарынан сескенеді. Қырықтың қырқасына шықса да, тыртысқан киім киетіні, тауықбастанып, шашын қысқартып алатыны ұнамайды ақ. Өсек айтып сумаңдап көршілердің үйінен шықпайтынын Олжас жақсы біледі. Үйде отырмайтынын, отырса да дүние-мүлікке қол тигізбейтінін үйдегі жиһаздар мен көрпе-төсектер де әйгілеп тұр. Олжаста қою шаң мен майлы кірден о бастағы түсі белгісіз боп қалған жиһаздар мен көрпе-төсектердің мүшкіл жағдайына аяныш білдіруден басқа қауқар жоқ. Сонда кірпияз, кіді, бар жақсыны үстіне жапсырып үйренген әкесі мына әйелмен бірге қалай өмір сүріп жүр. Мүмкін... осы жерден ары қарай ойлауға оның дәті жетпейді. Бір кездері өздерінің жылы ұясы болған, анасы марқұм белі жазылмай жуып-шайып тазалап, ақтап-сырлап сәнін келістіріп күткен үйді салақ қатынның тоздырып, ыбырсытып, кір-қоңға бөктіріп қойғаны өте өкінішті. Бұл әйел анасының басқан ізінен садаға кетпей ме. Ол тіпті үйімізде жын бар шығар деп те ойлайды. Өйткені мұнда келсе ұйықтай алмайды ғой. Ол пәлелер лас жерлерді мекендейді емес пе? Бірақ өгей шешенің түріне қарасаң, үйі лас екен деп ойламайсың. Шашты сәндеп қысқартып, шие түспен бояйтын, бет-аузын да үнемі бояп, керіле басып жүретін орта бойлы, ат жақты, аққұба келіншектің тыртыстырып киген киімдері де керім ақ. Анасы қара торылау болатын. Дөңгелек жүзді кісі еді. Анасының да көркі кем емес. Бірақ оныкі өгей шешесінікі сияқты «көпке ортақ» көрік емес-тін. Сымбатын әйгілейтін киімдер кигенін, боянғанын, шашпен алысқанын өмірі көрген емес. Анау сияқты еркек көрсе көзі жайнап қалжың айтпайтын. Марқұм шешесі ана деген ұғымға барлық жағынан сыйымды, сәйкес болған екен ғой. Амал жоқ, әкесі отырған соң өгей шешенің барлық құқайына шыдауға тура келеді. Жақтырмаса да, сыйламаса да, сол үйге барып аунап-қунап жатып, Жүрекадырдың таза ауасын жұтып, бал қымызын ішіп, тақымы атқа тиіп, өзінің далалық болмысымен қауышқанына жаны рахат табады. Айтпақшы, бұл күнде қарашаңырақта мал да жоқ. Өлгені өліп, басқасын сатып тып-типыл қылған. Байлауда қалғаны тек әкесінің боз айғыры ғана. Адуын әке сол жануарға ғана емешегі езілген сияқты...
***
Жұмыстан шығып кеткен соң Олжас өз үйі-өлең төсегіне жетуге асыққан. Бұрын демалыстарда жиі баратын. Өгей шешесінің іші қаламаса да, әкесінің жанында аунап-қунап жатып кететін. Оның үстіне Асыл мен Қасым да «әке ауылға барайық, атамды, апамды сағындым»-деп бұны шыр айналдыратын. Келіншегімен, құлдыраңдаған құлындарымен үйіне алып ұшып жеткенде бұның мәртебесі де басқаша сияқты еді. Әкесі қанша жерден қазымыр, ұрысқақ болса да, немерелерін көргенде жібіп, бұлармен онша тіл қатыспаса да, Асыл мен Қасымның тілін қызықтап қайта-қайта сөйлетіп, ауылдың дүкенінен балмұздақ әкеліп , бір жасап қалатын. Үй ішінен безіп , жалғыз өзі пәтер жалдап тұрғалы бері Жүрекадырға бұл екі рет қана барды. Әкесін сағынып жүр. Оның үстіне Астанадан Сәдуақастар да келмек екен. Олар маусым, шілде айларында ғана сапарлаушы еді ғой. Мүмкін наурыз мерекесіне орай демалыс алып, әкемді құттықтауға келе жатыр ма?
«Астана-Лениногорск» бағытындағы жүрдек пойыздан ағасы мен жеңгесін күтіп алу үшін Олжас вокзалға келген. Сәдуақасты былтыр жаздан бері көрген жоқ еді. Былтыр олар шілде айында демалыс алып, осында бір жеті демалып кеткен. Қайтар кездерінде Семейге соғып, мұның бір бөлмелік пәтерінде қонақ болған. Мұның жұпынылау тұрмысы, жадау көңілі ағасының да арқасына аяздай батты ғой деймін, қайтарында «бізбен бірге Астанаға жүр. Бір серпіліп қайтсаңшы. Неге кітап кеміруді қоймайсың? Жазда демалыста болсаң да кітапханаға кеттім, мақала жазуым керек-деп жұмысбасты кейіп танытасың. Кешке тағы үйіңде тұрмайды екенсің. Бойдақ адамның тіршілігі сондай сүреңсіз болады өзі»-деп кейістік білдірген. Бұл Сәдуақас шақырмай-ақ, Астанаға баруды жоспарлап қойған еді. Өйткені шілденің 25-не дейін докторантураға құжат тапсыруы тиіс. Емтихандар тамыз айында басталмақ. Не де болса шілденің 23-24-не баруды мақұл көріп жүрген. Бірақ, сол жолы Сәдуақастармен бірге шілденің ортасында Астанаға барды. Құжаттарын ертерек өткізіп тастады да, тамыр-таныстарымен бас қосып, сондағы группаластарының үйінде қонақ болып, одан қалса емтиханға дайындалып, уақыттың қалай зу еткенін білмей де қалып еді.
Сәдуақастың пәтері Бараев көшесіндегі он қабатты сары үйлердің бірінде орналасқан. Қаланың нақ ортасы деуге болады. Құрылыс саласында жұмыс істейтін ағасының үш бөлмелі пәтерінде жанға керектінің бәрі бар. Ағасы да, жеңгесі Нарқыз да пысық жандар. Нарқыз шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Ол үйдегі Дамир мен Диана да сүйкімді балалар. Бірі 7-ші, екіншісі 5-ші сыныпта оқитын бауырлары үй ішінде орысша сөйлеседі. Орыс мектебінде оқиды. Сол жолы Олжас Дамир мен Дианамен көп әңгімелескен. Олардың болашақта кім болғысы келетінін сұраған. Олармен бірге болашаққа саяхат жасаған. Қаланың балаларына ермек көп екен. Дамир бір тәулікте екі үйірмеге қатысады. Диана да солай. Қолдары босай қалса «скейтборд» теуіп, велик айдап, күн ұзақ үйге кірмейді. Үйге келгенде құлақтарында телефонға жалғанған құлаққап, оның ар жағынан әнге де, күйге де ұқсамайтын бір дабырлаған қатқыл дыбыс естіліп, жүйкеге кері әсер етеді. Диана Дамирді «қызбен кездесіп жүр» дегенде бұл күлген.Мына жетінші класта оқитын шиборбай, қалқан құлақ, секпіл бет сары бала қызбен кездесе ме сонда? Жетінші класта бұл қызбен кездеспек тұрмақ, қыздардың маңайына жолай алмайтын. Тек мектеп бітіретін жылы ғой дәті барып, сыныптағы ең жақсы оқитын, үкі көзді, ақша жүзді Нұрсаяға хат жазғаны. Бірақ, ол мұның қанша күн ойланып-толған жазған хатына жауап бермеді. «Жауап бермедің» деп қалай жазғырасың. Тіпті осы күні де кейде Нұрсаяны ойлай қалса бойынан белгісіз бір толқын жүгіріп өткендей болады. Нұрсая қазір Алматыда тұрады. Сыныптастардың он жылдық басқосуына келгенде көрді. Ажарланып, одан сайын әдеміленіп кеткен. Үш баланың анасы екен. Мына Дамирдің де «қызбен кездесуі» сол балалық шақтың әдемі естелігі ғана шығар. Десе де бұл орысша сөйлейтін, орысша ойлайтын балалардың қазақы балалармен салыстырғанда әлдеқайда ерте жетілетінін білетін. Олар көбінде қалада өмірге келеді, еркін өседі, «тусовкалары» да көп. Бұл ондайлардың неше атасын университеттен көрді ғой. Еуразия университетінің орыс тобында оқитын балалар басқаша болатын. Қазақ тілді студенттер мен орыс тілді студенттер екі түрлі параллель әлемде өмір сүретін сияқты әсер қалдыратын. Бас ғимараттың бірінші қабатындағы фоэде шулап-шұрқырап орысша сөйлесіп тұратын, арқаларына рюкзак ілген, емін-еркін киінген ұл-қыздар мұның әлі есінде. Мына Дамир мен Диана да бұған жат адамдар сияқты сезіледі. Жоқ, бұл оларды жек көрмейді, қайта керісінше, жақсы көреді, олар да бұған тартылып тұрады. Екеуі де тәрбиелі, ақылды балалар. Екеуі де үздік оқиды, алдарына қойған мақсаттары да айқын. Сөйте тұра жат. Сөйлескенде де соны байқайды, бұл теңіздің бергі бетінде, олар арғы бетінде тұрып айқайлайтын сияқты әсер...
Сол жолы ағасы мұны қаланың оңтүстік-шығысындағы кілең байлар тұратын шағын аудандағы бір үйге ертіп барған. «Әй, Олжас , сен оқымыстысың. Бізге қарағанда көп білесің. Бірақ сен қалай тамаша өмір сүруге болатынын білмейсің. Университеттен алатын 100 мың теңгенің үстіндегі жалақыңды мұндағы алпауыттар бір рет ресторанға отырғанда жұмсай салады. Сен сол жалақыны алу үшін бір ай бойы аузың көпіріп студенттерге лекция оқисың. Ай соңына таяғанда тықыршып күтіп, қолыңа тигенде бір жасап қаласың. Бірақ, ол жалақың көбейіп те кетпейді, кеміп те қалмайды. Көбеймейтіні- сенің жалақыңа шамалап тиын-тебен үстеме қосылса, азық-түлік, киім-кешек қымбаттай қалады. Азаймайтыны- сол жалақымен митыңдап өмір сүруге болатынын мына жақта отырған қулар о баста ойластырып қойған. Жүресің сосын митыңдап. Сен мені жеке көлігім, пәтерім болғанға бай деп ойлайтын шығарсың. Шынымды айтсам мен өзімнен жағдайы жоғарыларды көргенде мына тірлігімді қораш санаймын. Сен бүгін менімен бірге жүрші. Біз қазір бұрын дөкей шенеунік болған Шөкемұратов дегеннің үйінде жұмыс істеп жатырмыз»-деген. Ағасының сөздері әрқашан жүйкесіне тиетін. Ол мұны ширықтыру үшін ылғи тістеп сөйлейтін. Сөйлей жүріп, мұны да үйден ерте шыққан. Қанша дегенмен қазақы тәрбиемен өскен жігіт емес пе, ағасының айтқанын істеуді ар көрмейтін. «Бармаймын» десе ол мұны сүйреп апармайды ғой.
Бұлар Шөкемұратовтың сарайына келгенде қақпадан күзетші қарсы алды. Үсті-бастарын тексеріп, сонау тұрған зәулім сарайға бағыттап жіберген. Бұл қақпадан кірді де, басқа бір әлемге кіріп кеткендей сәл аңтарылып тұрып қалған. Кітапты көп оқитын, ғылымның түрлі саласынан хабардар жігіттің ең бірінші көзіне түскені – ағаштар мен гүлдер. Бұл өсімдіктердің Қазақстанда өспейтінін ол білетін. «Қалай өсіріп жүр?»-деп ойлаған. Сарайдың өзі қақпадан 50 метрдей қашықтықта орналасқан сияқты. Екі қабаты жердің бетіне, бір қабаты жердің астына салынған үш қабатты сарайды түске дейін аралағаны есінде. Сарайдың әр қабаты бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысында он бес бөлмеден бар екен. Үйдегі әрбір бөлме жаңа ғана тазаланып, сүртілген, қымбат жиһаздары көз тартып, жарқырап тұр. Таза ағаштан жасалған жихаздар, үлбіреген перделер, жерде жатқан парсы кілемдері бұл үйдің иесі көп пенденің бірі емес, дөкей Шөкемұратовтың өзі дегендей сыр айтады. Бұл әрбір есіктің тұтқасына дейін алтын жалатылғанын байқаған. Бұл әрбір қабаттан есігінің сыртында «Для неё», «Для него» деген жазуы бар жуынатын бөлмелерді аңғарған. Бірақ, осы зәулім сарайда бірде-бір пенденің тұрмайтынын естіп таңырқаған.
«Бұл сарайды игілігіне пайдаланып жатқан адам жоқ. Үй қызметшілері сыртта қызыл кірпіштен қаланған бір қабатты жеке үйде тұрады. Үйдің салынып біткеніне үш жыл болған. Жер астына салынған қабаттан жаз мезгілінде су тамшылайды екен. Алдыңғы жылы жазда түріктердің құрылыс фирмасы жұмыс істеген. Былтыр «Би ай груп» айналысыпты. Биыл міне біздің фирма тамшылаған суды құртуға жұмыс істеп жатырмыз. Шөкемұратовтың өзі анда-санда бір келіп жұмысымызбен танысып кетеді. Әйелі екеуі қаланың ішіндегі пәтерлерінде тұрады. Жалғыз ұлы бар екен. Лондонда оқып жүр»-деген. Шөкемұратовтың үш қабатты зәулім сарайының ар жағындағы үлкен бауды да аралап шығып еді ғой. Онда кәдімгі қарағаштар, қарағайлар мен теректер, қылтан жапырақты ағаштардың түр-түрі отырғызылған. Баудың алаңқайында күміс суы күн нұрына шағылысқан жасанды көл бар екен. Көл бетінде жиырма шақты үйрек-қаз қалқып жүр. Баудың ішінен тауыс құстар мен қояндарды көрген. Байлардың тұрмыс-тіршілігіне көз суарған Олжас сол күні ағасының пәтеріне көңіл-күйі түсіп, жердің үстімен барып, астымен қайтқандай болып қайтқан.
«Шөкемұратовтың аты-жөнін теледидардан естігенім болмаса , өмірде көрмеген екем. Жоғары биліктегі дөкейлердің бәрінің жағдайы сондай ма? Олар зәулім сарайларды қандай ақшасына салады? Мемлекеттік қызметшінің айлығына салмайтыны анық қой. Мен тіпті сол сарайды қызғанбаймын да. Ол үйде қазір ешкім тұрмайды. Болашақта да тұратынына күмәнім бар. Адам баласы не деген сорлы. Не деген тойымсыз, ашкөз десей. Ана үш қабатты, 1000 шаршы метрден астам зәулім сарайдың бір бұрышында ғана бұйығып ұйықтайсың ғой. Тамақ жесең де столдың бір бұрышын ғана алып жайғасасың. Көлікте де солай, өзіңе тиесілі бір бұрышта отырасың. «Адамға қанша жер керек» дегеннің шешуін Толстой данышпан қолмен қойғандай ғып айтып берді емес пе? Біз неге 100 адамға тиесілі нәрсені жалғыз өзіміз иеленуге ұмтыламыз. Сорлы Шөкемұратов-ау, зәулім сарайыңда қалт-құлт еткен шал болып, жер қойнына берілгенше жасайтын шығарсың?. Бірақ, ана қылқиған жалғыз ұлыңның Қазақстанды желкемнің шұңқыры көрсін демейтініне кепілдік жоқ қой. Ол секілділердің тек өмір сүруге қолайлы жерлерді ғана мекен ететіні белгілі емес пе?»-деп ойлаған.
Ал ертесі группаласы Жақыптың үйінде қонақ болды. Жақып университетте оқып жүргенде де әлжуаз, арық, сыбырлап сөйлейтін, қораштау жігіт болатын. Арада қанша жыл өтсе де сол кейпінен бір өзгерген емес. Университетті бітірген соң тіреп тұрған ешкімі болмаса да, Астанада қалған. Тарихты бітірген жігіт «Елорда» баспасында редактор қызметінде. Баспа кризиске ұшырап, айлық төлей алмай қалған кезде де сол жерден кеткен жоқ. Олжас Астанаға келген сайын ең алдымен Жақыпқа хабарласатын. Көңілінің кірі жоқ, ниеті түзу, қонақжай группаласының қашан барса да есігі ашық. Келіншегі де жайнап отырып шәй құятын түзу қалыптағы әйел. Жақып группаласының қаланың ескі вокзал жағындағы тұрағына бұл алма-жүзім, алмұрт-өрігін арқалай жеткен. Оның төрт баласы бар. Кеш үйленген жігіттің бала-шағасы да алды енді мектепке барған, соңы екі-үш жас шамасындағы көгенкөздер. Олар да Олжасты танып алған, әр келгенінде «ағалап» алдынан жүгіріп шығады. «Жеңіс» даңғылындағы ескі жатақхана Жақыпқа құт болған сияқты. Бір бөлмені әйелі екеуі екі бөлме ғып жасап алып, ескі-құсқы дүниелерін барынша таза ұстап, тіршілік күйттеп жүрген жайлары бар. Сол күні Жақып бұған «қона кет» деп жабыссын. Әдетте қалалықтар өте бір көңілі жақын адамына не туған-туысына болмаса кез-келген қонаққа «қон» демейді ғой. «Жақып мені іш тартады екен ғой» деп сонда бір елжіреген. Қонғаны бар болсын, ескі жатақханадағы түнгі тіршілік иелеріне жем болды. Таң атқанша қандала тістеп, мазасын қашырды. Ертеңіне күлімсіреп отырып шәй құйған Жайнаға «үйлеріңде қандала бар екен ғой» дегенде , «құрдас, қандала жақсы адамдарды шақпаушы еді, бұл не болғаны» деп әзіл айтқан.
Иә, Олжас былтыр Астанадан түрлі кеңістікте өмір сүріп жүрген адамдарды көріп қайтып еді ғой. 2000-ші жылдардың басындағы Астана мен қазіргі Астананың арасы жер мен көктей. Өзеннің сол жағалауына салынған жаңа қала тіпті керемет. Түрлі архитектуралық жобамен бой көтерген ғимараттар күнге қарай мойындарын созып, күлім-күлім ететін сияқты ма қалай? Демалыс орындары, сауда үйлері мен саябақтардың көптігі де қаланың көркіне көрік қосып, адамдарды қызықтыра түсетіндей. Елдің астанасының күннен күнге жайнай түскенін Олжас қызғанбайды. Бірақ басқа қалалардың, оның ішінде Семейдің ажары тозып бара жатқанына қарны ашады. «Барлық қаржыны астанаға сала бермей, бір уақыт басқа жерлерге де көңіл бөлмей ме?» деген ой да бар. Десе де сол жолы астанадағы қайнаған өмір бұны да қызықтырып еді ғой. «Докторантураға түссем, тағы да осы қалада үш жылымды өткізем. Мүмкін ары қарай да осында қалармын»-деп жоспарламап па еді? Астаналық зор ғалымдар мұның жоспарының күл-талқанын шығарған. Ағылшын тілінен «4» деген бағаға емтихан тапсырған жігіт өмір бойы майын ішіп келе жатқан өз пәнінен қылқиған арық «3» алды. Мамандыққа бес грант бөлінгенін білген соң бұл сеніммен тапсырып еді. Түсе алмай, тауы шағылды. Кейіннен сол бес грантты ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылуы мүмкін емес, кішігірім шенеунік қызмет атқаратын қыз-жігіттердің иеленіп кеткенін естіген соң тіпті түңілген...
Олжас осы оқиғаларды көз алдынан өткізіп тұрғанда пойыз да келді. Ағасы оның алдында 9-шы вагоннан түсеміз деп хабарлама жазған. Бұл тура сол вагонның алдына барып ағасы мен жеңгесін күтіп алды. Негізі үйдің үлкені Сәдуақастың пошымы да, мінез-құлқы да басқаша. «Бір биеден ала да, құла да туады» деген рас қой. Олжас қара торы, орта бойлы, тығыншықтай жігіт. Сәдуақастың бойы ұзын, өңі де біршама құба торылау, тырыли арықтығына қарап Олжастан кіші екен деп те ойлауға болатындай. Міне, вагоннан жас жігіттер ұқсап секіріп түсіп, бұған қарай құшағын жайып ұмтылып келеді. Бұтында джинсы, жоғары жағында былғарыдан жасалған қымбат күрте, туфлиі де жап-жаңа. Ағасының ине-жіптен жаңа шыққандай тұрысына қарап Олжас өзінің пошымына көңілі толмай қалды. «Тығыншықтай болған соң киім жараспайтын шығар»-деп ойлап үлгерді. Жеңгесінің де енді түскен келіндей сызыла қалатыны бар. Қайнысымен биязы үнмен хал-жағдай сұрасып, «звандамайсың ғой өзі» деп назданды. Бұл өзі әйел затының нәзік болғанын тәуір көреді. Даусы жуан, денесі де жуан, оны жасырудың орнына әшкерелейтін киімдер киетін әйелдерді жаратпайды.. Бірақ, Нарқыз жеңгесінің толықтығы өзіне жарасымды. Есесіне сыңғырлаған үні қандай! Алматы облысы, Нарынқол ауданының қызы ағасын Астанада тұруға көндіріп, екеуі қарашаңырақтағы үйден киім-кешектерін ғана алып шығып кеткенде бұл бастапқыда «әкемді жалғыз тастап кетті» деп ренжіп жүрген. Кейіннен ол реніші де басылып кеткен. «Қазір бұлардың жағдайлары жақсы. Ішкендері алдында, ішпегендері артында. Осындай тәуекелшіл адамдардың бағы жанатын шығар? Әкем де түптеп келгенде жалғыз қалып кеткен жоқ қой. Үйленіп алды».
-Олжас, тарттық ауылға. Нұржас пен Ботаға қайтарда соғамыз. Ағасы қашанғыдай бұйырып сөйлейді.
-Сәду, пойыздан енді түстік қой. Қарным ашып тұр. Бір жерден тамақ ішіп алмаймыз ба? Олжас жеңгесінің айтқанына қосыла кетті. Ол да үйден таңертеңгі шәйін ішпей шығып кеткен еді.
Үшеуі қарындарын тойдырып, көңілдерін жәйландырып алған соң барып Жүрекадырға такси жалдады.
***
Қақпаның алдына мәшине тоқтағанын естіген соң, өгей шеше бұларды қарсы алу үшін үйдің есігін серпіп ашып, алдарынан шықты. Жарқылдап амандық-саулықтарын сұрап, бәйек қақты. Бұл жолы үйлерінде көрші Қамалия апа отыр екен. Әкесі де әдеттегідей емес «Уәғалейкумсаламын» айтып, бұларды бауырына тартып құшақтаған. Үшеуіне кезек-кезек сөйлеп, көңіл-күйі де, денсаулығы да жақсы екенін білдірді. Бұлар тіпті әкелерін жаңа көргендей қарап қалыпты.
-Мына жаман әкелерің «Абай ауданының құрметті азаматы» деген атақ алады екен. Кеше аудандық мәслихаттың шешімін Рыскелді дос хабарлаған. Тарих пәнінен сабақ берген жәй бір шал деп менсінбей жүрген шығарсыңдар. Кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаным ескеріліпті.
-Әке, мұндай сүйінші хабарды қалай ішіңізге сыйғызып отырсыз? Неге звандамайсыз?-деді Сәдуақас.
-Әй, звандағанда не? Өздерің келеді ғой деп отырмын да.
-Бұны енді қалай атап өтеміз. Туған-туыстарды шақырып, құдайы берейік пе, басқа бір жолы бар ма?
-Жуған қашпас? Бірінші алып алайық та. Сосын көре жатармыз.
-Рыскелді досыңыз ба атақ беріп жатқан? Сәдуақастың шымшымасы әкесінің шымбайына батып кетті-ау деймін. Бірден бұрқ ете қалды.
-Иә, Рыскелді беріп жатыр. Иттің итақайына беріліп жатқан атақты қызғанып отырсың ба? О несі? Мені сол атақ алғандардан кем көріп отырсың ба әлде?
-Әке, оныңыз не? Мен жәй Рыскелді досыңыздың ықпалы болды ма деп сұрап жатырмын ғой-деді Сәдуақас.
-Енді со жерде отырған соң оның да септігі тиген шығар.
Әкесі «құрметті азаматты» досының әпергенін онша мойындағысы келмей отыр. «Шығар» деп қояды. Шын мәнінде сол кісі ғой мұның әкесінің көңілін аулап, ара-арасында аудан көлеміндегі шараларға қатыстырып , сөз сөйлетіп жүретін. Аудандық мәслихатта хатшы қызметін атқаратын Рыскелді зейнеткерлікке шықса да, аттан түспеген жарамды адам. Әкесімен бірге Алматыда оқыған әрі туыстық жақындығы да бар. Осы үйге жиі келетін кісілердің бірі. Рас, әкесі баяғыда аңыз әңгімелерді жинап жүретін. Қай бір жылдары оны Олжас кітап етіп бастырып шығарған. Бірақ әкесінің қоғамдық жұмыстарға араласқанын білмейді екен. «Баяғыда анам тірі кезде үйде отырмаушы еді. Мүмкін сол кезде араласқан шығар. Ол заманда біз әкемнің бетіне қарап сөйлей де алмаушы едік қой»-деп ойлады Олжас.
-Шәй ішіңдер. Тамақ алыңдар-деп өгей шеше де қамқорсып отыр.
-Шырақтарым, ат көлік аман келдіңдер ме? Мына жақсы жаңалықты естіген соң шыдай алмай жетіп келдім-деп Қамалия апа бұларға шын пейілмен мейірленіп қарады. Қамалия апа бұларды анасы перзентханадан әкелген қызышақа кездерінен білетін етене кісі емес пе? Осы апаны көрсе Олжастың көмейіне бір өксік тығылады. «Шешем тірі болса, осы кісі сияқты жүретін еді-ау» деп ойлай ма? Қазір де Қамалия апаға бейілденіп қарап, сұрақтарына ықыласпен жауап беріп отыр. Тіпті аз ғана дәм-тұздас болған Нарқыздың өзі мұнда келерде өзге сый-сияпаттан бөлек, Қамалия апаға арнап жаулығы мен науатын алып жетеді.
Сол күні кеште бұл әкесі, ағасы үшеуі оңаша қалған бір мезетте жұмыстан шығып кеткенін айтқан. Әкесі жайбарақат тыңдады. Шүңірек көзіндегі «ары қарай не істемек ойың бар?»-деген сауалды жазбай таныған Олжас әзірше еш жерге жұмыс іздеп бармағанын, тек керек еткен жерлерге резюме тапсырғанын айтқан. Ағасы қашанғыдай бұрқылдап көп сөйледі. Үйдің үлкені болған соң ба Сәдуақас ұрсуға, ақыл айтуға бір иығын беріп тұрады. Жаны ашитын шығар. Екі інісінің де өзі сияқты пысық, өткір боп өспегеніне жыны құрыса ма? Әсіресе Олжасқа көп ұрсады. «Сенен басқалардың бәрі ақымақ.»-деп Олжас іштей ойласа да, сыртқа мәу демейді. «Еуразия университетіндегі проректор досымды білесің ғой, соған айтып университетке жұмысқа тұрғызам. Астанаға кел»-деді. «Докторантураға түсерде неге айтпадыңыз сол досыңызға»-деді бұл. «Ой, о кезде соны ойламаппын ғой. Әлі де кеш емес»-деді ағасы саспастан. Бірақ бұл ағасына жауап берген жоқ. Жігіт бір үлкен тәуекелге бел байлап еді. Онысын әкесіне де, ағасына да айтпады.
***
Жүрекадыр – Олжас үшін қасиетті мекен. Тек Жүрекадыр емес, тұтас Абай ауданы тағылымды тарихқа тұнып тұр. Семейдің оңтүстік батысындағы Шыңғыстаудың бөктерінде жатқан Абай ауданы саяхатшылардың жиі келетін жері. Семейге зиялы атаулының қай-қайсысы ат басын бұрса да, бір-екі күн аралатып барып осында қарай тартады. Семейден шыққан соң алпыс шақырымнан кейін Күшікбай бұлағына аялдап, шөл қандырады. Күшікбай – жиырма жасында ел қорғаған жаужүрек батыр. Зираты бұлақ маңайындағы төбенің басында тұр. Тура осы жерде әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесіне кейіпкер болған Ғазизаның да зираты бар. Ары қарай біраз жүрген соң әйгілі жазушының атақонысы «Бөрілі» қыстауы көрінеді. Мұнда жазушының әкесі Омархан мен анасы Нұржамалдың зираты, сондай-ақ, тура осы қыстаудан он шақырымдай жерде Абайдың баласы Ақылбай мен бәйбішесі Ділдәнің, кіші жары Әйгерімнің қабірлері орналасқан.
Бөрілідегі Мұхтар дүниеге келген үй бүгінде мұражайға айналған. Бөрілі – Семей-Қарауыл трассасаның сол жағындағы ауыл. Ал, одан сәл өткен соң трассаның оң жағында Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті мекен – Қасқабұлақ ауылы менмұндалап көрінеді. Қасқабұлақтан кейін Қарауылға қарай көсіліп жатқан жазық «Ералы жазығы» аталады. Жазықтың нақ ортасында Кеңгірбай бидің баласы Ералының кесенесі бар. Осы тұстан Ақшоқыға қарай созылған тағы бір жазықта Еңлік-Кебекке ескерткіш қойылған. Мәрмәр тастан соққан алып ескерткіш осы дүниеде қосыла алмай кеткен ғашықтарға тірілердің тартуы. Айтпақшы, ең алғашқы қазақ театрының шымылдығы Әуезовтың қос ғашықтың трагедиялы тағдырына арнап жазылған «Еңлік –Кебек» пьесасымен ашылған. Ақшоқы жазығында қазір кішкентай ғана Ақшоқы атты ауыл бар. Бұл ауылдың сырт жағындағы зиратта Абайдың әкесі Құнанбай қажы мен оның ұрпақтары жерленген. Ақшоқыдан өткенде жолдың оң жағында, трассадан біршама қашық жерде Жидебай ауылы бар. «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-музейі – саяхатшылар келетін негізгі орын. Абай мен Шәкәрімге арнап салынған үлкен екі кесене алыстан құм үстіндегі ақ кеме сияқты көрінеді. Абайдың музей үйінде ұлы ақын тұтынған заттар өткеннен сыр шертіп, кісіні өзіне магниттей тартады. Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылы. Олжастың туған жері - Жүрекадыр осы Қарауылдан 55 шаршы шақырым қашықта жатыр. Бұлардың ауылында атақты ақын Шәкір Әбенов музейі бар.
Күлдір де күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз,
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мінер ме екеміз!-деп жырлаған атақты Ақтамберді жыраудың да зираты осы маңайда. Жүрекадырдың жотасында тұр. Оңтүстікте туған атақты жырау 93 жасында осы маңайда дүние салған. Жаумен шайқасып, ұрыс даласында өлмей, боқ басында өлгеніне нала болған екен дейді аңыздар. Олжас кез-келген өзін зиялы санайтын адамды қызықтырып, бауырына талай сырды басып жатқан киелі мекенде дүниеге келгені үшін Жаратқанға ризашылық білдіреді. Абай ауданының, Жүрекадыр аулының бұның өміріндегі маңызы зор.
Ең алғашқы тарихи оқиғаларды, тарихи тұлғалар туралы шындықтарды Олжасқа әкесі айтқан еді. Әкесі әңгіме айтқанда тура сол кездегі оқиғаларды көзімен көргендей, қызықтырып, ынтықтырып айтатын. Әсіресе, тарихшы әкесінің аузынан тұңғыш рет 1931 жылы болған Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау көтерілістері жайлы тыңдаған. Ұжымдастыруға қарсы шыққан семейліктердің наразылықтары ақырында көтеріліске ұласып, бұрынғы Абыралы ауданында соғыс бұрқ ете түседі. Оған көрші жатқан Шыңғыстау, Шұбартау, Қарқаралы аудандарындағы ниеттес адамдар қосылып, атқа қонған. Көтеріліс кезінде кеңес үкіметінің жазалаушы отрядтарының қолынан қанша адамның оққа ұшқаны, «үштік соттың» шешімімен қанша кісінің ату жазасына кесілгені, Сібірге айдалғандарының қанша екені осы күнге дейін нақтыланған жоқ дейтін әкесі.
«Сол көтерілісте менің атам Рзақ оққа ұшқан. Әкем Наурыз он жастағы бала екен. Өзінен кейінгі інісі мен қарындасының қайда жоғалып кеткенін білмеген күйі өмірден өтті. Көтерілісті жазалаушылар басып-жаншыса да, ел ішінде толқулар басылмайды. Халық толқын-толқын болып Қытай аса бастайды. Ашаршылық көтерілістің алдында басталып кеткен. Ауылдарда жейтін тамақ таппай, жол бойында шұбаған халықтың соңынан анасы, әкем, інісі мен қарындасы түгел ілеседі. Екінші тәулікте аштықтан анасы қайтыс болады. Үшінші күні қас қарая бұлар қалаға кіреді ғой. Қазір мәшинемен екі-үш сағатта жетіп келетін жер. Ол замандағы аш-арықтардың ілбіп бара жатқан кескінін көз алдыңа елестет. Әкем анасы өлгенде басында жылап отырады. Бірақ, көмуге шамасы жетпеген соң адамдардың соңынан ілесе берген. Солардың көпшілігі Қаракесек ішіндегі өз аталас туыстарымыз еді дейді. Қалаға жете алмай қанша адам қырылып қалғанын білмеймін. Әйтеуір көп өлді деп отыратын. Қалада босып жүрген жас балалардың бәрін солдаттар жиып алып, брезентпен қапталған мәшинелерге отырғызып, интернатқа тапсырған. «Мен ол кезде өте жас болдым. Бізді брезент мәшинелерге бөліп салғанда, інім мен қарындасымды бөлек мәшинеге отырғызды да, сол күйі көз жазып қалдым. Кейіннен есейгенде қанша іздесем де таппадым» -деп отыратын. Әкем кейіннен соғысқа қатысады. Соғыстан аман-есен қайтып келіп, анам Үрилаға үйленеді. Атамның Абыралы көтерілісіне қатысқанын әр жерде бетіне басып, қызмет істей алмайды. Партия қатарына да өтпеген. Семейде зауытта жұмысшы боп істеп жүрсе де, жалғыз ұл болған соң мені Алматыда оқытты. Ал, Жүрекадырға университетті бітірген соң жолдамамен келгенбіз. Шешең екеуміз бірге оқыдық қой. Екеумізді де осында жолдамамен жіберді. Ол Нұржас туғанша жұмыс істеді , одан кейін істеген жоқ. Ал, атаң мен әжең өле-өлгенше біздің жанымызда болды. Мені Жүрекадарға жолдамамен жібергенде «нақ туған жерім болмаса да, соған жақын маңай екен»-деп қатты қуанған. Әкем Ақшоқыдан еді ғой жарықтық. Екеуі де сен тумай тұрған кезде қайтты»-деген әңгімені Олжас бесінші сыныпта оқып жүргенде айтқан. Ал, кейіннен студент атанғанда Олжас көтерілістің де, аштықтың да мән-жайын іргелі зерттеулерден оқып, қан жұтып қайғырған. «Құдай-ау, осынша адам босып , шекара асып кетсе, мынаншасы аштықтан қырылса, одан соғыстан келмей қалғандары бар, сонда да ұлт болып сақталып қалғанымызға тәубә»-деген. Бабасы Рзақ, атасы Наурыз туралы құжаттарды Семейдің архивінен тапқан. Семейдің архивінде іздеген адамға көп нәрсе табылатынын сол жолы көрген.
***
Олжас жұмыстан шығып кеткелі бері қарап жатқан жоқ. Мүмкіндігінше уақытын ысырап қылмауға тырысады. Кітапханада отырып кітап парақтайды. Ағылшын тілі курсы да әжептеуір ермек болды. Бірақ, «келесі айдың пәтерақысы» деген мәселе де жаналқымда тұр. «Зор Отан» партиясының жазғыштар арасында ұйымдастырған байқауына қатысып көрсе қайтеді? Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазір қоғамның майшелпегіне айналды. Қапелімде түшкіріп жіберсең де «Рухани жаңғырудың» себебімен түшкірген боп шығасың! Кейбір жарыместер «рухани қаңғыру» деп қылжаққа айналдырғанымен , соның шарапатымен апталап іссапарларда жүреді. Мына сөз бәйгесі де дер кезінде шыға қалғанын қарасай. Тура бір мәреден алдыңғылардың қатарында көрінетін жүйрік ат ұқсап тықыршып, пәтерінде отыра алмады. Оның үстіне бас бәйгеге миллион теңге, бірінші орынға 700 мың, екінші, үшінші орындарға 500- 300мыңнан берілетінін білген соң тіпті шабыттанып кетті. Өйтпей ше? Мақалалар екі аптаның көлемінде қабылданады. Ал, қорытындысы бір аптадан соң шықпақ. Екі аптаның ішінде жұмыста жүрген адамдар қанша жерден жазғыш болса да көлемді, ойлы, бірегей мақала дайындап үлгеруі екіталай. Ал, мына бәйгенің талабы бойынша бұрын еш жерде жарияланбаған мақала беруің керек. Олжас қолы бос адам ғой. Бір емес, екі-үш мақала дайындап беретін қауқары мен білім қоры бар жігіт емес пе? Осы жағын ойлағанда Олжас нақ бас бәйгенің өзін алмаса да, әйтеуір бір жүлдеге ілінетініне үміттенді. Анда-санда болса да газет-журналдарға жазып жүрген соң ол өзін журналистер арасында «аты-жөнім бар» деп есептейтін. Тарихшы жігіт провинциялықтарға жүлде бұйыра бермейтінін білмейтін. Өйткені бұл сияқты «аламан бәйгелерге» ешқашан қатысып көрген емес. «Жүлдеге ілінсем» деген тәтті үміт телефонмен интернет ақтарып отырған жігітті орнынан тұрғызып, миына «қалалық кітапханаға жет» деген сигнал жіберді.
Абай атындағы Семей әмбебап ғылыми кітапханасы 1883 жылы ашылған. Осында жер аударылған революционерлер ашқан кітапхананың қазақтар арасында тұңғыш келушісі де, кітап сыйлаушысы да – Абай болған екен. Кейіннен ол осы кітапхананың тұрақты оқырманына айналған. Бұл күнде кітапхана қаладағы кітап қоры мол, тұрақты оқырмандары да көп алдыңғы қатарлы мәдени орын. Олжас салмақты дүниелер жазатын болса, алып-ұшып осында жететін . Кітапхананың адамды өзіне тартып тұратын бір ерекше қасиеті бар сияқты. Қызметкерлері де мәдениетті, артық сөзі жоқ, сұраған дүниеңді лезде тауып беретін кішіпейіл жандар. Бұл өзінің ғылыми мақалаларын да, жәй мақалаларын да «Ғылым залында» отырып жазған. Мұнда рахат. Жанға жайлы тыныштық бар. Тіршіліктен оңашасың. Отыр да жаза бер. Қоғамның қышыған қотырын қаси бер, қаси бер. Одан ол дерт асқынуы мүмкін, жазылмайды бірақ. Сөйтсе де жазатын адамдардың бәрі жанкешті, жансебіл. Бір күні мен бір күні әлсіз әрі нәзік үмітке жалғанып тұрса да, құлшынып өмір сүреді ғой. Олжас та сондайлардың қатарында. Байқауға қандай материал жазсам екен деп ойлай қалуы сол, есіне әлеуметтік желіде жұрттың кешелі бері көпшіліктің беделді бір математик ағайдың сұхбатын оқып алып, ақын-жазушы, оқымысты, зиялы атаулыны мансұқтап, шу-шу етіп отырғаны түсті. Олардың сондағы айтатыны – «біз технократтық қоғам құруымыз керек. Технократтық қоғам құрсақ, дамып, өсіп-жетіліп, анау оқ бойы озық елдердің қатарына қосыламыз. Бәлду-бәлду». Сонда қоғамды дамытпай, алға басқан аяқты кейін қарай шегеріп отырған ақын-жазушы ма? Бұл шындығына келгенде ақын-жазушыларға жақсы көзқараспен қарайтын жігіт. Қашан да «руханият бірінші орында, қалғандары содан кейін» дейтін пікірде. «Алдымен экономика» саясаты руханиятқа қоңыз тергізіп жіберсе де, ол тірмізік жандар ұлт руханиятының деңгейін көтеру үшін аянып қалған жерлері жоқ. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген қаншама көркем дүниелер соның айғағы. Қаламгерлер тіпті тарихшылардың да жүгін қоса көтерісіп жүр ғой. Қоғамда қалам ұстаған қауымның абыройына нұқсан келгені жақсы емес. Олжас бүгін сондай ойлармен отырып, «Көшпенді феномені және технократтық қоғамға көзқарас» деген тақырыпта мақала дайындады.
Скифтерді көзімен көрген Геродот олардың көшпенді тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-санасы туралы мол мәлімет қалдырды. Көшпендіні көп зерттеген Гумилев, Бичурин, Страбондар скифтердің түркілердің арғы бабасы екенін жазудай ақ жазды. Бірақ, арғы-бергі дәуірдегі көптеген тарихшылар «сақтар – иран тектес халықтардың ата-бабасы» немесе «скифтер – байырғы славяндар» деген көзқарастарын тықпалап әлек. Тіпті әнеу күні интернеттен бір мақалаға дерек іздеп отырып орыс тарихшысы Ю.Д.Петуховтың «Евразийская империя скифов» деген ғылыми еңбегін байқап қалып, көз жүгіртіп өткенбіз. Петухов татар-монғол шапқыншылығы ойдан шығарылған оқиға дей келе, Вернадский мен Гумилевтің «Еуразиялық теориясын» сынға алады. Соңында: «Интерпретация «татаро-монгольского» ига, предложенная сторонниками «новой хронологии» (А. Фоменко и др.), пошла дальше. По Фоменко, никаких «татаро-монголов» вообще не было; под этим названием в средневековых источниках описана… часть российского государства» депті. Сосын «скифтер деген басқа емес, орыстар еді» деп нүкте қоюға талпынады. Жалпы, бұл қаза берсең, тереңдей беретін тақырып. Көшпендіге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұжығыңыз жылқыны ең алғаш қолға үйреткен, жылқының тұяғы жеткен жерді басып алған, арда мінезімен, өзгеше болмысымен даланы дүбірлетіп өткен текті нәсілдің ұрпағы болуға дәмелі болса, оған бір жағынан қуану да керек шығар? Екіншіден империялық пиғылдағы пенденің қысастығы деп түсінген жөн. Иә, тарих – интерпретация, тарих – гипотеза, ол – идеология, ол – саясат. Тарихтағы кез-келген оқиғаны қалай құбылтам десе де тарихшылардың еркінде. Дей тұрғанмен менің көшпенділермен байланысымды су аяғы құрдымға жіберуге менменсіген тарихшылардың ешқайсысының шамасы жетпейтіні ақиқат. Өйткені ғылым дамыған сайын шындықтың да мерейі үстем бола түспек. Қазақ жерінен жыл аралатып табылып жатқан «алтын адамдар» , темір балқытқан домна пештері, таңбалы тастар, тағы басқа да «тарихтың куәгерлері» өз жайларынан өздері-ақ хабар береді. Бұл жерде менің көшпенділер туралы айтпағым мүлде басқа әңгіме.
Сонымен талай-талай зерттеулерге арқау болған, «бір тақырыптың өзі бір тарихшының ғұмырын тауысуы мүмкін» деп ғалым Т.Жұртбай айтпақшы, бір емес, жүздеген тарихшының ғұмырын тауысқан «көшпенді феноменінің» сыры неде? Оның дәл қазіргі біздің өмірімізге қандай қатысы бар? Бұл жазбаны «технократ болыңдар» деп күнделікті құлақты жейтін пікірлерге қайтарылған жауап деп ұғыңыз. Біз техниканы, яғни, құралды пайдаланамыз. Оны болашақта өзіміз жасап шығаруымыз да мүмкін. Аз да болса қазірдің өзінде тәжірибелер бар. Бірақ, өкінішке қарай технократ бола алмаймыз. Технократ бола алмайтынымыздың қисынды себептері бар. Батыс адамы табиғаттан бөлінген сәттен бастап оларда сананың рационалдану процесі басталды. Бәлкім керісінше, рационалды ойлау жүйесі қалыптасқан соң олар табиғаттан бөлінді. Олар «техника дәуіріне» соңғы үш ғасыр бойы дайындалды. И.Бекманның «Технология бойынша жетекшілік немесе қолөнерді, фабрикалар мен мануфактураларды тану» деп аталатын еңбегі 1777 жылы жазылыпты. Құрал арқылы үстемдікке ие болу туралы ойлар Гегель мен Кантта кездеседі. Еуропалық философтардың индустриалдық қоғам мен постиндустриалдық қоғамға сипаттама беретін кез-келген еңбегін ашып қарасаңыз «техника болмысы», «ақпараттық ғасыр», «техникалық ойлау», т.б терминдер көп кездеседі. Оның бәрі кеше мен бүгін емес, осыдан кемінде жүз-екі жүз жыл бұрын жазылған еңбектер. Яғни, техника мен технология – рационалды сананың жемісі.
Бұл кезде біздің ата-бабамыз көшпенді тұрмыс кешіп жүрген. Ең маңыздысы, табиғаттан бөлінбеген еді. Табиғаттың заңдылығын әлемде көшпенділердей түсінген ешкім жоқ. Қыс пен жаз, көктем мен күз мезгіліне сай жер ауыстырып, жұлдызға қарап ауа-райын болжау, кеңістікті игеру, аспан астындағы жаратылыстың сырын ұғу олардың маңдайына жазылған. Және ең қызығы, ол үшін ешқандай арнайы оқу орнын бітірмей-ақ кез-келген көшпенді табиғаттың бел баласы бола білді. Осы күні біз жер шолатын, жер танитын, мал танитын, жұлдыздарды ажырататын, шежіре тарататын адамдар көрсек кәдімгідей таңырқасып қаламыз. Көшпенділер дәуірінде бұл қасиеттер тұрмыс-тіршілікке қажет болғандықтан, көпшілік адамдардың бойында бар-тын. Сонымен қатар, көшпендіде де құрал болды. Ол – жылқы. Жылқы басқа халықтарда болған жоқ демейміз. Бірақ, жылқы ең алғаш дәл осы ұлы далада , Орта Азияда қолға үйретілгенін дәлелдейтін жүздеген еңбектер бар. Қазіргі Еуропа, Америка, Жапония техника мен технологиясы арқылы қалай мықты болса, көшпенділер де жылқысымен сондай мықты болды. Көшпенді өзінің жылқысымен жарты әлемді жаулап алды. Аяғына қамыс шәркей киіп жүрген халықтармен салыстырғанда аттың үстінде саптама етік киіп отырған көшпенді нағыз өркениетті адам боп көрінетін. Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір билеген дәуірлерді мысалға алсақ та жетіп жатыр. Біздің дәуірімізге дейінгі үш мыңжылдықта әлемді тітіреткен Македонский Ұлы даладағы сақтарды жеңе алмай , соңында Үнді асып кеткені тарихтан белгілі. Арғы-бергі дәуірлердегі ең қуатты мемлекеттер осы ұлы далада құрылды. Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Батыс түрік, Шығыс түрік, Қарахан, Дешті-Қыпшақ, т.б.
Ұлы Жібек жолының билігін бар кезде уысынан шығармаған көшпенді бабалардың тұрмыс-тіршілігін өркениетті емес деп кім айтады? Әрине, мұның бәрі көпшілік білетін фактілер делік. Яғни, сыртқы факторлар. «Көшпенді феномені» меніңше ішкі факторлар айқындалған кезде ашылмақ. Көшпендінің күшті, адал, рухты, жомарт, т.б қасиеттері туралы да көп оқыдық. Бірақ, айналып келгенде осы қасиеттердің бәрі белгілі бір тәртіппен, жүйемен сіңгенін болжау қиын емес. Көшпенділер, оның ішінде түркілер ешқашан да көпқұдайлы болмаған. Бұтқа табынбаған. Бұны эпосты, тарихты, мәдениетті зерттеп жүрген көпшілік ғалымдар басын ашып жазады. Яғни, исламнан бұрынғы дәуірлерде де монотеизм – бірқұдайшылық түркінің негізгі өмір сүру ұстанымы. Атақты Талас шайқасынан кейін біздің ислам дінін қабылдағанымыз белгілі. Осы кезден бастап біздің рухани әлеміміз байыған, жаңа қырынан ашылған.
Рухани ілімді меңгерген кесек тұлғалардың мың жылға дейін нұр шашып тұрған сәулелі туындылары осы кезде дүниеге келген . Әсіресе Қарахан дәуірінің мұраларына көз жүгіртсеңіз, мұның ап-анық екені көрініп тұр. Атақты «Диуани-лұғат-ат түрік», «Ақиқат сыйы», «Құтты білік», «Диуани хикмет» шығармалары бұған нақты дәлел. Бұлар «Әлемдік деңгейдегі ақыл-парасат топтамалары» деп мақтанышпен айта алатындай дүниелер. Әсіресе, осы шығармалардың қолжазба күйінде де, тәржімаланған нұсқаларының да көп елден табылғаны біраз жайттың басын ашады. «Құтты білік» шығармасының өзі әлемнің он шақты елінен табылды. Бұл сол кезедгі ең мықты мемлекеттердің билеушілерінің «үстел үстіндегі кітабы» болғанын дәлелдейтін айғақтар баршылық. Осы заманда да шет тілдеріне ең мықты шығармалар аударылады. Ол заманда түркі тілі Еуразия құрлығындағы басым тілдердің бірі болғанына күдік келтірмесек те болғандай. Бұл шығармалардың өміршеңдігінің басты себебі – исламнан нәр алғандығында.
Қарахан дәуіріндегі көшпенділердің дүниетанымын «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» еңбегінде В. Бартольд мынадай мағынада сипаттайды: «Қарахандықтар үшін дін билік жүргізудің ғана құралы болған жоқ. Дін қағидалары мемлекет басындағылар үшін де міндетті болды. Олар шарап ішуден бас тартқан. Осы билеушілердің арасында діннің ықпалымен әділетті патша идеалын шын ниетпен жүзеге асырғысы келгендер болуы әбден мүмкін...». Алтын Орда дәуірінен қалған құжаттар арқылы да исламның тамыр жайып, адамдардың болмысына сіңгенін, тіршілігінің басты ұстынына айналғанын көруге болады. Мына бір мәтінге назар аударып көрейік : «Аллаға беріліп, оның игі ісі мен қайырым рақымына үміт артамын. Менің сөзім қырым өлкесінің Құтлу-Бұқа басшылық ететін ел билеуші бектеріне, қазы, мүфтиларына...» Тоқтамыс ханның Қырым өлкесінің басшысы Құтлу-Бұғаға арнап жазған хаты осылай басталады екен. Алтын орда тағында 1467-1474 жылы отырған Ибрагим ханның жарлығында «Менің сүргелі сөзім. Құдайдың ризалығы үшін, Алланың елшісі, Мұхамедтің шапағаты үшін бұл өгсүз ұл, тұл қатынды азат тархан болсын дедік» деген жолдар кездеседі. Сондай-ақ, «Ислам ілімін құрмет тұтқан барлық мұсылман елдерінде бір ғана құқық – шариғат құқығы әрекет етіп, заңдылық күшіне ие болуда. Мұсылман заң мамандарының көзқарасы бойынша шариғаттан басқа бір дәстүрлі құқықтың үстем болып ерекшеленуіне келіспейді» дейді мына бір мәтінде. Авторы – көшпенділердің құқықтарын көп зерттеген ғалым Н.Торнау. 1892 жылы жазған. Осы үзінділерді Қ.Омархановтың «Қазақтың дәстүрлі құқығы» дейтін кітаптан алып отырмын. Бұл кітапта көшпенді түркілердің, оның ішінде қазақтардың 99 принципі бар шариғат заңымен өмір сүргені жазылады.
Әрине, «әлхамдулла мұсылманмын» дейтін халқымыз жетпіс жеті атадан бері мұсылман екені рас қой. Бірақ, мұсылмандық тілде, ділде ғана емес, өмір сүру салтында, әдет-ғұрпында, мінез-құлқында , ең бастысы болмысында болғаны, қанына тарап, сүйегіне сіңгені қандай ғанибет. Сонда бағанадан бері айтып отырған «көшпенді феномені» түркілердің, оның ішінде қазақтардың таухидтік рухани ілімді терең меңгергенімен тікелей байланысты дүние. Бұл дегеніңіз - жәй кітап оқып қона кететін қасиет емес. Керек десеңіз адам баласы соншама кітапты оқып алып, миы шатасып кетуі де мүмкін... Ал кеңістікті игерген, жаратылыстың сырын ұққан, табиғаттың бел баласы атанған, бір Аллаға сыйынған көшпендінің болмысы рухани ілімді қабылдауға дайын еді. Сосын жүрек құтысы осы ілімге шүпілдеп тұрған жауынгер жер бетіндегі миссиясын да анық түсінді. Осы ілімнің арқасында қоғамда жүйелілік, тәртіптілік, берекелілік қалыптасты. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деп біз жиі айтуға әуеспіз ғой. Бұл шынында да солай болғанын дәлелдейтін фактілер жетерлік. Тіпті о замандарда қылмыс та бүгінгідей көп емес-тін. Өйткені кісінің басы бағалы. Бір адамды өлтірген қылмыскер 1000 қой не 100 жылқы құн төлейтін. Өзі төлей алмаса, ағайындары көмектесер еді. Бүгінгі бағамен айтсақ 30-35 миллион теңге.
Кітапхананың ғылыми залында таңертеңнен бері шұқшиып отырған жігіт «бұл мақаланы әлі де жетілдіру керек» -деді де ноутбугін токтан суырып, далаға шықты. Семейдің көктемгі салқын ауасын рахаттана жұтып, тынысы кеңігендей болды. Кенет Таңат ағасы есіне түсіп, «бір жерге шақырып алып, әңгімелессем бе екен» деп ойлады. Таңат ағасының әңгімесін тыңдау қызық. Ол әңгімені тіке Абайдан бастайды ғой. «Жарықтық Құнанбайдың баласы дана ғой. «Жақсы болса жарықты кім көрмейді» дейді. Ол сонда жақсы деп кімді айтып тұрғанын білесің бе?»-дейді. Ылғи сол. Абай өлеңінің бір-екі қатарын нығыздап айтып алады да, «сонда бұл жерде әңгіме кім туралы?» деп шығады. «Оу, көке, Абай шұбар балақ, шынжыр төс шонжардың баласы. Оның әкесін қазіргі облыс әкімімен салыстырсаңыз болды. Жоқшылық, таршылық дегенді мүлде көрмей, бақуат тірлік кешіп, қос-қостан қатын алып, қаласа болыстық қызмет істеп, қаламаса кітап оқып үйінде жатқан ғой. Дүние табу үшін шөптің басын сындырмаған адамның жазғандарына «ах, ох» деп тамсанып, тықпалай беруді қою керек. Сіз бен менің орнымда болсыншы сол Абайыңыз. Тапқанын пәтерақыға жеткізе алмай , шайпау қатыннан сөз естіп өмір сүріп көрсін. Қарны тоқ адамдардың бәрі ақылды. Тек көбінің жазу қабілеті кемшін. Абай сол тоқ адамдардың ішінен шыққан бірлі-жарым қабілеттісі болуы керек»-деп бұл қыжыртады. «Әй, сен де айтасың. Сол облыс әкімінің балаларына анықтап қарап көрдің бе өзі? Жалпы, шенеуніктердің балаларының общий портреті қандай екенін білесің бе өзі?»-деп ол қоймайды тықақтап. Олжас Таңат ағасына телефон шалмас бұрын қай жерге шақырсам екен деп ойлады. «Сізбен кездескім келеді» десем өзі үйіне шақырар ма екен деді. Бірақ ол ойынан да лезде айныды. «Мейлі шақырып та жүр ғой. Жылтыңдап сол үйге бара бергім келмейді». Таңат ағасына телефон шалғанда ол бұның қоңырауын күтіп отырған адам сияқты ықыластана сөйлесті. «Арбат» кафесінде бірге отырып шәй ішейік деген ұсынысын да қуана қабыл алды.
«Арбатқа» ол профессордан бұрын келіп алды. Кафенің іші күңгірттеу демесең, тып-тыныш жанға жайлы сияқты сезілді. Бұл жайғасқан кішірек залдың сол жағындағы бұрышта екі жігіт отыр. Еріксіз соларға көз аударған. Екеуі де жинақы, таза киінген, шамасы бұдан бес-алты жас кіші жігіттер. Олжасқа жақындау тұстағы орындықта теріс қарап отырған жігіт қызбаланып сөйлейді екен. Шамасы бірдеңеге наразы сияқты. Олжас орысша тілдесіп отырған екі жігіттің әңгімесін тыңдамас та еді, арасында «Назгүл» деген есімді қайталай берген соң еріксіз құлағын тосқан. Сол ... Бұның Назгүлін айтып отыр. Бұрынғы күйеуі сияқты. Ол оның бұрынғы күйеуін дөңгелек жердің бетінде әйтеуір бір рет кездестіруі мүмкін екенін білетін. Бірақ дәл мынадай жағдайда, тура кинодағыдай «теріс қарап отырып» айтқан әңгімесін естиді екем деп ойламапты. Ең қызығы, бәлкім ең сорақысы – «Мен Назгүлді сүйем» дегенін естіді.
Таңат ағасы он бес минуттан соң келді. Ол кісі ішімдік атаулыдан аулақ жүретін адам. Тамақ та ішіп қарық қылмайды. Олжас қой етінен кәуапқа тапсырыс беріп қойған болатын. Профессор келгенде жүзі сұп-сұр, қызметін міндетсініп жасайтын даяшы қыз бұлардың алдына ішінде істікке шаншылған кәуаптары бар жалпақ тәлеңке мен бір шәугім шәйді тарс-тұрс еткізіп қойды да , «тағы бірдеңе қажет пе?»-деп сыздана қарады. Олжас осында келгенде ағасымен шәй ішіп, өткен-кеткенді әңгімелеп, өзінің мақаласы туралы пікірін сұраймын ғой деп отырған. Әсіресе, өзінің «рухани ілім» жайлы жаңалығына көңілі толып, осы «рухани ілім» маңайында біраз пікірталастырмақ болған. Рухани ілімді меңгерген адамдардың басқа қарапайым жұртышылықтан биік тұратынын, ХХ-ғасырға дейін өмір сүрген көшпенді халықтардың топ бастаған серкелері, би-батырлары, ақын-жыраулары ішкі дүниесін сол рухани іліммен нұрландырған адамдар болғанын бұл профессорың да біледі ғой. Бірақ, ондай нәрселерге ешкім аса мән бере қоймайды. Бірақ, басқа бір еркектің бұның Назгүлін, бұның жан жарасын емдеп жүрген сұлу Назгүлін сүйетіні ішкі дүниесінің астаң-кестеңін шығарды. «Тағы бірдеңе қажет пе?»-дегенде бір жартылық сұратқан. Айтуын айтып қалса да, қапелімде қарсы алдында отырған егде жастағы адамнан ыңғайсыз екенін де сезді. Бірақ, Таңат аға Олжастың «тапсырысына» мән бермегендей сыңай танытты. Қашанғыдай бауырмал ниетпен жұмыстан кетуін тәптіштеп сұрап, «сен не дедің, ол не деді» деп шұқыланды. Ақыр соңында «Отызды орталасаң да бала екенсің. Адам солай да кете сала ма? Дайын тұрған жұмыс бар ма енді?»-деп кейістік танытты.
Профессор мен Олжас сол кафеде көп отырды. Олжас бір шиша арақты түбіне дейін тауысып ішті. Көбіне тыңдаушы болып отырған жігіт профессордың бір сөзін тыңдаса, екіншісін құлағының түбінен өткізіп, қырлы стаканның ішіндегі жынды судан өш алумен болды. «Сүйем деуін қарашы. Сүйсең неге тастап кеттің?»-деп іштей теріс қарап отырған «күйеуге» тап-тап беріп қояды. Тіпті ежелгі дүниенің батырларынша жекпе-жекке шақырғысы келді. Бірақ көрші столда отырған қос жігіт бұларға назар аударған да жоқ. Олжас өмір бойы өзінің осы қасиетінен жапа шегіп келеді. Саққұлақ. Көрші стол тұрмақ, он – он бес метр қашықта отырған адамдардың әңгімесі не жайлы екенін естіп қояды. Құдай бұны керекті әңгімені де, керексізін де естіп-біліп жүрсін деп жазалаған секілді...
-Олжас, әлгі мақалаңды мен оқып шығайын. Поштамды білесің ғой. Сонда сала сал. Сен осы көшпенділер туралы оның алдында да бір мақала жазып ең ғой. Бұл тақырыпта сенің білім қорың мол. Ары қарай қаза берсей осы тақырыпты. Түбі үлкен ғалым боласың.
-Аға, сіз де үміттендіріп қоясыз. Үлкен ғалым шығады дейсіз бе? Айтқаныңыз келсін. Бірақ ол қай кезде? Олжас әзіл-шыны аралас сұрау тастаған.
-Көресің ғой, менің айтқаным айдай келеді. Бірақ, бір ақылымды тыңда. Қазіргі тарихшылардың көбі оның ішінде біз де бармыз, тарихтың өз ішіндегі оқиғалар мен деректерді қуалап, онша мандыта алмай жатырмыз. Заман ағысын өзің де байқадың. Іргелі ғылымдар бір-біріне қосылып, жаңа ғылым салалары пайда болуда. Біз де жаңалыққа ашық болуымыз керек. Мен тарихи зерттеулерді фольклор мен мәдениеттануды ұштастырып жүргізсе қалай болады деп ойланып жүрмін. Мысалы, сен сияқты білімді жігіттердің бұндай фундаментальный зерттеулерге мүмкіндіктерің бар. Бұным қалай?
-Аға, бұл ойыңыз жақсы екен. Шынында біз фольклорды онша менсіне бермейміз ғой.
-Менсінбейсің, менсінбейсің. Көп дүние сонда жатқанын білмейсің. Егер сен фольклорды жақсы білсең, ана көшпенділер туралы мақалаңды одан да тереңдетіп жазар ең.
-Фольклор сізді несімен қызықтырады осы?
-Негізі аңыз әңгіме, ертегіге емес, эпосқа қызығам. Былтыр «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптардың барлық томын сатып алғам. «Қырымның қырық батырын» түгел оқып шықтым. Менің әдетімді білесің, кітапты ашып қараймын да, ең алдымен түсіндірмесін іздеймін ғой. Редакциядан не автордан деген жері мен үшін өте маңызды. Сондай кітаптардың бірінен Мәриям Хакімжанова апамыздың жазғанын оқып қалдым. Сол жерде ол кісі атақты Мұрын жыраудан отыздан аса жырды жазып алғанын баяндайды. Ең қызық жері, жырау бұл кісінің хатқа түсіргендерін қайта оқытады екен. Менің айтып бергендерімді дұрыс жазды ма деген күдік қой баяғы. Сосын қолындағы жүзікті шешіп алып , әлгі жырлардың соңғы жағына мөр ғып басуды сұраған. Көрдің бе, жарықтықтың әрбір жырға үлкен жауапкершілікпен қарағанын. Ол өзінің Нұрым, Қашаған, Мұрат сияқты ақын-жыраулардан үйренгенін баяндапты. Бір де бір сөзін, сюжетін ойдан шығармағанын айтқан. Ал, біз үшін соның бәрі жәй ғана қияли ертегілер сияқты.
-Мүмкін ойдан шығармаған да болуы керек. Ол кездің адамдары бізге қарағанда әлдеқайда зерек, тарихи жады мықты болған ғой.
-Олжас, мына айтқандарымды ойлан.
Екеуі кафеден қас қарая шыққан. Олжас профессорды үйіне көлікпен жеткізіп салу үшін такси тоқтатқан, бірақ, Таңат ағасы «менің үйім осы маңға жақын, жаяу кетем»-деп келіспей қойды. Ақыры сол таксиге өзі мінді. Бір шиша араққа сылқия мас болмаса да, біраз масайыңқырап қалыпты. Профессордың айтқандары емес, қапияда жолыққан «күйеу жігіттің» әңгімесі құлақта қалды. «Сүйем деуін қарашы? Сүйсең неге тастап кетесің?». Таксиден өзі тұратын үйдің подъезінің алдынан түскен. Тура кіреберістегі сәкіде отырған екі жігіт бұдан темекі сұрады. Бұл шылым шекпейтін. Мына жігіттерді де танымады. Екеуі де қосамжарланып «Извини, брат»-деді. Пәтерінің есігін кілтпен ашып кіріп келгенде тағы екі адамның сұлбасын көрді. Бойы тітіркеніп кеткендей болды. Кіре берістің шамын жағып қалғанда үйде өзінен басқа ешкім жоғына көз жеткізді. «Қосақталып жүретін болған ба бұл немелер?». Мастығынан дереу айықты...
***
Көкпеңбек, түбіндегі тастары көрініп жатқан мөлдір көл. Мөлдір көлде малтып жүрмін. Мен малтуды үшінші класта үйренгем. Басқа балалардың бәрі суға шомылып, мәз-мәйрам болып жатқанда мен өзеннің шетінде суға аяғымды малып қана отырушы ем. Сол күні өзеннің шетіне суға түсіп, суға бойымды үйретіп жүргем. Кенет емін-еркін құлаштап жүзіп жүрген қыршаңқы Самат «жылан, жылан»-деп айқай салсын. Жылан тура менің жанымда жүзіп келеді. Қап-қара, жуан. Жанұшырып Самат жаққа қарай қаштым, суды бойлай алмайтыным бірден есіме сап ете қалды да, еркімнен тыс жүзіп кеттім. Ешкім үйретпей-ақ, өзеннің орта тұсын көздеп жүзіп барам. Жүзіп бара жатып балалардың қарқылдап күлгенін, ана судағы қара бәле жылан емес, қара таяқ екенін де естідім. Естіген соң әрі ашуланып, әрі намыстанып кейін қарай, жағалауға дейін жүзіп жеткем. Саматтың бізді алдағанына ыза боп, өзімнің аңқаулығыма намыстанған түрім ғой ол. Сол оқиғадан кейін-ақ мен де бесінші, алтыншы сыныптың балаларымен бірге емін-еркін өзен суына шомыла беретін болғам. Ол кезде өз кластастарым жүзе алмайтын кездегі мен сияқты жағада ғана қызықтап, шалпылдатып су кешіп жүрер еді. Мен тек суға жүзгенді ғана емес, судың өз басын да жақсы көрем. Ағын судың кейде долы, кейде жайбақарат мінезін ұнатам. Суға қарап ойланып тұрғанды жаным сүйеді. Ағын суға қарасам кірлеп кеткен жаным тазара қалардай, суға түссем тәнім пәктенердей ғажап сезімді бастан кешем. Иә, мен көлді де жақсы көрем. Айнакөлдің мөлт еткен мөлдірлігіне тамсанып, сүңги кетпей біраз ойланып қарап отырғам. Бүгін де міне, мөп-мөлдір көлде малтып жүрмін. Арғы бетке шығу керек екен. Көлдің арғы басына шықсаң жап-жасыл бақша. Уылжып піскен сары өріктің, албыраған алманың, балбыраған бал қауынның тіл үйірер дәмі осында сезіліп тұр. Бәрі соған жетуге асығатын сияқты. Менен қол созымдай жерде үш адам бір қайыққа мініп алып, ескектерін есіп, ызғытып барады. Олардан оқ бойы озық жерде тағы бір қайық су үстімен сырғиды. Маңайымда тағы біраз адамдар бар. Мен сияқты өздері малтып, суды құлаштайды кеп. Айна, анау Айна ғой. Асыл мен Қасым да жанында. Үшеуі үш баллонға мініп алған. Маған қарайтын түрлері жоқ. Мен де жетуім керек бақшаға. Бақша да, жағалау да алыс сияқты ма қалай? Құлаштап жүзейінші мен де, бос қайық қайда бар? Неге мен жалғыз жүзіп жүрмін? Кеттік, Айна, менің соңымнан жүзіңдер-деп айқайладым кенет...
Олжас ұйқысынан оянғанда күн тас төбеге көтеріліп кетіпті. Неге сонша көп ұйықтаған? Шаршап, масайып ұйықтаса қызық-қызық түстер көреді. Тұрған соң қалай жорырын білмей дал болып отырғаны сол. Бұл түстерін көбінде ешкімге айтпайды. Өзі жориды. Бірақ бүгінгі түсін неге жоритынын білмеді. «Айна, Айна»-деп қайталай берді. Кенет Назгүлді ойлап жүрегін белгісіз бір мұң басты. Телефонына Назгүлді «Аққұс» деп сақтап алған. Үйіне барып келгелі Аққұспен кездеспеген еді. Тек хат жазысып қана жүрген. Кешегі жағдай анау. Күйеуі де осы қалада тұрады екен-ау. «Түзелдім, енді ішпеймін, кешірім сұраймын». Оның түндегі үні әлі құлағында тұр. Назгүл оны кешіре ме? Кешірер, қайта өмір бастауға келісім берер ме екен? Бірақ, осы жағдайды Назгүлге ешқашан айтпайтынын біліп, сұңғыла жігіт тұнжырай қалды.
***
Үшінші дәптер
Тәуекел
«Аға, халіңіз қалай? Уақытыңыз болса, бізбен бірге Қоңыр әулиеге барып қайтасыз ба? Ертең таң ата шығып кетеміз». «Вацапқа» келіп түскен хабарлама қарындасынан екен. «Айналайын-ай, екі ақ жас кіші болса да «аға» деп еміреніп тұрады»-деп ойлады. «Мұндай маңызды сапарды звандап айтпай, шәй ішіп кетіңіз дегендей ғып «Вацаппен» жолдағаны несі?» -деп тағы ойланды. Бұның ай маңдайлы жалғыз қарындасының аяулы арманы – перзент сүю. Анасы қайтыс болғанда Бота оныншы сыныпта оқитын. Он бірінші сыныпты бітірген соң оқуға түсем деп талпынған жоқ. Әкесінің жанында болды. Содан қашан үйге келін түскенше оң жақта отырды. Сәдуақас үйленген соң ары қарай үйде қалғысы келмеді ме, әлде жүрегінің қалауы сол болды ма сыныптасы Естай атты жігітке тұрмысқа шығып, қол ұстасып Семейге кеткен. Одан үйде қалған Сәдуақас жоқ, бір жыл өтер өтпесте ол да келіншегін алып, Астанаға тайып тұрды. Бота тұрмысқа шыққанда жиырмаға жетер жетпес жаста еді. Міне, он шақты жылдан асты, әлі бала көтерген жоқ. Құдай бір перзентке зар ғып қойды. Естайдың да қабағы келіспей жүретінін, оқта-текте ішіп алып, үйдің берекесін қашыратынын басқа білмесе де бұл жақсы біледі ғой. Бір қалада өмір сүрген соң екі жаққа да бір-бірінің тыныс-тіршілігі алақандағыдай анық. Бұл қарындасын Естайға тең көрген емес. Қып-қызыл боп селкілдеп күлетін, сөйлесе қалсаң өрекпіп, лепіріп, әңгіменің соңын дауға айналдыратын , не сөзінің, не ісінің берекесі жоқ жұғымсыз жігіттің қарындасын айналдырып алғанына ыза болады. Тіпті, қарындасы бала көтермей жүрген алғашқы жылдары «осыдан құтылып, тәуір біреуге тисе екен» деп те күпірлік ойлаған. Бірақ ол неме Ботаға желімдей жабысып алып, жіберер түрі көрінбейді. Бұның ойынша Ботадай қызды көзі қиып жібере салатын Естай ақымақ жігіт емес. Бала таппады демесең, жұмысын істеп, отбасының шаруасын дөңгелетіп, туған-туыстың арасына алтын көпір орнатып зыр жүгіріп жүргені. Естайдың туыстарын өз туыстарынан кем көрген жері тағы жоқ. Күйеу баланың да тума-туыстары көп-ақ. Әсіресе үйдің тұңғышы Естайдың соңынан ерген іні-қарындастарының бәрінің қамқоры – Бота. Ботаның өмірге келгендегі миссиясы – туған—туыс, ет жақынға түгелдей қамқорлық жасау дерсің. Ботаның бұған деген пейілі де ерекше. Екі күннің бірінде халін сұрап, айына бір-екі рет арнаулы ет асып шақырып, жалғызсыратпайын дейтін ниеті байқалады. Әсіресе ағасы әйелімен ажырасқалы оның да көңілінен алаң кеткен емес. Асыл мен Қасымды айтқанда жанарына жас толып, талай рет жылап та жүр ғой. Бұл да қарындасын ерекше жақсы көреді. Анасы сияқты жанарынан мейірім төгіліп тұратын қарындасына ауыр сөз айтып көңілін қалдырып көрмепті. Қолынан келсе өтінішін орындап, өзінше арқа сүйер ағаның рөлін сомдап қояды. «Қоңыр әулиеге барайық депті. Не үшін менің де барғанымды қалады екен?»-деп ойлады. Бірақ, көп ойланып жатпастан «Сәлем, Бота. Иә, барамын. Ертең мені ала кетіңдер»-деп жазды.
Адам адам болғалы бері осы өмірді ұстап тұрған бір ұстын болса, ол – сенім. Сенімнің арқасында ғана тіршілікті түнек баспай тұрған шығар. Жер бетінде жақсы адамдар көп қой. Олардың ең асылдарын қазақ әулие дейді. Әулиедей адал, әулиедей қасиетті деп сөйлеу қазаққа тән. Тіпті сол жақсылардың әлдеқашан бақилық болғандары да өздеріне магниттей тартып, адамзат атаулының тіршілігіне сәуле шашып тұрса керек. Әсіресе ғұламалардың ғұмыры туралы көп оқитын Олжасты Қоңыр әулие үңгірінің жұмбағы да қызықтыратын. Қоңыр әулие жәй адам емес. Қай қасиетімен әулие атанды екен? Ол неге үңгірді мекендеген? Бұның қисыны бойынша Қоңыр әулие сол үңгірді мекендеген не сонда жерленген қасиетті тұлға. Тарихта әулиелер туралы деректер көп. Әсіресе, орыс, батыс ғалымдарының кітаптарында әулиелердің өмір жолы, жасаған жақсылықтары, жеке өмірлері қолмен қойғандай хатқа түскен. Ал, қазақ тарихындағы әулиелер өмірде болуы да, болмауы да мүмкін аңыздық тұлғалар сияқты әсер қалдырады. Олар жайлы мифтер, аңыз әңгімелер сақталған да, нақты деректер жоқтың қасы. Көңілге медет ететін бір жәйт- әулиелердің ізі жоғалмағаны, аттарының өшпегені. Шығыс топырағындағы Қоңыр әулие үңгірі де халық сенімінің жүздеген жылдар бойғы көрсеткіші іспетті. Қоңыр әулиеге кез-келген адам үлкен тәуекелмен барады. Өмірінің ары қарай өзгеретініне сеніп барады. Сырқат меңдеген жан жазылатынына, баласы жоқ жұбайлар балалы болатынына , тағдырының талқаны шыққан бейбақ ары қарай жарық өмірге аяқ басатынына сеніп, Қоңыр әулие үңгіріне зиярат етеді. Мұндай тәуекелмен жолға шыққан жолаушы ең алдымен жолай Күшікбай батырдың, Еңлік-Кебектің бастарына барып құран бағыштап, Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім кесенелеріне зиярат етіп, сонсоң ғана Қоңыр әулиеге ат басын бұрады.
Олжас таңғы сағат алтыда тұрып алып, күйеу баласы мен қарындасын күтті. Олар сағат жетіге жақындағанда келді. Қарындасы тобығына дейін түсетін жібек көйлек киіп, басына шарқат тартып алыпты. Құдды анасынан аумай тұр. Күйеу баланың ойында әулиелі жерге барамыз дейтін түсінік жоқ сияқты, сол баяғы ыржаң-ыржаң еткен сүйкімсіз бейне. «Олжеке, мен суға түсуден қорқам. Өте суық дейді ғой, балалы болсақ деп жүріп бәле тілеп алмаймыз ба?»-деді Естай. Естай үшін бұл сапардың онша маңызды еместігі, сенімінен гөрі күдігі басым екендігі бірден көрінді. Тобыққа дейін көйлек киіп, шарқат тартқан Бота ғайыптан келген перизат сияқты , күйеуінің алаңғасарлығына, ойсыздығына әбден бой үйреткен кісіше ләм демеді. Ағасын көргенде басында хал-жағдай сұрасып, сұлу жанарымен аялап қарады да, сол көзқарасымен ағасын сыйлап-құрметтейтінін, жақсы көретінін, осы сапарға да өзіне тілеулес, шын жаны ашитын бір кісі – өзі болған соң бірге шығуға өтініш жасағанын ұқтырып, ары қарай өз ойымен өзі әуре кейіпте отырды. «Су суық дейсің, өмір одан да суық қой» деп бір ойлап қойды. Бұлар Абай ауданына Естайдың ақ түсті «Ладасымен» жолға шыққан. Жол бойы Естайдың даурықпа әңгімелеріне шыдауы керек.
-Біз қазақ десе өзіңе тиеді, әлі күнге әулие-мәулие, жын-жыбыр, бақсы-құшнаш дегендерге сенеміз. Айналайын-ау, бұл қай ғасыр? Медицина дамыды, техника дамыды. Қазір тіпті адамның жұмысын роботтар істеп жатыр.
-Естай, бұл – Қазақстан. Біз негізінен тұтынушы елміз.
-Мейлі, солай болған күннің өзінде техника мен технологияның бар мүмкіндіктерін пайдалану керек емес пе? Мына Ботаға да талай айтып жүрмін. Қаласаң Астанаға не Алматыға барып ЭКО жасатайық, көп ақша шығарып емделейік, Семейдегі гинекологтардың алдын тоздырғаннан түк пайда жоқ деп. Баспайды ғой шіркін. Енді келіп Қоңыр әулиеге барамыз дейді. Мен айттым ғой ондай бәле-бетерлерге онша сене бермеймін.
-Сенім мәселесі ол өзіңнің ішкі шаруаң, бірақ, қанша жұрт ағылып келіп, көбі дертіне шипа тауып кететін жерге тіл тигізбей-ақ қойсаң болмай ма?
-Мен күйгенімнен айтам ғой, сол үңгір жайлы көптен естіп жүрмін. Онда маңдайына ақ шүберек байлаған автобустар барады екен. «Аққулар», «Ақ сұңқарлар» , тағы сондай түрлі сектаға кірген адамдар барып, құдайға сыйынбай әулиеге сыйынып, өз араларындағы «әулиелер» мен Қоңыр әулиені «сөйлестіріп» үңгірдің ішінде білгендерін істейді екен. Есіктің алдына мал сойып, қанын шашып, тура тас дәуіріндегі қылықтарды жасайды деп естідім. Естіген құлақта жазық жоқ шығар? Сол үшін барғым келмеді ғой менің. Тек Ботаның көңілі үшін ғана шықтым.
-Секталар жайлы мен де естігем. Бірақ, ол мемлекет қолға алса тыйылатын нәрсе емес пе? Оған бола Қоңыр әулиенің мың жылдық даңқына сызат түспейді. Негізі әңгіме әулиеде де емес. Көл суының қасиетіне сеніп барады көбі.
-Бара көрерміз не болса да. Егер осыдан Бота бала көтермесе, әулие-мәулие дегенді желкемнің шұңқыры көрсін!
Олжас Естайдың соңғы сөзіне жауап қайырған жоқ. Оған жауап берсе, ары қарайғы әңгіменің дауға ұласатынын түсінді. Аз ғана білімімен, әр жерден шала-пұла естіген әңгімелерімен-ақ ол айтыса беруден шаршамайды. Бұл оны қанша жерден таяз, білімсіз адам санағанымен, пысықтығына тәнті. Таксист болып жүріп-ақ бауырларын оқытып, Семейде жаңадан салынған үйлерден үш бөлмелік су жаңа пәтерге қол жеткізіп, мұның қарындасын жылы суға қолын малғызып қойған. «Менен кіші болса да ілтипаты жоқ» деп ойлады Олжас. Бұл қанша дегенмен оқытушы аты бар, маңайындағы өзінен кіші қыз-жігіттердің «Олжеке» дегеніне, студенттерінің «ағайына» құлағы үйренген жігіт емес пе, күйеу баланың өзіне ілтипат білдірмей, тіпті атын да атамай көрген жерде самбырлап сөйлеп кете беретініне ыза болады. Оның дүниеге көзқарасын, қуыс кеудесін жайлаған менмендікті бұл білмейді дейсіз бе? Әрі-беріден соң дүниесі жоқ болғаны үшін қайнағасын менсінбейтінін де жақсы біледі. Айна екеуі «Степное» көшесіндегі ескі үйге әрең қол жеткізгенде ең алдымен қонақ қып осыларды шақырған. Үйге ары-бері қарап, бөлмелерді аралап көріп жүріп «полуторканы неге екі бөлме деп дабырайтып айтқансыңдар?» дегені. Олжас Естайдың қарындасын оқта-текте сабайтынын да біледі. Оны ойласа тіпті өз-өзіне сыймай кетеді. «Қолың сынғыр, тексіз неме. Бота да осы немеге жабысып қалғанын айтсай. Әлде «шыққан қыз шиден тысқары» деп ұзатып салған әкенің қаһарынан қаймыға ма екен? Әлде анам сияқты көнбістігінен жанында жүр ме?».
Мәшиненің терезесінен далаға көз тастап қояды. Дала бүкіл жұмбағын ішіне жасырып, сағымдай бұлдырайды. Семей мен Абай ауданының арасындағы асфальт жол биыл ғана күрделі жөндеуден өткен соң ба, тақтайдай тегіс. Маусымның жан жадыратар жылы ауасымен жеңіл тыныстап отырып, Жүрекадырдағы әкесін ойлады. Әулие атанар шағында қадірін білмейтін әулекі әйелге таңылғанына налыды. Олжас бала күнінде әкесінің қартайғанын басқаша елестететін. Кітапты көп оқитын қияли бала «әкем ақ сақалды, ақ шапанды абызға айналатын шығар. Жанында ақ жаулық тартқан анам бар. Менің келіншегім оларға шәй құйып береді. Үйге сыйлы қариялар бірінен соң бірі қонақ боп келіп жатады. Қонақ бөлмені әкемнің мәжіліс залына айналдырамыз. Ел ішінде айтылып жүрген неше түрлі күшті-күшті әңгімелерді тыңдау үшін біз де сол қариялардың маңайында отырамыз. Басқа қонақтарды бұрын біз жатқан кішілеу бөлмеге қабылдаймыз. Әкем мысы басып төрде отырады»-деп тәтті ойларға берілетін. Бұлай қиялдап жүргенде анасы марқұм да тірі еді ғой. Әкесінің серілігі, сырт киімінің әдемілігі, қонақ шақырғыш, қонаққа барғыштығы жанында жары бар, көңілі бүтін кезде екен. Сол кездегі әкесі мен қазіргі қыңыр, ұрысқақ шалды Олжас миына сыйғыза алмайды.
Қазіргі әкесі мүлде бөтен адам. Анасы тірі кезде Алматы аттап қыдырып кететін Әмір қария қазір мынау тұрған Семейге де аяқ баспайды. Телефон соға қалсаң, «Аманшылық, отырмыз ғой өзің көргендегідей» деп шолақ қайырады. «Бұрын да ештеңеге көңілі толмай қабағы түйіліп жүретін, бірақ, сонша ашушаң емес-тін. Ендігісі тіпті ұят. Әлде адам қартайған сайын өмірден түңіліп, орындалмай қалған арман-мақсаттары үшін күйініп, мінез-құлқы да өзгере ме?». Олжас өз әкесі мен ауылдағы әкесі құралпы кісілерді салыстырады. Бұлардың ауылында тап мұның әкесі сияқты қисық-қыңыр кісілер жоқтың қасы. Жалпы, ауыл адамдары көбіне жайдары, момын келеді ғой. Қулық-сұмдықпен, алдау-арбаумен ісі жоқ, алдарындағы малының ғана жайын күйттеп, мекемелерде жұмыс істейтіндері болар-болмас жалақыға қанағат етіп, тып-тыныш қана өмір сүре бермек. Олар бір-біріне пара бермейді, бір-бірінің жолын кеспейді, бүкіл мәселені ағайынгершілік, туыстықпен шешеді. Олар қартайса да Шынтемір Мәдиұлы ұқсап қартаймайды. Шашын, сақал-мұртын бояп, костюм-шалбар киіп сіресіп, үстіне әтір сеуіп көлгірсіп, қатын аңдып күлкі болмайды. Олар қаланың лас тіршілігінен әлдеқайда биік, таза адамдар емес пе? Тіпті өзінің қисық-қыңыр әкесі де бұлардың кафедрасындағы кейбір арамза профессорлармен салыстырғанда әлдеқайда ары таза адам. Кенет Олжасқа ауылдың момын қарияларының бәрі әулие сияқты елестеп кетті. «Біз неге әулиеден үркетін болдық? Әулие десе қайдағы бір секталармен байланыстырып, ақыр соңында оның өзінен сектант жасап шығарғымыз келеді. Әжептеуір білім-білігі бар жігіттердің «әулиеден келер пайда жоқ. Оларды сектанттар ғана табыс көзіне айналдырып, қарапайым халықты алдап жүр» -дегенін де естідік қой. Тек пайда тұрғысынан ғана баға беріп, ойлайтын болсақ қазақ тарихындағы «пайдасыз тұлғалардың» бәрін сызып тастау керек шығар. Әулие – қазақ тарихындағы ерекше адамдар. Мәселеге осылай қарайық та. Сол ерекше адамдар туралы деректердің барлығын нақтылау керек, ғылыми айналымға түсіру қажет. Біз әулиелерге келгенде аңыз әңгімелердің деңгейінен аса алмай жатырмыз. Сондықтан мына қырт Естайдың өзі әулие-мәулие деп менсінбей, мұрын шүйіреді.
Олжас басындағы сансыз ойлардан бір мезет серпіліп, телефонын қолына алғанда, «Гуглдың» «іздеу» дейтін жеріне «Қоңыр әулие» деп жазды да, клавишті басып кеп жіберді. Ол жерде де мәліметтер аңыздармен байланысты екенін біледі. Сөйтсе де үңгірге жеткенше танысып, көзге елестете берудің еш артықтығы жоқ. Міне, «Гугл» «Орыс императорлық географиялық қоғамының семейлік бөлімшесінің жазбалары» дейтін құжаттағы В.Брюхановтың мақаласын шығарып берді. 1912 жылы жазылған мақаладағы мына сөйлемдер еріксіз назар аудартады: «Шыңғыс жотасының ар жағында, Ақтас тауының солтүстік-батыс баурайынан Шаған өзеніне түсе бергенде Қоңыр Әулие үңгірінің аузына тап боласыз. Ақтас жотасы аппақ әк тасты жыныстан құрылған, сондықтан өз атауына әбден лайық. Оның аппақ шыңдары жасыл шөптің арасында алыстан көз тартады. Үңгірге кіре берісте құлпытастары көп қорым бар екен. Бұл қорым археологтар үшін таптырмас олжа екендігі даусыз.
Үңгірге кіретін саңылаудың тарлығы соншалық, үңгірге бір қырындап әрең кіресің. Бірақ, шамамен бір жарым метрдей алға жүрсеңіз, біршама кеңірек алаңқайға тап боласыз. Алаңға тап-таза құм себілген. Айналада құмды алқаптардың, тіпті бір түйір де құмның жоқ екендігін есепке алсаңыз, бұл құмның басқа жақтан әкелінгендігіне көз жеткізуге болады. Үңгірдің басқа бөлігіне үлкен таста ртөселген. Кіре берістен 10 метрдей қашықтықта тастан жасалған пұт бар екен. Жергілікті тұрғындар бұл пұтты «қалмақ» деп атайды. Тағы біраз солға қарай жүрсеңіз, тағы бір үңгірге тап боласыз. Оның ішінде кішігірім жер асты көлі бар. Бірақ, мұнымен үлкен үңгірге келдім де пойлмаңыз. Кіре берістен оң жақта үлкен үңгірдің өзі орналасқан. Оның жалпы ұзындығы 115-120 метр. Ал ені 10-нан 40 метрге дейін ауысып отырады. Жұмбақ көл – осы үңгірдің түбінде. Көлдің ұзындығы шамамен 17-18, ал , ені 12-15 метр. Өте терең бқл көлдің суы сонысымен бірге керемет таза, мөлдір. Суын ішсеңіз аузыңызға әктің дәмі келеді. Үңгірге таяу орналасқан қорым тас дәуіріне жатады».
Мына жерде 1892 жылы шыққан «Витебские губерненские ведомости» газетінің №63 санында мынадай дерек берілген: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге, көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасы тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіндер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді».
«Қоңыр әулиеге» саяхаттап барған журналист қыздың мына мақаласындағы үзінді де тартымды. «Сонау 1750-ші жылдардың ортасында болған Шаған соғысы кезіндегі бір шайқаста қазақ жасақтарының саны айтарлықтай ойсырап қалады.Сонда Абылайхан:
- Енді жауға өктеп шабуға болмайды. Қарамыздың аз екенін жоңғарлар байқап қалды. Қаша ұрыс саламыз, - дейді. Осы кезде топ ішіндегі жас батыр Тоқтамыс суырылып шығып, ханның алдына келіп дат сұрайды.
- Жау беті қайтып тұрғанда санымыз аз деп жасқанып қалғанымыз жарамас. Аттың құйрығына қараған, шеңгел, бұта байлап жауға қарсы ұран сап шапсақ, қалың шаңнан жоңғарлар қолдың санын байқай алмайды, - дейді. Сонда Абылай:
-Япыр-ай, мынау Қозыке баланың сөзінің жаны бар екен. Нар тәуекел, аттың құйрығына байлайтын шеңгел, қараған, бұта шауып әкеліңдер, - деп бұйырады. Айтқандай-ақ, осы шайқаста жау жағы қалың шаңнан қазақ қолының аздығын білмей дүркірей қашады. Сол қашқаннан Шаған тауының бір тас үңгіріне барып тығылса керек. Сол үңгір – Қоңыр әулие үңгірі екен. Ал бұл шайқас кейіннен «Шаңды жорық» немесе «Қалмаққырған» деген атпен тарихта қалыпты.
Шынында да қазақ, қалмақ кезек паналаған үңгір маңында зираттар да көп кездеседі. Тіпті, олардың бірінің басы көтеріліп, ескерткіш тақта да қойылыпты».
Кейбір басылымдарда үңгір түбінде тағы бір көлдің бар екендігі айтылған мақала да Олжасты қызықтырды. Онда туризм қызметкері С.Кистанов, туризм және спорт ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі К.Миляев, «Тұран» университетінің доценті В.Волошин бастаған топтың Қоңыр әулие үңгіріндегі көлдің түбіне сүңгіп, зерттеу жұмыстарын жүргізгені баяндалған. Нәтижесінде көл суының астында көлемі 10х10 болатын қара қуыстың бар екендігі, оның арғы жағы тұңғиық теңіз екені анықталған. «Көлді зерттеп жүргендер бар екен ғой. Ал, Қоңыр әулиенің өзі кім екен? Ер ме, әйел ме? Бірқатар аңыздар мен заттай деректер оның әйел екеніне сілтеп тұр»-деп ойлады Олжас.
Бұлар түс шамасында «Қоңыр әулиеге» де келіп жеткен. Үңгірдің кіре беріс есігінен жүз метрдей жерде бір автобус тұр екен. Үңгірдің аузында тізіліп тұрған адамдардың соңын ала бұлар да кезекке тұрып, жолбастаушының аузына қараған. «Үңгірдің ішіне кірген соң сөйлеуге тыйым салынады. Бір-бірлеріңізбен сөйлеспейсіздер. Көлге шомылып жүріп алуға болмайды. Үш рет сүңгіп шықса жеткілікті. Аяқ-қолдың сіңірлері тартылып қалу қаупі бар, сондықтан бір-бірлеріңізді бақылап жүргейсіздер. Ал, біссіміллә деп кірейік. Олжастың білуінше, бұрын үңгірдің алдындағы алаңқайда қабірлерден басқа ештеңе болмаған. Тәуелсіздіктің жемісі ғой, енді міне қонақ үй де менмұндалап тұр. Алыстан келген адамдар қона жатып, жолға таңертең шығатындай жағдай жасалған. Адамдар көлеңкелеп отыратын бастырма тұр қалқайып. Осы бастырманың астында малдар құрбандыққа шалынып жатыр. Туризмді дамыту туралы ұмытпаса «Мәдени мұра» бағдарламасында айтылды ғой. Одан беріде қанша бағдарламалар жасалды. Солардың көбінде туризм туралы пункттер бар. Үкіметтен Қазақстанның киелі жерлерінің картасын жасау туралы тапсырма берілгенін де бұл біледі. Соның бәрінің нәтижесі – мына қонақ үй кешені мен бастырма болса керек. Бұнысына да шүкір. Олжас үңгірдің бір кісілік аузынан Бота мен Естайдың алдында кіріп бара жатып осыны ойлаған.
Үңгірдің іші қоңырсалқын екен. Тар аузынан бір қырындап кіргенде шамамен екі метрдей алға жүрген соң құмтөселген алаңқайды өз көзімен көрді. Бірақ, адамның бойымен бірдей әйел мүсінін, оның маңайында шашылып жатқан моншақтарды, заттарды көре алған жоқ. Мүмкін археологтар зерттеуге алып кетті ме екен, әлде тауда сел жүргенде , жарылыс болғанда тас басып қалды ма ол жағы белгісіз. Алаңның оң жағындағы үлкен үңгірге қарай бет алған Олжас үңгір ішінің суықтығына бойын үйретіп, іштей бар білетін дұғаларын айтып өз ойымен, ішкі сезімдерімен арпалысты. «Е, Алла, жолымды оңғара гөр. Шалыс басқан, теріс басқан қадамдарымды кешіріп, өз панаңа ал. Осы жасқа дейін басымды тауға да, тасқа да соғумен келем. Шындықты айтқаным, өзімді табиғи қалпымда ұстағаным үшін ешкім мені кешіргісі келмейді. Ет жақын бауырларым да, ең жақын достарым да, тіпті әйелім де менен сырт айналды. Ең соңында жұмыстан да шығып қалып, қоғамның ең керексіз мүшелерінің қатарына қосылдым. Мен өзімнің кемшіліктерімді де жақсы білемін. Елдің бәрі мен сияқты ойлап, мен сияқты сезінсе екен деймін. Оңайшылықпен иіле қоймаймын. Мінезім де біраз тұйықтау. Мансап пен мал-мүлікті, атақ-даңқты алдыға шығарған адамдармен тіл табысуым тіпті қиын. Енді міне отызды орталағанда бәрінен оқшауланып жалғыз қалдым. Менің жалғыздығым жаныма демеу болар адам іздеген, әділетті ту көтерген қоғам іздеген шын жалғыздық. Бүгінгі достық пейілі ертеңгі жаулық ниетке ұласқан алдамшы достардан, өзін зор санап, өзгені қор санайтын бәкене бастықсымақтардан, екіжүзді, жағымпаз, надан адамдардан, етіңді көрген соң-ақ басына кететін әйелдерден безіндім, шын шаршадым. Өз-өзіме дос болуды үйрендім. Өзімді жақсы көріп, бағалауды үйрендім. Шыным осы. Бұрын өзімді де аямай, барлық кемшіліктерім мен қателіктерім үшін іштей шықпыртып сабап, жазалайтынмын. Өзіне қатал адам өзгеге жайлы болмайды. Қазіргі жеткен «жетістігім» осы қаталдықтан, шындық іздеп шырылдай беруден екенін ұқтым. Адамның жер бетіне келгендегі ең бірінші мақсаты – Аллаға құлшылық ету екенін діни кітаптарды оқи жүріп түсінгем. Бірақ мен құлшылық ете алмадым. Құлшылық жасауға түрлі сылтаулар тауып, сытылып кете беретінмін. Бәлкім құлшылық жасағанымда, өкініштерім аз болар ма еді? Түрлі эмоциялардың құрсауына түспей, өзімді дұрыс, бір қалыпта ұстап, осы күні қоғамнан өз орнымды табар ма едім? енді жар жағасына келіп тұрғандаймын. Жан аллам, тіршілігім өзіңе аманат, құлшылығым өзіме аманат болсын. Жолымды оңғара гөр. Көзімнің қарашығындай қос құлынымнан алыстата көрме. Жалғыз қарындасымның тілегін қайтарма. Жабырқау жүзімді жадырат, жаныма нұр құйып, өзіңе жақындата гөр!».
Олжас үңгірдің түбіндегі көлге сүңгіп шыққанда да Аллаға сыйынумен болды. Көлдің тастай суына күмп бергенде алғашында денесі тітіркенгенімен, су түбіне сүңгіген кезде санасы шайдай ашылып, өзіне құдыретті күштің сәулесі түскендей рахат сезімді бастан кешті. Ол мұндай жан рахатын ешқашан сезбеген екен. Жан рахатының басыңдағы барлық күйзелістен, қысыр жыландай сумаңдаған керексіз ойлардан артық екенін жоғары санамен сезіне білді. Ол тіпті су астында сырғанап бара жатып ана дүниеге кетіп қалған жоқпын ба деп те күдіктенді. Жоқ, сенімнің құпия құдыреті оның жан түкпіріндегі өзіне белгісіз әлемді ашып берген сияқты. Бұлар үңгірден шыққанда есіктің алдында тағы бір топтың қаумалап тұрғанын көрді. Олжас неге екені белгісіз үңгірден шыққан мезет ең алдымен Естайдың жүзіне қараған. Таңертең осында қарай шыққандағы ыржақай бейнесі жоқ. Жүні жығылып қалыпты. Тіпті өзінде әулие, көл туралы айтысуға ниет те жоқ сияқты. Ол не көрді, не сезді екен? Бота ше? Ботаға да мына керемет үңгір ерекше әсер еткен ау. Екі беті алаулап, көзі нұрланып алған. Жолда қарындасы «аға, көр де тұрыңыз, бұдан кейін сіз екеуміздің тілегімізді Алла береді. Су астында өзімнің де, сіздің де бейнеңізді көрдім. Сіз сәуле шашқан бір ғимаратқа қарай кетіп барады екенсіз. Тосып мені күтіп тұрдыңыз да, мен жеткен кезде қолымнен жетектеп алып, соның ішіне кіріп кеттіңіз. Бұл түс емес. Аян оқиға. Қалай болғанда да тегін емес қой, әумин деңізші»-деді. Олжас шын ниетімен «Әумин» деді...
***
Маусымның орта шені. Күн ерекше қапырық. Интернациональ көшесіндегі орталық саябақтың жанындағы «Космос» бизнес орталығының алдында жиырма шақты кісі топ-топ болып сөйлесіп тұр. Дәу де болса «Бірінші бол» деп ақыл үйретіп жүрген жігіттің тренингіне қатысуға келген адамдар шығар. Сағат тоғыз бола қоймаған кез. «Космостық» күзет қызметі адамдарды «сағат тоғыз болған жоқ» деп ішке кіргізбей, кері итереді. Бұл да бір шетте әркімге жалтақтап қарап қояды. Ондағысы тамыр-таныс ешкім жоқ па екен деген ой. Біреу-міреуді кездесстіріп қалса, үндемей сытылып кетуге де дайын. Олжас жұмыстан шығып кеткелі бері «ары қарай не істеймін?» деген ойдан бір сәт те арылған емес. Бір тәуелкеге бел байлағаны рас. Бірақ ол ойы орындалмай қалса ше? АИЛТС-тан күткендегідей балл жинай алмай қалса қайтпек? Тіпті жинаған күнде де Колумбия университетінің докторантурасына түсетініне кепілдік бар ма? Ағылшын тілінің репетиторы Елена Яковлевна АИЛТС-ты бұл емес, өзі тапсыратындай қадағалап , сабаққа көңіл бөлмей қалса ұрсып, грамматиканы миына құйып ақ берді. Кейде дүниеде бұған сенетін жалғыз адам сол сияқты елестеп кетеді. Ұрсады, жақтырмайды, жылы сөйлейді, еркелетеді, сенім білдіреді. Ағылшын тілінің грамматикасын жілікше шағып түсіндіріп тұрғанда алдында отырған жеті-сегіз адамның бәрінің қас-қабағын аңдып тұратынынын айтсай, кім түсінді, кім түсінбеді дегенді сезіп, біліп қояды. Өз жұмысына не деген берілген жан? Ақша ма әлде адамды қанаттандыратын? Бұлар оған кәдімгі екі аяғы, екі қолы бар пенделер боп емес, айына төлейтін отыз мың теңгенің нақ өзі боп елестейтін шығар? Айына сегіз адамнан 240 мың теңге түседі? Елена Яковлевна бір топ емес, екі топты оқытып жүр. Он бес адамы бар. Сонда ол айына 450 мың теңге табады. Бұл орталықтан жырақтағы Семей үшін әжептеуір қомақты қаражат. Елена ханым тек Олжасқа ғана емес, елдің бәріне бірдей қарым-қатынас жасайды ғой. Бәріне сенім беріп, қанаттандырып, шабыттандырып қояды. Ағылшын тілі сабағына қатысу бұл үшін дүниедегі рахат шаруаның бірі. «Тіл үйреніп жүрмін»-деп сабақта өз-өзіне риза көңілмен отырады. Ал ұстаздың алдынан шыққан соң, ағылшын жайына қалып «өз-өзін іздейді».
Өз-өзін іздеу бұл күнде сәнге айналған тақырып. Оқытушы кезінде өзін іздеу, табысты болу, желілік маркетинг, тренинг, гештальд, психология деген тақырыптарға арнайы көңіл бөлмепті. Асқар әйтеуір ақылы тренингке қатысып жүретін. Ең құрығанда таңертең сағат алтыда тұруды үйренесің дегенді сол айтқан. Бірақ, бұл өзі онсыз да таңертең ерте тұратын типтегі адам болған соң мән бермеген. Олжастың қасиеті – жазу жазса да, кітап оқыса да күн шыққан соң бастайды. О бастан түнде жұмыс істеу қабілеті әлсіз. Бір айда миллион табу, медитация жасау туралы да Асқардан естіген. Сол кезде де тренинг, табысты болу деген тақырыпқа жоламаған екен. Қазір байқаса көпшіліктің ермегі осы. Бәрі ақшалы болғысы келеді, бәрі мықты болғысы келеді. Шынымен-ақ солардың бәрі белгілі бір мақсаттары бар, бизнес-жоспарлары бар адамдар ма, жоқ әлде дүрмекке ілесіп жүр ме, ол жағы бұл үшін қараңғы. Білетіні, бұл да соңғы кездері тренингке қызығушылық таныта бастаған. Жұбаныш Дөңбайдың «Бірінші бол» деген кітабының электронды нұсқасын оқыған соң , табысты адамдардың ақылдарына құлақ түре бастаған. Әрине, бұл өзінен ешқашан кәсіпкер шықпайтынын біледі, бірақ өзіндегі бар білімді қалай ақшаға айналдыруға болады деген сауалдың жауабы қызықтырады. Мысалы, бұл он жылдық тәжірибесі бар, дап-дайын тарих пәнінің оқытушысы. Қолынан мақала жазу келеді. Орыс тілінен аударма жасайды. Шағатай, ұйғыр жазулары мен төте жазуларды оқи алады. Сөйте тұра қоғамға керексіз бір пендеге айналды. Өткенде «ақша табайын» деген ниетпен «Зор Отанның» байқауына қатысып еді. Ол жердегі апайтөс, зор кеуделі қазылар бұның жазуын қор санап, ешқандай жүлдеге іліктірген жоқ.
«Космостың» мәжіліс залына бірталай адам жиналыпты. Бағана сыртта тұрған адамның қарасы жиырма шақты еді, мұнда қырық-елу адам отыр. Бәрінің көзінде үміт . Олжас жиылған адамдарға бажайлап қарап, жас мөлшерлерін анықтап алды. Отырғандардың көбі жиырма мен отыздың арасындағы жастар. Өзі қатарлылар да жоқ емес. Қырық, елу жастың шамасындағы ана төрт-бес кісі де ілгері үмітпен келіп отыр-ау. Сағат 9.30-да Жұбаныштың тренингі басталған. «Үш сағатқа бес мың теңгемді қиып келдім. Мен естімеген не айтар екенсің»-дегендей Олжас Жұбаныштың жүзіне барлай қарады. Жұбаныш орысша-қазақшаны араластырып сөйлейтін, өткір көзінен ұшқын шашқан, бидай өңді, орта бойлы, дембелшелеу келген жігіт екен. Алғашында сөзінің бәрі кекесін сияқты естілді. Тренинг бастала қалғанда «пәленше дегенді естідіңдер ме, түгеншені білесіңдер ме, мына ұғым қандай, ана ұғым ше» деп зығырданды қайнатты. Бизнес саласындағы ресми атауларды бұл біле бермейтін. Жұбаныш нақ осы адам біледі-ау деген кісіше бұған қарап тұрып сұрақ қояды . Бұл жерге қарайды. Десе де оның айтқан сөздерінің көбі көкейіне қонды.
-Қазір қоғамда көбі өзін іздеп жүр. Бірақ олар осы іздеудің мағынасыз екенін сезбейді. Мысалы, көзіңе көзәйнек киіп алып, оны іздеген сияқты хәл. Адамдардың көбі есалаң. Иә, біз ресми түрде есалаңбыз. Таңдау жасағанда, шешім қабылдағанда бейсаналы түрде яғни, ақылсыз түрде жасайды екенбіз. Оны ғылыми болжам ретінде дәлелдеген Ричард Телор былтыр экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері атанды. «Иррациональды таңдау теориясының» авторы өмірде жасалатын таңдаулардың ақылсыз, қисынсыз жасалатанына болжам жасады. Сонда адам үшін ең маңызды нәрсе не деп сұрамайсыздар ма? Ең маңыздысы – денең мен ойыңның дәл осы сәтте бірге болуы. Иә, ойың денеңмен үйлесіп, осы мезетте тұру керек. Сіздер күлетін шығарсыздар, бірақ мойындау керек, біз не өткенді уайымдаймыз не болашаққа сапар шегіп кетеміз. Дене мен ойды бірлікте ұстап тұру оңай емес. Екіншіден, өзіңді бірнәрсеге бағыттай білу. Ол үшін бір нәрсеге бес минут назар аударуды үйрену керек. Мысалы, ағылшынның атақты байларының бірі Эндрю Карнегиден табысты болуының сырын сұраса, «мен алдымдағы затқа бес минут қарап тұра аламын» депті. Сіз қарап тұра аласыз ба?
Дәл осы сұрақ Олжасқа қойылған.
-Мен ғылым саласында жүрген адаммын. Бес минут назар аудару мен үшін қиын емес-деді.
-Сізге қиын емес шығар. Бірақ, барлығына бірдей оңай деп айтуға тағы болмайды. Көрдіңіз бе, қазір заман басқа. Ақпараттар көп, бір ақпаратты оқып алып, екіншісін қуалап, одан үшіншісіне секіріп кете береміз. Бір затқа бес минут қарап тұруға төзімі жетпейтін, бір тақырыпта бес минут әңгімелесе алмайтын адамдардың легі қалыптасып келеді.
-Сіздің өмірдегі мақсатыңыз қандай? Жұбаныштың сауалына арық қара қыз не деп жауап берерін білмей жан-жағына жалтақ-жалтақ етіп қарады. Бір кезде әйтеуір бірнәрсе айту қажет деген ой санасына жетті-ау деймін:
-Мақсатым – ата-анамның үмітін ақтау, оқуды жақсы бітіру, келешекте жақсы маман болу деп шұбырта бастады.
Олжас «не деген жаттанды мақсат еді»-деп ойлап үлгергенше Жұбаныштың өзі сөйлеп кетті.
-Әне, сенде мақсат жоқ. Мақсат та жоқ, жоспар да жоқ. Әлгі айтқан сөздерің ауада қалқып ұшып жүрген пікірлер. Ол сияқты сөздерді туған күндерде құрбылар бір-біріне тілек ретінде айтады. Сосын ол көп адамның ойында қалып кетеді де, адамдар «менің де мақсатым осы» деп өзіне «жапсырып» алады. Жалпы, қарындасым, сені мұқату менің ойымда жоқ. Бұл көп адамға ортақ дерт. Мен соның шығу тегін айтып тұрмын. Көпшілік адамдарда мақсат болмайды. Бірақ оны олар мойындай бермейді. Мойындамаған соң ми автоматты түрде басқа біреулердің мақсатын «жапсырады». Олар мақсаты бар адам ұқсап жүреді, өздерін солай ұстайды. Бұл – дерт. Бірінші тапсырма. «Менде мақсат жоқ». Осыны мойындай біл. Екінші тапсырма «Мен ештеңе білмеймін». Міне осыны мойындаған жігіт нағыз красавчик. Сол адаммен ары қарай жұмыс істеу оңай.
Жұбаныш шынында мықты жігіт екен. Көп біледі, білгенін бойына сіңірген. Аудиториямен жұмыс істеу, көпшілікті сендіру, оларға мотивация беру, бір ғана тренингте ой-пікірлерін өзгерту оңай шаруа емес. Орысша-қазақша араластырып сөйлесе де, тіпті кей тұста ойын жеткізу мәнері орашолақтау болса да Олжас оны ұнатты. Ең бастысы қызыл сөзден қуырдақ қуырып, шешенсіп, көсемсіп ақыл айтпайды екен. Адамға тән кемшіліктерге диагноз қояды әрі дұрыс қоя біледі. Тренинг соңында Жұбаныш қатысушылардың бәріне ортақ кемшілікті бір-ақ айтты. «Сіздер ақша табу қиын деп ойлайсыздар, сосын таба алмайсыздар».
Олжас бұл тренингке қатысқанына өкінген жоқ. Өмірде жолы болған, табысты жігіттің ой-пайымын тұңғыш рет өз аузынан естіді. Қазақстанның бүкіл қаласын аралап тренинг өткізіп жүрген Жұбаныштың «болған үстіне бола түссем» деген кеуденің жігіті екені көрініп тұр. «Бірінші бол» кітабым 65 мың тиражбен басылып шықты деді. Бұл қазіргі жазғыштардың ешқайсысының түсіне кірмейтін тираж. Олжас кеңес үкіметі тұсында қаламгерлердің кітаптары он мың, жиырма мың, тіпті елу мың тиражбен шығып тұрғанын біледі. Ол кезде идеология басқаша еді. Қазір ол келмеске кеткен. Қазір үкімет ешкімнің кітабын ондай сұмдық тиражбен шығарып бере алмайды. Ең атақтылардың өзін ұзаса екі мың тиражбен шығартады. Үкімет шығармай, өзі шығарса да сол екі-үш мыңның маңайы. Өйткені көпшілік кітапты сатып алып оқығысы келмейді. Іздегенің интернетте тұр емес пе? Көбіне кітап сатып алатындар да үлкен буынның адамдары. Әйтсе де Жұбаныштың кітабы 65 мың тиражбен шыққаны Олжасты қызықтырды. Бұл жігіттің ой-пікірлеріне осынша аудитория қызықты деген сөз ғой. Одан бөлек тренингтеріне қатысады топырлап. Бағана да жастар жағы «Семейге енді қашан келесіз?»деп сұрап жатты. Бұл – жеңіс. Халықтың сеніміне кірген адамның жеңісі. Тіпті ол сондай керемет білімді адам емес шығар, бірақ, өзіне не керек екенін нақты біледі. Әрі табысты адамның сөзінің де әсері бөлек болатынына тұңғыш рет көз жеткізді.
***
Ағылшын тілінің әйтеуір бір кезде бұның өмірінде маңызды рөл ойнайтынын бұл білген жоқ. Мектепте ағылшын тілінен «өте жақсы» деген бағаға оқыған. Жүрекадырда ағылшын тілінен сабақ берген Гүлмира апайды жақсы көргені үшін барлық оқушы тілдері келсін ,келмесін оқып, үй тапсырмасын орындап келетін. Ол кісі де бұлардың көңілін қимай бестікті шүлен үлестіргендей ғып үлестірген. Бірақ, мектеп бітіргенде ағылшынша сөйлей алатын, сөйлемек түгілі акцентсіз оқи алатын бала болған жоқ. Университетте екі жыл ағылшынша тіл сындырған. Бұларға алғашқы курста ұзын бойлы, шашы қысқа қырқылған, бет-аузы бір уыс Құрманай Хакімжанқызы атты апай сабақ берді. Жасы алпысты алқымдаса да жас келіншектер сияқты сызылып, сылқ-сылқ күліп отырып, сабақ үйрететін. Бұлар үлкен апайдың ерсі қылығын мазақ етумен болды да, сабақты қарық қылмады. Екінші курста Айсамал есімді жас қыздың уысына түсті. Сол кездерде Айсамал ұзаса 23-24-тердегі бойжеткен шығар. Бұлар да жас. Тағы да жырқ-жырқ етіп жүріп сабақ оқымайтын шығармыз деп ойлаған. Бірақ, жас оқытушы бұлар күткендегідей емес, қатал боп шықты. Ағылшын тілінің кәнігі маманы сабақ кезінде ешқашан қазақша сөйлемейді. Тек ағылшын тілінде сөйлеп, қанды ішті. Бұлар амалсыздан сөздік жаттауға көндікті. Олжас университеттің дәл жанындағы өзі төрт жыл бойы мекен еткен «Студенттер Үйінің» 56-шы бөлмесінің қабырғасын екінші курста ағылшын тілінде диалогтар жазылған қағаздармен «әшекейлеген». Өзінің кереуетінің маңында да сөздік жазылған қағаздар бұрқырап шашылып жатар еді. Бұл сабақтан келе сала әлгі қағаздарды қайта-қайта оқып, жаттап әуреге түсетін. Сөйтіп жүріп екінші курстың соңында ағылшынша тәп-тәуір меңгеріп шыққан. Тек бұл емес, группаластарының барлығы да ағылшын тілінен «жақсы» деген бағаға емтихан тапсырып еді. Сол Айсамал апайының арқасында магистратурада да ағылшын тілінің емтиханынан сүрінбеген. Бірақ магистратура бітірген соң бұл ағылшын тілін онша керек етпеп еді. Әлде ағылшын тілі бұны керек етпеді ме, әйтеуір сол тілмен қарым-қатынасы біраз үзілгендей болған.
Соңғы екі жылдан бері қайта көңіл бөліп жүр. Былтыр докторантураға тапсырарда да өзі грамматиканы қайталап, ағылшынша кинолар көріп біраз жаттықты. Биыл да «Эрудит» орталығында Елена Яковлевна апайынан тәп-тәуір тіл сындырды. Кез-келген өзге тілдің бір жаман жері – өмірде қолданбасаң тез ұмытасың. «Эрудит» орталығына бұның көңілі толады. Мұнда тек ағылшын тілін ғана емес, орыс, жапон, француз, қытай тілдерін де үйретеді. Би үйірмесі жұмыс істеп тұр. Аптасына үш рет келгенде байқайтыны – түр-түсі басқа, яғни, шет елдік оқытушылар да жүр. Олжас табиғатында өте аңғарымпаз жігіт. Ол осында тіл үйреніп жүрген жастардың көбінесе орыстілді екенін байқайды. Мұның тобында да сондай жастар. Олардың бәрі АИЛТС емтиханын жоғары бағаға тапсыпрсақ деген үміткерлер. Олжас 5 не 6 балл алсам деген ойға бекіп қойған. Ал, тобындағылар 7-8 балл алсақ дейді. Олардың ағылшыншасы мұныкінен тәуірлеу. Елена Яковлевнаның жақсы қасиеті – сен жақсы білесің, сенің деңгейің төмен деп кемсітпейді. Бәріне тең қарайды. Сол үшін де Олжас өзінің жаман ағылшыншасына қысылмай-ақ, жұртты күлдіріп, сүрініп-қабынып сөйлейді.
Олжас Елена Яковлевнамен Назгүл арқылы танысқан. Жұмыстан шығып қалған соң алдымен Жүрекадырға барып келді. Сосын Назгүлмен бір кездескен кезінде ағылшын тілін оқимын деген шешімін айтқан. Колумбия университетіне түссем деген ниетін де жайып салды. Профессор Ринат Абазов туралы да айтты.. Ажарлы келіншек бұл Колумбия университетіне дәл сол күні кетіп қалатындай қатты құшақтап, шөпілдетіп сүйе берген. Олжас сол күні оқуға түсе қалғандай жағдай болса, Назгүлдің өзімен бірге кетпейтінін түсінген еді. Міне, енді «Эрудит» орталығының қызметкері сияқты сол жерден шықпайтын болды. Алғашқы екі айда аптасына үш рет келіп оқып жүрген. Маусым айының алғашқы үш аптасын ғана сабаққа арнамақ. Сол үшін интенсивті түрде аптасына бес реттен келіп жүр. Маусымның 22-сі күні Өскемен қаласында емтихан тапсырады. АИЛТС емтиханын Семейде тапсыра алмайды. Ол емтиханды ресми екі мекемеде ғана тапсырасың . Оның бірі – British Council (Ұлыбританияның білімі мен мәдениетін шет елдерде таныстыратын халықаралық ұйым), екіншісі - Interpress IH (халықаралық ағылшын тілі орталығы). Бұл екі ресми мекеменің де филилалдары Семей қаласында жоқ. Сондықтан емтихан тапсыру үшін Өскеменге бару керек. Болмаса Астана не Алматы сияқты ірі қалалардан тапсырсаң да болады. Бұл не де болса жақындағы Өскеменнен тапсырайын деген оймен емтиханға алдын-ала тіркеліп қойған.
Көңілінде күдік те жоқ емес. «Тапсыра алмай қалсам ше?» деп ойлай береді. Бұрын өз-өзіне сенімді еді. Қандай істе де жанып тұратын. Өзінің жолы болатынына сенетін. Бірақ сенімнің де күл-талқаны шығатын кездер болады екен. Он жыл бойы оқытушы болғанда ешқандай жетістікке жеткен жоқ. Университетте жүргенде «елдегі танымал ғалымдардың бірі боламын» деп армандамап па еді. Сол үшін тырбанып жүріп оқыған. Емтихан, сынақтардың кезінде группаластары қолдарында бар материалдарды қанағат етіп, сол бойынша дайындалатын. Бұл қаладағы кітапханаларды шарлап жүріп, ізденетін. Керек беттерінен көшірме жасатып, оқытушының сұрағына мейлінше мол қамтып жауап берер еді. Бакалаврды бітірген соң дереу магистратураға түсті. «Докторантураға түссем» деген ойына әкесі келісім бермеді. «Балам алты жыл бойы оқыттым. Ары қарай жұмыс істе. Үйлен. Өз арбаңды өзің сүйре. Кейінірек реті келгенде өзің түсерсің»-деген. Сосын бұл Семейге қайтуға мәжбүр болды. Семейге келген соң әкесі өзінің ескі таныстарының бірі Шынтемір Мәдиұлымен жолығып, бұның жұмысқа орналасуына көмектесті. Асқар таудай әкесінің бұның өмір жолына ықпалы көп болды ғой. Расын айтқанда магистратураны енді ғана бітірген, үлкен өмірдің ұңғыл-шұңғылын білмейтін жас жігіт бірден университетке оқытушы болып орналаса алмас еді. Бірақ, сол он жылдың ішінде бұл неге көгеріп көктемеді? Мінезі жаман ба? Білімі таяз ба? Адамдармен қарым-қатынас жасай алмай ма? Осы жерге келгенде оның шартарапты шарлап жүретін ойы біраз кібіртіктеп қалады. Рас, бұның адамдармен қарым-қатынасы әлсіз. Белгілі бір адамдармен ғана аралас-құраластықта болған да, өзінің таныстық шеңберін кеңейтпеген. Қазір қандай ғасыр, қандай заман десеңізші? Бір жерде отырған адам да бір, қақтың суы да бір. Отбасынан кетуіне де сол қарым-қатынастың әлсіздігі себеп болды ма? Бұл жерде Олжас мардымды жауап айта алмайды. Айна да, Назгүл де бұның ең жанды жері. Әйел затына қатысты өз-өзіне сұрақ қойса, бұл жанды жеріне қадалар инеден қашар еді. Ондай сұрақтар тура ине сияқты ғой. Бұл әйелге көптің көзінше сұқтанып, еміреніп тұрар еркектердің қатарынан емес. Жақсы көрсе де, жек көрсе де онысын оңашада ғана білдіреді . Әйелге деген көзқарасын да, қарым-қатынасын да біреумен бірге талқыламапты. Тіпті өзіне-өзі сұрақ қойғанда да Айна мен Назгүлдіі айналып өткісі кеп тұрады. Жарына деген өкпесі қара қазандай. Ашынасының махаббатына күдікпен қарайды. Лаулап жанған оттың тез сөнетінін біледі.
«Мен өмірде көбінде бақылаушының рөлінде ойнадым. Ешқандай «ойындарға» араласпай сырттай бақылап тұрғанды жақсы көрдім. Сол үшін көбіне елеусіз қалатын ем. Оқуды бітіріп , алғаш жұмысқа орналасқан жылдары өз-өзіме сенімім күшті болатын. Кафедрадағы үлкен профессорлардың өздері пікіріммен есептесіп, ой-пікірлерімді айтқызар еді. Кейіннен кейбір ойларымның «қолды» болғанын аңғардым. Аты дардай үлкен профессор менің пікірлерімді мақалаға айналдырып, оны «Егемен Қазақстан» газетіне шығарғанда көзім атыздай болған. Бірақ жасы үлкен кісіге «оныңыз не?» деп айта алмадым. Бұндай оқиға бір емес, бірнеше рет қайталанды. Кейіннен бастығым жыл сайын конференцияда сөйлейтін сөзін маған жазғызатын болды. Аз да емес, көп те емес оның баяндамасын бес жыл бойы мен даярладым. Көз майымды тауысып отырып, жазып бергенімде «рахмет» деп те айтып көрмепті. Мұндай нәрселер адамның етін өлтіріп, суытады екен. Содан кейін ақ бақылаушының рөліне қалай көшіп алғанымды өзім де білмей қалдым. Кафедрадағы жағымпаз оқытушылар жайылып жастық, иіліп көрпе болуды қалай меңгерген десеңші? Ал мен сияқтылар да бір ,түзу терек те бір. Сол түзу терек қалпыммен он жыл бойы бір мекемеде жұмыс істеппін. Бір жұбанышым, алданышым – оқытушы болдым. Студенттер тәрбиеледім. Солардың тап-таза пиғыл-ниеттеріне малынып жүріп, кафедрадағы былық-шылықтарға бақылаушы боп қана жүрдім емес пе? Одан артық енді не керек? Жиырма жылымның босқа өтпегеніне шүкір».
***
Бүгін маусымның 22-сі. Олжас Өскеменге кеше келіп алған. Қасым Қайсенов көшесіндегі «Best» тіл үйрету орталығында ағылшын тілінен АИЛТС емтиханын тапсырады. Кеше келгенде осы маңайға жақын жердегі «Алтай» қонақ үйіне аялдап еді. Міне, таңертең тұрды, ас-суын ішті де емтихан тапсыруға орталыққа асығып жеткен беті осы. Мұнымен бірге емтихан тапсыратындардың қарасы көп екен. «Эрудитте» Елена Яковлевнадан бірге сабақ алғандар түгел жиылған. Олжасты көргенде гуілдеп, жандарына шақырды.
-Олжас, привет.
-Приветик! Ты готов?
-Привет! Не волнуйся мы с тобой!
Осыны айтып жатқандардың бәрі қазақтың қаракөз қыздары. Бұның тобында негізінен қыздар оқыды. Кейбірі шет елге иммиграцияға кетуді көздесе, кейбірі «Болашақпен» оқуға түсуді мақсат етіп жүрген жастар. Олжастың бір әдеті – қандай да бір емтихан тапсыратын боса, қатты толқиды. Сол ішкі толқуы сыртқа шығып қалады. Жас қыздар да соны байқап «не волнуйся» деп тұр-ау.
Орталықтың кіре берісіндегі дәлізге ұзын стол қойып алып, сонда бір парақтарды асығыс толтырып отырған екі қыз бұларды емтиханға кіргізу үшін әрқайсысын жеке-жеке шақырып, құжаттарын тексерген. Соңында емтихан басталуға он бес минут қалғанда бұларды аудиторияға да жеке-жеке шақырды.
-Әмір Олжас!
-Мен.
-Мұнда келіңіз. Аудиторияға қанат байлап кірді. Бұған алдын-ала дайындалған жер тура алдыңғы қатардағы 1-ші орын екен. Олжас мұны жақсы ырымға балады. Үміткерлердің бәрі өз орнына жайғасқан соң бұларға қағаз таратып берді. Оны қалай толтыратынын экзаменатор сұлу келіншек асықпай-саспай түсіндірді. Тура сағат он кезінде емтихан басталып кетіп еді. Емтиханның алғашқы сатысы «Listening» деп аталады. Яғни, қазақшалағанда – тыңдалым. Бұл сатыда ағылшынша сөйлейтін адамдардың әңгімесін қаншалықты түсінетініңді анықтайды. Алдында ғана шулап отырған аудитория тып-тыныш боп тына қалды. Экзаменатор магнитафонды қосып қалғанда ар жағынан жуан дауысты ағылшынша сөйлейтін еркек пен жіңішке дауысты әйелдің әңгімесі естілді. Ә дегенде Олжас ағылшынның маңқылдаған сөздерін бірден «ести алмай» есеңгіреп қалып еді, бір минут өтпей-ақ, миы ол сөздерді ажырата бастады. «Кэтти, менің ресторан бизнесі бойынша жақсы жоспарларым бар. Соны бірге талқылайық» -деді жуан дауысты ағылшын. Одан кейінгі әңгімелер төрт түрлі тақырыпта өрбіді. Жуан дауыстың бір тақырыпты талқылап бітірмей жатып, екіншісіне ауып кетеді екен. Олжас осы әңгімелерді өз пайымынша жетпіс-сексен пайыздай ғана түсінді.
Емтиханның екінші сатысынан жігіт сүрінбей өтті. «Reading» бойынша тек қана дұрыс жауаптарды белгілегеніне сенімді. Өйткені бұл көзбен көргенді тез қабылдайтындардың қатарында. Оқу, оқығанды түсіну бұл үшін жеңіл. Емтиханның «Writing» сатысы Олжасқа біршама қиын соқты. Үш тақырып белгіленіпті. Соның қалаған біреуіне эссе жазуың керек. Қазақша мақала жазып төселіп алған жігіт ағылшын тілінде ойын дұрыстап жеткізе алмай қара терге түсті. Бұл «Мен ағылшын тілін таңдаймын» деген тақырыпты қалап алған. Енді сол тілді не үшін таңдағанын, қандай мақсаты бар екенін, сол мақсатқа дету үшін не істейтінін бәрін ашып жазу керек. Эссе деген ұшы-қиырсыз, қай жерден бастап, қай жерден аяқтасаң да өзің білетін жанр сияқты көрінгенімен, ағылшындарда эссеге қойылатын талап мүлде бөлек. Олардың эссесі кәдімгі бүтін дүние. Десе де бұл эссесін біраз әсерлірек болсын деген оймен қиял-ғажайыптан бастады. «Университетте оқып жүргенде «One sweet day» деп ағылшынша ән салатын әлемдік деңгейдегі танымал әнші Мэрайя Кэриге ғашық болдым. Сол арқылы ағылшын тіліне деген ынтызарлығым күшейіп, жатпай-тұрмай тіл үйрендім»-деп соқты ғой. Соңында аспаннан жерге түсіп, өзінің мамандығы тарихшы екенін, болашақта ағылшын тілінде жазылған мықты ғылыми еңбектерді қазақша тәржімаласам деген ойы бар екенін бірдеңе ғып ағылшынша өрнектеген. Елена Яковлевна үйреткен шаблондар қысылғанда бірінен кейін бірі көмекке келіп, керім ақ болды. Емтиханнан бұл жеңілдеп шықты. Үш айдан бергі еңбегінің нәтижесін көретін күн де алыс емес. Енді бір рет «әуп» деп жіберсе болды.
Емтиханның «Speaking» аталатын төртінші сатысы ертеңіне дәл сол «Best» орталығында өтті. Бұлармен негр тектес дәу қара жігіт сөйлескен. Ол үміткерлерді жеке-жеке қабылдады. Бұл жолы Олжастың кезегі жеті адамнан кейін келді. Обалы не керек, шойын қара Олжасқа көп сұрақ қойып, қыспаққа алған жоқ. Бұның ағылшын тілінің жобасын білетінін ол да түсінді. Тек отбасы туралы сұрағына бұл қанағаттанарлықтай жауап бере алмады. «Жоқ, ол туралы айта алмаймын»-деп ат-тонын ала қашқан. Жалпы, сөйлесу барысында Олжас шойын қараның ойсыз біреу емес екенін ұқты. Бұның жанды жеріне тиіп кеткен ол дереу тақырыпты ауыстырып , бұны басқаша сайратқан. Екеуі жеті –сегіз минуттай сөйлесті. Емтиханның талабы да сол.
Сол күні кеште Олжас дереу Өскеменнен Семейге аттанып кетті. Сертификат бұларға пошта арқылы жіберілетін боп алдын –ала келісілген. Алла қаласа шілденің онына дейін бұның қолына АИЛТС сертификаты түседі.
***
Күндер бірінен соң бірі сырғып барады. Олжас сертификатты қолына алған. Емтиханды 5.5 –деген бағаға тапсырыпты. Тура өзі ойлағандай болды да шықты. Өзі де 5 не 6 болса жетеді деген еді. Британдықтар бағаны мұның ойын оқып алғандай –ақ қойыпты ғой. Енді қайтсе де Колумбия университетіне түсуі керек. Бұл алғашқыда «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратурада оқысам ба деп жоспарлаған. Бірақ, магистратураға екі рет мемлекеттің есебінен түсуге болмайды екен. Сондықтан докторантурадан басқа жол қалған жоқ. «Жығылсаң нардан жығыл» деген осы. Тәуекел. Артқа қарай шегінуге болмайды. Колумбия университетінің профессорымен скайп арқылы сөйлесіп тұрады. Ол мұның АИЛТС емтиханының нәтижесін күтіп жүрген. Енді Колумбия университетінің емтиханын онлайн әдісімен тапсырудың жодарын өзі үйретіп берді.. Ринат Абазов университетке тіркелудің де жолын өзі үйреткен. «Түсіп кетсең, мұнда ақылы оқуға сенің жағдайың жоқ екенін түсінемін. Бірақ, өз еліңнің есебінен тегін оқи аласың. Оны «Болашақ» қауымдастығындағылар шешеді не Білім және ғылым министрлігі арқылы шешуге болады» деген. Олжас профессордың сол сөзін дәтке қуат етіп, Колумбия университетінің емтиханына дайындалып жатыр. «Құдай-ай, бүкіл өмірім емтихан тапсырумен өте ме сонда? Өмір бойы өзімді дәлелдеумен келемін. Нәтижесі қайда? «Сәл шыдау керек , сәл шыдау керек» деген жұбатумен төбемнен қанша жылдар ұшты. Мейлі, бұл емтиханды да бірдеңе ғып , жақсы деген бағаға тапсырармын. Өмірдің өз емтиханы ше? Өмірдің емтиханынан жақсы баға ала алмай-ақ қойдым-ау!»-деп мұңайды Олжас.
Ол бүгін емтихан тапсыру үшін «Эрудит» орталығына келді. Мұндағы кілең соңғы үлгідегі, жақсы жабдықталған, мықты бағдарламалар орнатылған компьютерлер. Өзіне пәлен жылдан бері серік болып келе жатқан қара ноутбукке сенген жоқ. «Бәлки бір жерінен ши шығып кетіп, емтиханды тапсыра алмай қалармын. Қанша дегенмен мен үшін ең маңызды емтихан ғой».
Орталықта Елена Яковлевна тосып отыр екен. Қаншада басталады, ол жақта кім отырады? Емтиханды қанша сағат алады? Сұрағы бітер емес.
-Елена Яковлевна, сіз алаң болмаңызшы. Өзім тапсырамын. Бір сағат көлемінде бәрі бітіп кетеді-деді бұл.
-Олжас, мен онлайн емтихан тапсыру дегенді білмейді екем. Сол үшін қобалжып тұрмын. Қанша дегенмен жат адамдар –деп ұстазы қинала жауап берді.
Көптен күткен емтихан да басталды. Компьютердің ар жағындағы экзаменатор Олжастың жанында басқа адамдардың, заттардың, тіпті сөмкенің болмауын да қадағалады. Олжастың оқып, жаза алатынына, сөйлесе алатынына көз жеткізген соң, емтиханды көп созған жоқ. Мұның тастай қисынына, өз мамандығын жақсы меңгергеніне, ағылшын тілін біршама тәуір білетініне сүйсінді. Тіпті «ғылымға сен сияқты адамдар қажет» деп мақтап та жіберді. Емтихан қорытындысы да тез шықты.. Бұл оқуға түсті. Бұл Колумбия университетінің докторантурасына түсті. Қандай қуанышты күн! Бұның қуанышын ең алғашқы бөліскен де Елена Яковлевна болды. Ол бұны құшақтай алып, бетінен шөпілдетіп сүйсін кеп. Тура туған әпкесі сияқты. «Мен саған сенгем. Сенің түсетініңді білгем»-деп қатты қуанды. Орталықтағы көзтаныс адамдарға да оқуға түскенін қуанышпен хабарлаған. Бәрі де «құтты болсын!» деп бұның қуанышына ортақтасып ақ жатыр. Пәтеріне қарай құстай ұшып келе жатып ең алдымен әкесіне телефон шалып еді. Әкесі қатты қуанған жоқ. Қуанбақ түгілі кейістік білдірді. Бұл әкесіне оқуға дайындалып жатқанын айтқан емес. «Түскен соң сүйінші сұраймын»-деп жоспарлаған. Сүйіншісіне бірталай наразылық естіді. «Балам-ау, отбасыңды қайтесің? Олар сол күйі Семейде қала ма? Сен жалғыз өзің қаңғып Америкаға кетпексің бе? Ол жақта сені күтіп отырған біреу бар ма? Мен ертең қисайып өле қалсам, қалай жетесің? Топырақ салып үлгермейсің ғой. Америкасы несі. Ауылға кел сөйлесеміз»-деп көп сөйледі. Содан кейін-ақ қуанышы су сепкендей басылды. Пәтеріне жеткен соң да «Оқуға түстім» -деп ешкімнен сүйінші сұрағысы келмей қалды. Бірақ , Ботадан, Таңат ағайынан сүйінші сұрауы керек. Назгүлге де хабарлауы қажет. Назгүлге өзі телефон соғып алып, «Колумбия университетінің докторанты сізді тыңдап тұр» деген. Ол да «шын ба? Үйге кел, атап өтеміз»-деп тұтқаның ар жағында тұрып қуанды..
***
-Назгүл, сен менің әйеліммен ажырасып кетпегенімді білесің ғой?
-Иә, оны өзің айтқансың.Қайта қосылатын болдыңдар ма?
-Сенің ойыңша бәрі оп-оңай ма сонда? Қаласаң кетіп қаласың, қаласаң бірге боласың. Жігіт жорта бұртиды. Бұл осы сөзі арқылы Назгүлдің бұрынғы күйеуін меңзеп отырған. Бұның ар жағында «сен де өз күйеуіңе қосыласың ба?»-деген сауал бар-тын. Бірақ оны Назгүл түсінген жоқ.
-Олжас, давай не будем. Мен саған ойымда не бар, соны айттым.
-Мен де ойымда жүрген нәрселерді айтқым келген. Мен бұйыртса, құжаттарымның бәрін реттеп алған соң тамыздың соңына қарай Нью-Йоркке ұшам. Сен не істейсің? Менімен бірге кетесің бе?
Назгүл үндемей қалды. Олжас бұл әйелдің жоспарында өзімен бірге шетелге кету жоқ екенін ептеп сезетін. Бірақ, жеме-жемге келгенде «мені шын сүйсе, жердің түбіне де бірге баруы тиіс»-деп үміттеніп жүрген. Бұл жолы ол үміті ақталған жоқ. Әйел Нью-Йоркке мұнымен бірге кетпейтінін үндемей-ақ жеткізді. Бұрынғыдай емес, құмарлығы да басылып қалған ба өзінің? Бағана алып-ұшып жеткенінде өліп-өшіп сүйіп, аймалаған да жоқ. Пәтерінің есігінен аттай бергенде «құтты болсын!»-деп жымиды. Енді міне екеуінің жолы екіге айырылмақ. Бұл сұлу әйелдің қойнынан сытылып шығады. Мүмкін осында жүре бергенде екеуі үйленер ме еді? Ол да белгісіз, жұмбақ емес пе? Жүрегін мұң басты. Мына отырған сұлу Назгүл неге бұдан жеріді? Бұл оған не істеп қойды? Әлде тағдырын қарсы алдында отырған сезімтал жігітке тапсыруға қорқа ма? Назгүл тәуекелге бара алмай ма сонда? Әлде ата-анасы рұқсат бермейтін болған соң үндемей отыр ма? Не болса да оның үндемей қалғаны жақсылықтың белгісі емес.
***
Олжас бүгін Айнаның ұялы телефонына хат жазған. «Сәлем. Маңызды мәселе бар. Кездесуіміз керек. Қай жер ыңғайлы десең, сонда барамын. Уақытын да жаз». Айна Олжастың хатын алған соң дереу жауап қайтарды. «Сәлем. Үйдің жанындағы «Медведицада жолығайық. Сағат 8-де».
Міне екеуі «Медведицада» отыр. Айна кездесуге барынша әдеміленіп келіпті. «Сен жанымда жоқ болсаң да, мен Айнамын. Сол қалпымдамын» деген паңдық бар. Мөлдір көзді Айнаның осы паңдығы еді ғой Олжасты қарадай шаршатқан. Сол тәкаппарлық, паңдық, өркөкіректік атты туысқандар бұның әйелінің кеудесіне қос-қос ұя салған. Саусағындағы неке жүзігінің орны бос тұр. Әйелі жүзігін тастамай тағып жүретін. Сол есіне түсіп, оның сүйрік саусақтарына қараған. Мына келіншек пен өзінің арасында кемінде мың шақырымдық жол бар екенін Олжас біледі. Бір жылдан бері ол да бұған хабарласқан емес. Бұл да қырсығып телефон соқпай қойған. Ол Айнаның мектеп директорымен жақсы тұратынын, мектептен өзіне көп сағат бөлгізіп алғанын құлағы шалған. Анасы жоқта үрпиіп үйде отыратын қос құлынын әдейі Айна жоқ кезде барып көретін. Анасы балаларға бұны бас салып жамандай ма белгісіз, екеуі де бөтен біреудің балалары ұқсап илікпейді.
-Айна, балалар қалай? Өзіңнің ахуалың жақсы ма?
-Жақсы. Аман-есенбіз.
- Мектеп бітті емес пе? Қыдырған жоқсыңдар ма?
-Жоқ, биыл ешқайда бармайтын шығармыз. Ремонт жасатуым керек.
-Қасым бірінші класты қалай аяқтады? Асыл ше?
-Екеуі де үздік бітірді.
Іс жүзінде бұл балаларының мектепті үздік аяқтағанын, екеуінің бір-бірімен жарысып оқитынын өздерімен әңгімелескенде естіген. Сонда да әңгіме болсын деп балаларын айтып қояды. Бірақ, мына келіншектен сөз шығар емес. Өкпелі. Сұрағына қысқа ғана жауап беріп қитығына тиіп отыр. Иә, бірақ екеуі не деп сөйлеседі? Екеуінің әңгімесі баяғыда таусылмап па еді? «Медведица» кафесінің стейктері тамаша болатыны Олжастың есінде. Даяшы ас мәзірін алып келгенде , Айна көп таңдамай-ақ, қой етінен жасалған стейкке тапсырыс берді. Олжас та стейкті құп көрді.
-Айна, сенімен не үшін кездескім келгенін білесің бе? Жаңалығым бар. Келіншек селк ете түскендей болды.
-Қандай?
-Жұмыстан шығып кеткенімді өзің де естіген шығарсың. Балаларға айтқам. Содан бері ағылшын курсына қатысып жүрдім. Ағылшынша біраз жақсы деңгейде үйренген соң АИЛТС сертификатын алу үшін емтихан тапсырдым. Ол сертификатты да алдым. Колумбия университетінің докторантурасына да емтихан тапсырдым. Онлайн түрде. Сонымен университетке түстім.
Айнаның көзі бақырайып кетіпті. Олжасты Америкаға оқуға түседі деп ойламаса керек.
-Құтты болсын! Қуаныштымын.
-Шынымен қуаныштысың ба? Олжас өзінше әзілдеген болды.
Екеуінің сөзі түк қиюласпады. Бұл оны түсінбейді, ол бұны ұқпайды. Ақыры Олжас кездесуінің мақсатын да айтып тынған. Заң жүзінде ажырасуы керек. Ертең құжат дайындағанда бұл мәселенің кедергі болатынын түсіндірген. Айна сазарған бойы қатты да қалды. Бірақ, сотқа алдымен өзі арыз беретінін мәлімдеді. «Ажырасу оп-оңай. Қайта қосылуымыз мүмкін емесін білсе, бірінші отырыста-ақ ажыратып жібереді. Сен қорықпа»-дегенді де қосып қойды.
***
Кеңес Олжастың жан тартатын жақын досы еді. Ол Семей медицина университетін терапевт мамандығы бойынша бітірген. Қазір Семейдегі қалалық ауруханада жұмыс істеп жүр. Отбасылы кезінде Кеңестің үйіне жиі баратын. Олар да мұның үйіне келіп, шүйіркелесіп әңгімелесіп, қимай-қимай қоштасып, бір жасап қалатын. Соңғы бір жылдан бері Кеңес мұнымен хабарласпайды, хабарласса да ұзақ сөйлеспей, әңгімені шорт үзетін болған. Неге екенін Олжас бәрібір Кеңестен ат құйрығын үзе алмайды. Тіпті асау тайдай жұлқынып тұрған Кеңеске өзі хабарласып, өзі жапақтайды. Сыныптас досының бұны не үшін жақтырмай, араласқысы келмей қалғанын бұл түсінбейді емес. Бірақ, Кеңеске жан-дүниесін толық ақтара да алмайды. «Ол Айнаға емес, маған жақын адам емес пе?».
Сол Кеңес аяқ астынан бұған хабарлассын. Хабарласып алып, ұлының сүндет тойына шақырды. «Шақыру қағазың да әне-міне жетеді» деп бастырмалатты. Бұл сол тойға баруға онша пейілді де емес. Бірақ баруы керек. Бармаса досы шамданатынын біледі. Осы маңайдағы кластастары мен таныстары, біраз ауылдастары да сол тойға келетінін білген соң барғысы келмеген.
Бұл бар жақсысын үстіне киіп, аспай-саспай сағат кешкі сегізде «Арбат» ресторанына жеткенде есіктің алдында топ-топ болып темекі шегіп тұрған еркектерді көрді. Кейбіреулерін танитын сияқты. Олар да мұны танып, амандасып жатыр. Әне кластастардан Таңатар, Бақытбек, Қасымның қарасы көрінді. Бір-бірін сөзбен іліп-шалып жыртыңдасып тұр. «Қанша жасқа келсе де бала сияқты бұлар»-деп ойлады. Сол оймен барып амандасты. Сол оймен жандарында тұнжырап тұрды. Әлден уақытта барып той иесін ресми құттықтауы керек екені есіне түсіп, көзімен Кеңесті іздеген. Зухраны да құттықтамақ. Олармен ресторанның ішіне кіреберісте жолықты. Керме қас, кербез Зухра қашанғы әдетінше жылы жымиып, амандық сұрасты. Ал, доп-домалақ сары жігіт үрген доптай домалаң қағады. Біресе ары жүгіріп, біресе бері жүгіріп, әркімге әрнәрсені түсіндіріп, бой-бойы шығып терлеп кетіпті өзі. Бұның «балаңның тойы құтты болсын!» дегеніне алғысын жаудырып, өзі апарып үстелдегі орнына жайғастырған. Мұнымен екі минут та сөйлесуге оның шамасы жоқ екенін содан білген. Жалғыз өзі жарбиған жапалақ ұқсап қашанға дейін отырмақ? Әлі ешкім де жайғасқан жоқ. Орнынан тұрды да ресторанның алдында тұрған кластастарының тобына қосылды. Сөйтсе олар осы уақыт аралығында мұны әңгімелей қалыпты. Өзінше бізді менсінбейді дегендей, жат көзбен қарайды. Олжас бұларға ренжімейді. Ұялас күшіктер сияқты тура. Бір-бірін тістеп ойнайды бұлар. Олжас Колумбия университетінің докторантурасына түскенін айтқанда Бақытбектің көзі жанып кетті. Қанша дегенмен білімнің исі мұрнына баратын қу емес пе.Таңатар мен Қасымға бәрібір. Бұл адам тұрмайтын елсіз аралға кетсе де, ауыздарын ашқан күйі қалып кете бермек. Бақытбек Колумбияның жайын біраз шұқылап сұраған. Қалай түстің, қалай түсуге болады, ағылшынды қалай үйрендің деп миды жеп тұрғанда , іштен шыққан бір жас жігіт бұларды шақыра қалды.
Той өткізетін атшаптырым залдың қақ төріне «Әділ. Сүндет той» деп жазып, жан-жағын шармен безендіріп тастапты. Аузы-аузына жұқпай қақылдаған қара бала Кеңесті аспанға ұшырып мақтап-мақтап, сол аяулы Кеңестің ұлының сүндет тойына жиналған жұртшылықты Әділді қарсы алуға шақырған. Атшаптырым залға Әділ бала қарагер тайды ойқастатып кірді. Жұрттың бұндай жағдайға қазір көзі үйреніп келеді. Барыңды тойда көрсетпесең, қашан көрсетесің. Тайдың үстіндегі Әділді көргенде Олжастың жүрегі шымырлап-ақ кеткені. Бұл өзінің ұлы Қасыммен жасты бала ғой. Әділдің Қасымнан екі ай кейін туғанын да білетін. Олжас Қасымға шілдехананы кафеде істеген күні Кеңес екі көзі жайнап, «Зухраны «Жедел жәрдем» қазір алып кетті. Сен ренжіме, мен жанында болуым керек»-деп кетіп қалған. Соңыра ұл босанғанын, атын Әділ деп қойғанын естіген. Әділ мен Қасым екеуі егіз қозыдай бірге өсті. Мұның Қасымы нәзіктеу, бұйығылау бала. Әділ ондай емес. Тура әкесі сияқты . Ашық-жарқын. Бұзық. Сүйкімді. Енді сол Әділ тайдың үстінде отыр. Әкесі сүндет тойын дүркіретіп жасап жатыр. «Баласына бір той жасап бере алмай, дүниеден өтіп кетті қанша адам»-деп ар жақтан музыка зар қағады. «Тірі жүрсе де, жасай алмайтындар бар»-деп ойлады. Тұнжырай түсті.
Қара бала тойды әдеттегідей жиналысқа айналдырды. Топырлатып жеті-сегіз адамға сөз береді де, арасында оларға өнер көрсет деп қиғылық салады. Құдайға шүкір, сонша адамның ішінен әу дейтін біреу табылмасын ба? Құрығанда жыр оқығандар да болды. Тойға шақырылған өнерпаздар да әр сөз кезегі аяқталған сайын қос-қостан ән айтып, би билеп, елдің назарын өздеріне бұрып-ақ бақты. Сөйтсе де бұл қара балаға еш көңілі толмаған. Оның себепсізден себепсіз өлең сөздерді көп пайдаланатынына жыны келді. Кісіні күлкі қылатынын ұнатпады. Кәдімгідей мазақтайды. Әсіресе, кәрі адамдарға «билеңіз, ән айтыңыз» деп қасқайып қарап тұрғанда, өз-өзіңнен қысылады екенсің.
Олжас қаққан қазықтай боп тойдың соңына дейін отырды. Кластастары іш-іш деп қанша жерден қыстаса да, татқан жоқ. Ол анда-санда ғана ішетін. Онда да жұрт көзінен оңаша, тек жақын адамдарымен екеуара отырғанда ғана аздап ұрттайтыны бар еді. Студент кезінде де қалың көпшіліктің көзінше ішіп, масайраған кезі болған емес. Енді мынадай үлкен тойда, таныстарының алдында ішіп жын көрініп пе? Бірақ, бұны сынағалы отырған да ешкім жоқ екені бағана білінген. Кластастардың дастарханындағы ақ тілектердің тығыны кезектен тыс ағытылып қойған. Асабамен жарысып отырған Бақытбек шешен баяғы. Кезек-кезек тілек айтқызып, елдің бәріне ішкізіп отыр. Дастарханның үсті аста-төк тағамға сықап тұрса да, соның ішіндегі ең сиқырлы, тартымдысы – арақ-шарап дерсің тура. Бұлардың үстелінде отырған сегіз адамның бесеуі еркек те, үшеуі әйел. Үш әйел әлгі кластастарының әйелдері. Ал, бесінші жігіт Абай атты ауылдасы. Тымпиған неме тілек айтылған сайын қағып сап, үн-түнсіз отыр. Қайта оған қарағанда бұның үні бар екен. Даурыққан еркектерге бұл да қосылып, бірдеңе айтқансиды. Бұларды тілек айтуға елдің ең соңынан шығарған. Араларындағы Бақытбек көсем ғана сөйледі. Жұрттың сөз тыңдайтындай да шамасы қалмағаны көрініп тұрды.
***
Олжас орта мектептің алтыншы сыныбында оқып жүргенде «әкем сияқты тарихшы болсам» деп армандады. Оның бала жүрегіндегі идеал – өз әкесі еді. Әкесі бұлардың сыныбына «Дүниежүзі тарихы» пәнінен сабақ берді. Олжас әкесі сабақ түсіндіргенде ынты-шынтысымен тыңдап, сабақ айтар кезде өз әкесі екенін ұмытып кетіп, «ағай, ағай мен айтайыншы» деп қайта-қайта қол көтерер еді. Сонда сыныптастары мұны мазақ қып күлетін. Әдебиет пәнінен еркін тақырыпқа шығарма жазғанда да тарихи тақырыптарды алатын. Әкесінің көп білетінін, мектебіндегі мықты мұғалімдердің бірі екенін әрқашан мақтан тұтып жүрді. Кейінірек жоғары сыныпқа барғанда әкесі Олжасқа «тарих – идеология құралы» деп айтқан. Екеуі бір әңгімелескенде «Тарих күштілердің меңзеуімен жазылады. Оны тәпсірлеу құранды тәпсірлеуден де қиын. Тарихты білмей-ақ өмір сүруге болады»-деген. Он бірінші сыныпты бітіріп, Астанаға оқуға аттанғалы тұрғанда да «Олжас, атақты ақынның есімін саған ырымдап қойып ек. Тығылып өлең жазатыныңды білмейді дейсің бе, сол жазғандарыңды жарыққа шығар. Ақын бол, жазушы бол. Бірақ тарихшы болмай-ақ қой. Тіпті мен өзім де кезінде тарихты таңдағаныма өкінем. Мынадай көркіммен әртіс болуға лайықты жігіт едім»-деп қалжыңы мен шынын араластырып сөйлеген әкесі. Бірақ бұл табандап тұрып алды. «Тарихшы болсам да жазушылықпен айналысуға болады» деп ойлады. Сол әкесі енді бұның Колумбия университетінде оқуына да қарсы. Бұл оны жүрек түкпірінде жақсы көреді, аяйды. Анда-санда барып тұрғаны болмаса, ауылдағы үйден кеткеніне де жиырма жылға таяды емес пе? Тіпті оқуға түспеген күннің өзінде, «кенже ұл» деген мәртебесіне қарамай Олжастың қарашаңырақта тұрмайтыны белгілі. Сол үшін Семейде тұрса да, Нью-Йоркте тұрса да бәрібір. Осыны неге ұқпайды? Неге бұны шет елге жібергісі келмейді? Назгүлдің де бұнымен бірге Нью-Йоркке бармайтыны анық. Айнаның жағдайы анау. «Жердің түбіне кетсең де маған бәрібір» деген адам ұқсап мізбақпады...
Қаржылық жағдайы да қысып тұр. Соңғы айдың пәтерақысын төлемеген. Осы уақытқа дейін ескі көзтаныстарының тапсырыстары бойынша аудармалар жасап, азын-аулақ қаражат тауып келді. Енді ол да жоқ. Бұған көмектесетін бір адам болса, ол – Сәдуақас. Сәдуақас Олжастың оқуға түскеніне шын мәнінде қуанды. Өмірді тек қана ақшамен, мансаппен өлшейтін жігіт ағасы: «Дұрыс болды. Енді ештеңеге алаңдама. Оқы. Астанадан шертіп жүріп жұмысқа орналасасың. Өсесің. Сені менсінбей жүргендер ертең-ақ алдыңа сүмірейіп келеді»-деп тоқетерін бір-ақ айтқан. Енді сол ағасынан қаржы сұрамақ. Нью-Йоркке барғанда да қалтасында ас-су алатын бірдеңе жүруі керек қой. Олжас теңге проблемасының шешілетініне қуанып-ақ қалды. Әкесі ше? Бірақ ол жеме-жемге келгенде қырсық әкесінің де бұған ақ батасына қоса қалтасындағы барлық теңгесін сыпырып беріп, ақ тілеулі көңілімен алыс сапарға аттандырып салатынын, тіпті оны шығарып салуға Астананың халықаралық әуежайына да келетінін білмейтін еді...
***
«Не деген шексіз еді адамның жүрегі? Оған бәрі сыяды – қуаныш, шаттық, қайғы-қасірет, мұң, азап, қорлық, сағыныш. Қандай сезімдер бар тағы? Міне енді сол шексіз әлемді бауырыма басып, тағы бір сапарға шығып барам. Алдымда не күтіп тұрғанын білмеймін? Белгісіздіктен өткен қорқыныш болмаушы еді, бірақ, осы жолы жүрегім тулап тұр. Суық ақылым қабылдамаған белгісіз бір қуаныштан тулайтын сияқты. Мен жап-жасыл мұңға ғашық болғам. Одан сап-сары сағынышпен өмір сүрдім. Қып-қызыл өкпе-ренішті де киіп көп жүрдім. Өкінішті айтсай. Жүрекке түскен өміршең құрттың аты өкініш. Жүрегімде өкініш-құрты үңгіп қазбаған жер жоқ сияқты. Сонда да үміт пен тәуекел деген қос қанатыма сеніп, ұшып барам...». Тарихшы жігіт Нью-Йоркке аттанардан бір күн бұрын күнделігіне осы сөздерді түсірген.
Айгүл Сейілова
жазушы