Үстіміздегі жылдың күзінде Ақтөбе қаласында Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театрыны...
Ақтауда «ABISH ALEMI» театр фестивалі ашылды
ІІ халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалі басталуына байланысты Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының алаңында өткен көшпелі баспасөз конференциясында Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Пәния Сармурзина өнер додасына 9 театр ұжымының қатысатынын хабарлады. Шара мақсаты - Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын өрлетіп, шыңына жеткізу.
- Маңғыстау облысы әкімдігінің құрылтайшылығымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің, Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен бұл фестивальді биыл халықаралық деңгейде екінші мәрте өткізіп отырмыз. Фестивальде 3 шет мемлекет және өз еліміздің 6 театры бақ сынайды. Кештің тағы бір ерекшелігі қазақтың ақылына көркі сай «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешовамен кездесу болмақ, - деді Пәния Сармузина.
Фестивальге арнайы келген Асанәлі Әшімов шараның маңыздылығына тоқтала келіп:
- Әбіш тек Маңғыстаудікі емес, Әбіш тек қазақтікі емес, ол – әлемге ортақ тұлға. Сондықтан да «Әбіш әлемі» деген атауы дұрыс қойылған. Көкірегімізге ұлттық сенім, сана оята алған жазушының шығармаларын дәріптеуіміз қажет. Фестиваль – елдің айнасы! Ол театр ұжымдарын жаңа жетістікке жетелеуге ынталандыратын сайыс. Актерлердің бір-бірін көріп, үйренуіне пайдалы. Біз спектакльдерді көріп, байқауға қатысқан сайыскерлердің бағасын беруіміз керек. Қазылар алқасы құрамында шетелдік театр мамандары бар,- деді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов.
Мәдени шараға қазақ және шетелдік өнер майталмандары келіп, көрерменнің көзін қуантты. Фестиваль тек қала арасында ғана емес, көрші мемлекеттер арасындағы шығармашылық байланыстарды арттырып, достас елдермен тәжірибе алмасуға жағдай жасайды.
- Ақтау мәдениет астанасына айналды. Олай дейтінім, әсем шаһар ел мен оның мәдениетінің басын біріктірді. Бірнеше жылдан бері Қазақстанмен мәдени байланыста жүрген маған қазақ елі өз елімдей болып кетті. Біз қарайтын репертуарлар өте қызықты болмақ. Олардың ішінде Шекспир, классика және заманауи драматургия да бар. Сайыскерлердің қойылымдарын бағалап, үздіктерін табуға тырысамыз, - деді Ш.Руставели атындағы Грузин мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры Лаша Чхартишвили.
Баспасөз конференциясында сөз алған өнертану ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр сыншысы Еркін Жуасбек «фестиваль» деген сөздің ежелгі грек тілінде думан деген ұғымды беретінін, бұл фестивальдің қазақтың Қыз Жібегінің қатысуымен театр-думан деп айтуға негіз бар екенін, театртанушылар мен сыншылар үшін жаңалық табуға мүмкіндік молдығын айтты.
Кешкі Ақтаудың көркіне көрік қосатын Каспий теңізі жағалауында орналасқан амфитеатрда ІІ халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Қазақ өнерінің корифейлері Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған қазылар алқасы мен фестивалдің құрметті қонақтары қызыл кілем үстімен жүріп өтті.
Салтанатты жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, қазылар алқасының төрағасы, қазақ театры мен киносының абызы Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген театр және кино әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, арнайы шақырылған қонақ Дүйсен Қасейінов құттықтау сөз сөйледі.
Өнер фестивлінде танымал кино және театр әртісі Меруерт Өтекешова, театр сыншылары Еркін Жуасбек, Бейбіт Бахтыгереев, Меруерт Жақсылықова, Иран республикасының театр қайраткері Атабек Надери, Халықаралық және Грузия театр сыншылары одағының вице-президенті Лаша Чхартишвили қазылық етеді. Сонымен қатар фестивальге ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Ақұштап Бақтыгереева, Лидия Каденова, Самал Еслямова, Асхат Маемиров және еңбек ардагері Ғабдырахым Жаңбырбаев, Асанәлі Әшімовтың жары Бағдат Әшімова, танымал түрік әртісі Мелахат Аббасова құрметті қонақ ретінде қатысуда.
Әбіш Кекілбаевтың рухани мұрасы мен көркем туындылары әрқашанда оқырман жадында мәңгі сақталатынын атап өткен өңір басшысы:
- Баршаңызды ІІ Халықаралық «Abish alemi» театр фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Халықаралық «Abish alemi» атты театр фестивалін – халқымен бірге мәңгі жасайтын, мәңгілік рухани мұра қалдырған Абызымыз – Әбіш Кекілбаевтың рухына тағзым ретінде қабылдаймыз! Аңызға айналған абыз - тек қазақтың ғана емес, түбі бір түркі жұртының ортақ мақтанышы. Әбіш ағамыздың рухын қастерлеп, алыс-жақыннан арнайы келіп, осы өнер мерекесіне атсалысып жатқан - Башқұртстан, Грузия, Қырғыз елдерінің өкілдеріне, сонымен қатар еліміздің өңірлерінен келген қонақтарымызға алғыс айтамыз. Бүгінгі ІІ Халықаралық «Abish alemi» театр фестивалі – сахна төрінен мыңдаған көрерменді ұлы жазушының талай көркем туындыларымен таныстырады. Халқымыздың біртуар перзенті – Әбекеңнің елге сіңірген ерлікке тән ерен еңбегін, рухани мұрасын мәңгілік есімізде сақтап, болашақта да ұрпақтарымызға дарытып, өмірлік өнеге тұтамыз. Халықаралық деңгейдегі сахна сайысына айналып келе жатқан бұл дәстүрлі театр фестивалі - халықтардың өнер мен өмірдегі достығының, шығармашылық ізденіс биігінің үздік үлгісіне айналады деген сенімдеміз. Өз атымнан фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеймін, әр спектакль күтпеген жаңалықтарға толы болатынына және талғампаз көрермендердің көңілінен шығатынына сенімдімін, - деді Нұрлан Ноғаев.
«Abish alemi» театр фестиваліне Қазақстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Грузия елдерінен 9 театр қатысуда. Атап айтсақ: Туймазы Мемлекеттік татар драма театры (Башқұртстан Республикасы), Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» (Нұр-Сұлтан қаласы), «Дариға-ай» жастар театры (Семей қаласы), Месхети (Ахалцихе) Мемлекеттік кәсіби драма театры (Грузия), Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ академиялық музыкалық драма театры (Қызылорда қаласы), “Мемлекеттік қуыршақ театры” (Алматы қаласы), Барпы атындағы Жалал-Абад облыстық қырғыз драма театры (Қырғыз Республикасы), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры (Қарағанды қаласы), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры (Алматы қаласы).
Фестивальдің ашылу салтанатында Әбіш Кекілбаевтың шығармаларынан Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры және Маңғыстау облыстық филармония әртістері өнер көрсетті.
Үміт ЖӘЛЕКЕ