Әбділдә Тәжібаев — атақты ақын, көрнекті ғалым, танымал драматург, белгілі қоғам қайраткері. Қ...
Мия Алғожа. Танго (пьеса)
Мистикалық драма
КЕЙІПКЕРЛЕР:
- Темір – би жаттықтырушы, 25 жас.
- Айша- биші, 19 жас.
- Әмір- Темірдің ағасы, 35 жас.
- Ерасыл- байқау ұйымдастырушысы
ҚОСЫМША КЕЙІПКЕРЛЕР
- Стилист
- Қыз
1-сахна.
Тыныштық. Би залы көмескеленіп тұр. Сахнаның дәл ортасында екі адамның бейнесі байқалады. Қараңғы бейне барған сайын күшейе түсті. Жарық екі адамға бағытталып түседі. Музыка. Темір – қою қара шашты Айшаға көз салды. Темірдің қолы Айшаның беліне тиді, екеуі баяу қозғала бастады. Екеуі сезімнің тоғына ұрынып «Танго» биін бастады. Темір мен Айшаның отты жалыны толық залды игеріп әкетті. Оттай ыстық танго биін ерекше сезіммен билеп, олардың арасындағы тартылыс күш халықты ынтықтырып, көздерін жіпше байлады. Би финалға жетіп, жігіт қызды жоғары көтере бергенде Айша көзден ғайып болады. Темір жан-жағына жалтақтап, есі ауысқан адамша қызды іздей бастайды. Көрермендердің: - Қызға не болды, құлап қалды ма? Сұмдық, осындай да болады екен-ау!» деген сөздері залды толық алады. Жігіт қызды іздеп жүгіреді...шаршайды. Жан-жағына қарайлап, не істерін білмей, әлсіреп, сұлқ құлайды... Жарық сөнеді, сахнаны қараңғылық басады...
2-сахна.
Тастай қараңғы зал. Тарсылдаған адамның жүрісі байқалады, Әмір ішке кіріп залдың жарығын қосады. Ортада Темір бүк түсіп жатыр. Әмір жан-жағына байыппен қарап шығады да, қалтасынан қолын шығарады.
Әмір. Уайымы жоқ адам ғана түске дейін ұйықтайды. Әрине, сенде қандай уайым болсын!
Темір қол сағатына бір қарап, орнынан тұрып, биге арналған кастюмін реттей бастайды.
Әмір. Үндемейсің ғой, әлде сөйлеуден қалдың ба?
Темір естімегенсіп, костюмін тазалап, байыппен үтікке басады.
Әмір. Әке - үмітінің ақталмағаны өкінішті... Не дегенімен сүйікті баласы едің ғой!
Қолындағы үтігін тастай сала, ағасына жалт бұрылады.
Темір. Бұнымен не айтқың келді?
Әмір. Әкемнің өз ажалымен өлгені менің уайымымды сейілтеді, әйтпесе мына сен : Әкемді құсадан өлтірер едің!
Темір. Осындай сөздерді айтатындай, саған не жетпей жүр?
Әмір. Жетпеген дүниемнің орнын толтыра аласың ба? (пауза) Жақын күнде мына жерді босат!
Темір. Түсінбедім!?
Әмір. Би залын сатуға беріп қойдым. Жақында бұл залдың өз иесі болады, сол үшін ертерек қозғалғаның дұрыс.
Темір. Қалай менімен ақылдаспай бұндай шешім қабылдадың? Сен бұл жердің маған қаншалықты қымбат екенін білесің ғой!?
Әмір. Білмеймін, білгім де келмейді! Маған керегі ақша!
Темір. Енді бәрі түсінікті болды. Бұл залдың екеуімізге ортақ екенін ұмыттың ба? Мен сатуға рұқсат бермеймін!
Әмір. Енді жетпегені сенен рұқсат сұрау еді. Залдың заңды қожайыны ретінде мен өз шешімімді қабылдап қойдым. Бұл жерді сатамын, осымен сөз бітті!
Темір. Бірақ, аға...
Әмір. Доғар!Көк тиын пайдасы жоқ залды әкеме сатқызып алғызған кім? Тіліңнің майдалығының арқасында әкемді алдап соққаның өтірік пе?
Темір. Білемін, борыштармын! Бірақ, маған азғантай уақыт берші, аз күнде барлығын ретке келтіремін!
Әмір. Күлкімді келтірмеші! Менен осы залды жалға алып жүргеніңді ұмытып қалдың ба? Соңғы екі айдың ақшасын төлегенде жоқсың!
Темір. Төлеймін!
Әмір. Құрғақ уәделеріңе әбден тойып біттім! Сені күте алмаймын, жағаласпай айтқанымды істе!
Темір. Би залы менің өмірім! Сен мені өмірімнен айырғалы тұрсың!
Әмір. Еркек – еркекше жұмыс істеп, отбасы құрып, бала-шағасын асырауы керек! Ал сенші? Біздің Темірге бәрібір, (таңғалған кейіппен) ұмытып кетіппін , ол биші екен ғой. Би билеп, әлемді өзіне қаратар ойы бар. Не деген арман! Адам өзіне осылай өмірлік мақсат қоя ма? Жоқ, әрине! Нағыз ақымақтар ғана осылай армандайды. Бірақ, саған оны түсіну қайда!
Темір. Бимен туылған адаммын! Осыны тастасам, менде барлығы керемет болып кетеді деп ойлайсың ба? ...Қателесесің, қашан биден қол үзем, сол күні өзімді жоғалтамын!
Әмір. Ақымақ адамның сөзін сөйлемеші. Не көкіп тұрсың, әлде мені қорқып кетеді деп ойлайсың ба?
Әмір оған мысқыл кейіппен бір қарап, залдан шығып кетеді, оның артынан Темір де ілесіп шығады.
Темір. Бауырыңа неге жаның ашымайды?
Әмір артына бұрылып қарайды.
Әмір. Ақылыңның жеткен жері осы ма? Мен сенің адам болғаныңды қалаймын. Ел қатарлы өмір сүрсе деймін!
Темір. Ағам бар деп ойлайтынмын, бірақ қателесіппін! Мен ойша құрып алған аға кейіпіне сеніп жүріппін! Шындығында жалғыз екенмін, жалғыз!
Әмір. Соқ өтірікті. Сені жарылқағаным жазығым ба?
Темір. (көкірегін ұрап) Туған бауырымнан би залын жалға алдым. Жалға, түсінесің бе? Соңғы екі ай ақшаңды бере алмадым, соған ерегескеннен осылай істеп тұрсың!
Әмір. Ақымақсың, сау адам бұндай тірлікке саналы түрде бармас еді.
Темір. Әрқашан сенің көзіңе түсейін деп, мектептік байқаулардан ылғи бірінші орын алатынмын. Саған қуанып грамотамды әкелген сәтте жыртып тастайтынсың! Бимен айналысады деп намыстанасың, сол үшін көкірек қағып бауырым деп көрсетуге ұяласың! Мені жек көретініңнің себебі осы болса айтайын: Мен жай ғана өзіме ұнайтын іспен айналысып жүрмін! Бар болғаны осы!
Әмір. Неге қатын ұқсап өткен-кеткенді тізіп тұрсың? Би-билеп, образ қуамын деп миың ағып кеткен-ау сенің!
Қолын бір сілтеп, артқа бұрылады.
Темір. Тоқта, менің саған қояр сұрағым өте көп. Бекер қашасың. Шындық шамыңа тиіп кетті ме?
Әмір шығып кетеді. Темір қатты ашуланып, не-істерін білмей, сыртта тұрған орындықтарды жанталасып тепкілей басатайды. Осы кезде аулаға бір қыз жүгіріп келеді.
Темір. (жалт қарап) Жұмысыңызды істемей не істеп тұрсыз?
Айша. ( таңырқай қарап) Кім, мен ба?
Темір. Жоқ мен , қызық-ей өзі! Залдың еденін жақсылап тазалап шығыңыз!
Қыз не істерін білмей, жан-жағына жалтақтап қарайды.
Темір. Еден жуасыз ба, жумайсыз ба?
Айша. (тосырқап) Жуатын шығармын. Ағай, егер мен осы жерді тазалап бітсем...?
Темір . Беремін ақшаңды!
Айша . Аааа. Қанша бересіз ?
Темір. (мысына басып) Миллион. Жете ме ?
Айша. Шынымен бе?
Темір. Сіз ақымақсыз ба, әлде ақымақ болып көрінесіз бе?!
Темір долданып ішке кіріп кетеді, артынан қыз ілесіп кіреді.
Темір. Ана жерде керек заттар тұр. Жақсылап тазалап шығыңыз!
Өзі креслоға жайғасып, құлағына құлаққап киіп, музыка тыңдап отырады. Айша еденді тез-тез жуып шығады . Қолының суын үстіне сүртіп , креслода отырған Темірдің иығынан түртеді. Ол бұрылып қарап, құлаққабын шешіп,не керек дегендей сыңай танытады.
Айша (ойланып тұрып). Ақша, ой ақша деппін ғой, жуып болдым...
Темір. Не деген жылдамдық! Қане, тексеріп көрейін (жуғанына көңілі толмай, ашуға мініп) Мынауыңыз не, сіз мені ақымақ деп ойлайсыз ба? Нағыз алаяқтың өзі екенсіз!
Айша. (шыралдаған дауыспен) Мен алаяқ емеспін!
Темір. Алаяқ болмағанда кімсіз? Ғаламторға жалған жарнама беріп, айды аспанға көтерген өзіңіз! Енді маған не деп тұрсыз!
Айша. Сіз күткен қыз мен емес, сіз шатастыңыз!
Темір. Менімен ойнап тұрсыз ба? (қолына телефонын алып, жарнаманың суретін көрсетіп) Жанар деген сіз емес пе!
Айша. Мен Айшамын!
Темір. Жап-жас болып ештеңеден қорықпайды екенсіз. Қалай мені алдауға дәтіңіз барды. (қолына телефонын алып) Уақытымды алып, алдағаныңыз үшін сіздің атыңыздан арыз тастаймын!
Айша. (жыламсырап) Тек бұлай істей көрмеңіз. Кешіріңіз, менің еш жаман ойым болмады, мені жібере салыңызшы!
Темір. Сіздің кешіріміңіз еш нәрсені өзгертпейді. Бұл сізге, және сіздің айналаңыздағы құрбыларыңызға үлкен сабақ болады. Енді екінші рет ешкімді алдамайтын боласыздар!
Айша. Сізді алдау ойыма кіріп те шықпаған. Жаман қыз емеспін, рас айтамын! Сіздер ұйымдастырып жатқан байқауға қатысқым келеді. Егер бас жүлде алып жатсам, содан түскен ақшаға оқуымның ақысын төлегім келген. Биші қыздарға кастинг жариялаған екенсіздер. Негізінде соған келгем! Ек жыл болды, би үйірмесіне үзбей қатысып келемін, тәжірибем мол!
Темір. Шығыңыз!
Айша Ағай, менің қолымнан бәрі келеді! Мен керемет бишімін. Үйірмедегі апайым мені ылғи мақтайды. Билеп көрсем бола ма? Өкінбейсіз, сізге сөзсіз ұнауға тиіспін!
Темір. Кастинг өтіп кетті. Үлгеріп келген күннің өзінде де мен сізді алмайтыным анық!
Айша. Неге?
Темір. Себебі кастингтен ешкім өткен жоқ!
Айша. Түсінікті... Ағай, бұл жерде маған арналған басқа жұмыстар жоқ па? Маған негізі кез-келген жұмыс болады, ақшаға қатты мұқтаж болып тұрман! Мысалға мен, тамақ жасай аламын, үйді де жинамын. Еденді де жуамын, шаң да сүртемін. Өте пысық қызбын!
Темір. Шыныңды айт!
Айша. (ыңғайсызданып) Қолымнан келгенше істеймін, тіпті келмесе барымды салып үйренемін.
Темір. Жасың қаншада?
Айша. Жиырма екідемін.
Темір. Шыныңды айт!
Айша.(ыңғайсызданып) Жасым он тоғызда. Бір айдан кейін жиырмаға толамын, рас айтамын!
Би залына Ерасыл мен фотограф кіріп келеді. Ерасыл жан-жағынан біреуді іздегендей болып, ортаға ақ қағазды орнатып, бір орынды дайындайды. Қолында қыз баланың костюмі. Түк түсінбей Темірдің жанына келеді.
Ерасыл. Ағасы, биші қайда?
Темір. Кастингтен ешкім өткен жоқ!
Ерасыл. Ағасы, жарыстың болуына аз уақыт қалды, бізге афишаны шығару керек. Тез арада қызды табыңыз.Осы істі созып жүргеніңізге 3 ай болды. Енді бізге не дейсіз?
Темір. Мен өз ісіме сенемін!
Ерасыл. Сенім деген жақсы ғой, бірақ бізге нәтиже керек. Жарыс күні бекітілді. Жұмыс көп.
Темір. Сен мені түсінбей тұрсың -ау!
Ерасыл. Керісінше сіз мені түсінбей жүрген сияқтысыз. Біз сіздің мүмкіндігіңізге сендік! Ал, бұл сенімнің артында не жатқанын ұмытпаған боларсыз? Бұдан сіз ақшаны да, атақты да табасыз!
Темір. Кез-келген тілегім орындала ма?
Ерасыл. Ағасы, үш айдың ішінде жақсы биші табылмады дегенге сенбеймін. Қызды жасырмай шығарыңыз! Сізге жалынбаймын, жоқ десеңіз де жолым ашық! Бірақ, үлкен мүмкіндіктен айырғалы тұрсыз...(жанындағыларға) Жүріңдер кеттік!
Темір не істеп, не қоярын түсінбей. Жан-жағына жалтақтап Айшаның қолынан ұстап, олардың жанына жүгіріп келеді.
Темір. Биші осы! Осы қызбен билейтін боламын!
Ерасыл.(қолындағы костюмді Айшаға ұстатып) Тамаша! Көп уақытыңызды алмаймыз. Фотоға түсіреміз де, кетеміз!
Айшаның көзі шарасынан шығып кеткен, Темірге не боп кетті дегендей қарайды.
Темір. Айша, тез киініп келіңіз. Сізді суретке түсіріп алулары керек!
Айша таңғалған кейіппен киінуге кетеді.
Темір. Байқауды жеңіп алатын болсақ менің екі шартымды орындауға тиіссің!
Ерасыл. Ол, қандай шарт?
Темір. Айшаның ақылы оқуын төлеп бересің, және осы залды сатып алуыма көмектесесің!
Ерасыл. Ағасы, барлығы сізге байланысты. Бастысы, жеңіс! Ақша маған проблема емес!
Айша көйлекті киіп келгенде мүлдем өзгеріп шыға келеді. Ол қысылыңқырап тұрады, Темірге оның сырт-пішіні бірден ұнайды. Фотограф Айшаны суретке түсіреді. Олар жұмысын бітіріп шығып кетеді. Айша Темірдің қасына келіп.
Айша. (ары-бері қозғалып, қысылған кейіппен) Ағай, мен түк түсінбедім. Қалай сонда? Жаңа ғана мені қабылдамай тұр едіңіз, енді билейсің деп тұрсыз?! Мен үлкен сахнада еш уақытта билеп көрген емеспін!
Темір. Мен сенен билеп көрдің бе деп сұраған жоқпын!
Айша. Ағай, менің кеткенім дұрыс болар. Басқа жерден де жұмыс табылады ғой. Бүгінгі жұмысыма ақша төлемей-ақ қойыңыз. Сау болыңыз!
Темір. Ей, ақымақ қыз. Бұл саған үлкен мүмкіндік емес пе? Бірншіден жаңа бір дүниені үйренесің, екіншіден ақша табасың. Егер менің жанымда қалсаң, оқуыңның ақшасын төлеп беремін. Сен қанша жерден жұмыс істесең де, ондай үлкен сумманы бір жылда шығара алмайсың. Қысқа мерзім ішінде ақшалы боласың!
Айша. Шын айтып тұрсыз ба? Мааа, ағай мынау керемет ұсыныс қой. Онда мен келістім. Мааа, мына жерге келгенім қандай жақсы болған. Ужас, басқа адреске кеткенімде не болар еді. Тфу-тфу, Құдай сақтасын...
Темір музыка қосады.
Темір. Биле!
Айша. Не билеймін сонда!
Темір. Өзің айттың емес пе, тәжірибем мол деп. Сені сол сөзің үшін алып қалдым.
Айша. Маа, ағай сіз маған сеніп қалдыңыз ба? Ондай кезде адам не айтып, не қойғанын білмейді ғой!
Темір. (музыканы өшіріп) Өтірік айтттың ба сонда?
Айша. Өтірік айтқам жоқ, рас айттым!
Темір. Рас болса биле!
Темір музыканы қайта қосады. Қыз залдың ортасына келіп ырғатыла билей бастайды, бірақ қанша әдемі билеуге тырысса да сырт көзге ерсі көрініп тұрады.
Темір. (музыканы тоқтатып) Тоқта!
Айша. Қалай, ұнады ма?
Темір Айшаның қолынан ұстап ары сүйреді, бері сүйреді, айналдырады. Темірдің шапшаң қозғалысына ілесе алмай Айша ентігіп кетеді.
Айша. Ағай, өкінішке орай апайым үйірмеде бұндай биді үйретпеді!
Темір. (билеуді тоқтатып) Мен саған жарты сағат беремін, осы уақытқа дейінгі билеріңді ұмыт!
Сыртқа шығып кетеді. Айша залда жалғыз қалады.
Айша. Биді ұмыта салатындай өлең шұмақтары емес қой, оның өзін ұмыту мүмкін емес. Бірақ, бұдан басқа амалым жоқ. Бұл үлкен мүмкіндік! (жігерленіп) Айша, сен мықтысың не болса да соңына дейін, соңына дейін, соңына!
Темір кіріп келеді.
Темір. Не соңына дейін?
Айша. (ыңғайсызданып) Анау, өзім білетін билерді соңына дейін ұмытайын деп жатқам.
Темір. Бізге уақыттың әр минуты қымбат. Сол үшін білек сыбана кірісуіміз керек. Бірақ, қатаң түрде ескертемін, би – өнер! Өнер жолында мың рет құлауың мүмкін, бірақ одан алған жарақат сені сындырмауы тиіс, себебі сені одан да көп қиындықтар күтіп тұрғанын естен шығармауың керексің!
Айша. Мен сынбаймын!
Темір залдың ортасына келіп, барлығын шетінен түсіндіре бастайды.
Темір. Алдымен саған қарапайым сұрақтар қоямын. Би деген не?
Айша. Дененің қозғалысы.
Темір. Дұрыс айтасың. Бишіге дене мен қозғалыс керек. Қане, денеңді көрсетші!
Айша. Ағай...
Темір бүкірейіп тұрған Айшаның денесін түзейді.
Темір. Дене көрсету осындай болады. Көрерменді өзіне сендеру үшін бишіге алдымен не керек?
Айша. Ақыл керек.
Темір. Сандырақ, көрерменді өзіне сендіру үшін алдымен бишіге көз керек. Ал, көз бишінің басты құралы. Соны ұмытпа!
Айша. Түсіндім!
Темір музыканы қосады.
Темір. Биле!
Айша. Бұрыңғы билерімді ұмытып қалдым ғой, қайтіп билеймін?
Темір. Мен көрсеткендей биле!
Айша. Ол кезде жанымда сіз болдыңыз ғой!
Темір. Қасыңда біреу тұрғандай биле!
Айша. Қалай сонда?
Темір. Бол!
Айша өзі біреумен билеп жатқандай айнала қозғала береді. Бастапқыдан сәл жақсы билейді. Бірақ жан-жағына жалтақтап, Темірдің қас-қабағынан сескеніп тұрады!
Темір. Неге партнерсыз билеп жүрсің? Айша, менің айтқан сөздерімді жай тыңдау жеткіліксіз, оны би үстінде қолдана білуге тиіссің! Сасқалақтауды доғар, өзіңе сенімді бол!
Қыз басын изейді.
Темір. Біз танго билейміз. Танго – құштарлық пен сезімнен құралған, жұптық би. Бұл биге қаншалықты ашық болсаң, соншалықты тани аласың. Сен тангоға ашылуға дайынсың ба?
Айша. Дайын шығармын.
Темір. (ашуланып) Дайын шығармын деген нақты жауап емес!
Айша. Кешіріңіз ағай...
Темір. Қай жаққа кетіп бара жатқан бағытыңды білуің керексің. Егер өзіңе сенімді болмасаң, жолға шығып қажет емес!
Айша Кешіріңіз...
Темір. Неге қайта-қайта кешірім сұрай бересің. Әлсіз болуды тоқтат!
Айшаның жанына келіп, иыңын ұстап.
Темір. Иықтарыңды түзе. Бүкіл салмақты артқа жібер. Ішіңді тарт. Аяғың иық көлемінде болсын. Денеңді әрқашан түзу ұстауың керек, бұл тік тұру қалпы деп аталады.
Айша. (бірнеше рет қайталап) Тік тұру қалпы...тік тұру қалпы!
Темір. Қане, мені құшақта!
Айша (көзі шараасынан шығып) Нее?
Айша жігітті құшақтаған сыңай танытады.
Темір. Өміріңде құшақтасып көрмеп па едің?
Айша жоқ дегендей басын шайқайды.
Темір. (Айшаны өзіне тартып әкетіп) Құшақтасу деген осындай болады.
Айша ұялғаннан басын төмен түсіріп тұрады. Темір оның иегін өзіне жақындатады.
Темір. Менің денемнің сол жағы, сенің денеңнің оң жағымен қатар тұруы тиіс. Иығыңды түсір. Сенің саусақтарың менің бас бармағым мен сұқ саусағымның арасында болу керек. Бұл негізгі дене тұрысы.
Айша. Негізгі дене тұрысы... негізгі дене тұрысы!
Темір. 1, 2, 3, 4. 1, 2, 3, 4. Сол аяғыңды алға қарай, оң аяғыңды артқа қарай. 1, 2, 3, 4. 1, 2, 3, 4. (ашуланып) Аяғыңды көтерме!
Айша оң аяғымен артқа қадам жасайды.
Темір. Құдайым-ай, не деген ақпа құлақсың, аяғыңды жәй ғана еденмен сырғанатасыңшы. Денеңді еркін ұста деймін. Сен роботсың ба?
Айша. Жоқ!
Темір. Онда неге менің айтқандарымды дәлме дәл қайталап тұрсың. Еркін қимылда!
Осы кезде Айша бастапқы дене қалпын ұстап Темірдің үйреткендерін қайталай бастайды.
Айша. 1, 2, 3, 4. 1, 2, 3, 4,
Темір. Ішіңді таарт. Иығыңды көтерме деймін. Оң аяқпен артқа қадам бас. 1, 2, 3, 4. 1, 2, 3, 4. Ей, ақымақ неме артқа бір қадам жасасаң, алға бір қадам жасуың керек емес пе? Неге қайта-қайта артқа жүре бересің? Қайтадан баста!
Айша екеуі билей бастайды.
Темір. Қалыпты сақта, оң аяқ сол аяқ. Енді сол аяқ, оң аяқ.
Айшаны ары сүйреп, бері сүйреп шаршатады.
Темір. Енді өзің қалып дайындал.
Темір сыртқа шығып отырады, осы кезде Әмір ашуланып келеді.
Әмір. Осының бәрін әдейі істейсің бе? Сенің көксегенің не?
Темір. Жұмбақтамай турасын айтсаңшы! Не болды?
Әмір. Мамамның мені жек көріп кеткенін қалайсың ба? Онсызда құлағымның құрт етін жеп жүргені аз емес. Маған қарсы қойып не ұтқың келді?
Темір. Есіңнен адасайын депсің? Мен ешкімге ештеңе айтқан жоқпын!
Әмір. Мына сен болмағанда біздің өміріміз жақсы еді. Сен неге пайда болдың?
Темір. Әлі күнге дейін маған ренжіп жүрсің бе?
Әмір. Сені не істесем болады екен? Көресіні сенен көрдім ғой! Енді міне қолың аузыңа жеткеннен кейін маған қарсы шығып отырсың. Сенің сөзіңе еріп, әкем менің жоспарымның күл талқанын шығарды. Қаладан үй алайын деп отырған ақшама осы залды сатып алды емес пе?
Темір. Университетке түспеске дейін әкеме көмектесіп, егіннің басында жүрдім. Әкем – бар өмірін қара жұмысқа арнап, бізді өсірді. Ал, сен біз қиналған уақытта қайда болдың? Рұқсатсыз қоймадағы егінді сатып, өзіңе ақша жасадың! Әмір, сен айтып тұрған ақша сенікі емес, әкемдікі!
Әмір. Көмектеспегенім де дұрыс болған, ол маған бәрібір үй алып берген жоқ.
Темір. Неткен қатігез едің! Қарашаңырақты әкем сенің атыңа жазып берді емес пе, әкемнен қалған 15 гектар жерде саған қалды. Осыдан кейін қалай ренжисің?
Әмір. Сен баланы не істесем екен, әбден зығырданымды қайнатып біттің? Өмір сүруге мүмкіндік бермей қойдың ғой тіпті. Әкемнің пайдасыз дүниелерін жіпке тізгенше, мына залдың жартысын өзіме бер!
Темір. Қалай пайдасыз? Қалай?
Әмір. Ауылда қалу ойымда да болмаған. Қаладан алайын деп отырған үйімнің ақшасына осы залды алдық емес пе? Өз үлесімді қайтар, мен қаладан үй аламын.
Темір. Неге өзіңді ғана ойлайсың, ал менші, мен не істеймін?
Әмір. Менің балаларым өсіп қалды, олар қалаға оқуға түкенде сенің залыңа түней ме?
Темір. Олар оқуды бітіргенше мен де аяқтан тұрамын, көмектесемін!
Әмір. Мен саған сенбеймін!
Темір осы сөздерді көтере алмай ішке кіріп кетеді. Кіре сала музыканы қосады. Айшаны өзіне жақын тарып, билей бастады. Темір бұл жолы өзін ерекше ұстады, басқаша сезінді, басқаша биледі...Айша әдеттегіше жасқанып қалады. Бір кезде жігіт кілт тоқтап, музыканы өшіреді.
Темір. Сен неге би билеп жүрсің? Денеңді арлы-берлі қозғалтсаң болды ма, би сен үшін осындай ма? (жігіт музыканы қосып) Естіп тұрсың ба? Бұл-музыка! Ал сен оны сезінбейсің! Менің би залымда не істеп жүрсің?
Айша. (жылап) Ағай, мен осы уақытқа дейін сіздің айтқаныңызды орындап келдім. Баста деген жерде бастап, тоқта деген жерде тоқтап жүрдім.
Темір. Көптің бірі секілді жақсы орындаушы болғың келеді, бұл жеткіліксіз! Оданша билемегенің дұрыс!
Айша. Сіз маған не жетпейтінін айтсаңыз болды емес пе?
Темір. Сен мені сүйесің бе?
Айша. Не?
Темір. Биелеп жатқанда маған уақытша ғашық бол, менде саған ғашық боламын! Және жүрегіңдегі ырғақты сезін!
Темір музыканы қосады. Айша Темірдің құштарлығын сезініп, көзіне тіке қарайды. Көзден сезім оты тұтанғанда қолдар мен аяқтар өз еркіндігінде билейді. Би аяқталғанда олар бір-біріне ұзақ қарап, сезімнен арыла алмай тұрады.
Темір. Қуануға әлі ерте!
Осы кезде ішке Әмір кіріп келеді. Айша Әмірден ыңғайсызданып есіктің алдына шығып кетеді. Темір мен Әмір оңаша қалады.
Темір. Аға, не үшін келдіңіз?
Әмір. Сені сағынып келіп тұрғаным жоқ. Залды сатып алатын адам таптым. Істі ушықтырмай қағазға қол қой!
Темір. Қоймаймын.
Әмір. Неге қоймайсың? Тағы менің жанымды жеу үшін бе? Онсызда сенен көргенім аз емес!
Темір. Сенің жек көретін адамың мен болып келдім ғой, неге? Мен саған не істеп қойдым?
Әмір. Тұп-тура он жасымда мамам сені өмірге әкелді. Сол күні мен әке-шешенің мейірімінен мәңгілікке айырылдым. Мойындаймын, мектепті де жақсы оқымадым, сен секілді ән де, би де билей алмайтынмын. Бірақ, қашанда үздік болуға тырыстым, менікі әрқашан көрінбей қалатын. Ең сорақысы оқуға түсе алмай қалған жылы әкем маған: – Осындай болатынын біліп едім, жүр енді қара жұмыс істеп! Ал, сенің інің сен сияқты болмайды! Ол – өз күшімен оқуға түсетін болады!» - осы сөзден кейін мен сынып қалдым, сендер мені сындырдыңдар... Әкем мен шешемнің және сенің қас-қабағыңа қарап өстім! Жер - көкке сыйдырмаған әкеңді ұшпаққа шығардың ба?! Қазіргі ақымақ түріңді әкем көрмей қалғаны қандай өкінішті. Көру керек еді, сүйікті баласының немен айналысып жүргенін. Әкем оңбай қателесті, ол мені таңдағанда мерейі үстем болар еді? Құдайға шүкір, мені бүкіл ел сыйлайды. Қара жұмыс істесем де адалынан тауып отырмын, бала-шағам бар. Сен сияқты ай кезбе емеспін!
Темір. Мені бауыр деп қабылдай алмағаныңның себебі осы екен ғой. Қалайша бір әкеден туған бауырлар жат болуы мүмкін деп ойланатынмын. Әрине, бір-бірін көре алмағандықтан. Сен өз бауырыңның жақсылығын көре алмадың, оны өзіңе жау санадың. Ал, көреалмаушылық - аспан мен жердегі алғашық жасалған күнә! Біз қанша ақылды болсақ та, Құдайдың жаратқан жаратылысының ішіндегі ең әлсізі екенбіз...Ең әлсізі...
Әмір. Мен сенен басқа ештеңе сұрамаймын, өмір сүруге рұқсат берші!
Темір. Сен өз таңдауыңды баяғыда жасап қойғансың. Мен сені енді өзгерте алмаймын. Үлкен байқауға дайындалып жатырмын, қаражаты да жақсы. Ақша қалай қолыма түседі, солай ұстатамын. (пауза) ...Енді келмей-ақ қой, өзіңді ойла! Мамама, қамқор бол! Қорықпа, мен оған ештеңе айтқан жоқпын, айтпаймын да. Ойыңнан шығарып алған жамандығыңа өзіңді сендірмей, бала-шағаңның қадірін біл, соларды ойла!
Әмір. Шетінен маған ақыл айтуға құмарсыңдар. Мынау да адам баласы ғой деп елемейсіңдер. Мамамның айтатыны сен, әкем де өле-өлгенше сені қорғаштап кетті. Барлығын маған қарсы қойып біттің ғой, көксегенің осы ма? Әкемнің орнына сен өлу керек едің сен! Басыма пәле болып жабыстың ғой, қалай құтылам сенен, қалай?!
Темір екі көзіне жас алып, аузына сөз алмастан қатып алады.
Әмір. Мен бәрібір бұл залды сатамын!
Ашуланып, тістеніп шығып кетеді. Темір жерге сұлқ отырады. Ойы сан-саққа кетеді. Қыз оған су ұсынады да қасына отырады.
Айша. Бір сәтте өмірдің бояуын жоғалтып алуымыз мүмкін. Бірақ, оларды қайтаруға және бәрін жаңадан бояуға тырысу керекпіз. Себебі, өмірде ақ пен қарадан басқа да түстердің барын ұмытпауымыз керек!
Темір. Саған жұмбақ адамдар ұнайтын сияқты!
Айша. Ұнайды, ал сізге ше!
Темір. Ұнамайды!
Айша. Неге?
Темір. Себебі, жұмбақтың жауабы күндердің-күні шешіледі.
Айша. Жұмбақтың шешімі табылса не болады?
Темір. Шындық ашылады!
Айша. Ал, сіз шындық үшін өмір сүретін адамдардың қатарынансыз ба?
Темір. Жоқ!
Айша. Неге?
Темір. Себебі бұл әлем өз шындығын баяғыда жоғалтқан!
Айша. (пауза) Анам өмірге 5 қыз әкелген, ал әкемнің бар арманы ұл бала сүю болған. Сосын анам әкеме екінші әйел алуға рұқсат берген. Себебі, оған ұл тауып бере алмағанына өзін кінәлі сезінеген екен. Бірақ, әкемді де түсінуге болады, ол да үйдің жалғыз ұлы болған. Өзінің ұрпағын жалғастыратын перзентінің болғанын қалайды. Сөйтіп әкемнің екінші әйелі де қыз туған. Сосын әкем мен анам қатты ашуланып ол әйелді үйден қуып шыққан. Сол әйелден мен туылғаным...
Темір. Сен сонда әкеңнің бірінші әйелін ана дейсің бе? Ал, өзіңнің туған анаңды неге ана демейсің?
Айша. Оны өмірімде көрген емеспін...Маған кейде үйдегілер мені жақсы көрмейтін секілді көрінеді. Қыз болып туылып қалғаныма кінәлі сияқтымын. Әкем де анам да, тіпті бауырларымның арасында өзімді бөтен сезінемін. Сонда да оларды жақсы көремін, және оларға ренжімеймін. Оқудан шығып кеткенімді де, осы жерде жұмыс істеп, би билеп жүргенімді де кездейсоқтық дей алмаймын. Ағай, мен тағдырға сенемін! Ал, сіз тағдырға сенесіз бе?
Темір. Сенбеймін!
Айша. Мен мектеп кезден ішкі үмітпен келе жатырмын. Ол меніңше менен де шынайы сияқты...
Темір. Мен әлі сол үмітпен өмір сүріп жүрмін!
Айша. Көрдіңіз бе, біз ұқсаспыз. Негізінде адамдар өзіне жақын энергияны тартады. Яғни, біз тағдырға сенетін адамдармыз.
Темір. Бар жоғы 19 - сың, сенің жасыңда да мен де сен секілді ойлайтынмын. Уақыт өте келе құндылықтар көмескеленеді, жақсы мен жаманның шайқасы басталды. Ал, біз өмірге у дай мас болып, бір-бірімізді адам деп санамай шайқаса береміз, шайқаса береміз, бір кезде уақыт тоқтайды. Сол кезде түсінеміз өмірдің мәнсіз екенін, бірақ...тым кеш!
Айша орнынан тұрып жігітке қол созып.
Айша. Ағай, жәй ғана бақытты болайықшы!
Темір. Қалай бақытты болайық?
Айша. Ештеңені күрделендірмей, адам сияқты бақытты болайық.
Екеуі балаша мәз болады.
Темір. Расында да, қалай бұрын осыны түсінбегем. Өзіміз екенбіз ғой барлығын күрделендіріп алатын. Шыныменде, жәй ғана бақытты болайық, оның несі айып!
Айша. Иә! Ағай, бақытты болайықшы, билейікші!
Айша Темірді өзі биге шақырады. Қыздың өзіне деген сенімділігі Темірдің болмысын ашып, еркін билеуге мүмкіндік сыйлайды. Олар ғашық адамдарша сезімге беріліп, тангоның ыстық лебіне бөленеді. Темір биді аяқтап болып, оны құшақтап алады, қыз болса жігіттің кеудесіне басын қойып, ыстық сезімді бастан кешіп тұрады.Осы кезде ішке Ерасыл мен стилист кіріп келеді. Екеуінің құшақтасып тұрғандарын көріп, ыңғайсызданып қалады. Темір мен Айша қолдарын жібере салады.
Ерасыл. Мен сіздерге байқаудың ертең болатынын айтайын деп келдім. Иә, түсінемін аз уақыттың ішінде үлкен жарысқа дайындалып үлгермегендеріңізді. Бірақ, сонда да...
Темір. Сонда да біз жақсы өнер көрсетуге дайынбыз!
Ерасыл. Ағасы, мені бір қуантып тастадыңыз! Бұл керемет жаңалық қой! Онда біз сіздерге киімдеріңізді алып келдік, мүмкін киіп көресіздер.
Темір. Жақсы, келістік!
Темір мен Айшаға стилист түсіндіріп жатады.
Ситлист. Бұны жарысқа киесіздер, соңғы коллекцияның бірінен сіздерге таңдалып алынды. Төрешілердің кейбірі әйел адамдар, олардың киім мен әшекейге мән беретіні анық.
Темір мен Айша киімдерін киіп шығады. Олар бір-бірінен көз алмай қарап қалады.
Ерасыл. Не деген үйлесімділік. Осы жұмыста қанша жүрсем де түр-әлпеті ұқсас жұпты алғаш көруім. Бұның да бізге тигізер әсері мол. Жақсы, ертерек демалыңыздар. Ертең шешуші күн. Сәттілік тілеймін.
Ерасыл Темірдің қолын алады. Олар кетіп қалады. Оңаша қалған Айша мен Темір бір-біріне қарауға ұялып тұрады.
Айша. Ағай, мен байқауға баруға лайықтымын ба?
Темір. Әрине, мен сенің табандылығыңа риза болдым. Жарайсың!
Айша. (Темірдің құшақтап алады) Рахмет сізге!
Темір. Не үшін?
Айша. Қолымнан бірдеңе келетініне көзімді жеткізгеніңіз үшін.
Темір. Керісінше саған рахмет. Бәрі сен келгелі басталды, жолың жеңіл екен. Демек, осы уақытқа дейін сені күткен болып тұрмын ғой. Осыдан кейін қалай тағдырға сенбейсің...
Екеуі құшақтасады.
3-сахна.
Темір мен Айша сахнаның артында тұрады. Олардың шығатын уақыты жақындайды, осы кезде Әмір бар алқымымен жүгіріп кіріп келеді. Темір оны көріп есі шығып кетеді.
Темір. Аға, сен мұнда не істеп жүрсің?
Әмір. Сен мені кешірші, үйге барып көп ойландым. Ақымақ болыптым, баланың ісін жасаптым. Мені кешірші, бауырым!
Темір. Аға, сен мені бауырым деп атадың ба? (ағасын құшақтап) Осы сәтті қанша жыл күттім! Мен сізге еш уақытта ренжіген емеспін, ренжімеймін де!
Әмір. Рахмет бауырым, рахмет! Сенің қуанышың болып жатқан соң тыныш жата алмадым. Ішімді бір сезім жарып бара жатты, оның жақсы не жаман екенін ажырата алмадым. Дәл өзіңді іздеп осы жерге жетіп келдім, бауырым!
Темір. Жаман ойға бой алдырма! Ол сенің ағалық сезімің деп біл!
Әмір. Рас айтасың ба?
Темір. Әрине, рас!
Әмір. Темір, сен мені кешір! Сенен өтініп сұраймын, мені кешір!
Темір. Аға, уайымдама, жарыс біткен соң да сөйлесеміз!
Әмір. Жоқ, қазір айтшы! Мен үшін өте маңызды.
Темір. Аға, кешірдім!
Әмір. Рахмет бауырым. Мамам сырқаттанып келе алмай қалды? Бірақ, бәрі жақсы уайымдама! Ауырса дп өз қолынан сенің сүйікті шырыныңды дайындап, беріп жіберді. Түнімен дұғада болды. Саған жарысқша шықпай жатып, ішіп алсын деді. Міне, қарашы, шие шырыны!
Темір. Аға, уайымнан тілім де құрғап кеткен еді, жақсы болды ғой!
Темір шие шырынын рахаттана ішіп алады да, сахнаға жүгіріп шығып кетеді.
Әмір. (қуанышпен) Мені бауырым кешірді, енді еркін өмір сүре аламын. Енді бақытты боламын!
Байқау басталды. Тыныштық. Жарыс залы көмескеленіп тұр. Сахнаның дәл ортасында екі адамның бейнесі байқалады. Музыка. Темір – қою қара шашты Айшаға көз салды. Темірдің қолы Айшаның беліне тиді, екеуі баяу қозғала бастады. Екеуі сезімнің тоғына ұрынып «Танго» биін бастады. Темір мен Айшаның отты жалыны толық залды игеріп әкетті. Оттай ыстық танго биін ерекше сезіммен билеп, олардың арасындағы тартылыс күш халықты ынтықтырып, көздерін жіпше байлады. Би финалға жетіп, жігіт қызды жоғары көтере бергенде Айша көзден ғайып болады. Темір жан-жағына жалтақтап, есі ауысқан адамша қызды іздей бастайды. Көрермендердің: - Қызға не болды, құлап қалды ма? Сұмдық, осындай да болады екен-ау!» деген сөздері залды толық алады. Жігіт қызды іздеп жүгіреді...шаршайды. Жан-жағына қарайлап, әлсіреп, жерге сұлқ құлайды... Жарық сөнеді, сахнаны қараңғылық басады...
4-сахна.
Тастай қараңғы бөлме. Күбірлеген адамдардың дауысы естіледі. Әмір залдың жарығын жағады. Ішке бір қыз кіріп келеді. Залдың ортасында бүк түсіп Темір жатыр. Оларды көріп қатты қуанып кетеді.
Темір. Аға, сен келдің бе? Мен сені көп күтіп қалдым ғой! Неге, ертерек келмедің! Байқауға дайындалу керектігін білесің ғой!
Әмір мен қыз оның сөзін естімей, өзара бір істі ақылдасып жатады. Бір уақытта тарс..тарс... еткен қатты дауыстар естіледі. Би залына жұмысшылар жиһаздарды кіргізіп жатады
Темір. Бұларың не, тоқтатыңдар өтінемін. Аға, мені естіп тұрсың ба?
Жанталаса жұмысшылардың жанына жүгіріп келеді.
Темір. Сендер мені естіп тұрсыңдар ма? Би залына бұндай заттарды қоюға болмайды, себебі біз байқауға дайындаласыз!
Жұмысшылар. Елдің айтқаны рас секілді...Мына жер шыныменде жайсыз екен. Жиһаздарды орналастырып, мына жерден тез кетейікші!
Әмір мен қыз мәселенің басын шешіп жатады.
Әмір. Өзі былай ескі би залы болса да, қаланың қақ ортасында орналасқан. Амал жоқ бұл жерді биге байланысты бизнес ретінде қолдансаңыз көп пайда көретін едіңіз. Бірақ, сатып алған өзіңіз болғандықтан, не істеуге де құқылысыз!
Қыз. Иә, байқалып тұр! Бірақ, өз басым биге қатты қызықпаймын. Сол үшін сауда үйіне айналдыру мен үшін әлде-қайда абзалырақ!
Әмір. Керемет идея!
Қыз. (Темірдің көзіне тіке қарап тұрып) Бұрын бұл жерде біреу бимен айналысып па еді?
Әмір. Иә, туған бауырым. Дәл, сахнада өз ажалымен қайтыс болды...
Әмір ауыр күрсініп қызға залдың басқа да жерлерін көрсетіп жатты.
1 Жұмысшы: (сыбырласып) Мәссаған айттым ғой, бұл жердің бірдеңесі дұрыс емес!
2 Жұмысшы. Әруақ бар дегені рас болып тұр ғой...
Темір. Аға, мен өлген жоқпын, мен осындамын! (кеудесін ұрғылап) Мен тірімін! Естисің бе, сенің бауырыңмын, мен осындамын!
Әмір қызбен сөйлесіп болып, бір келісімге келеді.
Қыз. Түсінікті! (қалына ақшаны ұстатып) Кілтті маған беріңіз!
Әмір. Әрине, әрине алыңыз!
Темір. Саған айттым емес пе, бұл жерді ешкімге сатпашы деп! Қалай түсінбейсің, би залы менің өмірім! Сен мені өмірімнен айырғалы тұрсың ғой! Естіп тұрсың ба, мынаның барлығын тоқтатшы! Құдай үшін, тоқтатшы! Тоқтатшы!
Әмір ақшаны қуана алып, қалтасына салып алады да. Соңғы рет би залына мұқият қарап, Темірді іздегендей кейіпке түседі.. Қызбен сөйлесіп жарықты сөндіріп шығып кетеді. Сахнаны қайта қараңғылық қаптайды.
5- көрініс.
Тыныштық. Жарыс залы көмескеленеді. Сахнаның дәл ортасында екі адамның бейнесі байқалады. Жарықты екі адамға бағыттады. Темір – қою қара шашты Айшаға көз салды.. Олар сахнаға шығады.
СОҢЫ