Бүгін Серік Томановтың туған күні. Ақын 1956 жылы Талас ауданы, Жданов атындағы кеңшарда д...
Қаламынан ғажайып жырлар туған
1925
Белгілі ақын, балалар жазушысы, композитор Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК – 80 жаста Жүзінен Күннің сәулесіндей жылы шуақ тараған Тілеуғазы ағаны алғаш рет көргенде жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, неткен мейірімді адам деп ой түйген едім. Сол алғашқы көрген сәттегі ойым алдамапты. Шын мәнінде ағамыз жан-жақты өнер адамы болып шықты. Тұла бойында ақындық, сазгерлік, қаламгерлік дарыны бар ағамен шығармашылық жағынан араласып тұрдым. Тілеуғазы Бейсембек Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің шығармашылық бөлімінде редактор болғанда мен жұмыс істеген Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне үнемі мақала жазды. Облыста өтетін, болып өткен концерттер, фестивальдер туралы репортаж, жеке өнер тарландары жайында тартымды суреттеме жазып тұрды. Мәдениет, өнер, білім, денсаулық саласын қамтитын бөлімнің меңгерушісі болғанымда журналистеріміз бірнеше жерде болып жатқан мәдени шараға барып үлгермей жатқанда, түзетуді қажет етпейтін дайын материалды жазып әкеліп, талай қолымды ұзартқан еді. Бұл қаламгер ағаның мен көрген бір ғана қыры. Ал қалған қыры жөнінде тарих беттері сөйлесін! Ақын Тілеуғазы Бейсембектің «Бастау» деген тұңғыш өлеңдер жинағына Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев («Қазақ әдебиеті», 8 февраль 1980 жыл 10- бет.) «Жаңа толқын дүбірі» атты әдеби сынында: ... Ана жөнінде жазбаған ақын жоқ болар, ал солардың ішінде классикалық үлгідегі, хрестоматикалық сипаттағы дүниелерді де білеміз. Ал жас талапкер көп жырланған тақырып деп қорғанбай, ағалармен де, тіпті, бабалармен де өнер жарысына түсіп, жүрексінбесе ғана өзін, дарынын көпке таныта алады. Тілеуғазы Бейсембеков сондай бір батыл қадам жасаған: Бетіңе опа жақпап едің жасыңда, Әжімдермен опалапты уақыт. немесе: Күміс сырға тақпап едің жасыңда, Самайыңды күмістепті уақыт, және: Маған деген махаббатың күшті еді, Соны ғана жеңе алмапты уақыт. Ана құдіретін автор өзінше айтқан, әдемі айтқан. Жастардың мұндай тапқырлығына жаным ырза, жайраң көңілмен жамағатқа қуанышымды жеткізуге асығамын. Қазақ поэзиясында бұрын кездеспеген «Алыпсатар» деген өлеңді мен мінсіз дер едім: Бүтін жасап сынықтан, Сатуға әбден құныққан. Түссе бақыт қолына, Сатар еді оны да. Жантүршігерлік обырлық образы осы емес пе?! «Өсек» атты өлең де – жаңа дүние. Тілеуғазы да түлеп жетілген талант екендігін алғашқы кітапшасымен-ақ дәлелдеп отыр. Тырнақ алды тұңғышы болса да жинағы жинақы, үлкен ұқыптылықпен ойланып, тізілген. Біріне-бірі ұқсамайтын бітім мен бүтіндік, ой салмақтылығы өлеңдер шоқтығын биіктете түскен. Некен-саяқ өлеңдері болмаса, бәрі дерлік оқырман көңілінен шығар дүние деп қарауымыз әділ. Тілеуғазы тапқырлығы күтпеген жерден алдыңнан шығады. Әскердегі сарбаздың ғашық қызымен хат арқылы хабарласуы бар нәрселер. Ерке-наздысы да аз емес еді. Бейсембеков өкпе-базынасы тіпті өзгеше: Сағыныш бойға енгенде, Жүректі саған емдетем. Отаным маған сенгенде Сенбеуің сенің жөн бе екен? ... Оқиғалы өлеңнің қазір жалпы поэзиямызда азайып кеткендігін ескерсек, жас поэзия да сюжетті дүниелермен жарылқап мәз ғып жүрген жоқ. Он алты кітапшада да бұндай дүниелер саусақпен санағандай. Т.Бейсембековтің «Шыңдағы мүсін» және «Бір үзім нан», Т.Тұяқбаевтың «Арман көзі», М.Нұрқановтың «Жалғыз терек», Б.Шаңбаевтың «Оқ пен ойын», Ж.Кенебаевтың «Ақбас шалдар туралы» секілді балладаларын атауға болады,-деп оң баға береді. Белгілі қаламгер Мұзафар Әлімбаев «Көңіл күнделігінен» (Альманах «Жалын», № 3, 1985 жыл, 113 – бет.) атты зерттеуінде: ...Позияның жиынтықтағыш қуаты артуын жастар творчествосындағы үрдістерден де аңғаруға әбден болатын сияқты. Түйінді тығыз ой айтуға талпыну, нәрлі нақылға бой ұру өсуді танытады. Тілеуғазы Бейсембековтың «Сенім» атты өлеңдер жинағын парақтасаңыз, осындай олжаларға кезігесіз: Жас ағашты қайда апарсаң өседі, Кәрі ағашты орынынан қозғама. Оңай емес сеніммен өмір сүру, Ал сенімсіз тіпті де мүмкін емес. Жапырағымен көрікті ғой ағаштар, Ал адамдар ұрпағымен көрікті. Ескек ұстай білмесең, мінбеу керек қайыққа. Бұлар өлеңнің өн бойына біте қайнасып, біріккен тұтас дені тәріздес табиғи жарасымды. Әрі дербес тірлік етердей өз құндылығы, татымды идеясы бар. Сондықтан да елеуге татырлық, ауызға аларлық, кәдеге асарлық. 1985 жылдың әдеби жыл қорытындысында балаларға Балалар мен жасөспірімдер поэзиясы туралы ақын Қайрат Жұмағалиев баяндама жасады. Онда: ... Өткен жылы балаларға ұсынған баспа базарлығының ішінде Бүркіт Ысқақовтың «Жеткіншек», Рза Қунақованың «Қызыл жалау» кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар Ақылбек Шаязметовтың «Гүл мен бидай», Оразхан Жарқынбековтың «Қарабай мен жылан», Тілеуғазы Бейсембековтың «Қыңыр лақ», Балтабай Тәжімбетовтың «Қарлығаш», Рахат Наурызбаеваның «Аққозы», Өтепберген Ақыпбековтың «Жарыс» атты кітаптары жас оқырмандар қолына тиді... Рас, соңғы жылдары балалар әдебиетінде лек-лек жаңа есімдерді естіп, көңілге тоқ санап жүрміз. Серікбай Оспанов, Байбота Серікбаев, Сейітқұл Оспанов, Бейсебай Кірісбаев есімдерімен қатар К.Ибраев, Т.Бейсембеков, А.Сәрсенов, Б.Тәжімбетов, Р. Наурызбаева, М.Ерімбетов, О.Жарқынбековтерді балалар поэзиясының белсенді қаламгерлері деп тануымыз жөн. Бұлардың алды бірнеше кітаптан, соңы тырнақалды кітапшаларын оқырман қауымға ұсынған. Өткен жылы балалар поэзиясының жаңа туындыларымен танысқанда Тілеуғазы Бейсембековтың, Көмек Ибраевтың әзіл өлеңдерге бейім екенін аңғардық. Әсіресе, Тілеуғазының «Шай мен кәмпит», «Тіс», Көмектің «Кішкентай аңшы» өлеңдеріндегі әдемі әзілдері жас оқырмандардың көңілінен шығарына сенімдіміз. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,филология ғылымдарының кандидаты Ғазиз Ештанаев 2012 жылдың «Ана тілі» газетінің № 44 нөмірінде жарық көрген «Алқоңыр» атты ойтолғауында ақын Тілеуғазы Бейсембектің өлеңдері жайлы: «Тілеуғазы аға – кәсіби музыкант. Музыка әлемінен өлең патшалығына келген адамның өнердегі жолы кездейсоқтық емес. Ұлы үйлесімге құрылған музыкалық шығарма мен өлеңнің табиғатындағы туыстықты аңғару, әрине, қиын емес. Тегі бір дүние. Әйтседе, музыка саласының майын ішкендер өлең жаза бермейтіні - тағы шындық. Ақындардың да сиқырлы әуен әлемінде жолы болып жүргендері де санаулы. Тілекеңе Алла осы екі қасиетті бірдей етіп дарытыпты. Киелі өнердің қос бұрымындай музыка мен өнерді тең ұстап келеді. Сондықтан болар ақынның өлеңдерінен ән сарыны естіледі, әуезділігімен ерекшеленеді. Кім біледі, «Алқоңыр» өнердің осы екі саласының арасын жалғап жатқан алтын көпір шығар», - деп бір ауыз лебізін білдіреді. Тілеуғазы Бейсембектің балаларға арналған шығармалары конкурстарда жүлделі орынға ие болып келеді. «Қазақ әдебиеті» газеті, № 14, (3386) 4-10 сәуір, 2014 жылғы нөмірінде «БАЛАУСА» МӘРЕГЕ ЖЕТТІ деген хабарда: Қазақмыс тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармалардың жыл сайынғы «Балауса» бәйгесінің қорытындысын шығарды. Бәйгеге елге танымал жазушылар да, әуесқой авторлар да қатысты. Қазақмыс тобы мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдерінен құралған әділқазылар алқасы 195 авторан келіп түскен 220-дан астам шығарманы сарапқа салған болатын. «Қаламгерлердің, студенттердің, жоғары оқу орындары оқушыларының және жалпы творчество өкілдерінің қызығушылығы осынау игілікті дәстүрді жалғастыруымызға түрткі болды», - деді «Балауса» бәйгесінің демеушісі, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Қырықпышев. Солардың ішінен Тілеуғазы Бейсембектің «Дирижер» өлеңдер топтамасы Бас жүлдеге лайық деп қабылданды... 2017 жылы «Тәуелсіздік толғауы» конкурсында мектеп сахнасына үздік драма номинациясы бойынша «Самұрық келген таң» драмасы бірінші жүлдеге ие болды. Драма негізінде «Самұрық келген таң» атты музыкалық ертегісі дүниеге келді. Тұңғыш балалар операсы 2018 жылдан бері «Астана Опера» театры сахнасында қойылып келеді. 2018 жылы «Тәуелсіздік толғауы» конкурсында Қуыршақ театры сахнасына үздік драма номинациясы бойынша «Ерке лақ» шығармасы үшінші жүлдеге ие болды. Либреттосын да, музыкасын да Тілеуғазы ағаның өзі жазған «Ерке Лақ» деген ертегісі Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің репертуарына енді. Соның негізінде тұңғыш оркестрлік ертегі жанры өмірге келді. Қазір ол драма Жезқазған қуыршақ театрының репертуарына енген. Сексенге келсе де өзін сергек ұстайтын ақынның «Зерек бала» атты кітабы жарық көрді. Бұл жинағына балаларға арналған тәрбиелік маңызы зор аңыз-дастандар, өлеңдер, ертегілер топтастырылған. Сексеннің сеңгіріне шыққан Тілуғазы аға:Консерваторияда оқып, академик А.Жұбановтан дәріс тыңдадым. Композитор Л.Хамидиден сабақ, композитор Е.Рахмадиевтен дирижер Ш.Қажығалиевтен тәлім-тәрбие алдым. Шығармашылығыма – оқырман төреші,-дейді. Халқына қадірлі ақын - қазыналы қарияға айналды. Алла қалам иесіне ұзақ ғұмыр берсін!
Жұлдыз ТОЙБЕК ҚР Журналистер одағының мүшесі АСТАНА.