6-шілде – Астана күні. Атаулы күнге орай "Мәдениет порталы" бір топ а...
Алмас Ақтасов. Қайран уақыт төбемнен көшіп жатыр
2733
Өткен өмір түсім бе ең, өңім бе едің? Көргем таңның көзіңнен төгілгенін. Үйлесімсіз күндердің әуендері, Құлақ күйі келмеген көңілдегі үн. Жалқы мұңым жазылмай кешкі демнен, Жаңа өзімді таппадым ескі реңнен. Уайым бұлтқа батады қызарыңқы, Бөлісе алмас ойларым ешкімменен. Күлгін кештің біткенде қапырығы? Қарға түндер төгеді қақырығын. Мұңаймауға себеп көп шындығында, Өмір, өлім бәрі де тақыр ұғым. *** Сүретіндей өмірді бүгін ғана, Сыйласыншы әтірлі гүлін дала. Еріп кетсін біздегі шермен бірге, Тамшылаған, түбінде түннің қала. Ерісінші бәрі де, еңілік түн таң алдында жатқанда сөгіліп мың. Дөңгеленген дүние жанарынан, Кететіндей үңілсең төгіліп мұң. Таңға қарай ұласып жаңбырға ірі, Ашылады даланың балғын үні. Бұрыңғымыз тым тәтті, бүгініміз асау күйдің әлсіздеу жаңғырығы. Баянсыздау бұл өмір, боямасыз, Бәлкім бәрі түс болып оянасыз. Жапырақтың жасылын тамырдағы, Қанша жұтып жатса да тоя ма күз?! Сіңіп кетіп жоғалар тамыз бұлтқа, Өмір деген – үйрену жалғыздыққа. Бір тамшыдан жаралып, кетеміз ғой кірпіктерде айналып жалғыз шыққа. Өмір деген осы ма шыныменен? Мағынасыз тірліктің құны өлең. Бес күн жалған фәнидің бар мазмұны жауған жаңбыр бүгінгі түніменен... *** Түк сезбейтін боп алдым, еш сенбейтін, Зиярат қып жүремін естің бейітін. Іңір болып тілдесер құс тілінде, Бір әуенді аңсаймын естілмейтін. Құйыла ма сол әуен түндерге ізгі? Күте-күте тылсымнан күдер де үздім. Тәулігіне түлейтін жыландардай, Алмастырар теріміз күндер біздің. Күндер біздің жүзіміз ел білетін, Кеткен екен қалыңдап желден бетім. Уақыт деген көңілдің әткеншегі, Бір жоғары, бір төмен тербелетін. Жұлдыздардан қадалған түймелері ал түндерім жанымның жейделері. Көшелердің құшағы түнек сіңген, Тереңіне тартады кейде мені. Менің жолым бөлектеу, сөкпеңізші, Құдайға айта жатарсыз өкпеңізді. Өткен ізді жасырды тағдыр бұлты өлең қылып көз жасын төккен күзгі. Тазалыққа жүрегім шөліркеген, Жылай бермей айтшы енді жөніңді еркем. Бір жарықты іздеймін жан-жағымнан, Шаршайды екен адам да көлеңкеден. Аялдамас жерлерде аялдадым, Жетелейді ертеңге қай арманым?! Өмірімнің ең басты сұрағын мен, Әлі күнге өзіме қоя алмадым. Ол сұраққа жауапта жоқ қой қарғам, Қайта айналып ешкімде соқпайды оған. Он шумақпен айтатын ойларыңды, Жеткізесің нақтырақ боқтай салсаң. Бір күйімнен бір күйге жалғанып ес, Күнін санап жүрміз құр, жалғанның бес. Жеңіл ойлар жетегі жетелесе, Сезініппіз сезімнің салмағын кеш. Тербелістер, жанарлар мөлдіреген, Қандырамыз жалғанда шөлді немен?! Тірлік - сарсаң, екі сан арасында, Туды және сызықша өлді деген. P.S. Айналамды қоршаған жылтырақ мұң көппен бірге ілесіп жыр құрап құр. Сезінбеген шынайы сезімдердің Буындары неліктен сырқырап тұр.... *** Астан-кестен дүние-ай, бастан кешкен, Өгей ұлдай өлеңге тастанды өскем. Сен бақытты екенсің әлде қайда, Төлегатай белінде асқан көшпен. Сабылысқан тірлікте алып ұшқан, Кездерім көп, әттең-ай жаңылысқан. Жазда, қыста, көгерген көктемде де, Сары күз мұң кешемін сағыныштан. Желік шіркін ақынға қойғызбайды, Ішке тартар көк түтін ой, қыз жайлы. Тәбетіңді ашқанмен мына жалған, Шындығында бір сәтке тойғызбайды- ә! Содан болар жүректі дерт кеміріп, Сан шығамыз түнімен өртке кіріп. Құдай өзі кешірсін деп ішінен, Жандармыз ғой әйтеуір еткен үміт. Ит тірлікпен күйбеңде ырылдасқан, Ұмыттырар тектілер жырын дастан. Маңыраған белдерден шипа тілеп, Қырға кетіп қалса ғой қырынбастан... Көңілімді уайым нала жыртып, Кей кездері оятад шала жұлқып. Көшелерде даңғаза қалғып жүріп, Түбі бізді қояды- ау қала жұтып...! *** Қаймақ бұлттар көгімде алас ұра, Жамау іздер аспанның жарасына. Қайран уақыт төбемнен көшіп жатыр, Мен бейбаққа бет бұрып қарасын ба?! Аспан анау қапталған сұр бұлтпенен, Күнім мынау кеміріп қылқұрт жеген. Күлік тағдыр жазылған маңдайымды, Күйбеңменен алысып шұлғып келем. Мен туыппын тоғысқан ғасырда алаң, Ескі дерттің сырқаты басылмаған. Кей кездері ащыға құмарлығым, Тасынған емес қой - ашынғаннан! Ұшып жатыр көбелек көктемдерім, Күзге айналып алдағы беттер белім. Қурап түсер ғұмырым жапырақтай, Сүйген сәтте маңдайдан көктегі ерін. Ал әзірше айтарым көктем әні, Сыршыл сұлу болғанмен өктем әрі. Жер бетінде болайын мен-ақ жаман, Жақсылардың себебі көкте бәрі. *** Тұншықтырып қаланы түн құшағы, Сүреңсіз көшелерді мұң қысады. Лақтырған шылымымдай, көкжиектен Құлап тынды бүгінгі күн құсалы... Көшеге өлі айғыздап түн бояуын, Қорғасын бұлт, Сіркіреп тынбай жауын. Тынық мұxит жанардың жағасында, Сапыруда жасыңды түнгі ой - дауыл. Құс жолындай шашыңда жол баяны, Саусақтарым адасад(ы) сол баяғы. Сөнген алыс жұлдыздың көздеріңде, Жүрегімді тылсым бір қозғайды әні. Тасасынан түн шығып бүкір дүздің, Тереземнен үңілед үкі көзді. Еріндегі құмардың құбыжығы, Қоймайтындай құдды бір түгімізді. Ақтасов Алмас Қуантайұлының дербес парақшасына өтіңіз