Көкшетауда ашылған "El jastar" театрына өнер көрсететін орын жоқ, деп хабарлайды "Көк...
Шетілдік ғылыми терминдерді аудару туралы конференция өтті
11-қараша күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті «Шеттілдік ғылыми терминдерді аудару: теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында онлайн режимде республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өткізді. Конференцияға отандық жоғары оқу орындарың оқытушы-профессорлар құрамы, жас ғалымдар, Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшелері, ағарту ісі саласының қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, докторанттар мен магистранттар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың сала мамандары мен қызметкерлері, тіл жанашырларын қамтыған 250-ден астам адам қатысты.
Конференция барысында шеттілдік терминдердің қазақ тіліндегі лексика-грамматикалық игерілуі, салалық және салааралық терминдердің аударылу тәсілдері мен шетел тәжірибелері, бекітілген терминдердің қолданыс жағдайы және оның мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдырудағы әсері тәрізді мәселелер кеңінен талқыланды.
Шеттілдік терминдерді аударудың теориялық және практикалық мәселелеріне арналған конференцияда 9 баяндама талқыланып, оның шымылдығын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұбай Орынай Сағынғалиқызы ашты. Ғалым өз баяндамасында Ахмет Байтұрсынұлының шеттілдік терминдерді қабылдауда ұстанған қағидаттарына жан-жақты тоқтала келіп: «Шеттілдік термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А. Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыру қажет. Шеттен енген сөзге қазақ тілінен не түркі тілдерінен балама табылмаған жағдайда Ақымет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялыларының ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, тіліміздің дыбыстық заңдылықтарына икемдеуіміз қажет»,-деп түйіндеді.
А. Байтұрсыұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нағима Әшімбаева: «Тілдегі, оның ішінде терминологиядағы ықшамдылық және үнемділік қағидатын бұзуға сөзсіз алып келетін терминдер санының артуын болдырмауды, терминологияның жүйелілігін сақтауға ықпал ететін фономорфологиялық бейімдеу қағидатының қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігін және қазақ терминологиясындағы мағынасыз немесе басы артық форманттарды пайдалануды қысқарту үшін төл тіліміздің мүмкіндігін барынша пайдалану керек»,-деген ой айтты.
Сондай-ақ, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Жөнкешов, «Тұран-Астана» университетінің қауымдастырылған профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Искаков, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Теология факультеті деканының орынбасары, PhD докторы Мұхит Төлегенов, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетінің аға оқытушысы PhD Айгүл Түрікпенова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нұрсәуле Рсалиева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, PhD докторы Ақнұр Төлеубаева, қатарлы ғалымдар баяндама жасап, құнды пікірлерімен бөлісті.
Конференция барысында айтулы жоғары оқу орындарының рецензияланатын журналдарында қазақ тілінде жарық көрген мақалалардың сандық көрсеткішіне жасалған талдау, қазіргі қолданыстағы ағылшын тілінен енген терминдер сипаты, құқықтық актілердегі, заманауи технологиялар саласындағы шеттілдік терминдердің семантикалық ерекшеліктері мен қолданысы және т.б. сұрақтар кеңінен талқыланды. Ғылым тілінің негізгі арқауы болып табылатын терминдер мәселесі мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту үшін қашан да өзекті. Конференция соңында Қарар қабылданып, конференцияға қатысушылардың ой-пікірлері талданды.