Ұларбек Дәлейұлы. Шыңғыс қағанның қаһарлы жасағымен алысқан батыр Жәлел ад-Дин

ТАРИХ
1531

Батырлығы мен парасаты елден ерек болса да, жолы болмаған сұлтан жайлы хикая



Әлхисса, 1220 жылы қыста Жебе мен сүбедейдің жезтырнағынан қашқан Хорезм сұлтаны Мұхаммет шах Каспий теңізіндегі Абескүн аралында бақилық болды. Өлер алдында Жәлел ад-Динды сұлтан етіп сайлауға өсиет қалдырды.

Оның сүйегін үлкен ұлы, даңқты батыр ханзада Жәлел ад-Дин қайта жерлеу үшін Исфаһанға әкеле жатқанда, үшінші ханзада Үгедейдің қолына кездесіп қалды. Қаншама қаһарлана сайыс салғанымен, сүйекті тастап, оншақты жасағымен қоршауды бұзып, зорға құтылып шықты. Мүрдені Үгедей ханзада өртеп жіберді.

1221 жылдың жазында Шыңғысханның сүйікті немересі, Шағатайдың ұлы әм тақ мұрагері Матуған (Мотутүлік) Бамиан қаласының түбінде хорезмдіктердің жебесінен жайрады. Бұл қаза Шыңғысханға аса ауыр тиді. Қала алынғаннан кейін бірде бір адам тірі қалған жоқ, түгелдей қаған өзі тікелей бастаған жауынгер қосынның қылышына жем болып, қала тұтастай жермен жексен етілді.

Ол шақта, Жәлел ад-Дин Иран жерінде жасақ топтап, 10 мың әскермен Кандағар шәрісіне жақындаған. Бірнеше ұсақ шайқастарға жеңіске жеткен оның беделі тез өсті.

Сол жылы күзге салым, 22 жастағы  Жәлел ад-Дин өзі жинап үлгірген жеті түмен жасақпен Парван (қазіргі Ауғанстан территориясы)  түбінде көшпелілермен ашық айқаста бір сыналды.  Қағанның асыранды інісі Шигіхутұқ үш түмен жасақпен бетпе-бет келді. Көп өмірі қаған ордасында бас қазылықпен өткен оның соғыс тәжірибесі жоқ еді. Жасақтарын тар ойпатқа үйіп алып атойлаған ол отыз мың сарбазынан түгел айырылып, жүз шақты қорғаушылармен ғана қоршауды зорға бұзып шықты.

Сонда Қаған тұрып: «Бұл кінәңді кешірейін, – депті Шигіхутұққа. – Қолды өзім бастап, менің құдіретті қосыныма ауыр соққы берген ханзаданың жанын жөзім жай таптырайын... Кешікпей таңдаулы қосынды бастап, Жәлел ад-Динге қарсы аттанады. 

Жебе ноян мен Сүбедей баһадүр ол кезде терістікке қол төңкеріп, Астрахан айналып кеткен.

Екеуінің шешуші шайқасы 1221 жылы желтоқсан айында Үнді өзенінің жағасында болды. Шағатай мен Үгедей бастап, Буршы мен Зелме қостаған жойқын қосын оның тірнектеп жинаған 5-6 түмен қолын әп-сәтте тас-талған қылып, бекінісімен қоса тып-типыл қылды. 

Жәлел ад-Дин тұтқынға түсуге аз қалды. Қағанның «Оны тірі ұстаңдар!» деген жарлығы болмағанда, алдыңғы лектегі құрауыл жасақ пен ертауыл қосынның мергендері оны баяғыда-ақ жебеге түйрер еді. Тұлпарының екі қапталына кезек ауып, алмас семсерін ойнатқан сұлтан ауыр жараланып, биік жардан астындағы тұлпарымен өзенге бір-ақ секіреді. Үнді өзенінің жағасында шайқас барырысын бақылап тұрған Қағанға семсерін бұлғап, «Мықты болсаң, бері өтіп менімен шайқас!» деп айқай салады. Ерлігіне сүйінген қаған оқ жетер жерде тұрған оны тағы да атқызбайды. Көшпелілік дәстүрде ерлік қатты бағаланған ғой.

Ұлдары Шағатай мен Үгедейге: «Мықты болсаңдар, қатындарыңа осындай батыр ұл тапқызыңдар!», – деп айтатын кезі осы кез дейді тарихшылар.

Өзенге секірерде, жау қолына тірі түспесін деп, жендеттеріне бұйырып, әйелдері мен балаларын, гәремдегі сұлулар мен қоса түгелдей өзенге тастатады. Өзімен ала жүрген сандық сандық алтын-күміс, жаһұт, асыл бұйымдарын да суға шаштырады.

Сұлтан Жәлел ад-Дин қанды қырғыннан аман қалып, жан-жақтан бас сауғалап келген жүз шақты жасағын ертіп, түтсікке суыт жол тартты. Жол бойы кездескен керуендер мен шағын қолдарға шабуыл жасап, қару-жарағын түгендейді. Әр жерден қосылған төрт мың әскерін ертіп, Үндістанға аттанды. Ол жақта да жайлы өмір жоқ, сырттан келген хорезмдіктерге қарсылық көрсеткен жергілікті билеушілерге тап болды. Бірақ, олардың бәрін жеңіп, қанатын Иранға жайды.

Жәлел ад-Дин Үнді жерінде 3 жыл тұрақтады. Ол Дели сұлтандығында билік еткен Мамлюк әулетімен көшпелілерге қарсы одақ жасамақ болды, бірақ жойқын жасағы бар қағанмен жауласуға ешкімнің батылы жетпеді. 

1224 жылдың қысындаа сұлтан оңтүстікті тастап, батысқа қарай кетеді. Оның басты мақсаты – Шыңғыс әскерлерін қуып, Хорезмді қалпына келтіру еді. Солтүстік Иранға басып кіріп, бірнеше қаланы жаулап алды. Илдегизидтер мемлекетінің билеушісі Өзбекті жеңіп, Термиз қаласын басып алды.

1225 жылы сұлтан Грузияға жорық жасады. Тамыз айында болған Гарни шайқасында грузиндерді тас-талған жеңді. 1226 жылы Тбилисиді  алып, тонап, қаланы түгелге жуық өртеп жіберді. Русудан патшайым өз жақындарымен Кутаисиді паналады. Алайда, не себеп болғаны белгісіз, Жәлел ад-Дин Грузияда ұзақ қалғысы келмеді. 

Ол негізінде, Шыңғыс қағанмен соғысудың нақты жоспарын жасамады. Көшпелілер басып алған қалаларда өз діндестерімен айнала соғыс салып, біраз жылын өткізді. 1228 жылы Кония сұлтандығы, Киликия Армян мемлекеті, Мысыр Айюбидтер әулеті Жалал ад-Динге қарсы қару көтеріп, оның негізгі жасағын талқандады. Ал 1230 жылы өзіне қарсы бүлік көтерген сұлтан Ясеммен шайқаста тағы жеңіліп қалды.

Содан бастап одан бақ қайтты. Әскері әлсіреді. 1231 жылы Шағатайдың бұйрығымен Чормаған батур бастаған 30 мың көшпелі әскері Жалал ад-Динның соңына түсті. Жебе ноянның тәрбиесінен өткен атақты қолбасы Чормаған батур Иранның солтүстік аймақтарын сұлтан жасақтары мен оның тілеулестерінен түгел тазартты. Жәлел ад-Дин оларға тойтарыс беру үшін қайта жасақ жинау қамын қылды. Сорына қарай, атқан оқтай, аққан судай аса жылдам жылжыған Чормаған жасағы оның ізінен бір қалмады. Тура бір Жебе мен Сүбедейден қашқан әскесінің тағдыры оған да қайталанғандай еді.

Еңістей қашқан ол шығыс Қап тауларына кетті. Ал көшпелілер қолы өкшелей қуып, соңынан қалмай, таңғажайып тездікпен қуды. 

Қаһарлы атты қолдың дүбірі жер жиһанды солқылдатып тұрған шақ. Жанынан жасақтары біртіндеп қаша бастады. Соңында сұлтан Жәлел ад-Дин мүлде жалғыз қалды. Таудың жаңбырлы маусымы да басталған уақыт. 1231 жылы 15 тамызда, жауынды кеште, желден ықтай жүріп, жақын маңдағы бір күрд ауылына тап болады. Қонақжай пиғыл көрсеткен курдтер шай-тамақ беріп, жылы төсек салады. Соншама жылдық сұрапыл да ауыр күндерді бастан кешкен ол, жалғыздық күйіне елітіп, ұйқыға кетеді. 

Түн ауа бірнеше курд қараңғы аулаға жиналып, күбір-сыбыр сөйлесіп тұрды. Өйткені, жауынгер сұлтан Жәлел ад-динның кезінде түрік нағашылары сыйға тартқан, лағылдан көз тағып, гауһар тастармен әсем безендірілген аса қымбат кісесі (белдігі) курдтердің көз құртын оятып, есін алған екен. Қатты қалжырап, сырттағы жаңбыр дауысын да естімей, өзіне төнген ауыр қауіпті де еш сезбей ұйқыда жатқан сұлтанға бірнеше қанжар төніп келе жатты...

Осыдан кейін Мұхаммед II мұрагерінің тағдыры шешілді. Бір белдік үшін...

Оның атақты Жәлел ад-Дин сұлтан екенін қарақшылардың ешқайсысы білген де жоқ.

Ерлігі мен ақылы жұрттан асқан батыр ханзада сол жылы 32 жаста еді.


Түйін: Әр халық өз қаһармандарын мақтан тұтады. Өзбекстанда Жәлел ад-Динды өзгеше қадір тұтады. Бірнеше үлкен қалаларына ескерткіштер қойылып, ондаған кітап жазылған. Оның ерліктері жайлы хикаялар мектеп оқулықтарына да енген.


Жаңалықтар

Заманбек Нұрқаділовтың алғашқы жары Нұрбике Нұрқаділова көз жұмды, деп хабарлайды Madeniportal.kz....

Жаңалықтар

Жоғары аудитор палатасы қайырымдылық қорларының жаппай тексерілетінін айтты, деп хабарлайды madenipo...