Ақтауда жазасын өтеуші бейнелеу өнерін табысқа айналдырды. 23 жастағы Леон Вильданов суреттерін ғала...
Бекен Қайратұлы. Тырналар жайлы жыр
Солтүстік Осетия-Алания республикасының батысындағы Алагирск ауданына қарасты таулы қыратта Дзуарикау атты шағын ауыл орналасқан. Ауылдың аты осетин тілінде «Әулие мекен» дегенге саятын көрінеді. Осында «Жеті бауырға ескерткіш» атты монумент бар. Оның ұшар басына қанаттарын түйістіре самғаған ақ тырналар бейнеленсе, ескерткіштің етегіне қайғы меңдеп қара жамылған әз ананың мұңлы бейнесі мүсінделген.
Аталған ауыл осы ескерткішімен танымал. Елді мекенді жанай өткен жан баласы оған соқпай кетпейді. Өйткені бұл ескерткіш өте бір тағдырлы оқиға жайлы сыр шертіп тұр. Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын бұл ауыл¬да Газдановтар отбасы өмір сүрген. Отағасының аты – Асахмет болса, отансының есімі – Тассо. Бұлардың жеті ұл, бір қызы болыпты.
Ағайындылар шетінен өнерлі екен. Бірі ән айтса, екіншісі скрипкада ойнаған, тағы бірі керемет биші дегендей. Үлкені Магомед Газданов ауылдың ал¬ғашқы тракторисі болса, екінші баласы Жарахмет тақымы тозбас шабандоз, арындай шапқан жүйрік аттың үстінде келе жатып, жердегі тиынды іліп алатын өнерлі екен. Үшінші ұлы Хажыисмел скрипкашы әрі әнді жақсы айтса, пединститут бітірген төртінші ұлы Махарбек әдебиеттен сабақ беріпті. Бесінші баласының аты – Созерко. Бұл жігіт Орджоникидзе қаласындағы ауыл¬шар¬уашылық техникумында білім алса, алтыншы ұл – Шамил әскери училище бітірген артиллерист офицер. Кенжесі Хасанбек орта мектепті бітіре сала 17 жасында жалаңаяқ майданға аттанған.
Тағдырдың жазуы шығар. Соғысқа аттанған осы жеті ұлдың бірі де аман қайтпапты. Әулеттің үлкені Магомед пен кішісі Хасанбек 1943 жылы хабарсыз кетсе, Махарбек 1941 жылы Мәскеу түбінде, Хажисмел Севастопольді қорғауда, Жарахмет Новороссийск шайқасында қаза тауыпты. Бесінші ұл Созерко Киев үшін болған шайқаста, алтыншы бала Шамил 1945 жылы Ригада госпитальда жатып, ауыр жарақат салдарынан бақилық болған.
Үшінші ұлынан қара қағаз келген сәтте, мұндай ауыр қайғыны еңсере алмаған анасы Тассо жан тәсілім етіпті. Ең соңғы жетінші ұлдың мерт болғаны жайлы келген қаралы хабарды пошта¬шы естіртуден бас тартады. Содан сельсоветі бар, парторгы бар бас қосып, мұндай ауыр қазаны естіртуді ауыл ақсақалдарына жүктейді. Олар қан майданда қаза тапқан жеті ұлдың әкесіне қаралы хабарды жеткізу үшін қара жамылып келе жатады. Оларды көріп бір жамандықты іші сезген Асахмет қария ауыр күрсініп, жеті ұлдан қалған жалғыз тұяқ Миланы құшақтаған күйі иманын айтып, о дүниеге аттанып кете барған.
Үлкен әулеттің от орнын күзетіп жал¬ғыз қалған Мила Жарахметқызы Газданованың естелігінде: «Ағайынды Газдановтардың соңғысы майданға аттанған сәттен бастап, апам ораза ұстады. Күндіз де, түнде де тамақтанбады. Ол аптаның әр күнін жеті ұлына бір-бірден арнады. Ал атам қаралы хабар әкеле жатқан адамдарды көрді де, мені құшақтаған күйі «Осымен бәрі бітті, ең соңғы үмітім өшті» деді де, өзі де ұлдарының соңынан аттанды» депті.
Дзуарикаулықтар мына оқиғаны мәңгі есте сақтау үшін 1963 жылы жоғарыдағы ескерткішті тұрғызған. Бірде бұл жерге дағыстандық атақты жыршы, авар халқының арда ұлы Расул Гамзатов ат басын бұрыпты. Жеті ұлдың қазасы қабырғасын қайыстырған ақын үйіне барған соң «Тырналар» («Журавли») атты жыр жазған. Оны Наум Гребнев дейтін орыс ақыны орысшаға аударған. Кейін осы мәтінді оқыған танымал әнші-әртіс Марк Бернес атақты сазгер Ян Френкельге дайын сөзге ән шығару туралы ұсыныс тастайды.
Ұсынысты қабыл алған Ян Абрамович екі ай шамасында әуенін жазып, шикілеу күйінде Бернеске телефон арқылы тыңдатады. Арғы жақтан Марк Нау¬мовичтің өксіген үні естіледі. Марк анау-мынауға жылайтын адам емес. Демек, әннің музыкасы жүрекке жетті деген сөз. Бұл Янның ойы.
Сөйтіп, жаңа әнді Марктың орындауында студияға жаздыру қажет болады. Бұл кезде атақты әнші қатерлі ісік ауруына шалдыққан болатын. Ол өмірінің соң¬ғы нүктесін осы ән арқылы қойғысы келген болуы керек, 1969 жылы 8 шілде күні ұлының сүйемелдеуімен студияға келеді де, әнді бір-ақ рет айтып таспаға түсіреді. Расында, бұл Марк Бернестің соңғы әні екен, кешікпей ол 16 тамыз күні дүниеден өтіпті. Екі күннен кейін, яғни 18 тамыз күні бұл кісіге «КСРО Халық әртісі» атағы беріліпті.
Аталған жырды қазақ ақыны Сағи Жиенбаев қазақшаға аударып, 1981 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген Расул Гамзатовтың «Тырналар» атты өлеңдер жинағына енгізген екен. Жырдың толық мәтіні мынау:
Кейде маған – қайтпай қалған майданнан,
Қайран ерлер – ерте үзілген гүлдердей,
Қабірде емес, сонау биік заңғарда
Аппақ-аппақ құс боп ұшып жүргендей.
Содан бері қиқу салып, құлшынып,
Бізге қарай келеді ұшып олар да.
Аспан жаққа үнсіз ғана күрсініп,
Жаутаң-жаутаң етеріміз содан ба?
Келеді ұшып өзге жердің көгімен,
Кешкі тұман арасында сабылып,
Келеді ұшып жұбын жазбай тобымен,
Жерде жүрген адамдардай ағылып.
Келеді ұшып көзіне тер тамшылап,
Біреулердің атын атап адамша,
Құдірет-ау, тырналардың даусына
Авар тілі ұқсайтыны қалайша?
Келеді ұшып, жазбайды бір тобын да,
Бауырларым, жан достарым – ерлерім,
Ортасында құйттай ашық орын бар,
Бәлкім, мәңгі орным шығар ол менің!
Дәм таусылса, тырнаға еріп бір күнде,
Мен де сонау жер түбіне кетермін.
Бар әлемге шырқап авар тілінде,
Достарымның атын атап өтермін.