Соңғы оншақты жыл, адасқан мал мен жортқан аң ғана жағалайтын - Жамантас асуы беткейінде қыбырлаған...
Ғалым Жайлыбай. Алқынбай аққан ақ бұлақ
Шапшымай да, шапқыламай да, сарқырап, туламай-ақ, ұрынып шуламай-ақ ағатын бұлақтар болады. Үнсіз толғанып, тебіренетін сыңайлы. Алты ай жаз жылап ағады да жатады. «Жылап ағады» дегенге жылауық екен деп ойлауға тағы болмайды. Әдетте қазақтар сарқырамай, шапшымай-ақ аққан өзен-бұлақтарды бейнелі түрде жылап ағады дейді. Солай өрекпімей-ақ бабымен баяу қалқитын бұлақтардың жылы ағысына бетіңді шайып, бастауынан сусындасаң жаның бір жай тауып қалатыны және бар...
Алты ай жаз аптапты далада өткеретін қыр қазағының жанына дәру, дәтіне қуат та болған сол бұлақтар. «Аңсаған шөлде су тапса, бас қоймай ма бастауға» деп әннің жайын әспеттей отыра дала қазағының да қаталаған шағын жеріне жеткізе жырлаған кемеңгер Абайдың шумақтары осындайда еске түседі. Бұлақ болған соң сахарадағы тіршілік атаулыға шөлдегенде суат қана емес, бойға қуат, жанға шуақ та сол қайнар-бастаудың бір жұтым суы. Баба қазақтың қанына туа біткен өлең де сондай құбылыс.
Әдебиет деген тұтас бір әлем, аспан мен жер десек, оның өзені мен көлі, теңізі мен мұхиты, жазығы мен тауы болатыны онсыз да түсінікті. Әлем көзімен қарағанда, аяулы Қазақстанның өзі оның бір қиыры болып қалуы мүмкін. Жазирасы жарты әлемге тән сол қазақ даласы да өзен-көлге кенде емес. Оның әрқайсының атқаратын өз қызметі бар. Жастайынан танып, біліс болып жүретін момақан қоңыр інім, ақын Қайырбек Шағырды көрген сайын жоғарыда біз сипаттауға тырысқан қазақ даласының бір қиырын көргендей әсер ететін. Арқаның алқынбай ағатын өзен-бұлақтарына тән қарапайым қалпы мен қайталанбас болмыс-бітіміне сай өлең-жырлары шапшымай, өршеленбей ағатын арналарды еске салады. Даланың сәні мен жаны да, бары мен нәрі де сол алқынбай аққан арналар емес пе? Аракідік мерзімді баспасөз беттерінен жалт етіп көрінгенде Қайырбектің бұлақтекті, өзентекті сондай жырларына көз суарып жүретінім өтірік емес. «Таудан аққан тас бұлақ, тасыса құяр теңізге» деп Бұқар жырау айтпақшы, тасынып сөйлемесе де, жыр сапарында басылып көрмеген Қайырбек өз заманын асырып жырлай білген, өлең өлкесінде алқынбай, аяғын нық басып келе жатқан жастардың қатарынан деп білемін. Мана сөз басында дала төсінде тасымай-ақ, жасымай-ақ қалыпты байыбынан танбайтын өзен-бұлақтар ағатынын тегін айтпадық. Осы тақілеттес қоңыр өлеңнің кекілін түйгенде, астынан төбелі көрініп, бірер таң асырып үкілеп топқа қосқанда, маңдайы жарқырап, жер қуырып, аламанның алдынан көрінгенін талай көрдік. Қара өлеңге ен салған Қайырбектің қоңыр жырлары да сондай шабысты да, нақысты туындылар. Бұдан біраз жыл бұрын соқталы бір туындысы Қазақ хандығының тойына арналған халықаралық жыр бәйгесінде дүбірлетіп бірінші келгені – соның айғағы болса керек. Сары алтындай сабырын сүйеу көріп, саяқ жүретіні ақындық болмысына пішілген күйінен шығар. Әйтпесе, тұрқы қысқа көрінгенімен, бауыры жазық мынандай жырлар оқырманның олжасы болмауы мүмкін емес.
«Шалшықта жатты көбелек,
Ұша алмай сулы қанатпен.
Бір күндік өмір, не керек,
Бітті ме сөйтіп, қап, әттең!
Күйдіріп жаздың аптабы,
Шөл қысып суға қонды ма?
Думанды сәттер бақтағы
Сонымен тәмам болды ма?
Қимылсыз... өліп кеткен бе,
Шығарып қойдым құрғаққа.
Қанаты біраз кепкенде,
Жөнелді ұшып бір жаққа.
Жаратқан, өзің жебе деп
Қуандым мен де бір демде.
Жаңа өмір бастап көбелек
Гүлдерге кетті, гүлдерге!
Құдайдың бәрі қолында
Әлемге әмір жүргізген.
Бір күндік ғұмыр, оны да
Екіге бөліп сүргізген» («Қалам мен қамшы» жинағынан)
Алып мұхит немесе соның ортасындағы аралдардың бірінде, туған жерінен жырақтағы әлдеқандай құрлықтарды кезіп жердің бір шетінде жүрсін, басқа қалада, мейлі туған ауылында болсын ақынның көзінен осындай құбылыстар тыс қалмайды ешқашан. Суға құлап өлген көбелекті кім көрген, кім көрмеген... Бала күнімізде бұлақ басында су бетіне жалпасынан құлап жатқан көбелектер біржола өліп қалғандай көрінетін. Оны мұнша сезімталдықпен қолымызға алып, зер салып қарамаған да екенбіз. Былай қараса, көбелектің өлгені де жаңалық болып па? Олай емес, әрине. «Жердің бір шетінде көбелек қанатын қақса, екінші шетінде цунами орнап жатуы ғажап емес» деген тәмсілдің сыры осы тұстан, Қайырбектің «Көбелегінен» ашылады. Су бетінде өлмелі күйі жатқан жәндікке ғұмыр сыйлаған ақын балаша қуанғанына күмәнім жоқ. Бірақ сол әрекетіне сүйсініп, мәз болғанын жазбайды. Қамшының сабы тұрмақ, қас пен көздің арасындай ғана ғұмыр сыйлап, оның өзін екіге бөлген құдіретті айтады. Демек, құдіретке жүгінген ақынның түйсігінен аяулы не бар? «Өліп» тұрған көбелектің қайыра гүлдерге ұша жөнелгені таң қалдырады. Өлеңнен түйетін осы ғибрат ұлы Абайдың Крыловтан аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп басталатын өлеңіндегі мына шумақпен тереңнен үндескеніне қайран қаласыз.
«Мен көрдім сынық қанат көбелекті,
Ол да білер өмірді іздемекті.
Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп,
Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті», – дейді хакім.
Бозбала, жігіт кезінде Қайырбек бауырым баспадан жыр жинағы шықса, жаңа жырлары жарияланса, амандаса келіп, қуанышымен бөлісіп жүретін. Осы жолы қолыма тигені автордың алтыншы кітабы екен. Парақтап отырып үнемі ізденіп жүретінін байқап, қуандым. Бозбала кездің шалығында қалып қоймаған. Елінің, жерінің қайғы-қасіреті мен қуаныш, мерейін жүрегінен өткізуге тырысқан шайырдың есейе бастаған жырлары еріксіз назар аудартады. Мәселен, жекелеген лирикалық өлеңдерін айтпағанда, халқымыз басынан кешірген тарихи тақырыптарға баруы, ұлттың басына түскен ауыртпалықтарды неғұрлым кеңінен қаузап жазуы – ақынның есею жолдарын байқатса керек. Поэмалары мен аудармалары өз алдына оқшау топтастырылыпты. Әсіресе, «Ашаршылық балладалары» атты жырлар легіне жалғасқан мына шумақтар көзге оттай басылды.
«Құлазып тұр, түнеріп бүгінде маң,
Кеткен құрып ұшқан құс, жүгірген аң.
Жол үстінде келеді тірі өліктер
Ісіп-кеуіп, сүйекке ілінген жан...»
Бұл баллада Гетенің «Орман патшасы» балладасының ізімен жазылған екен. Гете шығармасы мистикалық сарында болса, «Түз тағысы» балладасы осыған үндес оқиғаны арқау ете отырып, қазақтың басынан өткен шынайы трагедияны елестетеді.
«Көшбикедегі оқиға немесе қалам мен қамшы» деген өлеңін алып қарайық. Ұлы Абайдың басынан өткен белгілі оқиғаны баяндай отырып, ақын:
«Талайдың Абай болу – жан аңсары,
Абайдың қайсысыңда жүр қаламсабы?
Сабайтын жаңа Абайды – жаңа қамшы
Мұра боп қалды ма әлде саған тағы?» – деп, салмағы ауыр сұрақ тастайды. Қолыңыздағы не, Абайдың жолын жалғастырар қаламы ма, әлде бүгінгінің Абайдай тұлғасы бар болса, соларды сабайтын қамшылы зорлықшылдар әлі де арамызда жүр ме дегісі келеді. Қолымыздағы кітабының «Қалам мен қамшы» деп аталуында да осындай мән-мағына жатса керек. Қалам мен қарудың, ізгілік пен зұлымдықтың, басқаша айтқанда, өнер мен өктемдіктің бітпейтін күресі оның «Ұлы тенор» поэмасынан да жан-жақты көрініс тауыпты. Әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың даңқты да қасіретті тағдырын арқау еткен шығарманың ұзақ ізденістен туғаны, нақты тарихи деректердің молынан пайдаланылғаны байқалып тұр. Поэманың құрылымының өзі ән іспетті, «Ән басы», «Әуелеу», «Бірінші қайырма», «Шырқау», «Сорғалау», «Үзілу» деп, кейіпкер өмірінің кезеңдерінен хабар береді. Әміренің ғана емес, онымен замандас Иса, Жүсіпбек, Серке, Манарбек сияқты өнер тарландарының, Алаш қайраткерлерінің жарқын бейнелері, қазақ театр өнерінің қалыптасу тарихы көз алдыңыздан өтеді. Көшпелі еркін өмірдің символындай бәйге Қара аттың бейнесі ән жүйрігі Әміре бейнесімен параллель алынып, туындының көркемдік тынысын кеңейте түскен. Қара ат та дұшпандар қолынан мерт болады, әнші де қуғын-сүргінге түсіп, жұмбақ өлімге ұшырайды.
Ақын жырларында туған жер, ауыл тақырыбы ауқымды орын алатынын байқаймыз. Өзінің балалық шағы өткен қыстаудың құлаған орнына көп жылдан кейін баласын ертіп келіп тұрып, былай дейді: «Боз жусанды танауына тақадым, туған жерді сүю дерті жұқсын деп» («Сүлейменге барғанда» өлеңінен). «Ауыл суреттері» деген тағы бір өлеңінен шын мәнінде ауыл пейзажын көріп отырғандай күй кешуге болады:
«Талтүсте сары белді сағым буар,
Бұлаққа бала қойшы малын қуар.
Кенеттен бір шөкім бұлт қалқып шығып,
Жазықта жылқылардың жалын жуар».
Жай ғана жаңбыр жауып кетті деп жазғаннан гөрі, жазықта жайылған жылқылардың жалын жуып жүрген бұлттың әсерлі екені анық.
Барлық ақындар жырламай өтпейтін сұлулық, махаббат тақырыбына келсек, Қайырбектің кітабында бұған тұтас бір тарау берілген. Соның ішінен ақынның «Әйел» деп атаған өлеңіне тоқталып өтсем деймін. Әйел жанының сұлулығын әртүрлі қырынан суреттей келіп, тосын түйіндеумен аяқтайды:
Түнде кейде күндізден де әдемі,
Сүйгеніне сүйгізгенде әдемі.
Бәрінен де ақ маңдайын сәждеге,
Таң бозынан тигізгенде – әдемі!
Сұлулықтың негізгі шарты – жан тазалығы, жүректегі имандылық екенін еске салады бұл жолдар.
«Қалам мен қамшы» кітабының биылғы жылы мемлекеттік тапсырыспен басып шығарылуы Қайырбек Шағырдың елу жасқа толатын мерейлі жылымен тұспа-тұс келіп отыр екен.
«Ол өзі таңдап алған қай тақырыбын жырласа да, бір өзіне ғана тән биязы да нәзік дауысынан жаңылыспайды. Қай өлеңінде болсын Қайырбекке ғана тән қолтаңбаны айырып алуға болатын сияқты. Өз басым Қайырбектің ақындық жосығына таң қалуымның себебін қолжазбаның соңына қарай аштым-ай деймін. Өйткені бұл жігіт тамаша аудармашы да екен. Оның Сағдиден, Хафизден, Гейнеден, Пушкиннен, Киплингтен, И.С.Никитиннен және Фазу Әлиевадан аударған өлеңдері қандай сәтті шыққан!» депті бір жазбасында ақын Әбубәкір Қайран замандасым. Ақын деген осындай үздіксіз ізденіс үстінде ой мен сезім арпалысында жүріп ширатылған қыларқандай шиыршық ата түсуі тиіс шығар. Арғы жағын маңдайдағы пешененің өзі шешеді. Мұның бәрін біздің кейіпкер ерте бастан түсініп, оянбаса әлгіндей ізденістерге барар ма еді? Барған сайын ауырлай түсер бұл жолдың мехнатын тартқан қалам иелері біледі. Өзі жырлаған көбелектей құрдымға құлап бара жатқанында ақынды да көтеріп алатын құдіреттің қолы – шабыт құсы. Өлең дейтін өлкеге жүген-құрығын сылдырлатып тас-түйін келген Қайырбекке шабыт құсың шарықтатып, көкке көтере берсін дейміз.
ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты