Айгүл Омарова. Жүрегімде қоздайды жыр – қоламта

ӘДЕБИЕТ
1863

Светқали Нұржан

Қоршаған орта, табиғат құбылыстары, өмірдегі қайшылықтар ақынның көңіл-күйіне әсер етпей қоймайтыны белгілі. Осының әсерінен ақын ішкі жан дүниесіндегі сапырылысқан әлемін жырға қосатыны анық. Ақынның ішкі әлеміндегі алуан түрлі сезімдік серпілістер мен толқыныстар көркемдік, сыршылдық таныммен жинақтала келе өлең туады. Мұндай құбылыс ақындардың барлығында болуы заңдылық деп ойлаймын. 

Светқали ақынның өлеңдерін бойлай отырып, сыршылдықтың тінін, сезімнің жібін тапқандай боласың. Оның өлеңдеріндегі негізгі кейіпкер – ақынның өзі. Өлең деген әлемнің ішіне бойлап енген поэзия сүйер оқырман өздерін кейіпкер тұрғысынан сезіне бастайды. Осы арада академик З.Ахметовтің: «Көңіл-күй лирикасы лиркалық өлеңнің нағыз өзіндік түрі. Өйткені, лирика деген сөздің өзі жан толғатып,көңіл тербететін дегенді аңғартады. Лирикалық өлең адамның көңіл-күйін білдірсе, оның нағыз лирика, сезім оятқыш өлең болғаны», – деген сөзін келтіре кетсек жөн болар. Енді ақынның өлеңдеріне көз жүгіртелік. «Күзгі түн» өлеңін бір оқып шыққанда табиғат лирикасы дейтініміз анық. Ал өлеңді ішкі сырына үңіле көкірек көзбен оқысақ, ақынның көңіл-күйін тани аламыз.

Қабағын қырау шалған ақ мұрт шалған,

Саз қалған айықпайтын.

Дақпырт қалған...

Теміреу күзгі аспанды -

Зімпара – жел

Ысқылап тазартты енді тат – бұлттардан, – деген жолдардан күзгі табиғат құбылысының суретін көреміз. Шын мәнісінде, күзгі аспанды зімпара-желдің тазартуы туралы сөз нақты ой емес. Бұның астарында ақынның көңілі, сезімі, жүрегі жатыр. Лирикалық кейіпкердің жан күйзелісін, ішкі жан дүниесіндегі арпалысты табиғат құбылыс арқылы беруде ақын шеберлігін тану үшін, сезіну үшін тереңнен бойлаған жөн. Ол үшін келесі шумақтардың рөлі айырықша.

Ашылды сімсік жауын,

Қапас тұман,

Бу ұшты тас тұраннан.

О – тас құман.

Күміс жұлдыз шағылысып,

Жарқ етіп шыға келді тат астынан.

Ақынның ішкі сезім тоғанысы күзгі құбылыспен үндесе, сырласа ұштасып жатыр. Күзгі аспан тәрізді ақынның көңіл-күйі де аласапыран, арпалысқан сезімдерге толы . Ал қатты ышқына соққан жел аспанды қалай ашса, ақын көңілі де сол тәрізді бір алапат сезім ішкі әлемін жұлдыздай жарқыратып жібереді. Сондықтан да «күміс жұлдыздың жарқ етіп шағылысып тат астынан шыға келуінен» ақынның көңіл серпілісін байқаймыз.Өлеңдегі «құс жолы, гауһар ай, алтын жұлдыз» секілді тіркестер жай тапқан көңілдің жаршысы іспеттес. Ақынның психологиялық хал-ахуалын көрсететін ерекшеліктер өлеңдерінде сараланып көрінеді. Соның бірі- кейіпкердің өзінен-өзі жалғызсырауы.

Дегбірсіз, делі күйге ендім,

Жанымда жатыр ұлып мұң.

Шамдары жанды үйлердің,

Көзіндей соқыр үміттің, – деуінен  ақынның құлазыған жанын танимыз. Бір өлеңіде ғана емес, ақынның өзінен –өзі жалғызсырауы көптеген өлеңдерінен аңғарылып отырылады. 

Таба алмай тұрмын шарасын,

Ірі арман, бой бар – шап-шағын... немесе,

Ырсиды кенет аран-арадай,

Айлы аспан бейне қара моладай...

 Адамдардың қалың шоғырының ортасында жүрсе де жан дүниесімен ортақтасатын , көңіліне демеу, сүйеніш болатын жанды іздейтін ақын көңілінің жабығуы , жалғызсырауы – табиғи нәрсе.

Қай-қайдағы торлайды ой жүйесі жоқ,

Қуаң шөбі тауысқан күйесі жеп, – деп өлең болып құйылады.Үнемі тебіреніс толқынында өз жүрегімен сырласып жүру – Светқали ақынның ішкі психологиялық ерекшелігі . Ол :

Шықпайды жыр да,

Тамырда ақпайды қан да,

Тірі өліктердің моласы жақпайды жанға, – деп мұңдана сырласады. Сонымен қатар Светқали ақынның өлеңдерінде ақынның серпінді, екпінді үні қайсарлыққа, адалдыққа , мәңгілік үмітке иек артқан жақсылыққа құштар көңілін де аңғартады.Сөз соңын ақынның өз сөзімен тәмамдасам:

Еліткен мені сендегі өлең ғой,

Ынтық боп саған ұмтылды ой.

Шәйір боп туған Пендеге Мендей,

«Өлеңді» сүймеу мүмкін бе-ей!...

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...