Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, с...
Айым Алтайқызы. Сандықтың ішінде не бар?
(Әңгіме)
Үкілім – әжесінің қызы. Есімін де әжесі қойған. Немересі десе Қаламқас әжейдің де жаны қалмайды. Балалары ауылдан қалаға көшіргелі көп қабатты үйдегі жалғыз қызығы Үкілім болды. Киімдерін үтіктеп дайындау, шашын өру, сабағын оқыту өзінің мойнында. Жұмыстарына асығып кетіп, шаршап қайтатын әке-шешесінің орнын білдірмей, Үкілімді үкілеп өсіріп жатыр.
Қалаға көшіп келді деген аты болмаса Қаламқас әжей бұрынғы әдетінен жаңылмаған. Бес уақыт намазын қаза етпейді. Ақ жаулығын басынан тастаған емес. Теледидар қараса да, радио тыңдаса да, кітап оқыса да қолынан ұршығы түспейді. Өзі иірген жіптен неше түрлі нәрселер тоқып шығарады. Үкілім сәл өскен соң оған да үйретпек ойы бар. Әжесі бар баланың үсті таза, қарны тоқ, сабағы да, тәртібі де жақсы болады. Ал, ең кереметі – Үкілім ұйықтар алдында әжесінің неше түрлі ертегілерін тыңдайды. Бастапқыда әжесі «Мақта қыз», «Жеті лақ», «Аяз би» деген секілді естіп жүрген ертегілерді айналдырып айта беретін. Бірақ Үкілім:
– «Әже осыларды қайтадан айтасаңыз, мен мультфильм көремін», – деп шарт қоятынды шығарды.
Әжесі бұл сөзге ренжіген жоқ. Керісінше осы буынның балаларының батылдығына қайран қалды. Бұрын өздері үлкен кісіге шарт қоймақ түгілі, бетіне тіке қарамайтын биязі еді. Қазіргі балалар ойындағысын қойып қалып отыра береді. Бір жолы әжесі Үкілімге «Мақта қыз бен мысық» ертегісін айтып беріп отыр еді, немересі тосын сұрақтар қоя бастады.
– Әже, Мақта қыз мысықтың құйрығын жұлып алғаны дұрыс емес қой, иә?
– Ее, қызым. Біреудің адал асын төгіп тастағаны үшін сабақ болсын деп жасағаны ғой. Құйрығын қайтару үшін мысық қаншама жол жүрді, еңбектенді. Табанынан тозып сүт іздеді. Олай істемесе бір кесе сүттің қадірін білмейтін еді.
Үкілімге әжесінің ертегіні жәй айтып бере салмай, осылай түсіндіретіні ұнайды. Осы сұрақты басқаларға қойсаң «әншейін ертегі емес пе?» деп қана жауап берер еді. Үкілімнің анау-мынау оқиғаға илана қоймайтынын білген әжесі өзі ойдан ертегі құрастырып айтып беретін болды. Сондай ертегінің бірі «Қазыналы сандық» ертегісі. Ертегі желісі бойынша бір үйдің екі қызы болады. Аналары екі қызды ұзатар кезде оларға арнаған екі сандық барын айтады. Біреуі – алтын сандық, екіншісі – ағаш сандық. Үлкен қыз ойланбастан алтын сандықты алады. Ал, кішкентай қызға ескі сандық бұйырыпты. Үлкен қыз ұзатылып бара жатып бір өзеннен өтіпті. Алтын сандық тиелген арба судан өте бере батып кетеді. Ал кіші қыздың сандығынан мол қазына шығып, жеті ұрпағына жеткен екен.
Әжесі бұл оқиағаны табан астында құрастырды. Үкілім сонда да ойға батып отыр екен.
– Әже, шынымды айтсам мен де алтын сандықты алар едім. Сатып жіберсе біраз ақша болар еді ғой.
– Әй, балам-ай. Ойына келмейтіні жоқ қой менің ақылды қызымның. Бұл ертегі кез келген нәрсенің сыртына қызықпа, көрсеқызар болма дегенді меңзейді. Кейде бір жаман киінген адам көрсек жақтыртпай қаламыз. Ал, оның ішкі әлемі қазынаға толы болуы мүмкін ғой. Немесе жарқырап киініп, жақсы сөйлеген адамға сеніп қаламыз. Ал, ол алтын сандық сияқты құрдымға батыруы мүмкін.
– Ал, ескі сандықтың ішінен не шықты?
– Ол жағын білмеймін балам. Біреудің сандығын ашып қарамаппын.
Үкілім әжесінің тапқырлығына мәз болып сықылықтап күліп жіберді.
– Ал, біздің үйдегі сандықта не бар?
– Саған дайындап жүрген «қазына» бар. Болды ертегі бітті. Мен де шаршадым. Ұйықтаймыз.
Үкілім өзіне арналған қазына бар дегенді естіп бірден ұйықтап кете алмады. Көзіне неше түрлі нәрселер елестеп, дәл қазір сандықты ашып көргісі келді. Қорап толы кәмпит, хош иісті әтір, әшекей бұйымдар, планшет, әдемі көйлектер, үлкен қуыршақ. Ол сандықтағы қазынаның не екенін ұзақ ойланды.
Келесі күні әжесінің екі құлағына тыныштық берген жоқ.
– Әжетай, әжека, өтінем, сандықты ашып көрейікші.
– Қызым, оны алуға әлі кішкентайсың ғой.
– Жоқ, әже мен өстім. Бойым саған жетейін деп қалды. Көре берейікші.
Әжесі жаулығының ішіндегі мұқият өрілген бұрымының ұшынынан көне сандықтың кілтін алды. Үкілім езуін жимастан сандықтың үстіндегі жүкті түсірді. Ескі сандықтың кілті бұралып бітем дегенше тағаты қалмай барады.
«Не шығар екен?» деп дәмеленіп тұрғаны көзінен көрініп тұр. Әжесі сандықты ашты да көре ғой дегендей ишарат жасады. Үкілім сандыққа қос қолын салып жіберіп бір тігін мәшинесін және маталардың қиықтарын ғана алып шықты. Бұдан бөлек сандықта ескі суреттер мен құдалықтан келген шапан-орамалдар ғана бар. Үкілім сұраулы жүзбен әжесіне қарады. Түннен бергі қиялдап күткені бұл емес еді.
– Әже, қазына дегеніңіз осылар ма?
– Айттым ғой, өскенде көрсетем деп. Өзің ғой қоймай қойған. Мен саған тоқуды, тігін тігуді үйреткім келіп жүрген. Осыны бір үйреніп алсаң көрпені де қаптап, өзіңе неше түрлі көйлек те тігіп алатын боласың. Рахат емес пе?
– Ал мына маталарды неге лақтыра салмайсыз? Біреуі бүтін емес қой.
– Қой, жарығым. Әр матаның қиығын лақытыра берсем нем қалады? Бұлардан тамаша құрақ көрпе тігіп аламыз. Қаласаң қазір бастайық.
Үкілім ойындағы қазынаның біреуіне де ие болмағанына қынжылып тұрды. Сонда да, әжесінің көңілі үшін тігін үйренуге келісімін берді. Бастапқыда, бірнәрсе үйренуге еш ықыласы болмаған. Алайда, тігін машинасына өзі отырып, алғашқы тігісті жүргізгеннен бастап бұл іске қызығып кетті. Қызыл-жасыл маталар бір-біріне бірігіп әдемі пішін құрап келе жатты. Үкілім өз қолынан шығып жатқан алғашқы туындыға сүйсіне қарады.
– Ал, балам құрақ көрпені осылай жасайды. Бір жағынан әдемілікке жақсы, екінші жағынан маталарды пайдаға асырып, обал жасамау үшін ойлап табылған.
– Әже, енді көйлек тігіп үйретесіз бе?
– Бәрін бір күнде тіге алмаймыз, құлыным. Жәйлап-жәйлап оны да үйретем. Асықпа.
Үкілім бүгінгі еңбегі үшін өз-өзіне риза болып отыр.
– Әже, мен кеше түнімен «Сандықтың ішінде не бар?» деп ойланып шықтым ғой. Басында ұнатпап едім, қазір қатты қуанып тұрмын.
– Ой, айналайын. Алтын да, басқа да құнын жоғалтады. Бойында өнері бар, қолынан іс келетін адам - нағыз бай адам. «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген осы.
Расында, Үкілім тігіннің нағыз шебері болып алды. Қолы әбден жаттықан соң белдемше, бешпент тігуді де қолға алды. Өскен соң ел танитын атақты дизайнер болатынын ол әлі білген жоқ.
Автор туралы:
2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.
Поэзия, проза жазумен бала кезінен айналысады. 2020 жылы «Шабыт» қаламгерлер клубы ұйымдастырған «Жас қаламгер» сайысында 2-орын иеленді. «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармашылығы байқауының лауреаты. Заманауи мәселелерді қозғайтын ертегілері көптеген басылымдарда жарық көрді