Әділет Ахметұлы. Лаулаған жанның өртін түн басады

ӘДЕБИЕТ
2826

СӘУІР ТАМШЫЛАРЫ

Алматыға түнімен жауды жауын,

Сәтке болса басылды қалжырауым.

Шіркін-ай, мынау ұлы табиғаттың,

Қарашы, қам-қайғысыз маужырауын!


Лаулаған жанның өртін түн басады,

Жүрегім ай-жұлдызбен мұңдасады.

Қызылтанау дүние ырықты алған,

Түтек сіңген түрі де тым қапалы.


Тым қапалы тіршілік ырықты алған,

Сайгүліктей сап ойлар құрықталған.

Ақ сұңқар құс секілді арман қайда,

Абайсызда қанаты сынып қалған.


Жаңбырлы түн жаныма жақын менің,

Ақ жауыннан жаралған ақын ба едім?

Ақ жауын мен қара жер жырым болар,

Тоқтағанша бір күні ақыр демім.


Жауынды өмір айналған ән-жырыма,

Бала күнім тіл қатты жаңғырыға.

Әжем менің төбемді көп төсеткен,

Сәуірдің ақ сауындай жаңбырына.


Ақ жауынға төбемді көп төсегем,

Жасындай жарқ-жұрқ етіп от көсегем.

Алтайдың қою бұлты жомарт еді,

Содан болар көп жаздым өшпес өлең.


Мен даламның тазарғам жауынымен,

Мен даламның ширадым дауылымен.

Ойға түспей келемін желе-жортып,

Кілең биік шыңдардың бауырымен.


Асқақтықты алғанмын биік шыңнан,

Рухым мынау аспанға тиіп тұрған.

Дарқан ауыл, нулы өзен, тарпаң дала,

Бекзадалық болмысын жиі ұқтырған.


Жауа бер, Алматының ақ жауыны,

Сен ұлы, өлең ұлы, таулар ұлы.

Самалдықта тапжылмай күттім сені,

Сызылып көрінгенше таң бауыры.

ДАЛАҒА САҒЫНЫШ 

Мінгенім астымдағы жирен қасқа, 

Таңдадым тау жолында қиналмасқа. 

Жанымды жұбататын сөз таппадым, 

Кәсімбай Аршын[1] шерткен күйден басқа.


Далам-ай, ән қалықтап, күй шалқыған, 

Жонында өткен күннің иісі аңқыған. 

Мен сендегі мәрттікті сағынамын, 

Тек ұлылық танытқан сый, салтынан. 


Мінгенім астымдағы тор (ы) төбелім, 

Аңсадым өскен таудың бөрте белін.

Ой мен қыры көлбеңдеп көз алдымда, 

Отына сағыныштың өртенемін. 


Елді көксеп көкірек, қырды аңсауда,

Ет-жүрегім ежелгі жырды аңсауда. 

Телміріп-ақ келемін бір шыға алмай, 

Терезеден көрініп тұрған тауға. 


Шіркін-ай шіреніп ап алшаңкерге, 

Тұяғымен тіл қатсам жалпақ жерге. 

Айдында аққуындай жүзсем бе екен, 

Шарасы шаттық төккен шалқар көлде. 


Тектілік, биіктікті тау ұқтырған, 

Ақ жауыны ән мен күй жауып тұрған. 

Сағынып жүрген жанның мауқын басып, 

Ауырып жүрген жанды сауықтырған. 


Аңсатты таудың елі, дала көші, 

Аңсатты көшпенді елдің қара қосы. 

Қаланың қамалында қамалғанда, 

Арманшлыл боп алады-ау, адам осы?! 


Астымда мінген атым теңбіл шұбар, 

Алыстан барандайды зеңгір шынар. 

Тұмасын туған жердің қанып ішкем, 

Сондықтан сағынышым мөлдір шығар?! 

ЖАСЫТПАСЫН ЖАЛҒЫЗДЫҚ ДЕЙТІН АРАЛ

(Әлдебір пендешіліктердің тартысында бұрынғы жұмысқа қоштасуға тура келгенде, сондағы достарға арналған өлең) 

Көздің емес, көңілдің төктім жасын, 

Азайып кеткендей ме дос, сырласым. 

Дәл осындай күй кешкем Өр Алтайдан

Алатауға бұрғанда көштің басын. 


Сан толқып, содан бері сан басылып, 

Сан тулап, талай ұзақ таңды атырып.

Кейде алқынбай кетемін тауға шығып, 

Қамалып та қаламын жарда тұрып. 


Сондай сәтте жанымнан табылатын, 

Сіздер ғой сыр түсініп, жан ұғатын. 

Тауда туып, ержеткен жігіт едім, 

Жүрегі тек шындықты сағынатын. 


Жаным менің аңсайтын кіл шындықты, 

Бірақ көзім көретін мың сұмдықты. 

Мен сіздерге айтам деп шыншылдықты, 

Мен сіздерден үйрендім сыршылдықты.


Тату өттік, болмадық күрең қабақ, 

Жұртта қалып көрмедік жүдеп-жадап. 

Ары таза адамға жақпайды екен, 

Кілең алқау, көбік сөз, кілең мадақ. 


Қысқа жіпті талпындық күрмемекке, 

Үңілдік кешегіге, тың дерекке. 

Жалғандыққа үйренген жұрттың көзі, 

Жалғыз қалсақ келеді кім көмекке?!  


Біз осындай дос болдық серті берік, 

Жүректің көрмесе де дерті кеміп. 

Толарсақтан қан кешкен бабаны ойлап, 

Толағай ғасырлардан толқын еміп. 


Енді аттанып барамын басқа жаққа, 

Тағы бір тың сүрлеуді бастамаққа. 

Мен сендермен сырласып өткен күнім, 

Сейіл құрған шақтардай бақша-бақта. 


Енді есен тұрыңдар, бейкүнәлар, 

Жасытпасын жалғыздық дейтін арал. 

Толғағы таудан артық өмір мынау, 

Жиған білім өлшеніп, ой сыналар.


Өмірдің бізге берген жолы осындай, 

Кейде кері қайтарар бел асырмай. 

Біз доссыз тым жұпыны күй кешеміз, 

«Жалғыз қалған бақсының моласындай». 


Жұрт менің жанарымнан жас күтпеген, 

Аласұрған көңілді бастық немен?! 

Жалғыздықтан құтқарар құдірет қой, 

Жалғандыққа көнбейтін достық деген...


Достарым, сау тұр делік, осы жерден, 

Тай-құлынбыз дәуірдің көшіне ерген. 

Кішілікті білетін айналайын, 

Кісіліктің шыңында өсіп-өнген. 


Өсе бер жақсыларым, өне де бер, 

Өнерліні өсірер өнегелі ел. 

Кешірімнің салып қой қалтасына, 

Тинәмдай кемдік кетсе менен егер!  


Кетіп барам сендерді қия алмастан, 

Өмір-ай, ақ пен қара жиі арбасқан. 

Тарыдайға таласқан жұртты көріп, 

Бетін басып зеңгір көк, ұялды аспан. 


Досымсың, доссыз адам – өмірде тұл, 

Сақтамай жөңкілуші ек көңілге сыр. 

Сенің ұлы тойыңда жыр оқиын, 

Менің ұлы тойымның төрінде отыр. 

2020 жылы қыркүйектің 1 жұлдызы 

МЕНІ ЕЛІМЕ ТАПСЫРЫП КЕТКЕН АНАМ

Бізде де ана болған бір кездері,

Жаны – күн, жүрегі – жыр, нұр – көздері.

Адасып сол анадан қалған едім,

Ең алғаш өлең жазып, қыр кезгелі.


Дидары ол кісінің қара торы,

Қуанғанда жайнайтын балаша өңі.

Сол кеткеннен мол кетті шарам бар ма,

Тауып бере алмады Алаш оны.


Жарықтық шешесі еді он баланың,

Ол барда болмайтұғын ордада мұң.

Мен сегізге келгенде ғайып болған,

Он сегізге келгенше жол қарадым.


Тәңір өзі көтерген мәртебесін,

Жұмысынан анамның нар шөгетін.

Балапандай баптайтын құрақ ұшып,

Ғасырлық ғұмыр кешкен қарт енесін.


Көңілінің өлшеусіз ақтығы ғой,

Мейірімі Жаратқанның ақ нұры ғой.

Жайлауда анам сауып отыратын,

Ақжал бие, ақ інген, ақтылы қой.


Сары май, айран, іркіт, саба-саба,

Толассыз нан сыйлайды қара таба.

Төрінен біздің үйдің қонақ кетпес,

Бір жақтан «жыр жырлайды» бала-шаға.


Ағайын, ана болған менде осындай,

Біздің үй – Абылайдың ордасындай.

Ғұмыры сол ананың сусып ұшты,

Ғайыптың ақ құсындай қолда тұрмай.


Мен ананың мейірін көксегенде,

Сүйенемін осынау текті өлеңге.

Шешем мені тапсырып сапар шеккен,

Құдайдан соң құтты аймақ, өскен елге.


Өскен ел, мен сенемін айбарыңа,

Мұқтажбын ақ бастаудай қайнарыңа.

Мен жайлы жат адамдар не демей жүр,

Сене көрме қайдағы-жайдағыға.


Ана нұрлы, ел нұрлы, көк те нұрлы,

Сенген аймақ, балаңды етпе мұңлы.

Туған елдің демейді жылы сөзі,

Бір ана аманаттап кеткен ұлды.


Бізде де ана болған бала күнде,

Ол кісі тұлға еді дара мүлде.

Отыз беске келгенше ойсыраған,

Орнына қараймын, амалым не ?!

ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫНА 

(Татардың халық ақыны Роберт Минулиннің өлеңі, татаршадан қазақшалаған Ә.Ахметұлы)

Жан-тәніммен хатыңа жақындадым, 

Көп оқимын, аяулы ақындарым. 

Тым алыс, көнекөз дос, бауырларым, 

Ақындарым, ардақты асылдарым!


Ол жақындық келеді жырақтардан, 

Ұлы ортақтық бар бізде ұзақтардан. 

Біздің ұлы һәм ортақ тарихқа, 

Асылдан да асылдар суат болған...


Хан орда, алтындалған қабырғалы, 

Даланың дарынындай дауылдары. 

Тарихтың көтердік ауырларын, 

Ау, менің түбі түрік бауырларым! 

[1] Аршын Кәсімбайұлы – белгілі күйші, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілі. Шынжаңда өткен дәулескер күйші Кәсімбай Құсайынұлының баласы. 


Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.

2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, Шынжаңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы Атажұртқа оралған. 

«Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасымен Астананың 15 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының жүлдегері, «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық жыр мұшәйрасының жеңімпазы.

Отансүйгіштік, едік, бірлік, туған жер, қазақы жүниетаным тақырыптарында көбірек жазатын Әділет оқырмандардан оң бағасын алып келе жатқан ізденгіш таланттардың бірі. Ел іші-сыртындағы мерзімді басылымдарда өлеңдері жарияланып тұрады. 2019 жылы «Әділет» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрген. 2020 жылы «Жұмжұма сұлтан» атты түркіге ортақ тарихи жырды қазіргі қазақ поэзиясын үлгісінде аударып, шағын кітапша етіп шығарған.

Әділет Ахметұлы бүгінгі таңда Алаштану бағытында ізденіс жасап келеді. Көптеген Алаш арыстарының еңбектерін шығару, зерттеуде өзіндік үлесі бар. 

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...