Асхат Аймағамбетов. Мемлекет басшысы мені үш рет қайта тағайындады

САЯСАТ
1259




Экс-министр Асхат Аймағамбетов қызметіне қатысты жазба жарияланды. Оқу-ағарту министрі бүгін қызметінен босатылған еді.

Аталған жазбасында ол:

«Құрметті достар, қымбатты әріптестер!

2019 жылғы маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маған өте маңызды білім мен ғылым салаларын сеніп тапсырды.

Кейіннен Мемлекет басшысы мені үш рет қайта тағайындады. Алдымен Білім және ғылым министрі, содан кейін 100 жылға жуық уақыттан кейін қайта құрылған, ұлағатты ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов басқарған Оқу-ағарту министрлігіне қайта тағайындады.

Осы уақыт ішінде маған жүктелген сенімді ақтауға және ашық болуға, жұмыста тиімді әрі пайдалы болуға тырыстым. 

Өмірімнің осы маңызды кезеңінде сіздердің, Президенттің, мұғалімдердің, ата-аналардың, министрліктің бүкіл ұжымының, азаматтық қоғамның қолдауының арқасында маңызды нәтижелерге қол жеткіздік.

Білім және ғылым саласына жауапты болған министр ретінде өздеріңізге есеп беріп, атқарылған жұмыстар туралы айту жөн деп санаймын. Алдағы уақытта министр лауазымында қабылданған әрбір шешім туралы егжей-тегжейлі есеп беруді және бұл шешімдердің логикасы туралы айтуды жоспарлап отырмын. Оны кез келген адам көре алады. 

Осы жылдар ішінде мен халқымыздың батасын алып, Президенттің сенімін ақтау үшін, ел игілігі үшін жұмыс істеуге тырыстым.

Жылпы алғанда, мен үшін уақыт талабына сәйкес келетін жаңа реформаларды енгізу ғана емес, сонымен қатар сабақтастықты сақтау маңызды болды. Әсіресе пандемия кезінде қиын болды, бірақ әріптестеріміздің түсінігі мен қолдауының арқасында ол уақыттан да өттік. 

Осы уақыт аралығында мұғалімдердің үлкен қолдауын сезіндім. Сол үшін құрметті әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Менің шешімдерімді түсініп, қолдағандарыңыз үшін рақмет. Оның барлығы әрқайсыңыздың еңбек жағдайыңызды жақсартуға бағытталған болатын. 

Президенттің қолдауы арқасында біз өте маңызды құжатты - «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдадық. 

Соның арқасында түбегейлі өзгерістер болды, мысалы, жалақыны көтеру, қосымша төлемдер, міндетке жатпайтын қызметтерден босату, бес күндік жұмыс аптасына ауысу, 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерді ҰБТ-дан босату және 25 жылдан астам жұмыс өтілі бар мұғалімдерге төсбелгі тағайындау және т.б.

Білім беру саласы - қарқынды дамып келе жатқан сала. Сондықтан енгізілген жаңалықтарға түсіністікпен қараған ата-аналарға алғысымды білдіргім келеді. Қандай да бір бастаманы жүзеге асырғанда балаларымыздың мүдделерін негізге алдық. Осыған дейін де балаларымның мемлекеттік мектеп пен балабақшаға баратынын бірнеше рет айтқан болатынмын. 

Біз балабақша тәрбиешілеріне, колледж мұғалімдері мен университет оқытушыларына да қолайлы жағдай жасауға тырыстық.

Барлық идея мен алға қойылған міндетті іске асырған Оқу-ағарту министрлігінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, департаменттердің, білім басқармаларының, әдістемелік кабинеттердің, білім беру ұйымдарының барлық қызметкеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. 

Сіздер бағалауға келмейтін ауқымды жұмыс атқардыңыздар. Кейде тым қатал, талапшыл болатынымды білемін.

Ашық сөйлеп, қолдау білдіріп, сын айтқан қоғам қайраткерлері мен белсенділерге алғыс айтамын. Мен әрқашан сындарлы ескертулерді қабылдауға дайынмын және оларды түзетуге тырысамын.

Сондай-ақ жаңалықтарымызды жариялаған журналистерге де еңбектері үшін алғыс айтамын. Біз өзекті ақпаратты белсенді түрде бөлісуге және диалог үшін әрқашан ашық болуға тырыстық. 

Кез келген адам тыңдай алатын аппарат жиналыстары апта сайын ұйымдастырылды. Жұмыс кестемнің тығыздығына қарамастан, сұхбатқа да уақыт бөлуге тырыстым. Өйткені жаңалықтар мен қабылданған шешімдерді отандастарымызға уақытылы жеткізу және олардың түсінуі маңызды болды. 

Тәрбиешілермен, оқушылармен, студенттермен, ұстаздармен, мектеп, колледж директорларымен, оқытушылармен, ректорлармен, ғалымдармен, білім басқармалары мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларымен көптеген кездесу өткіздім. Мен үшін әртүрлі деңгейдегі білім беру өкілдерінің пікірлерін тыңдау және қандай да бір шешім қабылдағанда барлық мәселенің «оң» және «теріс» жақтарын таразылау маңызды болды.

Осы қызметте саланың дамуына үлес қосып, отандастарым мен Президенттің сенімін ақтай алдым деп үміттенемін. 

Баршаңызға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын және Оқу-ағарту мен Жоғары білім және ғылым министрліктеріндегі әріптестеріме табысты жұмыс тілеймін. 

Мен, әдеттегідей, қоғамға ашықпын. Бірлескен жұмыс пен барлық бастамама қолдау көрсеткендеріңіз үшін тағы да алғыс айтамын», – деді..

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...