Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы жоғары біліктілік пен кәсіби шеберлікті шыңдау, шығарма...
Ғ.Мүсірепов театрында жас көрермендерге арналған тағылымды қойылым
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында бағы жанып, бабы шапқан қойылымдар саны аз емес. Театрда таяуда Айтматовтың қаламынан туған «Ақ кеме» қойылымының сахналануы сөзімізге дәлел. «Адамзаттың Айтматовы» теңеуі тегін телінбеген автордың әрбір шығармасы өміршең тақырыптармен өрілген. Әлем әдебиетінің классигіне айналған жазушының аталмыш повесінде бала қиялы мен өткір шындық өзара сынға түседі. Жазушы ата-бабалар шежіресін тілге тиек етіп, аңыз-әңгімелер қасиеті мен маңызын қатар ұғындырады. Айтматов ертегі, аңыз, фантастика, трагедия жанрларын көркемдік тәсіл ретінде қолданып, синкретті жанрға негіздеген.
«Ұрпақ – өмір жалғасы» ұстанымын алға тартқан қойылымның режиссері Дина Жұмабай. Ш.Айтматовтың шығармашылығымен кеңінен таныс режиссер «Ақ кеме» спектакліне өзгеше бағыт, ерекше көзқарас танытқанын аңғару оңай. Автордың түпкі ойы мен режиссер шешімдері үндестік құрған. Әрбір оқиғаны шығармаға сай сахналаған. Повестте баяндалған Бұғы ана бейнесіне спектакльде жан бітіп, аңызға шындық ретінде қарауға көркем түрде үндейді. Қойылымға қан жүгіртіп отырған Бұғы ана – Жанар Мақашева кейіпкері. Бейнеге актрисаны ішкі жай-күйі мен шеберлігіне қарап таңдағаны айқын. Актрисаның отты жанарымен балаға мейірлене қарап, қасиетті жануардың киесі мен сұлулығын көрсетудегі шеберлігі зор. Режиссер қойылымда Оразқұл мен Момын шалдың қақтығысына басымдылық беріп, баланың әрбір кейіпкерге деген махаббаты мен ерекше ықыласын алдыңғы қатарға шығарып отырды. Десе де, жеті жасар баланың ұшқыр қиялындағы алыстан үздіге күтетін «Арманындағы ақ кеме» бейнесінің қойылымда болмауы көркемдік тұрғыда кемшін тартып тұрғаны рас. Бала қиялындағы кеме повесте үлкен мәнге ие екенін ескерсек, спектакльде үлкен басымдылыққа ие болуы маңызды.
Спектакльдың суретшісі Лилия Хисматулина мен хореограф Анна Цойдың кәсіби шеберлігіне анық көз жеткізуге болады. Алты ересек адам мен жеті жасар баланың қырық шоқпыт киімдері мен көк пен сұр түсті жарықтың сахнаға түсірілуі жұпыны кедей өмірінен көрініс береді. Ағаш орындықтар әрбір оқиғаға сай қолданылды. Сейдахмет – Қазбек Төлен пен Гүлжамал – Гүлбахрам Байбосынованың ішкі тебіренісінің пластикалық қимылдармен шешілуі, актерлік ансамбльдің көпшілік сахнада бірізділікпен қозғалуы сынды дүниелер хореограф еңбегі. Аға буынның жолын қуып, терең ізденіспен көзге түсіп жүрген жас буын актерлер Қазбек Төлен мен бала бейнесін кемеліне келтіріп орындаған Рахат Жұмаханов. Алты жасар баланың алаңғасарлығы мен ойын баласының ойнақшыған кейіпін көрсетуде нанымды әрекеттер жасай білді. Сәтті шыққан бейне мен актерлық ансамбль деп ҚР Еңбек сіңірген артистері Момын шал – Қадырғазы Қуандықов пен Әже рөліндегі Гүлжамал Қазақбаева айрықша атап өтуге болады. Г.Қазақбаеваның кейіпкері өзіне сенімді әрі сахнада қандай мақсатпен жүргенін анық біледі. Баланың өгейлігін сездіру үшін айтылған әрбір репликасы мен зілді дауысы көмейіңе өксік алып келетіндей. Сондай-ақ режиссер сахнада өзін көрсетуге толық мүмкіндік берген кейіпкерлердің бірі Оразқұл (Әсет Иманғалиев) пен Бекей апай (Раушан Байзақова). Әрбір кейіпкеріне үлкен дайындықпен келетін Әсет Иманғалиевтың бұл бейнесі көпшілікке әншілік қырын кезекті рет мойындатты.
Ана құшағына жарымай, әкеге деген сағыныштың соңында кете барған алты жасар баланың тағдыры кімді де болса селт еткізері анық. Сол кезеңдегі әлдінің әлсізге қиянаты, адамдың аңды азғындауы, ананың сәби иісін аңсауы сынды мәселелер қойылымның айтар ойының бір бөлігі ғана. Тереңіне үңілсек, астарында ата-бабалар шежіресін білу, аманатқа қиянат етпеу және ұрпақ сабақтастығы түсінігі жатыр.
Мерей Алтынбек
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. «Театртану» мамандығының 1 курс магистранты