Талғат Теменов. Мына жұрт Ләйлә қызды біле ме екен..? 

ТЕАТР
13348
Ешкімге мұндай мінез берілмеген,
Күнім ең көптен бері көрінбеген
Мен қазір көз салмаймын айналаға,
Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана.

Бұл - қазақтың дарынды ақыны Жұматай Жақыпбаевтың өлеңі. Және Жұмекең өмір бойы өлең циклдарының көбін Ләйлә деп атаған... Ал біздің Ләйлә Ақназарқызы Бекназар бүгінде  Елордадағы елге танымал актриса. Атақ абыройы бар... Балалары ер жетіп аяқтанған. Қ.Қуанышбаев театрының актрисасы... Кинода да танымал... Өнер университетінде профессор. Шәкірттерінің өзі бүгінде көпке танымал тұлға боп қалды... Алайда, көпшілік ел Ләйләні  біле бермейді. Мінезі сатыр-гүтір... Кейде айтып жібереді...Тіпті қатты айтады. Бірақ, артынан өзі өкініп қалады. Жалпы жұрт күнделікті тұрмыста, асығыс-үсігіс заманда біреуге зер салып жатқан жоқ. Оның үстіне Ақназардың Ләйләсі шоу-бизнестің адамы емес. Әлеуметтік желіде де жұрт сияқты жарысып оны-мұны тізбектеп жаза бермейді. Сондықтан да Ләйлә құпия... Жан дүниесін, ішкі әлемін ешкімге айтпайды. Айтқысы да келмейді. Ал, мұқият қарасаң Ләйләнің көзінде мұң бар... Иә, иә... Қайдағы мұң дерсіз? Қайдағы дерт деп айтарсыз... Ол Ләйләнің кеудесіндегі кептеліп қалған, ешкіммен бөліспейтін сырлары... Әйел ретіндегі, ана ретіндегі, актриса ретіндегі құпиялары... Әсіресе әкесі Ақназар жайлы әңгімелері көп айтылмайтын қымбат дүниелер.

Аппақ құба келген,  қолаң шашы тірсегіне түскен жас келіншек Шәриман екі сәбиімен жесір қалды. 25-ке толар толмас жары қыршыннан қиылды. Нағыз өмірдің де, отбасының да, жардың да қызығын қызықтауға Шәриманға жазбағандай. Әсіресе әлі аяғына тұрмаған үйелмелі-сүйелмелі екі кішкентай балаларын қалай өсіреді? Осындайда атам қазақтың салт-дәстүрі ойға келеді. Қандай мейірімділік. Қандай отбасылық философия. Қандай гуманизм. «Ерден кетсең де, Елден кеткізбеген» қазақы дәстүр бойынша жас келіншек қайынағасына қосылған. Екі баланы жетім етуге болмайды. Ақназардың бәйбішесі Қырғыздың қызы болатын. Алайда Ақназар ата дәстүрден аттаған жоқ. Өмірге үйелмелі-сүйелмелі үш бала келген. Ләйлә ең кенжесі. Ақназар екі иығына екі кісі мінгендей батыр денелі, мінезі тік, бетің бар, жүзің бар дегенді білмейтін өр мінезді болыпты. Ноқтаға басы сыймайтын асаудай, Ақназар Кеңес Өкіметіне де, партиясына да, милициясына да пысқырған жоқ. Қасындағы өзіндей 4-5 жігітпен түнде келіп дүкенге түсіп, ішіндегі азық-түлікті бала-шағасына, туыстарына, қала берді көрші ауылға таратып беретін болған. Жангелдінің Робин Гуды болған. Есіме Арқадағы «Кейкі батыр» түседі. Ақназардың келбеті дәл сол Кейкідей. Совет Өкіметін жанымен де, тәнімен де жек көрген жан. Сондықтан да Өкімет одан қорықты. Соғыс кезінде майданға жібермеді. Түрмеден шығармады. Тек бір-ақ рет... Бүкіл Одақтық «Аударыспақ» жарыста Ақназар түрмеден шығып келіп, жарыста «Чемпион» болған. Марапат сый, орден алған соң қайта түрмеге кеткен. Түрмеден кейін де сол ыза, өш, кек Ақназардың түбіне жетті. Ләйлә екі жасында жетім қалды. Мүмкін сондықтан болар, Ләйлә әкенің ыстық алақанын, оның мейірімін көрген емес... Тек түсінде көретін, дәл өңіндей, онда да өте сирек. Соғыстан кейінгі кезеңдердің зардабы 70-ші жылдардың аяғына дейін созылғаны белгілі. Әсіресе ер азаматынан айрылған әйелге өте ауыр еді. 5 баланы аяққа тұрғызу, ол да ерлікке пара-пар. Қазақстанның Халық артисі, М.Әуезов атындағы драма театрындағы Камал Кармысов Ақназарға туыс, жақын боп келеді. Олар да сонау Бекназардың жақындары. Камал Қармысов Шәриманды бір күні Алматыға көшірген. Кішкентай екі баланы интернатқа орналастырды. Жалпы Камал Қармысов өте қарапайым, елгезек, ақ көңіл кісі тін. Ләйлә мен бауыры Киров көшесіндегі 4 Мектеп интернатқа осылай келді. Анасы күндіз вокзалда оны мұны сатса, кешке ағасы орналастырған М.Әуезов театрының гардеробында не болмаса оны-мұны басқа жұмысқа кіреді. Ләйлә осылай бала кезден әкем театрда өсті, бой жетті. Соғыс кезінде кішкентай балаларды "Сын полка" деп атайтын. Ләйлә да дәл сондай болды. Күнде кешке спектакль көреді. Ш.Айманов, Х.Бөкеева, Е. Өмірзақов. Қ. Бадыров, С. Майқанова, Ф. Шарипова, А. Әшімов, Ы. Ноғайбаев сынды аға әпкелерін көріп, зерек боп өсті. Тек қана әйелдердің сөзін ғана емес, кейде бүткіл спектакльдің сөздерін жатқа айтып отыратын. 

Ойламай жүріп жан бар деп жалғанда керім
Әлемде мынау көңілім қалғанда менің,
Өзіңді көріп өспірім, көзіңді көріп,
Ақын болсам деп, атақты армандап едім...

Иә, Жұматай шайыр қалай дөп басқан. Ләйлә ұзын бойлы, ақ құба талдырмаш әдемі қыз боп бой жеткенде, оның актриса болатынына ешкім шүбә келтірген жоқ. СССР Халық артисі Х. Бөкееваның курсына түсті. Хадиша ұстазы Ленинград та оқыған, өте кірпияз, эстет актриса болатын. Хадиша апай ауылдан келген жастарға, тек сахнаның ғана сырын үйретіп қоймайтын. Ол кісі аристократтықты, кербездікті, сәндік қасиеттерді шәкірт жанына сіңіре білді. Ләйлә 1-курста оқып жүріп киноға түскен. Алғашқы тырнақ алды фильмі Мұрат Омаровтың " Үскірік" фильміне түсті. Түсіру алаңы, Кегендегі күннің суығы, жарық, камера, түсіру тобындағы атмосфера Ләйләға әрі қызық, әрі таңсық, әрі оңай сияқты көрінген. Ләйлә түсіру алаңындағы қалай дайындалуды, қалай дубль жасауды, түсіп жүріп үйренді. Бұл фильм Мұрат Омаровтың алғашқы фильмі болатын. Көп ұзамай Амангелді Тәжібаев Бейімбет Майлиннің шығармалары бойынша "Күзет бастығы" фильміне шақырды. Кезіндегі сахнада қол жетпейтін апасы Сабира Майқанова, Қасым Жәкібаев сынды әртістермен қатар, Сердеш Қажығалиев, Димаш Ахимов, Нұрлан Есімғалиев сынды ВГИК-тан келген артистермен партнер болды. Хадиша Бөкеева өзі де талай киноға түскен үлкен актриса болатын. Әсіресе "Райхандағы" - Райхан, "Даладағы қайыңдағы» - Дина, «Біздің сүйікті дәрігердегі» өз рөлі, "Теңіз дауылындағы" Рабиға, "Асау Ертіс жағасындағы" – Фатима т.б. рольдері Хадиша Бөкееваны қалың елге танытқан-ды. Алайда Хадиша Бөкеева киноны бүкіл жан дүниесімен қабылдаған жоқ. Себебі Бөкеева сахна үшін жаралған актриса-тын. Мүмкін осыдан да болар, Хадиша апасы өз студенттерінің киноға кеткенін, әсіресе сабақтан қол үзіп киноға түскенін жақтырмайтын. 

Айтпақшы Ләйләнің тұрмысқа шығуы да қызық болды. Жастықтың аты – жастық. Ол ешқандай заңға да, декан, ректордың бұйрығына да бағынбайды. Әсіре көктем қыз көңілін көтерген. Қыз-көктем деген басқа дүние... Ләйлә да сол көктемге ғашық болды. Әсіресе сиреньге. Оның хош иісі... Терезенің алдындағы сирень гүлі, көктемдегі найзағайдың жасыны мен жауыны талдырмаш қызды басқа әлемге сүйреген... Қиялы ақ көбікті теңіздің жағасында жалғыз өзі түнде суға шомылсам дей ме? Өзі де білмейді...Білетіні бұрын білмеген, көрмеген, бейтаныс дүниеге, басқа әлемге кеткісі келгені...   Жоғарғы курстағы факультеттің қыздары бірінен-соң бірі, отау құрып, күйеуге тие бастады. Құрбысы Раушан Кереева да, өзінен бір курс төмен оқыған Ақыш Омарға тұрмысқа шыққан. Ол кездегі той ерекше еді. Ләйләның бұған дейін бірде-бір жақын туысы, болмаса құрбысы тұрмыс құрмаған еді. Өзінің досы Раушан ақ фата, ақ көйлек кигенде, қандай әдемі болып құлпырып кетті. Тура аққудай... Ләйлә сол кеште көпке дейін ұйықтамаған. Апырай қандай әдемілік, қандай жарасамдылық! Шіркінай егер менде үйленсем қандай күшті болар еді... Шынында да онда тұрған не бар?Оның үстіне киноға түсіп жүрген "Красавицаға" көз салушылар да, сөз салушылар да жетерлік.. Я сонымен Ләйлә да әдемі көйлек кигісі келген. 

Той десе думанды күй табылады, 
Естілер қуаныштың тағы да әні. 
 Жаңадан бой көтерді Жас отау боп, 
Мінекей екі жастың шаңырағы. 

Ләйлә ойламаған жерден, өзінен 2 курс жоғары Мұратқа тұрмысқа шықты... Үй болды. Келін атанып, бір әулетке, бір-ақ күнде туыс боп шыға келді. 

Уақыт зырлап өте берді.  Үй ішіндегі анда-санда болатын ыдыс-аяқтың сылдыры, соңғы кезде көбейе түсті. Ләйлә өзінің жасаған қателігін енді ғана түсінді. Күйеуге тию бір басқа да, сүю бір басқа екенін енді ғана ұққандай... Тұрмыс құру – ақ көйлек, ақ фата кию емес екенін...Ләйлә өмірдің өз режиссері, өз драматургі барын... Және мұнда екінші «состав» жоқ екенін енді ғана ұққан. Оның жанын жегідей жеген отбасындағы кикілжің емес... Ол бала кезден армандаған сахнадан бірте-бірте алыстап бара жатқандығы еді. Ләйлә сол түні көз ілмеді. Енді кешіксе, театрмен бір жола қош айтысатынына көзі жетті. Өмірім- өнерім үшін деген шешімге келді. Осы кезде өзінің екінші ұстазы, Москвада оқыған интеллектуаль Дәмеш Арынғазиева сол кезде А. Вампиловтың "Тұңғыш ұл" спектаклін Әуезов театрында сахналап жатқанын айтқан. Дәмеш Рахманкуловна телефон шалып, басты роль – Нинаға шақырғанда төбесі көкке екі елі тимей қалды.  Бұл Ләйлә үшін ойламаған жаңалық, күтпеген қуаныш еді.  Алайда Ләйлә бара алмады. Үйдегі туфлиін таппай қалды. Кім тыққанын білсе де, үндеген жоқ. Со жолы театрға орналасудың жолы түспеді. Осындай күндердің бірінде Ләйлә спектакльге барған. Үзілісте Әзербайжан Мәмбетовты көрген. Амандасып, шүйіркелескеннен соң Әзекең оны театрға шақырды. Ләйлә сенер сенбесін білмей, қуанғаннан құшақтап сүйе жаздады. Әр тасын, әр бұрышын, әр шамын бала кезден жатқа білетін Ләйләны Өнердің Қара шаңырағы "Әкем театр" жатсынбай жылы шыраймен қарсы алды. Жас актриса  имене жүріп, сахнаның қыр сырын тез игере бастады. Театр - ол тек артистер ғана емес, ол - драматургия, режиссурамен қоса, ол – сенің оқыған, тоқыған білімің, тәжірибең, интеллект екенін білді.Ол театрдағы қойылымдардың бәріне қатысты. Көпшілік сахнасы болсын, эпизод роль болсын, сахнаға ләззаттанып шықты. Сол кездердегі : Т.Ахтанов «Жоғалған дос» - Ғалия, С.Сматаев «Жұлдызым менің жоғары» - Шолпан, Б.Мұқай «Тоят түні» - Баян, М.Әуезов «Айман-Шолпан» - Шолпан, И.Ғайып «Мен ішпеген у бар ма?» - Әйгерім, «Шыңғыс хан» Құлан, У.Шекспир «Асауға тұсау» - Катарина, Б.Атабаев, А.Тасымбеков «Кебенек киген арулар» - Жания, Володин «Кесіртке» - Әнші, Е.Аманшаев «Сұлтан болсам егер мен» - Зарина, Е.Шварц «Күлше қыз» - Күлше қыз,Ш.Хусайнов «Үкілі Ыбырай» - Алтын, «Парсы аңыздары» - Зарина, М.Байжиев «Қалыңдық пен күйеу» - қалыңдық т.б. рольдерін ерекше атап айтуға болады. 

Ләйлә сол рольдермен бірге ұйықтап, бірге оянатын. Партнерлармен де тіл табысуға тырысты... Ешкімді ренжітпей, бәрімен сыйлас болды... Ол неғұрлым театрға бауыр басқанмен соғұрлым үйдегі атмосфера ширыға түсті... Оның үстіне... Әне бір ағай Ләйләға ерекше бір ілтипатпен, бар жан-тәнімен, құрметпен қарай берген...

Аямайтын күн болып кел бәрібір, 
Аямайтын түн болып кел бәрібір 
Сені Ләйлә қара көзді киелім, 
Қайыспастан қара жерше сүйемін. 

Ғашықтық Алладан. Сүйе білу де үлкен өнер. Және бұл сенің паспортыңдағы мөрге де, сенің отбасыңа да, партиялық көзқарасыңа қарамайды. Өйткені бұл- сезім... Ғашықтық, сезім...Жасқа да қарамайды. Ол өзінен үлкен кісі-тін. Үлкен кісі мұны, Ләйлә оны түсінуге тырысты. Түсіністік бар жерде гармонияда бар емес пе? Кейде Ләйлә осы қуанышым шынба, өтірік па деп ойлайтын. Махаббат – сезім! Бұл - Ұлы күш. Оған әлемдегі небір мықтылар да, батырлар да, ақындар да бас, иген. Алайда өмірдің өз заңы бар. Табиғаттың заңы – ешнәрсе мәңгі емес. Сергелдең де, сезім де, сүю де, күю де... Бір күні Александр Гринның "Алые Парусасындағы" Ассольдай жағада жалғыз қала берді. Ал қызыл желкен, басқа айдынға, өзге жанмен қол бұлғап кете барды... Бұл Ләйләның тірідей өлген күні, үмітінің сөнген күні болатын. Ләйлә қыз солай өмірден де, сахнадан да, сүйіктісінен де көңілі қалды... Ол бәрін соған құрбан етті емес пе?  Отбасын да, жалынын да, жастығын да соған арнаған жоқ па? 

Кетер күнім... 
Келер келеді ол дағы 
Бір қаралы шеру шығар жолға әлі. 
Сол бір кезде жан баласы жыламай, 
Ләйлә жалғыз сен өксісең болғаны. 

Бұл тағы да Жұматай. Дәл  бір Ләйләға арналған... Иә қауым жұрттың бәрі үлкен кісіге қол соғып, «Құсың құтты болсын» деп жатқанда өксіген тек Ләйлә ғана еді. «Болды, болды.... Рахмет бәріне...  Екі қолымды төбеме қойып, тентіреп кетсем бе екен» деген сонда Ләйлә. Мынау аппақ дүниеден көңілі қалған әдемі келіншек бір кеште режиссер Юрий Ханингамен танысқан. Соған тұрмысқа шыққан. Ал енді не қылады екенсіңдер? Не істейсіңдер маған?

Көтеріп тұрып, құлатады өмір.
Күлдіріп тұрып, Жылатады өмір.
Етегің толып еңіреген кезде,
Қайтадан өзі жұбатады өмір.

Жалпы Ләйлә жолы болғыш. Ылғи періштесі қолдап, қорғап жүреді. Дәл сол кезде әлемге танымал М.Әуезовтың көркемдік жетекшісі Әзербайжан Мамбетов өз театрынан қуылып далада қалған болатын. Және оны қуған өзі өсірген, өзі баулыған, киносына түсіріп, өзінің шәкірті болатын. Өмір осымен қызық...осымен шыжық... Бірақ бір бастық қуды деп, Әзекеңді Ел-жұрты далаға тастаған жоқ. Әзекеңді Астанаға Қ. Қуанышбаев  театрына шақырған. Басына үй, өнеріне күй беріп, кеудесіне Ел басы Алтын Жұлдыз таққан. Әзекең жас театрды күшейтуге тырысты.. Алматыдан Қазақстанның Халық артисі Гүлжан Әспетованы шақырды. Ләйләны да «Маған келсеңші» деген. Бұл Ләйлә үшін нағыз бақыт, шын қуаныш еді. Оның қайта жаңаруы, қайта түрленуі басталды... Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ләйлә Бекназар бүгінде осы театрдың белгілі актрисасы. 

Ойнаған рольдері де баршылық. 

А.Чеховтың «Ваня ағай» - Елена Андреевна; Ә.Нүрпейісов «Қан мен тер» - Ақбала; М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» - Қарлыға, «Айман -Шолпан» - Теңге; М.Шаханов «Шыңғысханның соңғы күндері» - Ақерке; Д.Исабековтың «Алтын тордағы тоты» - Актриса; Ж.Мольер «Тартюф» - Дарина; Е. Жуаcбек «Үйлену»-Дерекгүл, «Сен үшін» - Әйел; Ж.М.Шевре «Ізгілік формуласы» - Маривонн, Р.Мұқанова «Сарра» - Сарра. спектаклі  2019 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Р.Мұқанованың «Фаризасында» Тағдыр ролін сомдаған. 

Кеудесіндегі орден, медальдары да аз емес. 

Соңғы кездегі түскен кинолары бірінен-бірі жақсы:.

Қазақфильм», «Мосфильм», «Қырғызфильм» киностудияларында киноға түсті: «Күзет бастығы»-Күләш (реж: А.Тәжібаев),«Провинциальный роман»-Зарема (реж: М.Убукеев), «Стужа» - Гуля (көркемдік жетекші А.Кончаловский, реж: М.Омаров), «Ақ білек» - Тоқал (реж:К.Дүйсенбаев), «Бибол» - балалар үйінің директоры (реж:Т.Теменов), «Ана жүрегі» - Райгүл Ахметқызы (реж:С.Омаров), «Рауан» - Ханшайым (реж: С.Омаров), «Келінжан» - Күлімхан ене (реж: Е.Нұрғалиев), «Любовь.Надежда. Астана» - Мать (реж:И.Голубоков) 

Ләйлә баяғыдай қашан көрсең де ашық жарқын. Дабырлап сөйлеп, базардан базарлық әкелген апалардай алақаны ашық... Алайда маған бәрі басқаша секілді... Ол Ләйләның жанарындағы бір мұң... Оның не екенін ешкім білмейді. Өзі де ешкімге сыр ашпайды. Және ашқысы да келмейді. Бұл мұң жеке басында ма, әлде театр атты тартыс па? Білмеймін...  Білетінім Ләйлә актриса қазір Өнер атынан түскен жоқ. Оның көкпары әлі алда. Өйткені Ләйлә өзі түскен көкпарды да, Өнер сүйген жұртты да қуантары хақ. Қазір Ләйлә жігері жасымаған, арманы алда, өзіне сенімді сұлудың бірі. Алайда Ләйләның түсіне соңғы кезде ылғи сирень кіреді... Белгісіз бір көрермен бір құшақ сиреньді оған сыйлап жатады... Хош иісті... Нағыз жұпар...

Сұлулық талант жанымның, 
Қойғанды саған дарыны, 
Өспірім менің шағымның
Өшпеген жалғыз жалыны. 

Бұл да Жұматай. Бұдан артық сөздің де қажеті жоқ шығар...

author

Талғат Теменов

АКТЕР

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...