Бақытбек Қадыр. Бұланай асқан көш шежірешісі

ӘДЕБИЕТ
1235




(Қабылқақ Күлмесханұлы туралы толғау)

Жер әлем қаншалықты кең болса, қазақ халқына тиесілі тағдырлы әдебиеттің ауқымы соншалықты өрісті секілді. Сонау Моңғолияның Қобда аймағынан Қытайға өтіп, ақыр түбі атажұрт – Алматыға келіп мәңгілік дамыл тапқан ақын-жазушы Қабылқақ Күлмесханұлының шымшытырық ғұмырнамасы – ақын Жәркен Бөдештің «мен ақын емеспін, тағдырым ақын» деген сөзін еріксіз еске түсіреді. Қабылқақ Күлмесханұлының есімі әуелі атақты Елісхан батыр мекен еткен, Қытайдағы үш аймаққа кірмейтін Ақсай қазақтарына етене таныс. Ақсай қазақтары дегенде ең бірінші еске оралатын есім – Қабылқақ Күлмесханұлы.

Қабылқақ Күлмесханұлы – 1944 жылы Моңғолияның Қобда аймағында туған. 1947 жылдың қысында Моңғолиядан Қытай еліне көшіп барады. 1948 жылы Түркелдің (ҚХР Шыңжаң) жағасында отырған ағайындарына қауышып, 1951 жылы Баркөлдің Саха деген жерінен, Гансу өлкесінің Қайыз деген жеріне жетеді. 1955 жылы ауылда бірінші рет ашылған бастауыш мектепте оқып, 1956 жылы Қытайдың Ланжоу қаласындағы Батыс Ұлттар мектебіне оқуға түседі. Ақсай-Чиңхай жерінде жүргізілген қуғын-сүргінге байланысты 1961 жылы оқудан шығып, мал шаруашылығымен айналысады. 1963 жылы мал дәіргері болып қызымет істеген, ол 1964 жылы дәрігерліктен ысырылып қайта мал соңына жегіледі. Осы жылдары ішкі Моңғолияға барып мал шаруашылығының жаңа қырларын үйренеді (қой жүнін электоронды станокпен қырқуды қазақтар арасына алып келеді). 1970 жылы наурыз айында «солақай саясат» салдарынан себепсіз тұтқындалады. 1977 жылы абақтыдан шыққан соң да саясат орнықты болмады. Біраз жылдар мал шаруашылығымен айналысады. 1980 жылы жазда емтиханнан өтіп, Ақсай автономиялық ауданы Бейбіт ауылының мекетебінде мұғалімдік қызметіне кіріседі. 1987 жылы күзде аудандық қазақ ұлттық мекетебіне ауысып, 1987-1989 жылдары Үрімжі қаласындағы Педагогикалық институнда оқиды. Кейін Гансу өлкесіндегі Ақсай Қазақ автономиялық ауданындағы аз санды қазаққа ағартушылық қызымет қылады.

Ол осынау алағай-бұлағай жылдарда тек ағарту ісімен ғана шектеліп қалмай, «Тұманды дала», «Ұрпақ», «Иенде», «Керсағым», «Домалақ сел», «Шытырман жылдар» повесттерін жазады. Шығармаларының негізгі мазмұны Қытайдағы қазақтардың тұрмыс жағдайы, қиын кезеңдердегі қазақ көштерінің аянышты тағдырын баяндайды. Жазушы – коммунизм қылышынан қан тамып тұрған кезде қазақтар арасындағы озбырлықты, әділетсіздікті, опасыздықты ашық сынайды. Алтайдан ауған қазақ көшінің тарихы туралы алғаш рет қалам тербеген авторлардың бірі деуге де болады. Көп оқиғаның куәсі болған ақсақалдардан жинастырған деректер мен естіген әңгімелерді көркем шығармаға арқау етіп, болашақ зерттеушілерге үлкен мұра қалдырады. 1930-1968 жылдар аралығындағы Қытайдың Гансу-Чиңхай және Шыңжаң өлкелерінде болған «ақтабан-шұбырындыны» жазды. 1987-1988 жылдары «Тұманды дала» повесін жазуды бастап, 1990 наурыз айында шығарма алғаш рет «Шыңжаң жастар» баспасынан басылып шықты. 2010 жылыға дейін «Тұманды дала» повесі 7 рет басылып, ел ішіндегі ең көп оқылған шығарма ретінде жоғары бағаланды. Шағын романда 1940 жылы Елісхан бастаған елдің Мабуфаң әскерімен болған атақты «Зуңжа» көтерілісін астар етіп шығысқа көшкен қазақтардың қанды тарихын баяндаған.

«Үйретуден естелік жинақ», «Оқу жоспары 1991-1992 жылдары «Екінші маусым», «Тапсырма жайлы аз сөз», «Оқытуды зерттеу», «Сабақ мінбесінде», «Қазіргі заман әдебиетімен сұрақ-жауаптар», «Әдебиет теориясы туралы», «Шығарма құралының нақты мазмұны», т.б. педагогика және әдебиет саласындағы бірқатар ғылыми еңбектер де жазды.

Қабылқақ Күлмесханұлы тарихи Отаны Қазақстанға келгеннен кейін «Тұманды дала» повесі «Жұлдыз» журналының 1996 жылғы 12-13 сандарында жарияланды.



«Иенде» повесінде Гансу-Чиңхай ауған қазақтардың дүңген әскерімен жанжалдасуы жайында жазды. «Шытырман жылдар» повесінде өз өмірінің белестері, көрген қиындықтары, жастық шағы туралы айтылады. Мұндағы шығарманың ерекшелігі мысқыл аралас әзіл арқылы қоғам өмірінің әділетсіз тұстарын сынау, жүргізіліп отырған теріс саясатты айыптау көрініс табады. Оқиғалар мен ондағы образдар арқылы коммунизіміндегі тәртіпсіздікті, қатыгез саясаттың құрбаны болған асыл азаматтардың аянышты тағдырын суреттейді. Сонымен қатар ол «Ойландырар ойықтар», «Қолға қарға қонғанда», «Шектесу», «Адал еңбек – игілік қайнары», «Бәсеке», «Он сом», «Тамырдың таңбасы», «Оқушыда болатын «Айбар», «Менің ханзу атам», «Қойшының түні», «Құбылмалы есім», «Жұмекең», «Ақ қозы мен көк қозы», «Таңау мен таңқай» т.б әзіл-мысқылы аралас әңгімелері оқырманға етене таныс. «Дастарқан басында» деген әңгімесінде Ақсай қазақтарының жағдайы жазылған. Қаламгердің шығармалары көбінде «Алтай аясы», «Шұғыла» журналдарында басылып шығып тұрған.

Қабылқақ Күлмесханұлының әңгіме, повесть, өлең аралас 60-қа жуық шығармалары бар. Ол аз санды Ақсайдағы қазақтың ішінен тұңғыш рет Қазақстанға көш бастаған тұлға. 1960 жылдары Қазақстанға келген ағасы Халық Күлмесханұлының тікелей араласуымен, 1993 жылы жазда 15 отбасы 85 адам алғашқы көш Жамбыл облысы, Шу ауданына келіп қоныстанды.

Жақын араласқан адамдардың айтуына қарағанда, салмақты, орнықты, ойламды, тежемді, терең, айтқанынан қайтпайтын батыл, төзімді адам еді дейді. Жазушының бойындағы білімге құштарлық әкесі Күлмесхан Қабимоллаұлынан дарыған болса керек. Өмір жолына қарасақ шығармашылыққа үлкен бетбұрыс жасаған кезі 1980 жылдардың ортасынан басталғаннын байқауға болады. Оған дейінгі шығармашылық жолы белгісіз. Жастай көрген қуғын-сүргін ақиқат іздеуге, шындықты айтуға бейімдеп, шыңдай түскені анық.

Биыл марқұм ортамызда болса 75 жасқа толар еді. Қазіргі кезде ғалымның мұралары түпнұсқадан (төте жазудан) кириллицаға көшірілуде. Алдағы уақытта шығармаларының толық жинағын басып шығару жоспарланып отыр.


turkystan.kz

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...