Бүгін елордадағы «Достық үйінде», Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, және Қазақст...
МҰХТАР МАҒАУИН. КЕЛДЕ-МҰНАРА
(жалғасы)
Ұлұғ әмірдің жетпіс мың, тоқсан, жүз, жүз елу мың, бәлкім одан да көп кесік бастан жүздеген келде-мұнара тұрғызғаны рас. Бірақ қазір қайда, сол ғажайып, ғаламат ескерткіштеріңіз? Міне, мынандай деп, тым құрса біреуінің жұқанасын көрсетіп бере аласыз ба? Жоқ. Кетті зәулім төбе, жүз мыңдаған бас қаһарлы жендеттің өзімен бірге ғайыпқа сіңіп. Ал озық ой, өзгеше өнерлі еуропалық нәсіл орнатқан келде-мұнара әуелгі орнында тұр. Иә. Сіздің тарихтағы келделеріңіз сияқты, кітап бетінде ғана сақталған куәлік, ауыздан-ауызға көшкен ертегі, естелік емес. Өз көзімізбен көрдік. Өткен талайсыз тарихты жоқтап, қамығып жатып, бастығырылып ұйықтаған түсімізде емес, жарық күн, ап-анық өңімізде. Және бір емес, нақтылай айғақтап, қатарынан екі-үш рет. Қажет тапсақ, осы әңгімені тиянақтап біткен соң, тағы да барып... тәуап етпей, түңіліп қайтамыз.
Ақсақ Темір отыз бес жыл бойы еркін ойрандаған, қайта оңалмас қалыпқа жеткізген түрік-мұсылман Азиясынан алыстағы қиыр Батыс – Орталық Еуропа, бүгінгі Чех республикасы, астана Праганың бергі, шығыс бетінде, жетпіс шақырым жерде тұрған Кутна-Һора қаласының шегіндегі Седлец ауданы. Екпеті – төрт қырлы қос мұнара, төбесі – үшкіл, тіке шатырлы, биік маңдайшасына сәби көтерген “құдай анасының” бейнелі мүсіні орнатылған, әжептәуір ауқымды христиан-католик ғибадатханасы. Ежелгі костел қазір өзгеше мазмұнды музей. Костнице аталады – Сүйек сақтауыш, немесе Сүйек қоймасы. Адам сүйегінің. Әрине, жалғыз кісінің емес. Он, бәлкім, бірер жүз. Көмусіз, жалаң сүйек, қу сүйектер болса керек. Әлдебір рәсім жөнімен қатар-қатар салынған, өзгеше табыт, ерекше қалыптағы. Әулиелер, сопы-монахтар, пірәдар, дінбасы... Осылай деп шамаладық. Мұндайды бұрын да көргеніміз бар. Мәселен, Украинадағы Киев-Печер лаврасында. Жер асты ғибадатханасы – ұзын, тарам-тарам үңгіме жол, тұйық бөлмелер, қабырға сыртында, алды шынылы, арнайы текшелерде жымдаса қатарланған, ақсөңке емес, сарғыш күңгірт, жалаңаш сүйектер. Көрдік, білдік те қойдық. Ұмыттық. Ол – сыртқа шықпайтын совет заманы. Енді міне, темір қақпа айқара ашылған, таңдаусыз серіктер, бақылаушы, күзетші жолдастар жоқ, жападан-жалғыз, қасымда жетекші ретінде үлкен ұлым ғана бар, Еуропаны еркін аралап жүрмін. Ел-елдің заңы басқа дегендей, сәл-пәл тітіркенсек те, осы төңірекке келіп қалған соң, көре кетпек болдық.
Ғибадатхана іргесі – шағын зират екен, бүгінгі және тақау жылдарғы марқұмдардың қара мәрмәр, қызыл гранит құлпытастары, айқыш крест, арнайы жазулары аңдағайлап тұр. Ал Батыс, оның ішінде, Чех жұртындағы зәулім, зор шіркеулермен салыстырғанда жұпыны көрінсе де, еңселі, айдынды, сұр тастан қаланған суық жүзді костел XІV ғасырдың соңы – 1380 – 1390 жылдары, біздің тарапта Ақсақ Темір Алғы және Таяу Шығыс, Орталық Азия, Дәшті-Қыпшақ – жарым дүниені ойрандап, биіктігі де, аумағы да осы құрылыммен қарайлас келде-мұнаралар тұрғызып жүрген заманда салыныпты. Туристік анықтамада солай жазылған. Әлбетте, әуел, сырттай танысқан сәтте ескерткіштің ғасырын ғана көңілге тұттым. Ақсақ Темір атамызбен салғастыру ойға соңынан ғана келген. Иә. Ерекше ештеңе көрініп тұрмаса да, Костнице музейінде әлденендей кілтипан бары бірден аңдалған. Нақты байыптамасақ та, босағаны күпті көңілмен аттадық.
Үңірейіп тұрған, ауқымды, ауыр, қара қақпадан асып, табалдырықтан озған кезде... кеудеміз солқ ете түсті. Тілсіз, дыбыссыз, ызбар леп. Қара бақайдан тас төбеге дейін, он екі мүше, алпыс тамырды түгел қармап барады. “Алла!.. Лә иллаһа ил-алла!..” Жүйкесі берігірек балам мені қолымнан ұстай алды. Әупірімдеп барып ес жидым. Бірақ кері шегіну қисынсыз еді. Оның үстіне... мұсылман болмаса да, жазықсыз аруақ, орынсыз құрбан, алла атынан соң ғайри дін, жат жұрттың адам естімеген сұмдығы ешқандай зарар келтірмеуге тиіс...
Бұл – о дүние елесі, тозақ оты ғана жағылмаған нағыз жаһаннам еді. Зілдей ауыр, қою, зәрлі, суық толқын көкіректі басып, тынысты тарылтып барады. Бірақ мен ақырына дейін атқарып шықпақ болдым. Әлдебір шығармада кәдеге асар деген соқыр түйсік жетелесе керек. Ғаламда жоқ өзгеше “музейді” бізбен қатарлас, бейқам жүрген, бұ дүние – әлде неміс, әлде швед – бөтен жұрт өкілдері тәрізді баяу қозғалып, әуестене тамашалап емес, онша аптықпасам да, тезінен көріп шықтым. Түгел. Көзден атқарғанмен, көбін еркін байыптап үлгермеппін. Балам рет-жөнімен бастан-аяқ видео-таспаға түсіріп алған еді. Пәлекет өзімізбен бірге үйге еріп бармас үшін, сыртқа шыға сала өшірттім. Бірақ негізгі көріністер көңілде өшпестей таңбаланғаны анық еді. Тек жекелеген ұсақ-түйек жықпылдар ғана көмескі.
Әлденеше күннен соң арнап, қайта баруға жүрегім дауаламады. Келер жылы ғана қайрылдым. Одан соңғы жылы тағы. Неше рет көрсең де бар суретін танып, білу мүмкін емес екен. Және ешбір жазушының қаламы бастан-аяқ, толық сыпаттап жеткізуі неғайбыл. Біз ең қажетті деген, өзіміздің етене келде-мұнараға қатысты кейбір нысандарын ғана аңдап, қадарынша қағазға түсіруге тырыстық. Ең соңғы түйінімізді басында айттық – Ақсақ Темір далада қалды. Қалай дәріптесеңіз де, келде-мұнара – дөкір күш, тұрпайы жауыздықтың ғана көрінісі болатын. Және, оны да ірікпедік – өтпелі ескерткіш. Ал мына Костнице – қазір көзіңіз жетеді, мәңгілік мұра. Оның үстіне, ең кереметі де осы – ғаламат қиял, озық өнер көрінісі. Иә, бұл соңғы түйін де біздің ойымызға көп кейін, Еуропадан әлденеше мың шақырым жердегі өз жұртымызда, әбден ес жиған кезде оралыпты.
Сонымен, өзгеше музейдің босағасын аттадық. Қалт тұра қалдық. Қарсы алдымыздан ашылған көрініс – ғаламат еді. Тозақы ғана емес, ызғарлы, үрейлі. Бірден көзге шалынған – биік төбеде қатар-қатар тізілген, салбырай түсіп емес, шынжырдай созылып, қазақтың ақ ордасындағы, сән үшін тартылған, үкілі, ою-өрнекті басқұрлар сияқты, жарыстыра, айқастыра, оңды-солды тіркескен... бас сүйектер болды. Жақындатып айтсақ, қазіргі жаңа жылдық шырша тойында төбені толтыра тізбектелген, ашық бояулы, неше түрлі жалаушалар тұрады ғой, сол сияқты. Біз салғастырған екі көріністен бар айырмасы – арыдағы ою-өрнек, берідегі түрлі-түсті қағаз орнында көзі үңірейген, танауы сәңірейген, тісі ақсиып, маңдайы жарқырап, қарақұсы шодырайған ақсөңке бас сүйектер. Төбе толы. Бес, он емес, әлденеше жүз. Бәлкім, бірер мың. Тізіле, үңіле төніп тұр. Қазір Костниценің төріне шығып, сірә, ең үлкен қызығын көру үшін, осы, қу бастардан жасалған алқалы тізбектің астынан өту керек. Мен шегіншектей бере артыма қарадым. Сөйтсем... жаңа ғана босағасын аттаған есігіміздің екі қапталы, тас қабырға – тағы да, әлде өрнек, әлде сурет жасап, керіле тізілген кісі сүйектерінен көрінбейді. Есіктің маңдайшасы, кіреберіс қос қанат, біз астында тұрған тайқы төбе, түгелдей – ақсиған қу бас, арса-арса жіліктер. Және бәрі де қалай болса солай, ретсіз тізілмеген. Әлде геометриялық фигура, әлде рәсімді таңба – қайткенде де өзіндік сурет кейіпте. Адам сүйектерінің – көрмеге қойылған қу бас, омыртқа, қабыртқа, ұзынды-қысқалы, әрқилы жіліктер – көмусіз моланың қақ ортасында тұр екенбіз. Болары болды, алға жылжуға тура келген.
Жаңа, есіктен кірген бетте тақау төңірек, төбеден салбыраған бастарға назар ауып кетіпті. Биік күмбез асты, қақ ортаға ілінген үлкен люстра ағараңдап көрінген. Тақап келгенде иманым ұшуға шақ қалдым. Хрусталь емес, әйнек, кәрлен, қола, мыс, ағаш емес, алты қанат киіз үй шаңырағындай аумақты, алып люстрамыз түгелімен адам сүйектерінен құрастырылған екен. Төбеден дар шылбырындай салбыраған, ұзын бау – тізбектеле жалғасып, шебер өрілген, араларына әсемдік үшін жауырын, тоқпаш жіліктер қыстырылған омыртқа, мойын сүйектерден жасалыпты. Мал емес, адам мүшелері. Асты дөңгелек, үсті үшкілдене көтерілген ауыр, зор люстраның жоғарғы, кіші табағы – теріс төңкеріле, қатарластыра тізілген сегізкөз және жамбас сүйектер. Астыңғы, алып табақпен арадағы орталық дің – он-ондап, шыбықша байланып, тіркеске жалғасқан асық жіліктер. Ұзыннан-ұзақ, қалай болса солай жалғай салмаған. Аралық буындар – қатар-қатар тесіктері өзгеше әшекей тәрізді көрініс беретін сегізкөз сүйектер. Сида жіліктерден құралған дің жалаңаш қалмас үшін, үстеме өрнек ретінде айшықты, имек жақ сүйектер тіркеліпті. Ал жоғарғы, кіші табақтан астыңғы, үлкен табаққа жан-жақтан, қиғаштай тартылған ілмектер де негізінен осы, сарғыш тістері тізіле доғаланған жақ сүйектерден түзілген. Ортаңғы, берік жіліктерден құралған жуан ұстын-дің, оған қосымша ілгек – бес тармақ көрнекі сүйек-шынжыр – негізгі, дөп-дөңгелек, ауқымды, жалпақ астауды нық ұстап тұр. Өнердің үлкені де осы шырақ-астауда екен. Болмыс-бітімі біртұтас, іждағатпен ойлап, шебер қалыптаған. Құрылымы мінсіз дерліктей. Құндылығына, әрине, баға жетпейді. Жер әлемдегі жалғыз нұсқа. Жай ғана нұсқа емес, үлкенді-кішілі, әрқилы тұрпаттағы жүздеген, бәлкім, әлденеше мың сүйекті келісті жарастық, берік байлам, композициялық тұтастық нәтижесінде бүтін, бір денеге – қайталанбас, айдынды, асқақ, мың жылдық мүкәмалға айналдырған өнердің озық үлгісі. Міне, бажайлап қараңыз. Алып люстраның құлақ шамдары есебінде, әлде тоғыз, әлде он екі, бәрін бірдей санап шығуға кімнің дәті жетеді – құлақ шамдар есебінде, әрине, бас сүйектер. Ал шам түбі, астау астында салбыраған әшекейлер – түгелдей сәнімен тізілген ортан жіліктер. Жай ғана қыстыра салмаған: үстіңгі ілмегін сегізкөз, тізелік, бақайшақ, саусақ сүйектерімен өрнектеп, ұршықты бастарын төмен қарата, дөңгелете, доғалай тізбектеп бекіткен. Толқын-толқын, қабат, қатар, келісті сурет жасап, саудырап тұр. Биік күмбез астындағы, айттық, аумағы алты қанат орданың шаңырағынан да үлкен, алып, ғажайып люстраның астында, дәл астында емес, төменгі төрт тарабында – тізеден жоғары, шағын, ақ тақталы көк мәрмәр текшелер үстіне орнатылған, биіктігі кісі бойы қол созым, қырлы, шошақ төрт пирамида. Тайқы тақталары түгел, етектен ұшына дейін, әрине, қатарласа, бірінің үстіне бірі тігілген... үңірейген, ақиған бас сүйектер. Әрқайсысы аузына бір-бір қу жілік тістеген. Әлбетте, әр пирамиданың ұшында, түйінді әшекей ретінде, бір-бір қу бас тағы тұр.
Люстраны да, пирамиданы да айналып өтіп, төрге оздық. Сөйтсек, манадан бергі – ғибадатхананың алғы бөлігі, үлкен күмбездің кіре берісі ғана екен. Төр өз кезегінде тұйық үш тармақ болып шықты. Ең кереметі де осында. Үш тармақта үш келде-мұнара! Бізге ең жақын, етене құрылыс. Өзіңе қанша бұрсаң да, Еуропаның озық бітімін еріксіз мойындайды екенсің. Айттық қой мана. Біздікі – әдемілеп болса да, қиюластырып болса да, бірінің үстіне бірін үйіп, өнер үшін емес, үрей үшін тұрғызыла салған жабайы әрі өткінші нәрсе. Үлгі де емес, мұра да емес. Ал мынау – біріншіден, жел тимес, күн күймес, берік, бітеу, тас қабырға саясында тұр. Екіншіден, әйтеуір үйе салмаған. Және сіздікіндей жалаң бас сүйек қана емес. Бағзыда біздің Ақсақ – Әмір Темір құр ғана домалаған басты қанағат тұтпай, келде емес, мүрде-мұнара тұрғызуға талап еткенін айтып едік қой. Жақсы ниетін ақырына жеткізе алмаған. Ақылдың кемдігінен емес, заманның тарлығынан. Шабу, қирату – үздіксіз жорық, кенеусіз қырғыннан қолы босамаған. Келде-мұнараның бірінен соң бірін қызықтап, енді Тәңірі таумен теңесер ең үлкенін жасаймын деп, Қытайға қарай бет бұрған кезінде өзінің басы да... жаратушының қажетіне керек болып, бар мұрат орындалмай қалған ғой. Тіпті, Қытайды шапса да, алып мұнараның әлденеше мыңын жасаса да, өзі тым тәуір көрген христиан бауырларына жете алмас еді. Мәселе санда емес, сапада, көлемде емес, көрікте. Мінекиіңіз. Батыс жұртының жаңа тұрпатты келде-мұнарасы. Қу басың ғана емес, барлық жілігің кәдеге асқан. Бәлкім, құрылыс материалының жетімсіздігінен деп ойларсыз. Қателесесіз. Өзгеше қиял байлығынан. Және адам сүйегіне деген айрықша құрмет. Және ниет еткен іске деген ерекше ықылас, керек десеңіз, сүйіспеншілік. Енді ойланып, әділетке жүгініңіз. Сізде ғой, тек қана жұмыр бас. Жетпіс мың екен. Тоқсан, жүз мың екен. Ал енді қатар-қатар тізіп, қабат-қабатымен үйген көрінесіз. Несі қызық? Кісінің басы демесеңіз, көңіл тоқтар бедері жоқ, жалғыз-ақ суретті, бар айырмасы – үстіне көде шықпаған, кәдімгі төбешік. Ал, қорықты. Қорқа-қорқа батыр болып, өзіңіздің басыңызды, келде-мұнараға қаламай-ақ, доп қылып ойнады. Не шықты? Азиялық топастық деген осы. Ал Еуропа... О-о!.. Әуелі мұқият ойластырып, өзгеше құрылыстың ерекше жобасын бекітіп алады. Жұпыны, бітеу төбешік емес. Ішіне кісі кіріп отыруға болатын кең шатыр! Алты қырлы, толқыма, тайқы төбелі, бір есік, қос терезелі келде-мұнара. Рас, биіктігі күмбезбен таласпайды, төрт кісі бойындай ғана. Оның есесіне сән-салтанаты ерекше. Міне, қараңыз.
Әуелі бірыңғай қу бастан, бес есе қабатымен, орнықтылық және бедер үшін арасына тоқпақ жіліктер қыстырылып, берік ірге қаланады. Содан соң бірыңғай асық жіліктер. Нық ұстасып тұру үшін, асықты жағына омыртқа, мойын деген тәрізді қадірсіз мүшелер тығындалады. Осы ретпен оншақты қатар асық жілік. Енді өзіміздің үйреншікті қу бас. Екі қатар, үш қатар етіп, дөңгелетіп шығамыз. Бұдан соң ортан жілік. Өнер үлгісіндегі ең сыйлы мүшелерінің бірі. Ұршығы бар ғой. Сыртқа қарата, қатарластырып тізгенде, мың сан ақ түйме тәрізді, көздің жауын алады. Иә, бұл ортан жіліктің де орта тұсы ойыс, екінші ұштығы кеміс; осы, қалыпты тәртіп бойынша ішке түскен бөлік те жұқалтаң қабырға сүйектермен сыналанып, қажетті байламын табады. Міне, ортан жіліктің де оншақты қатары кетті. Бұдан соң тағы да ғазиз бас. Өстіп, әуелде сәл-пәл тайқы, содан соң ойыс, толқыма кепке түскен, есігі, терезесі қажетті қалыбына лайық, шатыр тұрпатты келде-мұнара өзінің жарасымды көркімен, қайталанбас көрініс, сыпатымен, адамзат тарихындағы тиесілі орнын табады.
Ал сіздің орын қайда? Қайран да қайран жетпіс мың, тоқсан мыңдар! Босқа рәсуа болған соншама мол дүние! Ал мынау – үшеуін қосқанда қырық мыңнан әрең асады екен. Небәрі. Әрқайсысы он үш мың бірдеңе жүз ғана. Рас, қу басқа мол үстеме бар. Он екі жілік түгел, омыртқа, қабыртқасымен қоса. Яғни, келде-мұнара емес, кісі-мұнара. Әттегене... деп ойлайсың, өз жағыңа тартып. Ақсақ Темір атамыздың әуелгі бағдары дұрыс екен. Дұрыс қана емес, озық. Екі мың кісіні тірідей қалап еді ғой. Азды-көпті азаптан соң бәрі де өлді. Ақыр өледі, егер тірі өлікті емес, шын өлікті қаласа. Демек, манағы жетпіс мың, тоқсан мың, жүз, екі жүз, үш жүз мың мүрдені сол қалпында бірінің үстіне бірін үйсе – күмбезді мұнараңыз не, күңіренген тау тұрғызуға болатын еді ғой. Қайыспас Иран – хақ дінді Испағанда. Мұсылман әулеті айрықша өсіп-өніп, көркейіп, күш алып, оңтүстік-шығыс атырапқа қанат жайып бара жатқан Пәнжаб, Синд, Ганг алқабында. Дін исламның сәулеті Бағдатта. Түрік-қыпшақ әлемінің ұлы ордасы қос Сарайда. Тұратын еді ғой, пәк дінді шәйіттердің ақсөңке сүйегінен үйілген, басына бұлт оранған, баурайынан қанды бұлақтар аққан, жер әлемде теңдесі жоқ, алып кісі-мұнаралар!.. Мың жыл бойы! Тұрмайтын еді. Мың жылыңыз не, бес... алты жүз жылға, яғни бүгінгі күнге де жетпесі анық. Өйткені... ашық аспан асты. Үгіледі, тозады, құм, топырақ басады. Ақыры, етегінен төбесіне дейін шөп шыққан тоқал төбеге айналады. Америкадағы үндістердің алып пирамидалары сияқты, бір заманда, біздің орнымызды басқан әлдебір жат жұрттың әуесқой археологтары қазып, аршып, зерттеп көреді, е-е, жабайылардың осындай рәсімі де болыпты деп, ешкім оқымайтын ғылыми журналдарында қызықсыз, сұрықсыз мақала жазады демесек, басқа ешқандай үміт жоқ. Керек десеңіз, бар кілтипан дүниенің көлемінде тұрған жоқ. Қанша зор шықса да, бастары төңкеріліп, қабыртқа, омыртқалары сөгіліп, бар сүйектері араласқан, бей-берекет, көріксіз үйінді. Тарихқа мағлұм, өзіңізге етене келде-мұнара дейсіз бе, әлде, қу бастар жетекшілік қызымет атқарып тұрғанымен, қалған мүшелер де қажетті орнын тапқан байлығына қарай, кісі-... “Костнице” еді ғой, сүйекханамыздың аты, көсте-мұнара деген жаңа атау шығарасыз ба, қайткенде де ақылы артық, өнері озық Батыс жұртының бітеу сарай ішіндегі сәнді сүйек-шатырлары озып тұр. Сырқат қиялдың ерекше көрінісі, шайтани өнердің озық туындысы.
Өткен тарихқа ойлана көз салсаңыз – бар кілтипан Ақсақ Темірге тірелмейді екен. Тым арыдан, Тақ Сүлейменнен басталған сәтсіздік. Аңыз бар ғой, астарында шындық жатқан. Құдыретті жүзік, шексіз билік иесі, жан-жануар, құрт-құмырсқаның тіліне дейін білген, он сегіз мың ғаламның әміршісі Тақ Сүлейменнің сұлу тоқалы дүниенің бар қызығына тойып бітіп, енді маған құс сүйегінен сәнді сарай салып бер деген ерекше назын айтады ғой. Басы айналған патша құп көреді. Мың сан құсты дәргейіне шақырып, бәрін де тұмсығынан матап, аяғынан тұсап, өзгеше құрылысқа дайындала бастайды. Ең соңғы сәтте түгендесе, байғыз ғана жоқ. Сүлейменнің жарлығы сөз емес деп, ін түбінде жатып қалыпты дейді. Шұғыл аттанған жасауылдар арқылы алдына келтіріп, іс мәнісін сұрағанда, даналықтың үлгісі танылған пайғамбарды жауаптан сүріндіреді ғой. Түйіп айтқанда, әйелдің тіліне ерген кісі патша тұрыпты, еркек емес, әйел есебінде деп. Тақ Сүлеймен сонда ғана ақылға түсіпті. Сүйек сарай салынбай қалған. (Аңыздың ақиқаттығына дәлел – матауға түспеген байғыздың тұмсығында тесік жоқ, ал тұсаудың шешілуін күтпей, тұра қашқан сабырсыз сауысқан әлі күнге қос аяқтап секектеп жүр!) Ақылгөй Сүлеймен сияқты босаңдығы жоқ, бар буыны берік, тіпті, оң тізесі мен оң шынтағы тұтаса өсіп, бірігіп кеткен қаһарлы Ақсақ Темір білгір байғыздың өзін екі бүктеп, қабырғаға қалап жіберер еді. Мың сан тірі кісімен салыстырғанда, не ол, даладағы құс деген. Не керек, қол басындай ғана, өнімсіз құс сүйегі емес, әрине, арыстай кісі сүйегінен сарай тұрғызып бер деп назданатын ерке тоқал ұшыраспаған.
Тек ажал сарайы ғана емес. Өліктің алпыс екі сүйегін түгел кәдеге жарату тарабында да біздің жұрт өлшеусіз артта қалыпты. Жалғыз Ақсақ Темір ғана емес, одан бұрынғы-соңғылар түгел. Үлкен бір мақтан – бас сүйекті үйе ме, көме ме, далаға тастамай, ара-тұра тікелей қолданысқа, пайдаға асырған ғой. Біздің осы орайдағы бір озығымыз, кейінде ежелгі Иранды қалпына келтірген шах Исмайыл қас дұшпан – жаулас патшаның төбе сүйегінен қымыз, айран, шалап ішетін тостаған жасатқан. Түбін күмістеп, кенересін алтындап. Бар болғаны сол-ақ. Жалғыз бас – жалғыз зат. Ал Еуропада, біз тамашалап отырған Костнице ғибадатхана-музейіндегі ғажайып қазыналар ішінде кісінің жалғыз қу басы емес, бар сүйегін кәдеге асырған неше түрлі қымбат бұйымдар бар. Мәселен, әулиелерге бағышталған рәсімді сияпат қойылатын ғибадат ыдысы кейпіндегі, қарымына құшақ жетпес, биіктігі кісі бойындай абажа мүкәмал. Түбі жамбас, жауырын қатарлы жайпақ сүйектерден құралып, дөңгелек тізелікпен айнала безендірілген; астау қуысы бейнелі, кенересін түгел шығармай, екі жақ шетінен бұрала иілген қос мүйіз түрінде жасапты: сегізкөз, ұршық, доғаланған жақ сүйектерден әсем өріліп, ең үстіне қу бас орнатылған. Ғибадат-ыдыстың түп ортасынан тіке көтерілген, сәнді тұрғы – асық жіліктер мен шабақ жіліктерді қабаттай байластыра келе, тағы да жақ сүйектермен бунақталған, бедерлі, көрнекі. Тұрғының үстінде – шапақты жарық дүние тұспалды, құрама, әшекей-айшық сұңғат: күніңіз – сірә, әлденеше мыңнан іріктелген, маңдайы кертпеш, төбесі теңкиген, шықшыты шығыңқы, тістері арсиған, үңгір танау, құрдым көзді, қауғадай, аппақ, қу бас; тарам-тарам ұзын сәуле – ортан жіліктер, кіші сәуле – шабақ жіліктер, арасындағы алау – сегізкөз сүйектер. Қанша тізбелесек те суретін түгендей алмадық, өзгеше мұраның бар қасиетін танып, сын-сыпатын аңдап, жан-жүрегіңмен сезіну үшін көзбен көру жеткіліксіз, тіпті, Ғайса мәсіх үмбеті болудың өзі ешқандай артықшылық бермесе керек, осындай, бізге күңгірт діни ұғымға жанас, ғибадат емес, тозақ ыдысын қалыптаған шебердің өзінің бас құрылымын байыптаңыз.
Осы музейдегі, заманында сол сабаздың қолынан шыққан, рәсімге қатысты, айбар-айдынды, үрейлі мүлік – жалғыз сый-табақ қана емес. Қайсысын айтып түбіне жетерсің. Біреуі ғана. Шарап ішетін бокал. Бокалдың өзінің үлкені. Ол да кісі бойынан биік. Әрине, ертегінің дию-перісі қолына ұстап көрмесе, нақты қажетке пайдалануға келмейді. Бірақ кәдімгі, бүгінгі қазаққа да таныс рюмканың өзі, тек өлшеусіз үлкені. Бар бітімі нақпа-нақ. Хрусталь, немесе шыны, иә күміс рюмкадан айырмасы – айтпаса да түсінікті, адам сүйегінен құралған. Түбі дөп-дөңгелек – тоқпақ жіліктердің жуан басын сыртқа қаратып, шыр айналдыра тізген, содан соң жамбастың қалақ сүйектерімен ортаға қарай дөңестей көтеріп бекіткен. Сегізкөз сағақ, ұршық өрнектер. Рюмканың қыпша белі – бір бума шабақ сүйек. Ыдыс қуысының асты – тағы да көрнекі сөгізкөз, аралығына ұршық сүйектер қыстырылған іркес-тіркес жамбас, ал қуыс ыдыстың сыртқы бітімі – жиналған кереге сағанағындай, дөңгелете, қатар-қатарымен бекітілген ортан жіліктер – көз тоқтатып санадым, бергі, кереге бетінде жиырмадан астам, яғни ұзын есебі елу-алпысқа тартады. Бокалымыздың кесім-өлшемін осыдан-ақ шамаларсыз. Ең жоғарыға – көлбей бекіген жіліктердің үстіне әлпетін сыртқа қаратып, тағы да қу бастар орнатылған. Композициялық тұрғыдан қарағанда, оқыс шешім, бокалдың реалистік суретіне сәл-пәл шәргез көрінуі мүмкін, есесіне тозақы дүниенің болмыс-бітімін айғақтай түседі. Шынында да, бар сүйекті үйіп-төксеңіз де, қу бастан тыс қандай қызық болуы мүмкін. Күмән қисынсыз екен. Қу бастар өз орнында тұр. Бергі жақтан бесеуін санадым. Бокалды жиектей көмкерген келісті бастардың жиын саны оншақты деген сөз. Қатырып жіберіпті қасқаң!
Иә, айтпақшы, жаңағы сый-табақ та, мына алып бокал да белге тақау тұғыр үстінде, ғибадатхана қабырғасындағы арнайы, ойық қуыстарға қойылған. Доғал төбе, биік, енді, кең ойықтың екі жақтауы мен маңдайшасы, әлбетте, түгел бас сүйекпен көмкерілген. Қос жақтауда – айқасқан қос жілік тістеп, бірінің үстіне бірі мінгескен, маңдайша да сол ретпен қатарластыра тізілген. Тек арнайы қуыстар ғана емес, костел ішіндегі арқалық, иін, есік атаулы осындай жүздеген қу баспен безендірілген. Өзгеше сән, есте қалар өрнек. Мінсіз сурет. Тек жаңағы, бокал қуысын жиектеген тізбеде, маңдайшадағы екі бастың, оң жақ қапталдағы бір бастың аузындағы жіліктері түгел емес екен. Сірә, ертеректе түскен, қайта орнатар епті маман жоқ, немесе, басқа бір тұстағы өңдеу, қалыптау жұмыстарынан қолы босамай жатыр. Біз байқаған бар кінәрат – осы ғана, әйтпесе, келде-ғибадатхананың бүкіл болмысы, ондағы барлық құрылым, заттық дүние – көрік-әспеті түгел қаз-қалпында, мінсіз жасалған, тамаша сақталған.
Иә, бәрібір біздің келде-мұнараға қарымы жетпейді деп отырсыз. Жеткенде қандай. Асып кетеді дедік. Оған – манадан бергінің бәрін есепке қоспағанда, жалғыз-ақ дәлел айту жеткілікті.
Сіздің баяғы тоқсан мыңдық, жүз мыңдық мұнара-төбешіктеріңіз мұсылман қауымына деген өшпенділіктің көрінісі десек те, негізгі мақсат – өз патшалығының өмірлік өрісін кеңейту, тақау төңіректі әлсірету арқылы болашақ ұрпағының мәңгілік салтанатын қамтамасыз ету болатын. Ал мына, сіз олқы санап тұрған қырық мың... қастасқан жау емес, алыс, жақын, іргелес жат емес, өз жұрты, өз қауымы. Және сүйегін құрылысқа пайдалану үшін арнайы өлтірілген бір жан жоқ. Соғыс емес, бейбіт күнде, бұрын, баяғыда дүниеден көшкен, етінен арып, сүйегі ғана қалған марқұмдардың қу бас, қураған жіліктері. Енді іс мәнісін толық аңдау үшін азғана тарих айтуға тура келеді.
Он үшінші ғасыр екен. Тіпті, нақты уақыты белгілі – 1278 жыл. Сіздің дәуірлеп, аспандап тұрған кезіңіз. Осыдан қырық жыл бұрын Бату хан негіздеген Қыпшақ ұлысы – атақты Алтын Орда жарым әлемнің тетігін ұстап отыр. Және шырқау биігі алда. Міне, дәл осы кезде, жер шұқыған, төменшік Еуропада, христиан жұртының жиын ортасы, бұлыңғыр қоныста жұпыны тіршілік жасап жатқан әлдебір діндар монах өз патшасының алқауымен, Палестинаға тәуап ете барыпты. Негізгі мақсаты – Ғайса мәсіх айқыш бағанға шегеленген Голгофа қыратынан бір дорба топырақ алып қайтады. Бұл киелі топырақ тап қазір Костнице музейі тұрған және тақау маңдағы әжептәуір жерге шашылып таратылады. Яғни, бұл төңірек те қасиетті аймақ есебіне енді. Өткендегі барлық әулие атына бағыстап, арнайы ғибадатхана салынады. Бұдан былай қолы жеткендер түгел осы араға жерлене бастайды. Мәйіттерді, тіпті, Германиядан, Бельгиядан, Польша мен Моравиядан әкеліп қояды. “Барлық әулие” костелінің іргесі – атақты, әспетті зиратқа айналыпты. Арада көп заман өтпей, Еуропаны оба жайласын. Бір ғана 1318 жылы нысаналы зиратқа отыз мың кісі қойылыпты. Бұдан соңғы, апаттан тыс, бейбіт күндерде де, әрине, өлім-жітім болмай тұрмайды. Уақыт озған сайын зират тығыздала береді. Ақыры, XV ғасырдың басында, гусит соғыстары кезінде тағы да мол “өнім” түседі. Азаттық, өждан жолында жан қиған қастерлі кісілердің мәйітін көмуге жер жетпейді де, киелі топырақтағы бұрынғы, ескі қабірлер тегіс тазартылып, барлық сүйек ғибадатхана ішіне әкеліп үйіледі. Кейін қажетті істе кәдеге асқан қырық мыңыңыз – осы. Қалай кәдеге асты десеңіз... Әуелде осының бәрі бейкүнә жағдайда басталса керек. Соңғы қырғыннан соң, арада тоқсан жыл өткенде, әлдебір соқыр монах ғибадатхана ішінде нөпір болып, бей-берекет жатқан сүйектерді ретке келтіре бастапты. Араларын тазартып, алты бөлек үйіншек жасайды. Сірә, басы да, басқасы да аралас. Бұл – 1511 жыл. Ақсақ Темір өткелі бір ғасыр. Көзі тірісінде жер әлемді дабылдатқан. Атақ-даңқы Еуропаны көктей өткен. Уақыт озған сайын дабырасы өсе берген. Жай ғана жиһангер емес. Мұсылман жұртының қас дұшпаны, христиан патшаларының одақтасы. Жаратқанның жарлығымен, Ғайса мәсіх әулетінің бақытына туған, өзгеше бір жан. Бүкіл Еуропаға мағлұм. Дін жолындағы қауымға болса болмаса. Сайыпқыран Тамерлан сарациндердің басынан тұрғызған келде-мұнаралар жайы да қаз-қалпында жетті. Тосын емес, әдепкі ақпарат. Бірақ соқыр сопы ақсақ патшаның өзгеше құрылыс жобасын басшылыққа алды ма, әлде аткөпір үйілген сүйекті, арасынан жүріп-тұрар жол қалдырып, реттеп жинамақ болды ма – бұл жағын тап басып айту қиын. Ал кейінде, XІX ғасырда осы аймақты иелігіне көшірген ірі феодал – Аустро-Венгрия империясындағы текті әулеттердің бірінің тұяғы, ата-бабасы түріктермен соғыста абырой тапқан алпауыт кнәз Карл Шварценберг – бәлкім, тіпті, университет бітірген, қайткенде де арғы-бергі тарихты тәуір таныған, сауатты, білімдар кісі болғаны күмәнсіз. Бұл заманда Еуропада Тамерлан турасында қаншама әдебиет бар. Роман, драма, трагедия, тарихи зерттеулер. Келде-мұнара жайы да көпке мәлім. Яғни, Карл Шварценберг жақсы хабардар. Сөз жоқ. Анық. Енді, өз жері, өз иелігіндегі ғибадатхана ішінде тұрған, өз ғұзырындағы қаншама қу сүйекті көргенде... Әрине, қуанып кеткен. Дұрыстап, қайтадан үюге ниет қылған. Ежелгі үлгі бойынша және мүлде басқаша. Жетілген, жаңа құрылым. Жабайы пирамида емес, сәнді шатыр түрінде. Қу баспен қатар, бар сүйекті пайдаланып... Еуропа тарихындағы бетбұрыс – 1870 жыл екен. Дәл сол жылы жауынгер Пруссия боркемік Францияны талқандап, бүкіл Германияны біріктіруге жол ашқан. Кнәз Шварценберг бодандығында тұрған, ол да неміс билігіндегі Аустро-Венгрия империясы кемеліне келген. Алда... айналасы жетпіс жыл орайында қасап-қырғын екі дүниежүзілік соғыс тұр.
Карл Шварценберг, әрине, мұның бәрін білмейді. Бірақ болашақтың бар лебі – жүйке-жүрегінде, талшық-тамырында. Әзірше сыртқа лықып шықпаған. Бүгінгісі – ермек. Қызыққа құмарлық. Тамашаға әуестік. Қиялдың байлығы жетелеген. Сөз жоқ, барлық жоба, жоспарды өзі жасады. Көп бөгелмей іске кіріскен. Іздестіре, сұрастыра жүріп, тақау төңіректегі Ческе-Скалице қаласынан Франтишек Ринт деген атақты ағаш ұстасын алғызады. Біз атап, айтып тауыса алмаған барлық ғажайып мүкәмал осы нар қасқаның қолынан шыққан. Өзі бастап, бала-шағасы, әулетімен қосылып, тынымсыз еңбектенген көрінеді. Зейнеті кейінгіге мирас қалған. Әрине, сүйектен түйін түйген шеберге дау жоқ, бірақ бар жұмыстың бас конструкторы және орындатушы ғана емес, нұсқаушы жетекшісі, мал иесі – Карл Шварценберг. Әйтпесе, кәдімгі ағаш ұстасы сүйек сарайлар жөнін қайдан білсін. Шабытты жұмыс үстінде жаңа мамандық табады. Жүктелген міндетті ойдағыдан асыра орындап шыққан. Айттық, бар мұрасын санап түгессек те, сыпаттап жеткізе алмас едік. Десе де, бұл тараптағы оқшау бір үлгі – Шварценберг әулетінің тұтас бір қабырға – екі есіктей жерді алып тұрған әйдік гербін атамай кету обал. Әлбетте, бар сыпатын түгендеу мүмкін емес. Бұл өзгеше өрнек-таңбада қу бас, он екі жілік, омыртқа, қабыртқа ғана емес, аяқ пен қолдың бақайшақ сүйектеріне дейін пайдаға асырыпты. Қажеттіліктен, жұмыстың күрделі әрі нәзік бітімінен ғана емес. Адам сүйегіндегі барлық мүше қолданылуға тиіс деген пәрмен бойынша. Жалғыз-ақ кісінің қаңқасы деп ойламаңыз. Төңірегі жамбас қалағымен әшекейленген, көрнекі қу бастың өзі төртеу, қалған жіліктер мен мүшелер ондап саналса керек. Алайда әрқилы, соншама сүйек ең үстіне айшықты тәж орнатылған, асты қос жүрекше кейпіндегі айдынды, әсем герб ретінде біртұтас шешім тапқан. Герман нәсілі бел ортасынан орын алған болашақ ұлы соғыстардың нақты тұспал бейнесі дерлік.
Уһ!.. Тұтас төрт тәулік ауыр азап үстінде келде-мұнараның да, көсте-мұнараның да сыртқы сұлбасын долбарлап бітсек керек. Соңғы түйін? Осының бәрін тәптіштеп жазудағы мақсат? Адам қолымен адам сүйегінен қаланған тозақы құрылыстарды өзара шендестіру ме, әлде өткен тарихқа үкім бе? Қайсысы болса да мәнсіз. Қағаз жүзіндегі бүгінгі байыбымызды айтамын. Ал бағзыдағы, іс жүзіндегі, нақты болмысымызға келсек...
Келде-мұнараның бас архитекторы, құбақан текті Ақсақ-Темір тақау төңірегіндегі қандас бауырын, дін қарындасты жалмады. Жан құмары – кімдікі болса да, тірі бас екен. Домалатып шапты, төбе қылып үйді. Ал осы бір іс – қан төгу дәстүрін түбегейлі жүргізген, өткенді жаңғыртып, жаңаны қалыптаған бүкіл ақ жүзді қауым қос Американы, Мұхитстанды, өздері өсіп-өнген Еуропаны – жер әлемді қу басқа толтырды. Келде-мұнараның нақты бітімі көз алдыңызда тұру-тұрмауы – өлшем емес екен. Жүздеген миллион қу бас – шашылып, көміліп жатса да, бар мұнарадан биік. Жер әлемдегі ақ нәсіл жасаған ең зор, ең тиянақты іс. Жендет жиһангерлік, басқа бір дін, бөтен қауым, жат жұртқа өшпенділік қана емес. Санадағы сырқат. Адам атаулыға қастандық. Әуелгі келде-мұнара кейінгі жаппай қырғынға ұласты. Ақыр түбі ғаламат қуатты өлім қаруларына жалғасты. Жақынға құрған тұзақ – мықтының өзінің мойнына түсті. Келде-мұнараның үлкені алда. Бір халық, бір діннің үмбеттері емес, бүкіл адамзат – жер басып жүрген барлық жұрттың бас сүйектерінен үйілетін, мысыр перғауындарының тастан тау тұрғызған молаларының өзі шендесе алмайтын, ғаламат ескерткіш. Қуанып, мерейі өсетін куәсі де жоқ, құрбандығы ғана емес, жендеті де түнекке бататын ең соңғы ескерткіш. Келде-мұнараның ең зоры – әзірше қалыпты шеңберімен айналып тұрған, енді бес жүз жыл тұрары неғайбыл, ақыр түбінде тамыры құрғап, бар терісі сыпырылып, қу қаңқасы ғана қалатын, әзірше біз жер шары деп атап отырған алып бас сүйек екен!
Қайран Ақсақ Темір!.. Шынымен-ақ ең үлкен келде-мұнараны сарғая сағынып, тағы бес жүз жыл күту керек пе? Күні кешегі XX ғасырда тусаң ғой. Өзің бар болашағын қамтамасыз етіп кеткен Орыс елінің дарақы патшасы Никита Хрущевтің орнында тұрсаң ғой. Кейін Кариб дағдарысы атанған тайталас кезінде қара жәшіктің қызыл тетігін ойланбай-ақ басатын едің-ау. Жарты сағат өтпей, бүкіл Еуропаны, арғы Американы қаптай басқан атом-мұнаралар! Төрт-бес минуттан соң – бүкіл Еуразия – ұлы орыс халқы желкелеген Советтер Одағы! Баяғы Сивастағы тірі мола, Исфизардағы тірі мұнара, Испағанда, Бағдатта, Сарайда, Делиде тау болып үйілген келделер астар емес. От-жалын, күл-топырақ, о дүниедегі тозақтың өзін өртеп жіберетін алапат жарылыс... Айналасы бір сағат өтпей, жер бетіндегі тіршілік тоқталады. Әрине, сен жетпіс қабат болат бункерде отырып, аман қаласың. Жалғыз өзің! Міне, жер-жиһанның бірден-бір және ғұмырлық жалғыз патшасы болып шықтың! Әп-сәтте бар мұратың орнына келді. Жүз қала емес. Мыңдаған кісі емес. Мыңдаған қала, миллиондаған... емес, миллиард – төрт миллиард халық тіл тартпай кетті. Қанды ма құмарың? Тойдың ба үйтілген, тозаңы да қалмаған төрт миллиард басқа? Жоқ. Бір сәттік қана масаттық. Жарты күндік қанағат. Тағы, тағы да құрбандық тілейді ындыны құрыған, мұхиттап қан ішсе де тоят таппас, тежеусіз аран. Ешқандай күмәнсіз. Бірақ... Ажалға байлайтын ешкім жоқ. Жер үсті тып-тыйпыл. Жер астында жалғыз өзі. Не істемек керек? Мыйы қайнап, аяқ-қолы сырқырап, іші толып барады... Шын трагедия осы емес пе? Ұлы жиһангер жұмыссыз қалды!.. Енді өткен төрт миллиардтың қайғысы емес, әлі тумаған, ешқашан тумайтын, келесі ғасыр соңында тоғыз, он, арыда он бес-жиырма миллиардқа жетуге мүмкін, бірақ ешқашан қолға түспес құрбандардың қайғысынан құса болып өлгеннен басқа не қалды!?
Ендеше... мен жеңілдім. Манадан бергі, қиналып құраған қаншама сөз теріске шықты. Бар халықта, бар заманда, бар істе... біріншілердің біріншісі, биіктердің биігі – Ақсақ Темір екен! Біз соншама ежіктеген келде-мұнара тұрғысынан ғана емес. Қайда қалмаған тоқсан мың бас. Адамзаттың болашағын айқындау тарабынан. Иә. Бүгінгі болмысыңыз, бар тарихыңыз – бұдан алты жүз жыл бұрын Ақсақ Темір қалыптап, бекітіп кеткен жөн-жобаның нақты көрінісі. Жалғыз сіз емес, бүкіл адамзат тарихы. Яғни, аналардың үстем, сіздің мүскін жағдай. Осыны нақты байыптасаңыз, Әмір Темірге деген құрметіңіз де күн санап арта түспек. Және біздің өткендегі келде-мұнара ғана емес, келешектегі көсте-мұнараларымыздың да бар жұрттан озып шығарына күмәніңіз қалмайды.
2005 жыл, «Жұлдыз» журналы.