Жамбыл облысы Жуалы ауданында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай тұлғаның әдеб...
Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)
Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым.
Дауылдан кейін
Адам өмірі күтпеген тосын жайттарға толы ғой. Өмір болған соң оның жағымды тұсы да, жағымсыз сәті де кездесіп жатады. Менің өмірімдегі осындай күтпеген жәйттердің бірі былай болған еді.
Бір күні әдеттегі коллегиядағы жиналыс кезінде Болат Абдрахманович Баекенов орнынан тұрып:
- Міне, Назарбаевтың шешімі. Сәт Тоқпақбаев Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды, – деді.
Менімен ешкім алдын-ала сөйлескен емес. Ең болмаса осы қалай болады екен-ау деп ақылдасып, шет жағасын сездірген де емес еді. Сөйтіп мен аяқ-астынан Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары болып шыға келдім.
Бұл бейсенбі күні болатын. Баекеновке айттым:
- Қызметімді, істерімді тапсырып, дүйсенбі күні келейін жұмысқа, – дедім.
Дүйсенбі жұмысқа келсем Болат Абдрахманович Баекенов жоқ орнында.
- Қайда кетті? – деп хатшы қыздан сұрадым.
- Іссапарға кетіп қалған, – дейді.
- Жақсы, – дедім де жұртты жиып, бәріне өзімді таныстырдым.
- Болат Абдрахманович Баекенов жоқ, сондықтан өзімді-өзім таныстыруға мәжбүрмін деп аты-жөнімді, шен-шекпенімді айтып өттім.
-Әрқайсысыңмен жеке-жеке сөйлесемін, не шаруа тындырып жүргендеріңді айтасыңдар, бәрің де осы кездесуге дайын болыңыздар. Оперативті обстановка жөнінде анықтама қағаз болсын, қазір бірер сағаттан кейін шақыртамын дедім. Аға меңгерушінің жұмысына дейін танысамын,- дедім.
Күнде таңғы сегіз болар-болмастан жұмысқа кірісіп жүрдім. Сөйтіп, үш айға жетер-жетпес уақытта барлығық қызметкерлермен түгелдей танысып шықтым. Кімнің немен айналасатыны, қандай лауазымда, негізгі міндеті не, тіпті отбасы жағдайына дейін, жеке парағын, барлығын-барлығын қарап, егжей-тегжейлі біліп, әрқайсысымен жеке-дара кездесіп, етене таныстым.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті, ол кезде уақытша Төраға Б.А.Баекенов болатын, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылдық.
Бұл жерде «қайта құрылдық» деген сөз айтуға ғана жеңіл. Әйтсе-дағы негізі бұрынғыдай болғанымен, көптеген шарттары, жүйесі қызметтік базасы мүлдем жаңадан құрылған комитеттің ең әуелі қызметтік ережесін бекітіп алу керек болды. Жаңадан ереже жаздық. Ол құжатты көптеген заңгерлер мен лауазым иелерімен ақылдасып, заңдылық жағын, конституцияға сай баптарын түгелдей жаңадан құрдық. Көп ұзамай комитеттің қызметтік ережесі дайын болды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі реформа мұнымен ғана тынбайды. Президент аппаратымен келісіп, маман кадрларды іріктеу әрі облыстық басқармаларға бастық дайындау ісі өте күрделі, әрі аса іждаһатты шаруа еді. Күні-түні уақытпен санаспай қадалып отыруға тура келді. Көп кісілердің тағдырын ақылдасып шештік. Біраз кісілерді уақыттың сынына, тәуелсіз мемлекеттің реформасына сай емес деп қызметінен босаттық.
Әйтеуір қай жерде жүрсем-дағы өз міндетімді адал атқаруға тырыстым. Адам тағдырына өте мұқият қарадым.
Тағы бір айта кететін мәселе – агентуралық жедел жұмыс жайында. Бұл жұмыс көне заманда мемлекетпен бірге туып, бірге өсіп келе жатқан қызмет. Қай заманда, қай мемлекетте болсын сол елдің арнаулы органдарының барлығы оперативтік жұмысты құпия және жасырын жүргізеді. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ең сенімді арнаулы органы, Коммунистік партияның қол шоқпары Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті болатын (КГБ).
Кеңес империясы құлағаннан кейін еліміз Тәуелсіздік алып, құқықтық, демократиялық Қазақстан Республикасы құрылды. Осымен қатар бұрынғы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің орнына өз халқын қастерлейтін, қадірлейтін, елін, жерін, Отанын қорғайтын, заңды бұлжытпай орындайтын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік комитеті құрылды.
Менің алғашқы жасаған сарабдал жұмысым – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің агентуралық оперативтік жұмысының орындалу Инструкциясы болды.
Сол Инструкция осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік комитетінің қолданысында жүр.
Бұл жұмыс өте жауапты және өте маңызды болды. Себебі, онда тарихта алғаш рет коммунистік жүйе ыдырап, демократиялық Тәуелсіз мемлекет құрылды және осы мемлекеттің арнаулы құқықтық органы - Ұлттық қауіпсіздік комитеті енді қалай жедел оперативтік қызмет жүргізу керектігін талдап, айтып бердім.
Көп ұзамай Президенттің арнайы Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып тағайындалдым.
Кадр мәселесі қиындап кеткені шындық еді. Көп қызметкерлер бұрынғы тарихи отаны – Ресейге кетіп қалды. Өзіміздің мамандар әлі ысылып, қалыпқа түскен жоқ. Тәжірибесі жетіспейді енді не істеу керек. Ойланып-ойланып тапқанымыз білікті мамандар даярлайтын оқу орнын ашуды жөн көрдік.
Сонымен өзім бастап, жоғарғы лауазымда отырған кісілер қолдап Академияны құрдық. Академияны құрғанмен, жетіспейтін дүниелер өте көп болды. Әсіресе білікті оқытушылар жетіспеді. Мұның үстіне оқу жабдықтарынан бастап, оқу базасы, мұғалімдер құрамы, оқу бөлімдеріне арналған құрылымдар мен құралдар және басқалары жетпейтін еді. Ештеңе болмады. Дегенмен, «көш жүре түзеледі» демекші ақырындап бәрі орнына келе бастады. Келешекте керемет оқу орны болатынына нық сендім. Бүгінде бұл академия Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің белді оқу ордасына айналды.
Ресейдегі әріптестеріммен жақсы қарым-қатынас орната бастадым.
Евгений Максимович Примаков Ресейдің барлауын басқаратын. Ол кісі атақты академик. Ресейге белгілі адам еді. Обалы нешік біз сіздердің қызметкерлеріңізді тегін оқытамыз деп, ұсыныстарымды қабыл алды.
Өзімізде, оқу орны болмағандықтан барлаушыларымызды Ресейде оқытуға бел будық. Оның үстіне жасалған келесі жақсы жағдайдың бірі – оқу тегін болды.
Сергей Вадимович Степашин есімді кісі Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің бастығы болды. Ол уақытта Ресейді Борис Николаевич Ельцин басқаратын. Жиі-жиі Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің басшыларымен кездесулерін өткізіп тұратын. Сондай кездесуге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың делегациясына қосылып бара жатып, сол кісінің рұқсатымен С.Степашинмен кездесуге бұрылдым. Мен келгенше ол кісі өзінің басшы қызметкерлерін жиып қойыпты. Бұл дегеніңіз көрші жатқан Қазақстанға, оның Президенті Назарбаевқа деген сыйластығының белгісі еді. Осы кездесуде барлық мәселені шештік.
Біздің біраз кандидаттарды Ресей оқытып шығарды. Оларға, әскери қарсы барлау оқу орнына көп кісі жіберетін едік. Қаражат төлейміз, дегенмен олардың көмегі де аз болмады. Егер олар оқытпаса – тәуелсіздік алған жас мемлекет маман қызметкерлерімізді даярлай алмас еді.
Сөйтіп Ресей қауіпсіздік қызметімен қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Бұл біздің еліміз үшін, жеріміз үшін маңызы зор мәселе еді.
Осы естелікті жазып отырып, өткен өмірге көз жүгіртіп Кеңес Одағының құлағанын, тәуелсіз жас мемлекеттердің қаз тұра бастағандағы қиындықтарын, оларды қалай шеше бастағанымыз бүгін айтқанда ертегі сияқты. Сол заманнан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де тағдырыма шексіз алғысымды білдіре отырып тар жол тайғақ кешудегі достарыма ризашылығымды білдіре кеткім келеді. Ресейдің атақты мемлекет қайраткерлері Евгений Максимович Примаков және Сергей Владимирович Степашинмен екі елдің тәуелсіздігіне байланысты әрбір істі, жағдайды бір-бірімізге хабарласып әуелі ақылдасып алатынбыз.
Содан соң мәселені Мемлекет басшыларының деңгейіне жеткізбей өзара келісіп шешіп отырдық. Олар Ресей басшысына, мен Қазақстанның Елбасына бірден жеткізбей, мәселені шешіп алған соң барып Президенттерге баяндайтын едік.
1994 жылы мен алдыңғы қатарлы арнаулы органдардың басшыларымен жолықтым. Ресей, Қытай, АҚШ, Германия елдеріне болдым. Ол елдерге баруымның себебі – бұрын біз кеңес одағының ішінде болдық. Шет мемлекеттер ол уақытта тек кеңес одағын ғана білетін. Бір сөзбен айтқанда сондағы әріптестермен кездесіп, қазақ деген ел, қазақ деген халық бар екенідігін, сол халықтың атындағы мемлекет екендігімізді, ол мемлекеттің жаңадан құрылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бар екендігін таныту мақсатымен барған болатынмын.
Алдыменен көрші Ресей Федерациясында болып арнаулы органдардың басшылары Евгений Максимович Примаковпен және Сергей Вадимович Степашинмен кезесіп, барлық мәселелерді шештік.
Содан кейін Қытай Халық Республикасында болып, бұрынғы Ішкі Істер Министрлігінен бөлініп жаңадан құрылған Қауіпсіздік Минстрлігінің басшысымен кездесіп біраз мәселелерді талқылап, келістік.
Сосын АҚШ-тағы Орталық Барлау басқармасында болдым. Ол уақытта бұл органның басшысы доктор Вулсий деген кісі болды. Ол кісі қуана қарсы алды. Екінші қабатта кездесетін зал бар екен. Сонда кездестік. Сол жерде алып барған сыйымды бердім. Доктор Вулсийдің суреті басылған кілемше еді. Алматы кілем зауытында тоқылған 1 метрдей кілем еді.
- Біз Америкаға қарсы барлау жұмысын жүргізбейміз, сондықтан сіздің түріңіз келе ме, келмей ме білмейміз, – дедім.
Сонымен қатар, басына тымақ кигізіп, қолына қамшы ұстаттым. Қамшыны біздегі биліктің белгісі, қатаң тәртіптің айнасы дедім. Біз үшін бастысы – қатаң тәртіп деп қамшыны сыйладым.
Риза болды. Содан танысып, білісіп кеттік.
- Рахмет, ескеріп жүремін, – деп ризалығын білдіріп жатты.
Мен де разылығымды танытып:
- Мен бақытты жандардың бірімін. Мені коммунистік жүйе тәрбиелеген. Қатаң тәртіптің не екенін көріп өстік. Сол коммунистік жүйенің Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде талай жылдар қызмет еттім. Талай жылдар маңдай терімді аямай төктім. Біздің ең басты алға қойған мақсатымыз – АҚШ-тың мың қатпарлы, мың құлыптың астындағы Орталық Барлау мекемесіне кіру еді. Ондай қаһарлы мекемеге шетелдің ешқандай азаматы бас сұға алмайтын. Тіл табысу былай тұрсын, сөйлесудің өзі мұң болатын. Тісі батпайтын. Міне осындай арман болған мақсатым бүгінде орындалды. Меже тұтқан асуыма шықтым, – дедім қалжыңдап.
– Сіздерге қазақтың қандай ел, қандай халық екенін айтып берейін. Сіздер сол Қазақстанда барлау жұмысын жүргізетін кісілеріңізді шақырыңыз. Аздап брифинг өткізейік деп өз ойымды білдірдім.
Олар:
- Жоқ, біз Қазақстанға қарсы жұмыс істемейміз, – деді жуып-шайып.
- Қазақстан деген үлкен байтақ ел. Шығыстан батысқа дейін 3000 км, оңтүстіктен солтүстікке дейін 2500 км алады. Байлық – жердің астында да, үстінде де жетеді. Солтүстігімізде Сібір, оңтүстігімізде субтропикалық климат. Өспейтін жеміс жоқ.
Жердің астында болса – Менделеевтің таблицасы түгел бар. Сондай жерді біздің бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалды. Аямай бар күштерін салды. Бірақ сондай ұланғайыр жерде біздің халқымыздың саны аз. Барлығы 16 миллион дедім.
Біздің халықтың ерекшелігі – жомарттығында жатыр. Бұрындары бабаларымыз алыс шалғайға сапар шеккенде өзімен ас-ауқат алып жүрмеген. Бұл жомарттықтың тағы бір дәлелі – қазақтар танымайтын адам үйіне келсе құдайы қонақ деп соңғы асына дейін соған береді. Бұл біздің ғасырдан ғасырға көшіп келе жатқан салтымыз.
Ал Тайгада күн суық. Күн суықтығынан өліп қалмас үшін күрке салады. Ол күркеге келесі соққан жолаушыға керек болар деп шырпы, тұз тастап кетеді. Соны жағып жылынады. Сөйтіп өмір сүрген. Ал бізде қазақта баяғыдан тарлық жоқ. Халқымыз қашанда кеңқол, меймандос болған.
Екінші жағынан: ертеде Спарта деген ел болған. Олар елін жақсарту үшін кішкентай баланы өмірге келгенде тексерістен өткізеді, егер денсаулығы нашар болса – Тайгет деген таудың үстіне шығып сол жерден төменге лақтырып өлтіретін болған. Ал қазақтарда ондай жантүршігерлік тәсіл, ғұрып тұрмақ, жағдаят та кездеспейді. Қазақтар қашаннан көшпелі халық. Көшпелі тіршіліктің тылсым қырларымен таныс халық. Көшпелі өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, өмірдің қиын белестерімен кішкентайынан күресе білетін халық.
Қазақтар киіз үйді дөңгелетіп, табиғаттың суық, ыстығына қарамастан сонда ғұмырын өткізген. Осы қасиетті қарашаңырақтың ыстық-суығына төзбегендері өздері өмірден озатын болған. Киіз үй – өмір өлшемі болған. Өмір үшін күрес философиясы осында жатыр, мінекей. Тәңірі өзі әлсіз пенделерін алып кетіп жатқан. Сондықтан қазақтар барлық жағынан мықты болған.
Үшіншіден: бізде қан араласып кетпеуі үшін әр қазақ өзінің жеті атасын білуі шарт болған. Жеті атаны білудегі басты мақсат – қаны жақындардың өзара неке құруынан аман алып қалу. Егер қаны жақындар үйленеген жағдайда – дүниеге келетін сәбидің денсаулығы нашар болады, кемтар болып туылады.
Мәселен, кей ұлтта осы ген тазалығы сақталмағандықтан түрлі қорқынышты құбылыстар орын алып жатады. Осындайға жол бермеу үшін жеті атаны есептеп отырған.
Соған қоса, қазақ міндетті түрде ақсақалдың сөзіне құлақ асады. Кәрияның сақалының ақ болуы шарт емес, жасы егде кісіні біз жазып қойған хатқа теңеп, әр кез сол адамның кеңесіне құлақ қойып отырамыз. Сондықтан ендігі жерде сіздер Қазақстанға жасы үлкен кісіні барлаушы етіп жіберіңіздер сонда үй де ашылады, сейф те ашылады деп қалжыңдағаным бар еді.
Одан кейін әлгі кісілерді Қазақстанға шақырдық. Алматыға келді. Оны Алматының түбінде Көлсай деген жерге апарып, демалдырып, ас-ауқат беріп күттік. Тікұшақпен жеттік.
Американдықпен кездесулер осылай өткен еді.
1995 жылдың аяғында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:
- Президенттік күзет қызметін жақсылап құратын адам тауып бер, – деп бұйрық берді.
Ары іздеп, бері іздеп дұрыс кандидат таппаған соң:
- Дұрыс кандидат таба алмадым, мүмкін болса – маған ерік беріңіз, өзім сізге дұрыс күзет құрып берейін, – дедім шынымды айтып.
- Сенің орныңа кімді қоямыз? – деді.
Сонымен не керек, ары іздеп, бері іздеп менің орныма бірінші орынбасарым Жеңісбек Жұманбековті қоятын болдық. Жарлық шығарылды. Елбасы тапсырмасы маған тапсырылды.
- Сен енді бүкіл оперативті құрамыңды жина, Жарлықты оқы. Қайда ауысатыныңды, орныңа Жұманбековтың болатынын оқып бер, – деді.
Өстіп басқа қызметке ауысып кеттім.
(жалғасы бар)
Сәт Тоқпақбаев