ТҰРСЫНЖАН ШАПАЙ(«Сен мені не етесің?»)Ғалым ДоскенгеАбай шығармашылығында сыртқы қалыбы...
Лев Толстой. Соңғы тұрақ
Толстойдың «Много личеловеку земли нужно» деген шығармасын оқып, қатты әсерлендім. Бұл әңгіме - өткінші өмірдің сағымына еріп, ақиқаттан жеріп сандалған талай адамға сабақ боларлықтай ғибратты әңгіме. Тұшынып оқып, түсіне білгенге әңгімедегі Пахомның өмірі, түсінігі мен әрекеттері, оның жарық күнде Хақ нұрынан ғапыл қалып, сағым қууы талайымыздың өмірімізге ұқсайды. Ойлы оқырман, өзіме әсер еткен соң, саған да игі әсері тиер деген ниетпен әңгімені қазақ тіліне аудардым.
Кең жердегі таршылықтан , тар жердегі кеңшілік артық.
Аудармашыдан
Әпкесі ауылда тұратын сіңлісіне қонаққа келді. Бұл әпкесі қалалық саудагердің, сіңлісі ауылдағы шаруаның жары еді. Шай үстінде апалы-сіңлілі екеуі әңгіме саулатты. Әпкесі менменсіп, қаланың өмірін мақтады. Ол қалай еркін, таза өмір сүретінін, балаларының сәнді киінетінін, тәтті тағамдар, қыдыру, сырғанау, театрға барудың қызығын айтып желпінді.
Мына сөздер сіңлісіне ауыр тиіп, ол саудагердің өмірін жамандап, шаруаның өмірін мақтай бастады.
– Мен, деді ол, – өз өмірімді сенің өміріңнен артық көрем.Қызыққа малынбасақ та, қорқыныштан адамыз. Саудагер бүгін байығанмен, ертең қайыр сұрап қалуы да мүмкін. Ал шаруаның өмірі айқын: бай емеспіз, ешбір адамға мұқтаж да емеспіз. Қарнымыз тоқ.
Әпкесі:
Шошқа мен мал біткеннің арасындағы тоқтығың кімге керек.Жинақылық, тазалықтан жұрдайсыңдар. Қанша еңбектенсең де тезектен арылмайсың. Балаларыңның көретіні де сол ғана, – деді
– Иә, – деді сіңлісі,- біздің өміріміз сондай.Ешкімге бағынышты емеспіз, ешкімнен қорықпаймыз. Қаланың өмірі арақ, азғындық пен құмар ойындардың батпағына батқан. Біреуінің тұзағына түссең, бәрінің күлі көкке ұшады, солай екені шындық қой?!
Отағасы, Пахом, әйелдердің әңгімесін тыңдап отырған-ды:
– Бұл шындық,- деді ол.Азаннан кешке дейін жерде еңбек еткен соң, жамандықты ойлауға да уақытың болмайды. Бір ғана қайғым- жерімнің тарлығы.Жерім кең болса, ешкімнен, тіпті ібілістің өзінен де қорықпас едім. Жерімнің ісі шешілсе, менің де ісім шешілер еді.
Пахом әйелінің мақтануға себеп тауып бергеніне разы болды.(Бірақ осы сәтте Пахом айтқан сөзінің салдарынан үлкен бір сынаққа жолығатынын аңғарған жоқ еді.)
2
Мұжықтарға қоңсы бір әйел болатын. Жүз жиырма десятина жері бар еді. Мұжықтармен тату тұрып, ешқайсысын өкпелетпейтін. Сол әйел бірде отставкадағы солдатты жұмысқа алды. Онысы айналадағы шаруаларға қит етсе айып салып, бәрін мезі қылды. Қанша сақтанса да Пахомның бірде аты, бірде сиыры, бірде бұзауы әлгінің егініне түсіп, айып төлеуден әбден шаршады. Айыпты төлеп болады да, үйіндегілерге ұрсып, қырғидай тиетін. Әлгі солдаттың салдарынан осы жаз Пахом иығына біраз күнә арқалап алды.
Қыс айында әйел жерін сатады екен, жерін үлкен жолдың бойындағы біреу сатып алмақ екен деген әңгіме шықты. Бұны шаруалар естіп, “әттеген-ай, жерді ол сатып алса, айып салып, есімізді шығарады-ау” десті. Бұл жерсіз өмір сүру бізге қиын болар деді. Шаруалар жиналып, әйелге барды: жерді оған емес бізге сат деп өтініш жасады. Қымбатырақ аламыз деп уәде берді. Әйел келісті.Бірігіп сатып аларға келісе алмады, шайтан азғырып, бірін-бірі тыңдамады. Соңында әркім өзінің шамасы келген жерін алуға келісті, бұған жердің иесі де қарсы болған жоқ. Пахом көршісінің жиырма десятина жер алып, жарты ақшасын келер жылы беретін боп келіскенін естіді.Пахомның жүрегінде қызғаныш тұтанды: «жердің бәрін басқалар сатып алса, мен жерсіз қалармын» деп ойлады.Қатынымен кеңесті.
– Адамдар жер сатып алып жатыр, біз де алмасақ болмас, жерсіз өмір сүре алмаспыз,- деді.Қалай сатып алмақты ойласты. Сақтап отырған жүз сомы бар еді, бір тайын сатты, ұлын жұмысқа салды, бажасынан қарыз алды, әйтеуір жарты ақша дайын болды.
Пахом ақшасын жиып, орман-тоғайлы он бес десятина жерді сүйіп, жердің иесіне саудаласуға барды. Саудасына келісіп, қол алысып-берісіп, ақшаның бір бөлігін ханымға ұстатты. Қалаға барып, жердің қағазын алып, жарты ақшасын төлеп, қалғанын екі жыл көлемінде өтемекке келісті.
Пахом жерлі болды. Қарызға ұрық алып- септі: жақсы өнім алды. Ханым мен бажасына қарызын бір жылда өтеп тастады. Пахом бай-бағлан болды: жыртып, егін еккен жер өзінікі, жайылым да өзінікі, шөпті де өз жерінен орды. Пахом өз жерін тамашалап, тоймай рахат күй кешті, өз жерінде өскен шөп пен жайқалған гүл мүлде басқа боп көрінді. Бұл жерді бұрын да көретін, енді бұл жер өзгеше жайнап көрінді Пәкеңнің көзіне.
3
Пахомның өмірі осындай шат-шадыман шат өмір болды. Бәрі жақсы еді: тек мұжықтар жайылым мен егініне тыныштық бермеді. Қанша айтса да ұқпады: бірде егінін сиырлар айпап, бірде жылқылар жайпап кете берді. Пахом түскен малды айдап, кешіріп жүрді, соттасқан жоқ, соңынан шыдамы таусылып, болысқа шағымданды. Шаруалардың қастықпен емес, жердің тарлығынан осындайға жол бергенін білді, білсе де: «Бәрібір егінге малды жіберіп қарап отыруға болмайды. Жазалау керек» деп ойлады.
Осылайша сотқа беріп, бір жазалады, екі жазалады, айыпты да екі қайыра салды.Көршілері тісін қайрап, жіберді малды егінге әдейі айдап. Біреуі түнде орманға барып, он шақты ағашты аралап алып кетті. Орманды аралап жүріп Пахом ағараңдаған ағаш түбірлерін көрді. Шоғырдың бір түбін кесіп алса мейлі, залым бәрін бірдей отап апты. Пахом зығырданы қайнап, тісін қайрап: «Кім екеніңді білер меді, жон теріңді сылар ем” деді. Кім екен деп ары ойлап, бері ойлап: «Семкеден басқа ешкім емес» деп түйді. Семкеге барды, айғайды салды, ұрыстан басқа ештеңе өнбеді. Семке алды деген күдігі қомданып қайтты. Арыз берді.Сотқа шақырды. Соттасты, түбі Семке ақталды. Айғақ табылмады. Пахом бұрынғыдан бетер ашу шақырып, старшын мен сотқа бақырып, ұрсып тынды.
– Ұрыға дем берген сендерсің. Өзің адал өмір сүргенде арамды ақтар мең, – деді.
Пахом сотпен де, қоңсымен де ұрысты. Пахомға жер кеңігенмен, әлем тарыла түсті.
Осы уақытта адамдар жаңа қонысқа көшіп жатыр деген сыбыс естілді. Пахом: «Өз жерімнен кетудің мен үшін мәні жоқ, қоңсыларым көшсе, жерім кеңіп, олардың жерін өзіме алып, қоршап алсам, өмірім де жақсара түсер еді.Әйтпесе мына таршылыққа шыдау мүмкін емес» деп ойлады.
Бірде Пахомның үйіне құдайы қонақ келді. Үйіне кіргізді, тамақ берді, қайдан келесің деп жөн сұрады. «Еділдің ар жағынан төменнен келе жатырмын, сол жақта жұмыста болдым» деді. Адамдардың сонда жөңкіле көшіп, жайғасып жатқанын, адам басына он соттық жерден үлестіргенін айтты.
– Жер болғанда қандай жер, АТТЫҢ ЖОНЫН ЖАСЫРАДЫ, БІР ЖІГІТ ТАҚЫР КЕДЕЙ БОП БАРҒАН, ҚАзір алты ат, екі енекесі бар, – деді.
Пахомның жүрегі алып ұшты. «Жақсы өмір сүруге мүмкіндік барда,мына таршылықта кедейліктен қор боп неге отырмын. Үйімді, жерімді сатам, ақшасына мол жер алып, сарай салам. Мына тар жерден күнәдан бақса ештеңе таппадым.Ебін тапсам екі асаймын», деп ойлады.
Жаз жиналып, сонда көшті. Еділмен Самарға дейін параходпен жүзіп, ары ғарай төрт жүз верстті жаяу жүрді.Діттеген жеріне жетті. Бәрі ойдағыдай. Кеңшілік, жан басына он десятина жер береді, құшақ жайып қарсы алады. Ақшаң болса, үлес жерден бөлек шамаң келгенше ала бер.
Пахом істің анық-қанығын біліп, күзге қарай үйіне оралды, үй-жайын сата бастады. Бәрін сатып болғасын, жазғытұрым үй ішімен жаңа жерге қоныс аударды.
4
Пахом жаңа қонысқа отбасымен келіп, үлкен ауыл қоғамына мүшелікке тіркелді.Ақсақалдарды разы ғып, қағаздарын реттеп алды. Пахомды қабылдап, қорасынан басқа елу десятина жер берді. Жайғасып, мал өсірді.Бұрынғыға қарағанда жері үш есе ұлғайды. Жері құнарлы екен. Жағдайы он есе жақсарды. Егістік жері, жем- шөбі мол еркін жайлады. Малды да қалағаныңша ұстауға еріктісің.
Алғашында бәрі жақсы еді, келе-келе бұл жер де тарлық қыла бастады. Алғашқы жылы еккен егіні бітік шықты. Жерді тарсынып, егін егуге құлқы болмады. Айналадағы байыған адамдардың тірлігі Пахомның мазасын алып бітті. Қайтсем жерді мәңгілік меншігіме айналдырам деумен өмірі өтіп бара жатты. Осылайша үш жыл өмір сүрді. Тағы жалға жер алып егіп, малын еселеп көбейтті. Бұл да аз көрінді Пахомға: «Жер өзімдікі болса, ешкімге жалынбас ем, күнәдан да пәк болар ем» деп ойлады.
Енді мәңгіге сатылатын жер іздей бастады.Бір адамға жолықты. Жерін арзанға сатады екен. Саудаласып, саудасына келісіп те қойған еді, үйіне бір жолаушы саудагер келіп, бәрі өзгерді. Шай үстінде әңгімелесті. Саудагер қияндағы башқұрттардан келе жатқанын, бар болғаны мың теңгеге бес мың десятина жер сатып алғанын айтты. Пахом жердің жөн- жосығын сұрады. Саудагер жауап берді.
– Ақсақалдарын разы қылсаң болды. Кілем мен киім, шай мен шарап беріп, әр десятинаны жиырма тиынға алдым,- деді саудагер. Жері құнарлы, өзен жағалай орналасқан.
Пахом істің мән-жайын жақсылап сұрастыра бастады.
– Башқұрттың ЖЕРІН ЖЫЛ АЙНАЛЫП ТАУЫСА алмайсың, халқы мал сияқты, ақылсыз, жерін тегін алуың да мүмкін, – деді.
«Бәрекелді, – деп ойлады Пахом, – мың теңгеге жер алып, қарызданып нем бар. Одан да мың теңгеге башқұрттың арзан жерін алмайым ба?! »
5
Жолдың жайын сұрастырып, саудагерді қыр астырып, өзі де жолға қамданды.Үйін қатынына тапсырып, қасына көмекшісін алып, башқұрт жаққа тартты Пәкең. Қалаға кеп, кілем мен киім шай мен шарап алды, алғанда саудагердің айтқанындай ғып алды.Содан жүре-жүре бес жүз верстті артқа тастады. Жетінші күн болғанда башқұрт жұртына табан тіреді. Бәрі саудагердің айтқанындай екен. Бәрі иен далада, өзен жағалай, киіз үйлерде тұрады. Егін екпейді, нан жемейді. Жайлауында қора-қора мал, үйір-үйір жылқы. Киіз үйдің жанында құлыншақтар. Бие сауып, қымыз баптайды.Қатындары қымыз пісіп, сыр жасайды, еркектері шай ішіп, ет асайды. Сырнай тартады, басқа ісі жоқ, Көңілді екен, қонақжай екен. Жазды сауық- сайранмен өткізеді екен. Халқы сауатсыз, орысша білмейді, бірақ сыпайы.
Пахомды көре салып, қонақты қарсы алды.Тәржімәші де табылды.Пахом жер іздеп келгенін айтты. Башқұрттар қуанып, Пахомды қолтықтап, сәнді үйге кіргізді. Астына кілем басына құс жастық беріп, қаумалап кеп, шай мен қымыз ұсынды. Қой сойып, ет асатты. Пахом тарантастан сыйлықтарын алдырып, башқұрттарға таратты.Башқұрттар мәз-мәйрам болды.Өзара кеукілдесіп, артынша сонысын аудармашыға айт деп бұйырды.
– Саған айт деп бұйырғаны, – деді тілмәш, – олар сені ұнатты, біздің салт бойынша қонақтың қалағаны істеліп, сыйына сый қайтарылады. Сен бізге сый бердің, енді саған біздің тараптан қандай сый жасалғанын қалайсың, айт.
– Маған ұнағаны сіздің жеріңіз, біздің жақта жер тар, әбден тозығы жеткен, сіздің жер кең де жақсы да екен, бұрын-соңды бұндайды көрмегем, – деді Пахом.
Аудармашы сөзін аударып берді.Башқұттар өзара тағы да әңгімелесті. Пахом олардың не айтқанын ұққан жоқ, бәрі көңілді, күліп қояды, бірдеңе деп айқайласып жатыр. Артынша тым-тырыс тына қалып, Пахомға қарады, аудармашы:
– Саған айт деп бұйырғаны: сенің көңілің үшін қанша жер керек болса, соншасын береміз, қай жер керек екенін айт, қолыңмен нұқыған жер сенікі,- деді.
Башқұрттар тағы да өзара әңгімеге басты, бірнәрсеге таласып, келісе алмай жатыр. Пахом олардың неге таласып жатқанын сұрады. Аудармашы:
– Біреуі жердің мәселесін старшыннан сұрау керек десе, екіншілері онсыз да шешуге болатынын айтып жатыр, – деді.
6
Башқұрттар таласып жатқанда, түлкі тұмақ киген бір адам келді. Әңгіме сап тыйылып, барлығы орындарынан тұрды. Аудармашы:
– Ең үлкен бастық – осы, – деді.
Пахом киімнің ең гөзәлін, шайдың ең жақсысын алып, старшынға сыйлады. Старшын сыйлықты алып, құрметті орынға жайғасты. Башқұрттар оған бірдеңелерді айта бастады. Старшын тыңдады, тыңдады да басын изеп, «тыныштал» деген белгі берді де, Пахомға орысшалап:
–Не дейміз, болады. Ұнаған жеріңді ал. Жер жетед, – деді.
«Қалағанымша қалай алмақпын, оны қағазбен бекіту керек болар, әйтпесе қазір сенікі деп беріп, ертең тартып алар» деп ойлады Пахом.
– Пейілдеріңізге рахмет, сіздердің жерлеріңіз ұлан-ғайыр ғой, маған аз ғана жер керек. Мен қай жерді иемденетінімді білсем дұрыс болар еді. Қанша дегенмен өлшеп, менің атыма қағазбен бекіту керек шығар.Өлтіріп-тірілтпек Құдайдың еркінде. Сіздер жақсы адамсыздар, жерді беруін берерсіз, балаларыңыз тартып алып жүрер, – деді Пахом.
– Айтып отырғаның шындық. Бекітуге болады, – деді старшын.
– Мен сіздерде бір саудагер болды деп естідім. Оған жер сыйлап, сауда жасапсыздар, маған сондай болса тәуір болар еді, – деді Пәкең.
Старшын бәрін түсінді:
– Бұның бәрін істеуге болады.Писырымыз да бар, қалаға барып, мөр басып, қағазды реттейміз.
–Бағасы қандай болады, – деп сұрады Пахом.
– Бізде бір-ақ нарық: бір күнге мың теңге.
Пахом түсінбеді:
– Күн деген қандай өлшем? Онда қанша десятина бар?
– Біз ондай санақты білмейміз. Біз күнге өлшеп сатамыз: бір күнде қанша жерді айналып шықсаң, соның бәрі сенікі, құны мың теңге, – деді.
Пахом аң-таң болды:
– Бір күнде көп жерді айналуға болады ғой.
Старшын қарқылдап күлді:
– Айналғаныңның бәрі сенікі, бір ғана шарт бар: күн батпай тұрып, шыққан жеріңе оралмасаң, ақшам босқа кетті дей бер.
– Жүріп өткен жерді қалай белгілейміз, – деп сұрады Пахом.
– Біз саған ұнаған жерге барып тұрамыз, ал сен айналып шыға бер, жүріп өткен жерлеріңді қазып белгі сап отыр, кейін сол белгілерді соқамен жыртып арасын қосамыз, жыртылған жер сенің шекараң болады. Қанша жерді айналғың келсе, соншасын айнал, бірақ күн батқанша кеткен жеріңе оралу керексің. Уақтылы келсең, жер сенікі.
Пахом қуанып кетті.Таң алагеуімде шығатын болды. Келісті, қымыз ішті, ет жеді, шәй ішті, түн болды. Пахомды құс төсекке жайластырып, башқұрттар тарады. Таң атпай кездеспекке уәделесті.
7
Құс төсекке жайғасқан Пахом ұйықтай алмады, жер есінен шықпай қойды. «Молынан айналам, құла дала жерді иемденем. Елу версті шырмаймын, күн ұзақ жүре берем, жүре берем талмаймын, нашарын сатам, жақсысын өзіме қоныс қылам, екі соқаға екі адамды жалдап, жартысына егін егіп, жартысына мал жаям».
Пахом түнімен кірпік іле алмады. Таң ата ғана талықсып кетті. Түс көрді: осы үйде жатыр екем дейді, сыртта біреудің күлкісін естіді. Күлген кім екенін білейін деп сыртқа шықса, үй сыртында манағы старшын отыр екен дейді, ішін ұстап, бірдеңеге ішек- сілесі қата күліп жатыр. Қасына кеп: «неге күлесің?” деп сұрады. Қараса бұл старшын емес, баяғы бұған жер туралы айтқан саудагер екен. Саудагерден «мұнда қашан келдің?” деп сұрағаны сол еді, онысы баяғы төменнен келген шаруа боп шықты. Тағы да мұқият қараса, бұнысы шаруа емес, шайтан екен дейді, мүйізі, тұяғы бар, күліп отыр, шайтанның алдында жалаңаяқ, көйлекшең, дамбалшаң бір адам жатыр. Пахом кім екен деп анықтап қараса, шайтанның алдында өлген адам жатыр, өлік бұның өзі екен. Пахом шошып оянды. Оянды да «түс түлкінің боғы да» деді. Таң ағараңдап атып келеді, адамдарды ояту керек деп ойлады. Қызметшісін оятып, атын жеккізіп, башқұрттарды тұрғызуға кірісті:
– Уақыт болды, далаға барып, жер өлшейік.
Башқұрттар тұрып, жиналды, старшын да келді. Шай, қымыз ішейік деп еді, баратын болсақ ертерек барайық деп болмады.
8
Башқұрттар жиналып, атпен , арбамен жолға шықты. Пахом да қызметшісімен бірге тарантасқа жайғасты, күрек ап алды. Жер басына келді, таң қылаң берді. Бәрі ат, арбадан түсіп, бір жайға жиналды. Көсем Пахомның қасына кеп:
– Көз жеткен жердің бәрі біздікі, таңдай бер, – деді.
Пахомның көзі шырадай жанды: жер құнарлы, алақандай тегіс, шымқай қара, күндей сара екен. Шөбі биік, көзге күйік екен. Бастық түлкітұмағын шешіп, жерге қойды:
– Белгі осы болсын, осы жерден кетіп, осы жерге келерсің. Айналып шыққан жердің бәрі сенікі.
Пахом пұлын шығарып, тымаққа салды. Кафтанын шешіп, сымданды, нан мен су, күрегін алды. Жүруге қамданды. Бәрі әдемі, қайдан бастасам екен деп ойлады. Шығысқа қарай жүрем деп шешті. Жүзін шығысқа бұрып, күннің шығар сәтін күтті. Уақыт жоғалтпай, таңғы салқынмен күрегін иығына асып, сапарын бастады.
Пахом орта жүріске салды. Бір верст жүрді, тоқтап, шұңқыр қазып, белгі салды. Қайта жүре бастады, денесі қызып, адымы ашыла түсті. Біраз жүрген соң, тағы бір шұңқыр пайда болды.
Арт жаққа көз салды, адамдар орнында тұр екен. Бес верст жүргенін шамалап білді. Ыстықтаған соң, жейдесін шешіп, иығына асып алды. Тағы бес верст жүрді. Күн қыза бастады. Төрттен бірін жүріп өткен болармын, бұрылуға әлі ерте деп ойлады. Етігін шешіп, беліне байлап алды. Жүру жеңілдеді:
«Тағы бес верттей жүрген соң, солға бұрыламын, мына жерді тастауға қимаймын, жүрген сайын жер де кеңіп жатыр». Осы оймен тіке жүре берді. Артына бұрылып еді, адамдар құмырсқаға ұқсап көрінді, біраз жүріп тастапты.
«Бұл тарапқа біраз жүрдім, енді бұрылайын. Шөл де қысып барады» деп ойлады Пахом. Тоқтап, шұқыр қазып, белгі салды, суға қанып алды, қанып алды да, солға қарай шарт бұрылды. Жүре берді, кете берді, шөп қалыңдап, күн қақтай бастады.
Пахом шаршай бастады, күнге қараса, бесін уақты бопты. «Демалу керек» деп ойлады.Тоқтап, тізе бүкті. Нан мен су ішті, жатқан жоқ, жатсам, ұйықтап қалармын деп ойлады. Біраз отырып, жүріп кетті. Алғашында жеңіл қозғалды. Тамақ әл берді. Күн ысып, ұйқы қысып, қиналса да жүре берді, азырақ шыдасам, рахатқа да кенелермін деді.
Осы тараппен ұзақ жүрді, солға бұрылмақ болғанда, шөбі шүйгін бір жер кездесіп, оны тастап кете алмады. «Мынаған егін ексем, мол өнім алам» деп ойлады. Тағы да тіке жүре берді. Шөбі шүйгін жерге белгі сап, солға бұрылды. Адамдар көріне ме екен деп қарады: ыстықтан ауа бұлдырады, ауада бірдеңе шайқалғандай болды, сағымның арасынан адамдардың бұлдыр сұлбалары әлсіреп көрінеді, олармен арасы он бес верттей шамасы. Енді үлгеру керек, адамдарға қарай асыға адымдады. Күн аср уақтына таяды, екі версттей жүрді. Олармен арасы сол он бес верттей шамасы. Жер қисық болса да, енді төтелету керек деді Пахом. Тұрған жеріне шұқыр қазып, адамдарға қарай тартты.
9
Пахом қосынға қарай жүріп бара жатыр, қатты шаршады. Шөлдеген, аяғы тілініп кеткен, оның үстіне қайта-қайта шалынып құлай берді. Демалғысы келеді, бірақ оған мұрса жоқ: күн батқанша жете алмай қалуы мүмкін. Күн судай ағып, көкжиекке жақындап барады. «Қателесіп, КӨП СІЛТЕП ЖІБЕРГЕН ЖОҚПЫН БА ӨЗІ, ҮЛГЕРЕМ БЕ, ЖОҚ ПА?!» деп ойлана бастады. Қосынға бір, күнге бір қарады, адамдар алыста, күн болса көкжиекке жақындап қалды. Пахом үмітпен күдіктің арасында шайқалған бір күйге түсті.
Пахом осылайша жүріп бара жатыр, жүру қиындап барады, одан сайын асыға адымдады. Жүрісі өнбеген соң, сар желіске салды. Көйлегін, етігін, торсығын, қалпағын бәрін тастады, тек қолындағы күрегі қалды. Соған сүйеніп: “масқара болдым, бүлдірдім бәрін, күн батқанша жете алмаймын” деп әбіржіді. Бойын үрей биледі. Аузы кеуіп, терлеп киімі денесіне жабысты. Кеудесі көріктей қызып, жүрегі аттай тулады. Аяғы әлсіреп, басуға келмей барады. Пахомның мүлде берекесі ұшып, «зорығып өліп кетпесем болғаны» деп ойлады.
Өліп қалам ба деп қорқады,- тоқтауға тағы болмайды. «Осынша жүгіріп, тоқтап қалсам, ел жынды дер». Жүгіре-жүгіре адамдарға да жақындап қалды, башқұрттардың айқай-шуы естілді, олардың айқайынан жүрегі одан сайын өртенді. Пахом соңғы күшін сарқи жүгірді, күн де көкжиекке төніп, мұнарға бөге, ұлғайып алқызыл түске енді. Әні-міні дегенше көкжиек аспақ. Күн де төнді көкжиекке, бұл да таяп қалды адамдарға. Пахом қосындағы адамдардың қол бұлғап, бұны асықтырғанын көрді. Жердегі тымақты, тымақтағы ақшаны көрді, старшынды да, оның ішін ұстап тұрғанын да байқады. Осы сәтте Пахомның көрген түсі есіне түсті. «Жер көп, Құдай сол жерде өмір сүруді нәсіп қыла ма?! Мен сорладым, жете алмаймын» деп ойлады.
Пахом күнге қарады, күн жартылай көкжиекке еніп үлгеріпті. Ол бар күшін сарпып, денесін алға сала жүгірді, қосынға да жетті, жеткен сәтте, көзі қарауытып кетті. Күн батып үлгеріпті, «қап» деді Пахом. «Еңбегімнің бәрі зая кетті-ау» деп ойлады. Тоқтайын деп еді, башқұрттардың айқайын естіп, өзінің төменде тұрғаны, қостың басында әлі де күннің көрініп тұрғаны есіне түсті. Тырмысып, қос басына шықты. Күн әлі батпапты. Көзіне тымақ түсті, тымақтың қасында старшын отыр, ішек- сілесі қатып, күліп отыр.
Түнде көрген түсі есіне түсіп, Пахом «қап» деді, аяғы шалынып, тымақты ұстаған күйі етпетінен құлады.
– Бәрекелді, жарадың! Көп жер иелендің,- деп айқайлады старшын.
Қызметшісі орнынан көтермек боп еді, Пахомның аузынан қан ағып,өліп жатыр екен.
Башқұрттар «әттеген-ай» деп, жаны ашып өкініш білдірді.
Қызметші күрек алып, басы мен аяғы сиятындай ғып, үш аршын өлшеп көр қазып, Пахомды көмді.
Аударған Абай Қалшабек